Файл қосу
Соғыс жылдарындағы поэмалар
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті Филология факультеті Қазақ әдебиеті кафедрасы «1940-60 жылдардағы қазақ әдебиеті (пәннің атауы) Оқу-әдістемелік кешені 050117 «қазақ тілі мен әдебиеті » мамандығының 3 курс студенттеріне арналған Семей-2013 ж. Мазмұны 1. Силлабус................................................................ .......................................3-13 2. Пән бойынша глоссарий ....................................................................... ....13-14 3. Дәрістің қысқаша мазмұны ....................................................................... .14-80 4. Тәжірибелік............................................................. ......................................81-84 5. СОБӨЖ бойынша сабақтарға әдістемелік нұсқау....................................85-91 6. СӨЖтапсырмалары әдістемелік нұсқау.........................................................92 7. Курс бойынша емтихан сұрақтары.............................................................. 93-95 8. Курс жұмысының тақырыптары............................................................ ......95-96 9. Тест тапсырмалары........................................................... ............................97-103 Құрастырушы, доцент,ф.ғ.к: Тоқсамбаева А.О. Қазақ әдебиеті кафедрасы «____» ________________2013 ж. ________ кафедра отырысында № ____ хаттамада бекітілген. Кафедра меңгерушісі, ф.ғ.к.: _______ Ақтанова А.С. Филология факультетінің оқу-әдістемелік кеңесімен №___ хаттама ____ _________2013 ж. талқыланған. ОӘК төрайымы ________ Мұқанова. Қ.Қ. (қолы) Филология факультетінің деканы, ф.ғ.к.: Қадыров А. Қ. 1. Пәннің оқу бағдарламасы – (Syllabus) 1. Оқытушы туралы деректер Тоқсамбаева.А.О.– доцент,ф.ғ.к. Байланыс телефондары: . Кездесетін кеңсе: №318 ауд. Екібай Қашаған көшесі, СМПИ №8 ғимараты Кеңес беру уақыты: Сәрсенбі 13-25 |Дүйсенбі |Сейсенбі |Сәрсенбі |Бейсенбі |Жұма | | | |10-10 |11-15 | | | | |11-15 | | | 1.2.Атауы: 1940-60 жылдардағы қазақ әдебиеті Кредиттер саны: 3 кредит 135-сағат Өту орны: №8ғимарат 318 дәрісхана. Оқу жоспарынан үзінді |курс | 1.3 Осы пәнді игеру үшін қажет білім – пәнді игеру үшін дағды мен білім студенттерге берілетін ақпаратты меңгеру, байқау, салыстыру, ойлау, теориялық білімді тәжірибесінде қолдана білуі тиіс. 1.4 Осы пәнмен байланысты пәндер – тарих, педагогика, этнопедагогика, мәдениеттану. Пәннің пререквизиттері: Аталмыш пәнді игеруде қазақ әдебиеті тарихының XX ғасырға дейінгі кезеңдері, XX ғасыр басындағы әдебиет, қазақ әдебиетінің тарихы (1917-1941), қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960), әдебиет теориясы, ТМД халықтарының әдебиеті, соның ішінде орыс әдебиетіндегі ағымдар мен басты бағыттар, бауырлас түркі халықтары әдебиеті мен таныс болуы қажет. Сонымен бірге конспект жасау, реферат жазу, аннотациялай алу және әдебиеттермен жұмыс істей алу, тестілеу әдістерін білуі шарт. Пәннің постреквизиттері: Бұл пән бойынша алынған білім қазақ әдеби сынының тарихы, қазақ әдеби тілінің тарихы, әдеби шығармашылық сынды пәндерді меңгеру үшін қажет. 1.5. Қысқаша сипаттамасы: Пәннің мақсаты – студенттерді халқымыздың бай да мазмұнды, әдеби мұрасын танып білу. Сол алған білімді тәжірбиеде ұштастыра білу. Бұл пәннің ұрпақ тәрбиелеуде мәні, маңызы зор. Студенттерімізді еліміздің елеулі де қалаулы азаматы етіп тәрбиелеу. Бұл пәнді тарих пен педагогика мен т.б. пәндер мен байланыстыра отырып, студенттердің іргелі ойларын игеруге дайындау. 1.6. Пән бойынша тапсырмалар орындау және тапсыру кестелері Білімді бағалау туралы ақпарат: Студенттің сабақтағы жұмысының рейтингтік бағасы Р(д) |№ |Көрсеткіштері |Студенттің балл бойынша | | | |рейтингі | |1 |Сабақта оқу жұмысына қатысқан жоқ |0 | |2 |Сабақта оқу жұмысына анда-санда қатысты |1 | |3 |Студенттің оқу жұмысының мазмұны мен |2 | | |ұйымдастырылуы талаптандыруды, түзетуді | | | |және ретке келтіруді қажет етеді. | | |4 |Оқу жұмысына белсене қатысты: |3 | | |- студенттің жауаптары әдістемелік және | | | |теория тұрғысынан негізделген, нақты | | | |жағдайларда білімін шығармашылықпен | | | |пайдалана біледі. | | | |- алдыдағы қызметіне деген оң көзқарасы | | | |айқын. | | 1.7.Студенттің түрлі сипаттағы тапсырмаларды орындауының рейтингтік бағасы |№ |Көрсеткіштері |Студенттің балл бойынша | | | |рейтингі | |1 |Тапсырма орындалған жоқ |0 | |2 |Тапсырма үлгі бойынша |1 | | |орындалған | | |3 |Тапсырмалар қайта құрылды |2 | |4 |Тапсырма шығарма-шылықпен |3 | | |орындалды, жұмыстың жаңа | | | |амалы ұсынылды | | Рейтинг - шкаласы |Бақылау нысаны |Балдары | |Ағымдағы |20 | |Аралық |35 | |Үйдегі |10 | |Қорытынды |35 | |Барлығы |100 | 1.8.Студенттердің оқу үрдісінің рейтингісінің кестесі. |Бағаның |Ұпайдың сандық |Пайыздық |Дәстүрлік жүйеде | |әріптік |баламасы |көрсеткіштері|бағалау | |баламасы | | | | |А |4,0 |95-100 |өте жақсы | |А- |3,67 |90-94 | | |В+ |3,33 |85-89 |жақсы | |В |3,0 |80-84 | | |В- |2,67 |75-79 | | |С+ |2,33 |70-74 |Қанағаттанарлық | |С |2,0 |5-69 | | |С- |1,67 |60-64 | | |Д+ |1,33 |55-59 | | |Д |1,0 |50-54 | | |Ғ |0 |0-49 |Қанағаттанғысыз | | | | | | 1.9. Курстың саясаты мен реті студенттерге пәнді оқу барысында қойылатын әкімшілік талаптарын көрсетеді /балл бойынша/ ← Кешігу ← Сабақты босату ← Аудиториядағы жүріс-тұрысы ← Жұмыстарын кеш өткізгені ← Емтиханда болмауы және т.б Назар аударыңыз: 1. Сабаққа кешікпей келу. 2. Сабақты себепсіз босатпау, босатылған дәрісті келесі сабаққа дейін өздігінен оқып білу. 3. Басқа студенттердің тәжірбиелік сабақта жауабын тыңдай білу керек. 4. Берілген тапсырмаларды берілген мерзімде тапсыру. 5. Жеке берілген тапсырмаларды уақытында орындау. 6. Пән аяқталғанда емтихан ауызша түрде өтеді. 7. Оқу-әдістемелік кешеннің тізбесі мен мазмұны 2.0.Студенттің сабақтарға қатысуының рейтингтік бағасы. (Рп) |р/с | Көрсеткіштері |Студенттің рейтингі, | | | |балл бойынша | |1 |Сабақты босату | 0 | |2 |Сабақтың әр сағатына қатысу | 1 | Оқу-әдістемелік кешеннің тізбесі мен мазмұны. 2.1. Курстың тақырыптық жоспары «Қазіргі қазақ әдебиеті» (1941-2000 ) пәнінің тақырыптық жоспары |№ |Тақырыптар |Дәріс |Тәжі-ри|СОБӨЖ |СӨЖ | | | | |бе | | | |1 |1941-1956 жылдардағы қазақ әдебиеті. |2 |1 |1.5 |4.5 | |2 | 1941-1960 жылдардағы қазақ прозаның дамуы. |2 |1 |1.5 |4.5 | |3 |1941-1960 жылдардағы қазақ поэзиясының дамуы. |2 |1 |1.5 |4.5 | |4 |1941-1960 жылдардағы қазақ поэмалары. |2 |1 |1.5 |4.5 | |5 |1941-1960 жылдардағы драматургия. |2 |1 |1.5 |4.5 | |6 |1941-1960 жылдардағы сын мен әдеби зерттеулер. |2 |1 |1.5 |4.5 | |7 | Баубек Бұлқышевтың өмірі мен шығармашылығы. |2 |1 |1.5 |4.5 | |8 |Мәлік Ғабдуллин өмірі мен шығармашылығы. |2 |1 |1.5 |4.5 | |9 |Жұмағали Сайн өмірі мен шығармашылығы. |2 |1 |1.5 |4.5 | |10 |Тайыр Жароков өмірі мен шығармашылығы. |2 |1 |1.5 |4.5 | |11 |Бауыржан Момышұлы өмірі мен шығармашылығы. |2 |1 |1.5 |4.5 | |12 |Мұқан Иманжанов өмірі мен шығармашылығы. |2 |1 |1.5 |4.5 | |13 |Ғали Орманов өмірі мен шығармашылығы. |2 |1 |1.5 |4.5 | |14 |Қасым Аманжолов өмірі мен шығармашылығы. |2 |1 |1.5 |4.5 | |15 |Қалижан Бекхожин өмірі мен шығармашылығы. |2 |1 |1.5 |4.5 | | |БАРЛЫҒЫ |30 |15 |22.5 |67.5 | Дәріс 1,2. 1941-1956 жылдардағы қазақ әдебиеті. 1.1 ҰОС басталуы. 1.2 ҰОС кезіндегі қазақ поэзиясы. 1.3ҰОС кезіндегі қазақ прозасы. Дәріс 3,4. 1941-1960 жылдардағы қазақ прозаның дамуы. 2.1 С.Мұқановтың «Сырдария» романы. 2.2 Ғ.Мүсірепов «Оянған өлке» романы. 2.3 Ғ. Мұстафиннің«Миллионер» повесі,«Қарағанды»романы. 2.4 Осы жылдардадағы жазылған қазақ прозаларының тақырыбы мен идеясы,образдар жүйесі. 2.5 Ж.Тілеков,С.Шаймерденов,З.Қабдолов,Б.Соқпақбаев,Ә.Нүрпейісов, т.б. жас қаламгерлердің әңгіме,очерк, повесть, романдары. Дәріс 5,6.1941-1960 жылдардағы қазақ поэзиясының дамуы. 3.1 Ұлы Отан соғысымен байланысты туған жырлар. 3.2 Ж.Жабаевтың соғыс жылдарындағы жырлары. Дәріс 7,8. 1941-1960 жылдардағы қазақ поэмалары. 4.1 Ж.Жабаевтың «Өтеген батыр» поэмасының тақырыбы мен идеясы. 4.2 Соғыс жылдарындағы поэмалар. 4.3 Соғыстан кейінгі жарық көрген поэмалар. Дәріс 9,10. 1941-1960 жылдардағы драматургия. 5.1Тарихи драма үлгілері. 5.2 М.Әуезов драматургия саласына қосқан үлесі. 5.3Ғ.Мүсірепов «Аманкелді». 5.4 «Сын сағатта», «Намыс гвардиясы», т.б. 5.5М.Ақынжанов «Ыбырай Алтынсарин». Дәріс 11,12.1941-1960 жылдардағы сын мен әдеби зерттеулер. 6.1 Қазақ әдебиетінің сыны мен әдебиеттану ғылымының өркендеу жолдары. 6.2 М.Әуезов,С.Мұқанов,Ғ.Мүсірепов,Қ.Жұмалиев,Б.Кенжебаев,З.Ахметов- тардың еңбектері. 6.3 «Қазақ әдебиетінің тарихының» Ітомы, «Қазақ әдебиетінің тарихының очеркі», т.б. зерттеулердің жарық көруі.Олардың ғылыми практикалық маңызы. Дәріс 13,14.Баубек Бұлқышевтың өмірі мен шығармашылығы. 7.1 Өмірі туралы мәлімет . 7.2 Шығармаларындағы ерлік пен жауынгер арманын суреттейтін мақала- очерктер. Дәріс 15,16. Мәлік Ғабдуллин өмірі мен шығармашылығы. 8.1 Өмірінен мәлімет. 8.2 Майдандық жазбалары. Дәріс17,18. Жұмағали Сайн өмірі мен шығармашылығы. 9.1 Өмірі туралы мәлімет. 9.2 Шығармалары. 9.3 Партизан тақырыбындағы өлеңдері. Дәріс 19,20. Тайыр Жароков өмірі мен шығармашылығы. 10.1 Поэзиясы. 10.2 Тасқын, Тасқынға тосқын, т.б. поэмалары. 10.3 Эпикалық шығармалары. Дәріс 21,22. Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығы. 11.1 Өмірі жайлы мәлімет. 11.2.Шығармаларына тоқталу. Дәріс 23,24. М.Иманжанов өмірі мен шығармашылығы. 12.1 Өмірі туралы мәлімет. 12.2 «Алғашқы айлар» повесі. Дәріс 25,26. Ғали Орманов өмірі мен шығармашылығы. 13.1 Ақын,жазушы,очеркист,аудармашы. 13.2 Ақынның лирикалық героиларының ішіндегі ана бейнесі. 13.3 Ақынның Ұлы Отан соғысына арналған жырлары. Дәріс 27,28. Қасым Аманжолов өмірі мен шығармашылығы. 14.1 Шығармашылық өмірбаяны. 14.2 Соғыстан кейінгі өлеңдері. 14.3 Аудармалары. Дәріс 29,30. Қалижан Бекхожин өмірі мен шығармашылығы. 15.1 Шығармашылық өмірбаяны. 15.2 Поэмалары. Тәжірибелік сабақтардың жоспары. 1 Тәжірибелік. 1941-1956 жылдардағы қазақ әдебиеті. 1.1 ҰОС басталуы. 1.2 ҰОС кезіндегі қазақ поэзиясы. 1.3ҰОС кезіндегі қазақ прозасы. 2 Тәжірибелік. 1941-1960 жылдардағы қазақ прозаның дамуы. 2.1 С.Мұқановтың «Сырдария» романы. 2.2 Ғ.Мүсірепов «Оянған өлке» романы. 2.3 Ғ. Мұстафиннің«Миллионер» повесі,«Қарағанды»романы. 2.4 Осы жылдардадағы жазылған қазақ прозаларының тақырыбы мен идеясы,образдар жүйесі. 2.5 Ж.Тілеков,С.Шаймерденов,З.Қабдолов,Б.Соқпақбаев,Ә.Нүрпейісов, т.б. жас қаламгерлердің әңгіме,очерк, повесть, романдары. 3 Тәжірибелік. 1941-1960 жылдардағы қазақ поэзиясының дамуы. 3.1 Ұлы Отан соғысымен байланысты туған жырлар. 3.2 Ж.Жабаевтың соғыс жылдарындағы жырлары. 4 Тәжірибелік. 1941-1960 жылдардағы қазақ поэмалары. 4.1 Ж.Жабаевтың «Өтеген батыр» поэмасының тақырыбы мен идеясы. 4.2 Соғыс жылдарындағы поэмалар. 4.3 Соғыстан кейінгі жарық көрген поэмалар. 5 Тәжірибелік. 1941-1960 жылдардағы драматургия. 5.1Тарихи драма үлгілері. 5.2 М.Әуезов драматургия саласына қосқан үлесі. 5.3Ғ.Мүсірепов «Аманкелді». 5.4 «Сын сағатта», «Намыс гвардиясы», т.б. 5.5М.Ақынжанов «Ыбырай Алтынсарин». 6 Тәжірибелік. 1941-1960 жылдардағы сын мен әдеби зерттеулер. 6.1 Қазақ әдебиетінің сыны мен әдебиеттану ғылымының өркендеу жолдары. 6.2 М.Әуезов,С.Мұқанов,Ғ.Мүсірепов,Қ.Жұмалиев,Б.Кенжебаев,З.Ахметов- тардың еңбектері. 6.3 «Қазақ әдебиетінің тарихының» Ітомы, «Қазақ әдебиетінің тарихының очеркі», т.б. зерттеулердің жарық көруі.Олардың ғылыми практикалық маңызы. 7 Тәжірибелік. Баубек Бұлқышев. 7.1 Өмірі туралы мәлімет . 7.2 Шығармаларындағы ерлік пен жауынгер арманын суреттейтін мақала- очерктер. 8 Тәжірибелік. Мәлік Ғабдуллин. 8.1 Өмірінен мәлімет. 8.2 Майдандық жазбалары. 9 Тәжірибелік. Жұмағали Сайн. 9.1 Өмірі туралы мәлімет. 9.2 Шығармалары. 9.3 Партизан тақырыбындағы өлеңдері. 10 Тәжірибелік. Тайыр Жароков. 10.1 Поэзиясы. 10.2 Тасқын, Тасқынға тосқын, т.б. поэмалары. 10.3 Эпикалық шығармалары. 11 Тәжірибелік. Бауыржан Момышұлы. 11.1 Өмірі жайлы мәлімет. 11.2.Шығармаларына тоқталу. 12 Тәжірибелік. М.Иманжанов. 12.1 Өмірі туралы мәлімет. 12.2 «Алғашқы айлар» повесі. 13 Тәжірибелік. Ғали Орманов . 13.1 Ақын,жазушы,очеркист,аудармашы. 13.2 Ақынның лирикалық героиларының ішіндегі ана бейнесі. 13.3 Ақынның Ұлы Отан соғысына арналған жырлары. 14 Тәжірибелік. Қасым Аманжолов. 14.1 Шығармашылық өмірбаяны. 14.2 Соғыстан кейінгі өлеңдері. 14.3 Аудармалары. 15 Тәжірибелік. Қалижан Бекхожин. 15.1 Шығармашылық өмірбаяны. 15.2 Поэмалары. Әдебиеттер тізімі 1 Қазақ әдебиетінің тарихы 8 том,Кеңес дәуірі (1941-1956) Алматы,2004. 2 М.Иманжанов. Жастық. Алматы, Жазушы, 1966, 50- б. 3 А.Байтұрсынов. Ақ жол. Алматы, 1991, 450- б. 4 Ғ. Мүсірепов.Үш томдық. Алматы. Жазушы, 1980,191- б. 5 Ғ. Мұстафин- Шығармалар. Бес томдық. 1 том, 1981,82 б. 6 Т.Нұртазин. Ғ.Слановтың «Жанартауы» жөнінде. – «Әдебиет және искусство». 1946, № 9-10 7 Қ.Сәтпаев. Аса үздік шығарма.- Мұқтар Әуезов тағылымы. А.,1987,35 б. 8 В.Иванов. Роман о песне.-«Летературная газета».1948,10 ноября 9 М. Әуезов. Шығармалары. А.,1979,4т.,434 б. 10 Т.Нұртазин. Жазушы және өмір.А.,1960,246 б. 11 Ғ. Мұстафин. Ойәуендері. «Жазушы».1978,92 бет. 12 Ж.Жабаев.Болат тонды батырлар.1941, 75 б. 13 Т. Жароков. Зоя туралы жыр.1944,66 б. 14 Ғ. Орманов. Толқын жыр. Төрт томдық шығармалар жинағы.А., 1972- 1975жж., 2т., 136-137 бб. 15 Т.Жароков.Таңдамалы шығармалар. Төрт томдық.А.,1973.,2т.,126 б. 16 С.Бегалин. Өлеңдер мен поэмалар.А.,1962, 225 б. 17 Қ.Аманжолов.Шығармалар. Төрт томдық.2т.,А.,1947,57 б. 18 Ғ.Мүсрепов.Майданнан соққан жаңа леп.// Социалистік Қазақстан, 1944, 6 маусым. 19. Социалистік Қазақстан», 1947, 13сәуір. 20. С.Қирабаев.Октябрь және әдебиеті.А., 1968, 97 б. 21 Т.Бердияров. мен өмір сүремін. А., 1956., 91-92 бб. 22. Қ.Бекхожин. Үш томдық шығармалар жинағы. А., 1983, 2т., 189 б. 23 Ж. Молдағалиев. Үш томдық шығармалар. А., 1980, 2т.,90 б. 24 С.Ордалиев.Қазақ драматургиясының очеркі. А., 1964. 25 Қ. Қуандықов. Тұнғыш ұлт театры. А., 1969. 26 Ә. Тәжібаев. Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы. 1971. 27. М. Ғабдуллин. Ғабит Мүсірепов-драматург. 1982. 28. Р. Нұрғалиев. Арқау. 29. Ғ. Мүсірепов. Шығармалар.2 т.,72 б.,89 б.,91 б. 30. Социалистік Қазақстан», 1971, 15сәуір. 31. М. Әуезов. Шығармалар. 11т., А., 1979, 205 б. 32. М. Әуезов. Шығармалар. 10т., А., 1969,104 б.,112 б. 33. Ә. Тәжібаев. Менің пікірім.«Социалистік Қазақстан», 1947, 1 маусым. 34. М. Ғабдуллин. Достық жыры.«Социалистік Қазақстан», 1947, 18 қараша. 35 М. Иманжанов. Жаңа өмірдің бейнесі.«Социалистік Қазақстан», 1947,1 маусым. 36. Б.Бұлқышев. Адамзатқа хат.Шығармалар жинағы, Алматы:Жалын, 1977ж 37. дамзатқа хат/құрастырған Рүстембекова Л, Ыдырысов Б/ А.:Жалын, 1977ж 38 С.Сейітов. Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі.1949;Ақын сапары,1958. 39. Т.Жароков.Төрт томдық шығармалар жинағы. А.,1972-1975, 4т., 47 б. 40 Т. Жароков.Төрт томдық шығармалар жинағы. А.,1972-1975, 3т.,44б. 41 Қ. Жұмалиев. Стиль-өнер ерекшелігі. А., 1966, 98-99 бб. 42. М. Қаратаев. Туған әдебиет туралы ойлар. А., 1958, 432 б. 43 Т.Жароков.Төрт томдық шығармалар жинағы.1т., А.,1972-1975,230 б. 44 С.Қирабаев.Ұлт тәуелсіздігі және әдебиеті.А., 2001, 195-196 бб. 45. С.Сейітов. Ақын сапары. А.,1958,49-52 бб. 46. М. Қаратаев. Туған әдебиет туралы ойлар. А., 1958, 436 б. 47. Н. Сидоренко. Десять незабываемых дней. А., 1961, с. 204. 48. М. Әуезов. Әр жылдар ойлары. А.,1959, 373б. 49. Ғ. Орманов. Төрт томдық таңдамалы шығармалар жинағы. 1т., Ж., 1982, 16 б. 50. С. Қирабаев. Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері. А.,1995, 173 б. 51 М. Дүйсенов. Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі. А., 1958, 445- 461бб. 52 М. Әлімбаев. Толқыннан толқын туады. А., 1992,103 б. 53 Ғ. Орманов. Төрт томдық шығармалар жинағы. 4т., А., 1984, 146 б. 54 Қ. Бекхожин. Дәстүр және жаңашылдық. А., 1969, 174 б. 55 Ғ. Мүсірепов. Ғ. Орманов., Төрт томдық шығармалар жинағы. 1т., А.,1982, 99 б. 56. М. Базарбаев. Замана тудырған әдебиет. А., 1997.71 б. 57 Б. Ыбырайым. Отызыншы жылдардағы қазақ әдебиеті. А., 2011, 32 б. 58 Ғ. Орманов. Төрт томдық шығармалар жинағы. 2т., А., 1982, 9 б. 59 Б. Кенжебаев, Қ. Тұрғанбаев. Қазах совоет әдебиеті тарихының очеркі.А., 278 б. 60 Ғ. Орманов. Таңдамалы шығармалар. А., 1950, 143 б. 61 Ғ. Орманов. Төрт томдық шығармалар жинағы. 3т., А., 1982, 127 б. 62 Қ. Аманжолов. Шығармаларының толық жинағы. А.,1957, 3т., 410 б. 63 Қ. Аманжолов. Үш томдық шығармалар жинағы. 1т., А., 1955, 167 б. 64 Қ. Аманжолов. Үш томдық шығармалар жинағы. 2т., А., 185 б. 65 Қ. Аманжолов. Үш томдық шығармалар жинағы. 3т., А., 1957, 468 б. 66 Қ. Бекхожин. Алты асқар. А.,1973, 1т.,5 б. 67 Қ. Бекхожин. Үш томдық шығармалар жинағы. А., 1987, 1т., 20 б. 68 Қ. Бекхожин. Үш томдық шығармалар жинағы. А.,1984, 3т., 69-70 бб. 69 Қ. Бекхожин. Үш томдық шығармалар жинағы. А., 1983, 2т., 48 б. 70 Қ. Бекхожин. Дәстүр және жаңашылдық. А., 1969, 175 б. 71 Қ. Жармағанбетов. Поэмалар туралы. «Социалистік Қазақстан», 1954, 24тамыз. 72 С. Мұқанов. Поэзия туралы. Кітапта: Қазақстан жазушыларының IV съезі, 1956, 104 б. 73 //Егемен Қазақстан ,2006ж, 30қыркүйек 74 «Әдеби мұра және оны зерттеу». Стенограмма. 1961, 372-бет 75 «Өсу жолдарымыз» 1980. 308 -бет. 76 Қазақстан Компартиясының архивы, 708 фонд,10 байлам, 1396 іс, 140-б 77 М.Ғабдуллин «Алтын жұлдыз» Ана тілі.Алматы.2005. 78 Қазақ совет әдебиетінің тарихы 1967 – A 79 Ж.Саин ІІІ том А-1980 80 Б.Момышұлы «Ұшқан ұя».А., «Жазушы». 1975 ж. № 1603. 384 б. 81 Бауыржан Момышұлы «Москва үшін шайқас», Көркем әдебиет баспасы, Алматы 1964 жыл. 82 «Қазақстан». Ұлттық энциклопедия/Бас ред. Ә.Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1999. Т. 4. -720 б. 83 Қазақ әдебиетінің тарихы. /Бас ред. С.Қирабаев. – Алматы: «ҚАЗақпарат», 2004. Т. 8. -520 б. 84 М.Иманжанов. Өркен: Мақалалар, хаттар, естеліктер. – Алматы, Жалын, 1979. 248 бет. 85 Б.Атшабаров. Семей полигонына экспедиция. // Егемен Қазақстан, - 2009, 8 қыркүйек. 86 З.Шүкіров. Мен оған ғашық едім. /Кітапта: Өркен. – Алматы, Жалын, 1979. 248 бет. 87 М.Иманжанов. Таңдамалы шығармалары. Т. 1. Алматы, «Жазушы», 1977. 88 Иманжанов М. Бөбектерге арналған әдебиет туралы. // Әдебиет және искусство, 1951, №8. 89 М.Иманжанов. «Пионер» журналында шыққан әңгімелер туралы. / Кітапта: Өркен. – Алматы, Жалын, 1979. 248 бет. 90 М.Иманжанов. Алғашқы айлар: Повесть және әңгімелер. (Құраст. Р.Рүстембекова). – Алматы: Рауан, 1991. – 224 бет. 91 М.Иманжанов. Балаларға арналған прозалық шығармалар жайында. // Әдебиет және искусство, 1953 №1. 92 М.Иманжанов. Коммунистік тәрбиенің күшті құралы. //Қазақ әдебиеті, 1955, 26 қыркүйек. 93 М.Иманжанов. Қысқа әңгіме туралы. //Әдебиет және искусство, 1950, №12. 94 М.Иманжанов. Жаулаған жерлерде. /Кітапта: Өркен. – Алматы, Жалын, 1979. 95 М.Иманжанов. Ауыр күндерде. /Кітапта: Өркен. – Алматы, Жалын, 1979. 96 Б.Сағындықов. Аға өнегесі. /Кітапта: Өркен. – Алматы, Жалын, 1979. 97 Саммұрзин. Қайнар көзден – мөлдір бұлақ. /Кітапта: Өркен. – Алматы, Жалын, 1979. 98. Ө.Қанахин. Жақсыдан шарапат. /Кітапта: Өркен. – Алматы, Жалын, 1979. 99 Әлімқұлов Халық перезенті. /Кітапта: Өркен. – Алматы, Жалын, 1979. 100 М. Әлімбаев Аяулы азамат, ақылды қаламгер. /Кітапта: Өркен. – А:, Жалын, 1979. 101 М.Әуезов . А.Құнанбаев. А. «Ғылым», 1967, 277-бет 102 «Жұлдыз», «Сойқанды жылдар»,№7, 1992, 4-бет 103 Б.Бұлқышев. Заман біздікі /құрастырған С.Асқаров/. – Алматы:Жалын, 1984ж 104 М.Иманжанов. Өнер өрісі.- Алматы: «Жалын», 1977ж 105 //Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектептерінде ,2005,№ 1 106 //Сарбаз 2008ж № 25, 27шілде 107 «Советтік Қазақстан Жазушылары». - А:Жазушы, 1987. 155-156бб. 108 С.Б.Жұмағұлов ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиеттану ғылымы(1956- 1991).Монаг. Қарағанды,2008. –552бет. 109 Әдеби өмір шежіресі. /Құрастырған – Ә.Нарымбетов. А, «Ана тілі», 2005ж. –488 бет. 110 Нүрпейіс Байғанин.Таңдамалы.,Алматы: Жазушы, 1991. 76-79бб. 111 Қазақ әдебиетінің тарихы 8 том,Кеңес дәуірі (1941-1956) А:,2004. 112 Тұрсынбек Кәкішұлы. Жанр жайлауы 1- кітап.А,«Қазақ университеті» 2007ж. 113 Сайын Мұратбеков «Жабайы алма»,А. «Атамұра»2002ж.,400бет., 114 Сайын Мұратбеков Екі томдық таңдамалы шығармалар,А., «Жазушы» баспасы 1991ж.,464бет. 115 Сайын Мұратбеков Көкорай А. «Жазушы» баспасы 1979, –504бет., 116 Зинол-Ғабиден Бисенғали,Жамал Манкеева Қазақ филологиясы: егіз негіз(Ғылыми мақалалар жинағы) –А: «Арыс».,2010.–352бет 117 Рымғали Нұрғали. Қазақтың жүз романы.Астана:Фолиант,2004.– 456бет. 118 Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. 2- кітап.А,«Қазақ университеті» 2002.–455бет. 120 Жанғара Дәдебаев.Қазіргі қазақ әдебиеті. А,«Қазақ университеті» 2002.– 311 бет. 121 Серік Негимов.Әдебиет әлемі. А, «Ана тілі», 2008ж. –256 бет. 122 Серік Қирабаев. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. А, «Білім», 2003ж. –224бет. Студенттің оқытушының басшылығыімен орындайтын жұмысы шеңберіндегі тапсырмалар жоспары (СОБӨЖ) |№ |Тақырыптар |Жұмыс түрі |Тапсыру |Балл | | | | |мерзімі | | |1 |Соғыстан кейінгі жылдары |Реферат |1-апта |100б | | |очерктерден құрастырылған жинақтар.|14-15 бет | | | |2 |Сырбай Мәуленовтың өмірі, |Конспект |1-апта | | | |шығармашылығы. |9-10 бет | | | |3 |Ғабдол Слановтың «Жанар тау» |Ауызша |2-апта | | | |романы. | | | | |4 |М.Әуезовтің «Абай жолы» роман – |Баяндама 4-5 |2-апта | | | |эпопеясы /жарыққа шығуы жайлы/ |бет | | | |5 |Ғ.Ормановтың табиғат туралы |Троптың |3-апта | | | |өлеңдері |түрлеріне | | | | | |картотека 30 | | | |6 |Кәкімжан Қазыбаевтың «Ызғар» |Ауызша |4-апта | | | |романы. | | | | |7 |М.Әуезовтің ғылыми зерттеу |Конспект 9-10 |3-апта | | | |еңбектері |бет | | | |8 |Ғ.Мұстафин прозасындағы тарихи |Баяндама |4-апта | | | |шындық |4-5 бет | | | |9 | Ғ.Мүсіреповтің « Қазақ солдаты» |Ауызша |6-апта | | | |романы. | | | | |10 |Ә.Сәрсенбаевтың шығармашылығы, |Конспект 9-10 |5-апта | | | |өмірі жайлы |бет. | | | |11 |Т.Жароковтің «Құмдағы дауыл» |Троптың |7-апта | | | |поэмасы. |түрлеріне | | | | | |картотека 30 | | | |12 | Сайын Мұратбековтің соғыс |Ауызша |6-апта | | | |жылдарындағы ауыл өмірі туралы | | | | | |жазған повестері мен әңгімелері. | | | | |13 |С.Мұқановтың ғылыми зерттеу |Конспект 9-10 |5-апта | | | |еңбектері |бет | | | |14 |Ғ.Мұстафиннің«Шығанақ» романы . |Ауызша |8-апта | | |15 |Ғ.Мүсіреповтің көркемдік әлемі |Конспек 9-10 |7-апта | | | | |бет | | | Студенттердің өз бетімен орындайтын тапсырмасы (СӨЖ) |№ |Тапсырмалар атауы |Жұмыс түрі |Тапсыру |Балл | | | | |мерзімі | | |1 |Х.Ерғалиевтың «Құрманғазы» поэмасы. |Мазмұнын |1-апта |100б | | | |айту. | | | |2 |Қ.Аманжоловтың «Орал»өлеңі. |Жаттау |2-апта | | |3 |Ж.Сайнның «Түн қатады партизан» өлеңі |Жаттау |3-апта | | |4 |Ә.Сәрсенбаевтің «Ақша бұлт» өлеңі |Жаттау. |4-апта | | |5 |М.Ғабдуллиннің «Ерлікке баулу |Мазмұнын |5-апта | | | |тәрбиеден» новелласынан достық хақында |айту. | | | | |айтқаны не үлкенді сыйлау немесе | | | | | |ізеттілік туралы айтқаны. | | | | |6 |Қ.Жармағамбетовтің «Ана мен бала» |Жаттау. |6-апта | | | |балладасы. | | | | |7 |С.Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан |Жаттау. |7-апта | | | |солдаттар» өлеңі. | | | | |8 |Д.Әбіловтің «Қазақстан Республикам |Жаттау. |8-апта | | | |менің» өлеңі. | | | | |9 |Қ.Бекқожиннің «Мәриям Жагор қызы» |Жаттау. |9-апта | | | |поэмасынан үзінді. | | | | |10 |Ж.Молдағалиевтың «Нұрлы жол» поэмасынан|Мәнерлеп оқу.|10-апта | | | |үзінді. | | | | |11 |Ғ.Ормановтың «Қараймын да асығам» |Жаттау. |11-апта | | | |өлеңі. | | | | |12 |И.Байзақовтың «Құралай сұлу» поэмасынан|Жаттау. |12-апта | | | |үзінді. | | | | |13 |Н.Байғаниннің нақылдары |Мазмұнын |13-апта | | | | |талдап айту.| | | |14 |Ж.Жабаевтың «Өтеген батыр» поэмасынан |Мәнерлеп оқу.|14-апта | | | |үзінді. | | | | |15 |Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз»|Жаттау. |15-апта | | Глоссарии. 1. Азаматтық лирика-лирикалық поэзияның заман жайын,әлеуметтік мәселелерді қозғайтын үлкен бір саласы. 2. Ақын - поэзиялық туынды, өлен, жыр - дастандарды ауызша немесе жазбаша айтып шығаратын өнер иесі, халықтың көркемдік дәстүрлерін қалыптастырып, жалғастыратын сөз шебері. 3. Альбомдық лирика- орта ғасырдағы француз поэзиясының лирикалық жанры.Бұл жанырға жататын өлеңдерге тән басты қасиет-сыршылдық,нәзік сезімге берілу.Бұл қасиет оңаша, өзімен өзі болып отырып сыр шерту,көлденең адамға білдірмейтін ішкі сезімді,жүрек сырын қағазға жазудан келіп шыққан. 4. Арнау - әдеби шығарма басында берілетін, сол шығарманың кімге, қандай уақиға байланысты екенін көрсететін, көбінесе өлең түрінде келетін автор сөзі. 5. Әдеби қаһарман-әдебиеттің идеялық-эстетикалық роліне сай бейнеленетін тұлға.Әдеби қаһармандар шығармада өзіне тән рухани және қоғамдық жүк көтереді. 6. Әдеби процесс-көркемдік дүниенің қозғалысы мен дамуын зерттейтін методологиялық әдіс. 7. Әдеби сын-көркем шығармаларды талдап,баға беріп,олардың идеялық- көркемдік мәнін,әдеби процестегі алатын орнын анықтайтын әдебиеттану ғылымының негізгі бір саласы. 8. Әңгіме-оқиғаны баяндап айтуға негізделетін,қара сөзбен жазылған шағын көркем шығарма. 9. Драма-(грекше drama-қимыл- әрекет )-сахнаға арналған,уақиғаны,оған қатысушы кейіпкерлердің іс-әрекетін,көңіл күйін көрсету арқылы баяндайтын әдеби шығарма. 10. Жанр-әдеби шығармалардың жеке түрлері,көркем әдебиеттің салалары. 11. Кейіпкер (персонаж) –көркем әдебиетте роман,повесть,әңгімеде, драмалық шығармада, поэмада бейнеленетін уақиғаға қатысушы. 12. Лирика-көркем әдебиеттің негізгі саласының,жанрының бірі, басты ерекшелігі–адамның көңіл–күйін, сезім дүниесін тікелей бейнелеп көрсетеді. 13. Поэзия – көркем әдебиеттің ертеден қалыптасқан үлкен бір саласы, өлең жыр түріндегі шығарма. 14. Поэма – оқиғаның өлеңмен баяндалып айтылатын, кейде жыр – толғау түрінде келетін көлемді шығарма. 15. Повесть–оқиғаны баяндап айтуға негізделетін қара сөзбен жазылған, көлемді шығарма,эпикалық жанрдың орташа түрі. 16. Реализм(латынша. realis–заттылық,шындық)-әдебиет пен өнердегі кең қанат жайған,өмір құбылыстарын бар қалпында, нақтылық сипат–белгілерін сақтай отырып, жинақтап, тұжырымдап, шыншылдықпен бейнелеуді мақсат ететін көркемдік әдіс. 17. Роман –сюжеттік құрылымы күрделі, көп желілі, кең тынысты, кейіпкер бейнесін ол өмір сүрген уақыт, ол тірлік кешкен орта ауқымында, жан–жақты мүсіндейтін, басқа прозалық жанрларға қарағанда ұзақ уақытты, байтақ кеңістікті қамтитын көлемді эпикалық шығарма. 18. Символ–әдебиетте ойды астарлап,басқа нәрсені суреттеу арқылы жасалатын нақтылы сипаты бар балама бейне. 19. Стиль-жазушының өмір шындығын танып–білу,сезіну қабілетін,бейнелеу шеберлігін, өзіндік суреткерлік тұлға–бітімін танытатын даралық өзгешелігі,жазу мәнері, қолтаңбасы. 20. Сюжет(франц. sujet–зат)-өзара жалғасқан оқиғалардың тізбегі,біртұтас желісі. 21. Тақпақ-қазақ өмірінде шешендік дәстүрмен байланысты туған өткір нақыл- ғибраттылық, мәнерлеп айтуға лайықты сөз нұсқасы. 22. Тақырып-Әдеби шығармада сөз болатын басты мәселе, шығарма мазмұнының негізгі арқауы,айтылатын жай–жағдайлардың бағыт–бағдары. 23. Тарихи шындық–өмір шындығының тарихи тақырыпқа арналған шығармадағы көркемдік көрінісі.Тарихи шындыққа қоғамдық өмірдегі нақтылы құбылыстар, болған уақиғалар,өмір сүрген тұлғалар арқау болады. 24. Трагедия–сахнаға арналып жазылатын әдеби шығармалардың,яғни драмалық жанрдың бір түрі. 25. Трилогия-мазмұн–мағынасы,сюжеті жағынан бір–бірімен тығыз байланысты,негізгі кейіпкерлері ортақ келетін,өзара жалғасып,тұтасып жатқан үш шығарма. Дәрістердің қысқаша сипаттамасы 1,2 Дәріс 1941-1956 ЖЫЛДАРДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ Дәрістің мақсаты: XX ғасырдың 41-56 жылдары қазақ халқының қоғамдық өмірінде өткен ең үлкен тарихи кезеңді түсіндіру. Тірек сөздер:Соғыс, Ұлы Отан Соғысы, фашистік Германия. Дәрістің жоспары:1.Ұлы Отан Соғысының басталуы. 2. Ұлы Отан Соғысы кезіндегі қазақ поэзиясы. 3. Ұлы Отан Соғысы кезіндегі қазақ прозасы. XX ғасырдың 41-56 жылдары қазақ халқының қоғамдық өмірінде өткен ең үлкен тарихи кезеңді қамтиды. Ол – Ұлы Отан соғысы мен соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңдері. Кеңес Одағының құрамында болған, Қазақстан халқы да 1941-1945 жылдардағы фашистік Германия мен оның одақтастарына қарсы соғысқа белсене қатысты. Бұл соғыс жалпы одақ және оның бодандығындағы халықтар үшін де ауыр кезең болды. Большевиктер өзінің тәуелсіздігінен айырылып қалмас үшін өзіне қарасты барлық халықтарды соғысқа жұмылдырды. Солардың қатарында қазақтар да соғысқа көптеп алынып, Қазақстан елі тұтас күйінде соғыс мүддесіне қызмет етті. Кеңес Одағының Еуропалық бөлігінен көптеген зауыттар мен оқу орындары, сол өңірдің соғысқа жарамайтын кәрі-құртаң, бала-шағалары Қазақстанға көшірілді. Оның үстіне өкіметке сенімсіздік көрсеткен біраз халықтар (шешен, неміс, кавказдық мұсылмандар, т.б.) жер ауып, осында келді. Бұлардың барлығы елдегі жағдайды ауырлатып, тұрғылықты халықтың күн көрісіне кері әсер етті. Ерлер майданға кетіп, жұмыстың ауыртпалығын әйелдер мен жас балалар көтерді. Соған қарамастан, коммунистік партияның үгітінің күштілігімен, одан бұрын да жылдар бойы адам санасына сіңірілген социалистік Отанды қорғау идеясы елді тік көтеріп, соғыста жеңіп шығу жолындағы іске жұмылдырды. Халықтық құлшыныстың күштілігі сондай, көп жерлерде (әсіресе, ауылдарда) жұмыс еңбек ақы төленбей атқарылды. Халық уақытпен де есептескен жоқ. Бейбіт құрылыс ісі тоқтап, елдің бүкіл экономикасы соғыс қажетіне ыңғайланып қайта құрылды. Соғыс кезіндегі қазақ әдебиетінің мазмұнын да осы жағдайлар белгіледі. Жауынгерлік тақырыбы қазақ әдебиетіне бұрыннан да жат емес еді. Қаһармандық эпос пен әр қилы жаулаушылық кезінде туған халықтық лириканың үлгілері де болған. Отызыншы жылдарда Отан қорғау тақырыбының кең қойылуы да қазақ әдебиетінде жаңа ізденістерге жол ашқан. Еуропада фашизмнің бас көтеруі, оның жаулаушылық әрекеттері кеңес елін сақтыққа үйретті. Шекараны берік күзету, ондағы сақшылардың ерлігі бүкіл кеңес әдебиетінде көтерілген. Қазақ әдебиетінде де шекара тақырыбына біраз шығармалар жазылды. Бірақ таныс емес өмірдің қыры мен сырын жетік білмеу қазақ қаламгерлерін онша биік табысқа көтере алған жоқ-ты. Алайда мынандай төтен соғысты қазақ халқы басынан кешірмеген-ді. Сондықтан жаңа дүниежүзілік соғыс жағдайында әдебиетті дамыту оған жаңа мазмұн, жаңа сапа беру бағытында жүруі керек болды. Соғыс кезіндегі қазақ әдебиетін қалыптастыруға қаламгерлердің барлық ұрпағы қатысты. Бұл кезде елде С.Мұқанов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ғ.Орманов, А.Тоқмағамбетов, Ә.Тәжібаев, Ж.Хұсайынов, Ә.Әбішев, М.Хакімжанова әдебиет саласында құлшына еңбек етті. Т.Жароков, Ж.Саин, Ә.Сәрсенбаев, Д.Әбілев, А.Жұмағалиев, Қ.Аманжолов, Қ.Әбдіқадыров, Қ.Бекхожин, Б.Бұлқышев, Б.Момышұлы, С.Омаров сынды ақын-жазушылар қолына қару алып, майданға аттанды. Бұлардың қатарына майдан газеттерінің беттерінде жарияланған жауынгер жырларымен танылған жаңа ұрпақ өкілдері С.Мәуленов, Х.Ерғалиев, Ж.Молдағалиев, С.Сейітов сияқты ақындар келіп қосылды. Халық поэзиясының өкілдері Жамбыл, Нұрпейіс Байғанин, Кенен Әзірбаев, Шашубай Қошқарбаев, Нұрлыбек Баймұратов, Нартай Бекежанов, Доскей Әлімбаев, тағы басқалары өздерінің отаншылдық рухтағы жыр-толғауларын шығарды. Қазақ әдебиетінің осы секілді әр тобынан құрылған қалам иелері бір мақсатқа жұмылып, әдебиеттің алдына соғыс шындығы қойған міндетті атқаруға кірісті. Соғыс мерзімі бес жылға жуық уақытты қамтиды. Оның сұрапыл, алапат күйде өткені болмаса, тарих үшін бұл ұзақ мерзім емес. Оның сыры мен шындығын зерттеп, жаңа көркем туындылар жасау тұрғысында да ол мерзім жеткіліксіз. Сондықтан да соғыстың бес жылы ішінде қазақ әдебиеті іргелі үлкен шығармалар туғыза алған жоқ. Онда соғыстың алғашқы әсерінен туған ұшқыр өлең, публицистика, очерк сияқты шағын жанрлар өрістеді. Соғыс пен оның адам басына түсірген қасіреті жайлы ойлану, оны ерлікпен көтерген адамның жігер-қайратын бейнелеуге ұмтылыс кейін, соғыс шындығын ой елегінен өткізгеннен соң ғана жүзеге асты. 1950-1960 жылдары бұл тақырыпқа үлкен романдар мен поэмалар, жаңа лирикалық туындылар жазылды. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап ұшқырлық танытқан әдебиеттің шағын жанрларының да өз алдына қойған міндеттері бар еді. Олар тұтқиылдан шабуыл жасаған фашизмнің екіжүзділігін, соғыста көрсеткен зұлымдығын әшкерелеп, елді оларға қарсы бүкіл халықтық күреске шақыруға үн қосты. Отанға берілгендікті, халықтар бірлігі мен ынтымағын, майдандағы күрес пен тылдағы жанқиярлық еңбекті жырлады. Мазмұны жағынан үгіттік сипатта жазылған ондай туындылардың халықты дұшпанға өшпенділікке тәрбиелеуге маңызы зор болды. Сөйте жүріп қазақ өлеңі азаматтық лириканың жаңа үлгілеріне бет бұрды. Ол кеңес адамдарының бойындағы азаматтық сезімнің шыңдалуын, майдандағы ерлікті нақты материалдар негізінде жырлау саласында жаңа ізденістер жасады. Бұл тектес шығармалардың бәрінде, әрине, әдебиеттің көркемдік міндеті мен талабы сақтала берген жоқ. Қаламгердің көбі бұрын әбден зерттеп, жазып жүрген етене тақырыптарын тоқтатып, төтенше тақырыпқа ден қоюға мәжбүр болды. Алайда мұның өзі де үлкен сабақ, тарих сабағы еді. Әдебиет қоғам мен дәуір алға тартқан осы міндеттер мүддесінен шығуға ұмтылып, жаңа бағытта ізденістер жасады. Қазақ жауынгерлерінің майдандағы ерлігі, әсіресе, Мәскеуді қорғау кезінде 1941 жылдың күзінде Волоколамск тас жолы бойындағы ұрыста қазақстандық Панфиловшылар дивизиясының ерекше көзге түсуі қазақ әдебиетінің майдан тақырыбын жырлауына тың, мол мәліметтер берді. Қазақ ақындары Бауыржан Момышұлының, Мәлік Ғабдуллиннің, Төлеген Тоқтаровтың, Мартбек Мамраевтың, Әлия Молдағұлованың, Мәншүк Мәметованың, тағы басқа панфиловшы 28 батырдың ерліктерін нақты деректерге сүйене жырлауға тырысты. Мұның өзі соғыс тақырыбын жалпылама жазбай, жеке адамның іс-әрекеті, ой парасаты, жеке басының сезім күйі арқылы көрсетуге бетбұрыс болды. Майдан өмірінің шындығын терең бейнелеуі, солдаттың ішкі сезім күйіне еркін де батыл үңіле алуы жағынан соғыстың ауыртпалығын бастан кешкен майдангер ақындардың шығармалары ерекше бағалы. Әдебиеттің шағын жанрларының қатарында дәстүрлі өлеңге қоса, публицистика ерекше көзге түсті. М.Әуезовтің, С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтің, Ә.Әбішевтің мақала түріндегі толғаныстары, әңгімелері мен очерктері халықты ерлік күреске үндеуде, майдан жауынгерлерінің батырлық істері мен тыл еңбеккерлерінің тыныс-тіршілігін жедел суреттеуде көрнекті қызмет атқарды. Майдангер жас жазушы Баубек Бұлқышевтің әскери публицистикасы («Заман, жастар, біздікі», «Жауыздық пен махаббат», «Өмір мен өлім туралы», «Мен өмір сүргім келеді», т.б.) жас жауынгердің жүрек тебіренісін бейнеледі. Туған елі мен жерін мейлінше беріле сүйген жас азаматтың отаншылдық сезімі де, дұшпанға деген кегі де, замандасына арнаған өмір туралы сыр толғаныстары да осы мақалаларда кең қойылды. Әскери тақырыптың әр алуан жағдайын драманың шағын үлгілері арқылы бейнелеуге Ш.Хұсайынов, Ә.Әбішев, Ғ.Мұстафин сияқты жазушылар қатысты. Олардың бір-екі актілі пьесалары колхоз, совхоз театрларында, көркемөнер үйірмелерінің сахналарында қойылып, елді қырағылыққа шақырды, дұшпанға өшпенділікке баулыды. Соғыстың соңғы жылдары қазақ әдебиеті біртіндеп көлемді жанрларға қарай бет бұрды. Майдан батырларына арналған поэмалар туды. Олардың көбінде соғыс шындығы жеке адамның ерлігі туралы әңгімелерге негізделіп көрсетілді, үлкен жинақтаушылық сипатқа ие бола алмады. Солардың ішінен Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы ғана өзінің идеялық-көркемдік қуатымен үздік орынға ие болды. Қасым онда заман батырының бейнесін, оның өлмес рухын, отты тұлғасын тың суреттермен бейнеледі. Осы кезеңнің аяғын ала М.Әуезовтің «Абай» (төрт томдық эпопеяның бірінші кітабы), Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ батыры», Ғ.Мұстафиннің «Шығанақ», Ә.Әбішевтің «Жас түлектер», Ғ.Слановтың «Жанартау» атты романдары жарық көрді. М.Әуезовтің, Ғ.Мүсіреповтің, С. Мұқановтың, Ә.Әбішевтің, Ә.Тәжібаевтың, Ш.Хұсайыновтың жаңа, көп актілі пьесалары театр сахналарына шықты. Оларда әскери өмірмен бірге, қазақ халқының өткен өміріне, жаңа қоғам құру жолындағы күресіне арналған шығармалар да болды. Соғыс кезінің ұранына сәйкес халықтық ерлікті фольклорлық сюжеттер арқылы танытуға ұмтылыс та байқалды. Халық шаруашылығы экономикасының соғыс жағдайына лайық қайта құрылуы рухани, мәдени өмірдің кең көлемде дамуына мүмкіндік бермеді. Қазақстанда кітап басу ісі шағындалды, баспалар жабылып, бұл саладағы жұмыс бір баспаның (Қазақтың біріккен мемлекеттік баспасы) қолына жинақталды. «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас», т.б. жастар газеттері, «Әдебиет және искусство» журналы жабылды. «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттері шағын форматпен сиректеу ғана шығып тұрды. Бұл жағдайлар әдебиеттің дамуына белгілі дәрежеде ықпал етті. Соған қарамастан, қазақ әдебиеті дәуір талабына үн қосып, жаңа тәжірибе жинақтады. Қаламгерлер тобы азаматтық жағынан шыңдалып, дүниежүзілік екінші империалистік соғысқа қатысқан елдер әдебиеттерімен бірге соғыс философиясын зерттеп, оған өз қатынасын білдіруге мүмкіндік алды. Бұл – басқыншылық соғысқа қарсылық, соғыс атаулыға қарғыс айту философиясы еді. Соғыс тоқтасымен-ақ Кеңес елі бейбіт құрылыс ісіне кірісті. Соғыс бұзып талқандап кеткен халық шаруашьлығын қалпына келтіру елдің алдына үлкен экономикалық міндеттер қойды. Жаңа бесжылдық жоспар жасалды. Оның салмағын сұрапыл соғыстың өткелінен өткен азаматтар арқалауға тиіс болды. Партия әдебиеттің алдындағы міндеттерін де осы әлеуметтік істермен байланысты белгіледі. Соғыс ауыртпалығын өз бастарынан өткеріп келіп, бейбіт еңбекке араласқан адамның өмірі мен еңбегін көркемдікпен суреттеу талабы қойылды. Бұндай заманда қаһарманының ішкі сыры мен қалыптасу жолы да күрделі еді. Соғыста ұтып шыққанмен, оның бойында да, ойында да соғыс салған жарақаттың зардабы аз емес-ті. Ол соғыста құрбан болған жас тағдырлар мен жетім-жесір қалған жандардың, қираған қала мен селоның қайғысын қоса арқалады. Мұның бәрі кеңес елі азаматының ішкі сезім дүниесін байытты, оны өмірдің үлкен мектебінен өткізді. Өмір мен адамның арасындағы осындай қайшылықты қарым- қатынасты терең зерттеу жазушылардан әлеуметтік және философиялық көрегендікті, ой-пікір батылдығы мен суреткердің нәзік сезімталдығын талап етті. Жазушыларды осы міндеттерді орындауға «дайындау» мақсатымен Коммунистік партия өзінің идеологиялық саясатын бірсыпыра қатайтып, соғыс кезіндегі әдебиет пен өнердің барлық саласындағы «бұра тартуларды» түзеуге көңіл бөлді. Осы мақсатпен 1946-1948 жылдар ішінде «Звезда» және «Ленинград» журналдары туралы», «Драма театрларының репертуары және оны жақсарту шаралары туралы», «Ұлы өмір» кинофильмі туралы», «В.Мураделидің «Ұлы достық» операсы туралы қаулылар қабылданды. Оларда одақтық әдебиет көлемінде орын алған «Кеңес шындығын бұрмалап көрсету», «Кеңес адамдарына жала жабу» театр сахналарында «Идеясыз, ұстамсыз» пьесалардың қойылуы, кинофильмдерде «Кеңес шындығының бұрмаланып көрсетілуі», музыкадағы «формалистік элементтер» қатты сынға алынды. Көркемдік шығармашылықтағы идеясыздық пен саясаттан тыс болуға тырысушылықты айыптады. Әдебиет пен өнер қызметкерлерін социалистік реализмге, партиялық принципке берік болуға шақырды. Осы қаулылардың негізінде Казақстан компартиясының орталық комитеті «Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателіктер туралы» (1947) деген қаулы алып, ескі мәдени мұраға сын көзімен қарамағаны, бүгінгі заман тақырыбына жазылған шығармалардың аздығы, қазақ халқы тарихының «бұрмаланғаны» үшін көптеген жазушылар мен ғалымдарды қатты сынға алды. Мұндай қаулылар Қазақстан Жазушылар одағының жұмысы жайлы да, мектепке арналған қазақ тілі мен әдебиеті оқулықтары туралы да алынды. Мұның соңын ала «Правда» газеті «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяңдалсын» (1950) деген мақала басып, «ұлтшылдық» қателері үшін көптеген тарихшыларды сынады. Бұл сындар мен айыптаулардың ақыры қуғын-сүргінге әкеліп соқтырды. Соның салдарынан Е.Бекмаханов, Б.Сүлейменов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Қ.Мұхамедқанов сияқты тарихшы және әдебиетші ғалымдар жау есебінде ұсталып, сотталды. Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, С.Мұқанов, А.Жұбанов, І.Кеңесбаев, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, Ә.Қоңыратбаев, Т.Нұртазин, Ә.Мәметов қызметтерінен қуылды. Мұндай қуғындаулар мен асыра сілтеулер коммунистік партияның жергілікті ұлттарға сенбеуінен, олардың ұлттық мүдделерімен есептеспей, күштеп ұстау саясатынан туындаған еді. Ұлттық интеллигенцияға ол артында бақылаушы барын мезгіл-мезгіл ескертіп қойып отырды, оны қорқытып ұстауға тырысты. 1937 жылдың қанды қырғынынан есін енді жия бастаған халықты сойқанды соғыстың от-жалынына шарпылдыртып, оны жеңіспен аяқтап, еңсесі тіктеле түскенде «ұлтшылдығын» тағы да есіне салған, партия тап осы саясатты көздеген еді. Аталған қаулылар арқылы партия ендігі жердегі идеологиялық жұмыстың бағыт-бағдарын айқындамақ болды. Бұл қаулылардың шектен тыс әпербақандығын, ондағы шығармашылық адамын қудалаудың фактілерін түсінген Н.С.Хрущев кезінде оған аздаған өзгертулер кіргізді. Ол «Ұлы достық», «Богдан Хмельницкий» және «Шын жүректен» операларын бағалауда жіберілген қателіктерді түзету туралы» (1958) деген қаулы қабылдап, алдыңғы қаулылардың қатаң тәртібін жұмсартты. Бұл да, әрине, Н.С.Хрущевтің демократтығынан емес, Сталиннен кейін интеллигенцияға жақсы көрінуге тырысуынан еді. Қазақстандағы «ұлтшылдықты» ол да көріп, оны «жөндеуге» Орталықтан басшылар (П.К.Пономаренко, Л.И.Брежнев) жіберіп, Қазақстан тыңын көтеру үшін Орталық Ресейден, Украинадан, тағы басқа жерлерден халықты жаппай көшіруді ұйымдастырды. Бұл республикада өзінің тұрғын халықтарының санының азайып кетуіне әкеліп соқты. Еліміздің саяси-қоғамдық өміріндегі осындай қиындықтарға қарамастан қазақ қаламгерлері өзінің шығармашылық қызметін жалғастыра берді. Бұл тұстағы әдебиет кадрлары майданнан қайтқан, өмір тәжірибесін өтіп келген ақын-жазушылармен қатар, бірсыпыра жас таланттар есебінен толықты. С.Шаймерденов, А.Шамкенов, Ә.Нұрпейісов, Т.Ахтанов, З.Қабдолов, М.Әлімбаев, Т.Бердияров, Қ.Шаңғытбаев, Ғ.Қайырбеков, Ә.Мәмбетов, т.б. осы кезде әдебиетке келіп, өздерінің болашағын таныта білді. 1954 жылы қыркүйекте Қазақстан жазушылары өздерінің үшінші съезін өткізді. Онда 1939-1954 жылдар аралығындағы әдебиеттің тәжірибесі, көркемдік табысы мен кемшіліктері талқыланды. Съезден кейін 1955 жылдың қаңтарынан бастап соғыс кезінде тоқтап қалған «Қазақ әдебиеті» газеті қайтадан шыға бастады. Қазақ әдебиеті дамуының кейінгі жағдайларына бұл съезд де, одан кейін (1954, желтоқсан) өткен Одақ жазушыларының екінші съезі де пайдалы ықпал жасады. Оларда өмірді тереңірек зерттеу, көркемдікке жетілу, әдебиеттегі түр мен стиль мәселелеріне бірсыпыра көңіл бөлінді. Отызыншы жылдардан басталған қазақ әдебиетінің қарқынды бет алысы бұл кезде бірсыпыра есейіп, идеялық-көркемдік мектебінен өткен еді. Әдебиеттің тұтқасын ұстаған аға таланттар ұрпағы қалыптасты. Осылардың шығармашылық ізденісі арқасында қырқыншы жылдардың екінші жартысында-ақ ұлттық әдебиетіміз үлкен-үлкен шығармалар туғызды. М.Әуезовтің «Абай» романының екінші кітабы (1947), С.Мұқановтың «Ботакөз» болып өңделіп қайта басылған романы («Жұмбақ жалау») мен «Сырдариясы» (1948), Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» (1949), Ғ.Мұстафиннің «Миллионері» (1948) қазақ әдебиетінің өрісін кеңейтіп, оны одақ оқырмандарына, сол арқылы дүние жүзі көлеміне шығарды. 1948 жылы Мәскеуде КСРО Жазушылар одағының пленумында қазақ әдебиетінің жағдайы талқыланып, сонда А.Фадеев оны «профессионалды үлкен әдебиет болып бүкілодақтық әдебиет дәрежесіне көтерілген және сол арқылы дүниежүзілік аренаға шыққан әдебиет» – деп бағалады. Одақтық әдебиеттің басшысы «Абай», «Миллионер», «Сырдария» жөнінде өте жақсы пікірлер айтты.1949 жылы «Абай» романына бірінші дәрежелі Мемлекеттік сыйлық берілді. Аталған шығармалар арқылы осы дәуірден бастап проза қазақ әдебиеті жанрлары ішінде алға шықты. Романдармен қатар, прозаның шағын жанрлары өрістеді. Тың игеру ісіне байланысты очерктер көптеп туды. Дәрісті бекіту сұрақтары:1. Осы жылдардағы қазақ әдебиетінің дамуы қандай дәрежеде болды? 2. Ұлы Отан Соғысы кезіндегі қазақ поэзиясына кімдер үлес қосты 3. Ұлы Отан Соғысы кезіндегі қазақ прозасының дамуы қалай болды? Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 6,7, 9, 12, 15, 16, 19, 20, 21, 22, 24,25, 26,27, 28, 29. 3,4 ДӘРІС 1941-1960 ЖЫЛДАРДАҒЫ ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫНЫҢ ДАМУЫ Дәрістің мақсаты: Осы жылдардадағы жазылған қазақ прозаларының тақырыбы мен идеясы,образдар жүйесін таныстыру Тірек сөздер: әңгіме,очерк, повесть, роман. Дәрістің жоспары:1. С.Мұқановтың «Сырдария» романы. 2. Ғ.Мүсірепов «Оянған өлке» романы. 3. Ғ.Мұстафиннің«Миллионер»повесі,«Қарағанды»романы. 4. С.Шаймерденов,З.Қабдолов,Б.Соқпақбаев,Ә.Нүрпейісов, т.б. жас қаламгерлердің әңгіме,очерк, повесть, романдары. Қазақ романының жаңа бой көтеруі 1942 жылы М. Әуезовтің «Абай жолы» атты төрт томдық эпопеясының алғашқы кітабының жарық көруінен басталды. Бұл – әуелде «Абай» деген атпен жоспарланған екі томдық романның бірінші кітабы болатын. Роман Ұлы Отан соғысының от-жалыны өршіп тұрған шағында жарық көрді. Саясаткерлер соғыс тақырыбына арналған прозалық еңбекті күтіп отырған заманда, бұған керісінше, тарихи тақырыпқа жазылған роман партия басшылығын бәлендей қуанта қойған жоқ. Олар романның жоспарына, негізгі идеялық-көркемдік нысанасына ой жіберіп жатпай-ақ, ондағы ру таластарына, Құнанбай заманының өктем қылығына мән беруге тырысты. Алайда, шын әдебиет сүйетін қауым романды жылы қабылдады. Оған Ғ.Мүсіреповтің «Абай» романы туралы» атты мақаласы (1943) куә. Жұрт романның жалғасын күтті. 1945 жылы Ғ.Мұстафиннің «Шығанақ», Ә.Әбішевтің «Жас түлектер», Ғ.Слановтың «Жанартау» атты романдары басылды. Қазақ халқы өмірінің жаңа кезеңдерінің шындығын тануға ұмтылыс жасаған бұл шығармалар көркемдік ізденістері жағынан да, өмірді тақырыптық қамтуы жағынан да әр қилы болатын. Ғ.Мұстафин романы өмірде болған нақты адам мен оның еңбегі жайлы деректі материалдарға сүйеніп жазылған. Ақтөбе облысының Ойыл ауданында тұратын, Ұлы Отан соғысы кезіндс жанқиярлық еңбек етіп, тарының гектарынан 1232 пұт өнім алып. дүние жүзінде болмаған рекорд жасаған Шығанақ Берсиевтің есімі ол кезде әлемді шарлап кеткен еді. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылымдары Академиясының Президенті Т.Д.Лыссенко тарышы қартқа телеграмма жолдап: «Сіздің телеграммаңызды алғанда, нанар-нанбасымды білмей көп сенделдім. Ең білдім деген ғалымдар гектарынан 200 центнерден артық астық алу мүмкін емес дегенге бекінген еді. Бұл – жай айтылмаған. Өсімдіктер күн қуатын бойына қанша сіңіре алатындығын есептеп барып айтылған болатын. Сіз осы есептен асып түсіп, егін шығымының мөлшері адамның өз қолында екенін дәлелдеп бердіңіз», –деп жазған. Атақшы тарышы өмірінен неміс жазушысы Бертолд Брехт поэма жазған. Әрине, роман Шығанақ өмірі мен оның еңбегін негізге алғанмен, Мұстафиннің Шығанағы – өмірдегі тарышының өзі емес, әдеби жиынтық бейнесі. Осы материалдар негізінде жазушы қазақ шаруалары өміріндегі ұжымдық бірлесудің өнімді, табысты жолын көрсетуді және адам мен табиғат арасындағы өмірлік тартысты жаңа жағдайда бейнелеуді көздеді. Өмір бойы табиғаттан алуға ұмтылған, бірақ жарымаған шаруа еңбегі жаңа дәуірде, ұжымдық шаруашылықтың өркендеуі жағдайында іске асқаны – романның басты тақырыбы. Бұған Ғабиден жаңа қоғамның өзекті мәселесі ретінде қарайды. Шығанақ бойына халықтың диқаншылық өнерінің ұзақ ғасырлар бойы тәжірибесін жинақтаған жазушы оның жаңа жағдайда қалай дамығанын суреттейді. Тарыдан мол өнім алу, жерге табынбай, оны дегеніне көндіру Шығанақтардың ұзақ арманы мен күресінің басты мақсаты еді. «Әкемнің әкесі егінді кетпенмен салған. Әкем Берсі ағаш соқамен салды. Өзім темір соқаға түйе шығырды қостым. Осының бәрі – тарыны көп алудың алға басқан амалы еді»,– дейді Шығанақ. Бірақ феодалдық-патриархалдық ортада өмір кешкен жалғыз-жарым шаруа еңбегі мен оның өнімсіз құрал-сайманы Шығанақтар арманының іске асуына мүмкіндік бермеді. Тек жаңа жағдайда, ұжымдық шаруашылық ортасында, жерді өңдеу мен баптаудың жаңа тәртібі іске асқан кезде ғана жаңа техниканың күшімен бұл арман жүзеге асты. Тарыдан мол өнім алынып, «алпысқа келгенше, алты шақырым жерге аты шықпаған» Шығанақ есімі әлемге танылды. Жазушы мұны қазақ шаруалары жаңа өмірінің жеңісі санайды. Романның проблемалық сипатын ондағы басқа бейнелер де айғақтайды. Мысалға, Олжабек бейнесін алайық Бұл арқылы Ғабиден ұжымдық ортадағы шаруа еңбегінің көпке ортақ сипат алып, шаруалардың біртіндеп жекеменшікшіл сезімнен арылуға ұмтылысын танытуды көздейді. Ол Олжабек бойынан шаруаға тән ерекшелікті де, жеке меншіктік сезімнің басымдығын да көреді. Жаңа өкіметтің шаруаларды біріктіріп, жермен кәсіп етуге баулуын мақұл көргенмен, Олжабек жеке меншігіндегі аз ғана малын ортақтастырудан қашып, колхозға кірмейді. Колхозсыз жер іздеп сандалады. Шаруаларды ұжымдастыру науқаны кезіндегі осындай қылықтар әр жерде болған. Әр халықтың әдебиетінен орын алған. Жазушы жаңа ортада өсіп келе жатқан жастардың бойынан да жаңаша мінез- құлық көреді. Ескінің еріксіз өскен жалтақтығы мен бейнет астында езілген бұйығылығы жоқ жаңа заман жастары Амантай мен Жанботаны өз дәуірінің типтік бейнелері ретінде алады. Олардың жастыққа жарасты мінездері, қоғамға пайдалы еңбегімен байланыстырылады. Еңбекте ерлермен тең түсіп, шыныққан Жанботаның сырт бейнесі шаруа адамына тән етіп сомдалғанымен, ол жаны сұлу жаңашыл қыз. Романға негіз болған Шығанақтың Отан соғысы кезінде әлемдік рекорд жасауы және шығарманың сол тұста жазылуы – тылдағы еңбеккерлердің жанқиярлық еңбегінің соғыс, жеңіс мүддесіне арналуы әсерлі суреттелген. Шығанақ та өнімін Отан қоймасына жөнелтеді. Өз қаражатынан Қызыл Армияға көмек жіберіп, И.В.Сталиннен ризалық білдірген телеграмма алады. Оның төрт баласы Отан қорғау ісіне қатысады. «Жас түлектер» мен «Жанартау» романдары да соғыс кезінің оқи-ғаларына негізделіп жазылған. Оның алғашқысында майданға үстеме көмір өндіру жөніндегі Қарағанды еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі суреттелсе, екіншісінде Ембі мұнайшыларының тылдағы жанқиярлық істері көрініс табады. Шығарманың атынан көрініп тұрғандай, «Жас түлектер» жаңа заманда өсіп, тәрбие алған жас ұрпақ өкілдерінің азаматтық тұлғасы мен еңбегін суреттеуді көздейді. Мәскеуде тау-кен институтында оқып жүрген жастар соғыс басталысымен бірі– Донбасқа, бірі Қарағандыға аттанады. Донбасқа барғандары өндірісті қорғауға, оның құрал-жабдықтарын Қарағандыға көшіруге көмектессе, Қарағандыға келгендер майдан қажетіне мол көмір өндіру, ол үшін көмір комбайнын ойлап шығару істеріне араласады. Жас ұрпақ аға буын жұмысшылармен бірлесе отырып, еңбекте қажырлықтың үлгісін көрсетеді. Қарағандыда өтетін роман оқиғасын Тайман, Қазыбек сияқты қарт жұмысшылардың отбасылық қарым- қатынасына құра отырып, жазушы жұмысшы табы өкілдерінің дәстүрлі өнегесін алға тартады. Жас буын сол үлгіде тәрбиеленеді. Инженер Сәуле Донбастан келген Мирон қарттың көмір комбайнын жасауына көмектесіп, өндірісті ұйымдастыруда белсенділік танытса, жас жұмысшылар Сайран мен Шекердің қазақ аулынан келіп, жаңа кәсіпті игеруге ұмтылысы тәп-тәуір суреттелген. Нұрлан мен Павелдің Донбастағы алғашқы күндерін суреттеу арқылы жазушы жау басып алған өлкеде отаншыл жастардың дұшпанға қарсы күресін бейнелеуді ойлаған. Алайда, ол эпизодтар соғыс шындығын толық аша алмаған. Соны сезгендей романның кейінгі тараулары түгелдей тыл өміріне арналады да, Нұрлан мен Павелдің жау қолында ерлікпен қаза болғаны, оларға «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілгені роман соңында жария етіледі. Романда Ұлы Отан соғысының ауыр сынынан өткен еліміздің халықтарының тұтастығы, патриоттық істері көрініс табады. Кейбір оқиға жүйелерінің шашырандылығы мен жасанды тартыстардың ұшырасып қалатынын айтпағанда, роман өз дәуірінің елеулі туындысы қатарына кіреді. Кейін автор роман оқиғасын драмаға көшіріп, «Достық пен махаббат» атты пьеса жазды. «Жанартау» соғыс кезіндегі Атырау мұнайшыларының өмірінен жазылған. Соғыстың ел басына түсірген салмағы, еліміздің мұнай көздері жау қолында қалып, Қазақстан мұнайын майдан қамы үшін мол өндіру күн тәртібіне қойылған кезде, тылдағы елдің қауырт еңбекке жұмылуы роман сюжетінің негізгі желісін құрайды. Онда суреттелетін кейіпкерлердің бәрі де іс басында, еңбек ортасында, әлеуметтік мүддені ұға, түсіне білген адамдар. Бәрін біріктіріп тұрған нәрсе – соғыс. Ерлер майданға кетіп, әйелдер солардың орнын басқан. Еңбек жасына толмаған жастар да кездеседі. Қажетті өндірісті қамтамасыз ету үшін арнайы әскерден қалдырылған мамандар да бар. Әркім өз орнында, шамасынша адал еңбек етіп, жеңісті жақындатуға үлес қосып жатыр. Негізінен, дәуір шындығын тәп-тәуір суреттеген романда тартыстың әлсіздігі көрінбей қалмайды. Басталған жұмыс еш кедергісіз оп-оңай іске асып жатады. Жазушы Қанат пен Айкүміс отбасының түсініспеуінен тартыс туғызбақ болады. Бірақ ол да өршімей, бір ширап, бір босап созылып барып, жарастылықпен аяқталады. Роман жарық көрісімен қаһарлы сынға ұшырады. Сынның қатал да түгелдей қаралай жазылуы партияның сол бір тұста әдебиет пен өнерге ерекше қатаң талап қоя қарауының салқыны да сияқты. Ол кезде сыналмаған, мінелмеген дүние аз болатын. Кейін роман қайта өңдеуден өтті. «Жанартау»– Ұлы Отан соғысы кезіндегі мұнайшылар еңбегін танудағы елеулі белес. Соғыстан кейінгі дәуір қазақ романының жаңа бір тынысын танытқан, өрісін байытқан кезең болды. Бұл тұста «Абай» романының екінші кітабы (1947) жарық көрді. С.Мұқанов «Жұмбақ жалау» атты романын жөндеп, өңдеп, «Ботакөз» деген атпен қайта бастырды (1948), «Сырдария» деген жаңа роман (1948) жазды. Ғ.Мұстафин «Миллионер» (1948), Ғ.Мүсірепов «Қазақ солдаты» (1949) атты романдар бастырды. Қазақ тілінде кең тарап, оқырманын тапқан осы шығармалар тез арада орыс тіліне аударылып, сол арқылы шетелдерге шықты. Сөйтіп, соғыстан кейінгі дәуірде қазақ романының табысын әлемге әйгіледі. 1948 жылы желтоқсан айында Қазақ әдебиетінің қазіргі дамуы бағытын талқылаған КСРО Жазушыларының пленумы мұны айқын танытты. Бүгін әлемге танылған «Абай жолы» роман-эпопеясының «Абай» деген атпен шыққан алғашқы екі кітабының өзі әуелде солай жоспарланған тұтас туынды болатын. Онда жазушы болашақ ұлы ақынның жастық кезі мен ақындығының оянып, жетілуін суреттеген. Жас Абай тәрбие алған ортаны, оның жүрегін тебірентіп, асыл сезімдерін оятқан дала табиғатын, халқының өнері мен әдебиетін, арманы мен жарқын үмітін, достығы мен тұңғыш махаббатын кең ашу арқылы жазушы бірінші кітап бойында оны ақындыққа дайындады. Осы ортада романтикаға бөленген жас Абайдың біртіндеп өмірдегі талас-тартысты сезінуі, Тоғжаннан айрылуы, Қодар мен Қамқа өлімі сияқты сұмдықты көруі, суынуы, толғануы да нанымды суреттеледі. Ал, екінші кітапта ол шығармашылық сезімге ауысады, білімін кеңейтеді, орыс әдебиетінің, достарының көмегімен ой-өрісін толықтырып, халық өміріндегі әдебиеттің зор маңызын ұғу дәрежесіне көтеріледі. Оның бұл кездегі өмірге, оның күрделі жағдайларына деген көзқарасы ақын өлеңдерінде кең көрінеді, жазушы оның шығармашылығына сүйене отырып, Абайды толғантқан қоғам дамуы, адамдардың ара қатынасы, адамгершілік, гуманистік мінез-қылықтар мәселелерін қозғайды. Сол арқылы қазақ қоғамының ақынмен тұстас кезеңінің барлық жағдайларын, халық өмірінің терең жасалған көркем суретін береді. Халықтың жақсы арман-тілегі Абай бейнесі арқылы жинақталып көрсетіледі. Академик Қ.Сәтбаевтың «Абай» романын «XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ өмірінің энциклопедиясы» деп атауы да осыдан. Романның үшінші, төртінші кітаптары «Абай жолы» деген атпен 1952, 1956 жылдары жарияланды. Осыған байланысты төрт томдық роман-эпопея тұтас күйінде – «Абай жолы» аталды. «Абай» романының соңғы беттерін жазушы «Алда–өмір, тартыс. Сол тартыста бұл жалғыз. Шынға келсе, жапа-жалғыз. Рас, оның бір қуаты, бір үміті бар екені рас. Қуаты – ақындық, үміті – халық» деген сөздермен аяқтаған еді. Төрт томдық роман-эпопеяның композициялық құрылымы да, стилі де, жазушының тілі мен суреткерлік шеберлігі де келісімді тұтастықта көрінеді. Жазушының шындықты сезінуі мен суреттеуінде үлкен ойшылдық бар. Ол өмірге Абай көзімен қарап, Абайша сезінуден туған. М.Әуезов романының жанрлық үлгісі әдебиет сынында және ғылымда «роман- эпопея» деп танылды. Ондағы жеке адам өмірінің қоғам, халық тарихымен сабақтастығы, сан қилы топтар мен таптардың қатар, са-лыстырыла суреттеліп, қарама-қайшылықта өмір сүруінің көріністері, ұрпақтардың бірі өтіп, бірі оның орнын басып жаңарып жатуы, жеке адам мен оның отбасылық тіршілігінің тарихи-әлеуметтік маңызға ие болуы, оның ой-пікірінде замандастарының тіршілігі мен арман-тілегінің терең толғам табуы – бәрі де эпопеялық кеңдікпен бейнеленеді. «Роман-эпопеяда кейіпкердің образы көптеген уақиғалар елегінен өтудің нәтижесінде сүргі көргендей болып майдаланып, тұжырымдалып қалмайды, – деп жазған еді белгілі әдебиет сыншысы және ғалым Темірғали Нұртазин, – қайта айқындалып, толыға, тұлғалана түседі, қатардағы романдарда бола бермейтін қасиет толымдылығына жетеді. Көлемі мол болғандықтан, роман-эпопеяда кейіпкерлердің рухани өмірі әлденеше кезеңдерде кеңінен суреттеледі. Кейіпкерлердің өзара қарым-қатынасы да, уақиға атаулының іштей бір-бірімен байланысы да кең бейне табады. Конкретті дәуірдің энциклопедиялық типтерінің ой-арманы мен әрекеттерінен сол заманның сан құбылмалы сыры аңғарылады. Роман-эпопеяда сан алуан адамдардың көзқарасы мейлінше кең суреттелгендіктен, бұл жанрда тарихи және философиялық романның қасиеттері түгел тоғысады. Әуезов романы осы қасиеттерді бойына жинақтаған үздік туынды болды. Оны қазақтармен бірге орыс сыны да жоғары бағалады. Ол орыс және шетел тілдеріне көп аударылды. Оған 1959 жылы КСРО-дағы ең биік сыйлық – Лениндік сыйлық берілді. С.Мұқановтың «Сырдариясы» мен Ғ.Мұстафиннің «Миллионері» бүгінгі күн тақырыбын игеруге арналған шығармалар еді. Оларда соғыстан кейінгі өмірдегі еңбектің рөлі, еңбек адамдарының жаңа бейнелері жасалды. Дәуір сипаты мен өзгешеліктерін зерттей отырып, авторлар жаңа адам бойында өмірге, әлеуметтік іске тың көзқарастың тууын, сапалық өзгерістерді романдарына арқау ете білді. Бұл романдардың басты кейіпкерлері – жаңалықтың жетекшілері. Отанға, елге, халыққа деген сүйіспеншілік, аянбай еңбек ету – олардың бойындағы ерекше белгілер. Олар бұрынғыдай таптар арасындағы күресті шындауға қызмет етпейді, Отанды көркейтер, оның күш- қуатын арттырар іс-әрекеттерге күш жұмсайды. Осыған орай Мұқанов адам мен табиғат арасындағы тартысты негізге алып, табиғат қазынасын игілікке жаратуды бейнелесе, Мұстафин қазақ аулының болашағын Жомарт сияқты маман басшылардың көрегендігімен байланыстырады. Бұлардан сәл кештеу жазылғанымен, Ғ.Слановтың «Шалқары» да (1954) тақырыптық жағынан осы романдарға жақындау. Ол әуелде «Кең өріс» (1949) атты повесть күйінде жарық көрген еді. Жазушы оны толықтырып, қайта өңдеп, романға айналдырды. Онда суреттеліп отырған өмір шындығы көріністері, жазушының ұстанған бағыты, адамдар тағдыры Ғ.Мұстафиннің «Миллионерімен» өзектес. Мұнда да соғыстан кейінгі ауылды көтеру, онда жаңа құрылыстар (Шалқарда жаңа типті село салу, Таскескенге жол тарту, т.б.) салу, халықтың тұрмысын жеңілдету жолдарын іздестіру шаралары сөз болады. Екі шығарманың басты кейіпкерлері барды қанағат тұтпай, өмір талабына лайық өршіл идеяларды алға тартады, еңбек етуден қуаныш табады, еңбек романтикасына елігеді. Бұл – әрине, екі шығарманың бірін-бірі қайталауы емес, бір тақырыпты жазған екі жазушының дүниеге көзқарастарының ұштасуы. Ғабиден сияқты, Сланов кейіпкерлері де барынша дараланып берілген. Соғыстан кейінгі дәуірде кеше ғана өткен Ұлы Отан соғысының сабақтарын саралауға, ел басына күн туған кездегі азаматтардың ерлік іс-терін, мінез- құлқын, халық өмірін эпикалық үлгіде бейнелеуге арналған жаңа романдар легі туды. Оны Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романы бастады. Бұл шығарма әуелде Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұловтың майдандағы ерліктерін әңгімелеген «Қазақ батыры» (1945) деген шағын повесть күйінде жарық көрді. Кейін оны жазушы түгелдей қайта жазып, жаңа атпен жариялады. Соғыс тәжірибесін жинақтауда, халық ерлігінің рухани мазмұнын және оның қайнар көзін ашуда бұл романның орны үлкен. Онда жаңа заман батырының туу, тәрбиелену, өсу жолы кең бейнеленген. Қайрошты өсіріп жеткізген қоғамдық орта мен ондағы өзгерістер кейіпкер тағдырымен байланысып, жарасымды суреттеледі. Қайрош батырлығы ескі ұғымдағы көзсіз ерлік емес, қарапайым адамның Отан алдындағы борышын түсіну мен оны абыройлы орындау жолындағы сезімнен туады. Сонымен қатар жазушы Қайроштың өмір жолында кездескен күнделікті тіршіліктің келеңсіз жайларын улы кекесінмен түйреп, сынап отырады. Дәрісті бекіту сұрақтары:1. Осы жылдардағы жазылған қазақ прозаларының тақырыбы мен идеясы не? 2. С.Мұқановтың «Сырдария» романы не жайлы? 3. Ж Ғ.Мүсірепов «Оянған өлке» романы не жайлы? Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 6,7, 9, 12, 15, 16, 19, 20, 21, 22, 24,25, 26,27, 28, 29. 5,6 ДӘРІС 1941-1960 ЖЫЛДАРДАҒЫ ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ДАМУЫ Дәрістің мақсаты:Соғыс жылдарындағы және соғыстан кейінгі жылдардағы поэзияның дамуын түсіндіру. Тірек сөздер: жыр, толғау, поэзия, поэма, өлең. Дәрістің жоспары:1. Ұлы Отан соғысымен байланысты туған жырлар. 2. Ж.Жабаевтың соғыс жылдарындағы жырлары. Қырқыншы-елуінші жылдардағы қазақ поэзиясы қайшылықты, алуан құбылыстарға толы. Тарихи-әлеуметтік тұрғыдан зер салғанда, өзінің идеялық тұрғысы мен бағытын, әлемдік аренадағы өз салмағын біршама айқындап үлгерген тосын сипатты, жаңа да жас мемлекеттің рухани және экономикалық өміріне оның күретамыры іспетті идеялық болмыс-бітімі ғана емес, Сталиннің де жеке тұлға ретінде айрықша ықпал жасағаны сөзсіз. Демек, осы екі фактор – бір объективті тарихи дамудың бұған дейін болып көрмеген өзгеше саласына түскен мемлекеттің саяси-экономикалық, тарихи-әлеуметтік бітімі болса, екіншісі – яғни субъективті ықпал – Сталиннің жеке басының пайымы мен пәрмені. Міне, осы екі фактордың жиырмасыншы жылдардың екінші жартысынан бастап, Сталин қайтыс болғанға дейін жалпы мемлекеттің бүкіл өмірінде айрықша маңызды рөл атқарғанын ескермейінше, бұл кезеңдегі рухани саланы әділ бағалауда, терең түсіну де мүмкін емес. Әлеуметтік-тарихи өзгерістер мен құбылыстарға қашанда алдымен үн қатуға, өз үнін білдіруге әзір, елгезек халық ақындары соғыс жылдарында жиі көрінді. Дүниеге келу процесі жазба әдебиет шығармасына қарағанда әлдеқайда жедел, тыңдаушыға тікелей идеялық-эстетикалық әсер ете алатын ұшқыр, көркемдік нысанасы айқын ауыз әдебиеті туындылары – халық ақындарының өлең- жырлары алдымен ауызша айтылып, содан кейін мерзімді баспасөз беттерінде, одан кейін жинақтарда жарияланып жатты. Ақындар айтысында да соғыс жылдарының шындығы, мәселелері – жетістіктер мен кемшіліктер көрсетілді, әр өлкедегі сәулелі сәттер марапатталып, көлеңкелі тұстар нақты мысалдар арқылы сынға алынды, содан соң жеке кітап болып басылып шықты («Ақындар айтысы», 1944).Әсіресе, ұлы Жамбылдың даусы асқақ та айбынды естілді. Оның мерзімді басылымда күн құрғатпай жарық көрген, бүкіл еліміздің радиоларынан күн сайын дерлік саңқылдап, асқақ шабытпен оқылған, туған елге деген махаббатқа, құрметке толы жалынды жырлары жеке кітап болып шығып жатты. Жамбыл Жабаев «Шығармалары» (1940), «Болат тонды батырлар» (1941), «Майдан жыры» (1942), «Отан әмірі» (1941), «Майдан жыры» (1942), «Алынбас қамал» (1943), «Қамал бұзған қаһарман» (1945) жеке кітап болып ұсынылды. 95 жастағы қарт жыраудың тарихи-саяси жағдайды жете байыптауға мүмкіндігі болмағандықтан, республика үкіметі тарапынан, әр түрлі ресми және шығармашылық ұйымдар тарапынан оның әдеби хатшыларына (Ә.Тәжібаев, Ғ.Орманов, Т.Жароков, Қ.Әбдіқадыров) ықпал жасалып, қарт ақынның сол тұстағы кеңес мемлекеті басшыларын, Сталинді мадақтау да тапсырылғаны, олардың кеңес елін бақытты болашаққа бастайтын тұлғалар ретінде түсіндіруге айрықша күш салынды. Бүгінде Жамбыл шығармаларын, оның идеялық нысанасына емес, көркемдік кестесіне байланысты бағалағанда ғана, ақынның, сол арқылы сол кезеңдегі жалпы халық поэзиясының, ауыз әдебиетінің көркемдік айырмашылықтарын тереңірек түсінуге болады. Бірінен бірі асып түсетін небір айшықты теңеулер, образдар, тұтқиылдан тап басатын эпитеттер, айтыс ақындарында жиі кездесетін тәсіл – градацияны шебер пайдалану сол қызумен, сол шеберлігімен жазба әдебиетке, оның ішінде поэзияға ықпал жасау заман, кезең шындығын образ-категориялар арқылы да айшықтау сол арқылы халқымыздың ұлттық рухының басылмай, заман ауыртпалығының астында тапталып жаншылмай, қайта іштей буырқанып, булыға қайраттанып, қор жинай беруіне, ұлттық көркемдік ойдың салалана, тармақтала беруіне, көркемдік танымның көкжиегі кеңи түсуіне, халықтың эстетикалық талғамын өз тұрғысынан кемелдендіруіне, рухани ширығып жігерленіп өсуіне зор ықпал жасағанының нақты мысалдары. Бұл орайда бір-екі мысал келтірумен шектелейік. Ұлы жырау Жамбылдың ұлы Алғадай майданда мерт болғанда, көз жасын төгіп, жылап айтқан жыры бүкіл қазақ даласының, қазақ халқының көз жасы, ауыр қайғысы болып, байтақ сахараға кең тарады: Алатауды айналсам, Алғадайды табам ба? Сарыарқаны сандалсам, Саңлағымды табам ба? Көкірегін кернеген зар, ауыр қайғы осылайша фольклордағы жоқтау сарынын еске салып, фольклордың ұлттық рухтың алтын қоры ретіндегі қызметін көрсете отырып, халықтың көкірегінде басқыншы жауға деген ыза-кегін оятты, ашу отын тұтандырды. Сол себепті Жамбылдың: Асқар таудай еліме, Байтақ жатқан жеріме, Шапты фашист дегенде, Ашуменен аралас Жыр да келді көмейге, Қаһар қаулап денемде, -деген тегеурінді толғанысы қиындықтан шираған, ашумен кектен шиыршық атқан жалпақ елдің жүрекжарды сөзі болатын. Бұл ретте, әрине, кеңес идеологиясының күллі мемлекеттік көлемде ғажап серпінмен үздіксіз, қисапсыз жұмыс істегенін, соның арқасында «Отаным – Совет Одағы» деген ұғымның қалыптаса бастауына, Ленин идеяларын кезең талабына үйлестіре пайдалануы да көп көмегін тигізгенін ескеру керек. Мерзімді баспасөз беттеріне, жинақтарға ақындардың осы рухта дабылдатып өрлейтін, майдангерлер ерлігін оятуға себі тиетін шығармалар бірінші кезекте іріктеліп алынды. Бұл кездегі поэзиядағы тақырыптық бірыңғайлықтың орын алуына осындай талап қоюшылықтың әсері тиді. Мәселен, Жамбылдың «Майдан жыры» (1942) атты кітабына енген жырлар: «Ленин қаласындағы өрендерім» (кейін ақын қайта толғаған соң «Ленинградтық өрендерім» болып өзгерді), «Москваға», «Қаһарлы Москва қамалы», «Совет гвардецтеріне», т.б. болып келеді. Немесе Нұрпейіс Байғаниннің таңдамалы шығармаларында (1945) «Зор майданға шапшаң бар», «Сталиндік сұңқарлар», т.т. тәрізді туындылар бар. Бұл сипат сол кездегі халық ақындарына да, жазба поэзия өкілдеріне де тән. Кеңес идеологиясы халық ақындарының шығармаларын жариялағанда, ең алдымен, бүкіл халықты жауға қарсы күреске жұмылдыруды мақсат еткені мәлім. О.Шипиннің «Аманкелді» (1943) қиссасына жазылған «Сөз соңында» «Жауынгерлер батыр атасының ерліктерімен таныссын, ол ерліктер неміс басқыншыларын талқандауда оларға рух берсін. Біздің тілегіміз де осы» деп ашық айтылады. Алайда халық ақындарының шығармаларында отарлаушыларға қарсылық айқын немесе жол-жөнекей көрсетілген жағдайда жариялана берген жоқ. Мәселен, Жамбыл арнайы барып емделетін, сол кездегі атақты тәуіп, әрі балуан, әрі ақын Тәжібай Байбағысұлының «Байсейіт батыр» атты дастанын Ә.Қоңыратбаев 1940 жылы жазып алса да, жарық көрмеген. Аталғандардан басқа да халық ақындарының, мәселен, Д.Әлімбаевтың «Толғау» (1941), Н.Байғаниннің «Ақын шабыты» (1940), И.Байзақовтың «Ақбөпе» (1945), «Кавказ» (1941), Н.Баймұратовтың «Ер Төлеген» (1945), С.Керімбековтің «Бес мылтық» (1940), Ш.Қошқарбаевтың «Сөйле, Шашеке» (1942), М.Мөңкеұлының «Қарасай-Қази» (1943), О.Шипиннің «Аманкелді» (1942) сияқты кітаптары оқырмандарға жол тартты. Міне, осындай жағдайда кең таралған, қалың елдің құрметіне ие болып, еңсесі түспей, ертеңгі күнге үміт артуына, ауыр қайғыдан аршылуына, батыр бабаларының ерлігін еске алып, аруағын шақыруына, торығу торынан құтылуына халық ақындарының сіңірген тарихи еңбегі баға жеткісіз. Сол кездегі кеңес елі құрамындағы алуан халықтардың қай-қайсысында да халық шығармашылығы өкілдері зор еңбек сіңірді десек те, қазақ, қырғыз, қарақалпақ секілді көшпелі өмір салтын ұстануға мәжбүр болған елдер үшін халық ақындарының шығармашылығы қайталанбас, тарихи мәні зор құбылыс болғанын айрықша ескергенде ғана, сол тұстағы халықтың рухани тіршілігін біршама нақтырақ, ауқымдырақ сезінуге болады. Мәселен, бір ғана Жамбылдың өзі соғыстың алғашқы төрт жылында үш мың жолдай жыр төкті. «Ленинградтық өрендерім» атты өлеңі фашистер айнала қоршаған Ленинград қаласында ірі-ірі әріптермен плакат ретінде жазылды. Бұл сөздерді оқыған жауынгерлер керемет рухтанып, арыстандай арпалысты, тұтқын боламыз ба деп қобалжыған ленинградтықтар Жамбыл сөзінен Отан дауысын, ата сөзін естіп, мыңдаған адам көздеріне жас алып, тебірене оқып, жігерленді. Поэзияның мұндай ғажайып белсенді рөл атқаруы тарихта сирек. Соғыс жылдарындағы поэзияда азаматтық әуен айқын естілді. Сонымен бірге саяси лирика, публицистикалық бояулар да молынан ұшырасты. Мерзімді басылымдарда жауынгерлердің ерлігін, отты жылдардың ерекшелігін, елдегі еңбеккерлердің үміт-арманын бейнелеген жырлар жиі-жиі жарияланды. Алайда бұл тұстағы поэзияда тақырыптық біржақтылық орын алғанын айту керек. Көркем әдебиет пен өнер қайраткерлері коммунистік партияның идеологиясын бір жақты бағытқа айналдырып, «кезең шындығын, жалпы бүгінгі өмірді тек қана ұнамды қырынан көрсету керек» деген, сталиншілдер қойған талапқа қарай шарасыз икемделді. Әрине, бұл арада мыңдаған, миллиондаған адамдардың сол тұста Сталиннің абырой-беделіне кәміл сенгенін де ескеру керек. Дегенмен майдандағы, тылдағы барлық шындық түгелдей айтылмады, ашып айтуға мүмкіндік берілмеді. Соның салдарынан тақырыптық біржақтылық орын алды. Әйтсе де кілең ерлік, отаншылдық сезімі мен сол сезімнен, сол сенімнен туған толғаныстар жалпы халықтық отаншылдықты, жалпы халықтық ерлікті туғызды. Поэзиямызда екі саладағы қалам қайраткерлері тізе қоса, жұмыла жыр төкті. Біріншісі – Жамбыл, Нұрпейіс бастаған халық ақындары. Бұл қатарда Иса Байзақов, Шашубай, Нұрхан Ахметбеков, Қуат Терібаев, Әбдіғали Сариев, Саяділ Керімбеков, Қалқа Жапсарбаев, Орынбай Тайманов, Қайып Айнабеков, Үмбетәлі Кәрібаев, Омар Шипин, Жақсыбай Жантөбетов, Доскей Әлімбаев, Төлеу Көбдіков, Нартай Бекежанов, Кенен Әзірбаев, т.б. бар. Бұлардың жыр- толғауларында фольклорлық дәстүр, эпостық бейнелеу мүмкіндіктері – образдар, толғану мен толғау мәнері, кейіпкер табиғатын ашу ажарлау тәсілдері кеңінен пайдаланылды. Жамбылдың аталған өлеңіне қоса, «Қамал бұзған қаһарман», «Аттан, батыр ұрпағым», т.б. қыруар жырларында ашынған елдің айбарлы ерлігі, қаһармандық қуаты жырланса, Нұрпейіс Байғанин «Жанышта, жауды жанышта», «Өренім, ұлым, құлақ сал», «Майданға, батыр ұлдарым» тәрізді өлеңдерінде ерлік рухын өршіте түсуге, жігерлене жауға қарсы айқасуға шақырды. Екінші сала – жазба поэзия өкілдері. Атап айтқанда, Абай шығармалары (1943,1944,1945),Қ.Әбдіқадыровтың«Батыр» (1940),«Серт»1945), Д.Әбілевтің «Жүректен» (1945), «Майданбек» (1943), М.Бектембекованің өлеңдері (1940), Қ.Бекхожиннің «Шеру» (1944), Д.Еркімбековтің «Айдай» (1945), І.Есенберлиннің «Айша»(1945),«Сұлтан»(1945), Т.Жароковтың «Зоя туралы жыр» (1944), «Нарын» (1940), «Сталин сұңқарлары», З.Қалауованың «Шолпан» (1941), А.Жұмағалиевтың «Таңдамалы өлеңдері» (1945), С.Мұқановтың «Алыптар туралы аңыз» (1942), «Біз жеңеміз» (1942), Т.Мұқановтың «Жауынгер жыры» (1943), Ғ.Ормановтың «Емен» (1945), «Халық қаһарманы» (1941), ұжымдық «Өлеңдер жинағы» (1945), ұжымдық «Поэмалар» (1940), Ж.Саинның «Жорық жырлары»(1944), «Күләнда»(1945), Қ.Сатыбалдиннің «Әлия»(1945),Ә.Сәрсенбаевтың «Ант» (1940), ұжымдық «Сталинградты жауға бермеңдер» және «Тарту» (1940), Ә.Тәжібаевтың «Перне» (1942), А.Тоқмағамбетовтің «Ажалды жеңген алыптар» (1944), «Маршалдар шықты майданға» (1941), «Мұнай бер» (1943), Қ.Шаңғытбаевтың «Ар» (1945), т.б. өлең, поэмалар жинағы кітап болып шықты. Бұларда қаһарлы жылдардың шындығы түрлі тұрғыдан кестеленді. Фашист басқыншыларын тас-талқан етіп күйретуге шақырған, қан майданда қаймықпай айқасуға үндеген, «қанға – қан, жанға – жан» деген ата-бабамыздан қалған ұранды ту етіп ұстап, зұлым жаудан кек алуға бастаған өлеңдермен қоса жаудың сиқын, зұлымдығы мен қанішерлігін ашына, ашумен әшкерлеген туындылар да молынан жарық көрді. Ақындарымыздың идеялық-өмірлік нысанасы ортақтығы себепті тақырыптық ұқсастық басым болды. Мәселен, А.Тоқмағамбетовтің «Ажалды жеңген алыптар» (1943) атты жинағындағы өлең аттарына назар аударайық. «Жеңіс бұйрығы», «Күйреген план, қайырылған қанат», «Сермей, соқ», «Аға, іні, туысқан», «Халықтың сәлемі», «Шабуылға», «Кавказға», «Жауынгер қазақ жастарының маршы», «Достық», «Қуаныш», «Ата мен бала», «Қош, бауырым Панфилов», «Халық қаһарманы», «Мерген қыз» (атақты мерген, 309 немісті өлтірген Людмила Павличенкоға арналған), «Ажалды жеңген алыптар» (Кеңес Одағының Батыры Васильев пен Шемякин жолдастарға) секілді айдарынан-ақ кімге, неге арналғанын аңғару оңай. Бұл кезеңдегі поэзияға тән тағы бір сипат – сол тұста кең таралған әңдердің ырғағына бейімделген өлеңдердің жаппай болмаса да, ара-тұра жарық көруі. Мәселен, Т.Жароковтың «Гәккугай» әніне ыңғайлап жазған «Жаңа жыр» атты өлеңі «Қиратамыз дұшпанды, Қақ майданның төрінде мен» тамамдалса, отызыншы жылдары жазылған «Миллион толқынның» ырғағына икемделген келесі «Миллион толқыны»: Аттан, халық, Талқандалық, Фашизмнің ордасын, – болып, мазмұндық өзгерістер енгізілген. Үгіт-насихаттық рухтағы жырларда фольклорымыз бен төл әдебиетіміздің дәстүрлі тәсілдері, бейнелеу құралдары молынан пайдаланылса, өткен ғасырдан бастап (Абай, Ыбырай) 20-жылдардан кейін тіпті күшейе түскен батыс әдебиетінің ықпалы айқын сезіледі. Бұған, әрине, мемлекеттік саясаттың барлық түрлерінің орыс тілінде жүргізілуі, сондықтан орыс әдебиетінің мемлекет ішіндегі өзге ұлт республикалары үшін басты ықпалдық қор қызметін атқаруы алабөтен әсер етті. Болмыс шындығын бейнелеудегі амал-тәсілдері, түрлі ізденістері, бейнелеу құралдары, романтикалық рух, реалистік мазмұн жағынан айтарлықтай үлгі болғанын атап айту керек. Шет елдердің ақындарының шығармалары орыс тіліне аударылуы арқылы өзге ұлт республикалары ақындары үшін көркемдік тәжірибе, көркемдік нәр қызметін атқарды. Ал Шығыс әдебиетінің барлық эстетикалық құбылыстары жете бермеді, тек кеңес өкіметінің мақсат-мүддесіне септігін тигізеді-ау деген туындылары іріктеліп аударылды. Оған қарағанда, Батыс ықпалы айқын да басым көрінді. Мәселен, Ә.Тәжібаевтың «Перне» (1942) атты жинағындағы «Ленинград» өлеңіндегі: Дабылыңнан оянғанмын, Жарығыңнан ой алғанмын. Тамырыңнан таралғанмын, Жалыныңнан жаралғанмын. Жүрегімнен өшпейтін ат – Ленинград, Ленинград! –секілді толғаныстары Гейне поэзиясын еске салады. Алайда жалаң еліктеу емес, қазақ ақынының ой мен қуатқа, тегеурінді тебіреніске толы өзіндік өршіл үні асқақ естіледі Соғыс жылдарындағы өлеңдердің көпшілігі көркемдік жағынан ала-құла. Сол тұстағы кез-келген дарынды ақынның кітабында да шынайы көркем шумақтарға орта қол жол-тармақтар, шумақтар қосанжарласып жүреді. Мұны ақындарымыздың шеберлігі, таланты жетпеуінен емес, сол кездегі жалпы өлеңге қойылар эстетикалық талаптың айтарлықтай биік деңгейде болмауынан, мұның өзі, түптеп келгенде, көркемдік талғамның да көңілдегідей болмауына байланысты екенін ескеру керек. Сонда ғана толымсыз ұйқастардың жаппай ұшырасуын, ала-құла шумақтардың шұбырып жүру себебі мен сырын түсіне аламыз. Мәселен, қысқа өлеңнің шебері, биязы лирик Ғ.Ормановтың «Жар сыры» деген өлеңінің мына шумақтарына зер салайық: Хат алып қуандым, Сағынған кезімде. Жанымды суардым, Жалынды сөзіңе. Осы шумақтардан «Жанымды суардым, Жалынды сөзіңе» деген образды жолдар ғана бейнелік жаңалығымен, динамикасымен талғам көзіне жылы ұшырайды. Басқасы – қарапайым, ұйқастың уысындағы тіркестер. Кейде қарабайырлыққа ұласып кететін мұндай қарапайым, «кәдуілгі» жол, шумақтардың ұшырасып отыруының тағы бір себебі – әлбетте, соғыс жылдарындағы жанталаста, жан ышқынған шақта өлеңді өңдеп, үкілеп отыруға мүмкіндіктің, сірә, жете бермеуі. Қиян-кескі шайқастардан кейін таразы басы кеңес жауынгерлеріне қарай ауған шақтан бастап, көңіл күйі біртіндеп түзеліп, өлеңдердің көркемдік деңгейі де көтеріле бастағаны байқалады. Мәселен, Ғ.Ормановтың 1945 жылы шыққан «Емен» атты кітабындағы «Мәлік» атты өлеңі батырдың кішіпейілділігін жақсы білетін жұртттың көзіне бірден ыстық көрінеді............... Дәрісті бекіту сұрақтары:1. Соғыс жылдарындағы және соғыстан кейінгі жылдардағы поэзияның дамуы қандай деңгейде болды? 2. Ұлы Отан соғысымен байланысты туған қандай жырлар бар екен? 3. Ж.Жабаевтың соғыс жылдарында жарық көрген қандай жырлары бар екен? Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 12, 15, 16, 19, 20, 21, 22, 24,25, 26,27, 28, 29. 7,8 ДӘРІС 1941-1960 ЖЫЛДАРДАҒЫ ҚАЗАҚ ПОЭМАЛАРЫ Дәрістің мақсаты: Осы жылдары жазылған поэмалардың тақырыбы, идеясы не екендігін толық меңгерту. Тірек сөздер:поэма, идея, жанр, пафос, қаһар. Дәрістің жоспары:1. Ж.Жабаевтың «Өтеген батыр» поэмасының тақырыбы мен идеясы. 2. Соғыс жылдарындағы поэмалар. 3. Соғыстан кейінгі жарық көрген поэмалар. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының қаһарлы күндері бұл тұстағы поэма жанрында да заманалық ерлік пафос туғызды. Қазақтың эпикалық поэзиясындағы шын мәніндегі жауынгерлік дәстүр осы жылдарда айқын көрінді. Бұл жылдары қазақ поэмасы ежелден келе жатқан халықтың жауынгерлік дәстүрін, отаншылдық сезімін, үлкен патриоттық рухын бойына сіңіре отырып, құлашын кең жайды. Бұған Қ.Аманжоловтың, Т.Жароковтың, Қ.Бекхожиннің, Ә.Сәрсенбаевтың, С.Бегалиннің, М.Хакімжанованың поэмалары дәлел. Жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы поэмаларға қарағанда, бұл кездегі қазақ поэмаларының сипатында елеулі өзгерістер болды. Әсіресе ол шығармаларда уақыт тынысы, оның халықтық сипаты, ерлік сарыны айрықша көрініс тауып отырды. Барлық поэманың да идеялық-мазмұндық арқауы – халықтың шапқыншы жаумен шайқастағы ерлігін мадақтап, әлемге паш ету болды. Соғыстың алғашқы тұсында жазылған Т.Жароковтың «Қара мұртты Қаплан», С.Бегалиннің «Ажар» сияқты поэмаларында бүкіл отандастарымыздың жауға қарсы күреске білек біріктіре отырып аттануы нақты кейіпкердің өмірі арқылы нанымды баяндалғанын көреміз. Қаплан, Қайрат, Ажар сияқты патриоттық бейнелер сол тұстағы шындықтың типтік көріністерінен едәуір хабар бергендей. Қазақ ақындарының поэмаларында өмірде болған нақтылы, тарихи оқиғалар мен тарихи кейіпкерлер де көрнекті орын алды. Олар Отан соғысының даңқты батырларын кең тынысты жанрда бейнелеуге ұмтылды. Қ.Бекхожиннің, Қ.Аманжоловтың, Ә.Сәрсенбаевтың, М.Хакімжанованың, Т.Жароковтың, С.Бегалиннің поэмаларында дауылды жылдардағы халық өмірінің эпикалық суреттері бірсыдырғы дұрыс берілді. Қазақ поэмаларында Мәскеуді қорғауда теңдесі жоқ ерлік көрсетіп, атағы бүкіл әлемге жайылған жиырма сегіз батырдың, жаумен айқаста ерлік туын биік ұстаған даңқты батыр, қазақ ақыны Абдолла Жұмағалиевтың, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың қаһармандық бейнелері сомдалған. Елімізге опасыздықпен баса-көктеп келген фашистердің жауыздық істері уытты жолдармен әшкереленіп отырды. Бұл жылдарғы поэмалардың тағы бір ерекшелігі – оларда ақын мен кейіпкердің бір-бірімен жақындасып, етене бірігуінің күшейе түсуі. Поэмаларда ақын бас кейіпкердің өнегелі іс-әрекетін, батырлық тұлғасын суреттей отырып, оны өз бауырындай сезінеді, онымен сырласады, пікір-кеңесін, ой-сезімін ортақтастырады, кейде тікелей сөйлеседі, бірге қуанып, бірге ренжиді, бірге дұшпанға қарсы кектенеді. Оның ерлігіне сүйсінсе, өліміне қабырғасы қайыса жас төгеді. Бір сөзбен айтқанда, ақын мен кейіпкер сезімі қабырғаласып, қатар жарысқа түседі. Сұлу күлсе, жыр да күлмек, – Ол мұңайса, бірге егілмек... –дейді ақын Т.Жароков («Зоя туралы жыр») бас кейіпкер Зояның тағдырына өзі тікелей ортақтаса отырып. Торға түскен тоты құстай келбетің, Айналайын, ар-намысты бермеші! –дейді ақын М.Хакімжанова («Мәншүк») қиын-қыстауда арпалысқан бас кейіпкер Мәншүкке. Ал «Ажар» поэмасында майданда Отан үшін ғажайып ерлік көрсеткен ұлының қасиетті ісіне сүйсінген анамен сырласа отырып, ақын сол қадірмен анаға: Асқардың әнмен оят тас жүрегін, Ана ару, жерде қалмас ақ тілегің, Ардақты ұланыңның ер атанып, Мақтаншы алғанына жаудан кегін, деп, тікелей тіл қатады. Бұл сияқты ақын мен кейіпкердің жүрекпен сырласуы, ара-қатынасының жақын тартуы поэманың оқырман сезіміне ықпалын күшейтіп, онда суреттелген өмір шындығының нанымдылығын арттыра түседі. Ұлы Отан соғысында біздің елдің адамдары адамзат тарихында бұрын-соңды кездеспеген ерліктің неше алуан үлгілерін көрсетті. Сондай ғажайып ерліктің бірі – 1941 жылғы 16 қарашадағы Мәскеу түбіндегі Дубосеково разъезіндегі 28 панфиловшы-гвардияшылардың немістің 50 танкісіне қарсы шайқастағы тіл жеткісіз батырлығы болғаны тарихтан мәлім. Соғыстың алғашқы жылдарының өзінде-ақ біздің жауынгерлердің осы тарихи ерлігіне арналған лирикалық та, эпикалық та туындылар көптеп жарық көре бастады. 1942 жылдың басында Н.Тихоновтың «28 гвардияшылар туралы сөз», М.Светловтың «Жиырма сегіз», П.Кузнецовтің «Панфиловшылар», қырғыз ақыны А.Тоқамбаевтың «28 батыр», қазақ ақыны Қ.Бекхожиннің «Жиырма сегіз» атты поэмалары жазылды. Алған объектісі ортақ болғанмен, бұл шығармалардың ұқсас жақтарымен қатар, ерекшеліктері де аз емес. Аталған ақындардың бәрі де өз туындыларында болған тарихи фактіден онша ауытқыған жоқ, Василий Клочков бастаған 28 жауынгерді даңқты генерал И.В.Панфиловтың ерлікке баулығанын, жаудың 50 танкісін талқандап жеңген олардың өмірінің көркем эпизодтарын тарихи шындыққа сәйкес бейнелеп берді. Н.Тихонов, М.Светлов поэмаларында политрук В.Клочковтың «Россия –кең байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ – артымызда Москва» деп, 28 жауынгерді рухтандырған патриоттық жалынды сөздеріне дейін дәлме-дәл келтірілген. Қ.Бекхожин поэмасында 28 жауынгердің майдан даласындағы қаһармандық іс-әрекеттері әрі көркем, әрі тарихи шындыққа сәйкес жырланды. Әсіресе Н.Тихонов, М.Светлов поэмаларында И.Панфилов, В.Клочков, Д.Қожабергенов, И.Натаров, Ә.Қосаев, Г.Шемякин, П.Емцов, ГЛетренко, Я.Бондаренко, А.Крючков, И.Шепетков, М.Сеңгірбаев сияқты жауынгерлердің тарихи ерлігін нақты түрде суреттеуге талаптану бар. Кейде олардың ой-сезімін, қимылын, көңіл-күйін, айтқан сөздерін сол қалпында бейнелеуі де байқалып қалады. Бұл жайлар аталған поэмалардың тарихи нақтылығын арттырып, күшейте түсті. Сол бір ауыр сын сағаттарда шындала түскен еліміздегі халықтар достығының ұлы күшін сипаттау да аталған поэмалардың идеялық арқауы болып табылады. Аталған ақындар – әр ұлттың өкілдері. Алайда алған объектілері ортақ болғандықтан, ақындардың көркемдік бейнелеу әдістеріндегі кейбір ұқсастықтарға таң қалуға болмайды. Мәселен, Н.Тихонов, Қ.Бекхожин поэмаларындағы Дубосеково разъезіндегі шайқас тұсындағы қысқы пейзажды суреттеу, көбінесе, ұқсас шыққан. Бірақ бұл үнемі осылай емес. Нақты көркемдік бейнелеуде айырмалар толып жатыр. Н.Тихонов жаудың топас темір танктерін жалғыз мүйізді өгізге теңесе, Қ.Бекхожин құмырсқадай өрмелеген жау танктерін аждаһамен салыстырады. Ақындар салыстыру әдісін де ұтымды пайдаланады. Қ.Бекхожин жауынгерлер талқандап қиратқан жау танктерін мыжырайған сұрқай молаға балай отырып, жиырма сегіз жауынгердің төтенше жеңісіне шаттанып, еңсесі көтерілген Мәскеудің таң нұрымен жарқыраған биік мұнарасын оған қарама-қарсы қояды. Елін сатқан опасыз қорқақ солдатты қоян жүрек деп лағнеттесе, зұлым жаумен табандылықпен майдандасқан 28 жауынгерді от жүректі жолбарысқа теңейді. Бұл тұстағы поэмаларда партизандардың ерлік өмірі де айқын көрініс тапқан. Т.Жароковтың «Зоя туралы жыр», Ә.Сәрсенбаевтың «Намыс ұлы» сияқты поэмаларында партизандардың басқыншы жауға қарсы күрестегі қаһармандық тұлғалары тәп-тәуір бейнеленген. 18 жасар батыр қыздың патриоттық жарқын бейнесі бүкіл кеңес жастарына үлгі болып, оларды ерлікке, отаншылдыққа рухтандырып, жігерлендірді. «Зоя туралы жырда» батыр қыздың жас та, қысқа өмірінің шындығы келісті жырланған. Ақын Зояның мектеп бітіруін, өзі тіленіп майданға аттануын, партизандармен бірге Петрищево селосындағы неміс басқыншыларынан аянбай кек алуын шынайы суреттеген. Жеке атысып партизан қыз, – Арпалысты жаумен жалғыз. Гранаттың оғыменен, Немістерді тобыменен, Партизан қыз шын тықсырды, Талайын жер құштырды. Бұл–поэманың шарықтау шегі. Батыр қыздың қанқұйлы жаумен ерлік шайқасы эпикалық реңкпен суреттелген. Автор шындық шеңберінен шықпайды. Күші басым дұшпанмен теңсіз айқаста Зояның тұтқынға түсіп, жаудың оны айуандықпен азаптауын ақын ашына жырлаған. Бұл тұста автор егіліп, еңіремейді. Қайта сол шексіз жауыздықпен бетпе-бет келгендегі Зояның ерлігін, өжеттігін, қайтпас қайсарлығын толық бейнелеуді көркемдік нысана етеді. «Нар кескендей ер кескінді» қыздың иілмейтін, сынбайтын характерін көрген мейірімсіз дұшпан оны дарға асып өлтіреді. Поэма соңында автор Зояны өлтіру – жеңу еместігін, Зояның мәңгі тірлігін, оның батырлық бейнесінің кейінгі ұрпаққа өшпес үлгі-өнеге берерлік жеңімпаздық, рухтандырушылық күш-қуатын көтере жырлайды. Зоя өмірі – бүкіл кеңестік әдебиеттің назарын аударған соғыс жылдарындағы жоталы тақырыптың бірі еді. Зоя жайында белгілі орыс ақыны Маргарита Алигер 1942 жылы поэма жазды. Бүкіл кеңестік поэзияның зор табысы болған бұл шығармаға кезінде Мемлекеттік сыйлық берілді. Қазақ ақыны Т.Жароковтың поэмасы көпшілік жағдайда М.Алигер дастанымен үндес екенін байқау қиын емес. Патриоттық сарын, ерлікті дәріптеу – екі поэманың да идеялық арқауы. Ә.Сәрсенбаевтың«Намыс ұлы» (1943) поэмасы да Украинадағы парти-зандар ерлігіне арналған. Поэмада неміс басқыншыларының бейбіт халыққа жасаған бүлігі, айуандық әрекеттері уытты өлең жолдарымен беріледі. Поэмада Темір мен Миколаның неміс фашистерінен шеккен жәбір-жапасы нақты да нанымды бейнеленген. Өз аналарының жау қолынан жазықсыз қаза тауып, өз селосының, өздерін мәпелеп өсірген алтын ұя – мектебінің жаудың ойранына ұшырауын көрген Темір мен Микола ыза мен кектің туын ұстап жаумен күреске белді бекем буады. Күрең сақал бастаған партизандардың, оның ішінде Темір мен Миколаның жауды талқандап, оған өлтіре соққы берудегі аршынды әрекеттері поэмада шынайы бейнеленген. Жаудың қоймасын талқандап өртеу, яки дұшпанның қару тиеген поезын қирату, т.б. партизандардың жойқын іс-қимылдары олардың патриоттық, жауынгерлік тұлғасын айқындайды. Ә.Сәрсенбаевтың 1943 жылы жазған «Шие ағашы» поэмасы – да сол бір сұрапыл жылдардың ащы шындығын реалистік мәнерде бейнелеген туындылардың бірі. Поэмада негізінен неміс басқыншыларының жан түршігерлік жауыздығы, айуаннан да бетер қаныпезерлігі қатты әшкереленеді. Әсіресе бір жасар жазықсыз, бейкүнә сәби Миколаны фашистердің екі ананың көз алдында шырылдатып дарға асуы – адам айтқысыз жауыздықтың үлгісі. Осы қанішерлік жайлы ана әңгімесін естіген кеңес жауынгерлері кек үстіне кек қосып, жауды біржолата аямай талқандай отырып, алға ұмтылады. Поэманың финалы кеңес жауынгерлерінің ана, сәби намысы үшін жаудан кек алатынына, олардың әділ ісінің толық жеңетініне шексіз сендіреді. Шығармадағы оқиға желісі, оның логикалық нысанасы осы бір түйінге жетелейді. Поэма көркемдік контрасқа негізделген. Бір жағынан, дұшпанның шектен шыққан жауыздығы, екінші жағынан, биік адамгершіліктің туын ұстап, жыртқыш фашистерді біржолата талқандауды мұрат тұтқан біздің жауынгерлердің жарқын тұлғасы бірін-бірі толықтырады. Онда жер бетіндегі бүкіл адамзатты фашизм апатынан құтқарып, азаттық әкелуші біздің отандастарымыздың қаһарлы жылдардағы ұлы бейнесі тебірене жырланған. Майдан мен тылдың құрыштай бірлігі – халқымыздың ұлы жеңісінің негізгі себептерінің бірі еді. Осы бір өмір шындығы да сол тұстағы қазақ поэмаларынан көрініс тауып отырды. Мәселен, ақын С.Бегалиннің «Айдар» атты поэмасының (1944) географиясы кең. Поэмадағы оқиға майданның алғы шебінде – Карпат тауында, Днестр жағасында жүріп жатса, екінші жүйе шалғай тыл – асқар Алатаудың баурайындағы Қарғалы жайлауында өтеді. Поэмада халықтың ертедегі өз елін, туған жерін басқыншы, шапқыншы жаудан қорғаудағы ерлік салтының, жауынгерлік дәстүрінің Ұлы Отан соғысы жылдары кеңес жауынгерлеріне үлгі-өнеге болып, рухтандырғаны сәтті жырланған. Шығармада басты екі кейіпкер бар. Олар: Айдар мен оның анасы Қаламқас. Айдар – майданда Отан үшін төтенше ерлік көрсеткен жауынгер. Днестрді көктей өтіп, қардай борап тұрған оқтың астымен жау шебінен «тіл» әкелген Айдардың батырлығы поэмада жарқын суреттелген. Айдардың осы бір қауіпті де қатерлі шақтағы жауынгерлік еңбегінің арқасында кеңес жауынгерлері азулы жаудың үлкен әскери бекінісін талқандап, ірі жеңіске ие болады. Сонымен қатар, алыс тылдағы Айдардың анасы Қаламқастың майдан үшін, жеңіс үшін жасаған патриоттық қажырлы еңбегі де поэмадан толық көрінеді. Айдар мен Қаламқас – жинақталған типтік бейнелер. Олар – халықтың майдан мен тылда жауды талқандау жолында зор қажырлылықпен аянбай іс тындырғанын толық байқататын образдар. Поэманың үшінші лирикалық кейіпкері – ақынның өзі. Ақын шығармадағы оқиғаны тек құр баяндаушы ғана емес. Ол өзінің жүрек сезімімен майдандағы және тылдағы оқиғаларға тікелей араласып отырады. Бұл – көркемдік әдіс. Лирикалық кейіпкер ақын поэмасының сыршылдығын, әсерлілігін күшейтіп, идеялық-көркемдік қуатын молайта түскен. Әрине, поэманы мүлде мінсіз деу де қиын. Мәселен, қазіргі заманның әскери техникасын қолданған майдан туралы айта отырып, ақынның арагідік көне заманның қаруларын жауынгерлерге тели сөйлеуі ешбір жарасып тұрған жоқ. Соғыс жылдарындағы қазақ поэмаларының ішінде идеялық-көркемдік деңгейінің жоғарылығымен дараланып көзге түскен шығарма – Қасым Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» (1943) атты атақты поэмасы. Бұл – тарихи дерекке сүйеніп жазылған шығарма. Ұлы Отан соғысында асқан ерлік көрсетіп, майдан үстінде қаза болған қазақ ақыны Абдолла Жұмағалиев (1915- 1942) – Қ.Аманжолов поэмасының бас кейіпкері. Қ.Аманжолов батыр ақынның майдандағы өмірінің шағын эпизоды арқылы сол бір сұрапыл кезеңнің бейнесін жасай отырып, бас кейіпкердің өжеттігін, қаһармандығын, азаматтығын айқын ашады. Ол кейіпкердің жауынгер ақынның өмір тарихын бажайлап тізіп жатпай-ақ, оның өмірінің бір-ақ сәтін – қаһармандықтың асқар шыңына шыққан кезін ғана суреттей отырып, оның батырлық бітімін жарқын түрде мүсіндеген. Кейіпкер басынан кешкен ғаламат ірі оқиғаны шағын ғана эпизодқа сыйғызып берудің де өзіндік сыры бар. Бұл – сол кезең талабына сәйкес қолданылып отырған ақындық тәсіл. Соғыс кезіндегі аласапыран оқиға, оған араласқан кейіпкердің әрекеттері мен ішкі сезімі сол шағын мерзімнің ішінде танылады. Сондықтан да Қ.Аманжолов кейіпкер өмірін шұбалтып, ұзақ-сонар баяндап жатпай-ақ, поэманың шағын эпизоды арқылы барлық тұлғасын жарқыратып мүсіндеп берген. Бұған, әрине, биік дарын, ірі ақындық шеберлік қажет. Ал Аманжоловтың ақындық шеберлігі осы поэманы жазу үстінде жарқырап танылады. Ешбір кіріспе, түсініктемесіз-ақ автор оқиғаның шарықтау шегін баяндай жөнеледі. Бірден майданның жан алып, жан беріскен қырғын суреттерін көреміз. Өмір мен өлімнің жекпе-жек келіп соққыласқан шайқасуын танимыз. Ақынның өмір деп отырғаны – әлемдегі бүкіл адамзаттың үміт артар тірегі, азаттық пен бақыттың туын ұстаушы кеңес елі де, өлім дегені – құлдық пен қараңғылықтың, жыртқыштық пен жауыздық атаулының символы фашистер. Ал осы фашистермен «Кекті зілін қорғасынға қоса түйіп» майдандасып жүрген поэмадағы жауынгер – халық өкілі. Жауынгер ерлігі – халық ерлігі, жауынгер жеңісі – халық жеңісі. Ақын шығармасының жинақтаушылық күші, терең мазмұны, биік идеясы осы жайларды аңғартады. Ақын поэмада табиғат суреттерін шығарманың идеялық мазмұнын терең ашуға ұтымды пайдаланған. Табиғаттың шексіз ашуы – адам ашуы, табиғаттың құдіретті күші – адам күші деген ойды жеткізе айтқан. Поэмада табиғат әрі табиғаттық қалпын сақтаған, әрі айналадағы адамның тіршілігімен тұтасып, жауға қарсы майданға шыққан алып батырдай тұлғалана түскен. Қанды пышақ – жау күлкісі, Қақ жарғандай түн жүрегін. Шошып ұшты орман құсы, Көл күрсініп алды демін. Қызғыш болып қызғанышы, Ер күрсініп алды демін,–деген параллелизм соғыс өміріндегі шиеленіскен драматизмді шынайы жеткізеді. Поэманың бұндай жолдарын оқығанда қаһарлы жылдардың ауыр тынысы сезіліп, шиыршық атқан драматизмнің сарыны құлаққа құйылады. Поэма финалындағы табиғат суреті де үлкен шеберлікпен берілген. Ондағы ер өлімін шартарапқа хабарлауға ұшқан құстар, ер өліміне «көкірегіне бұлтын жиып, ауыр күрсінген аспан», азаланған дауыл, ердің мәңгі тірлігін мадақтап күй шерткен табиғат – поэманың оптимистік жігермен келісті аяқталуына лайықты көркемдік қызмет атқарып тұр. Поэмада жауынгер ақынның орасан ерлігі, шебер мүсінделген. Поэманың басында ақын «Ырғып бұлттан түсер жайдай, өзі оқ боп атылғандай, ерегеске жанын тігіп, тас бекінген» айбарлы жауынгердің келбетін аңғартады. Кейіпкерді «Қанды көбік қара топанның ортасындағы бейне шың тасқа» балағанда, оның мықтылығы, ерлігі, биіктігі, тасқындаған күші жаудан әлдеқайда басым екенін көрсеткен. Дәрісті бекіту сұрақтары:1. Осы жылдары жазылған поэмалардың тақырыбы, идеясы не? 2. Ж.Жабаевтың «Өтеген батыр» поэмасының тақырыбы мен идеясы не? 3. Соғыстан кейін жарық көрген қандай поэмалар бар екен? Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 10, 15, 16, 19, 20, 21, 22, 24,25, 26,27, 28, 29. 9,10 ДӘРІС 1941-1960 ЖЫЛДАРДАҒЫ ДРАМАТУРГИЯ Дәрістің мақсаты: Осы жылдары жарық көрген драмалардың тақырыптық идеясын меңгертіу . Тірек сөздер:Тарихи драма,пьеса, драматургия. Дәрістің жоспары:1. Тарихи драма үлгілері. 2. М.Әуезов драматургия саласына қосқан үлесі. 3. Ғ.Мүсірепов «Аманкелді» драмасы. 4. «Сын сағатта», «Намыс гвардиясы», т.б. пьесаларына тоқталу. 5. М.Ақынжанов «Ыбырай Алтынсарин» пьесасы жайлы. Отызыншы жылдардағы қазақ драматургиясында жетекші орын алған халықтың эпостық шығармалары сюжетіне және тарихи оқиғалардың ізімен (оның ішінде тарихи адамдар да бар) жазылған пьесалар 40-50 жылдары да бұл жанрдың табыстарына негіз болды. Қазақ драматургиясының інжу-маржаны саналып, театр репертуарын құраған да осы тақырыптарға жазылған пьесалар еді. М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абайы» халқымыздың ұлы ақынының өмірі мен ол бастан кешкен құбылыстарды, әлеуметтік орта шындығын бейнелеуге үлгілік қызмет атқарса, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуы» халық жадында сақталған аңыздық бейнелерді тірілтіп, нақты өмір суреттеріне айналдыруда, сол арқылы жастардың бас бостандығы үшін күресіп, қайғылы аяқталған романтикалық махаббатын көркемдік шеберлікпен бейнелеуде ұлттық драматургияны жаңа биікке көтерді. 1941 жылы жазылып, жарыққа шыққан Ғабит Мүсіреповтің жаңа пьесасы – «Ақан сері–Ақтоқты» да драматургтің сол бір қарқынмен, шабытпен дүниеге әкелген ерекше күрделі туындысы болды. Бұл да жоғарыда аталған шығармалар сияқты алғашқы күннен бүгінге шейін сахнадан түспей келеді. 1958 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде «Ақын трагедиясы» деген атпен Мәскеудің атақты академиялық кіші театрының сахнасынан көрсетілді. Ғ.Мүсіреповтің драматургиясы, соның ішінде «Ақан сері – Ақтоқты» туралы көп жазылды. Драматургияны зерттеуші С.Ордалиевтің, Н.Ғабдуллиннің, Ә.Тәжібаевтың, Е.Нұрғалиевтің театр сыншысы Қ.Қуандықовтың зерттеулерінде трагедияның идеялық-көркемдік ерекшеліктері кеңінен талданған.Солардың ішінде ақын-драматург Ә.Тәжібаевтың Ақанды романтикалық белеске көтере талдауын әбден құптаған мақұл. Ол ақын туралы шабытпен сөйлейді, ғылыми зерттеу емес, поэтикалық трактат оқып отырғандай әсер қалдырады. Автордың Ғ.Мүсірепов шығармасын әлемдік классикадағы – Карл Гуцковтың «Уриель Акоста» атты трагедиясымен қатар қоюы да дәлелді көрінеді. Трагедия медреседе әндетіп сабақ оқып отырған шәкірттердің үстіне кіріп келген Ақанның оқыс әрекетінен басталады: Әділет, хазірет, әділет! Хазірет атын қанға бояп, Болмап па едің әлі де? Қараңғыда сорғалаған қан ізі, Тағы әкелді қақпанға. Тоқтат, хазірет, тоқтат мынауыңды! Пьесаның осы экспозициясында тірідей көрге көмілген Мәрзия тағдырынан оқиғаның қауырт басталып, тартыстың бірден шиеленісуі Ақанның қызу қанды әрекетінен көрініп тұр. Хазіреттің әділетсіздігі Ақанды мешіттен кетіп, ашық айқасқа шығуға мәжбүр етеді. Мәрзия тағдыры Ақтотының қайғылы трагедиясына ұласады. Оқиға ауқымы кеңейіп, тартыс желісі ұлғаюына байланысты екіге бөлініп, Ақан, Ақтоқты, Балта, Жылгелді, Сейіт, Мұрат тобы – Науан, Жалмұқан, Серделі тобымен айқасқа түседі. Басты кейіпкерлердің бейнелері осы ешбір бәсеңдемейтін талас-тартыс, қызу айтыс-пікір, философиялық толғаныстардан кейін дараланып, көркемдік сипаты айқындала түседі. Өмір соқпағының талай қиындықтарын басынан кешкен Ақан пьесаның Науан, Жалмұқанмен өтетін көріністерінде нағыз күрескер, әділет жолында ештемеден тайынбайтын, ақиқатты ашып айтатын батыл да алғыр жан болып бейнеленген. Мешітте жүрген кезінде Науанның талай зұлымдықтарын көріп-біліп жүрген Ақан жазықсыз Мәрзияның басынан кешкен қайғылы оқиғадан кейін қара түнек тірліктен ат құйрығын біржола шорт кеседі. Ол дінге қарсы емес, Науан қазіреттің елдің сеніміне кіріп алып, дінді халыққа қол шоқпар етпек арам саясатына қарсы. Бұрын мешіт маңында дін жолын ұстамақ болған оны хазіреттің Мәрзияға жасаған қиянаты сол жолынан тайдырады. «Қарауылдай елге Науандай надан хазірет болыпты деп қайтам ба мешітке?» – дейді ол. Ә.Тәжібаев Ақанды М.Әуезовтің «Қаракөзіндегі» Сырыммен салыстыра келіп: «...Сырым туралы, серілік, еркіндік қимыл-қозғалысынан, ақындық өжеттік жағынан көбінесе Ақанды аңғарғандай боламыз... Сырымның сырты да, іші де аңызға айналған Ақанға түгел келеді» – деген еді. Сондықтан болуы керек, енді біз Ақанды көргенде Сырымды көргендей сезінеміз... «Оның үстіне ақын геройларға барлық жаратылыстарымен, барлық жүректерімен сүйе табысқан Қаракөз бен Ақтоқты да егіз сияқты. Құлап сүйетін, жылап сүйетін қазақ Ләйлілері...» – деген пікірі тауып айтылған. Шынында, бұлардың сал- серілерге тән ұқсастықтарымен бірге, өздеріне тән даралықтары да айқын. Өзінің думанды ортасына, ән мен күйіне қайта оралған Ақан мен доста-ры кездесетін сахнада өнер еркіндігін, бостандықты аңсаған жандардың қайталанбас өршіл әрекеті мен үні ақындық шабытпен берілген. Ақан мен тағдыры ұқсас жандардың аузынан шыққан диалогтер мен монологтер лиризмге, ерлік пеп серілік, әсемдік пен сұлулық мазмұна толы. Мәселен, Мәрзия: Ақан қайда – ән сонда емес пе еді? Сен кеттің, Түндігі жабылып қалған жоқ па? Қарауылдың қазынасындай қайран ән, – Азан астында қалмасын деп, Ақан құлағына қайта шалынсын деп, Әдейі салатын едім тұтқында,– деген монологте өнер еркіндігін аңсаған жанның болмысы көрініп тұр. Мұнан әрі қарай Ақан бейнесі өзінің бар болмысымен ашылып, ойшылдық пен ақындық, сал- серілік сұлу сипатымен даралана түседі. Өзінің достарымен кездесуі, қыздардың қолынан шыққан сый-сияпатқа көзқарасы – бәр-бәріде ақындық шабытпен жазылған тамаша лирикалық көріністер. Мәрзия дауы аяқтала бере, Ақтоқты күйінің араласуы – трагедия тартысын мүлде ширатып, шарықтау шегіне бір-ақ жетіп, кісі өлімімен шешімін табады. Енді Ақан әлемінің лирикалық тынысына, оның көздеген мақсатына жетпей тынбайтын, әділдік жолында өліспей беріспейтін қажырлы да қайсарлық,күрескерлік сипаты қосылып, бейнелік характері күрделене түседі. Драмада бір күйден екінші күйге ауысу сәттері жиіленіп, кейіпкерлер әрекеттері де сан қилы құбылысқа түсіп, бейнелері де толысып, тереңдейді. Осы тұста Ақан мен Ақтоқтының кіршіксіз махаббат, бас бостандығы мен ән-өлең еркіндігін аңсаған асыл жандар характерлері алғашқы кездесу, той сахналарында барынша айқын көрініс береді. Тойға келген Ақан әрекеті нағыз серінің болмысынан туған, оған елтіген Ақтоқты да бар тірлікті ұмытып, өзін мүлде еркін ұстайды. Құшақтасып амандасу бірін-бірі сағынған ғашықтардың төңірегіндегі қауіп-қатерді ұмыттырып, махаббат құдіретінің іштей тулаған сезімі еріксіз сыртқа тебеді. Ақтоқтының Ақанмен қоштасатын сәті ішкі драматизмге толы. Оның іштен тасып шыққан өрт-жалынды ашу-ызасын тежеп, Ақанды қызғыштай қорғауы, соның амандығына өзін құрбан етуге дайын қайсарлығы мен батылдығы ұлы махаббатың құдіретінен туған. Ел тыныштығы мен азамат амандығын ойлаған Ақтоқтының, некеқияр көрінісіндегі ішкі көңіл-күйі арпалысы, Ақанның домбырасы қирап, Жалмұқанның талақ ететін сахналардағы өр мінезді қимыл-әрекеттері лаулаған ғашықтық сезіммен шарпысып, анық сұлу да нәзік бейнесін аса биік көркемдік деңгейге көтерген. Науан, Жалмұқандардың әмірімен ағашқа таңылып, қиналып жатса да, Ақтоқтының алған бетінен қайтпайтын, еркіндік жолындағы күресі жалғаса береді, ол жұртты ән мен күйді, ақындықты, Ақанды қорғауға шақырады. Ең соңында маңайына келген дұшпандарының бет пердесін сыпырып, олардың қара ниет зұлымдықтарын бетіне басып әшкерелейді. Мұндай зорлық-зомбылықтан, пасық ортадан адал өлімді артық санайды, өзіне қанжар салады. Бұл – Ақтоқтының жеңісі, кісілік жеңісі. Қоршаудан сытылып, Балталар тобына қосылған Ақан да алдағы үлкен айқасқа бел байлаған – күрескер. Шығарманың, осындай оптимистік рухпен аяқталуы – трагедия жанрына тән шарықтау шегінің, заңды түйіні. Трагедияда оқиғасының осылай өрістеуіне аса мықты жасалған Науан, Жалмұқан бейнелерінің әсері мол. Науан – дін мен мешітті өзінің жеке басының қамына жарата білетін, сол арқылы қанды қылмыстарының ізін бүркемелеген, әккі де қатал, ойы терең, тілге жүйрік, шешен, ел арасындағы дау-шардың, әбден ысылған мол тәжірибенің адамы. Бұлардан басқа мұндағы Ақтоқтының әкесі Қоңқай – ұлттық драматургиядағы кішкентай адам бейнесін жасаудың үлгісі. Ал Мылқау – трагедия оқиғасын қоюлата түсуге, әрекеттің алмасуына орнымен табылған әрі қызық сипаттама тапқан кейіпкер. Кейбір зерттеулерде мұны халық өкілі дәрежесіне көтеру орын алады. Бұл–дәлелсіз. Мылқаудың әрекетінде әлеуметтік сипат жоқ. Бұл–ұлтымыздың ұлы актері Қалыбек Қуанышбаевтың қайталанбас тамаша ойынын көргеннен кейін туған пікір болуы да ықтимал. Жинақтай келгенде, «Ақан сері – Ақтоқты» дін мен мешіт маңайында қарақан басының қамынан аса алмағандарды әшкерелеумен бірге, бүгінгі жаңа заманның көрермендерін де эстетикалық ләззатқа бөлеп, мөлдір махаббаттың құдіретін, ән мен күй, ақындық шабыт пеп өнер әлемін өсиеттеген көркем дүние екені даусыз. Тақырыбы мен көтерген мәселелері жағынан осы алуандас пьесалар осы дәуір драматургиясында көп кездеседі. Бірақ кезінде азды-көпті репертуар қажеттілігін өтегені болмаса, көбісі көркемдік мазмұнының әлсіздігінен театр сахнасында тұрақтай алмады. Солардың бір парасы атақты әнші Майра Уәлиқызының өміріне байланысты. Ш.Хұсайынов пен Қ.Қуанышбаевтың 1948 жылы жазылып, сахнаға қойылған «Шаншарлар» пьесасындағы Сайра есімді шағын кейіпкер, сол Майра өмірінен алынған. Сонан кейін қазақ театрында 1952 жылы қойылған Қ.Байсейітов пен Д.Уәлиевтің «Майра» пьесасында Майра бейнесі екінші рет көрінді. Мұның барлығы да әйгілі әншінің бейнесіне барудағы алғашқы қадам, тұңғыш толғаныс қана. Әйгілі әншінің жинақты да көркем бейнесі Әбділда Тәжібаевтың, 1956 жьілы жазылған «Майра» пьесасында жазылып, драматургияның іргелі жетістіктерінің қатарына қосылды. Кейін (1969) автор пьесаға қайта оралғанда, кейбір көріністеріне өзгерістер енгізді, сол кезеңінің талабына сай оның әлеуметтік мазмұнын тереңдете түсті. Автор Майра қатысатын әрі соның аузымен айтылатын өткір диалогтер мен монологтердің денін ақ өлеңмен жазып, оның әкімшілік-өнерпаздық келбетін айқынырақ ашуға баса көңіл аударған. Сөйтіп, берісі бас бостандығы, әрісі өнер еркіндігі үшін күрескен Майра тағдырын пьесаға драмалық өзек еткен. Және тартыс тек Майраның тағдырына құрылып, сонымен ғана шектеліп қалмай, сол уақыттағы халықтың, еркіндік аңсаған күресімен астасып жатыр. Ақындық шабытпен жазылған пьесада Майра қалың қауымның арасында, әнін сүйген ел-жұртымен тығыз байланыста алынған. Сонан әнші Майра халықтың сүйіктісі, еркесі болып есте қалады. Ән мен еркіндікті аңсаған Майраның өзінің намысы мен махаббатын, адамгершілік қасиетін қорғай алатын қажыр-қайратын айтуда, жазушы табысы татымды. Ол Майраны күрделі оқиғаларға араластырып, күрескерлік дәрежеге көтереді. Даланың көкжал бөрісі, қатал да әккі Тайманмен бұрын шәкірттес болып, кейін ислам дінін уағыздаушы, саудаға арын сатқан мырза Дүрбітпен, жанын шүберекке түйіп, өлімге басын байлаған жалдамалы қарақшы Балтамен өтетін сахналарда Майра әрекеті ішкі драматизмге толы. Ол әнімен де, жүйелі сөзімен де, табанды мінезімен де өзін қорғай алатын бейне болып қалыптасады. Пьесаның, оқиғасы азамат соғысы. Ақтар мен қызылдардың арпалысып жатқан тұсында өтеді. Екінші актіде Ертіс өзенінің арғы бетіне бағыт алған кеменің үстіндегі уақиғадан өріс алады. Майраға ғашық болып, айтқанына көнбесе, күштеуден тайынбайтын арам пиғылды Дүрбіт, оның шашбауын көтеріп, табанын жалауға дайын адвокат Ақаев және басқалар, бұлардың жауыздық әрекетін алыстан сезіп, тойтарыс берудің амалын қарастырып, байламды мезгілді күткен кеме капитаны Мұрат, көмекшісі Александров арасындағы сырт көзге айқын шалына бермейтін іштей тартыс – ел тағдыры үшін күреске ұласады. Біраз кейіпкерлердің характері де осы кеменің үстінде шешіледі. Әсіресе Айбарша қыздың көзі осы кемеде ашылады. Бұл – қазақ драматургиясында бұрын-соңды кездеспеген өзгеше кейіпкер. Өмірдің талай соқпағын көріп өскен Майраға қарама-қарсы алынған Айбарша тұңғыш қадамын сәтсіз бастап, опық жейді. Дүрбіттің алдауына түсіп қалған Айбаршаның ендігі өмірі шытырман тартыс үстінде, Бақтиярдай адал дос тауып, тағдырдың дамылсыз соққан дауылынан өтіп барып есейеді. Ол сүйген жігіті Бақтиярдың ішкілікке салынуына аянышпен қарайды, Дүрбіттің опасыздығын бетіне басып, онан түңілу сәттері пьесада психологиялық тереңдікпен ашылған. Пьесада көркемдік шоқтығы биік шыққан кейіпкерлердің бірі – Дүрбіт. Ол өзін сырттай сымбатты да салмақты, зиялы қауымның өкіліне санап, іштегі бақай есебі мен зұлымдығын сездірмейтін айлалы мырза. Салғаннан өзінің жомарттығын аңғартып, Майра көңілін аулап, асыл сый тартқан Дүрбіт өзінің арам пиғылын жүзеге асырудың небір сойқан түрінен тайынбайтын, құлашын кеңге сілтеген, әрекетке әбден ойластырып баратын қауіпті адам. Оның философиясы – ақшадан, алтыннан артық ештеме жоқ, бәрін сатуға, бәрін сатып алуға болады деген тұжырыммен тұйықталады. Адвокат Ақаев кешегі заманның саяси аласапыраны тұсында «Қалың елім, қазағым» дегеи ұранды бүркеніп, талайды арандатқан, табанының бүдірі, ісінде береке жоқ, жағымсыз оқыған сымақтардың жиынтық бейнесі ретінде алынған. Тағы бір көркем шыққан – Тайманның бейнесі. Ол жесір дауы мен жер дауында қарсыласқанына қан құстырып, әлі жеткенін жүнше түткен озбыр. Ол – байлық пен ақшаға құныққан пасық, нағыз дүниеқоңыз. Әлсізге батыл, күштіге әлсіз жан. Майраның әкесі мен шешесіне қамшы үйіріп, білек күшіне сыйынса, Мұрат пеп Бақтиярға келгенде, шегіншектеп, алды-артын орап, тек ащы тілмен, шенеумен шектеледі. Қорыта айтқанда, ақын-драматург Ә.Тәжібасвтың «Майра» пьесасы – қазақ драматургиясының алтын қорына енген классикалық үлгі. Қазақ драматургиясында тарихи-биографиялық пьесаларда көп жа-зылды. Алайда олардың көбі, көркемдік олқылығынан, сахнада тұрақтамай, түсіп қалып отырды. Осы тақырыпқа жазылған пьесалардың ішінен театрлардың, репертуарына еніп, сахнада қойылғандары–С.Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов», М.Ақынжановтың «Ыбырай Алтынсарин», жайында Қ.Мұқашевтың «Дала дастаны», З.Ақышевтың «Жаяу Мұса», Ш.Хұсайыновтың «Ғани Мұратбаев», т.б. пьесаларды атауға болады. Өмірден ерте кеткен дарынды ақын-драматург Қ.Мұқашевтың «Дала дастанында» халқымыздың асыл перзенті, атақты ақын І.Жансүгіровтің балалық шағы мен өмір кешкен ортасы шынайы суреттеу тапқан. Ақынның дүниеге келуін, көзқарасының қалыптасуын автор сол уақытпен байланыстыру жолын қарастырған. Сондықтан пьесада ол өз заманының ұлы болып қалыптасады. Қазақ даласындағы Қазан төңкерісінің алғашқы кезеңіндегі аумалы-төкпелі құбылыс кейіпкерлерінің әрекеті арқылы көрінуі – пьесаның ұтымды жағы. Өмірден ерте кеткен талантты режисеср Қадыр Жетпісбаев жас автормен бірге пьесаның көркемдік мазмұнын тереңдете түсіп, қойылымның қызғылықты кілтін тапқан. Шымылдық ашылмастан,біресе жақындап, біресе алыстап бара жатқан, біресе сатырлатып келіп қалған, біресе бәсеңдеп барып басылған аттың дүбірі естіледі. Бұл–тек ат тұяғының ғана дүбірі емес, халықтың, оянған даланың дүбірі. Халыққа жеткен жақсы хабардың дүбірі, ақынға тән леп, күш-қуат, шабыт құйған дүбір. Ол көненің шаңырағы ортаға түсіп, жаңаның салтанат құрғанын әлемге паш еткен дүбір. Келісті табылған осы дүбір символы әу баста пьесаның сұлбасынан өтіп жатқан әуені іспеттес. Жас драматургтің тұңғышы мен қойылымды ұнатып, қолдап мақала жазған Сәбит Мұқанов: «Мен тебіреніп отырмын. Дәлірек айтсам, тебіренуге хақым бар әрі міндетті сияқтымын. Неге десеңіз, мен бір сәтте өз ғұмырымның жастық шағы мен албырт шағының, дүрбелең шағымның балаң портретімен кездестім –дейді. Ойлы өлеңдерімен оқырман қауымға танымал болған ақын Құдаш Мұқашевтың «Дала дастаны» пьесасын Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры жұрт назарына ұсынған екен. Спектакльді қоюшы – талантты жас режиссер Қадыр Жетпісбаев. Рөлдегі артистердің дені – жастар. Драманың оқиға желісі де ақын Ілияс Жансүгіровтің жастық шағына тұспа-тұс келген Қазан төңкерісінің алғашқы кезеңі. Қазақ даласына жаңа таң, жас таң әкелген жасампаз дәуірдің албырт кезеңі. Осыларға қарап: «Бұл спектакльді жастық шақ символикасы деуге болатындай»,– деп түйеді ойын. Әңгіме қойылым туралы болғанымен, оның негізі – пьеса екенін айтып жатудың өзі артық. Жақсы спектакльдің жақсы пьесадан туатыны да белгілі. Тағы да сол Сәбең: «...автор «Дала» және «Дастан» деген екі сөзді бекер біріктірмеген. Мен өзім Ілияспен еңбектес болып, оның әкесі Жансүгірді де көрген кісімін. Ілияс үшін «Дала» ұғымының қаншалықты құдіретті екені, оның өз даласын мұқалмас махаббатпен сүйе білгені маған аян. Сол даланың адалдығын, әділдігін, қайсарлығын драматург пен театр коллективі Жансүгір арқылы көрсетіп, оны Ілияс сезімінің шалқар дастанымен ұластырып әкеткен. Бұл–шеберлік» –деп қызық тұжырым жасайды. Әйгілі жазушының осы қызық тұжырымы пьесаға берілген әділ баға. «Абай» мен «Ақан сері – Ақтоқтыдан» аса сәтті көркемдік бастау алған ұлттық драматургиямыздағы тарихи-биографиялық жанр екінші әлем соғысынан кейінгі кезеңде өрістей дамып, көркемдік сипаты әр деңгейдегі көптеген пьесалардың жарыққа шығуына жол ашты. Кейбір шығармалардың қамтыған тарихи оқиғалары қазақ топырағымен шектелмей, басқа елдерге де ауысып жатады. Осыған орай тарихи және тарихи-биографиялық пьесаларға дара тұлғалар шынайы тарихи болмыспен етене араласып, сонымен бірге дамиды әрі солар арқылы шығармада адам, халық тағдырымен байланыста қалыптасады. Осы биік талап тұрғысынан келгенде, С.Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» пьесасында драматургиялық ізденістің сипаты бар екенін мойындау қажет. Мұнда орыс пен қазақ халқының арасындағы байланыс, орыс мәдениетінің қазақтың ұлы ағартушы-демократының саяси-қоғамдық көзқарасының қалыптасуына еткен әсері суреттелген. Пьесаның басты қаһарманы Шоқан Уәлихановтың, сол өзі өмір кешкен тарихи ортамен тығыз байланыста суреттелуі – автордың қол жеткізген ірі шығармашылық жемісі. Пьесаның өн бойынан екі Ресейдің: патшалық-басыбайлылық Ресей мен бостандық сүйгіш Ресейдің бейнесі өтеді. Шоқан Уәлиханов – сол озық ойлы Ресейдің жақтаушысы. Пьесада Шоқан өмірінің үш кезеңі – Омбы, Петербург, туған ауылы көрсетіледі. Шоқанды осы өмір болмысының үш кезеңімен өткізу – пьеса оқиғасын қоюлатып, кейіпкер санын көбейтіп жіберген. Сонымен бірге автордың ұлы ағартушы-демократ өміріне байланысты оқиғаларды, көбірек қамту ниетімен пьесаның сюжеттік желісін шұбатып, ішкі драматизмін әлсіретіп алғаны да байқалады. Соған қарамастан, «Шоқан Уәлиханов» – қазақ драматургиясының мол ізденісін айқындаған шығарма. Қазақ халқының әлеуметтік-қоғамдық тарихында өзіндік ерекше орны бар ұлтымыздың ұлы қайраткері Ыбырай Алтынсарин жайындағы Мұсатай Ақынжановтың пьесасы да 50-жылдардың басында жазылып, біраз театрлардың кезеңдік табысына қосылады. Осы пьесаның қойылымы 1958 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық жастар театрларының фестивалінде екінші орын алды. Дәрісті бекіту сұрақтары:1. Қандай тарихи драма үлгілері бар? 2. М.Әуезовтің драматургия саласына қосқан үлесі қандай? 3. «Сын сағатта», «Намыс гвардиясы» пьесалары не жайлы? Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 10, 15, 18, 19, 20, 21, 22, 24,25, 26,27, 28, 29. 11,12 ДӘРІС 1941-1960 ЖЫЛДАРДАҒЫ СЫН МЕН ӘДЕБИ ЗЕРТТЕУЛЕР Дәрістің мақсаты: Қазақ әдебиетінің сыны мен әдебиеттану ғылымының өркендеу жолдарын түсіндіру. Тірек сөздер: сын,әдеби сын,ғылыми сын. Дәрістің жоспары:1.М.Әуезов,С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, З.Ахметовтардың еңбектері. 2. «Қазақ әдебиетінің тарихының» Ітомы, «Қазақ әдебиетінің тарихының очеркі», т.б. зерттеулердің жарық көруі.Олардың ғылыми практикалық маңызы. 1941-56 жылдар ішіндегі қазақ әдебиеті басынан кешкен саяси-қоғамдық өмірдің қысымшылығы әдебиет сыны мен әдебиеттану ғылымына да зор әсер етті. Ұлы Отан соғысы кезінде сын да, зерттеу де көңілдегідей дамуға мүмкіндік ала алмады. Әдебиет кітаптары аз шықты. Әдеби газет-журналдар жабылып қалды, жастар газеттері де шықпады. «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттері ғана сақталып (кейде шағын форматпен), олардың бетінде сирек те болса, шығып тұрған кітаптарға сын-рецензиялар басылды. Солардың ішінен көңіл аударатындары – Ғ.Мүсіреповтің, М.Әуезовтің «Абай» романының бірінші кітабы жөнінде жазған «Абай» романы туралы» (1943) мақаласымен майданнан жіберілген Қ.Аманжоловтың «Абдолла» поэмасы және Ә.Сәрсенбаевтың «Ақша бұлт» өлеңі туралы «Майданнан соққан жаңа леп» деген мақаласы (1944). Бұл екі шығарма да «Социалистік Қазақстан» газетінде басылған. Олар туралы пікірді Мүсірепов те сол газетте жариялады. Алғашқы мақала М.Әуезовтің Абай өмірі жайлы эпопеялық туындысының бірінші кітабына арналған еді. Мүсірепов онда ұлы жазушының үлкен жоспарының сәтті басталғанын айтып, романның құрылысына, идеялық-көркемдік сипаттарына бірінші рет кең талдау берді. Екішні мақалада майдангер ақындардың «өзекті өртеп шыққан» жалынды сөздеріне көңіл аударды. «Барлығы жеңіс үшін, барлығы майдан үшін» деп, майдан жаққа көз салып отырған халыққа бұл жырлар «майданнан соққан жаңа леп» болғанын айтты. Е.Ысмайыловтың, Б.Кенжебаевтың, С.Төлешевтің, Қ.Жармағанбетовтің сирек те болса басылған мақалалары жаңа кітаптар мен әдеби өмірдің мәселелеріне арналды. Бұрыннан жүріп келе жатқан ғылыми жұмыстың жалғасы ретінде С.Мұқановтың «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті тарихынан очерктер» (1941), А.Жұбановтың «Қазақ композиторларының өмірі мен шығармашылығы» (1944), Қ.Жұмалиев пеп Е.Ысмайыловтың «Қазақ әдебиеті» атты мектепке арнаған оқулықтары шықты. 1945 жылы Абайдың туғанына 100 жыл толуы атап өтіліп, ақын шығармашылығын зерттеуге арналған еңбектер жарық көрді. Олардың ішінде М.Әуезов пен Б.Кенжебаевтың «Абай – қазақтың ұлы ақыны» атты кітапшасы мен С.Мұқановтың,Қ.Жұмалиевтің, Е.Ысмайыловтың, Б.Шалабаевтың мақалалары бар еді. Бұлардың қатарын соғыс кезінде Қазақстанға келген орыс ғалымы, академик А.С.Орловтың «Қазақтың батырлық эпосы» атты кітабы толықтырды. Соғыстың бас кезінде, қысылшаңдық туғанда И.В.Сталиннің аузымен ата- бабаның аруағы еске алынып, партия әр елдің патриоттық сезімін бір арнаға бағыттай білген еді. Ал жаудың беті қайта бастаған уақытта тарихтың үлгілі әсері күшейіп, әр халық өзінің өткенінен сабақ алуға ұмтыла бастағанын тағы да көрді. Мұндай «ұлтшылдыққа» жол беріп отыруды орынсыз деп тапқан партия олардың бетін қайтару жұмысын бастады. Оның бастамасы ретінде ВКП(б) Орталық Комитетінің «Татар партия ұйымындағы көпшілік-саяси және идеологиялық жұмыстың жай-күйі және оны жақсарту шаралары туралы» (1944) қаулысы алынды. Онда түркі халықтарының ортақ батыры, ел билеушісі Едігенің қызметіне теріс баға берілді. Едігені өткен заманның кертартпа билеушілері қатарына қосып, ол туралы халық әдебиеті жоққа шығарылды. Бұдан кейінгі кезекте Сталин екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына байланысты ұйымдастырылған жеңіс шеруінің қабылдауында соғыстың ауыртпашылығын көтерген орыс халқы деп атап, оны ұлы халықтар қатарына қосты. Оның саулығы үшін тост көтерді. Орысты аға тұтып үйренген саясат жеңді де, оны ұнатпағандар іштен тынды. Әйтпесе, соғыста кеңес халықтарының бәрі де өзінің санына лайық қару ұстады, құрбандық берді, етігімен су кешті. Тіпті жері жау қолында қалған Балтық республикалары мен Украина, Белоруссия мүддесі ескерілмеді. Бұл жағдайлар бұрын да жүргізіліп келген ұлыдержавалық шовинизмді қоздырды. Щовинизм мемлекеттік-партиялық саясаттың өзегіне айналды. Ендігі жерде аға халықтың ыңғайына көніп, басқа халықтар өзінің ерлік дәстүрлерінен, ата-бабаларының ұлы істерінен безуі қажет болды. Патша өкіметі тұсындағы отаршылдық коммунистік партияның саясатына кірді. Кеудемізді ешкімге бастырмаймыз, өзгелер бізден үйренсін деген коммунистік өркөкіректік айналымға келмей, «батысқа бас имеу», «табынбау» деген науқанды көтерді. Олар ел соғыспен әлек болып жатқанда, халықтың бүкіл рухани дүниесі батыстың іріген-шіріген мәдениетінің әсерімен бұзыла бастаған екен деген ой түйді. Партия осыны ауыздықтау шараларын белгіледі. Мұндай науқан халық шаруашылығын қалпына келтіру ісіндегі қиындықтардан назарды басқа жаққа аудару, сөз бостандығын жиі пайдаланатын әдебиет пен өнер адамдарын тежеу мақсатында атқарылды. Оның үстіне, соғыс жылдары ата- баба аруағын еске түсіру арқылы өзінің тарихын және тарихи тұлғаларын көтере бастағандарды шектеп, оны таптық, партиялық тұрғыда ғана пайдалану мәселесін қойды. Бір жағынан, батысқа бас июшілікке қарсы күрес, екінші жағынан, одақтас республикаларда ұлтшылдықтың өріс алуын әшкерелеу процесі қатар жүрді. 1946 жылы ВКП(б) Орталық Комитеті «Звезда» және «Лснинград» журналдары туралы» (14 тамыз), екі жұмадан кейін «Драмалық театрлардың репертуарлары және оны жақсарту шаралары туралы» (26 шілде), 8 күннен соң «Ұлы өмір» кинофильмі туралы» (4 қыркүйек) қаулылар алынды. Сәл кейінірек музыка өнері жайлы «В. Мураделидің «Ұлы достық» операсы туралы» (10 ақпан 1948) қарар шықты. Сырт қарағанда, бұл қаулыларда Орталық Комитет формализм, пес-симизм, бисаясаттық сияқты ұнамсыз құбылыстармен күресу қажеттігін көтеріп, орыс мәдениетінің демократиялық дәстүрлерін басшылыққа алуға үндесе де, шын мағынасында, ол әдебиет пен өнерде партиялық принципті күшейтуді көздеді. Социалистік реализмнің жаңа өмірді мадақтап, жеңімпаз кеңес халқының жеңісіне лайық шығармалар туғызу тұжырымдамасын қолдады. Өткен заманды қызық тұтпауға, шет елдің арзан, жылтырақ мәдениетін дәріптемеуге үндеді. Партияның осы қаулыларында белгіленген шараларды жүзеге асыру Қазақстанда талай әпербақандықтар тудырғанын еске алу абзал. Қазақстан партия ұйымы елден бұрын елпілдеп, Мәскеудің ығына жығылып ұлт мәдениетіне әңгіртаяқ ойнатқаны жасырын емес. Мұның нақты фактылерін Қазақстан Коммунистік партиясының «Әдебиет пен өнер мәселелері бойынша 30-40 жылдар кезеңі мен 50 жылдар басында қабылданған қаулыларды зерттеу жөніндегі Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті комиссиясының қорытындысы» (1989) атты құжаттан табуға болады. Осы «Қорытынды» бойынша бүкіл рухани өміріміз бен мәдениетімізге ылаң салған 8 қаулы бірден өзінің күшін жойып, ақыл-санаға азаттық берілді. Бірақ Коммунистік партия өзі жасаған қысастықты, әсіресе, қазақ тарихы мен мәдениетіне байланысты әділетсіздіктерді өз қолымен түзетіп кете алмады, кешікпей тарап кетті. Өзінің сойқанды күшінен айырылған қаулылар қайсы және олардың қандай зардаптары болғанын әдебиеттану ғылымы мен сынына жанастыра айтсақ, біздің бүкіл рухани дүниеміздің қандай қорлық-зорлық көргенін анық аңғарып, артық пен кемдіктің сырын түсінуге мүмкіндік туады. Сонда ғана зиялы ойларға 50- 60 жыл бойы бұғау салып, ақыл-парасат пен таным-білікті қалай қыспаққа түсіргенін көреміз. «Қорытындыда» хат, түсіндірме деп аталғанмен, біздің бүкіл ой жүйемізге қырсығын тигізіп, кесірін өршіте түсуге себепкер болған бір құжатқа- «ВКП(б) өлкелік комитетінің мәдениет және насихат бөлімі мен Қазақстанның марксизм-ленинизм институтының «Сталин жолдастың хатына байланысты Қазақстанда теория майданындағы күрес міндеттері туралы» түсіндірме хатына айрықша тоқталған. Бұл құжат Ф.И.Голощекин тұсында алынды да, сол кездегі және одан соңғы көп бұрмалаушылықтарға жол салды. Бұл құжат,ең алдымен әрбір құбылысты өз кезіндегі таным деңгейінде бағалау керек деген диалектика қағидасын елемеді. Бәрін бүгіннің безбеніне салып өлшеді де, өткеннің бәрін таптық тұрғыдан сараптады. Осы түсіндірме хатты жүзеге асырудың алғашқы сөзі КазАПП-тың 1932 жылы 26-29 ақпанында өткен бірінші съезінде айтылды.КазАПП басшысы М.Қайыпназаров дайындаған, съезд қол көтеріп бекіткен қаулысында: «Қазақ көркем әдебиетінің социалды құрылыс міндеттеріне ілесе алмай жүргенінің себебі: алдымен, қазақ кеңес жазушыларының көбінде алашордашылдық, байшылдық салт-сананың ықпалы әлі күнге дейін күшті, бірқыдыру жазушылардың шығармаларында бай-феодал салт- санасы, жергілікті ұлтшылдық, төңкеріске қарсы троцкизм сарындары бар (Сәкен). Қазақ қара шаруаларының артта қалған сарындарына еріп, қара шаруаның өрісі тар көзқарасына және ұсақ буржуазияшылдық санашылдыққа (идеализмге) салынғандық та бар (Ілияс, Бейімбет, Сәбит, Өтебай және басқалар), жік тартысын көркем әдебиетке қыстырғандық та бар. Сын, өзара сынды бетке ұстап, кейбір жолбике жазушылардың кеңес мекемелерін, коммунистерді, колхоздарды обывательдерше сынағандары да (Мәжит, Жұмат және басқалар) болды» деген сөздер жазылған («Әдебиет майданы» журналы, 1932, №4, 13-бет). Аты аталғаннан қорықты ма, әлде түсінігі солай ма, әйтеуір Өтебай Тұрманжанов «КазАПП-тың Ісъезі не деді» атты мақаласында «алашорда оқығандары (жазушылары) төңкеріске дейін де, төңкерістен кейіп де қазақ еңбекшілерінің, пролетариаттың дұшпаны болды дейміз. Еңбекшілердің досы емес, қасы болды дейміз» деп жазды. Ғаббас Тоғжанов өзін сыннан арашалап, жаңа басшылыққа жағыну мақсатымен «Большевик Казахстана» журналының 1932 жылы 5 саныда «Байтұрсынов және байтұрсыновшылдық туралы» мақала жазып, алашордашылықты «әшкереледі». Голошекиннің Қазақстанда «кіші Октябрь» науқанын өткізіп, партия ұйымдарын болышевиктендіру, ауылды советтендіру, жедел коллективтендіру саясатын қолдамаған қаламгер қалмады. Қазақтың әдебиетші коммунистері осындай мақалалармен әлгі хатқа жауап беріп жатқанда, марксизм-ленинизм институтының қызметкерлері қазақ ұлтшылдарын әшкерелейтін зерттеу дайындап та үлгерді. «Очерки по истории Алаш-Орды» деген кітапты С.Брайнин мен Ш. Шафиро жазды.Онда«Алаш» партиясы былай тұрсын, бүкіл қазақ халқының еңбекші бұқарасының патша өкіметі мен империализмге қарсы күресі, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, азамат соғысы жылдарында көрген азабы, алаш азаматтарының атқарған қызметі түгелдей жоққа шығарылды. Сондықтан да «Қорытындыда» 1932 жылғы 10 қаңтардағы түсіндірме хат «Халықтың рухани өміріндегі құбылыстар мен тенденцияларға, тарихи өткеніне баға беруде маркстік көзқарастың жоқтығынан ақсап жатты. Революцияға дейінгі кезеңнің аса көрнекті бірқатар ақындарының шығармашылығына жөнсіз жазғыруды күшейтіп, сол кездегі маңдай алды әдебиетшілерді (А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, М.Әуезов, С.Мұқанов, І.Жансүгіров, Б.Майлин және басқалар) қуғындауды өршітті, олардың көпшілігі кейіннен репрессияға ұшырады» деген тұжырым жасалды. Бұл хаттың зардабы мен ызғары уақыт өткен сайын күшейе түспесе, азайған емес. Бұдан басқа құжаттардың бәрі де 1946-1956 жылдар арасында алынып, ғылыми ізденістің бағытын теріске бұрып, халықтың азаматтық тарихы мен мәдениетін, өнері мен әдебиетін шындық деңгейінде зерттеуге мұрсат бермеді; соған қоса, олар 1937 жылғы науқан кезінде ұлттық нигилистердің қаулап шығуына жағдай жасады. Өзінше ойлауға, еркін жазуға мұрша бермеді. «Қорытындыда» күшінен айырылған құжаттың ішінде «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» (21.01.1947) қаулы аталды. Оның қиратқыш күші орасан зор болды, кейінгі, 50-жылдардың орта тұсына дейін созылған «ұлтшылдықты әшкерелеу» науқаны осы қаулыдан тарамдалды. Осы қаулыға ілесе 1947 жылдың 29 сәуірінде «ВКП(б) Орталық Комитетінің «Драма театрларының репертуары және оны жақсарту шаралары туралы» қаулысын орындау барысы туралы» деген қарар қабылданып, Ә.Тәжібаевтың еш жерде қойылмаған, кітап болып басылып шықпаған «Біз де қазақпыз» деген драмасын сынап, қазақ театрларының қалыптасқан репертуарын тас-талқан етті. Аз ғана жыл ішінде есін жиып, қатары көбейе түскен қазақ зиялыларына, әсіресе, ғалымдар мен ақын-жазушыларға тағы да сталиндік жұт айналып соқты. Екінші дүниежүзілік соғыста ұлы ата-бабаларымыздың рухына сыйынып, соғыста олардың қолдауын тілегеніміз жоғарыда айтылды. Елдің ерлік дәстүрлерін мақтан тұту, тарихи оқиғалар мен қайраткерлерді еске алу соғыс кезінде барлық ұлт республикаларында өріс алды. Қазақстанда халықты отаршылдыққа қарсы күреске үндеген Кенесары мен Наурызбай есімдері еске алынды, олар жайлы зерттеулер жасалды. Таптық көзқарас жаңа орнығып келе жатқан кезде, 1923 жылы «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер» деген атышулы мақаласында Кенесары-Наурызбай қозғалысын теріс бағалаған С.Мұқанов 1942 жылы «Қазақтың ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер» деген еңбегінде оларды ұлттық мақтан деңгейіне көтерді. 1943 жылы шыққан «Қазақ ССР тарихында» олар-ұлт-азаттық көтерілісінің көсемдері ретінде аталды. Тарих тереңінде жатқан Абылай, Кенесары-Наурызбай туралы деректер мен жырлар жарыққа шығып насихатталды, елдің рухын көтерді. Алайда, мәдени-әдеби және тарихи мұраны игерудің мүмкіндігі ұзаққа бармады. 1943 жылы Кеңес Одағында тұңғыш рет жасалған, одақтың ең мықты тарихшылары Н.М.Дружинин, А.М.Панкратова, А.Н.Бернштам, М.П.Вяткин, т. б. мен қазақ ғылымының өкілдері М. Әуезов, Е.Ысмайылов, Е.Бекмаханов, Б.Сүлейменов қатысып жазылған «Қазақ ССР тарихы» сталиндік сыйлыққа ұсынылды. Талқылау ақырғы сатыға жеткен кезде профессор А.И.Яковлевтің «бұл орысқа қарсы жазылған кітап» деген пікірі белгілі болды. Мұндай шовинистік пікірлерге кезінде жауап берілгенімен, идеологиялық таластарда ол әрдайым еске алынып отырды. Дәрісті бекіту сұрақтары:1. Қазақ әдебиетінің сыны мен әдебиеттану ғылымының өркендеуі қандай дәрежеде болды? 2. Қазақ әдебиетінің сыны мен әдебиеттану ғылымына кімдер еңбек сіңірді? 3. Осы жылдары қандай зерттеу еңбектер жарыққа шықты? Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 10, 15, 18, 19, 20, 21, 22, 27, 28, 34, 43, 49. 13,14 ДӘРІС БАУБЕК БҰЛҚЫШЕВТЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ Дәрістің мақсаты: Баубек Бұлқышевтың ұлттық әскери әдебиеттің дамуына қосқан үлесін таныту. Тірек сөздер: мақала, очерк, публицистика, жауыздық . Дәрістің жоспары:1. Өмірі туралы мәлімет . 2. Шығармаларындағы ерлік пен жауынгер арманын суреттейтін мақала-очерктер. Ұлы Отан соғысы жылдарында ұлттық әскери әдебиеттің дамуына үлес қосқан жауынгер жазушы Баубек Бұлқышев еді. Ұлы Отан соғысының шындықтары, өмір мұраты мен адам қайраты, Отанды, елді, жерді аялау мен бағалаудың мол мүмкіндіктері, елдік пен ерліктің үлгі өнегелері, жастық пен достық, махаббаттың өлшем өрнектері, қысқасы ұлттық дәстүрге адалдықтың, атамекенге, ата анаға, бауыр туысқа, отбасына шынайы берілгендіктің сыр сипаттары Баубек Бұлқышевтың ақындық қуаты бай, жазушылық қарымы кең, журналистік мүмкіндігі мол дарын даралығы мен талант табиғатынан терең танылады. Әдебиетте жарқ етіп көрініп, тез сөнген, жастай кеткен Баубек Бұлқышевтың шағын өмірі әрі аянышты, әрі қызықты. Оның өмірі нағыз кеңес жасының өмірін елестетеді. Ол Қарағанды облысының Ұлытау өңірінде, қазіргі «Амангелді» кеңшарында 1916 жылы туған. Балалық дәуірдің балғын бесігінен жаңа аттаған шағында Баубек әуелі шешесінен, артынан әкесінен айырылып, жетім қалады. Алғашқыда ауыл мектебінен оқып сауатын ашады.Бұдан былайғы оқуына жақын туысы Сейтжан Смайлов деген мұғалім көп ықпал жасайды. Баубек жастайынан алғыр, өжет боп өсті. Сейтжан ағасының көмегімен 1932 жылы Қарсақбай заводындағы фабрика завод училищесіне келіп оқуға түседі. ФЗУ–ды бітіргеннен кейін Баубек 1933-1934 жылдары «Ұлытау» совхозында түрлі шағын қызметте болады. Осы уақыттан бастап ол көркем әдебиетті құмарта оқиды. 1935 жылы тамыздың орта кезінде Баубек оқу іздеп Алматыға келеді. Институтқа түсерлік тиісті білімі болмағандықтан техникумдардың бірін қалауға тура келеді. Өзімен бірге келген ересек жолдастарымен есеп экономика техникумының даярлық курсына түседі. Оның оқуға, өмірге деген құштарлығын мына өзі жазған хатарының біреуінен байқауға да болады «Менің он тоғыз жасымда бар ойым оқуда, қызмет жайында және несін жасырайын, атақ жайында болатын. Мен толып жатқан өнер жайын ойлаушы едім Алдымен ақын болғым келетін. Пушкин мен Лермонтовты, Гете мен Гейнені, Байрон мен Шиллерді оқығанда біржола сүңгіп кетуші едім. Бұл ақындар маған қатты ұнайтын да, күні түні басымды көтермей оқитынмын. Мен күйші де болғым келетін. Чайковский мен Глинканы, Бетховен мен Шопенді ерекше құмартып тыңдаушы ем. Мен өзімшіл екем, әрі ақын, әрі күйші болғым келетін. Жоқ, шынын айтсам, маған ол аз еді. Менен гөрі ересек жолдастарым мен бірге туған ағаларым институт бітіріп, біреуі инженер, біреуі тарихшы болып шыққанда, осы мамандықтар түгелімен менде де болса деуші едім. Өмір үшін, жас жігіт үшін, әрине бұ да аз...» Міне осындай ұшқыр қиял, асқақ арман, биік мұрат Баубек бойына дарыған қасиеттер еді. Майданға аттанған Баубек қатардағы жауынгерден офицерлік дәрежеге дейін көтерілді.Ақтық рет,1944 жылы ақпан айының ішінде Украинаның Ново - Юльевка деген селосы маңында саперлік міндетін атқарып жүріп, опат болды. Әдебиетпен шындап айналысқан Баубек техникумның екінші курсында есеп қызметкері болу мамандығынан мүлде суып, оған селсоқ қарайтын болды. Уақытының бәрін әдебиетке арнап, соның қызығына түседі. Қызға арнап өлеңдер шығарады. «Балалық шақ» деген поэма, «Ауылдан Алматыға» деген ұзақ әңгіме жазады. Бірақ бұл екі әңгімесін де «нашар нәрселер» деп жыртып тастаған. Баубек бұл жылдары әлеуметтік тақырыптарға да өлеңдер жазып жүрді. Бұл жазғандарын «Лениншіл жас» газеті, «Қазақ әдебиеті» журналы сияқты баспасөз орындарына ұсынған. 1938 жылы техникумның екінші курсын бітіріп, жазғы каникулда елге бармастан қазақтың мемлекеттік баспасында іс атқарушы болып уақытша қызмет істейді. Осында жүріп «Айсұлу» поэмасын бітіреді. Сол кездегі баспаның директоры Ә.Сәрсенбаевтың ұсынуымен Баубек Қазақстан Жазушылар ұйымының жанынан ашылған жас ақын жазушылардың екі айлық курсына алынады. Бұл курсқа алынған соң, ол техникумнан арыз беріп босанады. Курсты сол жылы аяқтап Жазушылар ұйымының жолдамасымен «Лениншіл жас» газетіне әдеби қызметкер болып орналасады. Мұнда біраз істеген соң «Октябрь балалары» газетінің бөлім меңгерушісі болып жоғарылайды. Газеттің күнделікті тынысына еріп бірде мақала, очерк, рецензия жанрларымен айналысса, бірде әңгіме, новелла, өлең жазды. Алматыға келген күнінен бастап оның өмір жолы - жанталасқан оқу, іздену, үйрену жолы болды. Алматы оған шығармашылық қанат бітірді, «Пай, пай, Алматы ай!..- деп жазды ол, - поэзия қаласысың сен! Жүрегімді мың бұрап, ойлы, әсерлі, әсем қиялға бөлеген ғажап қаласың! Сен туралы, сенің батыр ұлдарың туралы жазбақпын. «Алматылықтар»деп атаймын оны» –деп жазды Баубек. 1940 жылы Баубек өзі тіленіп әскер қатарына алынды. Ол Балтық жағалауындағы елдерді азат етуге қатынасты. Осыдан соң Баубектің жауынгерлік өмірі басталды. Ә дегеннен жақсы солдат, батыр жауынгер болды. «Біз кәрлі кезеңнің, соғысты заманның жандарымыз. Біз соғыста туғанбыз, соғыста өлеміз де...Осының бәрі сендер үшін, кейінгі ұрпақ!» деп жазды ол «Өмір мен өлім туралы» очеркінде. Ол шынында да өмірдің өзін творчество деп түсінді. Ол бірде Лермонтовтай офицер ақын болуды арман етсе, бірде Фурмановтай жауынгер жазушы болуды армандайды. «Жазғың келеді, жаза бергің келеді, әттең, шіркін, уақыт болса» деп әр хатында жазып жүрді. Ол шығармашылық арманын орындау үшін жан аямай соғысу керектігін, фашизмді жеңу керектігін өзіне де, өзгеге де ұран етті. Ұлы Отан соғысы жылдарында шығарылған газет, журналдардың қай қайсысы болсын дәуір келбетінің толыққанды тынысын, күн тәртібінде тұрған тарихи оқиғаларды мейлінше кең суреттеуді мақсат етті. Қоғамдық пікірдің жаршысы саналатын әрбір қаламгер қоғамдық - әлеуметтік маңызы бар, Отандық мәні, халықтық нәрі бар келелі мәселелерді көтеруге құлшынды. Осы бір асқаралы міндеттерді шешуде жедел дамыған оқиғаларға сарт сұрт қатынасып, найзағай отындай жарқ етіп шыға келетін жауынгер жанры әскери публицистиканың маңызы айтарлықтай болды. Қысталаң кезеңдегі қоғамдық дамудың жеделдігі мен халық энтузиазмының өршіл рухының диалектикалық бірлікте жымдаса өріліп, шынайы шындық бізімен кестеленгендігінде. Баубек өз публицистикалық шығармаларын хат түрінде, елімен, жерімен, дос жарандарымен тілдесу, сырласу түрінде жазған. Баубек соғыс жылдарында жауынгер публицист ретінде жарқ етіп көзге түсті. Орыс жазушылары И.Эренбург, Б.Горбатов, К.Федин, А.Фадеев, Н.Тихонов, К.Симоновтардың ізімен әскри публицистикаға бой ұрды. «Өмір мен өлім», «Мен өмір сүргім келеді», «Шығыс ұлына хат», «Заман біздікі», «Тыңда, Кавказ», «Жауыздық пен махаббат» деген публицистикалық шығармалары майдан жауынгерлерін ерлікке, патриоттыққа үндеді. «Жауыздық пен махаббат» шығармасында қан майданда өзімен бірге болған құрдасы жайында, оның үйін іздеп, туған селосына барғанын сөз етеді. Бұл құрдасы қан майданда табысқан, мақсаты бір жанашыр досы еді. Егіздің сыңарындай екі құрдастың бірі бұлбұлы сайраған Курск жерінде, орыс отбасында дүниеге келген де, екіншісі Сарыарқа самалы жанын тербеткен қазақ даласында туған. Одан әрі екеуінің өмірі бір арнаға түсіп, бірлесе ағады. Бұрын соңды бірін бірі етене жақын білмеген екі жас окоп үйдің ішінде тұңғыш рет танысады, ойлары орайлас, мақсаты мығым екі досқа айналады. Бұл қысқа мерзімнің аясында өмірге келген достық болса, бірақ ғұмырға бергісіз шын жүрекпен жалғасқан аяулы адал достық еді. Окопта жатып екеуі де жараланады, жандарына батқан жараларын кезектесіп таңады. Осындай уақытты Баубектің өзі: «...Екеуміз бір бірімізді сүйемелдеп, кейінірек түсіп жатуға орнымыздан қозғалғанымызда көзіміз өзіміздің жаралы денеден төгілген қанымызға түсті. Жас адамның қаны қып қызыл бола ма, әлде бізге солай көрінді ме, өрттей қып– қызыл қан окоптың екі жақ жаны арқылы ағып келіп ұштасып, бір жерге құйылып жатыр екен. Әлі де тоқталып бітпеген жас дененің қаны тыйылмады. Кейде менің, кейде оның денесінен бинтке сыймай кезекпе кезек тамшылаған жас қан жаңағы жерде көз алдымызда қосылып ақты да тұрды». «Жауыздық пен махаббатта» Баубек өзінің құрдасынан бөлініп кеткеннен кейін, оның туған селосына келеді. Оның ата анасымен, сүйген қызымен танысу үшін, солардың амандық саулықтарын білу үшін келеді. Құрдасының туған өлкесіне бет аларда оны ерекше қуаныш сезімі билейді. «Мен құрдасымның туған жеріндемін, оның туып өскен жері менен екі шақырымдай ғана жол болып тұр. Жүрек сонша алып ұшып қуанды. Өзім туған Арқада ән салып келе жатқаннан кем емеспін» деп жеткізеді Баубек бұл сапарын. Баубек публицистиканың нәрі мен дәні өзекті мәселелерді өткірлікпен көтеріп жүрек таразысының өлшемімен өрнектеуі сезім сығындысын, ой асылын ғана тап тұйнақтай шымыр қалпында оқырманға ұсынуы. « Мен өмір сүргім келеді» туындысы – жанрлық жағынан эпистолярлық сипат – сырлары мол туынды. Майдан даласындағы аз ғана тыныштықта алыс ауыл, жақын – жуық , дос – құрбылар ойға оралады. Балалық жастық кезең көзалдыңнан өтеді. Өмірге құштарлық, өнерге сүйіспеншілік сезімі бойды билейді. Жанна қызбен – сүйген сұлумен сырласады. Өмір мұраты, еңбек өнегесі, еркіндік тынысы өзіндік өзгешеліктерімен қиялды қанаттандырып, көңілге түрлі ой салады. «Мен өмір сүргім келеді» дейтін мақаласында фашистердің бет пердесін әшкерелей отырып, Баубек өз кейіпкерлерінің оларға қарсы күрес үстінде туған кекті мінезін, қайсарлығын, табандылығын былай суреттейді: «Менің өмір сүргім келеді. Бірақ фашистік неміспен бірге өмір сүре алмаймын. Фашисі бар дүние тар мен үшін. Адам мен аң бір бөлмеде тұра алмайды. Бір жердің үстінде фашистік неміспен жасай алмаймын мен. Біз Шиллерді, Гетені сүйеміз, біз оларды қазір де жақсы көреміз. Біз қанқұмар емеспіз. Бірақ мен Германия жастарының арасында Вертер сияқты біреуін де таба алмадым. Оларда жүрек жоқ. Немістер тіпті солдат та емес. Суворов: «Солдат талаушы емес» депті. Мен мұны азырақ қана ауыстырып, «талаушы солдат емес» дер едім ». Міне ел басына күн туғанда ер намысын жоғары ұстап, халқының рухын көтеріп, отты сөзін өмір өзегінен алған жалынды публицистің жауыздарға деген идеялық нысанасы, жүрекжарды үкімі осындай еді. «Өмір мен өлім туралы» атты туындысында автор кейіпкер зердесі мен өмір жайлы толғанысын білдіреді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырын мәңгілік нұрға бөлер ақ сәуле, ой мұрасынан өшпес із қалдыруды арман етеді. «Шығыс ұлына хат» ел басына күн туғанда ер намысын жоғары ұстап ерлікке шақырған, халақ рухын биікке көтерген, қызуы мол публицисттикалық туынды. Жауынгердің Отанға деген зор сүйіспеншілігін, елдің нұрлы келешегін қорғаудағы ерен ерлігін автор тарихи философиялық тұрғыда былай тұжырымдайды: «Біз ерліктің екі бірдей мектебінен тәлім алдық. Біз Шығыстың Қобыланды, Тарғын сияқты батырларынан ерлікті бір үйренсек, орыс халқының батырлары Суворов, Кутузовтардан екінші үйрендік. Біз Исатай мен Махамбеттің, Абай мен Амангелдінің балаларымыз. Біздің қылышымыз фашистік немістің қанымен суарылуы керек. Серт осы болсын!». Өмірдің әрбір сәтін қатты бағалап, шексіз сүйген Баубек кейіпкері адам бойындағы гуманистік сезімдерді дамыта отырып, ғажайып ерліктердің тууына жол ашады: «Отан бізге қолымызға қару, бойымызға қуат беріп, өзінің сұлу шығысыңды, қонақжай халқыңды қорға деді. Ойлашы, Шығыс ұлы, біз ел сенген ерміз, қалайша туған жерді қолдан береміз? Сен еркіндіктің туын көтерген азат елде өстің. Ортаң бүлінбесін, сүйген сұлуың күң болып зарламасын десең, өлтір жауды, өлтір фашисті! Шығыс ұлы, сенің ауыр минутта өлсем артымда балам бар, атым өшпейді деп мақтанғаның әлі есімде. Екі жастағы кішкене бөбегің саған өлімнің алдында әл, қуат болып еді. Ендеше, сол балаң келешекті болсын десең өлтір жауды, өлтір фашисті!» «Заман біздікі» - ел – жер жайлы толғаныстарға толы. Перзеттік парыз бен қарыздың, шынайы шындықтарға суарылған сырлы сезімнің қуат – күші жоғары. Азаматтық пен бостандықтың өлшемі, татулық пен туысқандықтың таңбасы айқын. Бейбіт өмірге құштарлық пен балалық шаққа саяхат, жастық пен достық сырлары шындық жайттарды арқау етуімен де мәнді. Ең бастысы, әрине өмір мен өлі өлшемі, соғыс пен бейбітшіліктің бағасы – адам мұраты, арман – аңсары, еңбек тынысы негізінен кең өріс алады.Шығарма мұратынан: ел – жер, тарих пен тағдыр, жастық пен достық жырлары былай беріледі. «Біз жастар, тағдырымыз сенімен байланысты екенін білеміз. Туған жер. Біз сенің топырағыңда ғана бақытқа бөленбекпіз. Өмірдің биік шыңына қол созамыз, адам дүниесінің сан - саласына ой жүгіртеміз. Біз бақытты жастар едік. Сенің үстіңде қуанышқа кенеліп, той тойлаған күндер есте. Бүгін сенің үстіңде өстік, керек болса сенің үстіңде өлеміз де. Бірақ, жауға беріп қоймаймыз сені. Серт осы. Біз осыған ант етеміз, ізгі ана!..... Біздің заман таласта! Жастық шағымызды қырау шалғалы тұр! Бірақ, біз өз заманымызды ешкімге бере алмаймыз! Заман біздікі! Өз заманымыз үшін жан пида! О, жастар! О, құрбылар! Бұл тұстардан айқын аңғарылатын жайттар: жастар өмірі мен жастық сырларына ең жоғарғы орын беріледі, ел – жердің қадір – қасиеті мен адам әлемінің мол мүмкіндіктері, еңбек тынысы бар сипат – сырларымен жан жадыратып, көңілді баурайды, дәуір дидары мен заман шындығы, кемел келешек хақындағы толғам – толғаныстар кеше – бүгін байланысын, перзенттік парыз – қарызды терең танытып, Отан, атамекеннің қадір – қасиетін еселеп арттыра түседі. Бастысы, әрине қаламгер заманға, уақытқа үн қату арқылы адамзаттық маңызы бар мәселе: бостандық пен бейбітшіліктің мәңгілігін сақтау, тұрақтылық пен туысқандықтың терең тамырлары жіті танылады». Міне мұның бәрі майдан қаһармандарына мықты рух берген көркем публицистикалық сөздің кереметі еді. Енді Баубектің жарияланбаған жырларына келейік. Баубек жазушылықты өлеңнен бастайды. Өлең жазудың соңына түсе бастаған алғашқы кездері 1936 – 1937 жылдар болды. Бұл кезде ол Алматыдағы есеп – экономика техникумында оқушы еді. Жас Баубек сабақпен айналыса жүріп, көркем әдебиет оқумен де қатты шұғылданады. Тіпті, кей күндері кітаптың қызығына беріліп, ертеңгі сабаққа ұйықтамай да барып жүреді. Әдебиетке құлай берілген ол оқи жүріп, өзі де жазады. Бұл жазғандары көркемдік жағы кем, балалық – жастық әсерімен туған, еркін пісіп, жетілмеген нәрселер болды. Алайда, сол қарпуы жетпеген, жастық өлеңдерін өзінен ойлампаз, аңғарымпаз, алдына нақты мақсат қойған жасты көреміз. Мұны 1936 жылы жазылған «Пушкиннен қиялымда ұялғаным» деген, бір кішкентай өлеңінен көруге болады. Өлеңнің қысқаша мазмұны мынадай: Койка үстінде шалқамнан жатырмын. Сабаққа дайындалу деген ойда жоқ. Өзім нашар оқимын. Есі – дертім ойын – сауық. Тұсымда Пушкиннің суреті ілулі тұр. Кенет есік қағып біреу кірді, ауылдағы досым екен, стахановшылар слетіне келіпті. Әңгімелесе отырып, ол менен Пушкиннің суретін көрсетіп кім деп сұрады. Бос даурықпаны сүймейтін мен, әркімнен естігенімді айтып, білгіш адамша, судырата жөнелдім. Артынан, досым кеткен соң, құлағыма «Әй, бала» деген дауыс шалынғанда қабырғаға қарасам, Пушкиннің суреті екен сөйлеп тұрған. Сен мені оқымай – білмей жаңа досыңа өтірік соқтың. Ал шынында, сенен ол жақсы біледі, өйткені, оқиды ол мені. Есіңде болсын, әр адамға еңбегін оқып барып, біліп барып , баға беру керек, - дегені ғой. Сөйтіп, Пушкиннен қиялымда жаман ұялдым. Содан бастап шындап оқуға кірістім, – дейді. Осы қысқа өлеңде жас талапкер жап – жақсы пікір айтады. Жас өспірімдерге ой тастайды. Лайықты қорытынды жасайды. Сөйтіп, аңғалдау ойына, өлеңнің көркемдік жағының жетіспей жатуына қарамастан, бас – аяғы жинақы, ойы аяқталған өлеңді аңғарамыз. Сол жылы өзінің балалық өмірінен алып бір поэма жазады. Бірақ, бұл еңбегі қазір жоқ. «Нашар нәрсе» деп жүруші еді, өзі кейін, тегінде, жыртып тастауы да мүмкін. Анығы бізге белгісіз. Баубектің көбіне шұғылданғаны қыздарға арнап, лирикалық өлеңдер жазу болыпты. Бұл салада 1940 жылы армия қатарына кеткенше үзбей жазып жүрген дейді. Бұл өлеңдерінің көбі орыс, Батыс Еуропа классик ақындарына еліктеу түрінде келген.Шат өмірдің жыршысы болу, өлеңде заманымызыдың кескін, бет алысын суреттеу, жастықты мадақтау – Баубек марқұмның өзекті арманы болған. Шуу деп өлең жазумен айналыса бастағаннан күнбе – күнгі өмір, саясат мәселесіне арнап үзбей жазып отырған. Кейбір өлеңдерін «Лениншіл жас» газетіне, «Әдебиет майданы» журналына апарып көргені де бар екен. Бірақ басылмаған. Осы техникумды қоймасам болмас деймін. Бір редакцияға өлең апарсам, аяғындағы адресімді көріп, бетіме тесіле қарайды. Бухалтер мен ақындық бір жерег ауыл – үй –қонбайды ғой дегендей болады бұл қарасы! – дейген екен әзілдеп, әрі ренжіп. Баубектің 1939 шы жылы жазылған тағы бір қысқа «Кәдір түні» атты поэмасы бар. Бұл поэмада ислам дініндегі қасиетті Рамазан айының киелі бір түні туралы айтылады. Бұл түні барша халықтың таңға дейін кірпік ілмей Тәңірден тілек тілейтіні жайында ақын: Сол түні көрмек ақпейіл Тілеген адам шын адам. Тілегін құдай береді..... Дәрісті бекіту сұрақтары:1.Баубек Бұлқышевтың аяқталмай қалған шығармасы қалай аталады ? 2. Баубек Бұлқышевтың қандай очерк, публицистикалары бар? 3. Баубек Бұлқышев «Шығыс ұлына хатын» кімге жазған? Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 10, 15, 18, 19, 20, 21, 22, 27, 28, 34, 43, 49, 77, 78,104. 15,16 ДӘРІС МӘЛІК ҒАБДУЛЛИННІҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ Дәрістің мақсаты: Мәлік Ғабдуллиннің жазушылық, ғалымдық қырларын таныту. Тірек сөздер: Кеңес Одағының Батыры, жазушы, профессор, филология ғылымының докторы, қоғам қайраткері, КСРО Ғылым Академиясының ғылыми қызметкері, ержүрек батыр. Дәрістің жоспары:1. Мәлік Ғабдуллиннің өмірі туралы мәлімет. 2. Майдандық жазбалары. Мәлік Ғабдуллин – Кеңес Одағының Батыры, жазушы, профессор, филология ғылымының докторы, қоғам қайраткері, КСРО Ғылым Академиясының ғылыми қызметкері, ержүрек батыр. Мәлік Ғабдуллин 1915 жылы 2 (15) қарашада Ақмола облысы, Зеренді ауданына қарасты Қойсалған ауылында дүниеге келді. 14 жасынан бастап атақты жазушы Сәбит Мұқановтың тәрбиесін алады. 1924-1931 жылдар аралығында М.Ғабдуллин Көкшетау қаласындағы жетіжылдық қазақ мектебінде оқиды. 1931 жылдың қыркүйегінен 1935 жылдың шілдесіне дейін Алматы қаласындағы Абай атындағы Педагогика институттың «Қазақ тілі мен әдебиеті» бөлімінің студенті болады. 1935 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын тәмамдаған соң, 1935-1937 жылдар аралығында әскери борышын өтейді (1937 жылдың қарашасына дейін Өзбек ССР-і Ферғана қаласында Отан алдындағы борышын өтеді). Әскерден келгеннен соң 1937 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер болып еңбек етеді. 1938 жылы «Қазақстан пионері» газеті редакторының орынбасары қызметінде, одан КСРО Ғылым Академиясының Қазақстандық филиалындағы Тіл және Әдебиет Институтында ғылыми қызметкер болады. 1938-1946 жылдар аралығында Абай атындағы ҚазПИ-де аспирантуралық дәреже бойынша білім алады. Жас аспирант кандидаттық диссертация тақырыбы ретінде «Қобыланды батыр» эпосын таңдап алып, халқымыздың ауыз әдебиетіне, оның ішінде ұлттық фольклор тұнығына тереңінен бойлайды. Бірақ сәтті басталған диссертациялық жұмысын аяқтағанымен, қорғауға мүмкіндігі болмайды. Себебі дәл сол кезде сұрапыл соғыстың оты тұтанған болатын. 1941 жылы ел басына күн туып Ұлы Отан соғысы басталғанда алғашқылардың бірі болып өз еркімен майданға аттанады. 1941-1945 жылдар аралығында Мәлік Ғабдуллин Ұлы Отан соғысына қатысады. 1941 жылдың қыркүйегінен бастап соғыстың соңына дейін фашистік күштерден Отанды қорғау борышын абыроймен атқарады. Аға политрук болады. Майданда И. В. Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияда жауға қарсы шайқасады. 1942 жылы Новгород облысына қарасты Холм қаласының маңында болған ұрыста Мәлік солдаттардың біразына басшылық етеді. Кескілескен ұрыстың нәтижесінде жаудың екі таңкісін гранатамен жарып, жаудың 12 солдатын тұтқынға алады. Ұрыс кезінде Мәлік Ғабдуллин жарақат алады, алайда алған жарақатына қарамастан жауға қарсы оқ боратады. Осы ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен (№ 1035) Мәлікке 1943 жылдың 30- қаңтарынан бастап Кеңес Одағының Батыры атағын береді. Бұл атақпен қоса Ленин ордені және «Золотая Звезда» медаліменде қоса марапатталады. 1946 жылдан бастап М.Ғабдуллин запастағы подполковник болады. Сұрапыл соғыс жылдарынан соң елге аман қайтып, түрлі салаларда белсенді қызмет етеді. Артынан өшпес із қалдырады. 1959 жылы оған «Филология ғылымдарының докторы » ғылыми дәрежесі тағайындалады. Соғыстан кейінгі жылдары ғылыми-педагогикалық салада қызмет атқарады. 1946-1951 жылдар аралығында Қазақ КСР Ғылым Академиясының Тіл және Әдебиет Институтында директорлық қызметте болады, 1951-1963 жылдар аралығында Абай атындағы ҚазПИ-де ректорлық қызмет атқарады, 1963-1973 жылдары Қазақ КСР ҒА Тіл және Әдебиет институтында фольклор бөлімінде меңгеруші болып істейді. М.Ғабдуллиннің әдеби қызметі 1938 жылдан басталды. Оның қазақ фольклоры мен әдебиеті туралы жазған 100-ден астам мақалалары республикамыздың газет, журналдарында жарияланды. Мәлік Ғабдуллиннің зерттеген негізгі еңбектері қазақ халқының батырлық эпостары, мақал-мәтелдері, айтыстары, ертегілері мен халық әндері болды. Қазақ әдебиетінің көп томдық тарихын шығаруға ат салысады. Оның «Қазақтың батырлық эпостары » зерттеу еңбегі 1972 жылы Ш.Уәлиханов атындағы сыйлыққа ие болады. КСРО Жоғарғы Кеңесінің 2-ші және 4-нші шақырылымдарында депутаттық мандатқа ие болады. Мәлік Ғабдуллиннің «Менің майдандас достарым (Мои фронтовые друзья)» (1947), «Алтын Жұлдыз (Золотая звезда)» (1948), «Майдандық очерктер (Фронтовые очерки)» (1949), «Будни войны» (1968), «Достар, жолдастар жайлы» (1969), «Ызғарлы жылдар (Грозные годы)» (1971) атты еңбектері бар. Мәліктің әдеби туындыларының кейбірі И. П. Щеголихин көмегімен орыс тіліне аударылды. Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде саяси-қоғамдық істерге белсенді түрде араласып, еңбек сіңіргені үшін оған 1961 жылы ҚазКСР-не еңбегі сіңген қоғам қайраткері атағы берілді. Қазақ хылқының біртуар батыр ұлдарының бірі болған, ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері және жазушы Мәлік Ғабдуллин 1973 жылы 2-қаңтарда Алматыда көз жұмды. Мәлік Ғабдуллин кезіндегі қазақ әдебиетіне қарсы жүргізілген солақай саясаттан талай мұрамызды сақтап қалған. Артына өшпес мұра қалдырған азаматтарды құрмет тұту өскелең ұрпақтың парызы болғандықтан қазір ол кісінің еңбектері қайта зерттелу үстінде. Батырдың Алматыда тұрған үйі мен қызмет атқарған институтында батырға арнап мемориалды тақта орнатылған. Өзі туып-өскен аудандағы мектеп пен көше аттары Мәлік Ғабдуллиннің есімімен аталады. Көкшетауда батырға арналып арнайы мұражай ашылған. Алматы, Астана және Көкшетау қалаларында көше аттары М.Ғабдуллин есімімен аталады. Қаһарман-ғалым Мәлік Ғабдуллиннің шығармашылығы қақында профессор Серік Негимов былай дейді: Ұлы Отан соғысы жылдарында жазған шығармалары тарихилық және көркемдік мәнімен де өзгешеленеді. Сөз өнерін ардақтап кие тұтқан, қазақ баласына деген өлшеусіз құштарлықтың, ізгілік- адамгершілік қасиеттің, рух-жігері асқақ қайраттың иесі Ер Мәлік лапылдаған оттың, «көкала түтіні бұрқырап» гүрсілдеген оқтың ішінде жүріп, өнімді, өрнекті еңбектеніп телегей шығармалар туындатқанына қайран қалмасқа болмайды. Мәлік Ғабдуллин 1942 жылдың 12 мамырында Ғабит Мүсіреповке жазған хатында былай дейді: «Менің шатаспаған жерім аз деймін. Соғысқа енісімен күнделік жазуға кіріскем. Оның барлығы былтыр бір соғыста оққа ұшып кетті. Соңынан «Қазақ баласы» деген атпен көп нәрсе жаздым. Көлемі 750 беттен артық, дәптер бетімен санағанда. Мұнда Бауыржан Момышұлы, Мұқан Сламқұлов(сіз оны білесіз ғой), Балтабек Жетпісбаев, Жалмұқанбет Бозжанов, Қазтай Садуақасов, Жұмажан Батталовтардың ісі, ерлігі және көптеген эпизодтар жиналды». М.Ғабдуллиннің Бауыржанның қолбасшылық өнері, үлгі-өнегесі, шешендік қабілеті, терең дүниетанымы, батырлық болмысы «Бауыржан Момышұлы» дейтін мемуарлық повесі (1941-1942) мен «Қазақ мақалының күші» деген эссесінде (1943) әдемі сипатталады. «Дивизия командирі генерал-майор Панфиловтың бұйрығы бойынша– деп әңгімелейді гвардия майоры Мәлік Ғабдуллин. Бұрынғы артиллерист, аға лейтенант Бауыржан Момышұлы Н. полкының бірінші батальонына командир болып тағайындалды». Міне, осыдан бастап командирлік тізгінін қолына алған соң, айбынды міндеттерді абыройлы орындау мақсатында жауынгерлерді небір қиын да күрделі сынақтардан өткізді. 50 шақырымға марш жасау, оның ерекшеліктері, маршта тәртіп сақтау және қорғаныс құрылыстарын салу секілді. Әрі осы ұзақ жорықта жауынгерлердің ептілігі, тұрмысқа икемділігі де (мысалы, тамақ пісіру) сыналатыны да аян. Қиыншылықтар мен қайшылықтарды жеңу үшін шыдам да, көнтерлілік те, төзім де, икемді қабілет те қажет. Б. Момышұлы бір топ қазақ командирлері мен саяси жетекшілерге арнап жалынды сөз сөйлейді. «Әй, жігіттер,– деді Бауыржан. Қазақ қазақ болғалы талай-талай тар қамаудан өткен. Талай шабуыл жортуылдарды басынан кешіріп, халық өз ойлаған мақсатына да жеткен. Сонау кездегі Исатай, Абай мен Шоқандар халыққа қызмет етумен есімдерін мәңгі қалдырды. Олар тарихи адамдар. Халық басына күн туғанда қалың қауымды бастайтын ері болмаса ел не болмақ? Ерді ел қолдамаса, ер не болмақ? Халқымыз бізді мұнда қонаққа жіберген жоқ, майданға, халық бақытын қорғауға жіберді. Соғыстың аты соғыс қой, өлі я жарадар болатынымыз да бар шығар. Бірақ жігіттер істеріңе адал болыңдар, өлсек шәйітпіз, халық үшін қазамыз. Ал, біріміз осалдық істесек, опасыздық, қорқақтық жасасақ– халық алдында абыройымыз жоқ, халықтың ар-намысына қара күйе жағушы боламыз. Мұндай жағдайдан аулақ болайық, жігіттер. Жасасақ та, өлсек те өмір үшін, ел намысы дегенді ұмытпалық». -Бауыржан, дұрыс айтасың.Міндет те,кім екеніміз де,бұл жерге не үшін келгеніміз де түсінікті.Тірескеннің тізесін, белдескеннің белін сындырайық.Халқымызға, ел-жұртымызға, қазақ баласы деген атымызға қате таңба салмайық, – деді Мұхамбетқұл. -Айтқаның–айбарлы батырдың сөзі. «Төртеу түгел болса, төбедегіні алады, алтау ала болса, ауыздағы кетер» деген бар емес пе? «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» деген халықтың данышпандық сөзін естен шығармайық. Халқымыз бізді мақтан етсін, «сенгенім сен болсаң, күйсеген аузыңды ұ...» деп жүрмесін, – деп Бауыржан ақыл айтты. Бұл әңгімелерге зер сала тыңдап, ақылмен ойлаған Бозжанов: -Ақсақал «ел намысы–ер намысы»деп дұрыс айттыңыз. Біз еркіндегі адамдармыз, қауіп етпеңіз, бастаңыз майданға, біз ердік, – деді. Олар «Қазақ баласы ар мен намыс иесі» деген атақты абыроймен ақтауға анттасқандай болып тарасты. Мінеки, жігерді жанитын, жаныңды толқытатын, көңілі ойлы жанға даритын, миға тоқитын даналық мәйегіне ие қасиетті сөз. Мәлік батыр өмір мен өлімнің шекарасында қар жастанып, мұз төсеніп жүргенде Бауыржанның жауынгерлердің жан дүниесін тебіренткен асыл ойларын, сезімді селт еткізерлік сәулетті сөздерін, «окопты–кабинет,жерді–орындық, тізесін – үстел» етіп, жаны мұрнының ұшында жүрсе де, соғыс сәттерін суымай тұрғанда, қаз-қалпында, ізінше қойын дәптеріне түсіріп отырған. Әрбір қанатты, нақыл сөздің тарихы, оқиғасы, себебі болары анық. Бұл орайда Мәлік Ғабдуллин мына бір өнегелі сөздің тарихын былайша сөйлетеді:«Күн кешкіріп барады. Бауыржан бір төмпешіктің үстіне шықты да, көз алдынан шегінуге беттеген батальонын өткізіп тұр. Оның алдынан өткенде жұрт үндемей, тәртіп сақтап өтіп барады. Ол осы қалпымен бүкіл батальонды өткізіп болды да, саптың артынан өзі жүрді. Оның қасына саптың соңында келе жатқан Бозжанов келді де: -Ақсақал, неге жалғыз келесіз, жазым болсаңыз қайтеді, – деп ақыл сала айтты. -Е, мен өлсем, сендер бар емессіңдер ме? Батальонды сендер басқаруға жарамайсыңдар ма? -Ойбой-ой, комбат қай жерде болса, батальон да сол жерде. Сіз жоқ болсаңыз, батальонда не сән, не күш қалар дейсіз... Бауыржан бұл сөзге ызаланып кетті: «Біреу батыр болғанша, мың батыр болсын» деп айтып салды». Бұл орайда Мәлік батырдың қанды жорықтың ішінде жүрсе де соғыс суреттерін суреткерлік-зердемен қабылдап, мөлдірете шеберлікпен сипаттағанын атап өту ләзім. Мәлік Ғабдуллин «Қазақ мақалының күші» эссесінде («Социалистік Қазақстан» газеті, 1943 жыл, 27 ақпан) Бауыржан Момышұлының бірсыпыра төлтума ғибратты сөздеріне назар аударып, дәптеріне сақтап, олардың туу тарихын, нақты себептерін шебер баяндайды. «Жауынгер майданда жеткен табысына қуанады, кейде қолайсыз жағдайға түсіп қалғанына қынжылатын кездері де болады. Осындай қынжылысты сейілту үшін, жауынгерлерді жігерлендіріп, қиыншылықты жеңуге аттандыру үшін берілетін айбынды бұйрықтың әсерімен бірге, халықтың қара тасты қақ жаратын өткір поэзиясының, данышпандық ма-қал-мәтелдерінің әсері, ықпалы өте күшті болды. Мұны қазіргі соғыс жағдайы әбден анықтады» – деп әділ көрсетеді Мәлік батыр. Қолбасшы командир Бауыржанның теңіздей толқыған, көкірегінде күмістей жарқыраған сөздері жатыр.Бұлардың тек-төркіні–соғыс жағдайын терең бақылағандықтан, оқиғаларды нәзік таразылап,дұрыс қорытындылар шығарғандықтан, ақыл мен ойдың тізгінін тең ұстағандықтан,тәрбие мен тәжірибенің сырларын мінсіз меңгергендіктен. Мәселен: 1.Намысты нанға сатпа. 2.Қырағының көзі де батыр, өзі де батыр. 3.Тәртіп тән үшін, ынтымақ жан үшін керек. 4.Тізе бүгіп, тірі жүргеннен, тіке тұрып, өлген артық. 5.Ана үшін аянба – ант ұрады,бала үшін аянба – бетің күйеді,Ел үшін аянба – ерлігіңе сын,жұрт үшін аянба – жігіттігіңе сын. 6. Ел дегенде – езіліп, жұрт дегенде – жұмылып істе. 8. «Батыр – батыр емес, батырларды бастаған батыр ». Біз қас жауды қарумен де, халықтың қаһарлы сөзімен де қиратудамыз. Халық сөзі, оның данышпандық мақалдары, бізге зеңбірек, танк, винтовка, автомат қандай қызмет етсе, олар да сондай қызмет етуде деп аяқтайды «Қазақ мақалының күші» эссесін Кеңес одағының Батыры, гвардия майоры Мәлік Ғабдуллин. Баукең сөздерін жедел хатқа түсірген М.Ғабдуллиннің ұқыптылығын, кісілігін, екі ірі тарихи тұлғаның арасындағы шығармашылық байланысты атамауға болмайды. «Егер жазушы, не ақын болсам, көк күмбезді қағаз етіп, көкала дарияны сия етіп «Батыр Бауыржан» деген хикая да жазған болар ем» – деген Ер Мәліктің лала лебізінде телегей сыр бар-ау! (1942 жылдың 15 қыркүйек күні жазылған хатынан). Совет Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің деректілік жағынан болсын, көркемдік сапасы жағынан болсын мейлінше құнды «Сол бір күндерде», «Жас қазақ», «Төлеген Тоқтаров» дейтін әскери повестерінде жас барыстай жалынды Төлеген Тоқтаровтың, саяси жетекші В.Клочковтың, полк комиссары Ахметжан Мұхамедияровтың, барлаушы Бахтияр Меңдіғазиннің, полк командирі Н.В. Капровтың, майталман командир, ұлт тілінің қамқоры, терең білімді В.Н. Шуттің, жанартаудай жігерлі, алып тұлғалы Балтабек Жетпісбаевтың, жауынгер- композитор Рамазан Елебаевтың батырлық-ерлік іс-қимылдары келісті өрнектелді. Дәрісті бекіту сұрақтары: 1. Мәлік Ғабдуллиннің қандай зерттеу еңбегі бар? 2. Мәлік Ғабдуллиннің майдандық жазбалары не туралы? 3. Мәлік Ғабдуллин туралы жазылған қандай еңбектер бар? Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 10, 15, 18, 19, 20, 21, 22, 27, 28, 34, 43, 49, 77, 78. 17,18 ДӘРІС ЖҰМАҒАЛИ САИННЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ Дәрістің мақсаты: Жұмағали Сайнның ақындық қырларын таныту. Тірек сөздер:Партизан, «Бақыт жыры», «Алтын таң». Дәрістің жоспары:1. Жұмағали Сайн өмірі мен шығармашылығына тоқталу. 2. Партизан тақырыбындағы өлеңдері. Жұмағали Саин 1912 жылы қазіргі Көкшетеу облысының Арықбалық ауданында кедей семьяда туған. Төрт жасында әкеден, бес жасында шешеден айрылған ол балалық шағын әкесінің інісі Сыздықтың қолында өткізеді, жоқшылық пен жетімдік зардабын бір-дей тартады. Кейінірек жазған «Ойласам бала кезімді» атты өлеңінде ақын сол кезін еске алып, Жылы бір кұшақ таппадым, Бетімнен адам сүймеді, Талпындым, жұртқа жақпадым, «Қу жетім» деп түйреді,-деп жазады. 1923 жылы Жұмағали Көкшетау қаласындағы панасыз балаларды тәрбиелеп оқытатын коммунаға алынады, сонда жүріп жеті жылдық мектеп бітіреді. 1928- 1931 жылдары Көкшетау ауданында ауылдық мектепте мұғалім болып істейді. 1931 жылы Алматыға келіп, Абай атындағы қазақ педагогика институтына түсіп, бірер жылдай оқиды да, денсаулығына байланысты аудандық оқу бөлімінің, меңгерушісі болып Қарсақпайға кетеді. Содан ол 1934 жылы ғана Алматыға оралады. Бұдан кейінгі өмірін газет-журнал редакцияларында, көркем әдебиет баспасында, жазушылар Одағында өткізеді. Жұмағалидың әдебиетке, өлеңге құмарлығы жастай байқалған. Көкше елінің ақындық, әншілік дәстүрі оған ерте әсер еткен. Туған жердің сұлу табиғатын да жетім бала өзіне жұбаныш тұтқан. Жоғарыда аталған өлеңінде ол балалығын еске түсіріп, Орманның жасыл жапырағын Аялап талай тарадым, Мөп-мөлдір бұлтсыз түндерде Жұлдызды қанша санадым. Қопаны кездім, су кештім, Шулады маған құрақтар Еншісі дала елде өстім, Алдымда жатты бұлақтар Жалғыз-ақ жазғы даладан Қуаныш таптым, сыр таптым. Көкірегімді кинаған Қайғыны сонда шырқаттым,-деп жазады. Көкшетау коммунасында Жұмағали алғашқы шәкірттік өлеңдерін жазады. Олардың кейбірі Петропавлдағы «Бостандық туы» газетінде басылады. КазПИ-де оқыған, Қарсақпайда істеген жылдарында оның қаламынан көптеген өлең-жырлар туады. Отызыншы жылдардың бас кезінен бастап оның өлеңдері республикалық баспасөзде жарық көре бастайды. 1936 жылы ақынның «Бақыт жыры», 1938 жылы «Алтын таң» атты кітаптары шығады. Бұл жылдардағы Жұмағалидың ақындық мектебі халық поэзиясы мен қазақ ақындары Сәкеннің, Бейімбеттің, Ілиястың, Сәбиттің үлгілері болды. Кейінірек ол орыс тілін игеріп, орыстың және дүние жүзілік поэзияның көрнекті өкілдерімен танысады. Тақырыбы жағынан жас ақын отызыншы жылдар ішіндегі біздің қоғамдық өміріміздің жаңалықтарын жырлауға ұмтылады. Совет халықтарының жаңа өмірі, колхоздағы еңбек адамдары, Ұлы Октябрь мен революция көсемі Лениндік партия туралы ой-пікірлер, табиғат суреттері оның алғашқы өлеңдерінің идеялық өзегі болып кіреді. «Жетім серті», «Екі түн» өлеңдерінде Жұмағали өз геройларының ескі және жаңа өмірін суреттеу арқылы социалистік шындықтың сырын ашуға ұмтылады. Өлеңнің геройы жетім бала өмірде көрген ауыртпалығын әңгімелеп отырып, бар алғысын жетімдік торынан құтқарған ұлы Ленин партиясына арнайды. Сонда маған ана болған Құшақ жайған, «кел» деген. «Ей, күнәсыз жетіп ұлан, «Мә, сүтімді ем,» деген Ұлы Ленин партиясы, Саған тарттым жырымды,-дейді «Жетім серті» өлеңінде. «Бақыт құшағында», «Айбала» өлеңдерінде Жұмағали колхоздың бүгінгі бақытты өмірі мен еңбек адамдарын көрсетуге талаптанады. Ақын өлеңдерінің лирикалық геройында заманына ризалық, шаттық, қуаныш сезімі байқалады. Табиғат суреттеріне арналған өлеңдерінде де («Құлпыра берші, кең дала», «Май сипаттары») ақын ондағы өзгерісті көруге тырысады. Таңым сырлы таң қалғандай, Тарихта еш болмаған. Күнім нұрлы от жанғандай, Көріп көңіл тоймаған, -дейді. Жұмағалидың алғашқы кітаптары ақынның іздену, өсу жолының жемістері болатын. Ондағы өлеңдердің көркемдігі әр қилы. Көп сөзділік, ескі толғау үлгісінде шешендікке, тілмарлыққа салыну, көргенін сырттай тамашалап қызықтау, құбылыстың ішкі мазмұнына терең бара алмау сияқты жетіспеушіліктер отызыншы жылдар ішіндегі ақын жырларында жиі кездеседі. Жұмағали Саин «Досыма хат» (1939), «Күләнда» (1940) тәрізді поэмалар жазды. Бұлар оның эпикалық поэзиядағы алғашқы талабы болуымен бірге, ақындық ізденісінде жаңа кезең туғанын әйгіледі. 1944 жылы Жұмағалидың «Жорық жырлары» атты» жаңа жинағы жарық көрді. Оған ақынның Ұлы Отан соғысының майданында, жорық үстінде туған өлеңдері кірген еді. Майдан өмірі, соғыс шындығы Жұмағалидың өзін де, ақындығын да тез есейтті. Бастан кешкен өмірдің қиындықтары мен соны поэзия тілінде көркем бейнелеу екі жақты, бірақ бірімен-бірі тығыз байланысты мектеп еді. Ақын осы мектептің екеуін де табысты етті. Ауыртпалығы да, қаупі де мол майдан өмірі Жұмағалидың сезімін ұштады, творчестволық жаңа мүмкіндіктердің көзін ашты. Автордың идеялық, рухани өсуі арқылы оның поэзиясы да жаңа биікке көтерілді. Ақын майданға аттанған алғашқы қадамынан бастап өз алдына патриоттық асқақ міндет қояды. Отан қорғау жолында қандай қауіпке болса да баруға дайындығын білдіреді. Жұмағалидың әскери творчествосының елеулі бір ерекшелігі -оның қазақ поэзиясына тың тақырып - партизандар өмірін жырлауды алып келуі. Әскерде ол партизандар қатарында соғысты, отрядтың саяси жетекшісі болды. Ақын өлеңдерінен біз партизан деген адамдардың ерекше сипатын, дербес қасиеттерін танимыз. Отанын, үйі мен жанұясын жау қолында қалдырып, өздері дұшпан тылында күрес жүргізіп жүрген жандардың ашулы, кекті, сұсты бейнелерін Жұмағали сомдап жасайды. «Қар құшып, мұз жайлай» жүрген адамдарға еш нәрсенің қорқынышты емес екені, қаңтардағы боран да, «теңселген қара орман» да оған бой тасалар орын болатынын айтады. Жүрегінде тулаған, Қатын-бала кегі үшін Намысы бар, ары бар, Жүрген жандар түн қатып. Жауда қалған елі бар, Ауыр қолы бұлардың, Қайғысы бар, зары бар, Қарулары алмастан. Қан жас аққан көзінен Қалтырайды фашистер Ыза менен мұң батып, Маңайына бармастан. («Партизандар») «Жаралы партизан жырларының» шығу тарихы былай. 1942 жылы бір ұрыста Жұмағали көкірегінен оқ тиіп, қатты жараланады. Партизандар отрядтың саяси жетекшісі Жұмағалиды аман алып қалуға бар күшітерін жұмсайды. Үш ай бойы өздерімен бірге сақтап, ең қиын ұрыстарда да алып шығып жүреді. Бірақ Жұмағалидың денсаулығы кеми береді, ендігі жерде отрядпен бірге жүрудің мүмкіндігі болмайды. Ақыры оны партизандар Донбастың ескі шахтері М.А.Масловтардың үйінде қалдырады. Масловтың қызы Ефросинья жаралы партизанды өз қамқорлығына алып, әлсіз кездерінде аузына су тамызып асырайды. Жаралы партизанды іздеген фашистер Масловтың үйіне бірнеше рет тінту жүргізсе де, ер жүрек қыз оны тығып, жау қолына түсірмейді, ақыры адам ғып қатарға қосады. Осы жолы ауыр жаралы ақын күрес майданынан алыс қалып, оның үстіне ауру қинап, көп сезім күйлерін бастан кешіреді. Жұмағалидың «Жаралы партизан жырлары» атты өлеңдерінің циклі осындай күйдегі солдат сезімінің тебіренісін бейнелейді. «Жаралы партизан жырларының» кейіпкері–кескілескен ұрыста жаралы болып, достарынан бөлініп қалған партизан. Ол ауыр жарасына карамай, достарын іздейді, қайта сапқа тұратын мезгілді күтеді, күрес пен майданды сағынады. Соғыстан кейін де Жұмағали әскери тақырыпқа оралып, өзі басынан кешкен өмір шындығына бір қатар шығармалар арнады.«Есімде Айдар өзені» атты әдемі лирика мен «Алтай» атты поэма жазды. «Есімде Айдар өзені»–қазақтың әскери поэзиясының үздік үлгілерінің бірі. Онда Айдар өзені бойындағы қатты ұрыс пен неше түрлі сезім арпалысын басынан кешірген солдаттың жан дүниесі түгел көрінеді. Совет жауынгерлерінің жеңімпаздық қуаты, жауға қарсы күресте жараланғандар мен қаза тапқандар бейнесі, халықтар достығының көрінісі, жеңіске сенім, өз Отанының тәуелсіздігін қорғаған солдаттың ыза намысы – бәрі де өлеңнің рухынан танылады. Бірақ ақын оның бәрін баяндап жатпайды. Айдар, Айдар, ақ Айдар! Жағаң сурет, суың бал. Өткіздім сенде көп айлар... Қалдырдым сенде көп ойлар... «Айдар» жағасы қанша күрес суретіне толы екені, онда өткен көп айлардың бос кетпегені, солдат ойлары осы қысқа шумақта айқын танылады. Ұрыстағы солдат не туралы ойламады?, ел-жұртын сағыну, жорық алдындағы күдікті ойлар мен жеңіс кезіндегі ерлік сезім, әр түрлі қуаныш пен сәтсіздіктер, өлім мен өмір туралы ойлар – барлығын да солдат «Айдар» бойында басынан өткізді, сонда қалдырды. «Айдар» бойында ұрыста өлген екі дос – бірі орыс, бірі қазақ. Екі өлік жан, бір қабыр Қалған белгі шайқастан, Орыс, қазақ – егіз ұл Дос құшағы айқасқан. Отанының тәуелсіздігі жолындағы күресте ынтымағы жарасқан халықтар туыстығын ақын айғайсыз, қарапайым шындық арқылы ашады.Бұл айтылғандар Жұмағалидың Ұлы Отан соғысы тақырыбын жырлаудағы озық табыстарын белгілейді. Майданнан емделіп қайтқанмен, Жұмағали бір жола сауығып кете алған жоқ еді. Оның өкпесіне кірген оқ өзімен бірге сақталды. Сол күйінде еңбекқор ақын өзін жарымжан санамай, әдеби, қоғамдық қызметтер атқарды. Республикалық халық творчествосы үйінде, Қазақтың мемлекеттік филормониясында, «Жаңа өмір», «Жұлдыз» журналдары мен «Қазақ әдебиеті» газеті редакцияларында басшы қызметтер істеді. Көптеген өлеңдер мен «Алтай», «Азамат» атты поэмалар, «Жол үстінде» атты повесть жазды. М.Лермонтовтың «Біздің заманымыздың геройы» атты романы мен бірсыпыра ақындық шығармаларды аударды. Бұл жылдары ақынның «Айғақ» (1948), «Жылдар»(1954),«Самал»(1957)т.б.жинақтары,таңдамалы шығармалары бірнеше рет басылды. Соғыстан кейінгі Жұмағали өлеңдері негізінен, бейбіт еңбекті, колхозды ауылдың жаңа адамдарын, тың игерушілерді, ұлы халықтар достығы мен бейбітшілік жолындағы күресті, туған елдің табиғатын жырлауға арналды. Ақын өмірдін өзекті мәселелерінің бәріне де үн қосып отырды. Еңбек пен еңбек адамдарын жырлау үшін Жұмағали соғыстан соңғы колхоз өмірін көбірек зерттеді. Республиканың көп жерлерін аралады. Тың жерлерді игерушілер арасында болып молшылық үшін күресіп жатқан ерлерді көрді, еңбек салтанат құрған өмірдің шаттықты да думанды тіршілігін қызықтады. Сондықтан да ол еңбек әлемін әсерлей бейнелеп, коллективтің даладағы қызу қимылын жан- жақты көрсетер көлемді суреттер жасауға жиі барды. Жазғы еңбектің өнімін жинап жатқан күзгі қарбаласты кең бейнелеген «Күзгі көріністер» өлеңінде ақын колхоз даласындағы қызу тіршілікті поэзияға бөлей сөйлейді. Колхоз даласында қат-қабат еңбек қайнап жатыр, біреу астық толтырып, біреу қаптың аузын байлауда, веялкалар зырылдап бидай ағызса, қырда егін отап комбайн жүр. Жас қыз да, жігіт те, кәрі шал да егін басында. Әркім өз орнында –бәрі де бір қызу еңбек поэзиясына бөленген. Өлеңнен көзге елестер сурет осындай. Жұмағалидің «Колхоз таңы», «Сығалады ай көкжиегі сөгіліп», «Бақташы мен бұлбұл» тәрізді өлеңдерінде де мол көрінеді. Ақын еңбек жырын табиғат әнімен туыстыра, үндестіре отырады. Адам құдіреті мен табиғат туралы толғаныстар онда айрықша бір шынайы сыршылдықпен беріледі. Еңбек адамының нақты бейнесін танытатын «Тракторшы» өлеңінен кешегі майдан солдаты Тілеуді былай суреттейді: Маңдайында қос сызық Майдан жолы – оқ жолы. Сәл қисықтау бітіпті Сол иығы, сол қолы. Герой бойындағы соғыстан қалған белгілер – оның өмір жолының куәсындай. Бірақ ол мүгедек болмай, тіршілік үшін жаңа әрекетке енген, еңбегінің рахатын көріп жүр. Халдің несін сұрайсың, Жақсы тұрмыс, жақсы күй Міне, астымда трактор Әне, қырда біздің үй, –дейді ол. Адам еңбегімен қуанышты, бақытты екенін ақын нанымды түйеді.Өмірін еңбекке арнаған Кәрібай («Кәрібай шал») бейнесі де нанымды. Революция әсерімен оянып, партияға кірген, содан бергі өмірін қоғамға пайдалы еңбекпен өткізген Кәрібай қартайғанда қарап отыра алмай, астық керуенін басқаруға шығады. Жұмағалидың тың игерушілер туралы өлеңдері («Рапорт берді Қазақстан», «Кел, бауырым,» «Қабылда, Отан») республикамыздың ауыл шаруашылығы еңбекшілерінің қажырлы еңбегін ғана паш етіп қоймайды, еліміздің астық молшылығын жасаудағы туысқан халықтар ынтымағын, олардың еңбектегі ортақ табыстарын келістіре жырлайды. Қазақстанға Ленин орденін тапсыруға арналған салтанатты мәжілісте К.Е.Ворошилов тың игеруші туысқан халықтар достығын жырлаудағы Жұмағали өлеңдерінің маңызын айрықша атап көрсетті. «Барлық қиыншылық пен жоқшылыққа ерлікпен шыдап, егін даласында жеңіске жетуді қамтамасыз еткен алуан түрлі ұлттар жастарының шын мәнісіндегі достығы туралы, меніңше, қазақ ақыны Жұмағали Саин былай деп жақсы айтты: Орыс, қазақ, украин, болгар да, Түн ұйқысын бөлді күзгі таңдарда. Бір адамдай қимылдады, ерледі, Белін шешіп, ешбір тыным көрмеді. Бұл миллиардта махаббаты елімнің, Бірге оталған әр дәнімен егіннің, Барлық ұлттар достығының айғағы – Гүл жайнаған Қазақстан аймағы. Бұл – өте дұрыс айтылған, ол біздің ортақ сезімдерімізді білдіріп отыр», –деді К. Е. Ворошилов. Жұмағали ақындық еңбекке жауапты қарайтын, талғампаз қаламгер еді. Оның творчестволық жолы тым ерте аяқталды. Соғыста өкпеге тиіп, сақталған оқтың зардабы туғызған ұзақ науқастан кейін ол 1961 жылы 28 май күні қайтыс болды. Ақынның отаншыл, патриоттық жырлары қазақ әдебиеті тарихынан өзіне тиісті орнын алды. «Адам алуан ойдың иесі, –дейді Жұмағали естелік дәптерінің бірінде, оның табиғаттан да, еңбектен де, өзара қатынастан да алатын әсерлері орасан, әр жақты, соны сен ақын тілімен, ақын жүрегімен айтып беруің керек. Ақын – тек шебер тілдің ғана емес, нәзік, ыстық жүректің иесі. Өмірдің ішіне кірмеу дегеннің мағынасы – өмірді терең баяндаумен қатар салқын, қысыр сөйлеу емес пе? Қай тақырыпты болсын шама келгенше жылы баяндау, махаббатпен, әнмен жырлау, адамның жан сезіміне тиіп, сипаттау – міне, ішіне кіру дегеннің, меніңше мағынасы осы ма деймін. Достық тақырыбы – жаңа тақырып. Гүл, ай, күн – адам баласын қоршап тұрған ақиқаттың бірі емес пе? Бұларды жырдан мүлде алып тастау керек деген пікірге қосылуға болмайды». Дәрісті бекіту сұрақтары: 1. Жұмағали Сайнның қандай поэмалары бар? 2. Жұмағали Сайнның «Бақыт жыры» поэмасы не туралы? 3. Жұмағали Сайнның қандай партизан тақырыбындағы өлеңдері бар? Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 10, 15, 18, 19, 20, 21, 22, 27, 28, 34, 43, 49,50, 78, 83. 19,20 ДӘРІС ТАЙЫР ЖАРАКОВТЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ Дәрістің мақсаты: Тайыр Жароковтың ақындық шеберлігін таныту. Тірек сөздер: Эпикалық шығарма, поэма,поэзия. Дәрістің жоспары:1. Тайыр Жароков өмірі мен шығармашылығы. 2. Поэзиясы. 3. Тасқын, Тасқынға тосқын, т.б. поэмалары. 4. Эпикалық шығармалары. Жароков Тайыр 1908 жылы 26 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысының Орда ауданына қарайтын Жетібай ауылында, Нарын құмының етегіндегі Темірбек деген жерде дүниге келген. 1920-1923 жылдары өз ауылындағы орысша-қазақша мектепте оқып, соның үш класын бітіреді. 1923–1927 жылдары Орынбор қаласындағы Қазақтың Халық ағарту институтында (Кино) оқиды. 1928 жылдың күзінде Алматы қаласындағы Қазақ педагогика институтына оқуға түсіп, 1931 жылы соның тіл-әдебиет факультетін бітіріп шығады. 1932-1933 жылдары Қазақстан Жазушылары ұйымдастыру комитетінің хатшысы, Қазақ мемлекет баспасының көркем әдебиет бөлімінде редактор болып істейді. 1934-1936 жылдары Леиинград қаласындағы тарих, философия және тіл-әдебиет институтының аспирантурасында оқиды. 1936-1938 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторының орынбасары болған. 1938 жылдан 1942 жылдың сәуіріне дейін Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы болып істеген. 1942 жылы Совет Армиясы қатарына шақырылып, содан 1945 жылдың аяғына дейін әскери қызметте болады. 1946–1965 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан мемлекеттік көркем әдебиет баспасында әртүрлі жауапты қызметтер атқарған. Тайыр Жароковтың көп жылдарғы жемісті әдеби еңбегін мемлекет жоғары бағалап, бірнеше орден, медальдармен марапаттады. Қайтыс болғаннан кейін, ақын есімін мәңгі есте қалдыру туралы үкімет қаулысы шығып, бірнеше елді мекенге, мектептерге, Алматы қаласындағы ең үлкен көшеге ақын есімі берілді. 1972-1975 жылдары «Жазушы» баспасы ақынның төрт томдық таңдамалы шығармаларын жарыққа шығарды. Тайыр Жароковтың шығармалары орыс және ТМД халықтары (өзбек, тәжік) сондай-ақ, ағылшын, неміс, поляк тілдеріне аударылып, шет елдерде де кең тараған. Тайыр Жароковтың шығармалары туралы жазылған ғылыми еңбектер де аз емес. Оның шығармашылық жолы жайлы «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» (Алматы, 1949), «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» (Алматы, 1958), «Очерк истории казахской советекои литературы» (Алма-Ата, 1958), «Очерк истории казахской советской литературы» (Москва, 1960), «Қазақ совет әдебиетінің тарихы» (Алматы, 1967), «Казахская советская литература» (Алма- Ата, 1971) сияқты ұжымдық зерттеулерде арнаулы тараулар берілген. М. Қаратаев, Т. Нұртазин, С.Қирабаевтар жазған «Қазақ совет әдебиеті» (Алматы, 1971) атты жоғарғы мектепке арналған оқулыққа кірген. С.Сеитов «Ақын сапары» (Алматы, 1958) атты шығармашылық очерк жазған. Тайыр Жароков әдебиетке өткен ғасырдың 20 жылдарының аяғында, 30 жылдарының басында келді. Алғашқы «Күлімдеді күміс күн де» атты өлеңі 1927 жылғы «Ақындар шашуы» атты жинақта (құрастырған Сәбит Мұқанов) жарияланған. 1928 жылы «Жаңа әдебиет» (Қазіргі «Жұлдыз») журналының бірінші санында «Аэроплан» атты өлеңі жарық көреді. 30-жылдардың басында алғашқы кітаптары шықты: «Жұлдыз жарығы» өлеңдер жинағы, (1932) «Коммунизм таңында» Поэма, (1933) «Нефтьстан» Поэма, (1933) «Мотор жыры» өлеңдер жинағы, (1934) «Өмір сөйлейді» өлеңдер жинағы, (1934) «Күн тіл қатты» Поэма, (1934) «Мұз тұтқыны» Поэма, (1935). Осылай баспа бетінде жиі көрінген ол, ақын ретінде жұртшылыққа кеңінен танылды. Анығына келсек, идеялық-көркемдік тұрғыдан ақынның ол тұстағы көпшілік шығармалары оқырманның эстетикалық биік талғамын өтей алған жоқ. Ақын туындыларының ішінен көпшіліктің жақсы қабылдаған шығармалары –«Бес жылдықтың балғасы» (1931), «Миллион толқын» (1931-1936) еді. Көркемдік дәрежесі биік бұл өлеңдер сол жылдарға қазақ поэзиясының елеулі жетістіктері қатарынан орын алды. Қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуші ғалымдар Тайыр Жароковтің бұл өлеңдерін жоғары бағалады. Тайыр Жароков–диапазоны (ауқымы) кең ақын. Ол туған елі – Қазақстанмен қатар, сол тұстағы бүкіл Кеңестер одағын мекендеген көптеген ұлттардың жарқын өміріне жақсы өлеңдерін арнады. «Кавказға саяхат», «Дон», «Украина», «Баку», «Мақашқала»,«Грузин қызы», «Кавказ шыңы» т.б. өлеңдерінде орыс, украин, грузин, әзірбайжан т.б. елдердің ұл, қыздарының биік тұлғасын, сұлу келбетін тануға ұмтылды. Мұндай өлеңдерден кеңес жерін мекендеген туысқан халықтардың тұрмысы туралы ақынның терең ой-сезімдерінің шын шабыты қанат қаққанын көреміз. Тайыр Жароков – шын мәніндегі патриот ақын. 1941–1945 жылдары ол өзінің қара басының жеке өмірімен де, жүрегінен жарып шыққан буырқанған отты, жігерлі өлеңдерімен де Отан сүйгіштігін көрсетті, перзенттік сезімін жырлады. Ел басына күн туып, соғыс өрті бұрқ ете қалған алғашқы мезгілде- ақ,ол майданға аттануға бірден тілек білдірді. Әскерге алынды да, кейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысымен, Қазақстан республикалық әскери коммисариатының бұйрығымен майданнан елге оралып, Алматы облысы, Қаскелең аудандық әскери комиссары болып істеді. Елге оралған Тайыр Жароков те Ж.Жабаев, С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев, А.Тоқмағамбетов, Ғ.Орманов сияқты ақындармен бірге өзінің жауынгер жырларымен жауды талқандау ісіне көркемдік үлес қосты. Соғыс жылдарындағы ақын өлеңдерінің бәрі де халықты жауынгерлік рухта тәрбиелеуге бағытталды. Ақын өлеңдері бастан-аяқ кеңес халқының басқыншы фашистерді талқандап жеңетін биік сеніміне толы болды. Онда фашизмнің зұлымдық, опасыздық әрекеттері әшкерленді. Шаптың ба бізге атылып, Күннің көзін қара бұлт Жаба алмайды, қылма, үміт, Сен шөкім бұлт, біз – күнбіз, Құр үмітті тез ұмыт! –деген жолдардағы туған елін, халқын күнге, басқыншы дұшпанды қауқарсыз шөкім бұлтқа теңеу өлеңнің бейнелік бітімін биіктетіп тұрғанын көреміз.Ақын өлеңдерінде жаумен майданда ерен ерлік көрсеткен жауынгер тұлғасын бейнелеудің тың құралдарын да таба білді. Мысалы: «Киемін сұр шинельді» өлеңіндегі Марат, «Ол туғанда» өлеңіндегі Таймас т.б. «Зоя туралы жыр» атты белгілі поэмасында фашистерге қырғидай тиген батыр қыз Зояның әдеби тұласын сомдады. Достыққа құштарлық–жеке адам бойындағы да,тұтас ел, ұлт, халық бойындағы да асыл қасиеттердің бірі дейтін болсақ, достық туралы Тайыр Жароков қаламынан шыққан жақсы өлеңдер өте көп. Бұл ретте оның қазақтардың украин («Днепр дәптерінен», «Тарас Маңғыстауда»), грузин («Грузин қызы», «Грузия»), өзбек («Дутар мен домбыра», «Хош келіпсіз»), башқұрт («Ақ Еділ», «Ақманай», «Түймазы»), қарақалпақ («Қыз кет- кен»), қырғыз («Жыр сапары», «Қырғыз– менің өз елім», «Қос алмадай», т.б.) халықтармен жарастықты жарқын достығына арналған өлең-жырларын бөліп атау орынды. Ақын аталған халықтардың жақсы қасиеттерін биік шабытпен толғай отырып, олармен өз халқының достығына үлкен мақтаныш сезіммен қарайды. Мәселен, украин туралы жырларында украин халқының даңқты перзснттері Богдан Хмельницкийді, Тарас Шевченконы өз халқының туған перзенттеріндей шын пейілмен сүйген ақынның сезімін танымау мүмкін емес. Қазақ поэзиясында табиғат туралы көп өлең жазған ақындардың бірі-Тайыр Жароков. Ол әдебиетке келген алғашқы жылдардан бастап өмірінің соңына дейін айналадағы табиғат көріністерін үздіксіз жырлап өткен ақын. Түн («Қырмандағы түн», «Нарын түні», «Алматы түні»), таң («Таң шапағы»), күн («Күн шықты»), тау («Қордай тауы туралы аңыз», «Қалба құзы», «Кавказға саяхат», «Тау қызы», «Қақса бұлбұл таңдайын», «Ақын көзі қадалса», «Ұйқыдағы тау», «Кавказ жырлары»), теңіз («Қара теңіз», «Каспий»), өзен («Дон», «Днепр», «Орыстың ұлы өзені», «Қусақ өзенінде»), көл («Есік көл») туралы ақынның өлеңдері қазақтың табиғат лирикасының көркемдік жетістіктерінің қатарына қосылады. Т.Жароков табиғат суреттерін беруде едәуір шеберлік танытты. «Кас-пии» атты өлеңінде ақын теңіздің буырқанған келбетін оқырманның көз алдына алып келеді. Түн мезгіліндегі асқар таудың ұйықтап жатқан қас батырдың айбынды келбетіндегі жанды бейнесі ой-сезімге әсер етіп, оқырман қиялына қанат бітіреді. Жылдың төрт мезгіліне арнап өлең жазу дәстүрін қазақ поэзиясында Абай Құнанбаевтың қалыптастырғаны баршаға аян. Табиғаттың айтулы кезеңдерін бейнелеудегі ұлы Абай дәстүрі кейін қазақ поэзиясында үзілмей, жалғаса түсті. Жалғасқанда қайталау емес, қайта жаңара, құлпыра, байи түсу бағытындағы дәстүр жалғастығы болды. Тайыр Жароков осы дәстүрді сәтті жалғастырушылардың қатарында болды.Ол жыл мезгілдеріне арнап бірнеше өлең жазды («Көктем», «Жаз», «Күз», «Қыс», «Күз көрінісі», «Қаңтар», «Тұңғыш жаз», «Қысқы ымыртта», «Суретші күз», «Ақ кіреуке орнатып», «Қыр бораны», «Шаруа күз», «Себеле, себеле!», «Қанатты керуен», «Көктемгі найзағай»,т.б.).Оларда ақын өзіне дейінгі поэзияда бар ескі сүрлеуден шығып, табиғатты суреттеуде жаңа өрнектер, тың бояулар да таба білді.Мысалы, қыс туралы өлеңіндегі: Қаңтардың айы сұлу, аспаны ашық, Айнадай айналамды ақ қар басып, Жондарды жарқыратып алыпты орап, Қойғандай құмшекерді жерге шашып. Не деген тамаша еді қаңтар айы, Жұтқанда таза ауаны қан тарайды. Қарасаң күнге шыңы шағылысқан Күміске жалатқандай тау торабы – деген шумақтардағы жердегі қарды құмшекерге балау, яки ақ қарға оранған тау кейпін күміске жалатқан бейнеде алуы– ақынның өзіндік тың сөз қолданыстары. Алматы қысын суреттеген бір өлеңінде, Алматы қысының еліміздің өңге өлкелеріндегі қысқа ұқсамайтын, өзіндік ерекше бейнесін дәл суреттейді.Сондай-ақ,«Қыр қысы» атты өлеңінде де тың көркемдік бояулар кездеседі.Қазақ даласындағы ақ қарды таудай болып үйілген ақ мақтаға теңеу, сол тау болып үйілген қарды айға ұшқан кеңестік ракетаның бұлттан саумалап жолдаған сәлемі ретінде тану да ақын тапқан поэтикалық тың бояулар. Тайыр Жароков кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінің поэма жанарның өркендеуіне елеулі үлес қосқан эпик ақындардың қатарында болды. Ол жиырмаға жуық поэма жазды. Отызыншы жылдардағы «Күн тіл қатты», «Тасқын», «Нарын» сияқты поэмаларымен ол жұртшылық назарын аудара білді. Ақынның алғашқы поэмалары ішінде ерекше көзге түскені– «Күн тіл қатты» (1934) атты поэмасы. Стратостатпен 22 мың метр биіктікке ұшып, сол жылдары дүниежүзілік бірінші рекорд жасаған ұшқыштар Федосенко, Васенко, Усыскиндердің батырлық ісі «Күн тіл қатты» поэмасының сюжеттік арқауы болды. Поэмада автор тарихи болған уақиғаны суреттей отырып, өз замандастарының ерлік бейнесін беруді мақсат еткен. «Күн тіл қаттымен» тақырыптас, үндес шығармалар сол тұста басқа халықтар әдебиеттерінде де жазылды. Татар ақьны Әхмәт Файзи осы тарихи оқиғаға арнап «Үш өмір»(1934) атты баллада жазған. Ерлікті жырлауда екі елдің екі ақыны идеялас, мазмұны үндес шығарма жаза отырып, көркемдік шешімге келгенде дараланып шығады. Әхмәт Файзи шығармасын негізінен лирикалық жоспарда жазса, Тайыр Жароков поэмасы кең көлемде эпикалық сипатта жазылған. Ортақ оқиғаны, ортақ кейіпкерлерді әр түрлі көркемдік үлгіде суреттесе де, екі ақын өз замандастарының ерлігі мәңгілік екенін айтуда бір арнадан табылды. «Күн тіл қатты» поэмасында Тайыр Жароков ұшқыштардың тарихи ерліктерін жинақтай суреттеу арқылы өз замандастарының ерлік бейнесін көзге елестетеді. Ақын ұшқыштардың ерлік тұлғасын көрсетуде екі жолды таңдаған. Біріншіден, ақын кейіпкерлердің ерлік бітімін олардың іс-әрекетін баяндау, мінездеу арқылы көрсетеді. Поэмада көтеріңкі пафоспен берілген осы мінездемеден поэма кейіпкерлерінің ерекше бітімі, батырлық тұлғасы көрініп тұр.Ақынның шабытты жыр жолдарын оқып, шалқыған сезім тебіреністеріне ортақтаса отырып, «аспандағы жұлдыздан асқан, қарулы, жалынды қырандай» ұшқыштардың өр бітіміне кім-кім де сүйсінеді. Екіншіден, ақын ұшқыштардың ерлік бейнесін олардың асқақ, өр, қайратты сөздері (күнмен диалог, монолог) арқылы айқындай түседі. Желектей желпіп желіңді, Желқомдай жырттым жеріңді. Түбіттей түтіп бұлтыңды, Таспадай тілдім толқынды, Бағынбай кеннен не қалды? Қарыңды қағып су қылдым, Суыңды сілкіп бу қылдым, Түніңнен таң атқыздым Жеріме жұлдыз жаққыздым, Электрден шам жанды! Поэма кейіпкерлерінің сөздері оның бүкіл ерлік бітімін, өр тұлғасын, жеңімпаздығын айқын танытып тұр.Адам бейнесін танытуға қажет монологті(кейіпкер сөзін)орынды пайдалану ақынның тапқырлығын аша түседі. «Күн тіл қатты» поэмасында ақын өмір шындығын негізге ала отырып әсірелеуге, романтикаға көбірек барады.Ұшқыштардың күнмен тіл-дескендегі өршіл, асқақ сөздері романтикаға толы.Ұшқыштардың ерлік істері мен қаһармандық сөздерін асау табиғаттың өзі де мойындап, «мен жеңілдім, сен жеңдің» деп ұшқыштарға бас иеді. Шын өмірде де, поэмада да батыр ұшқыштар ерліктің шыңына еркін шығып, сол батырлық жолында қаза табады. Ақын ерлік қазаны жасырмай, қайғылы қазаға қабырғасы қайыса отырып, ерлердің ісі өлмей, адамзат тарихында мәңгі жасайтынын оптимистік жігермен суреттейді. Ақын поэма соңын ұтымды аяқтаған. Тайыр Жароков шығармашылығына арналған зерттеуінде Қ.Жұмалиев поэмадағы өмір шындығы әрі реалистік бояумен, әрі романтикалық пафоспен шынайы бейнеленгенін айта келіп, композициялық ерекшелігін де дәл тұжырымдады. «Оқиғасы, оны суреттеу әдісі де дамытуға градацияға (дамыту) құрылған. Осы әдісті автор поэманың ұзына бойына сақтайды. Бұл – ақынның таланттылығын сынайтын әдіс. Дамыту көбіне қызу қимылдың бір кезеңін суреттеуге қолданылады. Алдыңғыдан соңғы қимылдың асып түсуін көрсету үшін пайдаланылады»– деген топшылаулар поэманың композициялық ерекшелігін дұрыс ашуға негізделген. Дәрісті бекіту сұрақтары: 1. Тайыр Жароковтың қандай поэмалары бар? 2. Тайыр Жароковтың «Зоя туралы жыр» поэмасы не туралы? 3. Тайыр Жароковты неге эпик ақын дейміз? Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 10, 15, 18, 19, 20, 21, 22, 27, 28, 34, 43, 49,50,80, 83. 21,22 ДӘРІС БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ Дәрістің мақсаты: Бауыржан Момышұлының қазақ әдебиеті тарихына қосқан үлесін таныту. Тірек сөздер: Өр тұлға, қаһарман, батыр, халық қаһарманы. Дәрістің жоспары:1. Өмірі жайлы мәлімет. 2. Шығармаларына тоқталу. Қазақ халқының өр тұлғаларының жалғасы, Отан қорғаған қаһарман ұлдарының бірі – Кеңес Одағының батыры, Қазақстанның халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы. Қазақта «Ақыл жастан, асыл тастан» деген нақыл сөз бар. Бауыржан сияқты халқының ұлдарына байланысты айтылған сөз болар, сірә. Батырдың өмір жолына көз жүгірте отырып, амалсыз осындай ойға қаласың. Ол Жамбыл облысының Жуалы ауданына қарасты Көлбастау ауылында дүниеге келген. Шымкенттегі 7 жылдық мектеп-интернатын бітірген соң, біраз жылдар мектепте мұғалім болыпты. Бұл сол кездегі ең бір абыройлы, беделді мамандықтардың бірі. Сол кездің өзінде-ақ еңбекқорлығымен, өз қызметіне деген ынта, жігерімен, дарынымен көзге түскен жас жігітке аудандық комитеттің хатшысы, милиция бастығы сияқты аса жауапты қызметтер сеніп тапсырылған. Бауыржан Момышұлы әскер қатарына 1932 жылы алыныпты. Еңбекқор, іскер азаматтардың қандай да болсын істен нәтиже шығара білетіні белгілі. Баукең бойындағы мұндай қасиеттерін әскер қатарынан оралғаннан кейінгі жылдары көрсетсе керек. Осы уақытта біраз жылдар Шымкент, Алматы қалаларындағы банк саласында жемісті еңбек еткен ол, жақсылап қолға алса, өзінен тәп-тәуір қаржыгердің де шығатынын көрсеткен. Бұдан әрі қарай Баукеңнің өмірі өзінің туа біткен қасиеттерімен байланысты, яғни әскер саласындағы қызметтермен жалғасады. Яғни ол 1936 жылы Ленинград финанс академиясы жанындағы курсты тәмамдап, қайтадан Қызыл Армия қатарына алынған. Онда жүріп, взвод, рота, командирі полк штабы бастығының көмекшісі сияқты басшылық қызметтерді атқарады. 1941 жылы Қазақ әскери комиссариатының нұсқаушысы болады. Ал Ұлы Отан соғысы басталысымен 316-шы атқыштар дивизиясының жасақталуына ат салысып, сол дивизия құрамында майданға аттанады. Онда Баукең немістермен Мәскеу түбінде болған айқастарға қатысып, әйгілі 8-ші гвардиялық дивизияның батальон, полк командирі болып, соғыс бітердің алдында осы гвардияны басқарады. Тап осы сұрапыл соғыс жылдарында ол өзінің асқан ерлігімен, соғыс өнерінің қыр-сырын меңгерген білікті жауынгерлік қасиетімен ерекшеленіп, оның атақ-даңқы аңызға айналады. Соғыстан соң Баукең Кеңес армиясы Бас штабы жанындағы Жоғары әскери академияны бітірген. Ал 1950-1956 жылдар аралығында әскери академияда сабақ берген және түрлі әскери қызметтерді атқарған. 1941 жылғы күзгі, қысқы кескілескен шайқастар кезінде өз батальонын 27 рет шабуылға бастап шықты. 5 рет қоршауды бұзып, негізгі жауынгерлік құрамымен аман-есен дивизиясына қосылды. Жауынгерлік іс-қимылдарға қатысты ұрыстан шығу, шегініс жасау тәсілдерінің арнайы тарау болып әскери жарғыға енуі, тактикада «ошақты» және «икемді қорғаныс» ұғымдарының қалыптасуы Бауыржан Момышұлының осындай тәжірибелерінің жиынтығы болып табылады. Оның қолбасшы, терең ойлай білетін әскери маман ретіндегі таланты соғыста полк, дивизия басқарған жылдары кеңінен ашылды. Сондай-ақ командир Момышұлы сезімтал тактик болумен қатар, жау шептеріне ішкерілей еніп ұрыс жүргізу теориясын соғыс тәжірибесінде алғаш қолданушылардың және оны дамытушылардың бірі болып қана қоймай, алыстан ойлайтын сұңғыла психолог болған. Бауыржан Момышұлы - әскери педагогика мен әскери психологияны байытушы баға жетпес мұра қалдырған дара тұлға. Оның атақ–даңқы, батырлығы А.Бектің «Волоколамск тас жолы» атты кітабында суреттелді. Кітап неміс, чех, еврей, ағылшын, француз, т.б. шет ел тілдеріне аударылды. Соғыстан кейін Бауыржан Момышұлы Совет Армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясын бітіреді. Әскери-педагогикалық жұмыспен айналасып, Совет Армиясы әскери академиясында сабақ береді. 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан Бауыржан біржола шығармашылық жұмыспен айналысады. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өмірінде көрген-білгендерін арқау етеді. Оның қаламынан туған, өмір шындығын арқау еткен тамаша романы мен әңгіме, повестері қалың оқушының іздеп оқитын шығармаларына айналады. Олар бірнеше қайтара басылып шығады. Бауыржан бірнеше орден, медальдармен наградталады, Кеңестер Одағының батыры атағын алады. Алайда халықтың өзі «батырым» деп танып, ардақтаған қаһарман ұлына бұл атақ Отан соғысы біткеннен кейін жарты ғасырдай уақыт өткенде барып берілген болатын. Бауыржан Момышұлы атақ-даңқтан кенде адам емес. Ол Кеңес дәуіріндегі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, 1-ші дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз, Құрмет белгісі сынды орден-медальдармен марапатталса, халқының шын мәніндегі қаһарман ұлына Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін «Халық қаһарманы» атағы берілді. Осылайша қазақ халқы батыр ұлының асқақ рухын тағы бір рет ұлықтады. Көрнекті жазушының орыс және қазақ тілдерінде жазып қалдырған «Бір түннің тарихы», «Ұшқан ұя» сияқты алғаш шыққан кітаптары мен одан кейін жазылған «Мәскеу үшін шайқас», «Жауынгердің тұлғасы», «Майдан» сияқты өзге де көптеген шығармалары оқырман жүрегіне жол тауып, көпшіліктің іздеп оқитын кітаптарының біріне айналды. Бұл шығармалардың барлығы да көптеген елдердің тілдеріне аударылып басылды. «Ұшқан ұя» атты ғұмырнамалық шығармасында: «Келген қонақ ең алдымен менің атымды сұрайтын. Сонан соң менің жеті ата жөніндегі білімімді тексеретін. Ел танудың басы ең алдымен осылай басталатынын ол кезде кім білген» деп түйіндеген Баукең одан әрі көп ашыла қоймайды. Сол «Ұшқан ұяда» өзі жақын араласқан отбасы туралы: «Сол күннен бастап Гончаровтар мені іш тартып, еркелете сөйлейтін болды. Бірақ әрқайсысы әртүрлі атап, атымды бүлдіріп бітті. Бірі–Бажан, бірі – Бардан, бірі – Буржан немесе Баржан деп тұрғаны. Ал ақкөңіл кемпір мені тіпті баласындай бауыр тартып, Буроржан дейтін» деп еске алады. Міне, осыдан-ақ бұл аттың басқалар үшін өте тосын болғанын көреміз. Осы есімді Бауыржан Момышұлы атақ-даңқы шыққанға дейін жалғыз өзі иеленіп келген. Атақты «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогының авторы, қадірлі қаламгеріміз Әзілхан Нұршайықовтың қойған сауалына батыр былайша жауап береді: «Автор: Қазір елде сіздің құрметіңізге қойылған Бауыржан есімді балалар көп. Соларға қандай тілек айтар едіңіз? Бауыржан: Маған білеміз деген жігіттер «Қазақстанда он үш мыңдай Бауыржан бар екен», - деп хабарлады. Мен әзілдеп, оларға: «Менің атым орыстың Иванындай болып бара жатыр екен ғой», - дедім. Бұл әзілім, әрине. Ал мен ол цифрдың анықтығын білмеймін. Білетінім – мен қазіргі Бауыржандардың ішінде бірінші нөмірлі Бауыржанмын. Міне, мен алпысқа келдім. Мені сыйлап, қадірлеп, сәбилеріне менің атымды қойған ата-аналарға, олардың туған-туысқандарына шын ниетпен алғыс айтамын. Ал Бауыржандарға айтарым: Азамат боп өсіңдер, қарақтарым! Қатарларыңнан кем болмаңдар. Бірің болмаса бірің менен асып кетсеңдер, оған ешқандай дауым жоқ. Барлық Бауыржанға, барлық балдырғандарға ақ ниетпен батамды беремін!» Гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының 1990 жылдың 12 желтоқсанында туғанына 80 жыл толуына орай Кеңес Одағының Батыры деген жоғары атақ берілді. Б.Момышұлының «Әділет қашанда жеңеді, ол кешіксе де келмей қоймайды» деген сөзі шындыққа айналып, ел тілегі орындалды. Қазақтың Бауыржан Момышұлындай ұлы перзентін таныстырып жату артық. Ел оның ерлігін, жазған кітаптарын біледі. Оның мірдің оғындай қанатты сөздері де халықтың аузында жүр. Сөйтсе де сол сөздерді жүйелеп жинақтаса, ол жаңа бір сипатқа еніп, халқымыздың батыр ұлының абыздық қырын аша түсер еді. Бұл ретте Бауыржан Момышұлының даналық сөздерін келтіріп кетуімізге болады: ер өледі, ел қалады; есімі ел жүрегінде сақталған ер ғана бақытты; ел қорғау жолында ерлікпен өлген ерлердің жазығы жоқ; ақылдың артықтығы, кеңестің көптігі жоқ; бір жаралыға жәрдем беріп, оны аман алып қалған жауынгер – он ұл тапқан анадан артық; өлімнен қорқуға болмайды; еңбекке қабілеттіліктен айырылудан қорқу керек; өтіріктің балын жалап тірі жүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық; ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті. «Туады ерлер, ел үшін» Өлмейді ісі мәңгілік, Өшпейді абзал есімдер. Ұрпаққа жетіп мәңгілік Кетпейді естен асыл ер, – деп, ақ жалын ақын Жұбан Молдағалиев жырлаған. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі» бабаларымыздың әрбір жүріп өткен жолы – біз үшін үлгі, шежіре, тағдыры – тарих. «Ел ерімен еңселі», «Елім» деп еңіреп туған ерлердің есімі еш уақытта елеусіз қалмайтыны ақиқат, халық мұндай қаһарман ұлдарын жыр аңызға айналдырып, өшпес ерлігін ауыздарынан тастамай, жан жүрегінде сақтайды. Бүкіл бір елдің қасиетін өз бойына дарыта алған, туған ұлтын шексіз сүйіп, терең қадір тұтқан халқымыздың қаһарман ұлы – Бауыржан Момышұлы. Кейін «Ұшқан ұя» атты кітабында баяндағандай, Бауыржанның әкесі Момыш пен көкесі Момынқұлдың тәрбиесінен көп өнеге алған. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», –деп, дана халқымыз айтқандай, оның бойындағы адамгершілік – асыл қасиет, алдымен анасының ақ сүтінен дарыса, екіншіден, өскен ортасының тәрбиесінен дарыды. Қаршадайынан-ақ жігерлігі, қайтпас қайсарлығы, бойында бір жұмбақ күштің жасырынып, жанартаудай өз кезегін күтіп жатқандығы аңғарылады. Бауыржан Момышұлы туралы қаншама көркем шығармалар дүниеге келді. Олар Александр Бектің «Арпалыс», Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз», келіні Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер», ұлы Бақытжанның «Жанымның жарық жұлдызы» және тағы басқа шығармалар еді. Тумасынан асқан дарынды Баукең 1956 жылы ең алғаш қаруын қаламға айырбастап, бірыңғай жазушылықпен айналысады. Оның қарымды қаламынан туған «Ұшқан ұя», «Артымызда Москва», «Майдандағы кездесулер», «Куба әскері», «Жон арқа», «Өмір өшкен жоқ» атты түрлі шығармалары әдебиетімізге қосылған ерлік рухқа толы, елеулі де мол мұра болды. Ер елімен еңселі. Б. Момышұлының үлкен әдебиетке келуінен де оның отаншылдығын, өз қаруластарына деген сүйіспеншілігін көреміз. «... Менің көп достарым, майдандастарым опат болды. Егер солар белгісіз күйде қала берсе, онда оның өзі тірі қалғандардың арына, бәрінен бұрын өз басымның ар-намысына шек келтірген болар еді», – дейтін Баукең. Ол өз шығармаларында өзінің адамгершілігін, азаматтық тұлғасын бар мүмкіндігінше беруге ұмтылды. Момышұлы шығармаларында да сол Момышұлы күйінде көріне білді. Қазақ халқының даңқын шығарып, абыройын асырған айтулы ұлдарының бірі–гвардия полковнигі, жазушы, Совет Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы артында «Қанмен жазылған кітап», «Ұшқан ұя», «Москва үшін шайқас» деп аталатын шығармалар қалдырды дедік. Бауыржан Момышұлының 2004жылы «Жазушы» баспасынан қос томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Жинақта «Қанмен жазылған кітап», «Ұшқан ұя», «Москва үшін шайқас», деп аталатын туындылары қамтылған. Бұлардың әрқайсысы өзінің жазылу мерзіміне қарай орналастырылыпты. «Қанмен жазылған кітаптан» басқа туындыларының бәрі де бұрын-соңды оқырман қауымға танымал шығармалар болуы себепті, әрі жазылу мерзіміне қарай екінші томға орналастырылған. «Ұшқан ұя» туындысы Бауыржан Момышұлының орыс тілінде «Наша семья» деген атпен жазылған алғашқы көлемді шығармасы болатынды. Бұл шығарма мазмұны мен көркемдігі жағынан жоғары бағаланып, Абай атындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығын алды. Ал «Москва үшін шайқас» деп аталатын туындысы орыс және қазақ тілінде жазылған, әрі Баукеңнің майдан төрінен оралмай қалған қанды көйлек майдандас жауынгерлер тағдырын суреттеумен ерекшеленетін айрықша мәні бар шығармасына айналып үлгерді. Қазақ халқының «Ақын елдің еркесі, батыр елдің серкесі» деп ақын мен батырды айрықша қастерлейтін дәстүрі бар. Ұлы Отан соғысында қазақ халқының ұлттық батырына айналған Бауыржан Момышұлы бұлтта ойнаған жасындай Москва түбіндегі шешуші шайқаста қапияда ой тапқан, қараңғыда жол тапқан, ерен ерлігімен даңқы әлемге жайылып, аты аңызға айналған бірегей қолбасшы ретінде танылды. Баукеңнің «Москва үшін шайқас» кітабын жазуға атақты «Волокалам тас жолы» кітабының авторы А.Бектің Баукеңе арнап жазған өлеңінің мына бір жолдары себеп болады: Кейіпкерін пешкі мен ноқаттардай жайылтты, Ал мендегі геройлар алға тартпақ тарихты. Өр көкірек ақымақ! Үнің неден тарылды? Шейіттерді қастерле! Нанға сатпа арыңды! Қасиетті құрбандар жанын қиды ар үшін, Қойсам деймін ескерткіш, бұл солдаттық парызым»- дегеннен Баукеңнің айбарлы үнін есіткендей боламыз. Бауыржан Момышұлының «Қанмен жазылған кітап» деп аталатын шығармасы жазылу мерзіміне қарай бірінші томға жіберілді. Бұл туындының дүниеге келу тарихынан біраз мағлұмат бере кетсек: 1943 жылы желтоқсан айының соңында Алматыға майданнан оралған гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлын Қазақстан жұртшылығы құшақ жая зор қуанышпен қарсы алды. Бұған дейін-ақ 1941 жылғы Москва түбіндегі қанды шайқастарда теңдесі жоқ ерлігімен бүкіл әлемді дүр сілкіндірген қазақстандық 316-атқыштар диизиясының батальон командирі аға лейтенант Бауыржан Момышұлының жан беріп, жан алысқан шайқаста көрсеткен бірегей батырлық ерлігі оның есімін аңызға бөлеп, даңқ тұғырына көтерген болатын-ды. Қан майданнан жараланып емделуге келген батыр ұлын астана жұртшылығы қошеметтеп басына көтерді. Зиялы топпен, атақты ақын атасы Жамбылмен және майданнан хат арқылы хабарласып сырттай танысқан ұлы жазушы Мұхтар Әуезовпен сұхбаттасады. Астанаға келген атағы жерді жарған батырды астана жұртшылығының мақтаныш сезіммен қарсы алуы өнер қайраткерлері мен ғылым ордаларында дүркірей өткен қайталанбас қызу да, қызықты кездесулерге ұласып жатты. Мінбеден шешен де шешіле сөйлейтін, терең ойлы, ұшқыр пікірлі, дүние танымы мүлде бөлек сезімтал азаматтың кездесулерде майдан жаңалықтары туралы айтқан уытты әңгімелерін жұртшылық ерекше қызығумен қабылдап, аса жоғары бағалап жатты. Жарақатынан, тез арылып, туған халқының ыстық ықыласы мен махаббатына бөленген батырдың майдан төріне қайта оралып бара жатқан тағдырының немен тынарын кім біліпті? Неде болса оның қан майданда пісіп жетілген ой танымын, өзіндік тума ой толғаныстарын келешек ұрпақ үшін хатқа түсіріп алып қалу қажеттігі айрықша сезілді. Бұл жағдайды терең ұғынған көреген жазушы Мұхтар Әуезов бұл істі жүзеге асыруға тікелей кірісті. Ел қамын ойлаған азамат ағалардың бірін-бірі іштей ұғынып, түсінісуі оларды рухани тұтастыққа бастады. Өйткені ұлы жазушы назары Бауыржан Момышұлына Москва түбіндегі қанды шайқастарда Отан тағдыры қыл үстінде тұрғанда-ақ түсе бастаған болатын-ды. Екі арадағы алғашқы байланыс бір-біріне хат жазысып, пікір алысудан бастама алды. Мұның үстіне атақты жазушының ұлы майдан шындығы жайлы сол дәуірге сай көркем туынды жазу мақсаты да ойда жүретін. Ұлы Отан соғысы жөнінде асығыс жазылған көптеген шығармаларға көңілі толмай қомақсып жүрген Баукең үлкен жазушының бұл ниетіне қатты риза бола отырып, 1942 жылы тамыздың 18 күні жазған хатында: «...Отан соғысын тақырып етіп еңбек етемін. Ол ат үсті емес, әдеби мағына мазмұнына терең түсініп, біліп алып бастаймын деген ниетіңіз, талабыңыз мені өте қуантады. Сіз сияқты қазақ әдебиетінің полковнигі шынында солай етпеуіне болмайды»,- деп тебірене жазды. «Ер серігі – сергек ой» әңгімесін жазуға Бауыржан Момышұлы оқыған әңгіме –дәрістің үстінде ойға батқан сияқты. Себебі Мұхтар Әуезовтің «Әшекейлі, айшығы жоқ анық шындық кескін осы»,–деп кең пішіліп, желісін ғана түсіргендей арнаулы ескертпесінде: «...Бұның өзі бір зор дастан, кең хикая болмақ керек. Соған талай ақын, жазушы тағы талай оралып соқсын деп, кең көсіліп шертсін деп, бұл жерде, әзірше тек болған халдің өзін ғана айтпақпыз», –деп шектеле сөйлеп, түбінде Баукеңнің аңызға айналған ерлігі жайлы талай роман, дастандар жазыларына зор сеніммен қараған. Баукең осы тарихи мәні бар әңгіме-дәрісін өткізу алдында Қаныш Сәтбаев қысқаша кіріспе сөз сөйлегенде: «...Көз алдымызда өтіп жатқан оқиғалар даусыз бүкіл дүние жүзі тарихының игілігіне айналмақ, онымен болашақ ұрпақтан шыққан зерттеушілер де айналысатын болады. Бұл аса маңызды тарихи оқиғалардың, жарқын көріністердің ішінде Ұлы Отан соғысының барысында еліміздің тағдыры шешілген, Москва үшін шайқас жүргізілген 1941 жылдың күзіндегі оқиғалар ерекше маңызды, әрі оның принципті мәні бар. Москваны қорғаудағы аса жауапты шептер, Қазақстанның абыройы мен даңқына орай, Қазақстанда генерал Панфилов жасақтаған дивизия тапсырылды. Бұл оқиғалар біздің бәріміз үшін де өте маңызды әрі біз бұл аса зор шайқастар жайлы тереңірек білуге тиістіміз. Полковник Бауыржан Момышұлы сұрапыл шайқастарға қатысушы ғана емес, ол жетекші командир де болды, сондықтан да оның әңгімелері бізге ереше құнды болмақ», – деп, әңгіме-дәрістің болашақ ұрпақтарға арналған мән- мағынасына жете назар аударады. Баукең әскери өнерді шарықтау шегіне жеткізе игеріп, меңгерген шығыс арасынан шыққан санаулы сардарлардың төбесінен қарап оқшау тұр. Баукеңнің шығармаларын мұқият оқысаң, көзің осыған көп ұзамай жетеді. Әрине, Баукең қалдырған асыл мұраның бәрін жүйелеп, саралап, ғылыми түрде зерттесең, талай диссертацияға тақырып болар еді. Әскери ғылымға қосқан еңбектері мұрты бұзылмай жатыр. Қанмен жазылған «Артымызда Москва» шығармасы – жер шарына қазақ деген сарбаз халық бар екенін паш еткен, ешқашан ескірмейтін киелі кітап. Соғыс, ерлік, жауынгерлік борыш, жанқиярлық, Отансүйгіштік туралы сан мыңдаған кітаптар жазылды. Қиян-кескі шайқастарға қатысқандар да жазды, соғысты кітаптан оқып, кинодан көргендер де жазып жатыр. Бірақ солардың бәрі Александр Бектің «Волоколамское шоссе» (қазақшаға «Арпалыс» деп аударылған) романының көлеңкесінде қалып қояды. Себебі, бұл шығарма Ұлы Отан соғысындағы басты шайқастың тарихы, жаны алқымға тірелген жауынгердің жан дүниесінің, күйзелісінің соққы берер жұдырыққа айналуының жыр-дастаны, масайраған арам пиғылды жауызды жер жастандырып, жаншудың шынайы көрінісі, қайғы- қасіретті қажыр мен жігерге жеңдіру – жеңіске апарар сара жолдың басты кепілі екендігіне көз жеткізген көсем туынды. Бұл романды осы деңгейге жеткізіп тұрған, әрине, оның басты кейіпкері - Бауыржан Момышұлы. Роман авторы А. Бек бас кейіпкер арқылы қазақ халқын жорықта алдына жан салмай, бес қаруын сақадай сай ұстайтын жауынгер етіп көрсеткен. Шығарма ә дегеннен «В этой книге я всего лишь добросовестный и прилежный писец» деп басталады. Соған қарағанда қаламы ұшқыр жазушы, ойы отты, сөзі жалын, ары таза, намысы өткір, мақсаты баянды, арманы асқақ, ісі адал, өзіне де, өзгеге де қатал, көргені көп, түйгені мол екенін мойындайды. А. Бек қайрақ бола білді, Баукең қазақтың қайқы қылышы болды, қайраған сайын жүзі өткірлене беретін. Баукең тізеден қан кешіп, бораған оқтың арасында өлім мен өмір арпалысып, аспан айналып, жер төңкеріліп жатқанда да өз ұлтының болашғынан үмітін үзген емес. Соны А.Бекке жаздырды, жазушы аянып қалған жоқ. «Волоколамское шоссе» қазақ ұлтының, осы халықтың 20-ғасырдағы Бас батыры- гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының төл құжаттарындай әлемді шарлап кетті. Осы мәңгілік ескерткіштің іргетасын қалаған, әрине, қазақтың ұлы перзенті Бауыржан Момышұлы. Дәрісті бекіту сұрақтары: 1. Бауыржан Момышұлының қандай шығармалары бар? 2. Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» еңбегі не туралы? 3. Бауыржан Момышұлы туралы Александыр Бектің қай шығармасында сөз болды? Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 10, 17, 18, 19, 20, 21, 22, 27, 28, 30, 43, 49,50, 80, 83. 23,24 ДӘРІС МҰҚАН ИМАНЖАНОВТЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ Дәрістің мақсаты: М.Иманжановтың жазушылық шеберлігін таныту. Тірек сөздер: Очеркист,публицист, көсем сөз. Дәрістің жоспары:1. Өмірі туралы мәлімет. 2. «Алғашқы айлар» повесі. М.Иманжанов қазіргі Жезқазған облысының Ұлытау ауданында 1916 жылы желтоқсанда туған. 1935-38 жылдары Алматыдағы есеп-экономикалық техникумын оқып бітірген. Әдебиет-қалам тербеу ісіне қабілет-бейімін сезіп, 1938 жылы Жазушылар одағында ашылған алты айлық курсты бітіреді де радио хабарларын тарату жөніндегі республикалық комитетінде редактор болып істейді. Ал 1942- 49 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінде әуелі әдеби қызметкер, сосын, жүре келе, бөлім меңгерушісі қызметін атқарады. Бірақ денсаулық жағдайына байланысты «Пионер» журналына бөлім меңгерушісі болып ауысады. М.Иманжановтың әдеби-шығармашылық қызметі 1938 жылдан басталғанымен, оның республика жұртшылығына анық таныла бастағаны Ұлы Отан соғысы жылдары. Қаламгердің романтикалық сарында жазылған көркем әңгімелері мен очерктері баспасөз бетіне жиі басылады. Алғашқы әңгімелер жинағы «Жастық» деген атпен – авторы Тауұлы 1948 жылы басылып, оқырман қолына тиеді. Мұқаңның қазақ оқырман қауымы арасында кеңінен танылып, жазушы есімін әйгілі еткен «Алғашқы айлар» хикаяты мектептегі оқу-тәрбие тақырыбына арналған. Оның басты кейіпкері білімді де жігерлі жас мұғалім Жақыпбек бүкіл оқу-тәрбие мәселесін өмірмен, өндіріспен байланыстыра жүргізу мәселесін көтереді және сол мақсат-мұратын жүзеге асыру жолында бар күш- жігерін салып, аянбай күреседі. Хикаят авторынан қалың оқырман арасында абырой-беделін арттыруға 1950 жылы «Алғашқы айларға» Жамбыл атындағы республикалық бәйге берілуі де кәдімгідей әсер етеді. Шығармашылық жолын қысқа әңгімелер жазудан бастаған М.Иманжанов «Социалистік Қазақстан» газетінде істеген жылдары емін-еркін көсіліп, көптеген көркем очерктер мен көсемсөздерді, хикаят, пьесалар мен әдебиет туралы толғаныстарын, аяқталмай қалған «Көк белес» атты романын жазады. Жазушының 1954 жылы «Таныс қыз» әңгімелер жинағы, 1956 жылы «Тыңдағылар» атты әңгімелері мен очерктері, 1959 жылы «Адам туралы аңыз» көсемсөздер мен әңгімелері,1960 жылы «Көк белес» романы жарыққа шықты. М.Иманжанов шығармаларының екі томдығын оның сүйген жары, әдебиетші- ғалым Рәзия Рүстембекова құрастырып, «Жазушы» баспасынан 1977 жылы жарыққа шығарды. Қаламгердің ғұмыры мен шығармашылық жолы туралы мақалалар мен хаттар, естеліктер жинағы 1980 жылы «Жалын» баспасында «Өркен» деген жеке кітап болып басылды. М.Иманжанов көзі тірісінде «Социалистік Қазақстандай» орталық газеттің әдебиет бөлімін басқарғандықтан ба, әйтеуір, талантты жастарға мейлінше көп көмектескен, оларға білген ақылын айтып, хат жазысып тұрған. Біз мұны қазіргі қадірменді жазушылар Ә.Нұршайықовтың, Н.Серәлиев пен Б.Соқпақбаевтың жазып қалдырған, айтқан әңгімелерінен білеміз. Ретті жерінде айта кетейік, М.Иманжанов өзінің күнделік дәптерінде жазғандайын, «Ар-ұждан! Менің тәңірім сенсің! Сені кірлетпесем болғаны!» – деп жан сырын ақтара отырып, Отан соғысында қаза тапқан атақты көсемсөзші қаламгер Баубек Бұлқышевтың шығарда жаны бөлек нағыз досы болғанын, ол «өлгесін қызық та сөнгенін» шын жүректен тебірене отырып жазды. М.Иманжанов ғұмырының соңғы жылдарында ұзақ уақыт туберкулездің ашық түрімен ауырады. Ол емделу үшін Балтық жағалауы мен Қырым курорттарына да барады. Бірақ бұлардың да пайдасы мардымсыз болып шығады. Сондай кездері күнделік дәптеріне «Көңіл жетім күшік, қыңсылайды, ұясын іздейді», –деп жазады жаны күйзеліп. Жаны күйзелмегенде қайтсін. Ол әке болып «қос көгершінін» еміреніп сүйе де алмайды. Өзі оңаша бөлмеде, сүйген жары – Рәзиясы екі ұлымен басқа бөлмеде. Ол тек әйеліне: «Балалар терезе алдына келіп ойнасыншы. Мен сырттарынан сүйсіне қарап, көңіл-көкірегімді бір демдейінші», – дейді екен. Ол жеке басы іштей қасіретті ғұмыр кешкенімен, шығармалары негізінен күн шуағындай жарқын, өйткені олар сол дәуірдегі жастар өміріне, олардың арман-тілегіне, адамгершілік қасиетіне, парасат мәселелеріне арналады. Ол өмір бойы орыстың ұлы жазушысы Максим Горькийді көп оқып, зерттеп, оның «Адам деген ардақты ат» деген сөздерін қаламгерлік мұратына айналдырып, қадірлеп өткені тегіннен-тегін болмаса керек. Ол 1958 жылы қырық екі жасында бақилық сапарға аттанды. М.Иманжанов Ұлы Отан соғысы жылдарында «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттерінде жиі шығып тұрған мақалаларымен, очерк және публицистикаларымен – журналистік талантымен танылады. Қырқыншы жылдардың соңында шыға бастаған көркем туындылары – шағын әңгімелері де оқырман жұртшылықтың жүрегіне жол тапқан жазушы. Оның негізгі кейіпкерлері – жастар. Олардың өмірге деген көзқарасы, достық, адалдық, мейірімділік секілді қастерлі қасиеттері Мұқан шығармаларының өзегі болды. Мұқанның сыршылдық, романтикалы сипаттағы әңгімелері, әсіресе жастардың сезімін толқытып, баурап алады. «Қыз сыры» әңгімесі шыққанда, қыздардан: «Жігіт сырын» қашан жазасыз деген көптеген хаттар келген. «Қызыл гүл» (1941) әңімесінен алған әсерін жазушы Зейнолла Шүкіров Мұқанға арналған естелігінде: «...Менің бала сезіміме шағын әңгіменің бөлекше табиғаты қатты әсер етті. Аянышты адам тағдыры іші-бауырымды уылжытты»,–дейді. Әрине, бүгінгі әдебиеттің өскен дәуірінде, бұрынғы кемшіл соғып жатқан тұстарымыздың толысып жатқан кезінде 40-жылдардағы Мұқанның ол әңгімелері керемет болып көрінбес те. Бірақ олардың сол кездегі атқарған қызметін естен шығармаған жөн. Жоғарда аталған екі әңгіме жазушының көркем шығармадағы тырнақ алды туындылары еді. 1948 жылы жарияланған «Жастық» атты алғашқы әңгімелер жинағы мен соңғы аяқталмай қалған «Көк белес» (1958) атты романының арасында бар болғаны он жыл. Шығармашылық үшін бұл аз уақыттың ішінде Иманжанов әдебиетіміздің әр саласында қалам тербеп, «Таныс қыз» атты әңімелер жинағын, «Алғашқы айлар» повесін, «Азамат даусы» атты публицикалық еңбегін, «Жас өмір», «Менің махабаттым», «Сөнген шала» пьесларын жариялады. Мұқанның балалық шағы халқымыздың тарихындағы қасіретті зобалаң жылдары – ашаршылыққа дөп келді. Сол себепті түрде білім алуға жағдай болмай, ауылда 4 сыныпты бітірген соң, ФЗО-да оқып, 1935 жылы Алматыдағы есеп-экономикалық техникумға түседі. Инситут бітірген болмаса да, Мұқан өмір бойы білімін толықтырып, көп іздену нәтижесінде жан-жақты, әр саладан хабардар сауатты жазушы болды. Жазушы болу үшін көп оқу керек екенін өз шығармаларымен дәлелдеді. Мысалы, Жамбыл атындағы республикалық бірінші жүлде алған «Алғашқы айлар» повесін жазғанда ұлы классик педагог жазушылар Л.Толстой, К.Ушинский, А.Макаренко еңбектерімен танысып қана қоймай, мектепте өтілетін ботаника, физика, биология пәндерімен де шұғылданып, шығармаға қажетті көп мағлұмат алды. Өйткені көркем шығарманы жас буынға білім беріп, ой өрісін дамытатын танымдық жағын қатты ескеретін. «Алғашқы айлар» повесіндегі басты тұлға – Жақыпбек мектеп мұғалімі қандай болу керек деген талапқа жауап бергендей. Жақыпбек оқушылардың әрқайсысымен жақындасып, бала мен мұғалім арасындағы сенімсіздіктің жігін жойып, тіл табыса білу қияңқы баланы тәрбиелеуде бірден-бір дұрыс жол екенін дәлелдейді. Рас, бала жүрегіне жол табу оңай емес, Жақыпбек осы жолда табандылықпен күресіп, мақсатына жетеді. Жазушы Жақыпбекті балалардың жақсы көріп, үйір болуының себебін ашады. Ол бала табиғатына тән, әр нәрсені білсем деген құштарлық мінезін қолдап, оқушыларды колхоз шарушылығымен де етене жақындатып, көп мағлұмат береді. Немесе экскурсияға апару секілді қызықты жұмыстар жүргізеді. Жазушы баланы еңбекке баулып өсіруді тәрбиенің басты шарты деп қарайды. Мектеп білім беруді ғана мақсат етпей, ата-анамен ынтымақтасып, қайткенде нағыз азамат тәрбиелеп өсіреміз деген мақсатты алына қою керек. Осы ойын кейін бір жас талапкерге жолдаған хатында Мұқан: «Біз балаларды оқы деп қана үгіттей бермей, еңбек етте, өмірді біл, колхоз шаруашылығын сүй дегенді де құлақтарына сіңіріп, қажетті жерінде дәріптеп отырумыз керек», - дейді. Міне, «Алғашқы айлар» повесінде осы идеяны негізгі нысана етіп ұстайды жазушы. Уақыт тынысын әрдайым қадағалап, тамыршыдай тап басып отырған жазушы қоғамның даму процесін, болашағын сол кезеңнің биігінен қарап бағалайды. Мұқанның балаларға арналған әңгімелері онша көп емес. Бірақ қандай әңгімесін алсаңыз да балаға тәлім беретін өнегені ұсынып отырады. Коллективтің бала тәрбиелеуде қуатты күш екенін «Сапардың тәжірибесі» әңгімесінде әсерлі бейнелейді. Сапардың сыныптас жолдастарынан да, мұғалімнен де жасырын жүргізген тәжірбиесі сәтсіздікке ұшырайды. Өзінше жаңалық ашпақ болып машақаттанған еңбегі зая кетеді. Бұл сәтсіздік баланың қателігін мойындатқандай. Коллективпен ынтымақта, бірлікте ғана істің нәтижелі болатынына Сапардың көзі жетеді. Автор Сапардың ісінің ағаттығын біреуге айтқызу арқылы емес, іс-әрекет арқылы ашады. Мұқанның бала болмысын ашатын ерекше мінездерін қойын дәптеріне түртіп қойған жазбалары да қызықты. Жазушы лабораториясын ашуда қажетті болғандықтан кейбіріне тоқтала кетуді жөн көрдік. «Поезд үстінде бір бала туралы мынадай әңгіме айтты. Менің көршімде Сережа деген төрт жасар бала бар. Өзі жұп-жұмыр, зор. Үйіме келеді де: Сенде не бар? – дейді. Ал саған не керек? Конфет. Бар, – деймін де ыдысымен алдына қоямын. Ол столға төніп келеді. Қолды салады да, уыстап алып оң қалтасына толытырады. Қолды тағы салады. Енді сол қалтасына толтырады. Ал ыдыстың түбінде тағы конфеттің қалып бара жатқанын көріп ол қипақтайды. Қалдырғысы келмей. Қолына уыстады. Конфет әлі бар. Сол кезде аузын ашады: Аузыма сал, - дейді. Аузына толтырсаң, сонда ғана кетеді. Міне осыны баланың шешесіне айтсаң, күліп мақтанады. Біздің Сережа аштан өлмейді, - дейді. Осы баланың мынадай тағы қызығы бар. Бір күні маған келіп: Біздің үйде конфетте бар, печенье де бар, - деді. Бұл неғып жомарт болып кетті деп таңдандым. Сөйтсем табақтағы қарбызды көріп тұр екен. «Сен маған қарбыз берсең, мен саған соларды берейін» дегені ғой. Не деген қулық. Төрт жасар балаға бұл қайдан келген қулық, арамдық? Таң қаламын», - деп аяқтады жолаушы әңімесін». Баланы сәби күнінде дұрыс бағытта тәрбиелемей, оның ыңғайына бейімделіп, жаңағыдай қулығын тойтарыстың орнына, қолпаштау алған бала қайдан оңады. Халқымыз: «Бала жастан» десе, ұлы педагог А.С.Макаренко «сәбиді тәрбилеу туған күннен бастау керек» деген ғой. Мұқан төрт жасар бөбекті қанағатсыз, қомағай мінезінен түңіліп, түбінде нағыз тоғышар, өзімшіл болып өсуі ықтимал деп қауіптенеді. Қойын дәптерден алынған мындай деректер жазушының творчестволық шабытын оятатын ой ұшқындары іспеттес. Жазушы осындай өмір шындығын кейін көркем шындыққа айналдырып отырады. Табиғатында педагог Мұқан балаға биік талап қойып, оның іс-әрекетіне, мінезіне әрдайым сын көзімен қарап, әр нәрсенің ғибраттық мәнін естен шығармауды басты шарт деп қарайды. Иманжановтың балаларға арналған төл шығармаларынан басқа аударма туындылары да бар. Аударуға да балалардың психологиясын, жас ерекшеліктерін, қабылдау қабілеттерін ескеріп, оқуға жеңіл, уақиғасы қызықты, баланың ой-өрісін дамытатын туындыларды таңдап, іріктеп алған. Мысалы: А.Кононовтың Ленин туралы әңгімелерін аударуда Лениннің қарапайым, кеңпейіл, данышпан тұлғасын бала санасына жатық, жеңіл тілмен жеткізген. Бала бойындағы табандылық, тиянақтылық секілді ізгі қасиеттерді бейнелейтін Л.Пантелеевтің «Уәде» әңгімесін аударып, балаларға өнеге, тағлым ұсынады. Жазушының басқа аудармалары да тәрбиелік, танымдылық, эстетикалық мәні бар шығармалар. Мысалы, К.Ушинскийдің шағын әңімелері, қолбасшы Суворовтың нақыл сөздері, Суворов жайындағы әңгімелер. Мұқан шет ел балаларының тұрмысымен таныстыру мақсатында да жан-жақты мағлұмат беретін әңгімелерді таңдап, түрік жазушысы әрі мұғалімі Махмуд Маколдың «Балалар», «Балалар қалай күнелтеді», «Мектептен айырылдық» атты әңгімелерін аударады. Бұлар түрік еліндегі балалардың қаршадайынан еңбектің азабын тартып, күнелтудің қамында өткен балалық шағы, сөйтіп жүріп оқуға деген құштарлығы біздің елдің балаларына ой салып, сәби жанын толқытарлық өте әсерлі туындылар. Біздің бұл келтірген мысалдарды балалар әдебиетіне қатысты болғандықтан алып отырмыз. Балалар әдебиетін дамытуда Иманжановтың қосқан тағы бір үлесі – оның теориялық ой-пікірлерін, көзқарасын танытатын балалар әдебиетіне қатысты баяндама, мақалалары. Айталық, «Бөбектерге арналған әдебиет туралы» атты баяндамасында балалар әдебиетінің сол жылдардағы бағытына, көтерген мәселелеріне тоқтала келіп, осы салада кімнен үлгі-өнеге алуға болады деген мәселенің төңірегінде жауап іздейді. Ы.Алтынсарин, Л.Толстой,А.Макаренко, К.Ушинский секілді педагог, классик жазушыларды үлгі тұтады. Солардың теориялық қағидаларына сүйеніп, бөбектер мен мектеп балаларының жас айырмашылығына қарай жіктеп: «Мектеп жасына дейінгі бөбектер бәрі бірдей емес, олардыңда үлкен, кішісі бар. Қауырт өсіп келе жатқан организм бөбекті белсенді етіп, дамыл таптырмайды. Күні бойғы қимылы ұзақ, бір сарындас болмай, өзгеріп, еліктіріп отырса, бөбек еріну, шаршау дегенді білмейді. Оны жалықтыратын бір сарындас құбылыс. Ол бұған төзе алмайды. Бөбектердің ойы – бейнелі ой. Ендеше, жазушы оның көз алдына тұспалды сөз, ұғым емес, нақты, жанды образ әкелу қажет. Шығарма оның әрі ойын кеңейтуге көмектесіп, әрі тіл үйретсін», - дейді. «Пионер» журналында шыққан әңгімелер туралы» атты мақаласында да сол жылдардағы балалар әдебиетіндегі белгілі жаузшылардың шығармаларына талдау жасап, жетістігімен қатар олқылықтарын да ашады. Айтылған мақалада Иманжанов мақтаудан гөрі балалар әдебиетінің олқылығына көбірек назар аударып, қатты сынға алады. «Кейіпкерлер тұлғасын жасауда көңілге қонымды іс-әрекет қана образға жан береді» десе, көркем шығармалардағы тілдің қызметіне де үлкен мән беріп: «Өмір шындығына үңілсең, әр адам түр-түс, мінез жағынан бір-біріне қандай ұқсамаса, олардың сөз саптауы да, сөйлеу мәнері де дара-дара екенін оңай ұғамыз. Бірақ біздегі көп әңгімелерде бір геройдың сөзін екінші геройдан ажырата алмайсыз. Олар өз сөзін айтпайды, автордың сөзін айтады», - дейді. Бүгінгі әдебиетімізде де 50-жылдарда Мұқан айтқан кемшіліктерден балалар жазушылары түгел арылды деуге болмас. Сол себепті жоғарда көрсетілген мақалалардың құны бұл күнде де жойылған жоқ. Мұқанның жазушылық қаламының ұшталуына А.Чехов, М.Горький шығармалары қатты ықпалы жасады. Чеховтың лирикалық шағын әңгімелерінен үйренсе, М.Горькийдің «Адам–ардақты ат» деген романтикалық көтеріңкі қағидасына табынып, өз шығармаларында да осы идеяны берік ұстады. Мысалы, «Алғашқы айлар» повесіндегі Жақыпбектің: «Алексей Максимович, нағыз азаматшы өмір сүруді ешбір жазушы сендей үйрете алмас- ау», - деген сөзі Мұқанның өмір бойы қайталап айтатын ойы-пікірі, ұстаған жолы. Оның жас жазушыға жасаған қамқорлығы да Горький дәстүрін қазақ әдебиетінде дамытуға ат салысу еді. Балалар жазушыларының алғашқы қадамынан қадағалап, көпшілігінің тұсауын кескен де Иманжанов болатын. Әсіресе, «Пионер» жуналында қызмет істеген жылдарында өз шығармасынан гөрі, жас талаптың шығармаларын оқуға көбірек уақыты кететін. Амал не? Оның алдына қойған мақсат-арманы көп еді. Орындалмай қалды. Бала күнінен жабысқан дерт құлашын кең сермеуге мүкіншілік бермеді. Ол бір жолдасына жазған хатында қамығып: «... Бұдан былай қолыма қалам ала алмасам, түлкіге түсе алмай тасқа соғылған кәрі бүркіттен нем артық. Қайта кеммін ғой. Бүркіт бір кезде көкке самғап, қанатын кең жайды – арманынан шықты. Ал мен пақырдың қанатым бастан шолақ қой», - дейді. Ол шығармашылығының кемел шағында дүниеден өтті. Артында қалған рухани мұрасын келешек ұрпағына мирас етті. Мұқан Иманжанов оқырман жұртшылықтың жүрегінен лайықты орын тапқан жазушы. Оның көркем шығармаларымен бірге 1940-50 жылдарда жазған сын, рецензиялары мен әдебиеттің әр қилы мәселелеріне арналған баяндамалары да көп болған. Олар кезінде газет-журналдарда басылды. Бұл мақалалар сол уақыттағы әдебиетіміздің тарихынан біраз мағлұмат береді. Осының өзі бүгінгі мен кешегіні салыстыруда да біраз қызмет атқаратыны ақиқат. 1940-50 жылдарда Мұқанның өзі де әңгіме жанрына ат салысқаны белгілі. Ол Батыс Еуропа, орыс әдебиеті классиктерін көп оқып, көп ізденді. Осыған байланысты ойлары, теориялық тұжырымдары бірқатар мақалаларында көрініс тапқан. «Бөбектерге арналған әдебиет туралы» атты мақаласында елуінші жылдардағы қазақ әдебиетінің жалпы жағдайы баяндалып қана қоймайды, сонымен қатар ол бөбектерге арналған туындылардың өзіндік ерекшелігін ажыратып, осы саладағы ғылыми зерттеулер мен педагог жазушылардың шығармаларына сүйене отырып, қазақ әдебиетіндегі олқылықтарды ашады. Бала психологиясын, олардың жас мөлшерінің ерекшеліктерін ескеріп жазу қажеттілігіне назар аударады. Орыстың классиктері Л.Толстой, К.Ушинский сияқты тұлғаларды үлгі тұтады. Бұл айтылған пікірлердің бүгінгі бөбектерге арналған әдебиетімізге де қатысы бар, ол әлі де күн тәртібінен түспеген мәселерді қозғайды. Дәрісті бекіту сұрақтары: 1. М.Иманжановтың алғашқы шығармалар жинағы қай жылы жарыққа шықты? 2. М.Иманжановтың «Алғашқы айлар» повесі не туралы? 3. М.Иманжановтың қандай очерктері бар? Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 10, 17, 18, 19, 20, 21, 22, 27, 28, 30, 43, 49,50, 82, 83. 25,26 ДӘРІС ҒАЛИ ОРМАНОВТЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ Дәрістің мақсаты: Ғали Ормановтың ақын,жазушы,очеркист,аудармашылық қырларын таныту. Тірек сөздер: Ақын,жазушы,очеркист,аудармашы. Дәрістің жоспары:1. Ақын,жазушы,очеркист,аудармашы. 2. Ақынның лирикалық героиларының ішіндегі ана бейнесі. 3. Ақынның Ұлы Отан соғысына арналған жырлары. Қазақ әдебиетіне жиырмасыншы жылдардың соңғы жылдарында келген, қазақ поэзиясының қалыптасып-дамуына, өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосқан ақынның бірі-Ғали Орманов. Ғали Орманов 1907жылы бұрынғы Талдықорған облысы, Қапал ауданы, «Ешкіөлмес» тауы етегінде дүниеге келген. Ол он жасында әке-шешесінен айрылып, жетім қалады да, туысқандарының қолында тәрбиеленеді. Ғали бала кезінде жыршылардан өлең-жыр, қисса-дастандар үйреніп, өзінің әдебиетке құмарлығын байқатады. «Мұңлық-Зарлық», «Шәкір-Шәкірат», «Алпамыс» сияқты қисса дастандарды, «Біржан мен Сара», «Кемпірбай мен Шөже», «Бақтыбай мен Мәйке баланың» айтыстарын жаттап алып, домбыраға қосып жиын-тойларда айтып жүрген ол жастайынан жыршы бала атанады. 1920 жылы Талдықорғандағы, кейін Алматыдағы Абай атындағы балалар үйінде тәрбиеленіп, сонда білім алады. 1923-28 жылдары Алматыдағы Қазақтың халық ағарту институтында оқиды. Институтта оқып жүргенде Ғали қазақ, орыс әдебиеттерінің үлгілерімен танысады. 1925 жылдан бастап оқушылардың қабырға газетіне, 1927-28 жылдары өлкелік газетте өлеңдер жазады. Осы жылдары «Тілші» газетінде «Ешкіөлмсс», «Қора», «Оқушыларға», «Диханбайға» сияқты өлеңдері басылады. Осы өлеңдерінде Ғали ақындық талантын біршама танытып үлгереді. 1929-30 жылдары Іле ауданы оқу бөлімінің меңгерушісі болып істеп жүрген кезінде оның өлеңдері «Еңбекші қазақ» газеті мен «Әйел теңдігі» журналында жиі жарияланып, көп ұзамай-ақ республикадағы белгілі ақындардың санатына кіреді. 1930 жылы май айында Түркістан-Сібір темір жолы салынып бітті. Бұл бүкіл Кеңес елі, соның ішінде қазақ елінің тарихындағы ірі табыс болатын. Осы ұлы мерекеге шашу ретінде Ғали ақын «Шеңбер» атты ұзақ өлеңін жазды. Абай атындағы педагогика институтын бітірген соң, ол біраз жыл мұғалім болып істейді. Одан кейін «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында журналистік қызмет атқарады. 1939 жылдан 1945 жылға дейін ақын Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы болды. Ұлы Отан соғысы жылдары «Майдан» деген альманахтың редакторы,кейін«Әдебиет және искусства» журналының жауапты редакторы, Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасында Бас редактор, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы қызметін атқара жүріп, шығармашылық саласында өнімді еңбек етті. 1934 жылы Ғалидың екі кітабы «Шеңбер» деген атпен 1927-1933 жылдар арасында жазған өлеңдерінің жинағы, «Шәуілдір» поэмасы басылды.1935 жылы «Көтерме» деген атпен әңгімелер мен очерктерінің жинағы жарық көрді.1936 жылы «Абысын сыры» жинағы, Мопасаннан аударған қысқа әңгімелерінің жинағы басылып шықты. 1943-44 жылдары Ғали Орманов мәдениет пен өнер қызметкерлері тобында майданға барып қайтады.Ұлы Отан соғысы кезінде жазған өлеңдерін 1941 жылы «Халық қаһарман», 1944 жылы «Емен» атты өлеңдер мен поэмалар жинағы түрінде ұсынады. «Өмір дастаны» (1948), «Бөбек жүрегі» (1949) атты жинағымен қатар ақынның шұрайлы өлеңдері оның 1950,1957, 1976, 1982-84 жылдары шыққан «Таңдамалы шығармалар» жинақтарына енді. Ғали Орманов-үздіксіз жазып, өнімді еңбек еткен ақын. Оның таңдамалы шығармалары қазақ әдебиеті тарихында көрнекті орынға ие. Ғали ақын шығармашылық қызметін бастаған жиырмасыншы жылдар ел өміріндегі ірілі-ұсақты оқиғаларға толы болатын.Ірі байларды конфискелеу, коллективтік шаруашылықта ұйымдастыру ауыл шаруашылығын, соның ішінде мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын өркендетуге ұмтылу ірі өндіріс орындарының іске қосылуы, алғашқы бесжылдықтың орындалуы сынды іргелі мәселелерді қоғам дамуы алға қойды. Әдебиет те бұл тақырыптардан бетін аулақ сала алмады. Ғали да осыларға қосылып, әр алуан жайларға көңіл аударды, сол негізде елінің кешегісі мен бүгінгісін, өзгерген, жаңарған өмірді заманадастарының тұрмыс-тіршілігін жырға қосты. Заман талабына сәйкес ол да кедейлерді алға ұстап, оның теңдік алуын құптады, қанаушыларды жиіркенішпен еске алды. «Есіркептің естегісі» өлеңінде кешегісін ойлай отырып, Есіркеп кедей әкесінің өмірін еске түсіреді. Тақыр кедей өзі кеткенде арты тып-типыл болып қалған. Бір төмпешік болған қабірінің өзін жел үріп, сел жуып кеткен. Саудырап тұр сағанақ, Құс түткендей туырлық. Жоқшылық жүр жағалап Түрі суық, бір сұмдық,- деп, әке артында қалған лирикалық кейіпкер жоқшылықтың, жетімдіктің тақсіретін тартып өседі. Ақынның «Қыр сабағы», «Боран күні» сияқты туындыларында да кедей адамның тіршілігіне аяушылық білдіру басым. Қыстың боранды күндерінде жұлығынан шұлғауы шығып, қарға омбығып қой соңында жүрген қойшы бала көктемнің шуақты, жаздың аптап ыстығында да өз міндетін орындап жүргенін көреміз. Арқадан Сырға жалғасқан көштің күйін жыр ететін «Көштер күйі», «Қиын жол» өлеңдерінде дәулетті көш пен қара құрым көш салыстыра суреттеледі. «Ескілік суреті», «Екідай» өлеңдерінде ақын жарлы мен байдың арасы қашан да аспан мен жердей алшақ болатынын, сырт көзге тату достай көрінгенмен, іштей қағысып жататындықтан олардың мәңгі қосыла алмайтындығын көрсеткен. Қараша үйлердің жел соқса, құлап кететіндей жабырқау жұпыны күйіне жаны күйзелген ақын осынша қорлыққа үйренген елге таң қалады. Ескінің жұрнағындай болған сол бір күйден құтылу үшін тірлік жасамай, бұйығы күйде, күннің өткеніне «тәуба» жасаған елге жаны ашығандық білдіреді. Ақын өлеңдерінің лирикалық кейіпкері осы ортадан өсіп шығады. Ол- ізденіс пен еңбектің адамы. «Ұяда»өлеңінде: Өзімді байлап арқанға, Ұяға батып мен түстім. Сабалап бұршақ арқама, Дауылмен ойнап бұлт құштым, деп, ол шаншыла біткен зеңгір құздың басына қыран балапанын алуға шығады.«Асылған ұядағы» балапанды көргенде:«Менің де кенет кеудемде, Сілкініп кетті бір бүркіт»,–деп, өз бойындағы жаңа өмірге деген сілкінісін байқатады. Сол лирикалық кейіпкер «Алғашқы адым» өлеңінде жұпыны, жүдеу өмірден оқу-білім алуға қалаға аттанады: Аттандым ауыл-анадан, Оқуға кеттім қалаға. Жабыла маған қараған, Жалтаңдай кеттім далаға. Жарбиған жаман тон, тымақ, Жабысып кетті үстімде. Жанайын деген бір шырақ, Жалтылдап кетті ішімде– дейді . Ақын осы өлеңімен-ақ бейнелі сөзбен картина жасаудың шебері ретінде көрінеді. Дала біткеннің жабыла қарауы, лирикалық кейіпкердің жалтаңдап аттануы Ғали ақынның образ жасаудағы қадамдарын нақтылай, даралай түседі. Лирикалық кейіпкердің «жалтаңдауымен», біріншіден, ауылдан ұзап шықпаған жас балаға тән ұяңдық, жасқаншақтық, екіншіден, бұрын-соңды көрмеген үлкен әрі бейтаныс қалаға бара жатқандағы қобалжуды, оның ішкі жан тебіренісін ақын шынайылықпен көркем жеткізе білді. Бала үстіндегі «жарбиған жаман тон, тымағы» лирикалық кейіпкердің жұпыны жерден шыққан жүдеулігін танытса, оқу- білімге ұмтылған жас ішіндегі жалтылдаған от ұшқынын ақынның аңғаруы да орынды. «Қараймын да асығам...» өлеңінде сол лирикалық кейіпкер Алматыға жол тартады: Сағыныштай сарғайып, Сары белден таң атты. Сахарада шалқайып, Сарғая бір жол жатты – деп, атқан таң – жаңа өмір, жаңа заман таңы. Ал, «сахарада шалқайып» жатқан жол– оқу-білім жолы. Осы жол жөнінде академик С.Қирабаев: «Ғали геройының осы жолы – тек Ешкіөлмес бауырынан Алматыға аттанған болашақ ақын баланың жолы емес, жаңа, жарық дүние іздеген бүкіл қазақ жасының, Ғали ақын ұрпағының жолы еді»,–дейді. «Сахара» сөзінің өзінен екі түрлі ой қылаң береді. Ол біріншіден, құлазыған түз дала деген ойды аңғартса, екіншіден, оқу-білімнен кенже қалған, оқымаған, қараңғылықтағы ел тұрмысын меңзегендей. Сары таймен тепеңдеп жеті күндей жол жүрген Ғали ақынның лирикалық кейіпкері шаршауды білмейді. Ол қара жолдың ұшына қарап асыққанда: «Қарсы алдымнан келешек, Қара үзбеді қол бұлғап!» – деп, оқу-білім іздеп, болашаққа зор үмітпен ұмтыла қол созады.Оқу-білім іздеп қалаға келген осы лирикалық кейіпкермен «Кітап», «Тай жарыс», «Ұстаз», «Қуаныш», «Сенім» өлеңдерінде қайта кездесеміз. «Мойынға астым қапшықты, салдым теріп кітапты»,–деп, оқуға кіріскен ол кітаптан тапқан талшығының таңдайына тым тәтті болып тигеніне қуанады. «Топқа түсер шын жүйрік, Тай күнінен танылар», – деп, тай күнінен жарысқа түсіп (ақындар бәйгесіне) бағын сынайды. «Қуаныш», «Сенім» өлеңдері қой бағып, «Надандық топас, дүлей күштің» уысынан шығып, білімнің арқасында дүииенің әсем көркін көрген албырт жастың ризашылық сезіміне толы. «Өнерімнің сәулесін, Өреніне шашайын», – деп, ол өз білімін болашақ ұрпаққа беруге әзір екенін аңғартса, Абай атындағы педагогикалық институтты бітіріп келген соң, біраз жыл мұғалім болып, балаларға дәріс бергенін білеміз. Осы мысалдардың өзі-ақ алғашқы өлеңдерінен Ғали ақынның қаламына тән ерекшеліктерді айқындай түсті. Ол сыршыл лириканың шебері екенін әрбір өлеңінде нақтылай, дәлелдей білді. Ғ.Орманов лирикасының ерекшелігі –аз сөзге көп мағына сыйғызу, жансызға жан бітіру (кейіптеу), жалт еткен көрініске ерекше назар аудару. Ақын өмір шындығын лирикалық кейіпкердің толғаныс, тебіреністері арқылы бейнелеп отырады. Оның жанды да, нақты сурет жасаудың шебері екенін әдебиетші ғалымдар өз зерттеулерінде дәлелдеп, айтып келеді. Ірі байларды конфискелеу кезіндегі дәурені кетіп, мүләйімсіген, өтірік жуасыған байлар, олардың бүкіл байлықтан айрылып маңдайын тасқа соғуы, жаңа заман азаматтарының өз ақысына қолы жетіп, оны иемденудегі оқиғалар «Қоңсы мен қожайын», «Конфиске», «Беттесу», «Абысындар аңызы» өлеңдерінде қызғылықты бейнеленген. Бұл тұстағы өлеңдерін ақын қысқа сюжетті диалогке құрады. Ақынның диалогке құрған бұл өлеңдері тартымды әрі қызғылықты оқылады. Лирикалық кейіпкер –жаңа заман азаматы. Ол ел ішіндегі әрбір игілікті жаңалықты қуана құптап, соған тілектестігін білдіріп отырады. «Абысындар аңызы» өлеңінде тезек теріп жүрген әйелдердің әңгімесі арқылы ақын байлардың жуаси қалған алдамшы кейпін әжуа етеді. «Қоңсы мен қожайында» малы конфискеге түсерін сезген бай кедей көршісін қонақ етіп, оған жанашырлық танытқан сыңаймен біраз малын соның атына жаздырып қоймақшы болады. Мұны естігсн көрші қарт: «Балалардың өздері, Аламыз деп жүр еді,» –деп, балаларының бай көршісіне конфиске жасағалы жүргенін білдіреді. Ақын: Тас тигендей маңдайға, Бай да сөзін қысқартты. Қарай алмай маңайға, Өңі құп қу сұр тартты,–деп, бай әрекетін, оның тығырыққа тірелген шерменде күйін, дәрменсіздігін суреттейді. «Конфиске» –көлемі шағын, айтары көп өлең. Мұнда ақын конфискеге түскен бай үйінің аянышты күйін шынайы бейнелеген. «Беттесу» –диалогке құрылған, қысқа сюжетті өлең. Көп жылдар Сейдін бидің малын баққан Керімқұл байды өз қолымен конфискелейді, сөйтіп байдан шер болып қатқан кегін қайтарады. Кедейлерге тілектес болып, заман ұсынған тақырыпты жырлай отырып, Ғали да ақындық шеберлігін жетілдіреді. Бүгін бұл тақырыптарға өлеңдер жазу саясатты сойылын соғу көріністерімен, өз дәуірінің шындығынан туған құбылыстар еді. Қазақ әдебиетінің тарихында қалыптасқан дәстүрлі тақырыптың бірі–туған жер, туған ел тақырыбы. Ғали ақын да бұл тақырыпты бар ілтипатпен, бар ыждаһатпен жырлайды. «Қора» – ақынның туып-өскен жеріне арнап жазған алғашқы өлеңдерінің бірі. Бұл өлеңінде ақын туған жердің табиғатын тамсана жырлайды. Қора» өзенінің сұлу табиғатын жалаң суреттемей, оны сол жердің, елдің тұрмыс- тіршілігімен байланыстыра көрсету ақынның ішкі тебіренісінен туады. Тізілген омыртқадай ақ заңғарлар, Секілді көк тіреуі, бұлт астары. Кигені қар кебенек, мұздан жарғақ, Сауыты –саудыраған, құз –тастары. Алыстан аңсап, шөлдеп бұлттар келіп, Көрісіп көл болады көз жастары,–деп, жансызға жан бітірген (кейіптеу) ақын Қора» өзенінің жанды да нақты суретін жасайды. Ол «Қораның» өмір тіршілігін лирикалық кейіпкердің қуаныш-күйініші, ішкі толғанысы арқылы көрсете білген. Лирикалық кейіпкер Қораның өткенін, кешегі тұрмысын еске алады. «Арсылдап ақ көбігін аспанға атқан» Қораға ақын: «Осыған өз дәулетін бай теңесе, Теңейді өз ызасын қойшы бейбақ» деп, байдың дәулетіне қойшының ызасын қарсы қойған. Қораның кешегісін еске алып күйзелген лирикалық кейіпкер оның бүгінімен қуанады. Ерінбей жер емшегін емген кедей, Қампиып қарны тояд нанын шайнап Қорадан тиер қайыр мол екен- ау, Еңбекке, еңбекшіге тұрсам ойлап!–деп, Қора» халқының жаңа тұрмысын мақтан тұтады. Өмірдің жарқын көріністерін қуана қабылдаған ақын жылдың төрт мезгіліндегі табиғат сұлулығын, байлығын асқақ шабытпен жырға қосады. Оның бір топ өлеңдері жылдың төрт мезгілін суреттеуге арналды. Ғали ақынның қысы, көктемі, жазы, күзі Абайдың қысы мен жазынан бөлекше. Олардың әрқайсысы өз дәуірінің тыныс-тіршілігін, әр мезгілдің қарбаласымен, өзіне тән сұлу көркімен жарқын суреттеуде жаңа бейнелер жасады. Әкеліп ақпан айы ақ көрпесін, Ай қара Алатаудың жапты өлкесін. Оранған ақ торғында сұлу сынды, Арулар жатыр ашып аппақ төсін, – деп келетін қыс пен жаз келбетін «Сыр шертіп тынбай аққан өзен, бұлақ, Секілді күмбірлі күй көңілдегі» деп ақын жеткізе жырлады. Ақын «Жаз, жаз деп жабылып тұр бәрі маған» деп жыл мезгілдерін өз қуанышымен жырға қосты. Жыл мезгілдеріне арналған өлеңдерінде ақын: «Ешкім кенде қалар ма несібеден, Сол далада көктемде еңбек еткен!» деп түйін жасайды. Ол жылдың төрт мезгілінің де бар қуанышын еңбектің негізінде деп, еңбек етуге үндейді. «Қора», «Көктем нұры», «Жаз шырайы», «Қырау қабақ кәрі қыс» өлеңдеріндегі жаз жайлаудағы ауыл, боздаған, жамырасқан, кісінескен төрт түлікті суреттеуі Абайдың («Жазғытұры», «Қыс») табиғат лирикасын еске түсіреді. Бұл– қазақ поэзиясындағы Абай дәстүрінің жалғасы. Ғали да табиғатты сөзбен мүсіндеп жанды образға айналдырады. Ақынның табиғат лирикасында Ілияс Жансүгіров әсері барын да кезінде қаламдастары атап көрсеткен. Отызыншы жылдардағы халық өміріндегі өзгеріс, жаңалық Ғалидың «Жаңа қоңыс», «Тұнық коллективі», «Шеңбер», «Жаңа жұмыс іргесі», «Шамалған шамы», «Темір ат», «Мысқалада», «Тоқушы», «Алынған арыс», «Үлбе»,«Өріктің өрнегі» өлеңдерінде ашық танылады. Бұл өлеңдерде еңбекке үндеу мен Отан мүддесін әрдайым жоғары қою басым көрсетіледі. Отызыншы жылдары Ғали «Шеңберді» жазумен бастады. «Шамалған шамы», «Шеңбер» атты ұзақ сюжетті өлеңдері Түркістан –Сібір темір жолының салынып, қазақ жеріне алғаш пойыздың келуіне арналған.«Шамалған шамы» өлеңіне Шамалған стансасына келген алғашқы пойызды көрген елдің қуанышы арқау болған. Мұндағы лирикалық кейіпкер ел ішіне келген жаңалықты қуана қостаудан арыға бара алмайды. Басқа ақындар сияқты Ғали да пойызды отарбаға теңейді. Тіркеп тізген түйедей Телеграф–тіл,көмей, деп, телеграф бағандарын тізілген түйеге теңегені жөнінде әдебиетші ғалым М.Базарбаев оны «бұрынғы қазақ өмірінің шеңберіндегі жалаң түсінікпен келудің салдары» деп бағалаған. Ғалым жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы қазақ поэзиясы осындай кемшіліктерді жоя отырып, жаңа ынта, жаңа леп, жаңа күшпен жырлауға бет бұрғанына да ерекше көңіл бөлген. Дәрісті бекіту сұрақтары: 1. Ғали Ормановтың алғашқы шығармалар жинағы қай жылы жарыққа шықты? 2. «Шәуілдір» поэмасының тақырыбы не? 3. Ғали Ормановтың тағы қандай поэмалары бар? Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 10, 17, 18, 19, 20, 21, 22, 27, 28, 30, 43, 49,50,60, 67. 27,28 ДӘРІС ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВТЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ Дәрістің мақсаты: Қасым Аманжоловтың ақындық, аудармашылық қырларын таныту. Тірек сөздер: Өлең, поэма, баллада, сонеттер, романс, аударма, мақала. Дәрістің жоспары:1. Қасым Аманжоловтың шығармашылық өмірбаяны. 2. Соғыстан кейінгі өлеңдері. 3. Аудармалары. Қазақ поэзиясындағы санаулы саңлақтардың санатында өзіндік өршіл үнімен, сыршыл жырларымен дараланған ақын Қасым Аманжоловтың соңында қастерлі мұрасы қалды. Өлеңдер, поэмалар, балладалар, сонеттер, романстар, аудармалар, мақалалар. Қасым Рахымжанұлы Аманжолов 1911 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Қызыл ауылында туған. Әкесінен бес жасында айрылған болашақ ақын ауылда қозы бағып, отын-су, шөп тасумен бірге мал күзетеді. Шешесі Айғаншаны (1888 жылы туған) төркін жұрты ықтиярына қарамай, бір байға қосады. Ата-анасынан айрылған баланың ендігі күні аға-жеңгелеріне қарап қалады. Шешесі Айғанша аздап ән салады екен, «Қыз Жібек» секілді жырларды жатқа айтқан. Соның әсері ме, анасының айтуына қарағанда, Қасым жылағанда, бесікті сықырлататын. Жеті айда жүріп кеткен мазасыз бала болған екен. Таңертең ерте үй-іші ұйықтап жатқанда, «..тұрып алып, далада үй айналасында жападан жалғыз ойнап жүретін, жалғыз сиырдың қара бұзауымен ойнап, өзімен өзі болып өлең айтатын. Көп балалардың тобына қосылмай, оңаша жүруді ұнататын. Балалардың ұрыс-жанжалына жоламайтын» –дейді. Сөйтіп жүріп молдадан тиіп-қашып оқиды, сауат ашысымен қолына түскен бірлі-жарым кітапты құр жібермей, қызығып нәр алады. Көкірегінің сезімі, жүрегінің оты бар баланы ағасы Ахметжан 1923 жылы Семейге әкеліп, сондағы бастауыш мектепке оқуға береді. Алғыр да зерек, зейінді Қасым алғашқы жылы-ақ екі сыныпты бірден тәмамдаған. Ахметжанның үйіне жиі жиналатын өнерпаздардың, қаламгерлердің сұхбаттары, қызық-думаны сергек ойлы, сезімтал баланың назарын аудармауы мүмкін емес еді. Әміре, Майра секілді әншілер, Иса сияқты аты шулы ақын, Мұқамбетқали Дауылбаев сияқты талантты, жас скрипкашылардың сауық құруы, Мұхтар Әуезов, Сәбит Дөнентаев сияқты сол тұста-ақ танылған қаламгерлердің келуі – бәрі болашақ ақынның өнерге, өлеңге деген ықыласын, ынтасын, құштарлығын арттырғаны сөзсіз. Өнерпаздарға еліктеп домбыра, скрипка үйренумен бірге өлең де жазып, бірлі-жарымын С.Дөнентаевқа ұсынғанымен, ол «тіл жағынан ұнатпапты». Туғалы ән-жырға құмар, көкірегі ояу бала осы жылдарда өлең жазуға талаптанып, өз толғаныстарын дәптерге түсіре берген. Осында жүріп жазған бір дәптер өлеңдерінің арқауы–жастық шақ, айналасындағы дос-жарандарына арнаған әзіл-қалжыңдар, сол тұстағы әдебиетте белең алған үгіт-насихаттық ұрандарға еліктеу еді. Бұл дәптері жоғалғанда, «қымбат қазынам еді» деп өкінбейтінін ақынның өзі де кейін ашық айтқан. Сондықтан 1932 жылға дейін жазған жырларынан айтарлықтай мардымды дерек қалмаған. 1924 –26 жылдары балалар үйінде тәрбиеленген Қасым бұдан кейін Семейде мал дәрігерлік техникумында оқиды (1927-30 жж.). Алайда мұны қанағат етпей, білімге құлшынып Алматыға келеді. Бірақ өзі қалаған оқуға түсудің реті келмей, республикалық «Лениншіл жас» газетіне қызметке орналасып, қалам ұштайды. Біраз ысылып, тәжірибе жинақтаған соң «Қызыл әскер» газетінде істейді. Осы кезден бастап-ақ өз білімін толықтыруға айрықша мән береді. Талмай ізденіп, талғамын тәрбиелейді. Газет жұмысына төселіп, очерктер, мақалалар жазады. Заман талабына үн қосуға талпынған біраз өлеңдері «Лениншіл жас», «Пионер», «Қызыл әскер» газетінде жарық көреді. Әрине, оң- солын әлі жете танып үлгермеген жас ақын бұл өлеңдерінде сол тұста күллі елдің санасын күштеп билеп, дәуірлеп тұрған қатаң, үстем идеология ырқынан алыс кете алмайды. Ол заманда басқаша жазуға, ой-толғанысты еркін өріп, өрнектеуге мүмкіндік те жоқ еді. 1931 жылы Қасым Ленинград қаласындағы (қазіргі - Санкт-Петербург) орман шаруашылығы институтына түседі. Бірақ денсаулығының сыр беруі салдарынан бір жылдай ғана оқып, институттан қол үзуге мәжбүр болып, сол кездегі Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласындағы «Екпінді құрылыс» газетіне жұмысқа орналасады. Осында өткен жастық жылдарын кейін сағына еске алып жүреді. 1933 жылы әскерге алынып, әскери міндетін сол қалада өтейді. Ән-күйге, өнерге деген құштарлық Қасымды 1935-36 жылдары Оралда жаңадан ашылған қазақ театрында әртіс болып қызмет істеуге құлшындырған. Осы жылдар ақын өміріндегі ұмытылмас қызықты да аяулы шақтар болып, жадында жатталып қалады. Әр алуан музыкалық аспаптарда еркін ойнап, домбыра, мандолина, т.б. шекті аспаптардан әуен әуелеткен ақын қызулы думан, жаңа орта, аяулы жандар арасында рухани есейеді. Бойында буырқанған ақындық дарыны айқын белгі беріп, өлеңдері жұртшылық назарына ілігеді. Сонымен бірге әншілік, әртістік қабілеті де осы кезде танылады. Театр топтарын ұйымдастырып қана қоймай әрі әртіс, әрі көркемдік жетекшісі болған Қасым өзінің өмірлік тәжірибесін де, ақын, өнерпаз ретінде көркемдік тәжірибесін де молайтқан. Бала кезінен халықтың ән-жырынан, бай фольклоры мен ауыз әдебиеті шығармаларынан сусындап өскен Қасым Амажоловтың хат танығаннан кейін поэзия алыптарының шығармаларын мұқият зер салып оқығаны, олардың творчествосынан нәр алғаны анық. Бұл ретте алдында өткен айтулы ақындар поэзиясының ықпалы, әсіресе, айқын байқалады. Мәселен, «Сұлудың сымбатынан» (Орал, 1935), Абайдың «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» өлеңінің ізі көрінеді. Қара көз, қиылған қас, жазық маңдай, Алма бет, ақша жүзі нұр тамғандай. Қыр мұрын, оймақ ерін, меруерт тіс, Бейне мақпал қызыл тіл шекер балдай. Төгілер иығына қара шашы Жібектей жүз құлпырған дамыл алмай. Немесе «Көктемдегі» өлеңінде.«Алақанын тұр жайып, жас ағашта жапырақ. Балғын өмір ғажайып, Жас дауыспен жамырап» тәрізді сыршыл образдылық Абайдың «Жас жүрек жайып саусағын, Талпынған шығар айға алыс» секілді толғаныстарымен үндесіп жатыр. Мұндай портреттік бейнелеуде Абай қолданған тәсіл, Абай пайдаланған көркемдік өрнектер, бояулар бірден «менмұндалайды». Ақынның әлі толыспаған, жас кезіндегі өлеңдеріндегі еліктеу сипатына, алған бастау, үйренген үрдісіне зер салғанда, ұлттық поэзиядағы, фольклордағы өзінің жанына жақын, жүрегіне жылы тиген сарындарға, тәсілдерге, бейнелік байлыққа, ой мен көңіл-күй әуендеріне бүйрегі бұрғаны айқын аңғарылады. Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов өлеңдеріндегі ой толғау сыр ақтару сарыны мен машығы сезіледі. Мәселен: Қас тұлпар деп кім айтар, Өрге ұмтыла шаппаса, Ақ сұңқар деп кім айтар, Қияға қанат қақпаса, – сияқты жолдар фольклор дәстүрін, бейнелеу мен ой толғау машығын еске салса, 1936 жылы 27 мамыр күні Оралда жазған «Тойла, қазақ!» атты өлеңі: Сарғайып сар далада жатқан қазақ, Өмірдің бар азабын тартқан қазақ, Бай, төре,би, молданың бұғауында Азаптың ащы азабын тартқан қазақ, – деп басталып: Кім едің, кім болдың сен, ойла, қазақ! Бірақ та ойлап қана қойма, қазақ! Көсемің, ұлы Отаның болсын риза, Табысты таудай үйіп, тойла, қазақ! деп тәмамдалады. Жинақтаушы бейне ретінде алынған ел-халыққа арнап тіл қату, үндеу тәсілі Міржақып Дулатовтың «Оян, қазағын» жаға заманның талабына сәйкес жаңғыртады. А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, т. б. халық жауы ретінде қаралау майданы басталып, одан тамам ел түгел құлақтанса да, жас, албырт ақын жанына жақын әуен мен тәсілден бас тартпайды, жаңа заманға бейімдеп қолданады.Мұндай мысалдар алыптар дәстүрінің өміршеңдігін де, ақынның өнер өкілі ретіндегі ұлттық-патриоттық табиғатын да көрсетеді. Тек өміршең, озық дәстүр ғана көркемдік әлемінде жоғалмайтынын, жойылмайтынын ақын сезіне білген. Сондықтан да ырықты, ырықсыз түрде сол дәстүрлерді өз жүрегінің көрігінен өткізеді, өзінше жаңғыртады. Мағжан жырының жаңғырығы, Мағжан стилі А.С.Пушкиннің қайтыс болғанына 100 жыл толуына байланысты жазған «Ақын» өлеңінен нышан танытады: Күн боп туған ұлан күнше күледі, Күндес болған түн өзегін тіледі. Жас ұланның таза қаны күйеді, Қара түнде қара киіп қайғырған, Сұлуларды құшады да, сүйеді... Немесе: Таба алмай көп шарлап ем жердің жүзін, Кез болдым, Сіз екенсіз сол жұлдызым. Кең жайып құшағымды шақырамын, Жаныма жылжып қана кел, жұлдызым, сияқты тармақтардан Мағжанның көркемдік әлемі елестейді. Үздіктердің үр жаңа үлгісінен үйренуге елгезек жас ақынның қалыптасу өсу кезеңінде дүниеге келген туындыларынан С.Сейфуллин, Б.Майлин шығармаларының да әсері аңдалады. 1936 жылы Алматыда жазылған «Бәрін айт та, бірін айт» өлеңіндегі: Бәрін айт та, бірін айт, Жаңа өмірдің сырын айт! Таң қалдырған тарихты Сырлы өмірдің шынын айт, деген секілді жолдар Б.Майлиннің атақты «Бәрін айт та, бірін айт. Коллективтің жырын айт!» деп келетін, кең таралған өлеңіне тікелей үндесіп жатыр. Қ.Аманжолов шығармашылығына айрықша қуатты ықпал еткен - I.Жансүгіров поэзиясы. Мағжан поэзиясы отызыншы жылдарда қатты қысымға ұшырап, Бернияздың жырлары тағы да жарық көрмей, поэзияның көркемдік әлемі жүдеп-жадап қалған кезде Ілиястың сергек серпінді, асау арынды жырлары, психологиялық талдау арқылы кейіпкердің жан дүниесін еркін шарлаған поэмалары дүниеге келді. Ұлттық тілдің орасан байлығын емін-еркін қолдануы, телегей-теңіз қазынасын жарқыратып танытуы сол тұстағы жас Қасымға әсер етпей қалуы, талғампаз жас дарынның оған назар аудармай жүруі мүмкін еместі. Міне, сондықтан да Қ.Аманжоловтың бұл тұстағы туындыларында І.Жансүгіров поэзиясының ықпалын көрсететін мысалдар жеткілікті: Құз шыңылдап, жаңғырап, Сай шуылдап, тау жылап, Жер бауыры тоң болып, Жердің түгі сор болып . Суалғандай айдын көл, Қуарғандай шалқар бел, Ол – бір күн, ол –бір заман . немесе: Ертеде ерте ел болған, Ертеде талай ел болған, Ертегі ескі заманда Еркіндеген қабанға Арыстандар жем болған, деген жолдардан Ілияс екпіні, сөз саптау, бейнелеу машығы бедерленсе, «Лондон»атты өлеңінен «Гималай» сарыны естіледі: Лондон! Лондон! Не болдың? Қарашы бір өзіңе: Не көрінед, уа, Лондон, Сенің миллион көзіңе? Ұлы денең, зор кеудең Мұнша неге жаралы?.. Ал «Толғаудағы»: Бүгін, бүгін, дәл бүгін! Ақтармаған жыр қалмас! Бұдан жиырма жыл бұрын Жүрген бала жалаңаш... Ал, ақтарыл, асыл жыр, Ой арнасын ашамын, Ағыл-тегіл жосыл жыр... Сайра-сайра, домбыра, Құлақтың құрышын қандыра, Әлемді таң қалдыра, Жаудың жанын жандыра... деп, екпіндеп төкпелеп келетін жыр жолдары жас ақынның қазақ поэзиясының алыбы Ілияс Жансүгіров шығармашылығынан үйренгенін, іштей буырқанып, жарысқа түскендей құлшына ізденгенін дәлелдейді. Алайда Қ.Аманжолов ізденістері ырықсыз, соқыр еліктеу емес, саналы түрде дәстүрден үлгі алумен бірге өзінің үнін танытуға, табуға деген ықыласпен басым. Белгілі үлгілермен өзін салыстыра жарысқа салады. Ақынның өз замандастарымен жарысқа түскендей жазған өлеңдері де бар екені белгілі. Соның бір мысалы– Ә.Сәрсенбаевтың «Ақша бұлтынан» кейін дүниеге келген «Ақша бұлт» атты өлеңі. Ә.Тәжібаевтың «Сырдариясымен» де жарыса өлең жазылған. Келтірілген мысалдар – ақын нәр алған айтулы мектептердің әр алуандығының дәлелі. Ұлттық құндылықтардың қайталанбас көркемдік әлемі Қ.Аманжолов поэзиясының тың өріс, жаңа айдынға шығуына зор ықпал жасады. Ақын шығармашылығының құнарына, әуен-сарын, бояу алуандығына игі ықпал еткен тағы бір өнімді фактор – орыс және басқа да халықтар өкілдерінің поэзиясы.Пушкин, Лермонтов, Маяковский, сондай-ақ отызыншы жылдардан бастап бірге жүрген достарының бірі Ғ.Слановтың айтуынша, ол «Аталған ақындарға қоса Шевченко, Байрон, Руставели, Низами шығармаларын көп аударды. Осыдан кейін-ақ Қасымның ақындығы күшейіп жүре берді». Сөйтіп, ақындық тәжірибесінің молаюына, өмірді көркемдік тұрғыдан тануына, өзіндік мәнерінің қалыптасуына аударманың да айрықша септігі тиген. Қ.Аманжолов шығармашылығына тікелей әсер еткен жемісті, игі ықпалдардың бірі – әдеби сын, әдебиеттану. Қасымның өнерге, өлеңге, өзіне қояр талабының үнемі өрлеп отыруына орыс сынының да, сонымен бірге, төл әдеби сынның да үлесі зор болғаны талассыз. Ақын үнемі іздеп хабарласып, пікірлесіп тұратын белгілі сыншы- ғалым Есмағанбет Ысмайыловтың айтуынша: «Соғыстан кейінгі дәуірлерде Қасымның өз бетімен оқуы бір жүйеге түскен болатын. Нақты зерттеп, тереңдей оқыған біркелкі авторлары орыстың революцияшыл-демократтары –Белинский, Чернышевский, Добролюбов, Писарев және Плеханов шығармаларын оқу үстінде бір күні маған Белинскийдің Гогольге жазған хатының қазақша аудармасын оқып берді. Терең ойға толы, өткір жалынды леппен, күрделі әдебиет тілімен жазылған Белинский шығармасына қазақ тілінің сөз байлығын, сөйлем құрамдарын сондайлық дәл жеткізе пайдаланған Қасымның жазушылық, аудармашылық шеберлігіне қайран қалдым. Ол Белинскийдің «Александр Пушкиннің шығармалары» атты еңбегін қадағалап оқып, өзіне керекті жерлерін сызып, кейде кітаптың беттеріне жазып отырған» . Қандайда болсын қаламгердің шығармашылық әлемі, туындыларының эстетикалық сипаты, көркемдік дәрежесі ең алдымен автордың талғамына, өзіне өзі талап қоя білуіне тікелей тәуелді екенін ескерсек, Қасымның өзіне биік талап қоятынын өлеңдері мен поэмаларының, шығармаларының жылдан жылға ширап, көркемдік қуаты кемелдене, концептуалдық әлемінің кеңейе түсуінен көреміз.Ақын өлеңдерінің лирикалық кейіпкері көңіл күйіне қарай алуан кейіпте көрінеді. Бірде өр, тәкаппар, енді бірде үлбіреген нәзік соншалық сезімтал. Дегенмен арқыраған асау арын, буырқанған бұла күш, дауылды екпін лирикалық кейіпкердің жанына жақын. Өршіген өрттің аспанды шарпыған жалыны, тебіренген телегейдің көк пен жердің арасын шайқағандай жойқын сұрапылы. Қалыптағыдан тыс осындай адуын, асқақ сезім лирикалық кейіпкердің табиғатын да, ақын рухының сыр-сипатын да аңғартады. Дәрісті бекіту сұрақтары: 1. Қасым Аманжоловтың соғыстан кейінгі жазған қандай өлеңдері бар? 2. Қасым Аманжоловтың қандай аудармалары бар? 3. Қасым Аманжоловтың қандай поэмалары бар? Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 10, 17, 18, 19, 20, 21, 22, 27, 28, 30, 43, 45, 51,58, 64, 63. 29,30 ДӘРІС ҚАЛИЖАН БЕКХОЖИННЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ Дәрістің мақсаты: Қалижан Бекхожиннің поэма жанрындағы шеберлігін таныту. Тірек сөздер: Дастан, поэма, өлең, поэзия. Дәрістің жоспары:1. Қалижан Бекхожиннің шығармашылық өмірбаяны. 2. Поэмалары. Ақын Қалижан Бекхожин әдебиетке жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдары келді. Барлық жанрлары дамуға бет бұрған қазақ әдебиетінің үлкен бір саласы - поэзиясы үшін XX ғасырдың отызыншы жылдары аса жемісті кезең болды. Бұл жылдары қазақ поэзиясының керегесін кеңейтуші ақындардың қатары өсті. С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Мұқанов, А.Тоқмағанбетов, Ә.Тәжібаев, Ғ.Орманов, Т.Жароков сияқты тәжірибелі ақындардың қатарына отызыншы жылдары бір топ дарынды жас ақындар легі келіп қосылды. Бұл жөнінде академик-жазушы С.Мұқанов былай дейді: «Қазақ совет жазушыларының 1934 жылдың көктемінде болып өткен бірінші съезінен кейін әдебиетімізге бір топ жас таланттар келді. Олар– Жұмағали Саин, Әбу Сәрсенбаев, Әлжаппар Әбішев, Қасым Аманжолов, Дихан Әбілев, Әли Есмамбетов, Қапан Сатыбалдин. Осы толқында келген дарынды жастың бірі – Қалижан Бекхожин еді». Қалижан Бекхожин де әдебиетке өзімен қатарлас келген жоғарыда аталған өз тұрғыластарындай, поэзия әлемінде жастық шақтың жыршысы ретінде көрінді. Ақын «Жас алғысы» атты (1936) алғашқы өлеңдерінің бірінде: Ерке өскен еркін елде мен бір жаспын, Туғаннан тың ғасырмен мен сырласпын. Ержеттім толқынды өмір арасында, Сондықтан менің жырым – өрен тасқын, –деп өз заманының өршіл жасы екенін тебірене толғады. Осы бір өлеңнің өзінен тек ақынның ғана жан сыры емес, өзімен замандас сол тұстағы жастардың өр тұлғасының сыр-сипаттары аңғарылады. Әр ақын-өз дәуірінің жыршысы. Оның жүрегінен жарып шыққан жыр жолдарын өз уақытының үні, өз замандастарының арманы, көңіл күйі деуге болады. Қ.Бекхожиннің алғашқы жастық жырларының өзінен-ақ сол отызыншы жылдардағы өрішіл де жалынды жас азаматтың жарқын ойларын танимыз. Еркінмін, бұлтты жарып, көкке ұшамын, Бұзамын мұхиттың да мұз құрсауын – деген ақын тебіренісі өз замандасының романтикалық келбетінен хабар беріп тұр. Байқап отырсақ, Қалижан Бекхожинмен қатар әдебиетке келген өзге ақындар да алғашқы шығармаларына жастық шақтың қуанышты да албырт сырларын арқау еткен екен. Ә.Есмамбетовтің, А.Жұмағалиевтің, Қ.Сатыбалдинның, Ж.Саинның, Қ.Аманжоловтың сол тұстағы өлең-жырлары өз замандастарының көңіл күйін білдіретін туындылар екенін байқатады. Қалижаи Бекхожиннің алғашқы албырт сезімге, өр қиялға, үлкен мақсатқа, от мінезге толы жастық жырларының өзіндік түрлік өзгешелігі де бар. Олардың барлығы дерлік ақынның өз атынан айтылады. «Жас алғысы», «Қуаныштың құйыны», «Өзіңе сен, жас ойшыл», т.б. өлеңдері ақын жүрегінің толғанысы, тебіренісі іспетті. Қ.Бекхожиннің және поэзияға онымен қатарлас келген өзге ақындардың жастық жырларынан байқалатын тағы бір жай – олардың қазақ поэзиясында ежелден келе жатқан дәстүрлі көркемдік салыстыру әдісін қолдануға жиі баруы. Қарама-қарсы екі түрлі жағдайды, өмір құбылысын, фактісін салыстыра суреттеу-сонау ауыз әдебиетінен бастап, күні бүгінгі поэзияға дейін үзілмей келе жатқан үрдіс. Бұл дағдыға, әсіресе, суырыпсалма ақындар көп барған (Жамбыл, Нұрпейіс, Кенен, т.б.). Қ.Бекхожиннің алғашқы өлең-жырларынан-ақ байқалатын қадір-қасиеті, оның өз уақытымен, ел өмірімен етене тығыз байланысы. Ақын жырларының дені, көбінесе, өз уақытының лебін білдіретін дәуір шежіресі іспетті әсер қалдырады. Қалижан Бекхожиннің лирикалық шығармаларынан дәстүрлі поэзияның лебімен қатар, көркемдік жаңашылдықтың сипаты да мол сезіледі. Өйткені, ақын әдебиет табалдырығынан аттасымен-ақ бірден өз заманының, уақыттың ырғағына үн қосып, жаңарған өмірдің тынысымен тыныстады. Өз замандасының сезім, көңіл-күйін, жарқын мақсатын, биік мұратын толғауға ұмтылды. Сонымен қатар, Қ. Бекхожин - әдебиет әлемінің мәңгілік тақырыптарын да (махаббат, табиғат, өнер-білім, т.б.) шабыттана жырлады. Қ.Бекхожин шығармашылығының үлкен бір саласы- табиғат туралы өлеңдері. Ақын табиғатты жырлағанда ұлттық поэзияның қалыптасқан дәстүрінен қара үзіп, шет кетпейді, қайта сол дәстүрге берік арқа сүйейді. Бірақ дәстүрді құр қайталаушы да емес. Сол көркемдік дәстүрге ол өз өрнегін,өз оюын қосуға ұмтылады. Ақын табиғатты өзіне шабыт беретін ерекше күш деп түсінеді.Сондықтан да ол табиғаттан өз поэзиясына қуат алады, одан терең сыр тартуға ұмтылады. Оның таңғажайып құбылысынан өзі де, өзгенің де эстетикалық ләззәт алуын қалайды, Жылдың төрт мезгіліне арнап өлең жазу дәстүрін қазақ поэзиясына Абай Құнанбаев жасап берген болатын. Қалижан–сол дәстүрді жалғастырушы ақындардың бірі. Бұл құр қайталау емес, жаңара, құлпыра, байыта түсу бағытындағы ізденістер. Ақын «Көктем», «Көктем толғанысы» өлеңдерінде жыл мезгілінің ең көрікті кезеңі -көктемді суреттеуде ұлы ұстаздың үлгілі дәстүрін жаңғыртуға ұмтылады. Оның «Дала жазы», «Жаз әуені», т.б. сияқты өлеңдерінде де табиғаттың небір әдемі көріністері бар. Бұларда да табиғат адам өмірімен тығыз бірлікте жырланып отырады. Адам характерін шынайы беруде де жаңашылдық танылады. Жылдың өзге мезгілдері -күз, қыс туралы өлеңдерде де дәуір рухы, уақыт тынысы айқын сезіледі. Абайдың «Күз», «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай», «Қыс» сияқты атақты өлеңдерін Қ.Бекхожиннің «Күз», «Жыл келді» сияқты өлеңдерімен салыстырып көрсек, сол жоғарыда айтып отырған тұжырым айғақтана түседі. Табиғат суретін беруде кейде алшақтап, кейде жақындап отырғанмен, обьект ортақ болғандықтан, бірін- бірі қайталау қайткенде де ұшырап қалуы таңданарлық жайт емес Ал сол объектіні жырлау үстінде, өз заманының тынысын сездірудегі ақынның даралығы ап-айқын көрінеді. Қ.Бекхожиннің тау туралы («Келтемасат», «Шың түлегі», «Бүркітіндей шарықтат, Ерейменім», «Бұл тауда Тұлпарата жылқы баққан», «Алатау баурайында», «Тауды көрсек», «Адымдасам асқарға»), өзен туралы («Ертіске», «Қарап келсем Волгаға», «Ертіспен тілдесу», «Жайық үстінде», «Сол баяғы Ертісім», «Ертіс көктеміне»), теңіз туралы («Теңіз жыры», «Теңіз бен халық», «Түнгі теңізде»,«Теңізге қарап»,«Екі адам тұрды жағада», «Теңіз музыкасы», «Теңіздегі сыр», «Ұнатам толқындардың ұласуын»), көл туралы («Марқакөл жыры», «Көл қызықты») өлең-жырларының қазақтың табиғат лирикасынан елеулі орын алатыны сөзсіз. Ақын табиғаттың әдемі суретін бере отырып, оған самарқау қарамайды, қайта сол туған өлкенің табиғатына деген өз қатынасын ашық білдіріп отырады. Табиғатты сұлулықтың ғажайып көрінісі, тіршіліктің сарқылмас қайнар бұлағы деп толғайды да, сол өмірдің ерен байлығын игеріп, меңгеріп жатқан адамның алып еңбегін, оның қайрат-күшін бейнелеуді нысана етіп ұстайды. Табиғат байлығын игерген адам еңбегін сүйсіне жыр етеді. Табиғаттың әр алуан суретін берсе де, оның мол байлығын игерген адам еңбегін жырласа да, ақын туындыларының түп қазығы- үлкен идеялық түйінді аңғартып отырады. Ол-өз замандастарының құдіреттілігін әлем алдында паш ету. Қ.Бекхожин –суреткер ақын. Ол көркемдік бояулармен табиғат әлемін өрнектеуде өзінің қалам шеберлігін танытып отырады. Жоғарыда аталған өлеңдерінде оның туған елінің табиғат әлемінің әсем суреттерін беруге едәуір еңбек сіңіргенін көру қиын емес. Ертіс өзенінің құдыретті бейнесін жырлаған өлеңдерінде ақын табиғаттан өзі алған күш-қуатын, ақындық шабытын тебірене толғайды: Перзентіңмін, ағысыңа бөлендім, Көкірегіме сен серпінді күй бердің. Ырғақтарын ыршымалы өлеңнің Сенің өршіл толқыныңнан үйрендім, деп,буырқанған ақындық шабытының түп-төркіні аяулы табиғат әлемінде екендігіне перзенттік махаббатпен бас иеді. Ақынның жоғарыда аталған тау туралы жырларынан да еліміздегі асқаралы шыңдардың алуан түрлі көркемдік бояулармен берілген әсем суреттерін көреміз. Қазақ поэзиясында Алатауға арналған ақындардың көрікті жырлары көп. Өз замандастарымен қатарласа Қ.Бекхожин де: Жалғанның жартасындай алып тұлғаң Құз басың қарағанды қызықтырған. Күн сүйген, күміс төбең ақ күмбездей, Аспанды мұнарасы сүзіп тұрған. Шығысқа шұбата сап зор жотаны, Қамалдай қарлы кұзың өр жатады. Құж-құж тас, құламалы шатқалдарың Тасқындай күркіретіп су атады. Бауырына бура түсті бұлттар шөгіп, Кенет бір көбігін кетер төгіп. Ақша гүл, алма ағашы -тау алқасын, Қуанам жас баладай, тұрсам көріп. деп, әйгілі Алатауды биік ақындық шабытпен суреттеген. Табиғат дегенде, ай, күн, ең алдымен, ауызға түсетіні белгілі. Ал ай, күн, жұлдызды жырламаған ақын поэзия тарихында жоқ десе де болғандай. Қ.Бекхожиннің ай, жұлдыз, аспан, күн туралы өлеңдерінде де («Ай туралы толғау», «Шыққан күнге қуанам») сол ежелден келе жатқан көркемдік дәстүр жалғастығы бар. Мәселен, айды сұлулықтың символы ретінде бейнелеу Қ.Бекхожинде көп ұшырайды. «Ай туралы толғау» атты өлеңінде оны кейіптеу арқылы суреттейді, бірақ Абайды қайталамай, өзінше бейнелеуге ұмтылғанын байқаймыз. Абай жерді қалыңдық деп бейнелесе, Қ.Бекхожин жігіт ретінде кейіптеген. Айды сол жер-жігіт ғашық болған сұлу ретінде көрсетеді. Қ.Бекхожин ай, аспанды жырлағанда өз уақытының тынысын білдіріп отырады. Ақын жаңашылдығы осы тұста ерекше көзге түседі. Қазақ поэзиясындағы табиғат жырын сөз еткенде, ақындардың туған дала туралы туындыларына назар аудармай болмайды. Өйткені өзінің туып-өскен кең жазира даласын жырламаған ақын кемде-кем. Кезінде С.Сейфуллин, I.Жансүгіров, С. Мұқанов даланы жырлаудың жаңа, идеялық биік өредегі дәстүріне кең жол ашты. Қалижан Бекхожин де алдыңғы буын ағаларының туған даланы жырлауда салып кеткен сара жолын жалғастырып, байыта түсуге едәуір еңбек сіңірді («Үкілі бастар қалғыған», «Мейлің, бөрі, ұли бер...», «Сағындым мен Тәттімбеттің жазығын», «Жасыл белде», «Несібелі байтағым», т.б.). Оның туындыларында бұрынғыны ширыламай, тың өрнек табуға, жырға соны леп беруге ұмтылыс бар. Қазақ поэзиясының ірі өкілдерінің бірі Қ Бекхожиннің шығармашылық өмірбаяны үшін 1941-1945 жылдардағы екінші дүние жүзілік соғыс жаңа кезең болғаны сөзсіз. 30-жылдары поэзия табалдырығьн аттап үлгерген жас ақын қалың оқырман қауымға, негізінен, алғашқы жастық жырларымен танылған болса, екінші дүниежүзілік соғыс тұсында ақын поэзиясы тың идеялық-көркемдік сапаға көшті. Ақын өзінің азаматтық өмірін, шығармашылық қуатын өз отандастарымен бірге басқыншы жауды талқандау ісіне арнады. Ол Отанды, елді, жерді қарумен де, қаламмен де қорғаған жауынгер, ақындар тобының алдыңғы сапында жүрді. Соғыс жылдары ақын поэзиясының қанаты қатая, беки түсті. Қазақтың ұлттық поэзиясына, соның өкілдерінің бірі Қалижан Бекхожиннің шығармашылығына бұл қаһарлы кезең тың леп, жаңа пафос берді. Ақын шығармашылығының жауынгерлік рухы күшейді, қаһармандық келбеті айқындалды, патриоттық күш-қуаты арта түсті. Дауылды жылдарда өзімен қатарлас ақындардай Қ. Бекхожин де: Кеудеміз де кек қайнаған, Кекпен өзен отқа айналған, Қаһарлы айқай салған шуды, Дүниеде кім ашулы? Біз жігіттер– Біз ашулы! Біз ашулы, Намыс оты Бойды өртеген, жалын қысқан. Ашындырды, арға тиді, Бүлік салып бізге дұшпан. Бұлтын үйді үстімізге, Соның зілі түсті бізге, – деп,бүкіл өз отандастарының бойындағы жауға деген өлшеусіз өшпенділікті, шексіз ашу-ызаны дәл суреттеді. Уақыт, заман, халықпен бір тыныстаған азамат ақынның қаһарлы тұстағы жүрек сыры осылайша қаһарға мінген өз халқының жүрек сырымен табиғи түрде қабыса түсті. Қаһарлы жылдардағы Қ.Бекхожин өлеңдерінде ақындық әсерлеуге көп бармай, жауынгер кескінін өмір шындығының аясында көрсетуге ұмтылыс басым. Сондай өлеңдерге ортақ сипатты білдіретін туындылардың бірі - «Кәдімгі біздің Қошқарбай» өлеңі. Бұнда басқыншы жауды талқандауда өшпес ерлік көрсеткен мыңдаған замандастарымыздың нақты бейнесі берілген. Ол-соғысқа дейін бейбіт еңбекте қажырлылық көрсеткен қарапайым азамат Қошқарбай. Ал, соғыста ол-жауынгер. Ақын қаһарман жауынгердің өз отандастарымен бірге жауды талқандап, жеңіске жетуін түйіндеп көрсеткен. Қазақ ақындарының шағын өлеңдермен қатар, поэма, дастандарда да отты кезеңдегі жауынгер тұлғасы айқын бейнеленген. Бұл салада бірнеше татымды туындылардың сол қаһарлы жылдары дүниеге келгені баршаға мәлім. Ұлы Отан соғысының халықтың тарихи жеңісімен сәтті аяқталуын ақын атаулының бәрі де зор қуанышпен төгілте жырлады. Бәрімізге белгілі, біздің әскер жауды өз жерінде қиратты. Біздің жеңімпаз армияның құрамында қызмет еткен қазақ ақындары сол шетелде туған жырларында да туған еліне, халқына деген қасиетті махаббатты, мөлдір сағынышты тың леппен, жаңа тыныс-өрнекпен толғады. Олар өз Отанын мақтан тұтты. Майдангер ақындар Қ Бекхожиннің «Тым асығып келемін», Д.Әбілевтің «Ресейге қайтқанда», Ж.Молдағалиевтің «Шығыста туған елім бар», «Қайран менің өз елім» сияқты туындыларын сол тұстағы патриоттық жырдың жақсы үлгісі ретінде айтуға болады. Бұларда өз еліне, жеріне, туған Отанына деген сағыныш сезімі де, оған деген ерекше махаббаты да жүректі жарып шыққан шынайы сөзбен айтылған. Ол өлеңдерде әрі қарапайымдылық, әрі көркем шынайылық бар. Қалижан Бекхожин да – Отанды жырлауға талай-талай шабытты шумақтарын арнады. Оның «Жер», «Гимн туралы жыр», т.б. туындылары өз Отанының құдіреттілігін толғаған ұлттық поэзиядағы патриоттық жырлардың тәуір үлгілерінің қатарынан орын алады. Өзінің идеялық ауқымы,сезім сырлары тұрғысынан алғанда,Қ.Бекхожиннің Отан туралы жырлары өзі тұрғылас қазақ ақындарының осы тақырыпты қозғайтын үлкенді-кішілі шығармаларымен үндес, сарындас екенін көру қиын емес. Қазақ поэзиясының арғы-бергі тарихына ойлана көз жіберсек оның өзіндік бір ерекшелігін көру қиын емес. Дүниеге келген үлкенді-кішілі ақын біткеннің өз шама-шарқынша өсиет өлең жазуы-қазақ поэзиясының ерекшелігі. Өсиет өлең шығару-бүкіл шығыс поэзиясына тән құбылыс. Осындай өсиет өлең шығару дәстүрін жалғастыруда да Қалижан Бекхожиннің еңбегі мол. Оның «Әркімде бір қате бар», «Туысыма», «Ақын ініме», «Қайғың болса, жұрт көзінше күрсінбе», «Егер шықсаң асқарға», «Ұмыт бәрін», «Бес ешкіні қудым деп» сияқты туындылары қазақ поэзиясындағы өсиет өлеңдердің тәуір нұсқаларының қатарына қосылады. Ақын адамгершілік, моральдық сапалардың жақсара, жетіле, асылдана түсуін өз замандастарына, кейінгі ұрпаққа өсиет ретінде толғайды. Осындай сыпат оның нақыл шумақтарында да мол. Сырттай қарағанда, өсиет пен нақыл өлеңнің табиғатында ұқсастық та бары даусыз. Іштей үңіліп ажырата қарағанда, айырмасы да көзге түседі. Өсиет өлеңге қарағанда, нақыл өлеңнің көлемі шағын келеді. Өмір тәжірибесінің сығынды жиынтығындай философиялық, ғибраттылық ой-пікір нақыл шумақтың өзегі болып отырады. Қ.Бекхожиннің нақыл өлеңдері ой қозғап, ойлантарлық мағыналы болып келеді. Қ.Бекхожин поэзиясының басты арнасы -оның эпикалық туындылары екені даусыз. Қазақтың эпикалық поэмаларының даму, өркендеу процесінде Қ.Бекхожин шығармашылығының алатын орны елеулі. Ұзақ мерзім бойы алуан тақырыпты қозғайтын бірнеше поэма жазған ол қазақ поэзиясындағы көрнекті эпиктердің қатарына қосылды. Эпикалық поэзиядағы ақынның көп жылғы шығармашылығына тұтастай көз жіберсек, оның үнемі іздену, шеберлікті жетілдіру үшін талмай еңбектеніп, аянбай тер төккенін көру қиын емес. Іздену жолында ақынның тап болған сәтсіздіктері, өкінішті сәттері де бар. Сонымен қатар, көркемдік жетістіктері де көп. Сол ұзақ жылдар шарқ ұрып іздену сарыла еңбектену нәтижесінде ақын қаламынан идеялық көркемдік дәрежесі биік бірнеше поэма шықты. Олар тек қана оның шығармашылығының жетістігі болып қоймай,бүкіл қазақ поэзиясының абыройын асырған аса ірі жеңістердің қатарына кірді. Дәрісті бекіту сұрақтары: 1. Қалижаи Бекхожиннің алғашқы албырт сезімге, өр қиялға, үлкен мақсатқа, от мінезге толы қандай жырлары бар екен? 2. Табиғат суретін беретін қандай өлеңдері бар? 3. Қандай поэмалары бар екен? Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 10, 17, 18, 19, 20, 21, 22, 23, 38, 40, 41, 45, 51,58, 62, 63. ТӘЖІРИБЕЛІК САБАҚТАРДЫҢ ҚЫСҚАША СИПАТТАМАСЫ 1.Тәжірибелік сабақ: 1941-1956 жылдардадағы қазақ әдебиеті Сабақтың мақсаты:Тақырыпты студенттер қандай дәрежеде меңгергеніне қарай бағалау. Сабақ жоспары:1. Ұлы Отан Соғысының басталуы,осы жылдардағы қазақ әдебиетінің дамуы. 2. XX ғасырдың 41-56 жылдары қазақ халқының қоғамдық өмірінде өткен ең үлкен тарихи кезең. 3. Ұлы Отан Соғысы кезіндегі қазақ поэзиясының ролі. 4. Ұлы Отан Соғысы кезіндегі қазақ прозасының дамуы. Әдістемелік нұсқау: Ұлы Отан Соғысы жылдары жарық көрген шығармалар.Қазақ әдебиетінің көп томдық шығармалар жинағының сегізінші томын қараңыз.Әдебиетіміздің жанр, мазмұн,түр жағынан қандай кемшіндер болды, соған назар аударыңыз. Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 6,7, 9, 12, 15, 16, 19, 20, 21, 22, 24,25, 26,27, 28, 29. 2.Тәжірибелік сабақ: 1941-1960 жылдардадағы қазақ прозаның дамуы Сабақтың мақсаты:Тақырыпты студенттер қандай дәрежеде меңгергеніне қарай бағалау. Сабақ жоспары:1. Осы жылдардадағы жазылған қазақ прозаларының тақырыбы мен идеясы,образдар жүйесі. 2. С.Мұқановтың «Сырдария» романының тақырыптық аясы. 3. Ғ.Мүсірепов «Оянған өлке» романы. 4. Ғ. Мұстафиннің«Миллионер» повесі,«Қарағанды»романы. Әдістемелік нұсқау: Ұлы Отан Соғысы жылдарынан кейін жарық көрген Ж.Тілеков, С.Шаймерденов, З.Қабдолов,Б.Соқпақбаев, Ә.Нүрпейісов, т.б. жас қаламгерлердің әңгіме,очерк, повесть, романдары. Шығармаларын қараңыз. Қазақ әдебиетінің көп томдық шығармалар жинағының сегізінші томын қараңыз. Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 6,7, 9, 12, 15, 16, 19, 20, 21, 22, 24,25, 26,27, 28, 29. 3. Тәжірибелік сабақ:1941-1960 жылдардадағы қазақ поэзиясының дамуы Сабақтың мақсаты:Тақырыпты студенттер қандай дәрежеде меңгергеніне қарай бағалау. Сабақ жоспары:1. Соғыс жылдарындағы және соғыстан кейінгі жылдардағы поэзияның дамуы . 2. Ұлы Отан соғысымен байланысты туған жырлар. 3. Ж.Жабаевтың соғыс жылдарында жарық көрген жырлары. 4. Қ.Аманжоловтың, Ж.Саинның,Т.Жароковтың т.б ақындардың 1941-1960 жылдардадағы қазақ поэзиясының дамуына қосқан үлестері. Әдістемелік нұсқау: 1941-1960 жылдардадағы қазақ поэзиясының дамуына үлес қосқан ақындар шығармаларын қарап шығыңыз. Мысалы: Ж.Жабаев, Қ.Аманжоловтың, Ж.Саин, Т.Жароковтың т.б.Қазақ әдебиетінің көп томдық шығармалар жинағының сегізінші томын қараңыз. Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 12, 15, 16, 19, 20, 21, 22, 24,25, 26,27, 28, 29. 4. Тәжірибелік сабақ:1941-1960 жылдардадағы қазақ поэмалары Сабақтың мақсаты:Тақырыпты студенттер қандай дәрежеде меңгергеніне қарай бағалау. Сабақ жоспары:1. Осы жылдары жазылған поэмалардың тақырыбы, идеясы . 2. Ұлы Отан соғысымен байланысты туған поэмалар. 3. Ж.Жабаевтың «Өтеген батыр» поэмасының тақырыбы . 4. Соғыстан кейінгі жарық көрген поэмалар.. Әдістемелік нұсқау: 1941-1960 жылдардадағы қазақ поэмасының дамуына үлес қосқан ақындар шығармаларын қарап шығыңыз. Мысалы: Ж.Жабаев,Қ.Бекхожин, Қ.Аманжоловтың,Ж.Саин, Т.Жароковтың, Ж.Молдағалиев т.б. Қазақ әдебиетінің көп томдық шығармалар жинағының сегізінші томын қараңыз. Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 12, 15, 16, 19, 20, 21, 22, 24,25, 26,27, 28, 29. 5. Тәжірибелік сабақ:1941-1960 жылдардадағы драматургия Сабақтың мақсаты:Тақырыпты студенттер қандай дәрежеде меңгергеніне қарай бағалау. Сабақ жоспары: 1. Тарихи драма үлгілері. 2. М.Әуезов драматургия саласына қосқан үлесі. 3. Ғ.Мүсірепов «Аманкелді» драмасы. 4. «Сын сағатта», «Намыс гвардиясы», т.б. пьесаларына тоқталу. 5. М.Ақынжанов «Ыбырай Алтынсарин» пьесасы жайлы Әдістемелік нұсқау: Осы жылдары жарық көрген драмалардың тақырыптық идеясына көңіл аударыңыз. Тарихи драма мен пьеса ара жігін саралаңыз. Қазақ әдебиетінің көп томдық шығармалар жинағының сегізінші томын қараңыз. Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 10, 15, 18, 19, 20, 21, 22, 24,25, 26,27, 28, 29. 6. Тәжірибелік сабақ: 1941-1960 жылдардадағы сын мен әдеби зерттеулер Сабақтың мақсаты:Тақырыпты студенттер қандай дәрежеде меңгергеніне қарай бағалау. Сабақ жоспары: 1. Қазақ әдебиетінің сыны мен әдебиеттану ғылымының өркендеуі. 2. Қазақ әдебиетінің сыны мен әдебиеттану ғылымына еңбек сіңірген ғалымдар еңбектері. 3. Осы жылдары жарыққа шыққан зерттеу еңбектер. Әдістемелік нұсқау: Осы жылдары жарық көрген ғылыми зерттеу еңбектерді қараңыз.Қазақ әдебиетінің сыны мен әдебиеттану ғылымының өркендеу жолдарына назар аударыңыз. Мысалы:М.Әуезов,С.Мұқанов,Ғ.Мүсірепов,Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, З.Ахметовтардың еңбектері. «Қазақ әдебиетінің тарихының» Ітомы, «Қазақ әдебиетінің тарихының очеркі», т.б. зерттеулердің жарық көруі.Олардың ғылыми практикалық маңызы. Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 10, 15, 18, 19, 20, 21, 22, 27, 28, 34, 43, 49. 7. Тәжірибелік сабақ: Баубек Бұлқышев өмірі, шығармашылығы Сабақтың мақсаты:Тақырыпты студенттер қандай дәрежеде меңгергеніне қарай бағалау. Сабақ жоспары: 1. Баубек Бұлқышевтың ұлттық әскери әдебиеттің дамуына қосқан үлесі. 2. Баубек Бұлқышевтың шығармаларындағы ерлік пен жауынгер арманын суреттейтін мақала-очерктері. 3. Баубек Бұлқышев публицистикалары . Әдістемелік нұсқау: Баубек Бұлқышев туралы жазған ақын, жазушылардың естеліктерін қарап шығыңыз. Баубектің М.Иманжановқа, М.Әуезовке жазған хаттарын оқыңыз.Б.Бұлқышевтың Л.Рүстембекова құрастырған «Адамзатқа хат» шығармасын оқыңыз Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 10, 15, 18, 19, 20, 21, 22, 27, 28, 34, 43, 49, 77,78,104. 8. Тәжірибелік сабақ: Мәлік Ғабдуллиннің өмірі, шығармашылығы Сабақтың мақсаты:Тақырыпты студенттер қандай дәрежеде меңгергеніне қарай бағалау. Сабақ жоспары: 1.Мәлік Ғабдуллиннің өмірі, шығармашылығы,зертте еңбектері 2. Мәлік Ғабдуллиннің майдандық жазбалары 3. Мәлік Ғабдуллин туралы жазылған еңбектер. Әдістемелік нұсқау: Мәлік Ғабдуллин туралы жазған ақын, жазушылардың естеліктерін қарап шығыңыз. Мәлік Ғабдуллиннің «Алтын жұлдыз» шығармасын оқыңыз. Мәлік Ғабдуллиннің 1947 жылы 18 қарашада «Социалистік Қазақстан» газетінде шыққан «Достық жыры» мақаласын қараңыз. Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 10, 15, 18, 19, 20, 21, 22, 27, 28, 34, 43, 49, 77, 78. 9. Тәжірибелік сабақ: Жұмағали Сайнның өмірі, шығармашылығы Сабақтың мақсаты:Тақырыпты студенттер қандай дәрежеде меңгергеніне қарай бағалау. Сабақ жоспары: 1. Жұмағали Сайн өмірі мен шығармашылығына тоқталу. 2. Партизан тақырыбындағы өлеңдері. 3. Жұмағали Сайнның поэмалары. Әдістемелік нұсқау: Жұмағали Сайн туралы жазған ақын, жазушылардың естеліктерін, зерттеу еңбектерді қарап шығыңыз.Жұмағали Сайнның үш томдық шығармалар жинағын қарап шығып, басқа ақындармен салыстырыңыз Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 10, 15, 18, 19, 20, 21, 22, 27, 28, 34, 43, 49,50,78, 83. 10. Тәжірибелік сабақ: Тайыр Жароковтың өмірі, шығармашылығы Сабақтың мақсаты:Тақырыпты студенттер қандай дәрежеде меңгергеніне қарай бағалау. Сабақ жоспары: 1. Тайыр Жароковтың өмірі мен шығармашылығы. 2. Тайыр Жароковтың поэзиясы. 3. Тайыр Жароковтың поэмалары. 4. Эпикалық шығармалары. Әдістемелік нұсқау: Тайыр Жароковтың туралы жазған ақын, жазушылардың естеліктерін, зерттеу еңбектерді қарап шығыңыз.Тайыр Жароковтың төрт томдық шығармалар жинағын қарап шығып, басқа ақындармен салыстырыңыз.Тайыр Жароковтың «Зоя туралы жыр» еңбегін қараңыз. Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 10, 15, 18, 19, 20, 21, 22, 27, 28, 34, 43, 49,50,80, 83. 11. Тәжірибелік сабақ: Бауыржан Момышұлының өмірі, шығармашылығы Сабақтың мақсаты:Тақырыпты студенттер қандай дәрежеде меңгергеніне қарай бағалау. Сабақ жоспары: 1. Бауыржан Момышұлының қазақ әдебиеті тарихына қосқан үлесі. 2. Бауыржан Момышұлының шығармалары туралы. 3. Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» еңбегі жайлы. Әдістемелік нұсқау: Бауыржан Момышұлы туралы Александыр Бектің «Волакалам тас жолы» еңбегін , Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз»,З.Ахметованың «Шуақты күндер» шығармаларын қараңыз. Бауыржан Момышұлы туралы естеліктерін қарап шығыңыз. Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 10, 17, 18, 19, 20, 21, 22, 27, 28, 30, 43, 49,50,80, 83. 12. Тәжірибелік сабақ: М.Иманжановтың өмірі, шығармашылығы Сабақтың мақсаты:Тақырыпты студенттер қандай дәрежеде меңгергеніне қарай бағалау. Сабақ жоспары: 1.М.Иманжановтың өмірі, шығармашылығы. 2.М.Иманжановтың алғашқы шығармалар жинағы. 3. М.Иманжановтың «Алғашқы айлар» повесі, очерктері. Әдістемелік нұсқау: М.Иманжанов туралы жазған ақын, жазушылардың естеліктерін қарап шығыңыз.М.Иманжановтың очерк,публицистика, көсем сөздерін оқыңыз. Әдебиеттер: 1, 2, 3, 22, 27, 28, 30, 43, 49,50, 82, 83, 84,86,87,88,89,90,91,92. 13. Тәжірибелік сабақ: Ғали Ормановтың өмірі, шығармашылығы Сабақтың мақсаты:Тақырыпты студенттер қандай дәрежеде меңгергеніне қарай бағалау. Сабақ жоспары: 1. Ақын,жазушы,очеркист,аудармашы. 2. Ақынның лирикалық героиларының ішіндегі ана бейнесі. 3. Ақынның Ұлы Отан соғысына арналған жырлары. Әдістемелік нұсқау: Ғали Ормановтың ақын,жазушы,очеркист,аудармашылық қырлары туралы жазған ақын, жазушылардың естеліктерін қарап шығыңыз. Ғали Ормановтың очерк,публицистика, аудармаларын оқыңыз. Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 10, 17, 18, 19, 20, 21, 22, 27, 28, 30, 43, 49,50, 60, 61. 14. Тәжірибелік сабақ: Қасым Аманжоловтың өмірі, шығармашылығы. Сабақтың мақсаты:Тақырыпты студенттер қандай дәрежеде меңгергеніне қарай бағалау. Сабақ жоспары: 1. Қасым Аманжоловтың шығармашылық өмірбаяны. 2. Соғыстан кейінгі өлеңдері. 3. Аудармалары. Әдістемелік нұсқау: Қасым Аманжоловтың ақындық, аудармашылық қырларын танытатын ақын, жазушылардың естеліктерін қарап шығыңыз. Қасым Аманжолов туралы зерттеу еңбектерді қараңыз. Қасым Аманжоловтың баллада, сонеттер, романс, аударма, мақалаларын оқыңыз. Әдебиеттер: 1, 2, 3, 7,17, 18, 19, 20, 21, 22, 27, 28, 30, 43, 45, 51,58,64, 63. 15. Тәжірибелік сабақ: Қалижан Бекхожиннің өмірі, шығармашылығы Сабақтың мақсаты:Тақырыпты студенттер қандай дәрежеде меңгергеніне қарай бағалау. Сабақ жоспары: 1. Қалижан Бекхожиннің шығармашылық өмірбаяны. 2. Қалижаи Бекхожиннің алғашқы албырт сезімге, өр қиялға, үлкен мақсатқа, от мінезге толы жырлары. 3. Поэмалары. Әдістемелік нұсқау: Қалижан Бекхожиннің поэма жанрындағы шеберлігін танытатын ақын, жазушылардың естеліктерін қарап шығыңыз. Қалижан Бекхожин туралы зерттеу еңбектерді қараңыз. Қалижан Бекхожиннің дастан, поэма, өлеңдерін оқыңыз. Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7,19, 20, 21, 22, 23, 38, 40, 41, 45, 51,58,62, 63. Студенттердің оқытушының басшылығымен орындайтын өздік жұмысына әдістемелік нұсқау І Реферат жазу. Өздік жұмысының мақсаты: Дәріс, семинар сабақтардың ғылыми мәнін арттыру, студерттердің қабілетін дамытып, ойын шашыратпай, ғылыми тұрғыда жазуға баулу. Әдістемелік нұсқау: Реферат А4 форматта жазылады. Қолдан жазылған реферат көлемі 13-15 бет, ал компьютерден басылған реферат көлемі 10-12 бет болу керек. Реферат құрылымы: 1)жоспары; кіріспе; негізгі бөлім: қорытынды; қолданылған әдебиеттер тізімі. Сыртқы беті стандартқа сай, комьпютерге басылған болуы тиіс. ІІ Конспект жазу. Өздік жұмысының мақсаты: Студенттерді жүйелі,мағыналыжазуға баулу. Әдістемелік нұсқау: Берілген тақырыпты түсінікті етіп қысқаша, тұжырымдап, ықшамдап, көшіріп жазу. Жазу барысында тақырыптан ауытқымай,жүйелеп жазу керек.Конспект қолмен жазылады. IIІ Тарихи романдарды оқу. Өздік жұмысының мақсаты: Студент назарын тарихи тақырыпқа арналған шығармадағы көркемдік көрініске, тарихи шындыққа қоғамдық өмірдегі нақты құбылыстарға, болған уақиғаларғ сол заманда өмір сүрген тұлғалардың арқау болатындығына аударту. Әдістемелік нұсқау:Мына шығармаларды қараңыз:.Алпысбаев Қ.Тарихи шығарма: таным және көркемдік. А, Бердібаев Р. Қазақ тарихи романы.А.,1979ж,Дәдебаев Ж.Қазақтың тарихи романы: дәстүр мен жаңашылдық.А.,1988ж,Бердібаев Р. Роман және заман. А.,1967ж, Қазақ романы. А., 1975ж,Лизунова Е. Қазіргі қазақ романы.А.,1966ж,Елеукенов Ш.Қазақ романы және қазіргі дәуір.А., 1968ж,Майтанов Б. Қазақ прозасындағы замандас бейнесі.А.,1982ж,Атымов М. Қазақ романдарының поэтикасы. ІV Баяндама жазу. Өздік жұмысының мақсаты:Қысқа,жүйелі сөйлеуге баулу. Әдістемелік нұсқау:Тақырыпқа байланысты жүйелі түрде қысқаша баяндау керек. Студенттердің оқытушының басшылығымен орындайтын өздік жұмыстары. 1 СОБӨЖ Соғыстан кейінгі жылдары очерктерден құрастырылған жинақтар (Реферат) Өздік жұмысының мақсаты:Студенттерді очерк жазуға баулу. Әдістемелік нұсқау: 1950-жылдардың басында очерктерден құрастырылған кітаптар шығарылу жолға қойылды. С. Мұқановтың «Саяхаттар», Ғ.Слановтың «Бес жылдық өрендері, Ә.Нұршайықовтың «Алыстағы ауданда», М.Иманжановтың «Азамат мақтанышы» кітаптарын атауға болады. Сәбит Мұқановтың «Каспийге саяхат», «Арқаға саяхат», «Алатау төңірегінде», «Украинаға саяхат»,Ғ.Слановтың «Бес жылдық өрендері», «Атырау адамдары»,Қ.Сыздықовтың «Құрметті шахтер», С.Омаровтың «Өмір еркесі», Ж.Саинның «Бірінші рангалы кен директоры»,1950 жылдарда жазылған Иван Шуховтың «Солтүстік шұғыласы», Ғ. Мүсіреповтың «Кеңес Одағының батыры», Қазыбек Сүлейменовтің «Сайрам даласында», Ғали Ормановтың «Бір колхоз өмірінің дастаны», 1946 жылы жазылған Ғабиден Мұстафиннің «Жезқазған» очеркі, Ы.Тныкиннің «Темір жол түлектері», «Жол күзетіндегілер», «Уақыттан озғандар», С.Бегалиннің «Диспетчерлер», 1950-інші жылдардың басында дүниеге келген С.Шәймерденовтің «Қуаныш», Қ.Жармағамбетовтың «Бетпақдала дәптерінен», Ғ.Ормановтың «Жол»т.б. очерктері бар. Соғыстан кейінгі кезеңде өздерінің ерен еңбегімен еленген Ыбырай Жақаев, Мұхтар Кітапбаев, Нәйла Базанова, Бәшіп Нұрмағамбетов, Түсіп Күзембаев, Қартабай Атшабаров, тағы басқалар туралы очерктер көптеп жазылып, бейбіт өмір, еңбек әуені мадақталды. Очеркистер өте қиын кездерде адамды қанаттандыратын, өзгертетін адам ішінде тығылып жатқан рухани күштердің шарықтауын көрсетті. Отан үшін болған соғыс қарапайым, еркіндік сүйгіш қазақ жұмысшыларын күшті, бірегей, айрықша, көрнекті тұлғаға айналдырды. М. Ғабдуллин очеркіндегі Төлеген Тоқтаров, Ғ. Мүсіреповтың «Кеңес Одағының батыры» очеркіндегі Гастеллоның ерлігін қайталаған Нүркен Әбдіров, С.Бақбергенов очеркіндегі Сағдат Нұрмағамбетовтер осындай жарқын тұлғалар. Осындай сарындағы очерктерді ақындар Ж. Молдағалиев, С.Сейітов, Ә. Сәрсенбаев, Д. Әбілов т.б. тудырды. Жазушылар – соғыстың тікелей қатысушылары – құжаттылық, деректерге жүгінушілік, ерлік істерге ерекше мән берушілік сияқты сипатқа толы очерктерді тудырды. Публицистика мен очерк өздеріне жүктелген міндетті орындап, басқа да әңгіме, повесть, роман сияқты проза жанрларына жол салып берді. 2 СОБӨЖ Сырбай Мәуленовтың өмірі,шығармашылығы (Конспект) Өздік жұмысының мақсаты: Мәуленовтың ақындығы – қазақ поэзиясының жарқын беттерінің бірі екендігін таныту. Әдістемелік нұсқау: С.Мәуленовтің өміріне тоқталып барып шығармашылығына келу керек. С.Мәуленовтің 1952жылы жарық көрген «Магниттаудың оттары» жинағына негізінен 1949-1951 жылдары жазған өлеңдері енген. Гейнеден алынған екі өлеңнен басқасының бәрінде «кезеңнің келбеті» сезіледі. С.Мәуленов жырлары тарих сабағын өзгеше түсінуден, отаншылдық сезімнің байлығынан, табиғатпен туыстықтан тұрады. Ол адам мен табиғаттың құпия сырына көбірек үңіледі, екеуінің ылғи тілдесіп жүргенін көреді. Оған тау желімен, тал жапырағымен, көл көбігімен, жер егінімен тіл қатады. Адам биіктігін ұғу үшін ақын жердің кеңдігін, теңіздің тереңдігін, таудың өрлігін іздейді соған көңіл аударыңыз. Сырбайдың ақындық шеберлігінің кемеліне келіп, өлең өнерін еркін меңгергені оның суреткерлігінен танылады. Оның өлеңдері сиқырлы суретке бай келеді. Ол өмірді жарқын түстерден таниды. Әр түстен өзінше көрік іздейді. Сол түстерді ойнатып, неше түрлі бояумен құбылтады. Ақ түсті ол адалдықтың, ақ пейілдің, тазалықтың символы тұтады.Осыған мысалдар келтіріп талдаңыз 3 СОБӨЖ Ғабдол Слановтың «Жанар тау» романы (Ауызша) Өздік жұмысының мақсаты: Романдағы дәуір шындығын таныту. Әдістемелік нұсқау: Ғ.Слановтың «Жанартау» романы 1945 жылы басылды. «Жанартау» романы соғыс кезінің оқиғаларына негізделіп, Атырау мұнайшыларының өмірінен жазылған. Соғыстың ел басына түсірген салмағы, еліміздің мұнай көздері жау қолында қалып, Қазақстан мұнайын майдан қамы үшін мол өндіру күн тәртібіне қойылған кезде, тылдағы елдің қауырт еңбекке жұмылуы роман сюжетінің негізгі желісін құрайды. Онда суреттелетін кейіпкерлердің бәрі де іс басында, еңбек ортасында, әлеуметтік мүддені ұға, түсіне білген адамдар. Бәрін біріктіріп тұрған нәрсе– соғыс. Ерлер майданға кетіп, әйелдер солардың орнын басқан. Еңбек жасына толмаған жастар да кездеседі. Қажетті өндірісті қамтамасыз ету үшін арнайы әскерден қалдырылған мамандар да бар. Әркім өз орнында, шамасынша адал еңбек етіп, жеңісті жақындатуға үлес қосып жатыр. Негізінен, дәуір шындығын тәп-тәуір суреттеген романда тартыстың әлсіздігі көрінбей қалмайды. Басталған жұмыс еш кедергісіз оп-оңай іске асып жатады. Жазушы Қанат пен Айкүміс отбасының түсініспеуінен тартыс туғызбақ болады. Бірақ ол да өршімей, бір ширап, бір босап созылып барып, жарастылықпен аяқталады. Роман жарық көрісімен қаһарлы сынға ұшырады. Сынның қатал да түгелдей қаралай жазылуы партияның сол бір тұста әдебиет пен өнерге ерекше қатаң талап қоя қарауының салқыны да сияқты. Ол кезде сыналмаған, мінелмеген дүние аз болатын. Кейін роман қайта өңдеуден өтті. «Жанартау» – Ұлы Отан соғысы кезіндегі мұнайшылар еңбегін танудағы елеулі белес. Т.Нұртазиннің Ғ.Слановтың «Жанартауы» жөнінде. – «Әдебиет және искусство». 1946, № 9-10 еңбегін қараңыз. 4 СОБӨЖ М.Әуезовтің «Абай жолы» роман – эпопеясының жарыққа шығуы жайлы (Баяндама) Өздік жұмысының мақсаты: Қазақтың тұңғыш роман –эпопеясының қалай жарыққа шықандығын жас ұрпаққа таныту. Әдістемелік нұсқау: М. Әуезовтің «Абай жолы» атты төрт томдық эпопеясының алғашқы кітабы 1942 жылы жарық көрді. Бұл – әуелде «Абай» деген атпен жоспарланған екі томдық романның бірінші кітабы болатын. Роман Ұлы Отан соғысының от-жалыны өршіп тұрған шағында жарық көрді. Саясаткерлер соғыс тақырыбына арналған прозалық еңбекті күтіп отырған заманда, бұған керісінше, тарихи тақырыпқа жазылған роман партия басшылығын бәлендей қуанта қойған жоқ. Олар романның жоспарына, негізгі идеялық-көркемдік нысанасына ой жіберіп жатпай-ақ, ондағы ру таластарына, Құнанбай заманының өктем қылығына мән беруге тырысты. Алайда, шын әдебиет сүйгіш қауым романды жылы қабылдады. Оған Ғ.Мүсіреповтің 1943 жылы жазған «Абай» романы туралы» атты мақаласы куә. «Абай» романының екінші кітабы 1947 жарық көрді. 1949 жылы «Абай» романына бірінші дәрежелі Мемлекеттік сыйлық берілді. «Абай жолы» роман-эпопеясының «Абай» деген атпен шыққан алғашқы екі кітабының өзі әуелде солай жоспарланған тұтас туынды болатын. Романның үшінші, төртінші кітаптары «Абай жолы» деген атпен 1952, 1956 жылдары жарияланды. Осыған байланысты төрт томдық роман-эпопея тұтас күйінде – «Абай жолы» аталды. «Абай жолы» роман-эпопеясына 1959 жылы КСРО-дағы ең биік сыйлық – Лениндік сыйлық берілді. Қ.Сәтпаев.Аса үздік шығарма.- Мұхтар Әуезов тағылымы. А.,1987,35 б.,В.Иванов. Роман о песне.-«Летературная газета».1948,10 ноября,М. Әуезов. Шығармалары. А.,1979,4т.,434 б,Т.Нұртазин. Жазушы және өмір.А.,1960,246 б. деген еңбектерді қараңыз. 5 СОБӨЖ Ғ.Ормановтың табиғат туралы өлеңдері (Әдеби талдау) Өздік жұмысының мақсаты: Қазақ жерінің әсем табиғатын ел өмірінің тыныс- тіршілігімен қоса суреттеу де, Ғ.Ормановтың үлкен жетістікке жету шеберлігін таныту. Әдістемелік нұсқау: Ғали жырларының үлкен бір саласы–табиғат туралы өлеңдер. Жоңғар Алатауының әсем өңірінде дүниеге келген ақын «Қорада», «Менің ұям» өлеңдерінде сол өлкенің әсем суретін жасады. Ол ұсақ детальға дейін суретке айналдыруға шебер. Ақынның аралап көрген Баян, Қарқаралы, Көкшетау, Өскемен, Кереку өлкесінің де көркі ақын поэзиясында көз тартарлық. «Еңсесі биік Алатау», «Менің қалам», «Жер сыйы», «Медеу даңқы», «Қысқы жаз», «Қыс құшағы» атты туған жер тақырыбындағы өлеңдерінің біразын астанамыз Алматы мен Алатаудың әсем табиғатына арнады. «Алматы дастаны» осы өлеңдердің түйіні тәрізді. Қазақстанның байтақ даласын кең өлкесін ақын «Туған жер! Сонша саған сүйсінемін, Секілді саяң ылғи үйім менің» –деп, өз отбасына балайды. Оның түйсігінде Отан-Ана, Жер-Ана бірін-бірі толықтырып, бірінен-бірі өрбіп отыратын ұғымдар екенін «Жер жүрегі» өлеңінде нақтылай түсті. Талай ақынның қаламына арқау болған сұлу Көкшетаудың әсем табиғатына да ақын «Жер шебері», «Жыр», «Қыр гүлдері», «Жаңа жұрт», «Шағалалы бойында», «Бурабай», «Айна көл», «Оқжетпес» өлеңдерін арнады. Ақын бұл өлеңдерінде Көкшенің сұлу табиғатын ондағы елдің тұрмыс- тіршілігімен қоса суреттеді. Жер бедерін қилы суретке толтырған елдің ұл, қыздарының еңбегін мақтан етеді. «Жыр» өлеңінде Зерендінің сұлу табиғатын шебер суреттеген. Орманов қазақстанның төрт бұрышын түгел дерлік жырға арқау етті. 6 СОБӨЖ Кәкімжан Қазыбаевтың «Ызғар» романы (Ауызша) Өздік жұмысының мақсаты: Жазушының өмір шындығын көркем шындыққа айналдыра білудегі шеберлігін таныту. Әдістемелік нұсқау: Кәкімжан Қазыбаевтың «Ызғар» романының негізгі тақырыбы – соғыс жылдарындағы ауыл өмірі. Романда Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы қиыншылықтар яғни ауыл адамдарының әр алуан тағдырлары баяндалады. Романды оқыған уақытта жазушы сол бір сұрапыл шақта болған және болуы мүмкін типтік оқиғалар мен әлеуметтік әрекеттерді жинақтап реалистік тұрғыдан көрсетуді қалай мақсат еткендігіне,адамдар жүрегіне жазылмас жара салған жаралы жылдар елесіне көңіл аударыңыз. 7 СОБӨЖ М.Әуезовтің ғылыми зерттеу еңбектері (Конспект) Өздік жұмысының мақсаты: М.Әуезовтің әдебиет тарихын зерттеудегі еңбектерінің өз алдына бір үлкен арна екендігін түсіндіру. Әдістемелік нұсқау: М.Әуезовтің халық ауыз әдебиеті, әдебиет тарихы саласындағы зерттеу еңбектері. М.Әуезов және абайтану мәселелері. М.Әуезовтің әлем халықтары әдебиеті туралы ойлары, қаламгер еңбектерінде жазушылық, шеберлік проблемаларының пайымдалуы. М.Әуезов абайтануды дербес ғылым саласы деңгейіне көтерді,негізін салды,зерттеу бағыт бағдарларын,принциптерін анықтады,абайтанудың жүйелі,біртұтас ғылыми тұжырымдамасын жасады. М.Әуезовтің 1927 жылы жазған «Әдебиет тарихы» кітабы тұңғыш зерттеу еңбегі.Ғалым –жазушының қазақ фольклорының ертегі,эпостық жырлар, ақындар айтысы, т.б. жанрлар туралы зерттеулері бар.Сол сияқты қазақ және орыс тілдерінде қатар 1959 жылы жазған «Әр жылдар ойлары», «Абай Құнанбаев», «Уақыт және әдебиет» атты зерттеу еңбектері бар соны қарап шығыңыз. 8 СОБӨЖ Ғ.Мұстафин прозасындағы тарихи шындық (Баяндама) Өздік жұмысының мақсаты: Ғ.Мұстафин шығармаларының тарихи шындыққа қаншалықты қатысы бар екендігін түсіндіру. Әдістемелік нұсқау:Туған халқы жүріп өткен қиын да бақытты жолдың бел–белесі Мұстафиннің «Шығанақ», «Миллионер», «Қарағанды», «Дауылдан кейін», «Көз көрген» тәрізді кең тынысты эпикалық романдарда көркем де көрікті шешімін тапқан. Бұл туындылар халық тағдырын күрт өзгерткен төңкеріс кезеңдегі от–жалынға толы тартысты жаңа көзқарасты, жаңа заманның қалыптасуын баяндаған. «Шығанақ» романы өмірде болған нақты адам мен оның еңбегі жайлы деректі материалдарға сүйеніп жазылған. Жазушы «Миллионер» романында тарихта болған жаңа ауыл, жаңа адамдар, олар ұмтылған жаңа биік –белестер, жаңа қоғам көріністерін суреттесе,«Қарағанды» романында адамдардың жемісті еңбегімен бой түзеген еліміздегі ірі нидустрия орнының сол кездегі өмірін суреттейді. Қазақ жеріндегі төңкерістен кейін туған өзгерістерді кең бейнелеп суреттеуде, оның прогрестік мәнімен бірге қайшылықтарын терең ашып көрсетуде 1959 жылы жазған «Дауылдан кейін» романының маңызы зор. «Дауылдан кейін» – революциядан кейінгі қазақ ауылы өмірінің шынайы суреттерін танудағы елеулі бір белес. Ұлы Отан соғысы кезіндегі халықтар достығының бір шағын мысалын Ғ.Мұстафин «Құрметті қонақ» атты әңгімесіне арқау етті. Шығарманың бас кейіпкері – аты-жөні белгісіз сәби. 9 СОБӨЖ Ғ.Мүсіреповтің « Қазақ солдаты» романы (Ауызша) Өздік жұмысының мақсаты: Ұлы Отан соғысының сабақтарын саралауға, ел басына күн туған кездегі азаматтардың ерлік істерін, мінез-құлқын, халық өмірін эпикалық үлгіде бейнелеудегі жазушы шеберлігін таныту. Әдістемелік нұсқау: Ғ. Мүсіреповтің повесі алғаш рет 1945 жылы «Майдан» деп аталатын альманахта «Қазақ батыры» деген атпен жарияланып шықты, аталмыш туындыға оқырман қауым біршама сын ескертпелер айтты. Солардың бәрін есепке ала отырып, Ғ. Мүсірепов композициясын жақсартып, негізгі кейіпкердің образын күшейтіп, бірнеше тараулар қосты. Повесть көлемі жағынана ғана өзгермей, сонымен бірге композициялық құрылысы, оқиға желісі жақтарынан да роман дәрежесіне жетіп, 1950 жылы «Қазақ солдаты» деген атыпен қайта басылып шықты. «Қазақ солдаты» әскери тақырыпқа арналған қазақ повестерінің тұңғышы. Оны жазушы Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұловтың ерлік жолын суреттейтін деректі шығарма есебінде жазды. Соғыс тәжірибесін жинақтауда, халық ерлігінің рухани мазмұнын және оның қайнар көзін ашуда бұл романның орны үлкен. Онда жаңа заман батырының туу, тәрбиелену, өсу жолы кең бейнеленген. Қайрошты өсіріп жеткізген қоғамдық орта мен ондағы өзгерістер кейіпкер тағдырымен байланысып, жарасымды суреттеледі. Қайроштың батырлығы ескі ұғымдағы көзсіз ерлік емес, қарапайым адамның Отан алдындағы борышын түсіну мен оны абыройлы орындау жолындағы сезімнен туады. Сонымен қатар жазушы Қайроштың өмір жолында кездескен күнделікті тіршіліктің келеңсіз жайларын улы кекесінмен түйреп, сынап отырады. 10 СОБӨЖ Ә.Сәрсенбаевтың өмірі,шығармашылығы жайлы (Конспект) Өздік жұмысының мақсаты: Ә.Сәрсенбаевтың ақындық,әрі жазушылық қырларын таныту. Әдістемелік нұсқау: Ә.Сәрсенбаевтың 1953жылы «Толқында туғандар» романын, 1960 жылы «Офицер күнделігі»повесін, 1961жылы «Капитан ұлы» повесін, 1965жылы «Теңіз әуендері» романын жазды. «Толқында туғандар»романы 1953, 1965, 1975 жылдары басылып шықты. 1937жылы «Еділ толқыны», 1938 жылы «Жүрек сыйы», 1940 жылы «Ақмаралдың жүрегі», 1948 жылы «Ант», «Туған өлке»,1949 жылы «Ақша бұлт» т.б.өлеңдер жинағы жарық көрді. Ә.Сәрсенбаевтың «Отан таңы» кітабы «Ту туралы жыр», «Украина дәптерінен», «Колхозды дала суреті», «Ұланмен әңгімелер» деген төрт бөлімнен тұрады. Ә.Сәрсенбаевтың 1943 жылы «Намыс ұлы», «Шие ағашы», 1948 жылы жазылған «Ұлым туралы ой» сияқты поэмалары бар. «Намыс ұлы» поэмасы Украинадағы партизандар ерлігіне арналған. Поэмада неміс басқыншыларының бейбіт халыққа жасаған бүлігі, айуандық әрекеттері уытты өлең жолдарымен беріледі. «Шие ағашы» поэмасы – да сол бір сұрапыл жылдардың ащы шындығын реалистік мәнерде бейнелеген туындылардың бірі. Поэмада негізінен неміс басқыншыларының жан түршігерлік жауыздығы, айуаннан да бетер қаныпезерлігі қатты әшкереленеді. «Ұлым туралы ой» поэмасында да бас кейіпкердің жан дүниесі, сезім иірімдері тереңірек сипатталған. Лирикалық кейіпкердің өз ұлының қайтыс болуын естігендегі психологиялық тебіренісі, жай-күйінің аласапыран шағы поэмада шебер суреттелген. 11 СОБӨЖ Т.Жароковтің «Құмдағы дауыл» поэмасы (Әдеби талдау) Өздік жұмысының мақсаты: Т.Жароковтің поэма жазудағы шеберлігін таныту. Әдістемелік нұсқау: Тайыр Жароков «Құмдағы дауыл» поэмасын 1957- 1958 жылдары жазған. Поэма жайлы айтқан ғалымдардың пікірлеріне назар аударыңыз. Мысалы: М.Қаратаевтың, поэманың сюжеті жайлы Н.Сидоренконың пікірін қараңыз.Поэманың сюжетіндегі динамикаға, поэтикалық жетістігіне, идеялық-көркемдік тақырыптық деңгейіне, композициясына назар аударыңыз. «Құмдағы дауыл», негізінен алғанда, реалистік туынды.Халық басынан өткен сол бір дауылды да қаһарлы мезгілді ақын үлкен шыншылдықпен, әсерлі сыршылдықпен суреттеп берді. «Құмдағы дауыл»–халықтың азамат соғысындағы тарихынан жарқын елес беретін идеялық-көркемдік еңсесі биік шығарма. Мына еңбектерді қараңыз:Т. Жароков. Төрт томдық шығармалар жинағы. А., 1972- 1975, 3т., 44 б., 1т. 230 б., М. Қаратаев. Туған әдебиет туралы ойлар. А., 1958, 436 б.Н. Сидоренко. Десять незабываемых дней. А., 1961, с. 204 12 СОБӨЖ Сайын Мұратбековтің соғыс жылдарындағы ауыл өмірі туралы жазған повестері мен әңгімелері (Ауызша) Өздік жұмысының мақсаты:Жазушы шеберлігін таныту. Әдістемелік нұсқау: Мұратбеков әңгімелерінде өмір жатыр,өмірдің қатпар-қатпар қойнаулары жатыр, сол өмір қозғалысындағы адам тағдырлары жатыр. Адам тағдырлары арқылы уақыт бедерін сезінесің, заман ағымын көресің. Мұратбеков әңгімелерін оқып отырғанда соғыс жылдарының жайсыз ызғарын да, бейбіт өмірдегі алаңсыз тіршілікті де сезінесің. Өмірдің сан тарау соқпағына түскен жандардың тіршілік бейнесінен өзіңді, айналаңда жүрген өзгені де танисың,көңіл өзгерісіне түсесің. Сайын Мұратбеков шығармаларындағы адами нысана – жақсылық пен жарастық нысанасы – әр қырынан көрініп, белгілі жүйемен дамиды. Соғыс алапаты алыста қалса да, ол салған жан жарасы жазылып біткен жоқ. Көңіл көкжиегінде мұнарта көрініп тұратын әлем-тапырық елес. Ол әдебиет әлемінде ескірмейтін тақырыпқа айналып, соғыс әкелген кесапатты адам санасына қайта оралта суреттей беру нысанадан тыс қалмайтын құбылыс. Балалық шағы соғыс жылдарының ауыр күндеріне тап келген Сайын Мұратбеков көңіл таразысынан өткізген, алыста қалған балалық шағының жүрек сыздатар мұңды елесін өзінің шығармаларына арқау етті. Мұратбековтің соғыс тақырыбына арналған «Жабайы алма», «Жусан исі» т.б. повестері мен «Зорлық пен қорлық», «Жеңеше», «Күзгі бұралаң жол», «Кәментоғай» т.б. әңгімелері бар. Мына еңбектерді қараңыз: Сайын Мұратбеков «Жабайы алма»,А. «Атамұра»2002ж.,400бет., Сайын Мұратбеков Көкорай А. «Жазушы» баспасы 1979жыл,504бет., Сайын Мұратбеков Екі томдық таңдамалы шығармалар,А «Жазушы» баспасы 1991ж.,464бет. 13 СОБӨЖ С.Мұқановтың ғылыми зерттеу еңбектері (Конспект) Өздік жұмысының мақсаты: С.Мұқановтың ғалымдық қырларын таныту. Әдістемелік нұсқау: С.Мұқанов–қазақ әдебиетінің тарихында сыншы, әдебиет зерттеушісі ретінде де танымал. Қазақ әдебиетінің тарихына қатысты деректерді мол жинап, алғаш сол тарихты жазған кісілердің бірі. Сәбит Мұқановтың «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер,шешендер», «Абай – халық ақыны», «Абайдың ақындық мектебі», «Менің қателерім қандай» «Қазақтың ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы әдебиеті тарихынан очерктер», «ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті», «Айтыс», «Сынға сын», «Жікшілдік туралы», «Мен қалай жазып келемін», «Халық мұрасы» «Жарқын жұлдыздар», «Қазақ қауымы»,т.б. мақалалар мен зерттеу еңбектері мен оқулықтары бар. 14 СОБӨЖ Ғ.Мұстафиннің«Шығанақ» романы (Ауызша) Өздік жұмысының мақсаты: Мұстафиннің Шығанағы – өмірдегі тарышының өзі емес, әдеби жиынтық бейне екендігін таныту. Әдістемелік нұсқау: Ғ.Мұстафиннің «Шығанақ» романы 1945 жылы басылды. «Шығанақ» романы – өз дәуірінің тәуір шығармалары қатарында бағаланған. «Шығанақ» романы өмірде болған нақты адам мен оның еңбегі жайлы деректі материалдарға сүйеніп жазылған. Роман Ұлы Отан соғысы кезінде жанқиярлық еңбек етіп, тарының гектарынан 1232 пұт өнім алып, дүние жүзінде болмаған рекорд жасаған Шығанақ Берсиев жайлы. Романға негіз болған Шығанақтың Отан соғысы кезінде әлемдік рекорд жасауы және шығарманың сол тұста жазылуы – тылдағы еңбеккерлердің жанқиярлық еңбегінің соғыс, жеңіс мүддесіне арналуы әсерлі суреттелген. Қазақ халқы өмірінің жаңа кезеңдерінің шындығын тануға ұмтылыс жасаған бұл шығармалар көркемдік ізденістері жағынан да, өмірді тақырыптық қамтуы жағынан да әр қилы болатындығына назар аударыңыз. Ғ.Мұстафин- Шығармалар. Бес томдық. 1 том, 1981,82 б. еңбегін қараңыз. 15 СОБӨЖ Ғ.Мүсіреповтің көркемдік әлемі (Конспект) Өздік жұмысының мақсаты: Ғ.Мүсіреповтің көркемдік әлемінің бейнелі тіліне, жазушының шығармашылық ізденістеріне айырықша көңіл аударту. Әдістемелік нұсқау: Ғ.Мүсіреповтің көркемдік әлемі типологиясының тұрақты белгілерін пайымдауда «Оянған өлке» романының екінші кітабы «Жат қолында» романы үлкен рөл атқарады. Бір кездегі қазақ даласын билеп-төстеген қуатты күштердің өз ұясында пайда болған жаңа қатынастардан талқан болуын Мүсірепов «Жат қолында» романында сұңғыла сезімталдықпен суреттейді. Романында қазақ даласына «кешігіп болса да келіп жатқан» жаңа қожайындардың түрлі мақсат пен мінездері де үлкен суреткерлікпен бейнеленеді. Ғ.Мүсіреповтің «Жат қолында» романының көркемдік жүйесінде халқымыз ХХ ғасырда тап болған шаруашылық, саяси-әлеуметтік, рухани-мәдени күрделі,қиын жайларға қатысты талай-талай астарлы ойлардың барлығы анық. Зинол-Ғабиден Бисенғали,Жамал Манкеева Қазақ филологиясы:егіз негіз(Ғылыми мақалалар жинағы) –Алматы: «Арыс»баспасы,2010. –168бетін қараңыз. Студенттердің өздік жұмысына әдістемелік нұсқау І Өлең жаттау– орфоэфиялық нормаға сай мәнерлеп, нақышына келтіріп жатқа айту талап етіледі. Өздік жұмысының мақсаты: Мәнерлеп оқуға үйрету. Әдістемелік нұсқау: 1.Ай, заман-ай, заман-ай (2 томдық) А.,1991ж. 2. Ақберен. Жинақ-А., 1972 3. «2000 жылдық дала жыры» Қазақ энциклопедиясы, 2000ж. 4. Алқаласа әлеумет. А., 1991ж. 5. М.Мақатаевтың шығ.жинағы.А. «Жалын» 2006ж. 6. М.Шахановтың шығ.жинағы. А. «Ана тілі» 2005ж. 7. Фариза Оңғарсынова. «Шілде»А., Жазушы 1978. ІІ Нақыл сөз–даналық қортындыға құрылған мейлінше жинақы әрі мағыналы сөз. Өздік жұмысының мақсаты: Мағыналы әрі жинақы сөйлеуге баулу. Әдістемелік нұсқау: Осынау ұғым жөнінде Әл-Фарабидің замандасы түркістандық Исхақ әл-Фараби «Әдеби жинақ» атты еңбегінде былай деп жазады: « Нақыл сөз деп болмыстағы белгісіз бір жұмбақ нәрсенің сыры ашылып, сөз қауашағына тұрақтауын айтамыз». Мысалы «Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, шолушысы – ой, сынаушысы –халық, қорғаушысы – сабыр, таусылмайтын – арман, ең қымбаттысы – ар, барлығынан ардақтысы – өмір». Нақыл сөзде өлең өлшемі де қолданылады. Мысалы: Сараң байды қоңыз десең болар, Ішпей –жемей боқтық жиған. Жігітті ерім десең болар, Жолдас үшін жанын қиған. ІІІ Монолог оқу дегеніміз – сөйлету грекше – monologos, mono – бір, logos –сөз –драмалық шығармадағы, сондай –ақ басқа әдеби шығармадағы кейіпкердің ішкі көңіл-күйін білдіретін толғау сөзі: кейіпкерді сөйлету тәсілі. Монолог кейіпкердің өзімен өзі сырласқандай, ойланып-толғанғандай болып айтатын сөзі. Басқа біреу ол сөзді еститіндей болса да, жауап қайыру деген болмайды, бірыңғай бір кейіпкердің сөзі ғана беріледі. Монологтың мағыналылығы – сол адамның ішкі сырын, көңіл-күйін,психологиясын терең ашып көрсетуге өте ыңғайлы. Монологта кейіпкердің түйінді ой-тұжырымдары айтылып, оның тағдырына байланысты маңызды кезеңдегі жай-күйі айқын аңғарылады. Өздік жұмысының мақсаты: Мәнерлеп сөйлеуге ,оқуға үйрету. Әдістемелік нұсқау: Лирикалық шығармадағы, драмалық шығармадағы, көркем қара сөздердегі монологтарға назар аударып, оқып салыстыр. Мысалы: А.С.Пушкиннің «Борис Годунов» атты трагедиясындағы Годуновтың монологтары,лирикалық шығармадағы монологтың тамаша үлгісі ретінде Абайдың «Болыс болдым мінекей» атты өлеңін арнайы айтуға болады, ал көркем қара сөзден М.О.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясындағы Абайдың монологтары. Курс бойынша емтихан сұрақтары 1.Ұлы Отан Соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиеті ./1941- 1960/ 2 .ҰОС кезіндегі қазақ поэзиясы. 3. ҰОС кезіндегі қазақ прозасы. 4. Баубек Бұлқышевтің өмірі,шығармашылығы туралы мәлімет . 5. Баубек Бұлқышевтің шығармаларындағы ерлік пен жауынгер арманын суреттейтін мақала-очерктер. 6.Жұмағали Сайннің өмірі, шығармашылығы . 7. Жұмағали Сайннің партизан тақырыбындағы өлеңдері. 8.Мәлік Ғабдуллиннің өмірінен мәлімет. 9. Мәлік Ғабдуллиннің майдандық жазбалары. 10. М.Ғабдуллиннің «Ерлікке баулу тәрбиеден» новелласы. 11. Ғабит Мүсіреповтің 1941-1960 жылдар аралығындағы шығармалары. 12. Ғабит Мүсіреповтің 1941-1960 жылдардағы әңгімелері. 13. Ғабит Мүсіреповтің 1941-1960 жылдардағы повестері. 14. Әлжаппар Әбішевтің өмірі,шығармашылығы жайлы мәлімет. 15. Әлжаппар Әбішевтің майдандағы жауынгерлер мен тылдағы еңбекшілердің қажырлы еңбегін суреттеуге арналған шығармалары. 16. Ғабиден Мұстафиннің өмірі, шығармашылығы . 17. Ғабиден Мұстафиннің «Өмір мен өлім» романындағы халықтар достығының көрінісі. 18. Ғабиден Мұстафиннің «Миллионер» повесі. 19. Ғабиден Мұстафиннің «Шығанақ» романы . 20. Ғ.Мұстафин прозасындағы тарихи шындық. 21. И.Байзақов поэзиясындағы фольклорлық сарындар. 22. 1941-1960 жылдардағы М.Әуезовтің драматургия саласына қосқан үлесі. 23. Соғыстан кейінгі қазақ поэзиясының дамуы. 24. 1941-1960 жылдардағы тың игерушілер жайлы очерктер мен әңгімелер. 25. Ғали Орманов ақын,жазушы,очеркист,аудармашы . 26. Ғали Ормановтың лирикалық героиларының ішіндегі ана бейнесі 27. Ғали Ормановтың Ұлы Отан соғысына арналған жырлары. 28. 1941-1960 жылдардағы қазақ прозасының дамуы. 29. С.Мұқановтың «Сырдария» романы. 30. С.Мұқановтың «Өмір мектебі» мемуарлық шығармасы. 31. С.Мұқановтың ғылыми зерттеу еңбектері. 32. Ғабдол Слановтың «Жанар тау» романы. 33. М.Иманжановтың «Алғашқы айлар» повесі. 34. Тарихи драма үлгілері. Ғ.Мүсірепов «Аманкелді» драмасы. 35. Ғ.Орманов «Шәуілдір» поэмасы. 36. Ғ.Мүсірепов «Оянған өлке» романы. 37. Т.Жароков «Мұз мұхит», «Құмдағы дауыл» дастандары. 38. Х.Ерғалиевтың «Құрманғазы» поэмасы. 39. Қ.Бекқожиннің «Мәриям Жагор қызы» поэмасы. 40. Ж.Молдағалиевтың «Нұрлы жол» поэмасы. 41 И.Байзақов «Құралай сұлу» поэмасы. 42.Жамбыл Жабаевтың алғашқы кездегі өлең жырлары. 43. Жамбыл Жабаевтың алғашқы ақындық айтыстары, сөз қағысулары. 44. Жамбыл Жабаевтың Ұлы Отан соғысымен байланысты туған шығармалары. 45. Жамбыл Жабаевтың «Сұраншы батыр» поэмасының тарихи негізі. 46. Жамбыл Жабаевтың «Өтеген батыр» поэмасының тақырыбы мен идеясы. 47. Қасым Аманжоловтың шығармашылығы, өмірбаяны. 48. Қасым Аманжоловтың соғыстан кейінгі өлеңдері. 49. Қасым Аманжоловтың аудармалары. 50. Тайыр Жароковтың эпикалық шығармалары. 51.1960-2000 жылдардағы қазақ әдебиетінің дамуы. 51Дәстүр және жаңашылдық. 53.Түр мен жанрдағы ізденстер. 54.ҰОС-н бастарынан кешкен ақын-жазушылар. 55.Қазіргі прозада лирика мен этикалық, реалистік, романтикалық әдістердің үйлесуі. 56.Ә.Әлімжановтың, О.Бөкеевтің, Т.Әдіковтің, С.Елубаевтың шығармаларында жанрлық стильдік, соны ізденістердің байқалуы. 57.Ұлттық позияның жаңа көркемдік белестері. 58.Сюжетсіз лирикалық-философиялық поэмалардың жазылуы. 59.М.Шахановтың балладалары. 60.Қазақ прозасының тарихи тақырыпты кең құлашпен игере бастауы. 61.Ғ.Мүсіреповтің «Жат қолында» романы. 62. Ғ.Мұстафиннің «Көз көрген» романы. 63. І.Есенберлиннің «Көшпенділер», «Алтын Орда» романдары. 64. Х.Есенжановтың «Көп жылдар өткен соң», «Тар кезең»романдары. 65. Ә.Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» романдары. 66.Қ.Жұмаділовтің «Соңғы көш», «Тағдыр» романдары. 67. Д.Досжановтың «Жібек жолы» романы. 68.Қазақ драматургиясының тақырыптық, көркемдік жағынан кеңеюі. 69.Қ.Мұхаметжановтың драмалық туындылары. «Көктөбедегі кедесу» 70.Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы. 71.Осы кезеңдегі әдебиеттану мен сынның өркендеуі. 72.Төлеген Айбергеновтің лирикасы. 73.Қ.Қайсеновтың шығармашылығы. 74.Қадыр Мырза Әли поэзиясының тақырып ауқымы мен көркемдік кестесі. 75.Сырбай Мәуленовтің шығармашылығы. 76.Мұқағали Мақатаевтың лирикаласы. 77.60-90 жылдар поэзиясындағы лирикалық-философиялық поэмалар. 78.Жұбан Молдағалиевтің поэмалары, олардың гуманистік сипаты, ұлттық нақышы. 79."Қан мен тер" триологиясындағы әлеуметтік күрес, образдардың сомдалу жайы. 80.Жұбан Молдағалиевтің поэмаларындағы азаттық алуаны, романтикалық леп. 81.І.Есенберлиннің тарихи туындыларының көркемдік, танымдық, тарихи мән-маңызы. 82.Қазақ прозасындағы тарихи тақырыптардың игерілуі. 83."Мен қазақпын", "Қыран дала" поэмаларындағы өмір шындығы мен ұлттық өршіл романтика. 84.Т.Ахтановтың "Боран" повесіндегі экология мәселесі. 85.Т.Молдағалиевтің әнге арналған өлеңдеріндегі лиризм. 86.Ә.Әлімжановтың тарихи романдарындағы шындық пен көркемдік шешім. 87.Ж.Нәжімеденов поээиясындағы ойшылдық пен көркемдік шешім. 88.С.Сматаевтің "Елім-ай"' романындағы халық өмірінің суреттелуі. 89.Ұлы Отан соғысы тақырыбының 60-90 жылдар әдебиетіндегі эпикалық көркем туындыларда суреттелуі. 90.Т.Әлімқұловтың "Тұлпар тағдыры" жинағындағы тарландар мен өнер адамдары образдарын сомдау шеберлігі. 91.С.Елеубаевтің "Ақ боз үй" романындағы тарихи шындық пен көркемдік шешім. 92.70-90 жылдардағы повестерде адам мен табиғат, экология мәселелерінің суреттелуі. 93.Д.Исабековтің "Мұрагерлер" пьесасындағы тартыс және образдар жүйесін сомдаудағы шеберлігі. 94.Х.Есенжановтың "Ағайынды Жүнісовтер" романындағы тарихи ақиқаттың суреттелуі. 95.Д.Исабековтің "Қарғьн" романындағы жанрлық стильдік ерекшеліктер. 96.О.Бөкеев прозасындағы кейіпкерлер психологиясын суретеудегі шеберлік. 97.Б.Соқпақбаев прозаларындағы реализм мен кейіпкерлер тұлғасындағы шуақты юмор. 98.Эпикалық туындылардағы "Ақтаңдақтардың" жаңаша пайымдалуы. 99.Қазақ поэзиясындағы әйел ақындар шығармашылығы. 100.Ә.Нұршайықовтың "Махаббат қызық мол жылдар" романындағы лиризм. 101.С.Жүнісовтің "Өліара" пьесасындағы тартыс пен образдар жүйесі. 102.Қ.Мұхаметжанов, Ш.Айтматовтардың "Көктөбедегі кездесу" пьесасындағы көркем образдардың сомдалуы. 103.Ә.Тәжібаев поэзиясындағы оптимистік символды лирика. 104.Т.Ақтановтың "Ант" пьесасы. 105.Р.Нұрғалиевтің "Айдын" зерттеу кітабының қазақ драматургиясын саралаудағы ғылыми мәні. 106.М.Мағауиннің "Ғасырлар бедері" сын кітабының әдебиет сынын өрістетудегі маңызы. 107."Ақиқат пен аңыз" роман-диалогіндегі Бауыржан Момышұлы образы. 108.Соғыс жылдарындағы ауыл өмірінің 60-90 жылдар әдебиетінде бейнеленуі. 109.Б.Момышұлы шығармаларындағы ерлік пен елдік ауаны. 110.Кеңестік қазақ әдебиетінің соңғы дәуіріндегі қазақ поэмалары. Курст жұмыстарының тақырыптары: 1.1960-2000 жыл кезеңіндегі әдебиеттің әдеби-эстетикалық, саяси әлеуметтік және тәуелсіз ұлттық даму жайы. 2.Проза, оның тақырыптық-көркемдік өсу жолы мен тенденциялары. 3.Поэзия, оның даму сатылары және дәстүр мен жаңашылдық. 4. Драманың өсу жолы мен қазіргі өзекті мәелелері. 5.І.Есенберлин романдарындағы тарихи деректер. 6. Әдеби сын мен әдебиеттану тарихы және қазіргі әдеби үрдістің жаңашылдық қырлары. 7. Б. Момышұлы, Қ. Қайсенов, Ә.Шәріпов шығармашылықтары және әдебиеттегі Отан қорғау, гуманизм тақырыбы. 8. Ә. Тәжібаевтың (1909-1998) өмірі шығармашылығы. 9. І.Есенберлиннің образ сомдау, сюжет дамыту ерекшелігі. 10. І.Есенберлин романындағы адамгершілік мәселелері. 11. Х.Ерғалиев поэзиясындағы заман бейнесі. 12. Х.Ерғалиев поэзиясының әдеби процеске әсері. І3. Х.Ерғалиев поэзиясындағы монологтар. 14. Х.Ерғалиевтің поэмалары. 15. Ж.Молдағалиев өлеңдерінің ерекшелігі. 16. Ж.Молдағалиевтің поэмалары. 17. Ж.Молдағалиев поэзиясындағы сюжет. І8. Ж.Молдағалиев поэзиясының көркемдігі. 19. Ж.Молдағалиев поэзиясындағы ерлік тақырыбы. 20. С.Мәуленовтің лирикасы. 21. С.Мәуленов шығармаларының жанрлық құрамы, ерекшелігі. 22. С.Мәуленов поэмасындағы соғыс тақырыбы. 23. С.Мәуленов поэзиясындағы соғыстан кайтқан солдаттар бейнесі. 24. Т.Ақтанов прозасының ерекшелігі. 25. “Қаһарлы күндер” романындағы солдат бейнесі. 26. Т.Ахтанов романындағы характер. 27. Б.Сокпақбаев романындағы сюжет. 28. Б.Соқпақбаев туындысындағы баяндау мен диалог. 29. ‘’Боран” романындағы көркемдік ізденістер. 30. Б.Соқпақбаевтың балаларға арналған шығармалары 31. “Менің атым Қожа” және балалар әдебиеті. 32. Ә.Нұрпейісов және роман жанры. 33. ‘’Курляндия” романындағы баяндау. 34. ‘’Қан мен тер” трилогиясы. 35. “Соңғы парыз” романындағы психологизм. 36. Х.Ерғалиев поэтикасындағы күрделі теңеулер. 37. Ж.Молдағалиев поэмаларының бейнелеу құралдары. 38. С.Мәуленов поэзиясындағы сурет және суреткер әлемі. 39. Т.Ахтанов романдарындағы соғыс шындығы. 40.Б.Соқпақбаев прозасындағы соғыстан кейінгі өмір шындығы. 41.Ә.Нүрпейісов романдарындағы баяндау. 42.З.Қабдолов прозасынын көркемдігі стилі. 43.М.Мақатаев прозасындағы психологизм. 44.Ж.Нәжімеденов позиясындағы философия. 45.С.Жиенбаев поэзиясындағы теңеулер. 46.О.Бөкей прозасының стилі. 47 Соғыс жылдарындағы ауыл өмірінің 60-90 жылдар әдебиетінде бейнеленуі. 48 Р.Нұрғалиевтің "Айдын" зерттеу кітабының қазақ драматургиясын саралаудағы ғылыми мәні. 49 Ә.Нұршайықовтың "Махаббат қызық мол жылдар" романындағы лиризм. 50 Б.Соқпақбаев прозаларындағы реализм мен кейіпкерлер тұлғасындағы шуақты юмор. 51 Эпикалық туындылардағы "Ақтаңдақтардың" жаңаша пайымдалуы. 52 Қазақ поэзиясындағы әйел ақындар шығармашылығы. Әдістемелік нұсқау: Берілген курс жұмысы тақырыптарынан біреуін қалауыңыз бойынша таңдап аласыз. Курс жұмысының құрылымы: 1) жоспары; кіріспе; негізгі бөлім; қорытынды; қолданылған әдебиеттер тізімі. Сыртқы беті стандартқа сай, компьютерге басылуы тиіс. Студенттердің өзін-өзі тексеруге арналған тест тапсырмалары І нұсқа 1 Баубек Бұқышев мақалаларын орыс тілінен қазақшаға аударған кім? А) С.Мұқанов Б) М.Әуезов С) Ғ.Мұстафин Д) Ғ.Мүсірепов Е) М.Иманжанов 2 М.Әуезовке қандай шығармасы үшін мемлекеттік сыйлық берілді? А) «Қаракөз» Б) «Абай жолы» С) «Өскен өркен» Д) «Еңлік -Кебек» Е) «Қараш - қараш» 3 «Сырдария» романының авторын белгілеңіз. А) С.Мұқанов Б) Ғ.Мұстафин С) Ғ.Мүсірепов Д) М.Әуезов Е) Н.Ғабдуллин 4 Ұлы Отан соғыс жылдарындағы ерлік істерді суреттеген поэма қайсы? А) «Құрманғазы» Б) «Әке арманы» С) «Пионерлер» Д) «Қызыл галстук» Е) «Мен Қазақпын» 5 Еңбек озаттары туралы суреттеген Қасым Аманжолов өлеңін табыңыз. А) «Орал» Б) «Дариға сол қыз» С) «Ауыл сырты маржан көл» Д) «Ақын өлімі туралы аңыз» Е) «Шықтым өмір шыңына» 6 Шәуілдір поэмасының авторы кім? А) Ә.Шәріпов Б) Ғ.Орманов С) Ә.Әлімжанов Д) Т.Жароков Е) Х.Ерғалиев 7 Хамит Ерғалиевтың патриотизм тақырыбына жазылған дастаны А) «Әке сыры» Б) «Күй атасы» С) «Біздің ауылдың қызы» Д) «Үлкен жолдың үстінде» Е) «Сенің өзенің» 8 «Қызыл галстук» поэмасының авторы кім? А) Ғ.Орманов Б) Ж.Жабаев С) Т.Жароков Д) Қ.Аманжолов Е) Ж.Молдағалиев 9 Тайыр Жароковтың ғарыш туралы поэмасы А) «Күлімдейді күміс күн» Б) «Күн тіл қатты» С) «Жапанды орман жаңғыртты» Д) «Қазақ қызы» Е) «Зоя туралы жыр» 10 Б.Соқпақбаев қай романында соғыстың өзі емес оның алыс ауылдағы күйін суреттеген? А) «Менің атым Қожа» Б) «Қайдасың Гауһар» С) «Өлгендер қайтып келмейді» Д) «Бастан кешкендер» Е) «Балалық шаққа саяхат» 11 Т.Ахтановтың соғыс тақырыбына жазған романы А) Шырағың сөнбесін Б) Боран С) Теңіз бен тер Д) Дауыл Е) Қаһар 12 Ғ.Мүсіреповтың «Оянған өлке» романының екінші кітабы А) «Қарағанды» Б) «Жат қолында» С) «Жібек жолы» Д) «Қан мен тер» Е) «Кездеспей кеткен бір бейне» 13 Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты »романында қандай тақырып соғыс тақырыбымен қоса өрбіген ? А) халықтар достығы Б) достық С) ән мен күй Д) әке мен бала тағдыры Е) ауыл өмірі 14 «Заман», «Жастар біздікі» мақалаларының авторы кім? А) Б.Бұлқышев Б) М.Иманжанов С) Қ.Аманжолов Д) М.Ғабдуллин Е) Ғ.Орманов 15 Ә.Сәрсенбаевтың «Намыс ұлы» дастанындағы баланың аты кім? А) Намыс Б) Тасқын С) Тенек Д) Тұмар Е) Темір 16 Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романы алғаш қандай атпен басылды? А) «Қазақ баласы» Б) «Қазақ батыры» С) «Қазақ жауынгері» Д) «Қазақ ері» Е) «Қазақ ұлы» 17 «Мариям Жагорқызы» поэмасындағы Мариям кім? А) Тарихта болған адам Б) Аңыз адам С) Кедей қызы Д) Патша қызы Е) Әнші қыз 18 Ақын Ә.Сәрсенбаевтің әдебиетке елеулі үлес қосқан романы? А) «Толқында туғандар» Б) «Жауынгер монологы» С) «Капитан ұлы» Д) «Офицер күнделігі» Е) «Теңіз әуендері» 19 Баубек Бұлқышев қай жылы, қай өлкеде дүниеге келді? А) Алматы облысы Қойсалған ауылы Б) Қарағанды облысы Амангелді кеңшары С) Қызылорда облысы Бірлік ауылы Д)Батыс Қазақстан облысы Алғабас ауылы Е) Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай аймағы 20 Қай жылы Б.Момышұлына «Халық қаһарманы » атағы берілді? А) 1989 Б) 1990 С) 1991 Д) 1992 Е) 1993 21 Ә.Сәрсенбаевтың Украин халқына арнап жазған өлеңі А) «Украин елі» Б) «Украин түні» С) «Украин халқы» Д) «Украин жері» Е) «Украиндықтар» 22 «Намыс гвардиясы » пьесасының бас кейіпкері А) М.Иманжанов Б) Б.Момышұлы С) Т.Тоқтаров Д) И.В.Панфилов Е) М.Ғабдуллин 23 Алғаш рет Бауыржан Момышұлының батырлығы қай кітапта суреттелді? А) «Волокаломскі тас жолы» Б) «Шуақты күндер» С) «Ұшқан ұя» Д) «Ақиқат пен аңыз» Е) «Артымызда Москва» 24 Ғали Ормановтың «Абысын сыры» атты жинағы қай жылы шықты А) 1935 Б) 1936 С) 1937 Д) 1940 Е) 1945 25 Ә.Сәрсенбаевтың патриотизмде жазылған шығармалары А) «Замандас», «Еңбек туы» Б) «Тынық дон» С) «Алтын күн» Д) «Толқында туғандар» Е) «Ақмаралдың жүрегі» 26 Б.Момышұлының Панфилов туралы еңбегін атаңыз. А) «Ақиқат пен аңыз» Б) «Арпалыс» С) «Бізідң генерал» Д) «Волокаломскі тас жолы» Е) «Біздің полковник» 27 Жұбан Молдағалиевтың ең алғашқы поэмасы қалай аталады? А) «Қызыл галстук» Б) «Мен - қазақпын» С) «Қыран дала» Д) «Туған жер» Е) «Жыр туралы жыр» 28 Осы поэмалардың қайсы Ғали Ормановтың поэмасы? А) «Шеңбер» Б) «Абысын сыры» С) «Емен» Д) «Шәуілдір» Е) «Сұлушаш» 29 Жұбан Молдағалиевтың «Жыр туралы жыр» поэмасы қай жылы жазылды? А) 1947 Б) 1955 С) 1964 Д) 1950 Е) 1956 30 Баубек Бұлқышевтің әдебиетпен айналыса бастаған уақыты А)1935 - 36жылдар Б)1936 - 37жылдар С)1937 - 38жылдар Д)1938 - 39жылдар Е)1939 - 40жылдар ІІ нұсқа 1 Ә.Сәрсенбаевтың таңдамалы шығармалары қалай аталады?. А) «Ақмаралдың жүрегі» Б) «Нәзік» С) «Дастан» Д) «Жау» Е) «Жан» 2 Баубек Бұлқышев ең алғашқы рет 1932жылы қандай учелищеде оқыған? А) Жезқазған мыс өңдеу учелищесі Б) Қарағанды аяқ киім өндіретін завод учелищесі С) Қарағанды Қарсақбай фабрика завод учелищесі Д) Семей ет комбинаты завод учелищесі Е) Қарағанды мұнай учелищесі 3 Жұбан Молдағалиевтың 1964 жылы жарық көрген поэмасы қалай аталады? А) «Нұрлы жол» Б) «Қыран дала» С) «Мен - қазақпын» Д) «Қызыл галстук»Е) «Сел» 4 «Намыс гвардиясы» пьесасының авторлары А) С.Мұқанов пен Ә.Әбішев Б) М.Әуезов пен С.Мұқанов С) М.Әуезов пен Ә.Әбішев Д) Ш.Құсайынов пен М.Әуезов Е) Ғ.Мүсірепов пен Ш.Құсайынов 5 Қалижан Бекхожинның «Ақсақ құлан» поэмасының соңғы бөлімі қалай аталады? А) «Толғау» Б) «Күй» С) «Жортуыл» Д) «Қызыл арқа Е) «Жоқтау» 6 Мәлік Ғабдуллин қай жылы,қай жерде өмірден озды ? А) 1938 жылы Зерендіде Б) 1943 жылы Атырауда С) 1953 жылы Арқалықта Д) 1973 жылы Алматыда Е) 1998 жылы Ақмолада 7 Ғали Ормановтың туған жері А) Жамбыл облысы, Қаратау ауданы Б) Солтүстік Қазақстан облысы С) Талдықорған облысы, Қапал ауданы Д) Батыс Қазақстан облысы Е) Шымкент облысы, Шәуілдір ауданы 8 «Дала қоңырауы» поэмасының авторы А) Қ. Бекхожин Б) Х. Ерғалиев С) Ғ. Қайырбеков Д) Т. Жароков Е) Ә. Тәжібаев 9 «Пионер жуналында шыққан әңгімелер туралы», «Бөбектерге арналған әдебиет туралы» сынды сыни мақалалардың авторы, майдангер-жазушы А) М. Иманжанов Б) М.Ғабдуллин С) Ғ.Орманов Д) Б.Момышұл Е) Қ.Аманжолов 10 Баубек Бұлқышев ең алғашқы рет Алматыға оқу іздеп қай жылы келді? А) 1932жылы Б) 1932жылы С) 1933жылы Д) 1934жылы Е) 1935жылы 11 М.Әуезовтың 1945 жылғы жазған пьесасы А) «Намыс гвардиясы» Б) «Еңілік - Кебек» С) «Түнгі сарын» Д) «Қарақыпшақ Қобыланды» Е)«Қаракөз» 12 1965 жылы жазған Бауыржан Момышұлының очеркі қалай аталады? А) «Офицер күнделігі» Б) «Өмір өшкен жоқ» С) «Майдандағы кездесулер» Д) «Куба әскері» Е) «Кубалық кездесулер» 13 Мәлік Ғабдуллин 14 жасынан қазақтың қай жазушысынан тәрбие алды? А) Ғ.Мүсірепов Б) Б.Момышұлы С) С.Мұқанов Д) Қ.Жұбанов Е) Қ. Жұмалиев 14 Мәлік Ғабдуллин Ұлы Отан Соғысына қай жылдары қатынасты? А) 1940-45жылдары Б) 1941-45жылдары С) 1942-45жылдары Д) 1943-45жылдары Е) 1944-45жылдары 15 Ғали Ормановтың қай өлеңдерінде қазақтың батыр ұлы Момышұлының ер тұлғасы мен мінез құлқы шынайы түрде шеберлікпен бейнеленген? А) «Қаһарман», «Ер арманы» Б) «Жорық жолы», «Ер азамат» С) «Солдат сыры» «Ер жүрек батыр» Д) «Батырдың тұлғасы», «Полковник» Е) «Жау жүрек батыр», «Ерлік» 16 Мәлік Ғабдуллинге қай жылы «Филолгоия ғылымдарының докторы» атағы берілді? А) 1938 жылы Б) 1943 жылы С) 1953 жылы Д) 1973 жылы Е) 1998 жылы 17 Тайыр Жароковтың алыс қалаларға сапар шеккендегі басындағы халді суреттеген өлеңі А) Күлімдейді күміс күн Б) Аэроплан С) Қордай тауы туралы аңыз Д) Өмір сөйлейді Е) Алғашқы адым 18 Тайыр Жароков қай жылдары Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы болып қызмет атқарды? А) 1939-1943 жылдары Б) 1940-1944 жылдары С) 1938 -1942 жылдары Д) 1941-1945 жылдары Е) 1937-1941жылдары 19 1934 жылы орыс жазушысы Л.Пантелеевтың «Пакет» шығармасын кім қазақшалады? А) Қасым Аманжолов Б) Мәлік Ғабдуллин С) Ғабит Мүсірепов Д) Жұмағали Саин Е) Ғали Орманов 20 Қазақ поэзиясына Жұмағали Саинның әкелген тың тақырыбы А) Соғыс тақырыбы Б) Ашаршылық жылдарын жазуы С) Партизандар өмірін жырлауы Д) Ана мен бала тақырыбы Е) Ардагерлердің ерлігін жырлауы 21 Жұмағали Саинның «Айтылмай кеткен аманат» өлеңінде не суреттеледі? А) Украин қызына деген махаббат Б) Ардагер мерейі С) Партизан өлімі Д) Ана мен бала тағдыры Е) Қиян-кескі ұрыс 22 Жұмағали Саинның «жаралы партизан жырларының басты кейіпкерлері» кімдер? А) Тыл ардагерлері Б) Ардагерлер С) Достарынан бөлініп қалған партизандар Д) Жау тылындағы паризан Е) Жауынгерлер 23 Мұқан Иманжановтың 1950 жылы жазған повесі қалай аталады? А) «Алғашқы айлар» Б) «Қыз сыры» С) «Таныс қыз» Д) «Жол үстінде» Е) «Жас өмір» 24 Хамит Ерғалиевтың « Құрманғазы» поэмасының екі кітабы біріктіріліп қай жылы жарық көрді? А) 1962 жылы Б) 1958 жылы С) 1966 жылы Д) 1960 жылы Е) 1951 жылы 25 Хамит Ерғалиевтың Ұлы Отан соғысы тақырыбына аранап жазған өлеңі А) «Өнер келді төркіндеп» Б) «Дунай» С) «Соғыс» Д) «Зеңбірек» Е) «Бөгет» 26 «Тыңдағылар», «Таныс қыз», «Жол үстінде», «Қыз сыры», «Жастық» сынды әңгімелердің авторы кім? А) Б.Бұлқышев Б) Б. Тәжібаев С). М. Иманжанов Д) С. Мұқанов Е) М. Әуезов 27 Мұқан Иманжановтың ғұмыры мен шығармашылық жолы туралы мақалалар мен хаттар, естеліктер жинағы боп 1980 жылы «Жалын» баспасынан шыққан кітап қалай аталады? А) «Алғашқы айлар» Б) «Адамзатқа хат» С) «Өркен» Д) «Асыл адам» Е) «Жас өмір» 28 Мұқан Иманжановтың романы қалай аталады? А) «Алғашқы айлар» Б) «Қыз сыры» С) «Таныс қыз» Д) «Жол үстінде» Е) «Көк белес» 29 «Ерғалиевтің екі дастаны » атты мақаланың авторы кім? А) Б. Момышұлы Б) М.Иманжанов С) Т.Әлімқұлов Д) Б.Бұлқышев Е) М.Ғабдуллин 30 Мына үзінді Хамит Ерғалиевтың қай поэмасынан? Бір қызың туды мені толғасын деп, Адамның асыл жанын талғасын деп, Бұлыңғыр замандағы ата Құрман Жүрегін жүрегімен жалғасын деп. А) «Құрманғазы» Б) «Күй дастан» С) «Үлкен жолдың үстінде» Д) «Күй атасы» Е) «Ұлы кек» ІІІ нұсқа 1 Осы пьесалардың қайсы Әбу Сәрсенбаевтікі? А) «Патриоттар» Б) «Теңіз махаббаты» С) «Майдан» Д) «Кек» Е) «Аттандыру» 2 Балалар әдебиетін дамытуға белсене араласқан майдангер-жазушы А) Қ.Аманжолов Б) Ж.Саин С) Ғ.Орманов Д) Т.Жароков Е) М. Иманжанов 3 «Пионер жуналында шыққан әңгімелер туралы» атты мақаланың авторы, майдангер-жазушы А) М. Иманжанов Б) М.Ғабдуллин С) Ғ.Орманов Д) Б.Момышұлы Е) Қ.Аманжолов 4 «Миллион толқын» атты өлеңді кім жазған? А) Қ.Аманжолов Б) Ж.Саин С) Ғ.Орманов Д) Т.Жароков Е) Ә.Тәжібаев 5 Жұмағали Саинның 1961 жылы жеке кітап болып басылып шыққан жинағы қалай аталады? А) Алтын арай Б) Алтын шапақ С) Алтын жұлдыз Д) Жол үстінде Е) Алтын бесік 6 Т.Жароковтың ең алғашқы жазған өлеңі А) Күлімдейді күміс күн Б) Махаббат С) Қордай тауы туралы аңыз Д) Өмір сөйлейді Е) Алғашқы адым 7 Жұмағали Саинның еңбек адамының нақты бейнесін танытатын өлеңі А) «Жорық жырлары» Б) «Тракторшы» С) «Кел бауырым» Д) «Күләнда» Е) «Колхоз таңы» 8 Тайыр Жароковтың алғашқы өлеңі қай жылы, қандай жинақта жарық көрді? А) Күлімдейді күміс күн 1927жылы Б) Аэроплан 1927жылы С) Қордай тауы туралы аңыз 1917жылы Д) Өмір сөйлейді 1934 жылы Е) Алғашқы адым 1938 жылы 9 Т.Жароковтың «Күн тіл қатты поэмасын» Маяковскийді толықтырған деп бағалаған қай ақын? А) Қадыр Мырзалиев Б) Әбділдә Тәжібаев С) Сағынғали Сейітов Д) Хамит Ерғалиев Е) Әбу Сәрсенбаев 10 Нұрпейіс Байғаниннің «Жиырма бес» атты поэмасы қай жылы жарияланды? А) 1943 жылы Б) 1941жылы С) 1944жылы Д) 1947жылы Е) 1942жылы 11 Баубек Бұлқышевтің «Шығыс ұлына хат» туындысы кімге арналған? А)Б.Момышұлына Б)М.Әуезовке С) М.Иманжановқа Д) Қ.Аманжоловқа Е) М.Ғабдуллинға 12 Мына еңбектердің қайсы Мәлік Ғабдуллиндікі? А) Біздің сүйікті дәрігер Б) Біз Баукеңді білеміз С) Біздің Сашок Д) Біздің жауынгер Е) Алтын көмбе 13 Баубек Бұлқышев қашан, қай жерде қаза тапты? А)1940 жылы Ленинград түбінде Б)1941 жылы Москва үшін шайқаста С) 1943 жылы Молдова жерінде Д) 1944 жылы Украина Ново Юлевька Е) 1945 жылы Қазақстанға келіп 14 Сен – қазақ, мен – украинка.Мен сені сүйем, өйкені сен бір кездегі ұлы Гетенің елінен шыққан қазіргі неміс жендеттеріне кектене білдің, әрі ақын, әрі композитор болу қандай тамаша талап десеңші!» деп Баубекке хат жазған украин қызы А) Жанна Б) Дуся С) Марина Д) Лена Е) Маша 15 «Сен ерлерше күресіп, ерлерше қаза таптың» деген Баубектің досы кім? А) М.Иманжанов Б) С.Асқаров С) Д.Әбілев Д) Ю.Жуков Е) Д. Дубина 16 Бектің «Волкаломскі тас жолы» шығармасының жалғасы А) «Артымызда Мәскеу» Б) «Волокаломскі тас жолы» С) «Офицер күнделігі» Д) «Майдандағы кездесулер» Е) «Арпалыс» 17 «Желекей желпіп желіңді, Желқомдай жырттым жеріңді. Түбіттей түтіп бұлтыңды, Таспадай тілдім толқынды... Қарыңды қағып су қылдым, Түніңнен таң атқыздым, Жеріме жұлдыз жаққыздым », - деген үзінді Т.Жароковтың қай поэмасынан? А) Күлімдейді күміс күн Б) Күн тіл қатты С) Жапанды орман жаңғыртты Д) Жапырақтар жаздың жүрегі Е) Миллион толқын 18 Осы поэмалардың ішінде қай поэма Ж.Саиндікі емес? А) «Зоя туралы жыр» Б) «Күләнда» С) «Алтай» Д) «Азамат» Е) «Досыма хат» 19 Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өрендерім» өлеңі қай жылы Жазылды? А) 1943 жылы Б) 1941 жылы С) 1944 жылы Д) 1947 жылы Е) 1942 жылы 20 Т.Жароковтың «Күн тіл қатты поэмасы» қай жылы жазылды? А) 1927 жылы Б) 1917 жылы С) 1965 жылы Д) 1934 жылы Е) 1938 жылы 21 Мәлік Ғабдуллиннің еңбегін табыңыз. А) Соғыс оты Б) Сұрапыл теңіз С) Ақиқат пен аңыз Д) Батыр Бауыржан Е) Қайтқан кек 22 Жұмағали Саинның тың игерушілер туралы өлеңі А) «Жорық жырлары» Б) «Тракторшы» С) «Кел бауырым» Д) «Ленин атымен» Е) «Колхоз таңы» 23 Хамит Ерғалиевтың «Жылдар, жылдар» деп аталатын поэмасының екінші бөлімі қалай аталады? А) «Саяхат сырлары» Б) «Өз үйімде» С) «Жолда» Д) «Жайлау тынысы» Е) «Ұлы кек» 24 Х.Ерғалиевтің осы заман тақырыбына жазылған кесек шығармаларының ішіндегі ең күрделісі және де «Біздің ауылдың қызы» поэмасының жалғасы болып табылатын шығармасы қалай аталады? А) «Жас ана» Б) «Оралдағы отты күн» С) «Сенің өзенің» Д) «Аңыз ата» Е) «Әдемі қыз» 25 Х.Ерғалиевтің «Үлкен жолдың үстінде» поэмасы қай жылы шықты? А) 1952 жылы Б) 1956 жылы С) 1949 жылы Д) 1947 жылы Е) 1957 жылы 26 Қай белгілі журналист, жазушы «Үлкен жолдың үстінде» поэмасына алғаш рет кеңірек, жан-жақты баға берген? А) Д.Әбілев Б) М.Иманжанов С) Қ. Бекхожин Д) Ғ. Қайырбеков Е) М.Әуезов 27«Шеген,Қайырғали, Ақбота» қай роман кейіпкерлері? А) «Қазақ ұлы» Б) «Қазақ солдаты» С) «Жатқолында» Д) «Шығанақ»Е) «Сырдария» 28 Заман жаңалықтарын кең ашқан, адамдардың өсу жолын көрсеткен Тахауи Ахтанов романы А)Теңіз бен тер Б) Боран С) Дауыл Д) Шырағың сөнбесін Е) Қаһар 29.Ғ.Мұстафиннің романы А) «Қазақ ұлы» Б) «Сырдария» С) «Қазақ солдаты» Д) «Жатқолында» Е) «Шығанақ» 30 Соғыс жылдарында жазылған Ғ.Мүсіреповтың ана туралы әңгімесі А) Ақбала Б)Аққыз С) Ақылима Д) Айбала Е)Айша ТЕСТ ТАПСЫРМАЛАРЫНЫҢ ЖауаптарЫ: № 1нұсқа 2нұсқа 3 нұсқа 1 Д А Б 2 Б С Е 3 А С А 4 Д С Д 5 С Д Д 6 Б Д А 7 А С Б 8 Е С А 9 Б А Б 10 С Е А 11 А Д С 12 Б Е С 13 А С Д 14 А Д Б 15 Е Д А 16 Б С А 17 А Е Б 18 А С А 19 Б Б Б 20 С С Д 21 Б Е Е 22 Д С С 23 А А А 24 Б А С 25 А Б С 26 С С Б 27 А С Б 28 Д Е Б 29 Е Б Е 30 А А С
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz