Файл қосу
Қаңлылар мемлекеті
ЛЕКЦИЯ КОНСПЕКТІЛЕРІ 1. Тақырып: Курстың пәні мен мақсаты. Қазақстан территориясындағы алғашқы қауымдық құрылыс және оның ыдырауы. Сақ тайпаларының қоғамдық – саяси құрылысы. Алғашқы қауымдық құрылыс адамзат тарихының ең ұзақ кезеңі. Адамдар табиғаттан бөлініп қоғам болып өмір сүргенге дейін, миллиондаған жылдарды бастан өткеріп, тас дәуірі, мыс дәуірі, қола дәуірі сияқты ондаған мың жылдарға созылған кезеңдерді өткізді. Тарихты былай дәуірлеу өндіріс құрал- жабдықтарын пайдалануға және жетілдіруге байланысты болған. Адамдар бірден қоғам болып өмір сүрген жоқ. Олар алғашқы кезде, тас дәуірінде тобыр ретінде өмір сүрді. Тобыр тәртіппен реттелмейтін адамдардың тобы. Табиғаттың дүлей күшіне оған қарсы бірігіп күресу қажеттігі адамдарды біріктірді. Мұндай тобырда күштінің дегені болды немесе биологиялық көрсеткіштер үстемдік етті. Тобыр жағдайындағы некенің түрі топтық неке болды. Біртіндеп рулық қоғам қалыптасты. Рулық қоғамның басты ерекшелігі ол туыстас адамдардың қауымдастығы болып, ру ішінде некеге тұруға тыйым салынды. Мұндай некені экзогамиялық неке дейді. Осылай рулық қоғамда биологиялық емес әлеуметтік көрсеткіштер немесе алғашқы қоғамдық дәстүрлік тәртіп үстемдік құра бастады. Адамдар арасында тұрақты неке мен отбасы қалыптасты. Неке мен отбасы да ұзақ эволюциядан өтті. Олардың түрлері туралы арнайы әдебиеттерде айтылғандықтан біз оған тоқталмаймыз. Жақын рулардың бірлестігінен тайпалар құрылды. Ұзақ ғасырлар табиғаттың дайын өнімдерін жинаумен және аңшылықпен айналысқан адамдар біртіндеп жер және мал шаруашылығына көшіп, өздері өнім өндірушілерге айналды. Мұның өзі басы артық өнімнің пайда болуына әкелді. Алғашқы қауымдық құрылыста адамдардың арасында шын мәніндегі теңдік болды. Ру мүшелері бір-бірімен тең болды. Тайпаларға біріккен рулардың да мүмкіндіктері бірдей болды. Рулық қоғамның негізгі жоғарғы органы ру мүшелерінің сайлап қойған жиналысы болып есептелді. Жиналысты ру мүшелері сайлап қойған жасы үлкен беделді ру ақсақалы басқарды. Ру ақсақалының басқа ру мүшелеріне үстемдігі болмады. Барлық мәселелер өзара келісіммен, ымырамен шешілетін. Рулық қоғамға сай отбасын ғылымда патриархалдық отбасы дейді. Мұндай отбасында ер адамның — әкенің билігі жүрді. Ер адам отбасын асыраушы әрі әулетті жалғастырушы болып есептелді. Алғашқы қауымдық құрылыста мемлекет те, құқық та болмады. Себебі рулық қоғамдық қатынастар мемлекет және құқық сияқты қондырмаларды қажет етпеді. Өзін-өзі басқаратын рулық қоғамда құқықтың ролін моральдық, адамгершілік нормалар, әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер атқарды. Әркім өз міндетін ар-ұяты және руластардың алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып, орындап отырды. Әдет-ғұрып пен дәстүрлер үстемдік құрған алғашкы қауымдық құрылыс нағыз қарапайым демократияның үлгісі болды. Металдың қолданылуына байланысты алғашқы қауымдық құрылыс жаңа кезеңге өтті. Қазақстандағы қола дәуірінің ескерткіші Андронов мәдениеті деген атпен тарихқа енген (Ачинск қаласының маңыңдағы Андронов поселкесінің атына байланысты). Қоладан кетпен, орақ, қару-жарақ, т.б. заттар жасалды. Андронов мәдениеті Қазақстанның үлкен бөлігін және Сібірді алып жатты. Мұнда қол өнері де дамыды. Отырықшы болған андроновтықтар үй маңында бағылатын малмен айналысты. Андронов мәдениеті шамамен б.э.д ХҮШ-ХІІ ғасырларды алып жатты. Андронов мәдениетінің соңына қарай малшы тайпалар бөлініп, көшпелі мал шаруашылығы қалыптасты. Көшпелі мал шаруашылығы малға жеке меншіктің қалыптасуына алып келді және тарихта ерекше роль атқарған көшпенділер өркениетінің негізін қалады. Ұзақ ғасырлар бойы көшпелі тайпаларда рулық қоғамның принциптері сақталып қалды. Байлықтың негізгі көзі мал мен жер рулық қоғамның жалпы меншігі болып есептелді. Мұның өзі көшпенділерде мемлекет пен құқықтың пайда болуына ерекше әсер етті. Көшпенділерде мемлекеттің пайда болуы отырықшы болған. Европа мен Азияның басқа өлкелеріне қарағанда мүлде бөлек жүрді. Мемлекеттің пайда болуының классикалық үлгісі болып саналатын Ежелгі Египет (Мысыр), Вавилон, Греция, Рим, Үндістан мен Қытайда алғашқы қауымдық құрылыстың демократиялық принциптері құлдық қоғамның нағыз деспотиялық принциптерімен ауыстырылса, көшпенділерде құлдық жүйе мүлде болмады. Көшпелі өмір құлдық қоғамды қажетсінбеді, себебі оның өндірісті ұйымдастыру принциптері көшпелі қоғамға сәйкес келмеді. Бұдан көшпелілер мемлекет құруға бейімсіз болды деген қорытынды тумайды. Алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырау дәуірін әскери демократия кезеңі деп атайды. Бұл ұзақ уақытқа созылған алғашқы қауымдық құрылыс пен мемлекеттің пайда болуы арасындағы көпір іспеттес кезең. Әскери демократия туралы Ф.Энгельс өзінің "Семьяның, жеке меншіктің және мемлекеттің шығуы" деген еңбегінде кеңінен жазған. Әскери демократияға мынандай ерекшеліктер тән. Рулар мен тайпалар арасында соғыстар мен қақтығыстар үнемі болып тұрады. Осындай жағдайда қоғам өмірі әскери-соғыстық сипат алады. Рулық қоғамдағы жасы үлкен беделді ақсақалдардың орнына күш-қуаты мол жас әскери көсемдердің рөлі артады. Әскери көсемдер әлі де рулардың жалпы жиналысына тәуелді болды. Жалпы жиналыс әскери көсемдерді сайлап қойды, қаласа алып тастады. Әскери көсемдердің жеке билік құруға бейім екендігін сезген рулық демократия оларды тежей отырып, соғыс жағдайында оларға төзуге мәжбүр болды. Дегенмен жеке меншіктің шығуы, байлықтың шоғырлануы, үнемі жалғасқан соғыстар жағдайында әскери демократия енді рулық қоғамның шеңберіне сыймады. Әскери көсемдер біртіндеп рулық демократияны талқандап жеке билігін орната бастады. Әдет-ғұрып пен дәстүрдің орнына құқық пайда болып, рулық қоғамды мемлекет ауыстырды. Қазақстан мен Орта Азия территориясын б.э.д. VIІІ-III ғасырларда мекендеген сақ тайпалары әскери демократияның гүлдену және мемлекеттің қалыптасу кезеңіңде өмір сүрді. Осы VIII-VII ғасырларда Қазақстан даласын мекендеген тайпалардың өмірінде ірі бетбұрыс, өзгеріс туғызған темірді пайдалану және толық көшпенділік өмірге өту сияқты елеулі оқиғалар болды. Темірді пайдалану өндірісте үлкен төңкеріс жасады. Темірден түрлі қару- жарақтар мен өндіріс құралдары жасалды. Мал саны барынша молайып бір жерге симаған соң көшпелі өмірге өтуге тура келді. Саны мол малды сыртқы жаудан қорғаудың қажеттілігі туды. Мал бай адамдардың қолына шоғырланды. Екінші жағынан малы аз, бай мал иелеріне тәуелді ру мүшелері пайда болды. Кедейленген қоғам мүшелерінің бір бөлігі көшіп жүрсе, екінші бөлігі жер шаруашылығымен айналысты. Көшпелі өмір мал бағу мен оны қорғау үшін жылқыны мініс құралы ретінде пайдалануға кеңінен жол ашты. Мұның өзі садақ пен найзамен қаруланған топтардан тұратын атты әскердің пайда болуына әкелді. Көшпелі малшы тайпалардың өмірі алғашқы кезден-ақ жаппай қаруланған қоғамға ұқсайтын. "Алтын адам" дәуіріндегі және онан кейінгі сақ тайпаларында мемлекеттің белгілері болғанын көреміз. Ең алдымен рулардың үлкен тайпаларға, тайпалар үлкен тайпалық одақтарға бірікті. Осы тайпалық одақтар алғашқы мемлекеттік құрылымдар болды. Себебі оларды көсемдер немесе сақтардың патшалары басқарды. Сақ патшалары әскер басы болып саналып, соғыс және бітім мәселесін, көшіп-қону, көрші елдермен қарым-қатынастарды реттеді. Сақ тайпаларындағы патшалық билік тек бір рудың қолында болды деп есептеуге болады. Кейде патшалардың рөлінде әйелдердің де болғанын көреміз. Есік қорғанынан табылған "Алтын адам" аталып кеткен сақтардың патшазадасы оларда мемлекеттік институттың көп белгілерінің болғанын көрсетеді. Сондай-ақ парсылардың әйгілі Кир патшасын талқандаған массагеттердің көсемі Томиристің де патшалығының мемлекеттік құрылымы белгілерінің болғанын байқауға болады. Іргелес елдер мен парсылардың шабуылы, кейінірек А.Македонскийдің әскерінің шапқыншылығы, тағы басқа көршілердің басып кірулері де сақ тайпаларында мемлекеттің күшеюіне, әсіресе сыртқы жаудан ұйымдасып қорғануға басты себеп болғанын көреміз. Сақтар қоғамында көсемдерге әлі де болса халық жиналысымен есептесуге тура келген. Б.э.д. IV-III ғасьфларда сақтарда мемлекеттіліктің ең басты белгілерінің бірі — жазу пайда болған. Жазудың пайда болуы адамзат өркениетінің ең зор жетістіктерінің де бірі еді. Ал жазу мемлекеттік қарым-қатынастың даму қажеттілігінен туатыны белгілі. 2 Тақырып: Ежелгі ғұндардың мемлекеті Қазақстан жерінде қалыптасқан алғашқы мемлекеттік құрылымдардың бірі — ғұндардың мемлекеті. Бұл көшпелі тайпалар мемлекетінің алғашқы көрінісі. Таза түрік тілдес тайпалық бірлестіктер болған ғұндар тарихта өте терең із қалдырды. Ғұн тайпалары қазіргі Оңтүстік Маньчжурия, Оңтүстік Монголия жерінде б.э.д. II мың жылдықтың соңы I мыңыншы жылдықтың басында көшпелі тайпалар ретінде қалыптасты. Көшпелі ғұндар отырықшы қытайларға күйрете шабуыл жасап тұрды. Садақпен, найзамен қаруланған, атты әскерлі ғұндар жаяу қытайларды беттетпеді. Ғұндар қытайлармен мәдени, бейбіт қарым-қатынаста да болды. Көне қытай тарихшылары Сыма Цянь (б.э.д. 135-67 ж.ж.) ғұндардың сулы және шалғынды жерді іздеп малмен бір қоныстан екінші қонысқа көшіп отыратынын, тұрақты мекенді білмейтінін, шығатын есігі шығысқа қараған киіз үйлерде тұратынын, етпен тамақтанып, қымыз ішіп, киімді әртүрлі жүн маталардан жасайтын, кім күшті, батыл, даулы мәселелерді шешуге қабілеті болса, соларды басшы қоятынына назар аударады. Мұрагерлік дегенді білмейтінін, жүзден мыңға дейінгі жұрты қауым құратынын, басшыларынан бастап соңғы бағынышты адамына дейін әркім өз малын өзі бағатынын, біреу-біреуге қызмет жасамайтынын, әйелдің пікірін тыңдайтынын, соғыстарға ерекше көңіл бөлетінін жазады ол. Бұл деректен ғұндардың әлі де таптық қоғамды білмейтін әскери демократия сатысында өмір сүргенін байқауға болады. Б.э.д. IV ғасырда Қытай деректері алғаш рет ғұндарды өзінің қарсыласы ретінде атап, олармен болған соғыстарда алма кезек жеңістердің болғанын жазады. Ғұндардың батыстағы көршілері сақтар екендігі айтылады. Б.э.д. III ғасырдың басында ғұндар әскери көсем Тауманның басшылығымен үлкен көшпелі мемлекет құрды. Қытай деректері ғұндардың мемлекет басшысын "шанью" деп атаған. Ғұндардың өзі патшаларын "тәңірқұты" деп атаған. Тауманнан соң ғұндардың тәңірқұты болған оның ұлы Мөде мемлекетті мейлінше күшейтті. Ол көрші тайпаларды дунқуларды, үйсіндерді, лауфань және байян тайпаларын бағындырып, Қытайға ауыз салды. Ханъ династиясы билеп тұрған қытай әскердің б.э.д. 200 жылы ғұндардан ойсырай жеңілді. Өзі соғыс бастаған Қытай императоры Мөде бастаған ғұндардан бейбіт келісім сұрап, Қытай императорының қызын қалындыққа беріп, алым төлеп тұруға міндеттенеді. Мөденің мұрагері тәңірқұты Лаошанның кезінде ғұндар ширек ғасыр бойы юэчжилермен соғысып, оларды Орта Азияға шегіндірді. Ғұндардың кейінгі тәңірқұтылары да Қытайдан бағалы сыйлықтар, алым алып, ханшаларын қалындыққа алып отырды. Б.э.д. 59 жылы ғұндар дағдарысқа ұшырап екіге бөлінді. Ғұндардың оңтүстік бөлігі Қытайдың қол астына кіруге мәжбүр болды. Солтүстік бөлігі Қазақстан мен Орта Азияға, онан әрі Европаға қоныс аударды. Ғұндар осы өңірде алаңдармен, қаңлылармен және үйсіндермен араласты. Б.э. IV ғасырында ғұндар Батыс Европаға басып кірді. Ғұн жауынгерлері Константинопольды қоршады, Закавказье мен Месопотамияға жетті. Батыс Рим империясының құлауына да ғұндар ерекше үлес қосты. Ғұндардың дәуірлеуі император Аттиланның (Еділдің) атымен байланысты. Византия ғұндарға алым төлеп тұрды. V ғасырдың ортасында ғұндар империясы тарады. Ғұндар Амур өзенінен Орталық Европаға дейін созылып жатқан далада алғашқы Евразиялық көшпелі империя құрды. Осы ұлы даланы жарты мың жылдан астам билеп-төстеп тұрды. Ғұндардан қорғануға мәжбүр болған қытайлықтар Ұлы Қытай қорғанын соғып, өздерін сақтап қалды. Ғұндардың жорықтары "халықтардың ұлы қоныс аударуына" себеп болды. Осыншама үлкен аумақты алып жатқан ғұн империясында дамыған мемлекеттік құрылыстың болғаны белгілі. Әрине ғұн мемлекетінің көп жақтары бізге белгісіз. Ғұндардың императорын тәңірқұты, қытайша шанью деп атады. Императорлар тек ең атақты басшылық етуші төрт тайпаның бірі — Люанди тайпасынан сайланатын. Осы аристократтық болып есептелетін төрт тайпа тек бір-бірімен қыз алысып, қыз берісетін. Мемлекеттік билікте де осы тайпалардың өкілдері отырды. Ғұн патшасы тәңірқұтыны "аспан ұлы", "Аспан мен Жерден жаратылған", "Күн мен Ай" таққа әкелген ұлы тәңірқұты деп атайтын. Тәңірқұты таңертең Күнге табынса, кешке Айға бас иетін. Тәңірқұтының мықты орталықтанған мемлекеттік аппараты, толып жатқан көмекшілері мен уәзірлері, әскербасылары болды. Тәңірқұтының билігі шексіз болған. Ол әрбір қоғам мүшесін өлім жазасына кесіп жібере алатын. Ғұн қоғамы әскериленген қоғам болды. Әрбір қоғам мүшесі кез келген уақытта, садағын асынып, атына мініп елін қорғауға немесе жорыққа шығуға дайын тұратын. Ғұнның әрбір ер азаматы бала кезінен өлгенше әскери міндетті болып, белгілі бір әскери бөлімде есепте тұрды. Әскерден қашу өлім жазасымен жазаланатын. Ғұндардың орасан мол әскері болды. Өздері жаулап алған жерлердің бәрінде 24 тайпадан тұратын ғұндар артықшылықпен пайдаланды. Бұл таза ғұндар әскердің негізін құрды. Осы 24 ғұн тайпасының әрқайсында ең кемі 10 мың адамнан тұратын әскері болды. 10 мың әскердің басшысын түменбасы деп атады. Түменбасыларды тәңірқұтының өзі жақын ағайындарынан тағайындады. Тәңірқұтының жанында сол қол және оң қолын басқарып отыратын лауазым иелері — көмекшілері болды. Сол қол және оң қол иелері елдің Батыс және Шығыс бөліктерін биледі. Соңдай-ақ олар әскердің сол қанаты мен оң қанатын басқарды. Сол қол және оң қол иелері тәңірқұтының ұлдары немесе жақын туыстары ішінен тағайындалатын. Түменбасылар, сондай-ақ белгілі бір үлкен территориялардың әкімішілік басшысы да болып есептелді. Оған сол территорияның халқы түгелдей бағынды. Түменбасылар өз кезегінде өзіне бағынышты әскер ішінен мыңбасы, жүзбасы, онбасы сияқты әскербасыларын тағайындады және оларға басқаруға белгілі бір территория мен халықты берді. 3 Тақырып: Үйсіндер мен қаңлылардың мемлекеті Қазақстан жеріндегі алғашқы мемлекеттік құрылымдарды құрушы ежелгі үйсін және қаңлы тайпалары. Үйсіндер Жетісуға Орталық Азияның түпкірінен Дунхуан және Чилан тауы аралығынан б.э.д. II ғасырда шамамен 160 жылдары көшіп келген. Ол кезде үйсіндерді Нәнді би басқарған. Үйсіндердің мұнда көшуіне ұлы иозылардың қысымы себеп болса керек. Жетісуда үйсіндер өз мемлекетін құрды. Көне Қытайдың "Хан патшалығы тарихы Жан Чиан өмірбаяны тарауында "үйсіндерді" ханы күнму (күнби) деп аталады екен. Күнмудың әкесі Нәнді би тегінде Чилан мен Дунхуан аралығындағы ұлы иозылармен қанаттас отырған кіші мемлекеттің иесі екен" деген дерек бар. Бұл деректен үйсіндердің Жетісуға келмей тұрып та мемлекеті болғанын көреміз. Ұлы иозылар — юечжілер б.э.д. дейінгі ІІІ-ІІ ғасырларда Чилан мен Дунхуан аралығын мекендеген көшпелі тайпалар. Олар ғұндардың шабуылдарынан соң Жетісу мен Қазақстанға қоныс аударып, жергілікті тайпаларға сіңісіп кеткен. Кейін олардың бір бөлігі үйсіндерге сіңіскен. Кейбір зерттеушілер ұлы Жүздің атауын осы ұлы иозылармен байланыстырады. Үйсін ұлысы Іле өзені өңіріне келіп орнықкан соң өркен жайып гүлденеді, ұлан-байтақ өңірді қамтыған қуатты да құдіретті мемлекет құрады. Үйсін елінің территориясы: батыста Шу, Талас өзендеріне, шығыста Тянь-Шань тауларының шығыс сілеміне, солтүстікте Балқаш көлінен бастап, оңтүстікте Ыстық көлге дейінгі өңірді қамтыды. Үйсіннің елбасшысын Қытай деректерінде гуньмо (күнби, күнбегі) деп атаған. Мемлекеттің астанасы Ыстықкөлдің жағасындағы Чигучек (кейбір деректердегі Чйгу, Чичу) атты бекінісі бар қала болған. Үйсіндер көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан. Ішінара егін салып, қалаларда да тұрған. Ұлы жібек жолы осы Үйсін мемлекеті арқылы өткен. Үйсіндер үнемі көрші мемлекеттермен соғыс жағдайында болған. Үйсіндердің соғысқан елдерінің ішінде ғұндар, ұлы иозылар және Қытай болған. Үйсіндер көршісі Қаңлы мемлекетімен де қақтығыста болған. Мұндай жағдай үлкен әскер ұстауға себеп болды. Кемеліне келіп дәуірлеген кезде үйсін елінде 120 мың түтін, 630 мың адам, 188 мың 800 сайлауыт әскер болды дейді деректер. Қытай деректері үйсіндердің сол кезеңдегі батыс өңіріндегі барлық мемлекеттен адам саны жағынан үш есе, әскер саны жағынан біржарым есе үлкен екендігін жазып үйсіндер батыс өңіріндегі аса құдыретті мемлекет деп көрсетеді. Үйсін мемлекетінің басшысы күнби болды. Ол мемлекетті өзі тағайындаған әскери әкімшілік ұлықтар арқылы басқарды. Үйсіндерде тақ әкеден балаға мұрагерлікке беріліп отырған. Тіпті таққа отыру үшін мұрагерлер арасында қанды күрестер де жиі болып тұрған. Қытайдың хан әулетінің патшалығы ғұндарға қарсы әскери одақ құру үшін үйсіндерді өзіне тартады. Б.э.д. 109 жылы хан патшалығы Үйсіннің күнбиі Елжау биге елші жіберіп, көп сый-сияпатпен қоса императордың қызыл қалыңдыққа береді. Онан кейін Үйсін күнбиі Женші би де Қытай императорының отбасынан қыз алады. Мұның өзі Үйсін мемлекетінің маңызын көрсететін тарихи оқиғалар болды. Б.э.д. 53 жылы Үйсін мемлекетінде патшалық тақ үшін күрес басталып мемлекет үлкен күнбилік және кіші күнбилік деп екіге бөлінеді. Үлкен күнбилікті оңтүстік иелік, кіші күнбилікгі солтүстік иелік деп атайды. Екі иеліктің арасындағы тақ таласы үйсін қоғамын әбден әлсіретті. Б.э.д. 20-жылы күнби Силы би үйсін мемлекетін қайта біріктірді. Ұзамай тақ таласы қайта жалғасты. Үйсін мемлекетінің саяси құрылысы. Мемлекетті күнби басқарды. Күнби елдегі азаматтық және әскери билікті қолында ұстады. Әскердің бас қолбасшысы да болды. Ол ру мен тайпаларға көшіп-қону бағыттарын белгіледі. Ру мен тайпаларды күнби тағайындаған бектер басқарды. Бүкіл Үйсін елі сол қанат, оң қанат және орта деп үш әскери-әкімшілік бөлікке бөлінді. Соғыс жағдайында оң қанат пен сол қанатты екі қолбасшы басқарса, күнбидің өзі ортада болып басшылық етті. Үйсін мемлекетінің мынадай басқару жүйесі болған. Мемлекеттің басында жеке дара билеуші, билігі мұрагерлікке қалдырылатын күнби отырды. Онан соң дулы деп аталатын әкімшілік бастығы отырды. Оны күнби тағайындап, орнынан алатын. Сол қанат қолбасы және оң қанат қолбасы деп аталатын екі қолбасшы болды. Күнбидің өзі бас қолбасшы болған соң, әскердегі онан кейінгі билік сол қанат қолбасшыда болды. Ол күнби жоқта бүкіл әскерге басшылық етті. Сондай- ақ Үйсін мемлекетінің жергілікті басшылықгы жүзеге асыратын лауазым иелері де болды. Жалпы Үйсін мемлекетінде біршама дамыған, орталықтанған аппараты да, жергілікті билік органдары да бар көпшелі қоғамға лайықты ықшам басқару органдары болды. Үйсін қоғамы таптық қоғам болды. Мұнда әлеуметтік теңсіздік орын алды. Археологиялық деректер үйсіндерде жеке меншіктің болғандығын және әлеуметтік теңсіздіктің болғанын дәлелдейді. Үлкен және ішінде мүліктері мол молаларға күнбилер, қолбасшылар т.б. ақсүйектердің жерленгенін, орташа молаларда ру-тайпа басшыларының, батырлардың жерленгенін айғақтайды, ал қарапайым молаларға қатардағы адамдар жерленген. Қаңлылар мемлекеті. Үйсіндермен қатар бір кезеңде көрші болып Қаңлы мемлекеті өмір сүрді. Қаңлыларды қытай деректерінде "Кангюй", "Канғар", "Кенріс" деп те атаған. Қытайдың "Сұй патшалығының тарихы. Батыс өңір шежіресі. Қаңлы тарауында". Олардың ханы ұлы иозылардың уын рудан шыққан. Оның бұрынғы мекені Чилан тауының солтүстігіндегі Жау қаласында еді. Бұларды ғұндар талқандаған, осыдан соң батысқа қоныс аударған" делінген. Осылай б.э.д. III ғасырдан бастап қаңлылар Сырдарияның орта алқабы Қаратау өңірін мекендейді. Қаңлыларға Ташкенттен Хорезмге дейінгі өлкелер қараған. Б.э.д. ІІ-І ғасырларда қаңлылар үлкен мемлекетке айналады. "Хан патшалығы шежіресі. Батыс өңірі шежіресінде: "Қаңлы елінің 200 мың үй, 600 мыңжан саны, 120 мың әскері барын" жазады. Онан кейінгі кезде қаңлылар тіпті күшейіп, оның қасындағы көптеген елдердің қаңлыларға бағынғандығы айтылады қытай деректерінде. Қытай патшалығы Қаңлы елімен елші алысып, сауда-саттық, мәдени, дипломатиялық қарым-қатынаста болған. Осы кезеңдерде қаңлылар ғұндармен, онан соң үйсіндермен тағы басқа көршілермен соғысып сонан соң бітісіп тұрған. Қаңлылардың шаруашылығының негізі көшпелі мал шаруашылығы болды. Азын- аулақ егін екті. Каңлылардың қалалары болған. Қаңлы мемлекетінің астанасы Битян қаласы Сырдарияның орта шенінде орналасқан. Қаңлы елінің басшысын хандеп атаған. Кейбір деректерде оны "ябгу", "жабгу" деп атайды. Ханның билігі азаматтық істерге де әскерге де жүрген. Қаңлы мемлекеті өз ішінде бес иелікке бөлінген, оларды ханның өкілдері басқарған. Бұл иеліктер өздерінің орталық қалаларының атымен аталған. Деректерде қаңлылардың жазба заңы болғаны туралы айтылады. "Олардың заңы хан сарайында сақталады. Осы заң бойынша қылмыстыларды жазалайды. Өрескел ауыр қылмыс жасағандардың тұқымы құртылады. Одан соңғылары өлім жазасына үкім етіледі. Ұрлық істегендердің қолы кесіледі" делінген олардың заңында. Қаңлылар мемлекеті тарихымызда үлкен орын алады. Олар Қазақстан жерінде алғашқы мемлекеттік құрылым құрып, мәдениет пен өнердің, шаруашылықтың дамуына үлес қосты. 5 Тақырып: Түрік қағанаты дәуіріндегі саяси- құқықтық қатынастар VI ғасырдың ортасында Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан жерінде әлемдегі аса ірі қуатты империялардың бірі Көне Түрік империясы құрылды. Сонымен қатар жаңа этникалық тип түрік тілдес халықтардың іргесі қаланды. "Түрік мемлекетінің құрылуы бүкіл адамзат тарихында белгілі бір кезеңде бетбұрыс дәуірі болды" деп жазды белгілі ғалым Лев Гумилев өзінің "Көне түріктер" деген іргелі зерттеуінде. Көне түрік мемлекеті шығыс мәдениеті мен батыс мәдениетін жалғастырушы ғана емес, сонымен қатар ол өз мәдениетін, мемлекеттік құрылысы мен идеологиясын жасады, әлемдік тарихта үлкен із қалдырды. "Түрік" сөзі мықты, күшті деген үғымды білдіреді. Алғашында "түрік" сөзі саяси сипатта болып, түрік қағандығының негізін салған Ашина тайпаларының далалық ақсүйектер тобының бірлестігін білдірген. Кейінірек түрік қағанатына бағынған тайпалардың атауына айналған. Түрік империясы ғұндардан кейінгі екінші ірі евразиялық империя болды. Түріктердің бірнеше мемлекеттері болды. Көне Түрік мемлекеті (552-603); Батыс Түрік қағанаты (603-704); Шығыс Түрік қағанаты (603-679); Екінші Түрік қағандығы (607-744 ж.); Түргеш қағандығы (704-756); Қарлұқ мемлекеті (756-970 ж.). Үйсін мемлекеті ыдыраған соң Жетісу мен Орталық Қазақстанда жуан- жуандардың (аварлардың) билігі орнады. Осы жуан-жуандарды VI ғасырдың ортасында Ашина тайпалары талқандайды. Бұл тайпалардың аты аңыз бойынша бөріден тараған Ашинаның атымен байланысты. Осы тайпалар ұзамай түріктер деп аталды. Түріктердің көсемі Бумын қаған атағын алды. Оның мұрагерлері Қарақаған (552-553), Мұқан қаған (553-573) жуан-жуандарды талқандауды ақырына дейін жеткізді. Осылай Түрік қағанаты нығайды. Бұл мемлекеттегілер өздерін түрік елі деп те атады. Түріктер Қара қағанның тұсында Орталық Азияны, Оңтүстік Сібірді бағындырды. Шығыста Корей шығанағынан, батыста Қара теңізге, оңтүстікте Самарқанға дейін түрік еліне қарады. Қытайдың солтүстік Ци және солтүстік Чжоу мемлекеттері түріктерге алым төлеп тұрды. VI ғасырдың 60-жылдары түрік қағанаты Византиямен, Иранмен, Қытаймен тығыз саяси-экономикалық байланыста болды. Ұлы Жібек жолының негізгі бағыттары Түрік кағанаты арқылы өтті. VI ғасырдың 80-жылдарынан Түрік қағанатында, әсіресе билеуші Ашина әулеті ішінде тартыстар көбейді. Мұның өзі мемлекеттің 603 жылы Батыс Түрік қағанаты және Шығыс Түрік қағанаты болып екіге бөлінуіне әкеліп соқты. Екі қағанат арасында ұзақ жылға созылған соғыстар басталды. Батыс Түрік қағанатына Орта Азия, Жонғария және шығыс Түркістанның бір бөлігі қарады. Батыс Түрік қағандары Шегуй (618-619), Тон-ябгу тұсында шекарасын шығыста Алтайға дейін, батыста Закавказьеге дейін, оңтүстікте солтүстік-батыс Пәкістанға дейін кеңейтті. Византияның императоры Ираклий Тон Ябгу қағанға құрмет көрсетіп өзінің тәжін кигізіп, қызын беруге уәде етті. Қағанаттың қысқы резиденциясы Суябта болса, жазғы ордасы Испиджабқа жақын Мың-бұлақта болды. Тон Ябгу каған ішкі саясатта өте қатаң бағыт жүргізді. Мұның өзі ішкі тартысқа себеп болып қағандықты құрған дулулар одағы мен нушибилер одағы арасындағы қақтығысқа алып келді. "Он оқ" тайпалар деген (бес тайпа дулулар, бес тайпа нушибилер) дулулар мен нушибилердің арасындағы ұзаққа созылған қақтығысқа алып келді. Батыс Түрік қағанаты әзін Он оқ елі деп атайтын. 759 жылы Он оқ елі нашарлап әлсірей бастады да мүның өзі Жетісуға Қытайдың таң әулеті империясы әскерінің басып кіруіне себеп болды. Түріктер қытай басқыншыларына қарсы азаттық күреске шықты. 704 жылы түргеш тайпаларының көсемі Үшеліктің басшылығымен түріктер жеңіске жетіп, жаңа Түргеш қағандығы құрылды. 679-687 жылдарда жүргізілген табанды азаттық күрес, нәтижесінде шығыс түріктері қытай басқыншыларын қуып шығып, өз мемлекетің қалпына келтірді немесе екінші Түрік қағандығын құрды. Бірінші қаған Құтлұқ болды, оны Елтеріс қаған деп атады. Оның жақын көмекшісі әрі кеңесшісі түріктердің тамаша ерлік істері мен өсиеттерін құлпытастарға жаздырып қалдырған Тоныкөк болды. Қапаған қағанның тұсында (691-716) екінші Түрік қағанаты өзінің әскери-саяси қуатының гүлдену дәрежесіне жетті. Түріктер солтүстік қытайға бірнеше сәтті жорықтар жасады, қидандарды, Енисей қырғыздарын талқандап, Туваны бағындырды. Осылай Қапаған қаған Орталық Азияның билеушісіне айналды. Оның әскерлері Соғды жеріне дейін барды. Білге және Күлтегін қағандардың тұсында да түріктердің қуаты артып тұрды. Ішкі соғыстардан 744 жылы Екінші Түрік қағандығы құлап, Ашина әулетінің билігі тоқтады. 6 Тақырып: Қарлұқ, Оғыз, Қимақ, Қыпшақ, Қарахан мемлекеттерінің, Найман және Керей ұлыстарының қоғамдық-саяси құрылысы Түрік қанағаттарынан соң Қазақстан территориясында Қарлұқ мемлекеті (756- 940), Оғыз мемлекеті (ІХ-ХІ ғ-ң басы), Қимақ қағанаты (ІХ-ХІ ғ-ң басы), Қарахан мемлекеті (942-1210), Қарақытайлар мемлекеті (1228-1213), Найман жөне Керей ұлыстары, Қыпшақ хаңдығы (XI ғ-ң басы - 1219) сияқты мемлекеттер өмір сүрді. Бұл мемлекеттерді түрік қағанаттарының заңды жалғасы деуге болды. Себебі түрік қағанатындағы халықтар кейіннен осы мемлекеттердің құрамына кірді. Олардың қоғамдық-саяси құрылысы, шаруашылығы мен тұрмысы, мәдениеті, діни наным-сенімдері де ұқсас болды. Түргеш, сонан соң Қарлұқ қағандықтары кезінде Қазақстанға ислам дінін таратушы араб әскерлері кірді. Қарахан мемлекетінде ислам мемлекеттік дінге айналды. Қарлұқ қағандығы (756-940) VIII ғасырдың ортасында түргештердің орнын басу үшін қарлұқ тайпалары мен оғыздардың күресі нәтижесінде пайда болды. Бұған дейін қарлұқтар Монғолия жерінде тұрған еді. 766 жылы Жетісу қарлұқтарға қарады. Сонан кейін қарлұқтар шекарасын шығыста Қашғарға, оңтүстікте Ферғанаға дейін созды. Қарлұқтардың мемлекетінің құлауына ішкі тартыстар және сыртқы жағдайлар себеп болды. Қарлұқ мемлекетінің басшысын алғашында жабғу, кейінірек қаған деп атады. Қарлұқтардың мемлекеттік құрылысы ұлыстық-тайпалық сипатта болып, орталық билігі күшті болмады. Жабғудың билігін ірі тайпалардың басшылары жүре тыңдады. Керісінше тайпа басшылары өздерінің тәуелсіз болуы үшін әрекет етті. Керек десеңіз тайпа көсемдерінің артықшылық құқықтары мұраға беріліп отырды. Орталықтың нашар болып, аймақтардың мықты болуы қарлұқ қағандығының құлауына себеп болды. Оғыз мемлекеті (ІХ-ХІ ғ-ң басы) тайпалары ІХ-Х ғасырларда оғыз тайпаларының одағы құрылды. Оғыздар 24 тайпадан тұрды. Өз ішінде оғыздар әрқайсысы 12 тайпадан тұратын екі бөлікке бөлінді. Бузуктарға және ұшықтарға бөлінді. Оғыздар Сырдарияның төменгі ағысынан Еділдің төменгі ағысына дейінгі жерде көшіп қонды. Астанасы Сырдарияның бойындағы Жаңакент қаласы. Оғыз мемлекетінің басшысы жабғу деп аталды. Жоғары билік мұраға қалдырылады. Жабғудың құл-еркін деп аталатын орынбасарлары болды. Жабғуды тайпа өкілдерінен тұратын кеңес сайлады. Оғыз әскерлерінің қолбасшысын сюбашы деп атады. Оғыздардың басшыларының қатаң салық саясаты халықтың наразылығын тудырды. Бір жағынан селджуктердің, екінші жағынан қыпшақтардың соққысынан оғыздардың мемлекеті XI ғасырдың басында құлады. Қимақ қағанаты (ІХ-ХІ ғ-ң басы). IX ғасырда Алтай мен Сырдария аралығындағы көптеген тайпаларды біріктірген Қимақ мемлекеті пайда болды. Бұл мемлекеттің саяси ядросы шығыс Қазақстан жерінде тараған имақ (қимақ) тайпасы болды. Қимақ одағы алғашында 7 тайпадан тұрды. Кейінірек 12 тайпаға жетті. Қимақтар бірлестігі конфедерациялық мемлекет болды. Қимақтардың басшысын алғашында шад-тутук, онан кейін жабғу, қаған деп атады. Қағанның қолында біршама билік болды. Ол тайпаларға өз өкілдерінен басшылар тағайындады. Соңынан қимақтардың 11 тайпаларының басшылығы мұраға қалдырылды. Осылай ұлыстық-тайпалық жүйе қалыптасты. Мұның өзі жергілікті тайпа басшыларының сепартизмін күшейтті. Олардың кейбірі орталық билікке жартылай бағынған хандарға айналды да ыңғайлы кезде мемлекеттік билікті тартып алуға бейім тұрды. XI ғасырдың басында Қимақ конфедерациясындағы қыпшақ тайпаларының күшеюіне байланысты қимақ мемлекеті құлады. Қазақстан мен Орта Азияда терең із қалдырған елдің бірі Қарахан мемлекеті. Мемлекеттің негізін салушы Сатук Богра хан (915-955). Қарахан мемлекеттің шекарасы шығыста Қашқарға, оңтүстікте Мавереннахрға, солтүстікте Балқаш көліне, батыста Хорезмге дейін созылып жаткан ірі ел болды. Мемлекет көптеген ұлыстарға бөлінді. Ұлыс басылары үлкен кұқықтарға ие болды, тіпті өз аттарынан монета шығарғандары да болды. XI ғ. 30-жылдарында мемлекет екі бөлінді. Батыс хандығының орталығы Бұқар болып оған Мавереннахрдан Ходжентке дейінгі жерлер қарады. Шығыс хандықтың астанасы Баласағұн болып, оған Тараз, Шаш, Испиджаб қалалары, Ферғана, Жетісу және Қашғар өлкелері қарады. Қарахан мемлекеті бір жағынан сельджуктердің, екінші жағынан қарақытайлардың шабуылынан құлады. Қарахан мемлекеті бұрынғы мемлекеттік құрылымдардан біршама ерекшеленеді. Мұнда әскери басшылық әкімшілік басшылықтан бөлінді. Мемлекеттің әкімшілік құрылымы көп сатылы (иерархиялы) принциппен құрылды. Мемлекеттің жоғарғы билеушісінің құрметті атағы Арслан (арыстан) және Боғра (бура) деп аталады. Зерттеушілердің айтуынша Арслан ханның атағын шығылдардың билеушісі, ал Боғра ханның атағын яғмалардың көсемі алды. Бұл екі тайпа Қарахан мемлекетіндегі саяси биліктің негізі болды. Арслан қарахан ең жоғарғы билеуші болған. Оның резиденциясы Баласағұнда болған. Ал Боғра қарахан қосшы билеуші болған. Арслан қарахан өлсе, оның орнына Боғра қарахан отырып Арслан қарахан атағын алатын болған. Бүкіл елдің әскери, әкімшілік және шаруашылық жұмыстарын басқаратын лауазым иелері бұғырыш, обғұ, туксин сияқты үш жүйеге жүктелді. Хан сарайындағы (агшаратындағы) қызметтердің белгілі штаты болды. Субаш (қолбасы), бек, ұлыққажин (бас кеңесші), ялауаш (елші), батықшы (хатшы), кабих (сарай күзетінің бастығы), хорұқшы (есіккүзетшісі), ағшы (қазынашы), аспаз т.б. болды. Қалалар мен қыстақтарды мехторлар, әкімдер және райыстар басқарды. Пошта бастығын-саһипбарида, салықшылар бастығын — мустауфа деп атады. Осындай толып жатқан қызмет атаулары қарахан мемлекетінде дамыған мемлекеттік ақпарат пен органдардың болғандығын көрсетеді. Қарахан мемлекеті арқылы Ұлы Жібек жолының негізгі бағыттары өтті. Мұның өзі сауда мен мәдениеттің, өнер мен ғылымның жалпы феодалдық шаруашылықтың қарқындап дамуына әсер етті. Ислам діні мемлекеттік дінге айналды. Хан өзінің туыстары мен жақындастарына аймақтар мен қалаларды сыйға тарта алды. Мұндай сыйлықты "икта", ал сыйлық иесін "иктадер" деп атады. Ханның келісімімен "иктадерлер" өзіне сыйға тартылған жерлерден бұған дейін мемлекет пайдасына алынатын салықты өздерінің пайдасына жинауға құқық алды. Қыпшақ хандығы (XI ғ-ң басы - 1219). XI ғ-ң басында Қимақ қағандығы құлаған соң, саяси билік қыпшақ тайпаларының қолына өтті. Сөйтіп қыпшақ хандығы қимақ қағанатының жалғасы іспеттес болды. Қыпшақ орасан үлкен территорияны алып жатқан халық (этнос) ретінде қалыптасты. Қыпшақ даласын Дешті-Қыпшақ деп атады. ХІІ-ХПІ ғасырларда қыпшақтар мейлінше күшейді. Олар Ертістен Жерорта, Қара теңізге дейін жетті. Оңтүстікте Хорезм мемлекеті мен Кавказға дейін жетті. Осы кезеңде түркі тілдес тайпалардың басым бөлігі "қыпшақтар" деп аталды. Дешті-Қыпшақ екі қанатқа бөлінді. Батыс қыпшақтары Еділден батысқа қарай созылған жерлерді жайлады. Оларды тоқсаба руынан шыққан әулет биледі. Шығыс қыпшақтары Ертіс пен Еділ өзендері арасын жайлады. Мұнда елбөрілі руынан шыққан әулет биледі. Қышпақ қоғамындағы жоғары мемлекет билеушісі хан болды. Хан әскери және азаматтық билікті қолында ұстады. Ханның ставкасы Орда деп аталды. Ханның билік етуші аппараты көп сатылы басқару органдары арқылы мемлекетті басқарып отырды. Оң қол деп аталған батыс қыпшақтарының орталығы Жайық өзенінің бойындағы Сарайшық қаласының орнында болды. Сол қанат немесе Шығыс қыпшақтардың орталығы Сығанақта орналасты. Хандықтың орталығы — хан ордасы Торғай даласында көшіп қонды. Ханнан кейін тархан, басқақ, бек т.б. лауазым иелері болды. Оларды хан тағайындайтын. Қыпшақ мемлекетінде әскердің ролі ерекше болды. Ру-тайпа басшылары өз дәрежесіндегі әскер басшылары болып есептелді. Қыпшақ қоғамында әлеуметтік жағынан теңсіздік орын алды. Малға, өндіріс құралдарына жеке меншік болды. Мыңдаған, тіпті он мыңдаған малы бар мал иелері — хан билігінің экономикалық негізі болды. Жерге заңды бекітілген жеке меншік болмаса да мол мал иелері — байлар жайылымдарды меншіктенді. Жайылымдар мен суарымдар, көшіп-қону бағыттары қыпшақ хандары мен тайпа көсемдерінің құқығымен белгіленіп отырды. Қыпшақ хандығының тарихи сахнадан кетуіне моңғолдардың шапқыншылығы себеп болды. Наймандар мен керейлердің ұлыстары Алтай, Ертіс, Монғолия жеріне созылып жатты. Наймандар мен керейлер қатар жатқан көшпелі тайпалар. 840 жылы Ұйғыр мемлекеті құлаған соң, наймандар мен керейлер күшейе бастады да көшпелілер конфедерациясының құрылуы басталды. Алғашында наймандар мен керейлер бірге болған. Олардың бірлескен ханы далай — хан деп аталды. 1092 жылы керейлер мен наймандар Ляо империясының құрамына еніп, оның құрамында 1125 жылға дейін болды. 1125 жылы керейлер, 1143 жылы наймандар өздерінің тәуелсіз хандықтарын құрды. Керей хандығы ванхан деген атаққа ие болған Тоғарылдың кезінде, наймандар Таян ханның, Бұйрық және Күшлік ханның кезінде нығайды. Керейдің ханы Тоғарыл (1171-1203) қытаймен жақсы қатынаста болып, Шыңғыс ханның нығайуына көп жәрдем берді. Бірақ кейін өзі Шыңғыс ханның әскерінің соққысынан қирады. Наймандардың ханы Таян және оның ұлы Күшлік хан да монғолдармен соғысты. Шыңғыс хан әскерінен шегінген Күшліктің әскері 1212 жылы Жетісуға басып кіріп қара-қытайлардан билікті тартып алды. Күшлік ханның билігі Шығыс ханның әскері 1218 жылы Жетісуға басып кіргенше созылды. Наймандар мен керейлердің саяси құрылысы ұқсас болды. Олардың мемлекеттері басында тікелей атадан балаға мұраға беріліп отыратын хан отырды. Ру-тайпа басшыларын хан тағайындады. Қоғам өмірі мейлінше әскерилендірілді. Керейлер мен наймандардың шаруашылығының негізгі түрі көшпелі мал шаруашылығы болып, малға жеке меншік болды. 6 Тақырып: Шыңғыс хан империясының саяси жағдайы және ұлы жасақ (ясы) заңдары XII ғасырда бүкіл әлемді дүр сілкіндірген, дүниежүзінің тарихи- географиялық жағдайын күрт өзгерткен ірі оқиғалар болды. Бұл өзгерістер Шыңғыс ханның (1156-1227) басшылығымен құрылған монғол империясының дүниеге келуіне байланысты. Шыңғыс хан 1206 жылы император болып жарияланды. Мемлекеттің басты кәсібі жаулаушылық саясатын жүргізу болды. Асқан қолбасшы, шебер ұйымдастырушы дүниежүзін түгелдей жаулап алып әлемдік империяға құруға ұмтылған Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары әлемнің үлкен бөлігін басып алды. Монғол әскерлері Қытайды, Кореяны, Сібір халықтарын, Керей және Найман хандықтарын, Қыпшақ хандығын, Хорезм мемлекетін, Ауған, Иран, Кавказды, Орыс жерлерін, Шығыс Еуропа мемлекеттерін түгелдей жаулап алып жермен-жексен етті. Монғолдар жаулаған жерлерде Шыңғыс ханның ұрпақтарының билікте болуы ресми заңдастырылды. Басқа әулеттің билікке қол созуға құқығы болмады. Артықшылықпен пайдаланатын Шыңғыс әулетінен тараған ұрпақтар жалпы ақсүйек-төрелер, ал ру-тайпа басындағыларын сұлтандар деп атады. Тіпті ол мемлекеттер бытырап бөлініп қайта құрылған жағдайда да басқа ақсүйек емес әулеттер билікке келе алмады. Мұның екі себебі болса керек. Біріншіден, Шыңғыс ұрпақтарының ел билеу дәстүрі зорлықпен және насихатпен қоғамдық санаға сіңіріліп дәстүрге айналды. Екіншіден, мұндай дәстүрді бұзу арқылы билік басына келген бөтен әулеттерді Шыңғыс тұқымдары қатаң жазалап жойып жіберіп отырды. Тіпті құдіретті Әмір Темірдің өзі бұл дәстүрді қатаң сақтап "хан" деген лауазымды алмай "әмір" атағымен шектеліп, жанында Шыңғыс ұрпағынан хан ұстады. Оның үстіне Әмір Темір Шыңғыс әулетіне күйеу— гураган атағын алған және өзін Шыңғыстың жолын жалғастырып, оның империясын қалпына келтіруші санады. Монғол үстемдігі орнаған территорияларда Шыңғыс ұрпақтарының ел билеу дәстүрі берік сақталып келді. Қытайда болсын, Иран мен Орта Азияда болсын Шыңғыс ұрпақтары ел билеу дәстүрін және жаулаушылық саясатын онан әрі жалғастыра берді. Мәселен Қазақстан жерінде орнаған мемлекеттерден олар тарихи сахнадан кеткенше Шыңғыс ұрпақтарының мемлекет басқарғанын көреміз. Қазақстан жеріндегі мемлекеттерге Шығыстың үлкен баласы Жошы ханның және екінші ұлы Шағатайдың ұрпақтары билік құрды. Шыңғыс хан көзінің тірісінде өзі жаулап алған жерлерін үлкен әйелінен туылған төрт ұлына бөліп берді. Бұл жерлер ұлыстар деп аталды. Үлкен ұлы Жошының ұлысына Ертіс өзенінен батысқа қарай монғолдардың атының түяғы жеткен жерлер берілді. Сонда Шығыс, Орталық, Батыс Қазақстан немесе еліміздің көпшілік бөлігі Жошы ұлысына кірді. Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатайға Жетісу, Сырдарияның бойы және Мавереннахр берілді. Үшінші ұлы Үгедейге батыс Монғолия мен Тарбағатай өңірі берілді. Кіші ұлы Төлеге шаңырақ иесі ретінде Монғолия және Қытай берілді. Сонда Қазақстан территориясы түгелге жуық негізінен Жошы мен Шағатай ұлысына қарады, Шығыс Қазақстанның аз ғана бөлігі Үгейдей ұлысына кірді. Жошы ұлысының мұрагері оның ұлы Бату хан болды. Бату хан Шыңғыс ханның жорықтарын жалғастырып орыс князьдарын, Чехословакия, Польша, Венгрия, Югославия, Румыния жерлерін басып алып Адриат теңізіне жетті. Осы Ұлан байтақ жерде Батудың 1242 жылы негізін салуымен Алтын Орда атты алып мемлекет дүниеге келді. Шығыс ханның жаулап алған территориялары алғашқы кезеңде бір мемлекет болып есептелді. Мемлекетті елдің астанасы Қарақорымда отырған Ұлы хан басқарды. Шыңғыстан кейінгі ұлы хан оның өсиеті бойынша сайланған Үгедей (1227-1241) болды. Онан кейін Күйік (1242-1248) (1246 жылға дейін оның шешесі Турака регент болды), онан соң Мөңке (1248-1260), Құбылай (1260- 1295), Ұлы хан болды. Ұлыханды Шыңғыс ұрпақтарынан тараған ұлыс басшылары, ірі қолбасшылар мен Шыңғыстың басқа да ұрпақтарының Ұлы Құрылтайы (жиналысы) сайлады. Ұлы Құрылтай Шыңғыс империясының ең жоғарғы органы болды. Ұлы Құрылтайды өткізуге дайындық аса жауапты түрде жүргізілді. Онда Шыңғыс ұрпақтарының арасында билік үшін үлкен күрес жүргізілді. Мәселен 1242 жылғы Ұлы Құрылтайға Европаны жаулауды тоқтатып қайтып келе жатқан Батуды әдейі күтпеді. Себебі Ұлы хандыққа Батудың өзі немесе оның жақтасы етіп кетуі әбден мүмкін еді. Оның есесіне Бату хан өз Ұлысы Алтын Орданың негізін салды. Дегенмен ол Ұлы ханға бағыныштылығын сақтады. Батудың қолдауымен Ұлы хан болып Күйіктен соң Мөңке сайланды. Алып империяны бір орталықтан басқару мүмкін болмады. Біртіндеп ұлыстар өз билігін қолдарына алды. Шыңғыс ханның заңдары — ұлы жасақ Шыңғыс ханның осыншама үлкен жерлерді басып алып, оны ұстап тұруында және оның ұрпақтарының бірнеше ғасырлар билікті қолда сақтауында, оның шығарған заңдары Ұлы жасақтың (ясының) ерекше ролі болды. Ясак, жасақ немесе заңдар Монғол мемлекетінің күре тамыры болды. Шыңғыс хан заңдары Ұлы жасақ деп аталды. Ұлы жасақ биліктен және жасақтан тұрды. Заңның Ұлы "Жасақ" (ясак, ясы) деп аталуы моңғолдардың қоғамының әскериленген қоғам болуына байланысты деуге болады. "Жасақ" дегеннің өзі осы күнге дейін әскер, құрама деген ұғымды білдіреді. "Ұлы жасақтың" бірінші бөлімі "Билік" мемлекет басқару ісіне арналған. Екінші бөлімі "Жасақ" жалпы тәртіпке және әскери құрылысқа арналған. Монғол империясы бір орталыққа бағынған, темірдей тәртіпке негізделген, көп сатылы басқару органдары бар мемлекет болды. "Ақылдылар мен жігерлі жастарды әскерге бек (бастық) еттім; пысықтар мен жылдам қимылдайтындарды қолдарына қажетті нәрселерін беріп табындарға бастық еттім; ақылы аздауларға қолына кішігірім қамшы беріп қойшы қылдым" делінген Шыңғыс заңдарында. "Аспандағы құдіретгі Құдайдың дем беруімен жеңімпаз күш беріліп, жерде игілік орнады, той мен сайрандау орын алды. Мұнан кейін де бес жүз жыл, мың жыл, он мың жыл менен туған ұрпақтар халыққа жағымды Шынғыс ханның осы юсуны мен "жасағын" өзгертпесе аспаннан оларға әрдайым күш пен көмек келіп, Жаратушы оларға игілік береді, адамдар олар үшін жалбарынады, ал олар мәңгілікті болып және молшылықтың рахатын көреді" деп Шыңғыс хан өзінің және ұрпақтарының билігін мәңгі етуді заңдастырды. Ол үшін мемлекетте жақсы жұмыс, қатандық пен бекемдік болуы қажет деп көрсетті. Онан кейін көп мемлекет басшылары шығып жасақ сақталмаса, мемлекет шытынап жарылады да Шыңғыс ханды қайтып іздегенмен таба алмайды деп өсиет етті. "Билікте" қолынан іс келетін адамдарға жағдай жасалды. Оның 4-бабында "өз үйін басқара алатын кез келген адам ұйымды, мекемені де басқара алады, белгілі шартқа орай он адамды ұйымдастыра алған адамға мыңдықты да беруге болады және түменді де ол жақсы ұйымдастыра алады" (Түмен-онмыңдық). Он адамды ұйымдастыра алмаған бектің әйелі де, балалары да кінәлі, оның орнына сол ондықтан басқа адам сайланады. Осылай мыңбасы және түменбасы жөнінде де болады. Адамдардың ақыл-ой, қабілетін бағалай білген Шыңғыс хан "Үш адамды тыңдатып келістірген кез келген сөзді басқа жерде де айтуға болады", дейді "Билікте" (7-бап). "Жасақтың" тәртібі бойынша жасы үлкен кісіге келген адам алдымен сөз бастамай, оның сөз бастауын күтуі тиіс. Шыңғыс хан заңдарында әскерге ерекше көңіл бөлінді. Бүкіл халық қаруланған әскер түрінде болды. Әрбір ер адам сирек кездесетін жағдайда болмаса әскери міндетті болды (15-бап). Ал әскерге алынбай қалған ер адам белгілі уақыт ақысыз мемлекетке қызмет атқарды (17-бап). Соғыс жағдайында бірде-бір жауынгердің рұқсатсыз шегінуге құқы болмады. Темір тәртіпке негізделген отрядтар соңғы адамы қалғанша соғысуға тиіс болды. Империя әскері орта, сол қанат және оң қанат болып сап түзеді. Әр топ он мыңдаған тіпті жүз мыңнан аса адамнан тұрды. Әр топтың (қанаттың) басшысын Шыңғыс ханның өзі тағайындады. Әскер ондық, жүздік, мыңдық, түмен сияқты бөліктерге бөлінді. Оларды онбасы, жүзбасы, мыңбасы және түменбасылар басқарды. Бейбіт кезде түменбасылар "әскери генерал-губернатор" сияқты азаматтың билікті де жүргізді. Мыңбасы мен жүзбасылар да осындай міндеттер атқарып белгілі аумақтарға басшылық етті. 7 Тақырып: Моғолстан, Әбілхайыр хандығы және Ноғай ордасының саяси құрылысы Шағатай ұлысының Қазақстан территориясында өмір сүрген мемлекеттерінің ірісі — Моғолстан. Бұл мемлекет XIV ғасырдың ортасы мен XVI ғасырдың басында өмір сүрді. Моғолстанның орналасқан территориясы Оңтүстік Шығыс Қазақстан және Қырғызстан (Жетісу және Тянь-Шань). Сондай-ақ Моғолстанға Шығыс Түркістан-Қашғар өлкесі де кірді. Моғолстанда түрік тайпалары және түркіленген монғолдар өмір сүрді. Моғолстанның шекарасы үнемі өзгеріп тұрған. Оның территориясының аумағы туралы Мұхаммед Хайдар Дулати былай деп жазады: "Моғолстанның ұзындығы мен көлденеңі жеті-сегіз айлық жол. Оның шығыстағы шекарасы қалмақтардың жері Барс-көлге, Емел және Ертіске тіреледі, батыста Түркістан мен Ташкентпен шекараласады, оңтүстікте Ферғанамен, Қашғармен, Ақсумен, Шалышпен және Турфанмен шекараласады". М.Х.Дулати Моғолстанның оңтүстік шекарасының өзі аттылы адамның орташа жүрісімен үш ай уақытты алатынын және онда тоқсан тұрғылықты жерлер бар екенін жазады. Моғолстан атауы моғол этнонимінен шыққан. Моғол деп Орта Азия мен мұсылман елдерінде монғолдарды айтқан. Жергілікті халық монғолдармен араласып, олардың атын алған. Моғолстан мемлекетінде мекендеген халықтарды түгелдей моғолдар деп атап кеткен. Мұның өзі монғолдар үстемдігінің көрінісі деп бағалауға болады. Моғолстанның негізгі шаруашылығы көшпелі мал шаруашылығы болған. Сондай- ақ Моғолстанда қалалар да дамыған. Қала халқы қолөнерімен, саудамен шұғылданған. Халық егіншілікпен де мықтап айналыскан. Моғолстанның жерінің көбі таулар мен далалар болып келеді. Оның табиғатының байлығы мен тамашалығын жазып жеткізу мүмкін емес дей келе М.Х.Дулати, Моғолстанның Іле, Емел, Ертіс, Шу, Нарын сияқты өзендерін атай келіп, олар Көкше теңізге — Моғолстанды Өзбекстаннан бөліп жатқан көлге құяды деп жазды. Көкше теңіз қазіргі Балқаш көлі. Өзбекстан деп Әбілхайыр хандығы аталған. Моғолстанның негізін салушы Шағатай ұрпағы Тоғлық Темір хан болып есептеледі. Тоғлық Темірдің Моғолстан хандығының тағына отыруы 1347 жылдың шамасы. Оның хан тағына отыруына себепші болған дулат тайпасынан шыққан Әмір Болатшы. Тоғлық Темір Шағатай ұрпағынан алғашқы болып ислам дінін қабылдап оны Моғолстанның мемлекеттік дініне айналдырды. Тоғлық Темір хан 1361 жылы Мавереннахрға жорық жасады. Бұл кезде Мавереннахрда феодалдық бытыраңқылық жағдай орын алған еді. Бұл Сахибқыран атағын алған Әмір Темірдің енді көтеріліп келе жатқан кезі болатын. Тоғлық Темір хан Сахибқыранға Кеш облысын және қарамағындағы жерлерімен мұрагерлік түменді сыйға тартады. Осыдан соң ханның әскері Мавереннахрдың әмірі Хұсейіннің әскерін талқандап Гиндукуш асуына дейін қуып тастайды. Осылай бүкіл Мавереннахр Тоғлық Темір ханға бағынды. Тоғлық Темір хан 1362-1363 жылдың шамасында қайтыс болды. Тоғлық Темірден соң оның орнына ұлы Ілияс қожа хан болды. Оның әскері Әмір Темір мен Әмір Хұсейіннің әскерінен қатты жеңіліске ұшырады. 1365 жылы "Балшық соғыста" олардың әскерін қирата жеңді. Ұзамай 1363-1364 жылдың шамасында Ілияс қожа хан Әмір Қамараддин дулаттың қолынан қаза тапты. Билікті басып алған Әмір Қамараддин Моғолстанды 20 жылдан аса басқарды. Әмір Қамараддиннің билікке келуіне байланысты Моғолстанда ішкі қиындықтар орнайды. Басқа әмірлер оған қарсы болады. Осындай жағдайда Моғолстанға 1375 жылы Әмір Темірдің әскері кіріп Қамараддин бастаған Моғолстанның әскерін талқандады. Әмір Темір Моғолстанға қарсы бес рет ірі жорықтар жасады. Қамараддиннің әскері Әмір Темірдің әскеріне үлкен қарсылықтар көрсетті. Қамараддиннің әскері талғандалған соң Моғолстанға Тоғлық Темірдің кіші ұлы Хызыр қожа хан хан болды (1389-1408 ж.ж.). Моғолстан мен Әмір Темір арасында түсінісіктік қалыптасып, Моғолстан алым төлеп тұрды. 1405 жылы Отырарда Әмір Темір қайтыс болды. Хызыр қожа ханнан кейін оның ұлы Мұхаммед хан болды (1408-1416), онан кейін Мүхамед ханның ұлы Шир Мұхаммед (1421-1425 ж.ж.) хан болды. Онан кейін хан тағына Шир Мұхаммед ханның інісі Шир Али оғланның ұлы Уайыс таққа отырды (1425-1428 ж.ж.). Онан кейін Моғолстан тағына Уайыс ханның кіпті ұлы Исан Буғы хан (1429-1462 ж.ж.) отырды. Исан Буғы ханнан соң оның ұлы Дост Мұхаммед хан болды (1462-1469 ж.ж.). Онан соң Моғолстан тағына Уайыс ханның үлкен ұлы Жүніс хан отырды (1469- 1487 ж.ж.) Жүніс ханның тұсында Моғолстанның қуаты артып, Қашғарды бағындырды. Жүніс ханнан соң таққа оның ұлы Сұлтан Махмұд хан отырды. (1487- 1509 ж.ж.) Сұлтан Махмұд хан Мұхаммед Шайбаниға өзіне көрсеткен жәрдемі үшін Түркістанды берді. Сол үшін қазақ хандарымен екі рет соғысып, екі рет жеңілді. Соғыстың себебі Сұлтан Махмұд ханның Мұхаммед Шайбаниға жәрдемі болды. "Тарихи-и Рашидиде" Мұхаммед Шайбани Шахибек деп аталған. Сұлтан Махмұд ханның жәрдемімен Мұхаммед Шайбани (Шахибек) Бұқара мен Самарқанды алады. Ақырында Сұлтан Махмұд ханның өзі де балаларымен бірге Мұхаммед Шайбанидің тапсырмасымен азаппен өлтіріледі. Жүніс ханның екінші ұлы Сұлтан Ахмед хан қазақта Алаша хан аталып кеткен. Ахмед ханның таққа отырып ел билегендігі туралы деректер кездеспейді. Кейбір деректерге қарағанда ол хан аталғанымен ағасы Сұлтан Махмұд ханның қарауында болғанға ұқсайды. Ахмед хан асқан батыр, қолбасшы болған. Қалмақтарға көп соққы беріп содан "Алашы", "Жан алғыш атанып кеткен. Сұлтан Ахмед хан өзбек-қазақтардың әскерін де үш рет талқандап ағасы Сұлтан Махмұд ханның кегін әпереді. Ахмад ханның Моғолстанның шекарасын бекіткендігі сонша қалмақтар мен өзбектер Моғолстанның ұзақтығы жеті-сегіз айлық территориясынан өте алмады. Моғолстанның Шығыс бөлігін 1504-1544 жылдар аралығында Ахмед хан (Алаша ханның) ұлы Мансұр хан биледі. Оның хандығының алғашқы жылдарында Моғолстанда ішкі соғыстар көбейіп кетті. Моғолстанның батыс көпшілік бөлігін Ахмед ханның басқа ұлы Сұлтан Саид хан (1514-1533 ж.ж.) биледі. 1516 жылы Саид хан мен Мансұр хан арасында келісім болып елде тыныштық орнады. Саид хан Бадахшанды, Тибетті бағындырды Осы жорықтарда болашақ ұлы тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати қолбасшылық жасады. Саид ханнан соң таққа оның ұлы Әбдірәшид отырды. М.Х.Дулатидің "Тарихи-и-Рашиди" атты еңбегі осы ханның құрметіне арналған. Осы кезде Шығыс Моғолстанда дербес Моғулия мемлекеті құрылды. Ал Моғолстанның батыс бөлігі Жетісу қазақ хандығының құрамына кірді. Моғолстан саяси және экономикалық жағынан дамыған, территориясы да аса аумақты, қуатты ортағасырлық феодалдық мемлекет болды. Мемлекет басында Шағатай ұлысынан шыққан хан отырды. Моғолстандағы хандар династиясынының негізін салушы Шағатай Тоғлық Темір. Хан мемлекеттегі барлық биліктің тұтқасын қолында ұстады. Ол мемлекеттік жоғары басшысы ретінде ішкі және сыртқы саясат мәселелерін жеке шешті. Ұлыстар мен өлкелердің басшыларын тағайындады немесе ұтыстар мен өлкелерді көңілі қалаған адамдарға мемлекет алдындағы ерен еңбегі үшін сұйырғал ретінде сыйлап та жіберді. Хан жоғарғы қолбасшы ретінде соғыс жағдайында әскерді жорықтарға бастады. Моғол хандары жастайынан соғыс өнерін жоғары дәрежеде меңгерді. Мемлекетте хандар мен олардың әулетіндегі мұрагерлердің, жақын адамдардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінді. Оларға жас кезінен ғылымның, өнердің, қолөнердің, соғыс өнерінің, шешенді өнердің, ел басқарудың, сауданың, елшілік жоралардың, саз өнерінің тағы басқа өмірге қажетті салалар түгелдей үйретілді. Әбдірәшид хан "барлық өнер мен қолөнері саласында ғажайып нәрселер жасай алды". Хан мен оның жақындарының балаларын тәрбиелеу үшін жоғары сауатты және тәжірибелі адамдардан "атабегі" деп аталатын лауазым иесі бекітілді. Сұлтан Саид ханның тәрбиесінде болған М.Х.Дулати да өзінің игермеген ғылым, өнер, қолөнері, мемлекет басқару саласының қаламағанын жазады. Ханнан кейіні лауазым егесін ұлысбегі деп атаған. Ұлысбегі мемлекеттегі барлық мәселелерге араласкан немесе бас уәзірдің, бас министрдің ролін атқарған. Моғолстанда ұлысбегі қызметі белгілі бір әулеттің қолында болып, мұраға беріліп отырғандай көрініс береді. Ұлысбегі қызметі Әмір Болатшының М.Х.Дулатиға дейінті ұрпақтарына Моғолстан мемлекеті мен олардың хандарына көрсеткен ерекше қызметтері мен батырлықтары, еңбектері үшін мұра сипатында беріліп отырған. Моғолстандағы алғашқы ұлысбегі Болатшы дулат болды. Ол мемлекеттің негізін қалауға атсалысып, Тоғлық Темір ханды іздеп тауып таққа отырғызды. Ұлысбегілер Моғолстанның негізін қалаушы Болатшыдан соңғы ұлысбегі Мұхаммед Хайдар Дулатиге дейін бір әулеттен шыққан адамдар болды. Олардың бабасына "Шыңғыс ханжеті артықшылықтар сыйлап, Ордаби деп атады". Осы дәстүрді Моғолстан хандары жалғастырып Тоғлық Темір хан әулет үшін берілген артықшылықтарды тоғызға жеткізсе, Хызыр қожа ханның тұсында артықшылықтардың саны он екіге жетті. Әмір Болатшыға берілген бірінші артықшылығы "ханға айтпай өз бетімен қосынның әмірін немесе мың нөкердің (әмірін) тағайындап орнынан ала алады". Басқа артықшылықтары да осы дәрежедегі артықшылықтар болды. Бұл артықшылықтар мұраға беріліп отырды. Ханның жанында,кеңесші орган хан кеңесі — мәжіліс жұмыс істеген. Хан кеңесінде күрделі соғыс және бітім мәселелері талқыланған. Хан Кеңесіне ұлысбегі, сұлтандар, оғландар, мырзалар, ханға жақын адамдар, тайпа басшылары т.б. кірген. Мемлекеттік бас концеляриясын диван деп атаған. Қаржы және салық жинаумен дафтарлар айналысты. Сондай-ақ Моғолстан хандығында атабегі (хан мұрагерлерінің тәрбиешісі), наиб (регент), хаким, даруға (ханның облыс пен қаладағы өкілі), миршакар (ханның аңшылығын ұйымдастырушы), жасауыл (ханның қабылдаулары мен мерекелерін ұйымдастырушысы) сияқты лауазым иелері болды. Мемлекеттік қызметті ұйымдастырудың ерекше элементі ретінде құжаттарды жазбаша жүргізуді, әскерді үнемі есепке алуды, халықтың есебін жүргізуді, іс-қағаздарын мөрмен бекітіп отыруды айтуға болады. Осының бәрі де Моғолстан хандығында дамыған мемлекеттік құрылыс және құқықтық қатынастар болғанын көрсетеді. Моғолстанның ерекшелігі мұнда көшпелі шаруашылық та, отырықшы шаруашылық та, қалалар да кеңінен өркендеп дамыды. Олардың арасында жиі қайшылықтар болып тұрды. Хан көшпелі тайпа басшыларына үлкен аймақтарды, тіпті отырықшы аудандарды қалалармен қоса сұйырғал ретінде сыйлап отырды. Олар бұл жерлерден салық жинауға құқылы болды. Салықтың зекет, ұшыр, харадж, қалан, купшур, баж сияқты толып жатқан түрлері ханның, ұлыс басшыларының қазынасын толтырды. Ақ Орда ыдыраған соң Қазақстанның Орталық, Шығыс, Солтүстік бөлігін, Сібірдің үлкен аймағын Әбілхайыр хандығы (1428-1468 ж.ж.) алып жатты. Әбілхайыр Жошының Шайбан атты ұлынан тараған ұрпақ. Бұл хандықты тарихта көшпелі өзбек хандығы деп атап кеткен. Хандықтың шекарасы кеңіп Сырдарияның төменгі ағысына дейін жетті. Астанасы Сығанақ қаласы болды. Әбілхайыр хандығының саяси құрылысы Ақ Орда мен Моғолстанға ұқсас болды. Мұнда алғашқы кезеңде мықты қаруланған көп әскер болды. Хандық ішкі қайшылықтардан ыдырап кетті. Ақ Орда ыдыраған соң оның орнында пайда болған мемлекеттік құрылымның бірі Ноғай Ордасы болды. Ноғай Ордасының негізін салушы Алтын Орданы 15 жылдай билеген (1396-1411 ж.ж.) Едіге болып есептеледі. Едіге Алтын Орданы билегенімен хан деген атақты алмаған, Шыңғыс әулетінен хан ұстаған. XV ғасырдың ортасына қарай Едігенің ұлы Нұраддиннің (1426-1440 ж.ж.) кезінде Ноғай Ордасы дербес елге айналды. Ноғай Ордасы Батыс Қазақстан жерінің үлкен бөлігін, Еділ мен Жайық өзендерінің арасын алып жатты. Алғашында оны "маңғыт жұрты" деп атады. Ноғай Ордасының бірнеше ерекшеліктері болды. Мұнда Шыңғыс әулеті емес, Едіге әулеті биледі. Сондықтан болу керек Ноғай Ордасының басшысын хан емес би деп атады. Қоғамдық-саяси құрылыстың басқа жақтары мен шаруашылық тұрмысы басқа көрші мемлекеттерге ұқсас болды. Би мемлекет басшысы болды. Ол Едіге әулетінен шықгы. Биді Үлкен кеңес — Құрылтай сайлады. Үлкен кеңес — елдегі жоғарғы кеңеске Едіге әулетінің мырзалары, басқа да әскер басы, таңдаулы адамдар кірді. Би өз кезегінде көмекші орган Кіші кеңесті сайлады. Бидің жанында қарадуан деп аталатын басқару органы — шенеуніктік аппарат болды. Бұл орган сондай-ақ соттың рөлін де атқарды. Ұлыстарда жергілікті дуандар болды. Ордада басқарудың басқа да төменгі органдары болды. Ноғай Ордасы Астрахан хандығын Ресей басып алған соң (XVI ғасырдың ортасы) бірнеше бөліктерге бөлініп кетті. Оның Қазақстан жерінде тұратын тайпалары кіші жүздің құрамына кірді. 8 Тақырып: Қазақ хандығы кезеңіндегі саяси-құқықтық жағдай XV ғасырдың ортасында Қазақстан территориясында аса маңызды тарихи оқиға болды. Қазақ хандығы атты жаңа мемлекет пайда болды және осы мемлекеттің негізгі тұрғындары қазақ халқы этнос ретінде қалыптасты. Қазақ хандығы да қазақ халқы да шет жерден келіп қоныстанған жоқ Қазақ хандығы бұған дейін осы өңірде өмір сүрген ежелгі ғүн, үйсін, қаңлы мемлекеттерінен бастап Ақ Орда мен Әбілхайыр хандығына дейінгі мемлекеттердің заңды жалғасы ретінде дүниеге келді. Қазақ халқы да осы өңірде өмір сүрген ондаған рулар, тайпалар мен халықтардың "қазақ" деп аталатын этникалық топқа қайтадан топталуынан құрылды. Осы ұлан-байтақ жердің бүгінгі иегері қазақ халқы мен оның атымен аталған мемлекет Қазақ хандығы осылай тарих сахнасына шықты. Қазақ хандығының негізін салушылар Керей және Жәнібек хандар болды. 1456 жылы Керей мен Жәнібекке қараған 200 мыңдай адам Әбілхайыр хандығынан іргесін бөліп, Моғолстанға қарасты Шу мен Қозыбасы өңіріне орда тікті. Бір кезде қаһарлы болған Әбілхайыр ханның олардың жолын кесуге мұршасы болмады. 1468 жылы қазақтарды шабуға үлкен қолмен аттанған Әбілхайыр жорық үстінде қаза тапты. Оның хандығы ыдырады. Әбілхайыр хандығы құрамындағы халықтар мен қазақ хандығы құрамындағы халықтар бірыңғай болғандықтан ешқандай ұрыс- соғыссыз олар бірігіп кетті де бүкіл жерлер қазақ хандығына қарады. Халық бұдан былай қазақтар деген атаққа мәңгі иеленді. Әбілхайырдың хандығын қайта құруға талпынған оның немересі Мұхаммед Шейбани хан 30 жылдай қазақ хандығымен соғысып нәтиже шығара алмай Орта Азиядағы Бабыр ұрпақтарын ығыстырып өзбек хандығының негізін қалады. Оның соңынан ілескен көшпелі тайпалар өзбектер деп аталып соның негізінде өзбек халқы қалыптасты. Көпшелі өмір сүрген бауырлас бір халықтың қазақ және өзбек халқы болып, қазақ және өзбек мемлекеті болып екіге бөлінгені де оны ХV-ХVІ ғасырдың шегінде өтті. Қазақ хандығы өзінің дамуында екі кезеңді өткізді. Бірінші кезең XV ғасырдың ортасы — XVIII ғасырдың 20-жылдары немесе біртұтас қазақ хандығының кезеңі. Екінші кезең XVIII ғ-ң 20 ж.ж. 1864 жылға дейінгі қазақ хандықтарының және олардың жойылу кезеңі. Бірінші кезеңде қазақ хандығы мемлекет ретінде дүниеге келіп оның территориясы анықталды. Қазақ халқы қалыптасып, оның түрік дүниесі негізінде пайда болған өзіндік тілі, мәдениеті, өнері, ғылымы, әдебиеті, тұрмысы, шаруашылығы мен құқығы қалыптасты. Қазақхандығы өзінің кемеліне келіп, әлемге танылды. Екінші кезеңде біртұтас қазақ хандығы этникалық-территориялық негізде үшке Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүз деп аталатын формальды хандықтарға бөлінді. Тек Абылай хан кезінде (1771-1781 жылдары) біртұтастыққа қайта қол жетті. Бұл кезеңде қазақ хандықтары тәуелсіздігінен айырылып Ресей империясының отарына айналды. Қоғамдық-саяси құрылысы Қазақ қоғамы түрлі әлеуметтік топтармен таптардан феодалдар мен феодалға тәуелді шаруалардан тұрды. Патриархалдық құлдық өмір сүрді. Қазақ қоғамында артықшылықпен пайдаланатын үстем тап өкілдеріне хандар, сұлтандар, байлар, билер, батырлар, дін өкілдері, тархандар жатты. Феодалдарға тәуелді топтарға шаруалар, төлеңгіттер, құлдар, жатақтар жатты. Хан. Қазақ қоғамының жоғарғы мемлекет басшысы хан болды. Қазақ хандары Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарады. Ханның қолында әскери және азаматтық билік шоғырланды. Хан әскердің бас қолбасшысы болып есептелді. Бас қолбасшы ретінде әскер басыларын, түменбасы, мыңбасыларды тағайындады. Соғыс жариялау және бітім мәселелерін шешті. Соғыс жоспарларын тыңдап бекітті. Қазақ хандарының өздері тікелей соғыс жағдайында басшылық жасап, өздері де ерліктің ересен үлгілерін көрсетті. Мәселен Бұрындық хан (1480- 1510) мен Қасым хандар Мұмаммед Шайбанидің әскерімен соғыстарда өздері ерен ерліктер көрсетіп, батырлығымен және қолбасшылығымен ерекшеленген. Ақназар (1538-1580) және Тәуекел (1580-1598) хандар қазақ хаңдығының шекарасын кеңейтіп өмірінің кемшілігін ат үстінде өткізді. Жәңгір хан (1628-1660) Орбұлақ шайқасында 600 әскермен қалмақтың 80 мыңдай әскерін талқандады. Абылай (1771 -1781) және Кенесары (1837-1847) хандардың ерлік істері аңызға айналды. Хан жайылымдардың бағытын белгіледі. Көшпелі шаруашылықтың жалпы ұйымдастырылуын басқарды. Тәуке ханның тұсында барлық қазақ жүздерінің тайпалары мен руларының көшіп-қону бағыттары толық анықталды деп есептеледі. Рубасы сұлтандарды тағайындады. Билерді белгіледі. Ханның жанында рубасы сұлтандардан, беделді билер мен батьфлардан, ханның жәрдемші уәзірлерінен, танымал ақын-жырау, шешендерден тұратын кеңесші орган — хан кеңесі болды. Хан кеңестің айтқанын еске алып отырды. Хан жоғарғы заң шығарушы әрі сот билігін жүзеге асырды. Оның өзі аса күрделі де қиын істер жөнінде төрелік айтты. Төменгі билер сотында шағымдарды тыңдады. Хан жоғарғы сот билігі ретінде де жоғарғы мемлекет басшысы ретінде де, өлім жазасын жүзеге асыра алды. Мәселен сотсыз-ақ кінәлілерді өлім жазасына кесіп жіберген қазақ хандары аз болмаған. Мұндай жазаны іске асыру туралы Абылай хан мен Кенесары ханның тұсында мол деректер бар. Хан сондай-ақ ел ішіндегі салық саясатын белгілеп, алымдардың түрін бекітті. Ханның билігі оның жарлықтары арқылы жүзеге асып отырды. Хан жарлықтары ауызша түрде беріліп, рубасы-сұлтандар, билер арқылы жүзеге асып жатты. Қалыптасқан дәстүр бойынша қазақ хандары тек Шыңғыс хан ұрпақтарынан сайланып қойылды. Қазақтарда арнайы хан сайлау дәстүрі болды. Бұл дәстүрдің негізі ежелгі ғұндар мен түркі қағандығында қалыптасып, Шыңғыс хан империясында, соның ішінде Алтын Орда мен Ақ Ордада жалғасын тапқан болатын. Монархиялық басқарудағы басқа елдерде ел билігі әкеден балаға тікелей өтетін дәстүр берік сақталды. Қазақ ордасында билік алмасудың мүлде бөлек түрі қалыптасты. Қазақ қоғамында әрбір жаңа хан өзінің тумысымен емес, болмысымен билікке жеткен, яғни ханның ұлы емес, халықтың ұлы ретінде танылған ел ағаларының бірі көпшіліктің қалауы бойынша хан сайланған. 9 Тақырып: Қазақ қоғамының әдет-ғұрып құқығы Қазақтардың құқықтық жүйесін әдет-ғұрып құқығы құрайды. Бұл жүйені "адат" деп атады. Адат заңдастырылған әдет-ғұрып нормалары. Бұл нормалар қазақ қоғамының барлық жақтарын реттеп отырды. "Адат" араб тілінде әдет-ғұрып деген ұғымды білдіреді."Адат" өте ерте кезден басталып, көптеген өзгерістермен және толықтырулармен қазақ қоғамындағы негізгі реттеуші нормалар ретінде 1917 жылға дейін созылды. Дегенмен "адаттың" құқықтық институттары ғасырлар барысында үлкен өзгерістерге ұшырамады. Қазақтардың әдет-ғұрып құқығы мынадай ерекше белгілермен сипатталады: 1. Рулық, патриархалдық әдет-ғұрыптардың ұзақ сақталуынан көрінетін консерватизмі. Мұндай ерекшеліктердің сақталуы заңды нәрсе. Ру қазақ қоғамының негізі болды. Ал рудың негізі патриархалдық отбасы болды. Қазақ отбасының басшысы немесе отағасы отбасындағы шешуіш фигура болды. Бұл ерекшеліктердің бәрі де көшпелі экономикалық қатынастардың бейнелері болып табылады. 2. Қазақ әдет-ғұрып құқығы барымта, қанға-қан, жанға-жан, әменгерлік, өз бетімен сот ұйымдастыру сияқты өтпелі институттардың сақталуын қамтамасыз етті. Бұл институттар қазақ қоғамында және оның құқықтық жүйесінде ерекше орын алды. Қоғамдық пікір бұл институттарды айыптамады. 3. Әдет-ғұрып құқығы бойынша қылмыстық істер мен азаматтық істердің арасындағы айырмашылықтарға ерекше мән бере берілмеді. 4. Жерге жеке меншік құқының болмауы; қоғам мүшелерінің құқықтық жағынан теңдігі қазақ аристократиясының (сұлтандар, билер, қожалар) артықшылығымен ұштастырылды. Қазақ ақсүйектерінің, әсіресе сұлтандар мен қожалардың артықшылығы ресми заңдастырылды. Ал ел билеу ісі тек сұлтандардың үлесі ретінде рәсімделді. Мұндай тәртіпті қоғамдық пікір де мойындады. 5. Жазаның түрлері салыстырмалы түрде гуманистік сипатта болды. Құқықтық жүйе мен оның нормалары демократиялық және компромистік сипатта болды. Әдет-ғұрып құқығының партикулярлық сипаты. Әдет-ғұрып нормаларындағы басты нәрсе — ол нормалардың өздерінен гөрі олардың ішкі мәні еді, олардың негізінде жатқан принциптері еді. Ең басты нәрсе сол принциптердің өз мәнін, мазмұнын жоймай іске асуы болатын. Айталық, қылмыс пен жаза саласында — қанды кек не құн төлеу қағидасы, неке саласында — жеті атаға дейін қыз алыспау қағидасы, сот саласында әділдік, жариялылық, шешендік қағидалары. Әдет-ғұрып құқығы құқықтық әдеттер жинағы ғана емес, ол қағида, көзқарас, ой түсінік жүйесі де болып табылады. Әрине, әдет-ғұрып нормаларының белгілі бір бөлігі мемлекет тарапынан қолдау тапты. Мемлекет оларға баса көңіл бөліп, өз мақсат-мүддесі тұрғысынан әсер етуге, өз қызметіне жаратуға әрекет жасады (жинастырды, жүйеледі, өз атынан жариялады). Бірақ әдет-ғұрып нормалары оның ішінде Ереже жарғылары да, одан мемлекет заңына айналған жоқ өзіндік өмір сүру мәнін жоғалтқан жоқ. Қоғамдық тәртіп, демек, әдет-ғұрып нормаларын сақтап орындау да көшпелілердің "автономиялығына", дербестігіне, өздерін өздері басқаруға негізделген еді. Қазақтың әдет-ғұрып құқығының бастаулары Қазақтың әдет-ғұрып құқығы мынадай бастаулар негізінде қалыптасты: а) әдет-ғұрыптар — адат; б) билер сотының практикасы (сот-прецеденті); в) билер съездерінің ережелері; г) шариғат нормалары. Ауызша әдет-ғұрыптар ең көне заманнан, рулық қауымның қалыптасуынан бастау алады. Таптық қатынастардың күшейіп, әлеуметтік жіктелудің артуына орай ауызша әдет-ғұрыптар құқықтың сипат алып билеуші топтардың мүддесіне қызмет ете бастады. Құқықтың бұл түрі қазақ қоғамының талаптары мен ерекшеліктеріне сай келді. Көшпелі қоғам жағдайында ұзақ уақыт сақталып қалған рулық қатынастар, патриархалдық отбасы, көшпелі мал шаруашылығы т.б. қатынастарды реттеудің бірден-бір тиімді жолы әдет-ғұрып құқығы болып табылды. Қазақ хандары әдет-ғұрып құқығының нормаларын жүйелеп жетілдіріп, қоғамның талаптарына орай өзгерістерге ұшыратып, оларға ресми сипат беріп отырды. Қасым ханның (1510-1523) кезіндегі «Қасым ханның қасқа жолы», Есім ханның кезіндегі (1598-1628) "Есімханның ескі жолы", Тәуке ханның кезіндегі (1680-1718) "Жеті жарғы" атты заңдар жинағы белгілі. Әдет-ғұрып заңдарын алғашқы жүйелеуші Қасым хан болды, Оның заңдары бес бөлімнен тұрды. Бірінші бөлім — мүліктік және жер қатынастарын реттеуші нормалардан тұрды. Екінші бөлім — қылмыс пен жазаға қатысты құқық нормаларын жинақтады. Үшінші бөлім — әскери міндеттілік және оны орындау, сондай-ақ әскери тәртіпті бұзғандағы жазаларға байланысты құқықтық нормаларды қарастырды. Төртінші бөлім — елшілік жораларға қатысты, елшілерді тағайындау және қабылдау тәртібі, шет ел өкілдерімен келіссөздер жүргізу, дипломатиялық этикет мәселелері туралы нормалардан тұрды. Бесінші бөлім — қайтыс болғандарды жерлеу, еске алу, мерекелер өткізу т.б. рәсімдерге арналды. Қасым ханнан соң шамамен жүз жылдан кейін әдет-ғұрып құқықтары Есім ханның тұсында қайта жүйеленді. Қалмақтармен соғыстардың күшеюіне байланысты Есім хан әскери міндеткерлікті күшейтіп, әскери тәртіпті бұзғаны үшін жазаларды қатайтты. Есім хан негізінен бұрынғы Қасым хан тұсындағы құқықтық ережелерді қайталады. Сондықтан оны ескі жолды жалғастырушы ретінде "Есім ханның ескі жолы" деп атап кетті. Тәуке хан Есім ханнан соң шамамен 80-90 жылдан соң дала заңдарына өзгерістер мен толықтырулар ендіріп оны "Жеті жарғы" деген атаумен қайта қабылдатты. Тәуке хан әдет-ғұрып заңдарын қайта жүйелеуге көп еңбек сіңірді. Аты аңызға айналған Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің басшылығымен қазақтың белгілі би, шешен, білгірлері бірнеше рет жиналып "Жеті жарғының" нормаларын талқылаған "Күлтөбенің басында күнде жиын" деген сөз сол кезден қалған. Ақырында жан-жақты сұрыпталған "Жеті жарғы" заңдар жинағы дүниеге келген. "Жеті жарғының" алғашында қағазға түскен нұсқасы да бар болуы мүмкін деген жорамалдар бар."Жеті жарғының" бізге жеткен қазіргі нұсқаларының бір-бірінен өзгешеліктері бар. 10 тақырып: Қазақсатанның Ресейге қосылу барысындағы саяси-құқықтық жағдай XVIII ғасырдың 20-30-жылдарында қазақ халқының тағдырында аса күрделі бетбұрыс оқиғалар болды. Біртұтас Қазақ хандығы Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз атты қазақ хандықтарына бөлінді. Бытыраңқы мемлекетке жоңғарлар шапқыншылық жасап, халық "Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама" атты қасіретке ұрынды. Осы соғыста қазақ халқының жарымына жуығы қырылды. Билердің біріктірушілік рөлінің арқасында қазақтар ірі жетістіктерге жеткенімен оның түбі баянды болмады. Хан, сұлтандардың бір тобы бытыраңқылық факторына айналды. Кіші жүздің ханы Әбілхайыр Ресей патшасының қол астына кірудің бастаушысы болды. Тәуелсіздіктен айырылып, бодандыққа кірудің басы болған бұл оқиға 1731 жылдан басталып, 1864 жылы аяқталды. 1,5 ғасырға созылған осы кезеңде Қазақстан біртіндеп отарға айналды. Қазақ хандықтары біртіндеп тарихи сахнадан кетті. Бұл кезең қазақтардың тәуелсіздікті қайтарып алу жолындағы азаттық қозғалысына толы жылдар болды. Тек Абылай хан мен Кенесары хан ғана аз ғана уақыт қазақ хандығының тәуелсіздігін қалпына келтірді. Осы кезеңде қазақ мемлекетінің — хандықтың қалай жойылып, оның әдет-ғұрып құқығының да Ресей заңдарының ықпалымен өзгерістерге ұшырағанын көреміз. Қазақ хандықтарының Ресейге қосылуының саяси-құқықтық мәселелері Кіші жүздің ханы Әбілхайыр 1726 жылы Ордабасыдағы бүкіл қазақтық жиында қазақ әскерлерінің бас қолбасшысы болып сайланды. Бірақ ол барлық қазақтардың ханы болғысы келді. 1729 жылғы қазақтар шешуші жеңіске жеткен соң да, сол жылғы Орта жүздің ханы Болат қайтыс болған соң да бүкіл қазақтың ханы бола алмады. Әбілхайыр хан енді Ресейге арқа сүйеп, өз позициясын нығайтпақ болды. Осылай Әбілхайыр хан Ресей патшасы Анна Ионовнаға Ресейдің қол астына алу туралы жасырын хат жазды. Жоңғарлардың үздіксіз шабуылдары да Әбілхайырдың әрекетіне түрткі болды. 1731 жылы 19 ақпанда патша Анна Ионовна Кіші жүздің Ресейдің қол астына кіргені туралы грамотаға қол қойды. Онан соң қазақ даласына А.И.Тевкелев бастаған патшаның елшілігі шығып 1732 жылы 10 қазанда Әбілхайыр хан және 27 рубасы сұлтан, батырлар Кіші жүздің Ресейге қосылуы туралы юридикалық актіге қол қойып, ант берді. Осы жылы 21 қарашада тағы да 30 рубасы ант берді. Патша өкіметі алғашқы кезде қазақтардың ант түріндегі уәдесін алуға ерекше мән берді. 1731 жылы Орта жүздің ханы Сәмеке де Орта жүз атынан Ресейге қосылғысы келетінін білдіріп ант берді. Қазақтардың бір бөлігі бірден-ақ Ресейге қосылуға қарсы болды. А.Тевкелевтің елшілігі келгенде Әбілхайырдың өтірігі шығып, қазақтардың қарсы тобы дау көтеріп хан мен Тевкелевті уақытша үй тұтқынына алады, тіпті Тевкелевті өлтірмек те болады. Оның қасындағы бірнеше башқұрт старшындары өлтірілді. Қазақстанның Ресейге қосылуы бірден-ақ осындай қайшылықта болды. Сұлтан батыр бастаған билер мен қазақтардың тобы Ресейге бағынуға қарсы курес те жүргізді. Қазақтардың бұл тобына қалмақтар дем берді. Қазақстанның Ресейге қосылуы ғылыми-тарихи әдебиетте де әртүрлі бағаланды. 1943 жылғы "История Казахской ССР" атты еңбекте "Қазақтардың Ресей қол астына өтуі қазақ атқамінерлерінің бір тобының патша үкіметімен ауыз жаласуының қорытындысы болды. Қол астына кіру халық бұқарасының еркінен тыс қабылданды", - деп жазылды. Соғыстан кейінгі тарихи әдебиеттерде идеологиялық қысымның нәтижесінде Ресейдің қол астына кіру тек ерікті негізде болды әрі аса маңызды тарихи оқиға болды деп дәріптелді. 1740 жылы Орынборда Кіші жүз бен Орта жүздің 399 өкілі Россияға қарайтындығы туралы шарттық міндеттемелер қабылдады. Олардың ішінде Орта жүздің ханы Әбілмәмбет пен Абылай сұлтан да болды. Қосылудың алғашқы жылдарында Кіші жүз бен Орта жүз Ресеймен протекторлық қарым-қатынаста болды. Бұл қарым-қатынас бойынша Қазақстан сыртқы саясаттан өзге мәселеде егемендігін сақтауы тиіс болды. Ресей қол астындағы елдің ішкі саясатына араласпауы қажет болды. Шынында Ресей қазақтардың ішкі ісіне бірден-ақ араласа бастады. Сыртқы саясатта соғысып жатқан қазақтарға әскер және қару-жарақ жағынан жәрдем бермеді. Жоңғарларға қазақтар өзінің қол астында деген мәлімдемеден ары аспады. Қазақтардың ішкі өмірде өзін-өзі басқаруы да бұзыла берді. Қазақтың жерлеріне айналдыра әскери қамалдар орнатылып, оларға әскер әкеліп қойылды. Қазақтар Ресейдің келісімінсіз хан сайлай алмады. Қазақ хандары балаларын аманатқа беруі тиіс болды. Жайылымдар тартып алынып қазақтар ішкі жаққа ығыстырыла түсті. Осылай қазақтардың Ресейдің қол астына кіруі протекторлық қатынастардың шеңберінен асып, Ресей тарапынан таза отырықшылық сипат алды. Қазақстанның XVIII ғасырының 30-40-жылдарғы Ресеймен қатынасын вассалдық тәуелді қатынастар деп те бағалауға болады. Қазақ басшылары үнемі өздерінің Ресейге тәуелділігі туралы ант берумен болды. Құқықтық жағынан қазақ хандықтарының вассалдық тәуелділіктері хан институтын жойғанға дейін созылды. Үш жүздің Ресейге юридикалық қосылуынан (1731) XIX ғасырдың 60- жылдарындағы нақты қосылуға дейін немесе Кіші жүздің қосылуының басталуынан Орта жүздің (1740) және Ұлы жүздің қосылуының аяқталуына дейін Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастарды Ресейдің Қазақстанға вассалдық элементтері араласқан протекторлығы деп анықтауға болады. Себебі осы аралықта Ресейге келген қазақ жүздерінің өкілдері елшілер және елшіліктер деп басқа шетелдердің ресми өкілдері ретінде аталды. Бұл кезеңде Қазақстан әлі де халықаралық құқықтың субъектілік құқығын толық жойған жоқ. Осындай жағдай Ресей мен Қазақстан арасындағы қатынасты протекторлық- вассалдық деп анықтауға мүмкіндік береді. Протекторлық қарым-қатынас жағдайында тәуелді мемлекет өзінің халықаралық қатынастарын анықтауда өзі протекторы болған мемлекетке бағынышты болады, ішкі мәселелерін өзі шешеді. Вассалдық қарым-қатынас жағдайында тәуелді мемлекет халықаралық құқық субъектісі болудан қалады және өзі бағынышты болған мемлекетке алым төлеу; аманат беру, вассал болған елдің басшысын жоғары тұрған мемлекеттің тағайындауынша көнуге мәжбүр болады. Қазақстан мен Ресей арасында протекторлықта, вассалдық та қарым- қатынастардың болғандығына фактілер өте мол. Сондай-ақ Ресей тарапынан протекторлық-вассалдық қатынас отаршылық саясатпен ұштасып жатты. Патша үкіметі бірден-ақ қазақтың жерлерін отарлауға кірісті. XVIII ғасырды 50-жылдар ішінде Каспий теңізінен бастап Ертіске дейін ондаған қамалдардан тұратын әскери бекіністер салды. Ол жерлерде Жайық, Орынбор және Сібір қазақ әскерлерін құрды. Жайық, Тобыл, Елек, Есіл, Ертіс өзендерінің бойындағы жақсы жайылымдарды қазақ әскерлері тартып алды. Қазақтардың малы ол жерлерге жайылуға рұқсат етілмейтіндігі туралы 1756 жылы патша рескрипті, 1755 жылы сыртқы істер коллегиясының жарлығы шықты. Екінші жағынан Патша үкіметі қазақтардың беделді хан, сұлтан, билерін сыйлық, шен, пара беріп сатып алып өзіне қызмет өткізді. Қазақ халқы патша өкіметінің отаршылдығына қарсы көптеген көтерілістер жасады. Солардың алғашқысы Сырым Датұлы бастаған 14 жылға (1783-1797) созылған көтеріліс болды. Патша үкіметі бұл көтерілісті жаншып отаршылдықты тереңдетіп Кіші жүзде хандық билікті жоюға әрекет етті. "Игельстром реформасы" деген атпен енген Орынбор генерал-губернаторы Игельстромның әрекеті Сырым Датұлы бастаған көтерілісті өз мақсаты тұрғысында пайдалану еді. Нұралы хан Кіші жүзден қашқан соң Игельстром хан сайлауға рұқсат етпеді. Сырым бастаған старшын, би, батырлардың съезін шақырды. Олар Игелъстромды қолдады. Бірақ бұл шара сұлтандардың қатты наразылығын тудырды. Кіші жүзді тайпалық құрамына қарай үшке бөлу ұсынылды. Әр бөлікті басқару үшін расправолар құру көзделді. Расправолар Орынбордағы 1786 жылы құрылған шекаралық сотқа бағынуы тиіс болды. Реформа бойынша билік рубасы старшындарға өтті. Бірақ расправолар да, шекаралық сот та қалыпты жұмыс істей алмады. Оған себеп ықпалы мықты сұлтандық топтың әсері болды. 11 Тақырып: XX ғасырдың басындағы Қазақстандағы саяси жағдай Қазақтар XX ғасырға Ресейдің боданы ретінде, бүкіл саяси және экономикалық құқықтан жұрдай күйінде аяқ басты, отаршылдық органдардың билігі шектен тыс күшейе түсті. Қазақстанда өнеркәсіптік игеру жалғасты. Орыс және шет ел капиталы көптеп келе бастады. Қарағанды, Зырян, Екібастұз сияқты ірі өнеркәсіп -орындары шет елдерге берілді. Жалдамалы, бірақ ешқандай құқықсыз қазақ жұмысшы тобы қалыптаса бастады. 1913 жылы өнеркәсіп орындарында 20 мыңдай жұмысшы болды. Темір жолдар салынып, олардың ұзындығы 1917 жылы 2793 верстке жетті. Қарашекпенді орыс қоныс аударушыларының саны, олар құрған шаруашылықтар мен поселкелер көбейе түсті. Қазақтың жерін зорлап тартып алу жалғасты. Патша өкіметі қазақ даласына бірнеше ғылыми экспедиция жіберіп, жер жағдайын терең зерттеді. Қай жерге қандай обьектіні орналастыру ғылыми жағынан негізделді. Қазақтардың барлығы 47 млн. десятинадан астам ең шұрайлы жерлері тартып алынды. Қазақтардың сандық көрсеткіші кеміді, келімсектер өсті. 1911 жылы Қазақстанда барлығы 5 млн. 408 мың халық болса, соның 67,2% қазақтар немесе 3 млн. 639 мың адам, орыспен украиндар 28,5% немесе 1 млн. 543 мың адамды құрды. Қазақтар өз Отанынан шет елдерге қашуға мәжбүр болды. Қалалар өсіп, оларда өнеркәсіп пен сауда, мәдениет дамыды. XX ғасырдың басында 1905-1907 жылдары бірінші орыс революциясы, Столыпиндық реформа, бірінші дүние жүзілік соғыс (1914-1918), 1916 жылғы аса аумақгы ұлтазаттық көтеріліс сияқты оқиғалар болып өтті. Осы оқиғалар Қазақстандағы саяси-құқықтық жағдайға ерекше әсер етті. Патша өкіметінің отаршылық жүйесінің репрессиялық сипаты артты. Бірінші орыс революциясы, Столыпин реакциясы, әсіресе 1916 жылғы көтерілісшілерді жазалауда жүз мыңдаған қазақтар қуғын-сүргінге түсті. Тек Жетісу облысында 300 мыңнан аса қазақтар Қытайға қашты. Жүздеген ауылдар жоқ етілді. Мыңдаған адамдар қырылды. Бірінші орыс революциясының ықпалымен Патша өкіметі Мемлекеттік дума ашып, оған сайлау өткізді. Барлығы 4 мемлекеттік дума қызмет етті. Мемлекеттік думаға Ә.Бөкейханов, Ш.Қожағұлұлы, Б.Қаратаев сияқты қазақ өкілдері сайланып, оның трибунасын қазақтардың құқығын қорғауға пайдаланды. Ұлт болашағы үшін күресуші ұлттық интеллигенция қалыптаса бастады. Оның басында күресуші ғалым-ағартушылар А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов т.б. қайраткерлер тұрды. Қазақбаспасөзі: "Айқап" журналы (1911-1915), "Қазақ" газеті (1913-1918) қалыптасып, отаршылыққа қарсы күрестің орталығына айналды. М.Дулатов "Оян, қазақ" деп ұран тастады. Патша өкіметі шешілмейтін түрлі қайшылықтардың топтасқан жері болды. 1917 жылы ақпанда соғыс барысында әбден күйзелген, революциялық толқулар мен ұлт- азаттық көтерілістері қамтыған жағдайда патша өкіметі құлады. Елде Уақытша Үкімет орнады. Қайшылықтарды шеше алмаған бұл үкімет те ұзамай тарих сахнасынан кетті. Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің саяси-құқықтық шаралары Патша өкіметі құлаған соң қазақтың тәуелсіздік жолындағы күресуші қайраткерлері "Алаш" партиясының төңірегінде топтасты. 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынборда жалпы қазақ сьезінде ұлттық демократиялық саяси "Алаш" партиясы құрылды. Партияның бағдарламасын жасау жөнінде қаулы қабылданды. Ұзамай партияның Семей, Омбы, Торғай, Орал облыстық комитеттері құрылды. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Е.Ғұмаров т.б. бір топ қайраткерлердің атынан 1917 жылы "Қазақ" газетінің 21 қарашадағы санында "Алаш" партиясы бағдарламасының жобасы жарияланды. 1917 жылы 5 желтоқсанда Орынборда жалпы қазақ-қырғыз сьезі ашылды. Оған барлық қазақ облыстарынан, Алтай губерниясы мен Самарқан облысы қазақтарынан және Жетісу облысы қырғыздарынан бәрі 82 өкіл қатысты. Сьездің құн тәртібінде 10 мәселе қойылды. Соның алтауы таза мемлекеттік-құқықтық мәселелер болды. Олар 1. Сібір Түркістан автономиясы һәм юго-восточный союз туралы. 2. Қазақ-қырғыз автономиясы. 3. Милиция. 4. Ұлт Кеңесі. 8. Народный сот. 9. Аулное управление. Сьездің басты мәселесі ұлттық автономия түріндегі мемлекеттікке қол жеткізу болды. Сьезд қаулысыңда: I. Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей , Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқанд облыстарындағы һәм Әмудария бөліміндегі қазақ уездері. Закаспий облысындағы һәм Алтай губерниясындағы іргелес болыстардың жері бірыңғай, іргелі халқы қазақ-қырғыз, қаны, тұрмысы, тілі бір болғандықтан өз алдына ұлттық-жерлі автономия құруға. II. Қазақ-қырғыз автономиясы "Алаш" деп аталсын. Осылай жаңа "Алаш" автономиясы құрылды. Бұл автономиялы мемлекеттің құрылуы болды. "Алаш" автономиясы партия бағдарламасында көрсетілгендей "қазақ жүрген облыстардың бәрі бір байланып, өз тізгіні өзінде болып, Россия республикасының бір ағзасы болуы. Реті келсе, қазақ автономиясы сыбайлас жұрттармен әзірге бірлесе болуы, реті келмесе бірден-ақ жеке болу" сипатында болды. Ресейдің құрамынан шығып кететіндей тарихи мүмкіндіктің жоқ екенін "Алаш" көсемдері жақсы түсінді. Жоспардағыдай етене жақын қырғыз халқымен бір автономия ретінде құрылды. Сьезде "Алаш" автономиясының орталық атқарушы-өкімші органы Ұлт Кеңесі — Алашорда үкіметі құрылды. Үкіметте барлығы 25 орын белгілеңді. Соның 15-і сьезде сайланды. 10 орыс басқа ұлт өкілдеріне қалдырылды. Мұның өзі "Алаш" автономиясында ұлт мәселесінде дұрыс та сындарлы бағыт болғандығын көрсетеді. "Алашорда" — Ұлт Кеңесі үкіметінің төрағасы болып Ә.Бөкейханов сайланды. Бұл орган автономияның орталық билігі болып табылды. Алашорда үкіметі мен Кеңес үкіметі арасындағы қатынас бірден-ақ күрделі болды. Кеңес үкіметі ұлттарға кеңестік түрдегі автономия беруді жоспарлады. Кеңестік автономия пролетарлық интернационализм типіндегі жұмысшы табы мен шаруалардың диктатурасына сүйенген билік болуы қажет болды. Ал "Алаш" автономиясы мұндай принципке қарсы болды. Алаштың идеалы ұлттық- демократиялық билік болды. Кеңес өкіметі Алаш үкіметін байлардың, қанаушылардың, капиталистердің мүддесін көздеуші билік деп бағалады. Дегенмен азамат соғысы жағдайында өмір сүріп жатқан Кеңес өкіметі Алаш басшыларымен келіссөздер жасауға мәжбүр болды. 12 Тақырып: Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы. 1917 жылы 25 қарашада Петроградта большевиктер партиясы басқарған қарулы көтеріліс жеңіске жетті. Уақытша үкімет құлады. Мемлекеттік билік кеңестердің қолына өтті. Кеңес өкіметі жұмысшылар мен шаруалардың диктатурасы болды. Бұл өкіметтің өзегін большевиктер партиясы құрды. Кеңес өкіметі жаңа қоғам — социалистік жүйесі социалистік мемлекет пен социалистік құқықты құруға бет алды. Социалистік мемлекет пен құқықты қалыптастырудағы большевиктердің көсемі В.И.Ленин өзінің көптеген еңбектерінде жан-жақты талдап жасады. 1917 жылы 25-26 қарашадағы бүкілресейлік кеңестердің II сьезі жаңа өкімет органдарын құрды. Халық Комиссарлары Кеңесінің Халкомкеңес төрағасы болып В.И.Ленин сайланды. Бүкілресейлік Орталық Атқару комитетінің (БОАК) төрағасы алғашқы кезде Я.Свердлов, 1919 жылдан М. И. Калинин болды. Салаларды басқару үшін Халық комиссариаттары құрылып, оларды Халық комиссарлары басқарды. 1917 жылдың соңы мен 1918 жылдың басында Қазақстанның барлық облыстарында Кеңес өкіметі жеңіп, билікті қолға алды. Ұзамай 1918 жылдың көктемінің соңына қарай Ресейде азамат соғысы басталды. Билікті қолдан жібергісі келмеген бұрынғы капиталистер, помещиктер, патша әскерлерінің басшылары, шет ел интервенттерімен бірігіп Кеңес өкіметін құлату үшін үлкен соғыс бастады. Азамат соғысы Қазақстанды да түгелге жуық қамтыды. Көпшілік облыстарда Кеңес өкіметі құлап, билік ақ гвардияшылардың қолына қайта өтті. Тек орталығы Ташкент болған Түркістан республикасының орталық бөліктері құламай тұрып қалды. Қазақстанда Ақгөбе, Жетісу, Орал сияқты ірі майдандар құрылды. Өте кескілескен жағдайда жүрген азамат соғысы Қазақстанда бірден жаңа кеңес билігінің орталықтанған органдарының құруға мүмкіндік бермеді. Аз уақыт билікті өз қолына алған Алашорда үкіметі де 1918 жылдың күзінде тарады. Қазақстаңда облыстар мен уездерде құрылған жұмысшылар, шаруалар және солдаттар Кеңестері жаңа биліктің алғашқы өкілдері болды. Азамат соғысы жылдарында Кеңестер мен контрреволюциялық күштердің бірін-бірі ауыстырып тұрған кезеңдері аз болмады. Қазақстанда бір орталықтанған Кеңестік биліктің орнауы Қазақ революциялық Комитетінің (Казревкомның) құрылуымен байланысты. 1919 жылы 10 шілдеде РКФСР Халкомкеңесінің декретімен қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет құрылды. Казревком Қазақ автономиясын құрғанға дейінгі қолына барлық жоғары әскери және азаматтық билікті шоғырландырған орган болды. Казревком өлкедегі үкіметтің функцияларын атқарды. Оның төрағасы С.Пестковский, мүшелері: Ә.Жанкелдин, Б.Қаратаев, М.Тұнғаншин, С.Меңдешев, А.Байтұрсынов, Б.Қаралдин т.б. Алашорда тараған соң оның кейбір мүшелері Кеңес өкіметінің жұмысына тартылып Казревкомның құрамына өтті. Казревкомның салалар бойынша бөлімдері болды. Кейін бұл бөлімдер халық комиссариаттарьш күруға негіз болды. Казревком құрамында мынадай бөлімдер қызмет істеді: халық ағарту, жұмысшы-шаруа инспекциясы, ішкі істер, қаржы, почта, юстиция, әлеуметтік қорғау, жер бөлімі, әскери іс жөніндегі комиссариат, еңбек міндеткерлігі туралы комитет. Бұл бөлімдер Казревкомның өлкедегі жоғары билік ретіндегі қызметін қамтамасыз етті. Казревкомның міндеттері: өлкедегі кеңес қызметін ұйымдастыру, Кеңестік Ресейдің билік органдарының шешімдерін жүзеге асыру; экономика мен мәдениетті көтеру шаралары; Қазақ автономиясын құруға дайындық жүргізу; РКФСР мен Түркістан АКСР—мен байланыс т.б. Азамат соғысы жағдайында бұндай күрделі де қиын міндеттерді жүзеге асыру оңай болмады. Казревкомның міндеттерінің бірі жергілікті кеңестерді ұйымдастыру және оларға басшылық ету болды. Ол үшін жаңа сайлау жүйесі жасалып кеңестерге қанаушы таптардың және конрреволюцияның өкілдерін жібермеуге күш салынды. РКФСР-дің 1918 жылғы Конституциясының 65-бабы бойынша мұндай элементтер сайлау құқығынан айрылған болатын. Әрі олар кеңестердің бүкіл қазақстандық Құрылтай сьезіне жіберілмеді. 1920 жылға дейін өлкеде бірыңғай партия ұйымы да болмады. РК(б)П Орталық Комитеті 1920 жылы 30 сәуірде РК(б)П-нің қазақ облыстық бюросын құрды. Өлкедегі бүкіл партиялық ұйымдастыру, насихат жұмысы осы органның қолына жинақталды. РК(б)П-ның Қазақ облыстық бюросының құрамына С.Пестковский, Ә.Жанкелдин, А.Әйтиев, С.Арғыншиев, М.Мұрзағалиев және А.Әлібеков кірді. Казревком мен Қазоблбюро Қазақстан Кеңестерінің Құрылтай сьезін шақырудың нұсқауын жасады. Бұл нұсқауда бұрынғы қанаушы болған топтарға сайлау құқығы берілмеді. Жұмысшылар үшін шаруаларға қарағанда үлкен артықшылықтар берілді. Ревкомдардың мынадай вертикалды құрылымы болды: Казревком, облревком және уездревком. Ревкомдардың жұмысы бір адамның басшылығына негізделді. Мұндай жеке басшылық азамат соғысының төтенше жағдайынан туындады. Ревком төрағаларының қолына мол және төтенше билік жинақталды. Ревкомдардың қаулылары мен бұйрықтары міндетті нормативтік актілер ретінде мүлтіксіз орындалуға жатты. Ревкомдардың актілері арқылы халықтың міндеттері мен құқықтары белгіленіп, олардың басқа әскери және азаматтық ұйымдарға қатысы анықталды. Ревком жұмыстарының бір ерекшелігі уездік ревкомдардың бөлімдері мен бөлімшелері (подотделдер) облыстық ревкомдардың осындай бөлімдеріне тікелей есепті, сондай-ақ Казревкомның директивалары мен нұсқауларына бағынышты болды. Ревкомдар Қызыл Армияның бөлімдерін құру, революция жауларына күрес, қатаң революциялық тәртіп пен революциялық заңдылықты орнату, азық—түлік саясатын жүргізу, аштық пен қирауға қарсы күрес, бұқараны Кеңестер жұмысына тарту сияқты толып жатқан жұмыстармен айналысты. 13 тақырып: Қазақстандағы Кеңестік мемлекет пен құқық 1946-1980 жылдарда Соғыстан кейін-мемлекеттік құрылыс пен мемлекетті басқару бейбіт жағдайға қайта бейімделді. 1946 жылы 28 наурызда ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен ҚазКСР-дің Халық Комиссарлар Кеңесі, ҚазКСР-нің Министрлер Кеңесі, ҚазКСР-нің Халық комиссариаттары ҚазКСР-нің министрліктері болып өзгерді. Кейбір министрліктердің саны 7 болды. Жаңадан өнеркәсіп және құрылыс материалдары министрлігі құрылды. Министрліктердің өкілеттіктері артты. 1946 жылы ҚазКСР Ғылым Академиясы құрылды. 50-жылдары жергілікті кеңестердің, олардың атқару комитеттерінің қызметтері кеңейтілді. Олардың тұрғын үй салу, көгалдандыру, өнеркәсіп пен құрылыс саласындағы жоспарлау және бақылау және басшылық ету құқықтары артты. 1957 жылы Кеңес Одағы коммунистік партиясының (КОКП) "Еңбекшілер депутаттар кеңестерінің қызметін жақсарту және олардың бұқарамен байланысын күшейту туралы" қаулысы шықты. Қаулы кеңестердің рөлінің онан әрі артуына негіз қалады. 1956 жылғы КОКП-ның XX сьезі Кеңес Одағының өміріндегі үлкен бетбұрыс кезең болды. Сталинның жеке басына табыну, социалистік заңдылықты аяққа басу, саяси қуғын-сүргін айыпталды. 30-50-жылдары жазықсыз атылған, қамалған азаматтардың үлкен тобы қайта ақталды. 50-жылдары одақтас республикалардың құқықтары артып, егемендігі біршама кеңейді. Кеңес Одағында И.Сталиннің басшылығы тұсында мемлекеттік билік шамадан тыс орталықтандырылды. Осыны жою үшін КОКП ОК мен Кеңес үкіметі республикалардың шаруашылық, саяси, мәдени, әлеуметтік саладағы құқықтарын кеңейтті. Тың игеру кезінде жүздеген ірі совхоздар құрылып олар одақтық органдардың басшылығында болды. 1956 жылы барлық совхоздар республикалық басшылыққа берілді. Оларды қаржыландыру да республикаға өтті. ҚазКСР Үкіметінің совхоздарды қайта құру, жою, жер бөлу, тағы басқа ауыл шаруашылығына қатысты құқықтары кеңейді. Кәсіпорыңдар мен ведомстволар бойынша өндіріс көлемі мен қаржыны жоспарлау республика үкіметіне берілді. Республикалық бюджетке қаржы бөлу проценті ұлғайтылды. Республика бюджеті 1953-1960 ж.ж. жеті еседен артық ұлғайды. Жоғары оқу, орта арнаулы және жалпы білім беру мәселелері толықтай республика көлемінде шешілетін болды. 1954-1956 ж.ж. Одақтық басқарудағы 144 ірі кәсіпорындар мен транспорт мекемелері республика басшылығына өтті. Одақтас республикалардың заң шығару құқығы кеңейтілді. 1957 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясы "Одақтас республикалардың қарауына одақтас республикалардың сот құрылысы, азаматтық, қылмыстық және процессуалдық кодекстерін қабылдауды беру туралы" Заңы шықты. Бұл республикалардың егемендігін нығайтудағы үлкен қадам болды. Осының негізінде ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің сессиясы көптеген жаңа заңдар мен кодекстерді қабылдады. Республикалар Одақтық мәселелерді шешуге көбірек қатысатын болды. КСРО Жоғарғы Кеңесінің Ұлттар Кеңесінің жанынан әр одақтас республиканың өкілдері кірген экономикалық комиссия құрылды. Республика Жоғарғы Кеңесінің депутаттарының саны 400-ден—450-ге дейін өсті. Оның тұрақты комиссияларының саны 3-тен 8-ге көтерілді. Жергілікті кеңестердің депутаттарының саны да артты. 1958 жылы ҚазКСР Ғылым академиясының философия және құқық институты құрылды. Құқық саласындағы зерттеулерге жағдай жасалды. 60-жылдардың ортасында халық шаруашылығын басқаруда өзгерістер болды. Бұл оқиғалар Кеңес Одағының партия мен мемлекет басшысы Н.С.Хрущевтің орнынан түсіп, билікке Л.И.Брежневтің келуімен байланысты. Өнеркәсіпті басқарудың территориялық, әкімшілік әдісі айыпталды. КОКП ОК-нің қыркүйек пленумы (1965 ж.) өнеркәсілті басқару ісін салалық принцип бойынша ұйымдастыру және өнеркәсіп салалары бойынша одақтық-республикалық министрліктер құруды жақтады. Осыған орай 1965жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі сессиясы өнеркәсіпті басқару органдарының жүйесін өзгерту және мемлекеттік басқарудың басқа кейбір органдарын қайта құру туралы заң қабылдады. Осыған орай Қазақстанда да өзгерістер болды. 1965 жылы 15 қазанда ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі өнеркәсіпті басқару органдарының жүйесін өзгерту туралы, республикалық кейбір мемлекеттік басқару органдарын қайта құру туралы заңдар қабылдап, республика Конституциясына тиісті өзгерістер енгізді. ҚазКСР Халық шаруашылығы кеңесі, экономикалық аудандардың халық шаруашылығы кеңестері таратылды. Бірқатар салалық одақтық республикалық министрліктер құрылды. Бұл өзгерістер экономиканың дамуына, материалдық ынталандыруға, еңбекшілердің шығармашылығының артуына себеп болды. 1964 жылы 1 желтоқсанда Н.С.Хрущевтің күштеуімен құрылған Батыс Қазақстан және Тың өлкесі жойылды. Олардың құрамындағы облыстар республикалық органдарға тікелей бағынатын болды. Жаңа облыстар құрылды. 1961 жылы Целиноград, 1970 жылы Торғай, 1973 жылы Жезказған және Маңғышлақ облыстары құрылды. Казақстандағы облыстар саны 1937 жылы 8 болса, 70-жылдары 19-ға жетті. Алматы қаласы облыстар мәртебесіндегі республикалық баскаруда болды. 1963 жылғы сайлауда Жоғарғы Кеңеске 473 депутат, жергілікті кеңестерге 98806 депутат сайланды. Коммунистік партия депутаттардың құрамын өз қалауы бойынша қатаң реттеп отырды. Жоғарғы Кеңес депутаттарының 66,2 %-і партия мүшелері, 33,4%-і әйелдер, 48.8%-і жұмысшылар мен шаруалар болды. Жергілікті депутаттар арасында партия мүшелері 45,4%, жұмысшылар мен шаруалар 55,5% болды. Барлық дәрежедегі депутаттар тек партияның ерік-жігерін жүзеге асырушылар болды. Депутаттар арасында уақытша партия топтары құрылды. 1977 жылы республикада 19 облыстық, 218 аудандық, 82 қалалық, 29 қала ішіндегі аудандық, 189 поселкелік, 2184 ауылдық, селолық кеңестер жұмыс істеді. Жергілікті Кеңестердің аткару комитеттерінің құрамына 20 мың адам кірді. 14 Тақырып: Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті мен құқығының қалыптасуы және дамуы Қайта құрудың соңына қарай Кеңес Одағының орталық органдарының билігі әлсіреп, керісінше одақтас республикалардың құқықтары күшейе түсті. Алдымен Ресей Федерациясы, Украина КСР-ы өздерінің егемендіктерін жариялады. Одақты реформалауға бағытталған жаңа Одақтық шарттың жобасы жасалып жатты. Осындай жағдайда 1990 жылы 25 қазанда республиканың Жоғарғы Кеңесі Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының егемендігі туралы Декларация қабылдады. ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Қазақстан халқының еркін білдіре отырып, ұлттардың өзін-өзі еркін билеу құқығын тани отырып, қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершілікті ұғына отырып, демократиялық, құқықтық мемлекет құруды негізге алып, Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігін жариялады және осы Декларацияны қабылдады. Декларация 17 баптан тұрды Қазақ КСР-і егемен мемлекет, ол басқа республикалар мен егеменді Республикалар Одағына ерікті түрде бірігеді және өзара қатынастарын шарттық негізде құрады. Одақтан еркін шығу құқығын сақтайды. Декларацияда алғаш рет КазКСР-і ұлттық мемлекеттігін сақтау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар қолданады деп жазылды. Бұрын бұл қызметтер Одақтық органдарға тиесілі еді. ҚазКСР-нің территориясының өзгермейтіндігі бекітілді Республиканың барлық ұлт азаматтары Қазақстан халқын құрайды, әрі ҚазКСР егемендігінің бірден-бір иесі және мемлекеттік өкімет билігінің негізі болып табылады деп көрсетілді. Республика халқы атынан ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің іс-қимыл жасауға құқығы бар. Азаматтардың теңдігі атап өтілді. Қоғамдық, саяси, діни ұйымдарға мемлекет пен қоғам өміріне қатысуы үшін кепілдіктер берілді. Мұндай нормалар ол кезең үшін демократиялық өзгерістер қатарына жатты. Мемлекеттік өкімет билігі заң шығару, атқару және сот билігіне бөлу принципі бойынша жүзеге асырылды. Заң шығару Жоғарғы Кеңеске берілді. Президент республиканың басшысы болды және ең жоғары әкімшілік — атқарушы билік болып есептелді. Сот билігін Жоғарғы сот жүргізді. ҚазКСР Бас прокурорының кандидатурасын Республика Президенті КСРО Бас прокурорымен келісе отырып ұсынады және оны ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі бекітеді. Алғаш рет ҚазКСР территориясында, оның өз еркімен одаққа берген мәселелерін қоспағанда, ҚазКСР Конституциясы мен заңдарының үстемдігі орнатылады деп жазылды. Бұл егемендіктің өзекті қағидаларының бірі еді. Осыған орай ҚазКСР-і өз егемендігіне қайшы келетін одақ заңдарын тоқтата алды. Меншіктің алуан түрлілігі және олардың теңдігі қамтамасыз етілді. Республика өз бюджетін дербес қалыптастырады. Республикада ядролық қаруды сынауға, ол үшін полигондар салуға тиым салынды. ҚазКСР-нің өз ішкі әскерлерін, мемлекет қауіпсіздігі және ішкі істер органдарын ұстауға құқылы болды. ҚазКСР-і халықаралық қатынастардың дербес субъектісі ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымына дейінгі ұйымдарға қатысуға құқылы болды. Қазақстанның егемендік құқықтарын ҚазКСР-і мен Одақ жүзеге асырды. Бірақ оның ажырағысыз егемендігін ешкім бұза алмады. Декларация Одақтық шарт жасау, ҚазКСР-нің жаңа Конституциясын, егемендік мәртебесін жүзеге асыратын заң актілерін жасауға негіз болып табылды. Егемендік Декларациясын қабылдау шын мәнінде үлкен тарихи оқиға болып, тәуелсіздікке жету жолындағы соңғы саты болып табылды. Сондықтан да кейінірек егемендік Декларация қабылданған 25 қазан Республика күні мерекесі болып бекітілді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңы 1991 жылы 10 желтоқсанда Қазақ КСР-інің атауы Қазақстан Республикасы болып өзгсртілді. Қазақ халқының ғасырлар бойы тынымсыз тәуелсіздік жолындағы жүргізген күресі жүзеге асты. Осы 1991 жылы 16 желтоқсанда "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" Конституциялық заңы қабылданып, онда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі салтанатты түрде жарияланды. 7-тарау, 18-баптан тұрған бұл заң Қазақстанның мемлекеттік- құқықтық тарихының жаңа тәуелсіздік бетін ашты. Заңның 1-бабы былай жазылды. Қазақстан Республикасы — тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет. Ол өз территориясында өкімет билігін толық иеленді, өзінің ішкі және сыртқы саясатын дербес белгілеп жүргізеді. Қазақстан Республикасы территориясында тек өз заңдары және ол таныған халықаралық құқық нормалары қолданылады. Конституциялық заңның 2 тарауы (6-8 баптар) Қазақстан Республикасы ұлттарының азаматтары біртұтас Қазақстан халқын құрайды, бұл халық егемендіктің бірден-бір иесі, мемлекеттік биліктің қайнар көзі болып табылады, азаматтар барлық жағынан тең құқыққа ие екендігі көрсетілді. Қазақ халқы мен Қазақстан Республикасында тұратын баска ұлт өкілдерінің тілі, мәдениеті мен дәстүріне ерекше мән беріліп, олар мемлекет қамқорлығына алынды. Қазақстан Республикасы мемлекеттік өкімет органдарына арналған 3-тарауда биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот билігі болып бөлінуі бекітілді. Қазақстан Республикасы халқы атынан сөйлеу құқығы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі мен Президентіне берілді. Мұндай құқық егемендік Декларациясында тек Жоғарғы Кеңеске берілген еді. Енді Президенттің билігі өсіп, ол Республика халқы атынан сөйлеуге құқықты болып, Қазақстан Республикасының басшысы және атқарушы өкіметі болып табылды. Атқару билігі толығымен Президент қолына шоғырланды. Сот билігін Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты мен Жоғарғы Арбитраждық соты атқарды. Конституциялық сот туралы норма кіргізіліп, ол Конституцияны сот арқылы қорғайтын Жоғарғы орган болып табылды. Осы заң бойынша мемлекеттік өкімет органдарының құрылымына елеулі өзгерістер енді. Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігінің экономикалық негіздеріне арналған 4-тарауда жер, су, әуе кеңістігі, табиғи ресурстар, экономикалық және ғылыми-техникалық потенциал Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігінің негізін құрай отырып тек қана соның меншігінде болады деп көрсетілді. Меншіктің көп түрлілігі және олардың теңдігі қамтамасыз етілді. Заңда тәуелсіздікті қорғау үшін Қазақстан Республикасының өз қарулы күштерін құратыны, өз территориясында әскерлер, қару-жарақ пен техника құру мәселелерін шешетіні айтылды. Қазақстан Республикасы территориясына қол сұғылмайды. Осылай Қазақстан Республикасының тұңғыш рет мемлекеттік тәуелсіздігі туралы заң қабылданып, оны қорғау мен дамытудың да негіздері қаланды.
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz