Файл қосу

Сөз тұлғасы



ІІІ Дәрістер 
№ 1 дәріс. Морфологиялық талдаудың әдістемесі 
Дәріс жоспары: 
* Кіріспе
* Морфологиялық талдау әдістемесі:
1)  Морфологиялық талдау барысында атқарылатын жұмыс түрлері
2)  Морфологиялық талдау нысанын айқындау
3)  Морфемдік талдау жасату
4)  Морфологиялық (оның ішінде  морфемдік) талдау кезінде есте ұстайтын кейбір грамматикалық заңдылықтар
5)  Түрленуші мен түрлендіруші бөліктерді айқындау
6)  Талдау сатыларының тапсырмалары
7)  Сөз түрлендіруші морфологиялық тұлғалар туралы
Кіріспе. Дидактикалық материалдарға талдау жасатуда екі түрлі мақсат көзделетіні  белгілі. Олар, біріншіден,  белгілі бір тақырып бойынша  өтілген, дәріс оқылған  теориялық білімді бекіту, екіншіден, алынған білім бойынша оқушының іскерлік, дағдыларын  тексеру. Тілдік материалға талдау жасатуда қандай мақсат көзделсе де, тілдік деңгейлердің (фонетикалық, лексикалық немесе грамматикалық деңгейлердің) қайсысы алынса да, талдау жұмысы кешенді түрде жүргізілгені орынды. Кешенді түрде жүргізілген талдаудан, алдымен, оқушының немесе студенттің қай тақырыптарды білмейтіні, дұрыс меңгермегені бірден анықталады, сондай-ақ кешенді талдауды тұрақты және жүйелі жасату шәкірт біліміндегі олқылықтарды толықтыруға септігін тигізеді.
        Төменде ұсынылып отырған талдау әдістемесі мен талдау үлгілері   -  автордың ұзақ жылғы ұстаздық іс-тәжірибесінің нәтижесі.Талдау үлгілері сатылай талдау әдісімен жүзеге асырылады. Әр саты оқушының нақты бір мәселе бойынша белгілі бір көлемде теориялық білімін анықтау немесе меңгерту мақсатын көздейді. Әр саты  дербес мәселеге арналғанмен, сатылардың жиынтығы білімнің кешенділігін қамтамасыз етеді. 
          Әдістемелік құралда  тілдің грамматикалық құрылысы деңгейіне, морфология мен синтаксис мәселелеріне қатысты талдаулар қамтылып отыр. Морфология саласы бойынша алынған білім мен іскерлік-дағдылар синтаксис бойынша алынатын теориялық білімге негіз болады, қызмет етеді. Морфология саласы бойынша білімінде ақауы бар шәкірт синтаксистік талдау үлгілеріне толық талдау жасай алмайды. Сондықтан синтаксистік талдаулар жасатпас бұрын морфология бойынша білімді қажетті деңгейге жеткізіп тиянақтап алған дұрыс.
Морфологиялық талдау мен синтаксистік талдау жасатудың өзіндік айырмашылықтары бар. Морфологиялық талдауда  сөйлем құрамындағы сөздер сөйлемдегі орны, қызметі, басқа сөздермен байланысы ескерілмей, түбір қалпында немесе синтетикалық, аналитикалық тұлғалардың бірінде келген тілдік бірлік ретінде қарастырылады. Синтаксистік талдауларда, керісінше, сөз (синтаксистік компоненттер) сөйлемдегі басқа сөздермен (компоненттермен) байланыста ғана қарастырылады.
       Морфологиялық талдауда да, синтаксистік талдауда да әрбір саты оқушының, студенттің белгілі көлемде теориялық білімі болуын қажет етеді. Сатылардың, үлгілердің жиынтығы кешенді білімді қамтамасыз етеді. Талдау үлгілеріндегі сатылардың толық жүзеге асырылуы бір күннің ісі емес. Бұған оқу бағдарламасына сәйкес   бірте-бірте,   әр сатыға қатысты теориялық тақырыптар өтілгеннен кейін  сол сатыны талдауға қосып отыру арқылы қол жеткізуге болады.
       Талдау үлгілеріндегі әр сатыдағы жұмыстарды орындаудың өз  тәртібі, әдістемесі бар. Әр сатының тапсырмаларын дұрыс орындау білімнің тиянақтылығын қамтамасыз етеді. 
       Талдау үлгілеріндегі бірнеше сатының болуы, оларға толық жауап қайтарылуын талап ету біршама уақытты қажет ететіні рас. Есесіне бұл үлгілердің тиімділігі  бары есте болғаны  абзал. Талдау үлгілерінің мәліметтерін жинақтап отыру білімнің жүйелі, кешенді болуын қамтамасыз етеді. Шәкірттің ауызша, жазбаша ойланып жауап беруі оның ғылыми стильде сөйлеу тілін жетілдіреді.
         Морфологиялық талдау әдістемесі.
	Морфология  -  тілдегі сөздердің тұлғасы, құрамы мен құрылысы, сөз таптары мен олардың түрлену  жүйесі туралы ғылым. Ендеше морфологиялық талдаудың   сатыларындағы тапсырмалар да осы мәселелерді қамтуы тиіс.       	
* Морфологиялық талдау барысында атқарылатын жұмыс түрлері. Морфологиялық талдау жасауда жүзеге асырылатын жұмыстарды мазмұнына қарай төрт кезеңге бөлуге болады: 
1-кезең: морфологиялық талдаудың нысанын (объектілерін) айқындап алу;
2-кезең: айқындалған талдау нысандарына морфемдік талдау жүргізу;
3-кезең: әрбір морфологиялық тұлғаның ерекшеліктеріне сатылай талдау жүргізу;
4-кезең: сатылардағы талдау нәтижелерін жинақтау.
Морфологиялық талдау берілген сөйлемдегі талдауға түсетін cөздерді, сөз тұлғаларын дұрыс айқындап алудан басталады. Талдаудың нысанына кез келген морфологиялық тұлға, кез келген морфема алынғанмен, ол тұлғалардың қай сатыда сөз болатынының маңызы зор. Морфемдік талдау барысында (талдаудың екінші кезеңінде) әр морфеманың аты аталып, түсі түгенделгенмен, олардың жеке қасиеттері үшінші кезеңде, сатылай талдау барысында  әр сатыда айқындалады. 
* Морфологиялық талдау нысанын айқындау. Сөйлемде неше талдау нысаны бар екені сол сөйлемдегі әр сөзге жеке сұрақ қою арқылы реттеледі. Мысалы, Бала мектепке қарай келе жатыр деген сөйлемде бала, мектеп, кел сөздері ретіне қарай кім? не? не істе? деген сұрақтарға жауап бере алады. Ал қарай, жатыр сөздеріне жеке сұрақ қоя алмаймыз. Ендеше толық лексикалық мағынасы бар болғандықтан сұрақ қойылатын бала, мектеп, кел сөздері морфологиялық талдаудың үш бөлек нысанына айналады  да, қарай, жатыр сөздері өздері жетектелген толық мағыналы сөзге грамматикалық мағына үстеп, оларды түрлендіруші болғандықтан, қай сөзге жетектелсе, сол сөзбен бірге талдауға түседі. Яғни, берілген сөйлемде үш талдау нысаны бар:
* Бала;
* мектепке қарай;
* келе жатыр.
 Морфологиялық талдаудың жеке объектісі бола алатындар:
*   Сөйлемдегі толық лексикалық мағынасы бар  кез-келген сөз;
         2) Мақал-мәтелдер арқылы ой-тұжырым берілетіндіктен, оның құрамындағы сөздер ойды құрайтын ұғым атаулары болғандықтан, дербес грамматикалық бірлік ретінде танылып, морфологиялық талдаудың объектісіне кіреді;
          3)  Тұрақты сөз тіркестері құрамындағы сөздердің санына қарамастан жеке ұғымды білдіретін лексика-грамматикалық біртұтас тұлға ретінде, яғни, бір сөз ретінде талдауға түседі.  Мысалы, Біраздан соң жас жігіттің тілі күрмеле бастады деген сөйлемдегі тілі күрмелу негізгі түбір  зат есім мен негізгі түбір етістіктің тіркесінен тұратын  күрделі етістік;
          4) Көмекші сөздер (көмекші есім, көмекші етістік, шылау және сын есімнің асырмалы шырайының көрсеткіші болатын тіпті, аса, өте, т.б. көмекші сөздер де) өзі жетектеліп келген сөздің аналитикалық тұлғасын жасайтын грамматикалық бірлік ретінде қарастырылады (жаңа сөз тудыру қызметінде келгендерден басқалары). Мысалы, Жұмыс аяқталып келеді деген сөйлемдегі кел  көмекші етістігі сөздің (етістіктің) аналитикалық тұлғасын жасап тұрғандықтан сөз түрлендіруші форма ретінде талдаудың бесінші сатысында қаралады, Түтін бұрқ етті деген мысалдағы  ет көмекші етістігі еліктеуішке тіркесіп құранды күрделі етістік жасап тұрғандықтан сөз тудырушы  форма ретінде талдаудың бірінші, екінші сатысында сөз болады;
         5)  Қосымша және көмекші морфемалар сөз тудыру немесе сөз түрлендіру қызметінде келгендігіне қарай талдаудың әр сатысында бөлек сөз болады.
3. Морфемдік талдау жасату. Талдауға түсетін сөз, сөз тұлғасы анықталғаннан кейін оның морфемдік құрамы (сөз құрамындағы мағыналы бөлшектер) талданады. Морфологиялық талдаудың сатыларына бармас бұрын сөз құрамындағы морфемаларды, олардың қызметтерін қысқаша, жалпылама анықтап алу керек. Онсыз сатылардағы жауаптар дұрыс болмай шығады. Әсіресе сөз тудырушы формалар мен сөз түрлендіруші формаларды дұрыс ажырата білу керек.
Сөз құрамына морфемдік талдау жасау бір қарағанда жеңіл іс көрінгенмен, шын мәнінде оңай нәрсе емес. Бірінші кезекте сөз құрамындағы мағыналы бөлшектерді дұрыс анықтап алу керек. Ол сөздегі түбірді (түбір морфеманы) табудан басталады. Түбір  -  қазақ тілінде сөздің бастапқы жағында орналасатын, көбіне сөзге сәйкес келетін (үйрен, үйрет немесе оян, оят,ояу сияқты сөздер құрамындағы түбір морфемаларды есепке алмағанда) қандай да бір ұғымды білдіретін, яғни, лексикалық мағынасы бар сөз бөлшегі. Түбірде лексикалық мағынамен қатар грамматикалық мағына да болады, сол мағынасы арқылы ол белгілі бір сөз табының қатарына кіріп, сол сөз табының сұрағына жауап береді. Ендеше түбірді айқындауда оған сұрақ қойып тексеріп отырған орынды. Түбір айқындалған соң оны шартты таңбасымен (доға) сызып, бірден қай сөз табына жататынын үстіне жазып көрсетіп отырамыз. Қай сөз табына жататынын айқындап отыру оған жалғанған қосымшаларды дұрыс талдауға мүмкіндік береді. Түбір зат есім болса, етіс немесе есімше, көсемше сияқты етістікке тән қосымшалар   қосылмайды, немесе түбір етістік  болса, оның құрамынан шырай жұрнақтарын іздемеу керек. Дыбыстық құрамы сәйкес  болғандықтан, шәкірттер арасында қосымшаның мағынасы мен қызметіне үңілмей, құрғақ жаттандылыққа салынып (мысалы, сана деген мысалда зат есімге көсемше жұрнағы қосылып тұр деп) шатастырулар жиі кездеседі. 
Сөздің негізгі түбірі табылған соң басқа мофемаларды айындауға көшеміз. Түбір мен көмекші морфемаларды ажыратуда, бастапқы кезде, оларды бірден табуға жаттыққанға дейін, төмендегі тәсілді қолдануға болады. Ол үшін түбірге қосылып тұрған дыбыстар мен дыбыстық кешендерді санамалап бір-бірден жіктеп қосып, алынған тұлғаның мағынасына назар аударамыз. Түбірге дыбыс (дыбыстық кешен) қосылғаннан кейін пайда болған грамматикалық тұлға түбірдің мағынасынан өзге  лексикалық мағынаға ие болса, пайда болған тұлғаны сөйлемде, тілімізде сол күйінде немесе басқа қосымшалар қосып қолдану мүмкіндігі бар болса, түбірге қосылған дыбыс жеке морфема деп танылады, ал дыбыс қосылғаннан кейін пайда болған тұлға сол күйінде немесе басқа қосымшалар қосып тілімізде қолданылмайтын болса, мағынасыз болса, дыбыс жеке морфема емес, бұл жағдайда келесі дыбыстарды санамалап қосып, қашан жеке морфема анықталғанша іздей береміз.
Морфемдік талдауда назарда болатын келесі мәселе  -  түбір мен оған қосымша қосылғаннан кейін пайда болған тұлға арасындағы мағыналық байланыстың үзілмей сақталуы. Басқаша айтсақ, түбірге сөз тудырушы қосымша қосылса да, сөз түрлендіруші қосымша қосылса да, пайда болған грамматикалық тұлғаның мағынасы түбірдің мағынасынан алыстап кетпейді. 
Жаңа әдістерді өндіріске жылдам енгізу керек  деген сөйлемдегі сөздерге сатылауға дейінгі талдауларды жүзеге асырып көрейік.
1-кезең.  Морфологиялық талдау нысандарын айқындау
Жаңа   - қандай  деген сұраққа жауап береді, толық мағыналы сөз; 
Әдістерді  -  нелерді?, толық мағыналы сөз; 
Өндіріске  -  неге?, толық мағыналы сөз;
Жылдам  -  қалай?, толық мағыналы сөз;
Енгізу  -  не істеу?, толық мағыналы сөз;
Керек  -  сұрақ қойылмайды, көмекші сөз. Бұл сөз өзі жетектеліп келген негізгі сөздің (енгізу) құрамында қаралады.  Ендеше сөйлемде бес талдау нысаны бар:
* Жаңа
* әдістерді
* өндіріске
* жылдам
* енгізу керек
2-кезең.  Морфемдік талдау
 	Жаңа  сөзіндегі ж- , жа- , жаң- дыбысы мен дыбыстық кешендері ешқандай ұғым атауы емес, лексикалық та, грамматикалық та мағыналары жоқ, сондықтан түбір морфема  -  жаңа, сапаға қатысты ұғым, қандай деген сұраққа жауап береді  -  сын есім.
 	Келесі сөздегі түбір  -  әдіс,  сұрағы  -  не?, зат есім. Сөздің құрамындағы өзге морфемаларды анықтауды алғашқы кезеңдерде мына тәртіппен жүзеге асыруға болады: түбірге, мағыналы бөлшек табылғанша, түбірден кейін тұрған дыбыстарды қосып, пайда болған  тұлғаның мағынасына үңілеміз, тілде сол күйінде қолданылатын-қолданылмайтынына назар аударамыз. Әдіст-  мағынасыз, сөйлемде осы күйінде қолданылмайды, әдісте-  жатыс септігіндегі сөзге дыбыстық құрамы сәйкес келгенмен,  сөйлемдегі мазмұнына  назар аударсақ  неде ? (қайда?) деген сұраққа жауап беріп тұрған жоқ, нелерді? деген  табыс септігінің сұрағына жауап береді, қазақ тілінде бір сөзге екі рет септік жалғауы жалғанбайды,  ендеше сөздің құрамындағы  -те- жатыс септігінің қосымшасы емес. Сұрақтар арқылы айқындайтын болсақ, сұрақтар не ?, нелер ?, нелерді ?  тәртібімен жіктеледі, ендеше, түбірге қосылған бірінші морфема  - тер  -  көптік жалғауы.  Әдістерд-  - мағынасыз, сөйлемде осы тұлғада қолданылмайды, ендеше  - д- морфема емес. Әдістерді  -  нелерді?, -ді  -  табыс септігінің жалғауы.
 	Өндіріске :  Түбірі - өн, не істе ?,  етістік; түбірден кейін тұрған дыбыстарды  өндір, өндіріс, өндіріске түрінде  қосқанда ғана мағыналы, тілде, сөйлем ішінде, қолданылатын тұлғалар алынады. Ендеше, -дір, -іс, -ке  дыбыстық кешендері жеке морфемалар; -дір  өзгелік етіс жұрнағы,  -іс  етістіктен зат есім тудырушы жұрнақ деп танылып жүр,   -ке барыс септік жалғауы.
 	Жылдам. Оқушылар арасында мұндай сөздерді жыл-, жылда-, жылдам  түрінде жіктеп, -да, -м дыбыстарын, дыбыстар тіркесін сыртқы  ұқсастығына қарап жеке морфема (жатыс септігі, тәуелдік жалғауы) ретінде тану жиі кездеседі. Бұл   -  түбір мен оған қосымша қосылғаннан кейін пайда болған тұлға арасында мағыналық байланыс бар-жоқтығына көңіл бөлмеуден туған дүние. Жыл, жылда арасында мағыналық байланыс болғанмен, бұл екеуі мен жылдам арасында еш мағыналық байланыс жоқ. Қимыл-қозғалыстың  қарқынына  қатысты жылдам ұғымының 365 тәуліктен немесе 12 айдан тұратын мерзімді білдіретін жыл ұғымына еш қатысы жоқ. Ендеше жылдам сөзі  жыл-да-м  түрінде жіктелмейді, сол қалпында түбір деп танылуы керек.     
Жалпы, түбірге қосылған қосымша морфемаларды айқындауда сөз болып отырған әдіс қажетті жағдайларда белгілі шамада оң нәтиже берері күмәнсыз. Бірақ бұл әдістің айқындалған қосымшалардың қай қатарға жататынын, қандай қызметте тұрғанын білу үшін септігі жоқ.  Қосымша морфеманың қандай қосымша екенін айқындау үшін, бірінші кезекте, сөз таптарының түрлену жүйесін, сөз таптарына сөз түрлендіруші қосымшалардың жалғану тәртібін, сол қосымшалардың дыбыстық құрамын жатқа білу керек. Екінші кезекте, қосымшаның  қызметін білу үшін түбірге және оған қосымша қосылғаннан кейін пайда болған тұлғаға жеке-жеке сұрақ қойып, олардың мағыналарын салыстыру жұмыстарын жүргіземіз.
Егер түбірге қойылған сұрақ пен қосымшалы сөзге қойылған сұрақ екі басқа сөз табының сұрақтары болса, морфема сөз тудырушы  қосымша болғаны.  Ал ол қосымшаның қызметі сұрақтарды негізге алу арқылы анықталады. Мысалы, толық:  түбірі  -  тол , сұрағы -  не істе ?,  етістік;   толық,  сұрағы  -  қандай ?,  сын есім; ендеше  - ық  (тол деген) етістіктен (толық деген) сын есім тудырушы жұрнақ.   

Ескерту:  жұрнақ арқылы зат есімнен зат есім  жасалғанда түбір мен туынды сөзге бір сөз табының сұрағы қойылады. Мысалы, қой  -  қойшы, бала  - балалық, т.б. Алайда сұрақтардың мазмұны әр басқа: біріне адамзат есімінің, екіншісіне ғаламзат есімінің  сұрақтары қойылады, немесе керісінше. Бұл  -  олардың екі басқа лексикалық бірліктер  екенінің дәлелі. 
 	Негізінен, талдау барысында сөз тудырушы қосымшалар кездескенде түбір мен туынды сөздің лексикалық    мағыналарына үңіліп, талдау жасатып, оларды салыстырып    отыру орынды.
 	Егер түбір мен қосымшалы сөзге қойылатын сұрақтар екі басқа сөз табының сұрақтары болмай, бірінен-бірі өрбіген сұрақтар болса, морфема сөз түрлендіруші қосымша болғаны.    Мысалы, үйлердің: үй  -  үйлер  -  үйлердің . Жіктелген тұлғаларға қойылатын сұрақтар  -  не?  -  нелер?  -  нелердің.  Қозғалтпайды: 1) Қозға  -  2) қозғал  -  3) қозғалт  -  4) қозғалтпа  -  5) қозғалтпай  -  6) қозғалтпайды. Сұрақтардың қойылуы:  1) не істе?  -  2) не істе?  -  3) не істе?  -  4) не істеме  -  5) не істемей? (қалай?)  -  6) не істемейді. 
Бірінші мысалдағы  -лер, -дің,   екінші мысалдағы  -л, -т, -па, -й,  -ды  сөз түрлендіруші қосымшалар. 
Ескерту: зат есім көлемдік (барыс, жатыс, шығыс, көмектес)  септіктерінде тұрғанда, етістік есімше, көсемше, тұйық етістік тұлғаларында тұрғанда, олардың сөйлемдегі синтаксистік қызметіне байланысты сұрақ түбірге қойылатын сұрақтан өрбімей қайда?, қайдан?, қалай?, қандай немесе қай?, не?  түрінде, басқа сөз таптарына тән сұрақтар қойылады. Бірақ бұл  -  ол сөздердің басқа сөз табына ауысқанының белгісі емес, сөздің түрлену ерекшелігі және синтаксистік қызметімен байланысты құбылыс. 
4. Морфологиялық (оның ішінде  морфемдік) талдау кезінде есте ұстайтын кейбір грамматикалық заңдылықтар. Жоғарыдағы әдіс қосымшалардың  қай қатарға жататынын (сөз тудырушы немесе сөз түрлендіруші екенін) анықтауға мүмкіндік бергенмен,  дәл қай қосымша екенін білуге  көмегі жоқ.  Сөзге жалғанып тұрған сөз түрлендіруші қосымшаның қай қосымша екенін білу үшін мына заңдылықтарды есте ұстау керек: 
1) Сөйлемде қосымша қабылдап, түрленіп қолданылатын, арнайы түрлену жүйесі бар сөз таптары бар, олар  -  зат есім,  сын есім, етістік. Сөйлемде сөз түрлендіруші қосымша қабылдамайтын, түрленбейтін сөз таптары да бар, олар  -  үстеу (кейбір сапалық үстеулердің шырай тұлғаларын қабылдауын ескермегенде. Мысалы, жоғарырақ, төмендеу, өте ақырын, т.б.), еліктеу сөздер. Ал сын есім, сан есім, есімдіктер жеке өздеріне тән арнайы түрлену жүйесі болмағанмен, зат есімше түрлене алады: көптеледі, тәуелденеді, септеледі. Бұлардың қатарына дәл осылай түрлене алатын етістіктің есімше, қимыл есімі (тұйық етістік) түрлерін де қосуға болады. 
2) Түрленетін сөз таптарының  әрқайсысының өзіне тән сөз түрлендіретін қосымшалары бар. Бұл сөз түрлендіруші морфемалар, көбіне, өзі жалғанатын сөз таптарының әралуан грамматикалық категорияларын қалыптастыратын грамматикалық  формалар болып табылады. 
3) Бір сөзге бірнеше сөз түрлендіруші қосымша қосылғанда, олардың сөзге жалғану реті, тәртібі бар.
 	Зат есім  -  түрленетін сөз табы. Зат есімді түрлендіретін қосымшаларға 1) зат есімнің рең мәнін тудыратын жұрнақтар; 2) жалғаулар: көптік, тәуелдік, септік жалғаулары жатады. Жалғаулар  зат есімнің сан-мөлшер (көптеу), тәуелдеу, септеу категорияларын қалыптастыруға қатысады. Оқушының аталған қосымшалардың дыбыстық тұлғасын жатқа білгені, көптеу, тәуелдеу, септеу үлгілерімен жақсы таныс болғаны абзал; 3) Зат есім баяндауыш қызметінде келгенде жіктік жалғауын да  қабылдай алады. Бұл жерде оқушының  жіктік жалғау тұлғаларымен, сөздің жіктелу үлгілерімен таныстығы міндетті.
Зат есімге аталған жалғаулар мына ретпен жалғанады: бірінші кезекте  -  көптік жалғау, екінші кезекте  -  тәуелдік жалғау, үшінші кезекте септік жалғау жалғанады. Жіктік жалғау баяндауыш қызметіндегі сөздің құрамында ең соңғы орында тұрады.
Сөйлемдегі зат есімнің құрамында аталған қосымшалар жоқ болса, ол  сол жалғаулардың бірінің нөлдік тұлғасында жұмсалуы мүмкін, бұл мәселе талдау барысында сөздің грамматикалық мағынасы арқылы, немесе сөздің синтаксистік қызметі арқылы анықталады. Сөзде нөлдік тұлға да жоқ болса, ол түрленбей, түбір қалпында жұмсалған болып саналады. Өйткені зат есім  - сөйлемде түрленбей де қолданыла алатын сөз табы     
Сын есім (сапалық сын есімдер ғана) шырай тұлғаларымен түрлене алады. 
Сөз таптарының ішінде грамматикалық категорияларға ең байы, соның негізінде сөз түрлендіруші қосымшалары да көп, түрлену жүйесі аса күрделісі  -  етістік. Дегенмен етістікті түрлендіретін қосымшаларды түбірге жалғану реті, тәртібіне қарай төрт қатарға жіктеп алуға болады:
Бірінші қатарды етістік түбірге алдымен жалғанатын етіс жұрнақтары құрайды. Етіс жұрнақтары бірінің үстіне бірі жалғана алады. 
        	Екінші қатарда етістікке етіс жұрнақтарынан кейінгі кезекте (-ңқыра,  -іңкіре күшейтпелі етістік жұрнағы  деп танылатын қосымшаны және қимылдың өту кезеңдері мен амалдарын білдіретін аналитикалық форманттарды есепке алмағанда) болымсыз етістік жұрнағы тұрады.
       	Үшінші қатарды кейде етістікке тікелей қосылатын, кейде етістікке етіс немесе болымсыз етістік жұрнағының бірінен кейін  қосылатын есімше, көсемше, тұйық етістік (қимыл есімі), шақ, рай қосымшалары құрайды. Етістік сөйлемде қолданылғанда осы қатардағы қосымшалардың тек біреуін ғана қабылдайды және бұл қатардағы қосымшалардың бірінсіз сөйлемде қолданылмайды.
        	Төртінші қатарда етістік тиянақты баяндауыш мүше қызметінде жұмсалғанда,  үшінші қатардағы қосымшалардың бірінен кейін қосылатын жіктік жалғау тұрады. Жіктік жалғау бұйрық рай мағынасын бергенде етістіктің  негізіне тікелей қосылады, сондай-ақ қалып етістіктері де ашық рай (осы шақ) мағыналары бар болғандықтан, жіктік жалғауын тікелей қабылдай алады.
       	Морфемдік талдау жасау үшін қажетті жоғарыда айтылған білім көлемін меңгерген,  тілдің грамматикалық құрылымындағы заңдылықтарды жақсы білетін оқушыға морфологиялық талдаудың сатыларындағы, сондай-ақ синтаксистік талдаулардың сатыларындағы тапсырмаларды орындау көп қиындық  туғызбайды.
* Түрленуші мен түрлендіруші бөліктерді айқындау. Морфологиялық талдаудың сатылары сөздің грамматикалық сипатының әр қырына арналған тапсырмаларды орындауға бағытталады. Әр саты әртүрлі мәселені анықтауға арналғанмен, сатылардың жиынтығы сөздің  морфологиялық қасиеттері туралы түсініктерді бір жерге шоғырландырып, тілдің грамматикалық сипаты туралы тұтас түсініктің қалыптасуына мүмкіндік береді.
     	Сондай-ақ келесі сатыға өтпес бұрын сөздің түрленуші бөлігін оны түрлендіруші(лер)ден таяқша (/) таңбасымен бөліп алғанымыз орынды. Бұл әрекет таңбаның қай жағындағы бөлік талдаудың қай сатысында сөз болуымен байланысты. Түрленуші бөлік дегеніміз  -  сөйлемге дербес лексикалық мағынасымен қатысып тұрған тұлғасына қарай негізгі түбір (мысалы, ән/нің,), туынды (мысалы, әнші/нің, жаздағы/, ойла/ған, т.б. ) , біріккен сөз (мысалы, Айнұр/дың), тіркесті сөз (жирен қасқа/, он екі/ге,  мұрты бұзыл/май, т.б.) немесе қос сөздер (ата-ана/ны) болып жіктелетін грамматикалық тұлғалар. Мысалдардағы таяқша (/) таңбаның сол жағындағы бөлігі (ән/, әнші/, т.б.)  -  сөйлемге лексикалық мағынасымен қатысқан сөздің атауыштық негізі, олардаң морфологиялық қырлары сатылай талдаудың І, ІІ, ІІІ, ІҮ, Ү сатыларында қарастырылады, ал таяқшаның оң жағындағы бөлігі  -  сөзді түрлендірушілер, яғни жоғарыдағы сатылар арқылы анықталған белгілі бір сөз табына жататын сөзге әрқилы грамматикалық мағына үстейтін тұлғалар, санының нешеу екендігіне қарамастан, сөзге үстейтін мағынасына орай топтастырылып, жіктеліп, талдаудың 5.1, 5.2, 5.3, 5.4, 5.5.1, 5.5.2 сатыларында жеке-жеке сөз болады. 
* Талдау сатыларының тапсырмалары. Морфологиялық талдаудың алғашқы сатысы сөздің тұлғасын анықтауға арналады. Сөз тұлғасы дегеніміз не?   Бұл туралы № 2 дәрісті қараңыз.
	Морфологиялық талдаудың екінші сатысы сөздің құрылысын (кейбір оқулықтарда құрылымын деп те беріліп жүр)  анықтауға бағытталады. 
 	Сөз құрылысына қарай дара (жалаң) және күрделі болып екі топқа бөлінеді.
Дара сөздердің қатарына жалаң бір түбірден тұратын (қол, бес, кел, т.б.) және түбір мен сөз тудырушы жұрнақтан тұратын (қыстық, егін, жақсылық, т.б.) туынды сөздер жатады. Бұл қатардағы сөздердің басты белгісі  -   лексикалық мағынаның берілуіне бір ғана түбір морфема қатысады.
Күрделі сөздерге лексикалық мағынаның берілуіне кемінде екі түбір морфема қатысқан  сөз тұлғалары (біріккен сөздер, соның ішінде кіріккен сөздер де, қос сөздер, қысқарған сөздер, тіркесті сөздер, фразеологиялық тіркестер) жатады.
 	Талдаудың үшінші сатысында сөздің қай сөз табына жататыны айқындалады.  Әр сөз табының мүшелерінің бәріне ортақ бір грамматикалық мағынасы, соған орай ортақ сұрақтары болатыны белгілі. Ендеше, сөздің қай сөз табының өкілі екендігін білу үшін оған сұрақ қоямыз. Бұл үшін әр сөз табының сұрақтарын жете білу міндетті. Егер сұрақ қою сөздің қай сөз табына жататынын айқындауда нәтиже бермесе, оның түрлену ерекшелігі, синтаксистік қызметі, лексикалық мағынасы сияқты қырларына үңілеміз. Өйткені сөз сөйлемде басқа сөз табының орнына (субстантивтеніп, адъективтеніп, прономилданып, адвербиалданып) қолданылып тұруы да мүмкін. Семантикалық тәсіл арқылы (сөз мағынасы кеңею, тарылу, ауысу арқылы) жаңа сөз жасалмаса, оның о баста қай сөз табына жатса, сол жазылады. Ал семантикалық тәсіл арқылы жасалған туынды сөз болса, талдауда соңғы мағынасы қай сөз табына жатса, сол жазылады. Мысалы, Жақсының жасылығын айт, нұры тассын деген сөйлемдегі жақсының зат есімнің орнына жұмсалып, зат есімше түрленіп қолданылған.  Алайда ол талдауда заттық мәнде жұмсалған, яғни субстантавтенген сын есім ретінде көрсетілуі керек. Жаратқан жар болсын!  дегендегі жаратқан сөзі арғы тегі есімше жұрнағымен түрленген етістік болса да қазір зат есім қатарына жатады.
Талдаудың төртінші сатысында үшінші сатыда қай сөз табына жататыны айқындалған сөздің сол сөз табының қай лексика-грамматикалық тобына кіретіні анықталады.
 	Зат есім жалпы және жалқы, деректі және дерексіз, адамзат және ғаламзат деген мағыналық топтарға бөлінсе, сын есім - сапалық және қатыстық деген екі топқа; сан есім  -  есептік, реттік, жинақтық, бөлшектік, болжалдық және топтау сан есімдері деген алты топқа; есімдік  -  жіктеу, сілтеу, өздік, сұрау, белгісіздік, болымсыздық және жалпылау есімдіктері болып жеті топқа; үстеу  -  мезгіл, мекен, себеп, мақсат, қимыл-сын (амал), мөлшер үстеулері болып алты топқа; еліктеу сөздер дыбыстық еліктеуіш және бейнелеуіш деген екі топқа; шылау жалғаулық, септеулік, демеулік болып үш топқа; одағай да іштей көңіл-күй одағайы, шақыру-жекіру одағайы, тұрмыс-салт одағайлары деген топтарға жіктеліп жүр. Етістікті топтастыруда салттылық-сабақтылық қасиеттерін назарға аламыз.  
Сонымен, морфологиялық талдаудың төрт сатысы сөздің лексика-грамматикалық негізіне (түбіріне) қатысты  мәселелерді талдап, анықтауға бағытталған.
Бесінші саты  сөздің түрлену ерекшеліктерін талдауға бағытталады. Бұл саты өз ішінен бірнеше  сатыдан тұрады. Ол  сатылардың орындалуы шәкірттердің білім деңгейіне,  өтілген тақырыптар көлеміне тікелей байланысты. Жоғары оқу орындарында <<Сөзжасам>>, <<Морфология>> пәндері өтілгеннен кейін  ғана (өтілу барысында), әсіресе, грамматикалық форма, грамматикалық мағына, грамматикалық категория туралы түсініктер берілгеннен кейін, сатыларда көрсетілген тапсырмалардың толық орындалуын талап етуге болады.  Бұл тақырыптардан білімі жоқ, мектеп бағдарламасы көлеміндегі білімі бар шәкірттер  бұл сатының 5.1 және 5.5 сатыларының тапсырмаларын орындай алады. Егер оқытушы (мұғалім) қажет деп тапса, басқа да сатылардың  тапсырмаларын орындауға  бере алады.
Бесінші сатының тапсырмалары бір-бірімен өзара тығыз байланысты  бес сатыға жіктеледі:
  +  сатысында  сөйлемде қолданылған сөздің  құрамында бар сөз түрлендіруші морфемалар анықталады;
  +   сатысында сөздің түрлену тәсілі айтылады;
  +   сатысында сол сөз түрлендіруші морфемалардың грамматикалық мағыналары айқындалады; 
  +   сатысында олардың (сөз түрлендіруші форма мен оның грамматикалық мағынасының) қай сөз табының қандай грамматикалық категориясына  жататыны айқындалады;
  +   сөз түрлендіруші форманың (бар болса) синтаксистік қызметі тексеріледі. Бұл сатының өзі іштей екі сатыға бөлінеді:
5.5.1 сөз түрлендіруші тұлғаның (қосымша немесе көмекші сөз) өзі жалғанған сөзді сөйлемдегі басқа сөзбен байланыстыруға қатысы тексеріледі;
5.5.2 сөз түрлендіруші тұлғаның өзі жалғанған сөзді сөйлемде белгілі бір сөйлем мүшесі қызметіне қоюға қатысы бар-жоқтығы тексеріледі. 
 	7. Сөз түрлендіруші морфологиялық тұлғалар туралы. Грамматикалық оқулықтар мен әдебиеттерде  сөздің түрлену тәсілінің екі түрі болатыны көрсетіліп жүр. Олар  -  синтетикалық (немесе морфологиялық) және аналитикалық (синтаксистік) тәсілдер.
Синтетикалық тәсіл  -  сөздің сөз түрлендіруші қосымшалар арқылы  түрленуі, аналитикалық тәсіл  -  сөздің көмекші сөздердің қатысуы арқылы түрленуі. 
 	Сөз сөйлемде әрқашан сөз түрлендіруші грамматикалық тұлғалар арқылы түрленіп қолданылмауы да мүмкін. Өйткені сөйлемде түрленбей, түбір (негіз) қалпында қолданылатын сөз таптары да бары белгілі. Талдау барысында ондай сөздер кездессе, бесінші сатыда бірнеше сатыға жіктелетін бірнеше жауаптың орнына <<түрленбеген сөз>>, немесе <<түбір (негіз) қалпында қолданылған сөз>> деген бір ғана жауап жазылады. Түрленіп қолданылатын сөз таптарының ішінде зат есім мен сын есімнің, үстеу мен еліктеу сөздің үнемі түрленіп жұмсалуы  міндетті емес. Сөйлемде түрленбей жұмсала алмайтын сөз табы  -  етістік қана.
  Сонымен қатар сөйлемде жұмсалған сөздердің ішінде арнайы дыбыстық кешені бар грамматикалық морфема-қосымшалармен түрленбесе де, грамматикалық мағынаға ие болып тұратын, ал ол грамматикалық мағына қандай да бір грамматикалық категорияның  мағыналарының парадигмалық қатарына енетін сөздер де кездеседі. Орыс тіл білімінде мұндай сөздер <<нөлдік жалғаудағы сөздер>> (<<слова с нулевыми окончаниями>>) деп, қазақ  тілінде <<нөлдік тұлғадағы (формадағы) сөздер>> деп аталып жүр.  Сөзге қандай да бір грамматикалық категорияның грамматикалық мағынасының үстелу құбылысы  грамматикалық мағынаның нөлдік тұлға (форма) арқылы берілуі деп танылады.  Грамматикалық мағынаның мұндай жолмен берілуі қазақ тілінде, негізінен, жалғаулар (септік, жіктік, тәуелдік жалғаулары) арқылы ғана жүзеге асады.   Сондықтан грамматикалық мағынаның бұлай берілуін  грамматикалық тұлға (форма) арқылы берілу дегеннен гөрі грамматикалық  жалғау арқылы берілу деп, ал ол мағынаны қалыптастыратын   нөлдік қосымшаны нөлдік жалғау деп атаған орынды сияқты.
Нөлдік қосымшалар арқылы берілетін грамматикалық мағыналар -  жақ, септеу, тәуелдеу категорияларының  мағыналары. Ал бұл грамматикалық категориялардың грамматикалық мағыналары, негізінен, синтетикалық тәсіл арқылы беріледі. Нөлдік  жалғаулардың мағыналары  да жақ, септеу, тәуелдеу категориясындағы мағыналар парадигмасынан орын алады. Сондықтан сөздің нөлдік жалғаулар арқылы түрленуін синтетикалық тәсіл арқылы түрленуі, оның ерекше бір түрі деп таныған орынды.
Сөз бір емес, екі не одан да көп сөз түрлендіруші  морфема қабылдап бірнеше қайтара түрленуі де мүмкін. Мұндай жағдайда әр сөз түрлендіруші білдіретін мағынасы (талдаудың 5.3 сатысындағы) арқылы түбірге жалғану ретімен жіктеліп көрсетіліп, жеке-жеке сөз етіледі. 
 	Сонымен, сөздің түрлену тәсіл(дер)і   5.1  сатыда айқындалатын сөз түрлендіруші морфемалар  негізінде анықталады. 
 	Бесінші сатының  5.1 және 5.2 сатыларындағы мәліметтер сатыларға дейінгі талдауларда, морфемдік талдау барысында, бір рет талдаудан өткен, енді оны қайталаудың қажеті қанша деген сұрақ тууы мүмкін. Қайталаудың өзіндік себептері бар. Біріншіден, морфемдік талдауда сөз құрамындағы  морфемалар жалпылай сипатталады. Онда морфемалардың түбір  не қосымша екендігі, қосымшалардың жұрнақ не жалғау екендігі, ол қосымшалардың аттары анықталғанмен, олардың грамматикалық мағыналары  сөз бола бермейді, тұлғалық бүтіндігіне көп назар аударылмай қалады. Ал бесінші сатыда бұл мәселелер арнайы сараланады.
 	Грамматикалық форма сөйлемге өз мағынасы арқылы ғана, сол мағынасы сөйлемнің дұрыс түзілуіне қажет болғандықтан ғана, қатысады. Тілдің грамматикалық құрылысы туралы түсінік, білім толық болу үшін грамматикалық форманың дыбыстық жағын жақсы танып, білумен қатар, оның мағынасы мен қызметтеріне  де талдау жасай білу, қажет десеңіз, жатқа білу керек. Бұл  -  тілші-филологтың  бірінші міндеті.
 	Морфемдік талдау барысында  шаба жөнелді  сияқты мысалдарды талдауда  шап  -  түбір морфема, етістік;  -а  -  көсемше жұрнағы;  жөнел  -  түбір морфема, көмекші етістік;  -ді  -  қосымша морфема, сөз түрлендіруші қосымша, жедел өткен шақ жұрнағы деген мазмұндағы сипаттаудан аса алмаймыз. Егер осы мысалдағы көмекші морфемалардың грамматикалық мағыналарына үңілер болсақ,  -а жөнел  -  көсемше жұрнағы мен көмекші етістіктің бірлігі сөзге қимылдың тез қарқынмен (қимылдың өту амалы  категориясына қатысты мағына) басталғанын (қимылдың өту кезеңіне қатысты мағына) білдіретін   грамматикалық мағына үстеп тұрған бір ғана (біртұтас) грамматикалық форма екенін анықтаймыз. Оған дәлел  - а көсемше жұрнағы әдетте жіктік жалғаудың алдында келгенде білдіретін шақтық мағыналар (ауыспалы келер шақ немесе дағдылы осы шақ) етістік мазмұнынан байқалмайды, етістіктегі шақтық мағына жедел өткен шақ жұрнағы арқылы берілген. Ендеше,  - а көсемше жұрнағы сөздің құрамында не үшін жұмсалған, қандай мағына білдірген деген  сұрақтарға жауап іздесек, оның жөнел  көмекші етістігімен бірлікте, екеуі біртұтас тұлғаға (аналитикалық формантқа) айналып, жоғарыда көрсетілген мағынаны білдіру үшін жұмсалғанын байқаймыз. Сөйтіп,  бесінші сатыда  әр сөз түрлендіруші тұлғаның  өзін атап қана қоймай олардың әрқайсысының дербес грамматикалық мағыналары туралы терең білім алуға жол ашамыз. 
Сонымен, 5.1 сатыда сөздің құрамындағы сөз түрлендіруші морфолгиялық тұлғалар грамматикалық мағына беру тұтастығы бойынша сөзге жалғану ретімен санамаланып жазылады.
5.2 сатыда алдыңғы сатыда анықталған сөз түрлендіруші тұлғалардың сөзді түрлендіру тәсілі көрсетіледі.
 	5.3 сатыда алдыңғы 5.1 сатыда санамаланып анықталған сөз түрлендіруші тұлғалардың мағыналары тіркеледі. Егер морфема полисемиялы (көпмағыналы) болса, барлық мағынасы жіктеліп жазылады. Сөз түрлендіруші тұлғалардың грамматикалық мағыналарын айқындап жазып отыру олардың 5.5.1 және 5.5.2 сатыларда сөз болатын синтаксистік қызметтерін тексеруде қажет болады.
5.4 сатыда әрбір сөз түрлендіруші форманың мағынасы қай грамматикалық (немесе лексика-грамматикалық)  категорияға жататыны айтылады.  Егер тұлғаның мағынасы (мысалы, шылау, көмекші есімдер, т.б.) сөз таптарындағы белгілі ешқандай грамматикалық категорияның парадигмасына кірмесе,  еш жауап жазылмайды немесе <<жоқ>> деген жауап жазылады.   
      Соңғы 5.5  сатыда  тек сөздердің синтаксистік байланысына, синтаксистік қызметіне қатысы бар қосымшалардың қызметтері талдауға түседі. Егер аталған қызметтер сөз түрлендіруші тұлғаларда болмаса, <<жоқ>> деген жауап жазылады.
         Осындай тапсырмаларды орындау нәтижесінде әр сөз түрлендіруші  қосымшаның грамматикалық мағыналарының  сөздің  синтаксистік қызметіне қатысы туралы түсініктер қалыптасады. Бұл келешекте синтаксистік талдауларды сауатты орындауға септігін тигізетін болады. Сөйтіп, тілдің біртұтас грамматикалық құрылысы, жүйесі туралы  кешенді білім беруге септігі тиеді.














№ 2 дәріс. Сөз тұлғасы. Сөз құрамы.
Дәріс жоспары:
* Түрленуші сөздің морфологиялық тұлғасы туралы
* Сөз құрамы
1 Түрленуші сөздің морфологиялық тұлғасы туралы. Сөз тұлғасы дегеніміз не?   Яғни талдаудың бірінші сатысында сөз қай қырынан анықталады?
      	Сөз тұлғасы деген термин грамматикалық оқулықтарда екі түрлі жағдайда қолданылып жүр. Біріншіден, бұл термин  лексикалық мағынасы арқылы белгілі бір сөз табының қатарына жататын лексика-грамматикалық бірліктердің сыртқы тұрпатына байланысты пайдаланылса, екіншіден, аналитикалық немесе синтетикалық тәсіл арқылы түрленген сөз нұсқаларына қатысты да қолданылады.
 	Әдетте, белгілі бір сөз табына жататын сөздердің тұлғасы туралы оқулықтарда <<сөз тұлғасына қарай беске бөлінеді,   олар: 1) негізгі түбір сөз немесе жай ғана түбір сөз; 2) туынды түбір сөз немесе туынды сөз;      3) біріккен (түбір) сөз;    4) қос сөз;    5) қысқарған сөз>>  деген анықтамалар беріліп жүр. Бұл жіктеу сөздің (бір ұғымды білдіретін, лексикалық мағынасы бар грамматикалық бірліктің) морфемдік құрамына және сөздердің  жасалу тәсілі мен жолдарына, сонымен қатар сол сөздердің жазылу ерекшеліктеріне, яғни, сыртқы тұрпат-келбетіне негізделгендігі байқалады. Бірақ жеке лексикалық мағынаға ие болып тұрса да, тіркесті күрделі сөздер мен фразеологиялық тіркестер көрсетілген бес қатардың ешқайсысына кірмей қалады. 
Сондықтан сөзді тұлғасына қарай бөлгенде: 1) негізгі түбір сөз;      2) туынды сөз;      3) біріккен (түбір) сөз;       4) қос сөз және   5) тіркесті сөз деп беске бөлуді ұсынамыз. Мұндағы тіркесті сөз ұғымы он бес, көк ала, барып қайт сияқты екі немесе одан да көп түбірдің тіркесінен жасалған күрделі, сөзді құраушы сыңарлары бір-бірінен бөлек жазылатын құрылымдарды да,  фразеологиялық тіркестерді де, қысқарған сөздерді де қамтиды. 
Сөз сөйлемге лексикалық мағынасы арқылы қандай да бір ұғымды білдіру үшін қатысады. Жалаң немесе күрделі ұғымдардың атауы болатын лексикалық бірліктер морфемдік құрамы, жасалу тәсілі мен жолдары, қалыптасқан жазылу сипаты жағынан әрқилы. Бірі жалаң түбір арқылы бір ұғымды білдірсе, енді бірі түбір мен сөз тудырушы қосымшадан тұрып, жаңа ұғым атауы болады. Енді бір ұғымдар кемінде екі түбірдің қатысуы арқылы  беріледі. Олардың жазылуы да біркелкі емес: біреулері біріктіріліп жазылса, келесілерін дефис арқылы жазу заңдастырылған,  сондай-ақ кейбір  бірнеше сөздің тізбегінен тұратын атаулар  ықшамдалып (қысқартылып) та жазылады, енді бір сөздер бір ғана лексикалық мағынаны білдіргеніне қарамастан бөлек те жазылады. 
Сонымен, сөз тұлғасы деген терминді морфемдік құрамы әрқилы,  жасалу жолы, жазылуы әр басқа,  белгілі бір сөз табының қатарына жататын жеке лексикалық мағынасы бар тілдік бірліктерді бір-бірінен ажырату мақсатында ғана қолдануды ұсынамыз. Ал аналитикалық (келе алмады, ермек үшін, т.б.), немесе синтетикалық (қолы, үріккен, т.б.)  тәсілдер арқылы түрленген  сөздерге қатысты сөздің  (аналитикалық, синтетикалық тәсіл арқылы) түрленген тұлғасы  деген термин лайық сияқты. 
 	Сонымен қатар сөз тұлғаларының қатарын  тіркесті сөздер (бұл қатар өз ішінен   негізгі түбірлердің (сөздердің)  тіркесінен (көк ала)  тұратын, негізгі түбір мен туынды түбірлердің (сөздердің) тіркесінен (ақ көйлекті) тұратын, негізгі сөз бен көмекші сөздің тіркесінен (жәрдем қыл, бұрқ ет) тұратын және фразеологиялық тіркестер деген топтарға жіктеледі.) деген ұғыммен толықтырамыз.
	Негізгі түбір сөздерге жалаң түбірден ғана тұратын, дербес лексикалық мағынасы бар, белгілі бір сөз табының қатарынан орын алатын сөздер жатады. Мысалы, бас, қол, кел, отыр, сат, қара, сары, әрең, лезде, т.б. 
	Ескерту: Тарихи тұрғыдан өз ішінен түбір мен қосымша морфемаларға жіктелетін, қазіргі кезде түбір морфемасы сөз ретінде қолданылмайтын кү-н, кү-й, кү-л, оя-н, оя-т, ал-қа, ал-ға, т.б. сөздерді де, 	сондай-ақ түбір морфемасы қазіргі тілімізде жеке сөз ретінде қолданылатын, бірақ қосымшасы консервация құбылысына ұшыраған зорға (зор-ығ-а), бірге (бір-іг-е), бекерге, артқа, шалқасынан, т.б. с.с. сөздерді де негізгі түбір сөздердің қатарына жатқызу керек. Өйткені соңғы мысалдардағы қосымшалар (көсемше жұрнағы мен септік жалғаулары) бұрын өзі жалғанған сөздің синтаксистік қызметін белгілеуге қатысқанымен, қазір бұл қызметтерін тоқтатқан (яғни, түрлендіруші тұлға болып, ешқандай грамматикалық мағына білдіріп тұрған жоқ),  тек синтаксистік қызметі арқылы жаңа семантикаға ие болып қалыптасқан туынды сөздің құрамында сақталып қалған. 
Туынды сөздерге құрамы жағынан түбір және сөз тудырушы жұрнақтан тұратын, түбірі білдіретін лексикалық мағынадан басқа жаңа лексикалық мағынаға ие болған, белгілі бір сөз табының қатарына жататын сөздер жатады. Мысалы, етік-ші, көр-ме, таза-лық, өн-ім-ді, т.б. 
Біріккен сөздерге құрамында кемінде екі немесе одан да көп түбір морфема кездесетін, жазу тәжірибесінде бірге жазылатын, қанша түбірден тұрса да бір ғана лексикалық мағынаны білдіретін (бір ғана ұғымды атайтын), белгілі бір сөз табының қатарына жататын сөздер жатады. Мысалы: Алакөл, Айнұр, кәсіподақ, шекара, адалбақан, т.б. Сондай-ақ өйткені (олай еткені), бүгін, биыл, бүрсігүні, т.б. кіріккен сөздер деп танылатын қатардағы барлық сөздерді жазылу дәстүрін негіз етіп, біріккен сөздердің бір түрі ретінде қарастырамыз.
Пединститут, медколледж және кеңшар, ауатком сияқты бір сыңарын немесе барлық сыңарларын да бірінші буыннан қысқартып, біріктіріп жазып жүрген сөздерді де жазылу ерекшелігін негіз етіп, біріккен сөздердің қатарында тану орынды болар еді. 
Қос сөздерге құрамында кемінде екі немесе одан да көп түбір морфема кездесетін, жазу тәжірибесінде бір-бірінен дефис арқылы ажыратылып жазылатын, қанша түбірден тұрса да бір ғана лексикалық мағынаны білдіретін (бір ғана ұғымды атайтын), белгілі бір сөз табының қатарына жататын сөздер жатады. Мысалы: ыдыс-аяқ, көрші-қолаң, ата-ана, т.б.
Тіркесті сөзге құрамында кемінде екі немесе одан да көп түбір морфема кездесетін, жазу тәжірибесінде бөлек жазылатын, қанша түбірден тұрса да бір ғана лексикалық мағынаны білдіретін (бір ғана ұғымды атайтын), сол арқылы белгілі бір сөз табының қатарына жататын сөздер жатады. Тілімізде тіркесті күрделі сөздердің бірнеше үлгісі кездеседі, бірақ бәріне ортақ бір белгі бар: ол белгі  -  қанша түбірден тұрса да, мұндай сөздер бір ғана лексикалық мағынаға ие. 
	Тіркесті сөздердің жасалу жолдары әр қилы. Тілімізде олардың төмендегідей типтері кездеседі:
* Құрама тіркесті сөздер. Екі немесе барлық сыңары бір сөз табынан болған, әр сыңардың лексикалық мағынасы туынды жаңа лексикалық мағынаның қалыптасуына қатысатын сөздер. Мысалы, зат есімдер  -  Семей қаласы, Абай көшесі, бас инженер, аға оқытушы; сын есімдер  -  көк ала, жирен қасқа, ақ сұр; сан есімдер  -  он екі, бір мың сегіз жүз тоқсан бес; етістіктер  -  барып қайт, алып кел, т.б..
* Құранды тіркесті сөздер.   Сыңарлары әр басқа сөз таптарынан болған, туынды жаңа лексикалық мағынаның қалыптасуына тек бір сыңарының лексикалық мағынасы негіз болатын және әр сыңарының лексикалық мағыналарының да қатысы бар сөздер. Мысалы, қызмет қыл, еңбек ет, сарт ет, адам бол, т.б. Бұл мысалдарда туынды лексикалық мағынаның қалыптасуына бірінші сыңардың лексикалық мағынасы негіз болған. Ал Абай атындағы Алматы ұлттық университеті сияқты күрделі атаулар құрамында әр түрлі сөз таптары кездеседі.
* Қысқартып жазылатын тіркесті сөздер. АҚШ,ТМД, ЖШС, т.б. с.с. әр сыңарының бірінші әрпі ғана жазылатын, шартты түрде қысқарған сөздер деп танылып жүрген нұсқалардың, біріншіден, сөз екендігі күмәнды, екіншіден, бұлардың әрқайсысының бірнеше сөзден құралған күрделі атау екені, яғни, құранды немесе құрама тіркесті сөзден қалыптасқаны белгілі: Америка құрама штаттары, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, жауапкершілігі шектеулі серіктестік. 
* Фразеологиялық тіркестер немесе тұрақты тіркестер. Қазақ тіл білімінде тұрақты сөз тіркестері деген терминмен беріліп жүрген, өз ішінен фразеологиялық тізбек, фразеологиялық тіркес, фразеологиялық оралым т.б. болып жіктелетін қой аузынан сөз алмау, сарымайдай сақтау, үріп ауызға салғандай, тауы шағылу, беті қайту, т.б. тілдік бірліктердің қанша  сөзден құралса да бейнелі бір ұғымды атайтыны, яғни, бір ғана лексикалық мағынаға ие екені белгілі. Ендеше бұлар да  -  бір ғана лексикалық мағынаны білдірсе, қанша сыңардан тұрса да, бір сөз ғана. Бұлар да сол бір лексикалық мағынасы арқылы белгілі бір сөз табының қатарынан орын алып, сол сөз табына тән түрлену жүйесімен әрқилы түрлене береді. Мысалы, тауы шағыл-ды, тауы шағыл-ған, тауы шағыл-ма-й-ды, тауы шағыл-а жазда-ды, тауы шағыл-ып жүр, т.б. Сондықтан бұл қатардағы барлық тілдік нұсқаларды түрленуші ретінде тіркесті сөздер қатарына жатқызамыз. Тіпті бұл қатардағы сөздерді тұрақты сөз тіркестері дегеннен гөрі тұрақты тіркесті сөздер деп атау орынды сияқты.

2 Сөз құрамы. Сөз сөйлем құрамында әр алуан тұлғада, әр алуан құрамда кездеседі. Сөз құрамындағы дербес грамматикалық мағынасы бар бөлшектерді морфема деп атаймыз. Морфема  -  сөздің ең кіші мағыналы бөлшегі. Морфема бойындағы мағынаның қандай мағына екендігіне қарай түбір морфема және қосымша морфема болып екіге бөлінеді. Бойында грамматикалық мағынамен қатар лексикалық мағынасы бар морфемалар  -  түбір морфема деп аталады. Бойында лексикалық мағынасы жоқ, тек грамматикалық мағынасы ғана бар морфемалар қосымша немесе көмекші морфема деп аталып жүр. 
Түбір морфема мен түбір сөз дыбыстық құрамы жағынан бір біріне сәйкес келуі де, сәйкес келмеуі де мүмкін. Мысалы, бас, бет, қол сияқты нұсқаларды әрі түбір морфема деп те, әрі түбір сөз (түбір морфемадан тұратын сөз) деп тани береміз. Өйткені бұларды түбір морфема деуге берілген нұсқаларды бұдан әрі мағыналы бөлшектерге жіктеу мүмкіндігінің жоқтығы негіз болады. Ба-с немесе б-ас түрінде бөлшектесек, бөлшектердің мағынасы  бас морфемасының лексикалық мағынасымен еш ұштаспайды, тіпті ешбір мағынаның (лексикалық, грамматикалық) иісі де байқалмайды, яғни, бұл бөлшектер мағынасыз дыбыс және буын деңгейінде қалып қойды. Берілген нұсқаларды сөз деп тануға дербес лексикалық мағынасымен (кейде келтірінді, образды мағынамен) түбір, кейде қосымша, яки көмекші морфемалармен түрленіп қолданылатыны негіз болады. Сонымен түбір морфема кейде түбір сөзге сәйкес келеді, басқаша айтсақ, сөз түбір морфемадан ғана тұруы мүмкін.
Түбір морфема мен түбір сөз бір біріне сәйкес келмейтін жағдайлар да кездеседі. Олардың сәйкессіздігі тарихи-салыстырмалы әдістің нәтижесінде анықталады. Мысалы, үйрен  -  үйрет жұбын салыстырсақ, бүгінгі таңда бұлардың әрқайсысы жеке-жеке түбір сөз (негізгі түбір сөз) деп танылғанмен, бұлардың лексикалық мағыналарының ұштасуы және сөздердің құрамындағы -н, -т  морфемаларының бүгінгі таңда етіс жұрнақтары ретінде қолданылуы, үйрен  -  үйрет жұбында ортақ түбір морфеманың бар екенін дәлелдейді. Алайда үйре- түбір морфемасы (көне нұсқасы  -  өгре) бүгінгі тілімізде осы қалпында қолданылмайтындықтан, сөз деп тани алмаймыз.
	Қазақ тіліндегі қосымша морфемалар өз ішінен қызметтеріне қарай жұрнақ және жалғау болып екіге бөлініп жүр. 
	Жұрнақ  -  дербес грамматикалық мағынасы бар, сөзден жаңа сөз жасайтын немесе сөзді түрлендіретін қосымшалар. Осы қасиетіне қарай жұрнақтар сөз тудырушы жұрнақтар және сөз түрлендіруші жұрнақтар болып екіге бөлінеді. Сөз тудырушы жұрнақтарға өзі қосылған сөздің лексикалық мағынасына өзгеріс әкеліп, жаңа лексикалық мағынаның қалыптасуына себепкер болатын қосымшалар жатады. Мысалы, тара-қ, бөл-ім, ой(ы)н-а, баға-ла, қос-ақ, ел-ші, т.б.. Сөз тудырушы жұрнақ өзі қосылған сөздің лексикалық мағынасына өзгеріс енгізіп, жаңа лексикалық мағынаның қалыптасуына себепкер болғанмен, туынды сөздің лексикалық мағынасы оған негіз болған (түбір немесе туынды)  сөздің лексикалық мағынасынан алыстап кетпейді, онымен ұштасып жатады, дұрысында содан туындап жатады, бірақ одан басқа лексикалық мағына болып табылады.  Тарақ сөзінің жасалуына негіз болған сөз  -  тара. Тараның лексикалық мағынасы  - <<ұйысқан заттарды (шаш, шөп, т.б.) құрал арқылы салалап ажырату немесе жинастыру әрекеті>>. Осы лексикалық мағынасы арқылы тара сөзі сөз табы ретінде етістіктер қатарынан орын алады. Ал бұл сөзден -қ жұрнағы арқылы туындаған тарақ сөзінің лексикалық мағынасы  -  <<ұйысқан заттарды (шаш, шөп, т.б.) салалап ажырату немесе жинастыруға арналған құрал>>. Тарақ сөзі осы мағынасы арқылы зат есімдер қатарынан орын тебеді. Бірінен бірі туындаған екі сөздің лексикалық мағыналары бір-бірімен ұштасып жатыр, бірақ әр басқа мағыналар: бірі әрекетті атайды, екіншісі осы әрекетке қатысты еңбек құралын атайды. 
Сөз түрлендіруші жұрнақтар  -  өзі қосылған сөздің лексикалық мағынасына еш өзгеріс енгізбейтін, тек қандай да бір грамматикалық мағына жамайтын қосымшалар. Сөз түрлендіруші жұрнақтар белгілі бір сөз таптарының аясынан шықпайды, өзі жалғанатын сөз табының парадигмалық түрлену жүйесін құрайды. Мысалы, заттың әр түрлі реңкін білдіретін рең мәнді жұрнақтар тек зат есімдерге, шырай жұрнақтары тек сын есімдерге, шақ, рай тұлғалары тек етістіктерге қосылады, сол сөз таптарына тән құбылыс болып табылады. Сондықтан сөз түрлендіруші жұрнақтардың мәселесі  -  таза морфологиялық, оның ішінде сөз таптарының түрлену жүйесіне қатысты мәселе болып шығады.  Сол үшін сөз түрлендіруші жұрнақтар тақырыбын дұрыс меңгеру үшін сөз таптарының грамматикалық және лексика-грамматикалық категориялары туралы теориялық біліммен толықтырып алған жөн. 
Сөз тудырушы жұрнақтар мен сөз түрлендіруші жұрнақтардың өзі қосылған сөзге үстейтін мағыналарына салыстыру жасап көрейік. Мысалы, Биыл көлшіктің суы жылдағыдан мол көрінеді.  Ұстаздары Сәрсенді кластағы ең білімді, ең сөзшең бала деп есептейді. Көлшік сөзінің құрамындағы -шік жұрнағы көл сөзінің лексикалық мағынасына еш өзгеріс енгізбеген. Атап айтқанда, көл сөзінің лексикалық мағынасы  -  <<табиғи немесе жасанды су қоймасы>>. Көлшік сөзі <<шағын көлемді табиғи немесе жасанды су қоймасы>> деген ұғымды білдіреді. Ендеше -шік жұрнағы арқылы өзі қосылған сөзге заттың көлемі, аумағына қатысты грамматикалық мағына жамалған. Бұл  -  таза грамматикалық мағына. Олай болса, -шік  -  сөз түрлендіруші жұрнақ, өйткені ол сөздің лексикалық мағынасын өзгерткен жоқ (<<табиғи немесе жасанды су қоймасы>> деген лексикалық мағына  - шік жұрнағы қосылғаннан кейін де сақталып қалды), тек көлемі, аумағына қатысты мағына ғана үстеді. Дәл осы сияқты көрінеді сөзінің құрамындағы    -ін және -е жұрнақтары да сөздің лексикалық мағынасына өзгеріс енгізбей, тек грамматикалық мағыналар жамаған. Атап айтқанда, көр етістігі тура лексикалық мағынада емес (тура мағынасы  -  <<көз арқылы сезіну әрекеті>>), ауыспалы мағынада, <<сана арқылы түйсіну әрекеті>> (байқау, аңғару, сезу сөздерінің лексикалық мағыналарына сәйкес) деген мағынада жұмсалған, -ін өзгеліс етіс жұрнағы қосылған көрін нұсқасында, <<сана арқылы түйсіну әрекеті>> субъктінің (көру әрекетін жасаушының) ырқынан тыс жасалғанын білдіретін мағына жамалған, -е көсемше жұрнағы қосылғаннан кейін, субъектінің ырқынан тыс жасалған <<сана арқылы түйсіну әрекеті>> ауыспалы осы шақта жүзеге асқанын білдіретін  мағына үстелген. Яғни, сөздің лексикалық мағынасы (<<сана арқылы түйсіну әрекеті>>) оған ырықсыз етіс жұрнағы мен көсемше жұрнақтары қосылғаннан кейін де еш өзгермеген, ендеше аталған жұрнақтар да сөз түрлендірушілердің қатарынан орын алады.  Ал екінші мысалдардағы сөздердің құрамындағы жұрнақтардың табиғаттары басқаша. Білімді сөзі үш морфемадан құралған, мұндағы әрі түбір морфема, әрі түбір сөз  -  біл, лексикалық мағынасы  -  <<қандай да бір құндылықтар туралы мәліметтерді жинау, есте сақтау әрекеті>>. Білім сөзінің лексикалық мағынасы  - <<оқу, тоқу, тәжірибе арқылы жиналған рухани құндылық>>. Біл мен білім сөздерінің лексикалық мағыналары бір біріне байланысты, өзара семантикалық тұрғыдан ұштасқан, бірақ бір лексикалық мағына емес, ендеше -ім жұрнағы  -  сөз тудырушы жұрнақ. Білімді сөзінің лексикалық мағынасы  -  <<оқу, тоқу, тәжірибе арқылы жиналған рухани құндылықтарға ие>> немесе <<адам бойындағы оқу, тоқу, тәжірибе арқылы жиналған рухани құндылықтардан тұратын қасиет>>. Бұдан көрінетіні: -ді жұрнағы да  -  сөз тудырушы жұрнақ. Сөзшең сөзінің құрамындағы -шең жұрнағы да  -  сөз тудырушы. Өйткені сөздің лексикалық мағынасы  -  <<лексикалық және грамматикалық мағынасы бар, дыбыстық құрамы тұрақталған тілдің бірлігі>> немесе <<сөйлеу әрекетінде пайдаланылатын тілдің (сөйлеудің) бірлігі>>. Ал сөзшең  -  <<адам бойындағы көп сөйлеуге бейім қасиет>>. Есептейді сөзінің құрамындағы жұрнақтарға келер болсақ, оның бірі (-те)  -  сөз тудырушы, екіншісі (-й)  -  сөз түрлендіруші. Атап айтқанда, есеп сөзі де ауыспалы лексикалық мағынада жұмсалған (тура мағынасы  -  <<сандарды пайдаланып жүзеге асырылатын логикалық әрекеттің нәтижесі>>, ал одан туындайтын есепте сөзінің лексикалық мағынасы  -  <<сандарды пайдаланып жүзеге асырылатын логикалық әрекет>>), мысалдағы нұсқада <<сандарды пайдалану>> семасының ізі де байқалмайды, бұл жерде есеп сөзі <<жалпы логикалық әрекеттің нәтижесі>> деген лексикалық мағынада жұмсалған, соған орай есепте <<жалпы логикалық әрекет>> мағынасын беріп тұр. Ал -й көсемше жұрнағы өзі жалғанған сөзге есептеу жалпы логикалық әрекетінің ауыспалы осы шақта жүзеге асқанын білдіретін мағына үстеген. 
	Әдеттегі талдауларда білімді сөзінің құрамына талдау жасатар болсақ, біл  -  етістік, -ім  -  етістіктен зат есім тудырушы жұрнақ, -ді  -  зат есімнен сын есім тудырушы жұрнақ деген жауаптардан аспай жүргеніміз белгілі. Сабақтың мақсатына орай бұл талдауларды да пайдалану керек, бірақ әсіресе ұстаздың жоғарыдағыдай кең талдауларға келмей, атап айтқанда, сөз тудырушы мен сөз түрлендіруші жұрнақтарды ажыратуда негіз сөздің лексикалық мағынасы мен жұрнақ жалғанғаннан кейінгі тұлғаның лексикалық мағыналарына үңілмей, шәкірт бойында тиянақты, терең білім қалыптасыра алмайтынымызды мойындағанымыз жөн.
	Жалғау  -  өзі жалғанған сөзге әр алуан грамматикалық мағына үстейтін, яғни сөзді түрлендіретін, сол мағыналары арқылы өзі жалғанған сөзді  сөйлемдегі басқа бір сөзбен байланыстыратын қосымша. Жалғауларды сөз түрлендіруші жұрнақтардан ажырататын, керісінше жалғаулық және септеулік шылауларға жақындататын қасиеті  -  осы сөз бен сөзді байланыстыру қабілеті. (Бұл туралы кеңірек <<Синтаксистік байланыс. Синтаксистік қатынас>> тақырыбын қараңыз).
	Негізгі және көмекші морфемалар. Негізгі морфемаға лексикалық мағынасы бар түбір морфемалар жатады. Негізгі морфема басқа көмекші морфемалар қосылатын, олардың грамматикалық мағыналары жамалатын тірек, ұйтқы морфема болып табылады. Көмекші морфемаларға лексикалық мағынасы жоқ, тек грамматикалық мағыналы морфемалар жатады. Атап айтқанда, сөз тудырушы жұрнақтар, сөз түрлендіруші жұрнақтар, жалғаулар және түбір морфемасы бола тұра, лексикалық мағынасы жойылған көмекші сөздер деп аталатын  морфологиялық тұлғалардың бәрі де  -  көмекші морфемалар.
	Көмекші морфема және сөзді түрлендіретін морфологиялық тұлғалар. Морфема және морфологиялық тұлға ұғымдары бір біріне байланысты, бірақ әр басқа дүниелер. Морфема  -  сөз құрамындағы кез-келген  мағыналы бөлшек деп ұғынылса, морфологиялық тұлға дегеніміз  -  морфологиялық қасиетке, түрлену және түрлендіру қабілетіне ие сөз бөлшектері.  Соған орай морфологиялық тұлғалар түрленуші және түрлендіруші  тұлғалар болып екіге жіктеледі. 
	Түрленуші морфологиялық тұлғаға дербес лексикалық (қанша түбірден, қанша қосымшадан, қанша сөзден, бір сөзбен айтқанда, қанша морфемадан тұратынына қарамастан) мағынасы және сол лексикалық мағынамен ұштасатын (сөз табы ретінде белгілейтін) жалпы грамматикалық мағынасы  бар тілдік бірлік жатады. Мұндай қасиетке тек сөз деп аталатын тілдік бірлік қана ие. Ендеше түрленуші тұлға дегеніміз  -  белгілі бір сөз табына жататын лексика-грамматикалық мағыналары бар, жасалу жолына қарай бір немесе бірнеше морфемадан тұратын сөз. Түрленуші тұлғаны түрлендіруші тұлғадан ажыратанын басты белгі  -  лексикалық мағына және оның бүтіндігі, біртұтастығы. Мысалы, Өтірікшінің өтірігі зая кетер. Сөйлемде үш толық мағыналы сөз қамтылған: 1. өтірікшінің, 2. өтірігі, 3. зая кетер. Бірінші сөздің түрленуші бөлігі  -  өтірікші: тұлғасына қарай  -  туынды сөз (өйткені негізгі түбір мен сөз тудырушы жұрнақтан жасалған),  құрылысына қарай  -  дара (сөздің құрамында бір ғана түбір морфема бар), сөз табына қарай  -  зат есім. Бұл жерде түрленуші тұлға неліктен өтірікші болады, неге оның түбіріндегі  өтірік сөзі емес деген сұрақ туындауы мүмкін. Біріншіден, сөйлемнің мазмұнына үңілсек, бұл сөз арқылы <<жалған ақпарат айтуға бейім адам>> деген лексикалық мағына берілген, өтірік сөзі беретін <<жалған ақпарат>> мағынасы берілмеген, бұл мағына мысалдағы екінші сөз арқылы (өтірік сөзінің өзі қатысуы арқылы) жеткізілген. Ендеше мұндағы, екінші сөздегі,  түрленуші тұлға  -  өтірік. Зая кетер сөзіндегі  түрленуші  тұлға  -  зая кет: тұлғасына қарай  -  тіркесті сөз, құрылысына қарай  -  күрделі, сөз табы   -  етістік.  Зая кету  -  тұрақты тіркес деп танылады, білдіретін лексикалық мағынасы еңбегі еш болу тұрақты тіркесінің лексикалық мағынасымен синонимдес. Бұл бейнелі лексикалық мағына жеке алғандағы бүгінде қолданыстан шыққан зая зат есімінің немесе кету етістігінің мағыналары емес, осы екі сөздің тіркесуінен пайда болған бейнелі лексикалық мағына. Сол сияқты бір жүз жиырма бес сөзінің лексикалық мағынасы жеке-жеке алғанда дербес лексикалық мағыналары бар төрт сан есімнің тіркесуі нәтижесінде, солардың лексикалық мағыналарынан жинақталып қалыптасқан. Ендеше бұл сөз түрлене қалса (бір жүз жиырма бесті беске бөлгенде, жиырма бес шығады), тіркесті күрделі сан есім ретінде бір түрленуші тұлға деп табылады.  
	Түрлендіруші морфологиялық тұлға да жеке морфемадан тұруы да немесе бірнеше көмекші морфемадан құралған құранды болуы да мүмкін. Түрлендіруші морфологиялық тұлғаларды анықтауда олардың өзі қосылған сөзге үстейтін грамматикалық мағыналарының бүтіндігі мен біртұтастығы негіз болады. Мысалы, Өтірікшінің өтірігі зая кетер деген жоғарыда түрленушілер ретінде анықталған үш сөздің біріншісінде  -  бір, екінші және үшіншісінде екі-екіден түрлендіруші морфологиялық тұлғалар бар. Өтірікшінің сөзіндегі түрлендіруші тұлға  -  -нің ілік септігінің жалғауы. Бұл қосымша өзі жалғанған зат есімге зат (өтірікші) басқа заттың (өтірік) иесі екенін білдіретін грамматикалық мағына жамап, өзі жалғанған зат есімді (өтірікші) екінші зат есіммен (өтірік) анықтауыштық қатынаста (өтірікші сөзі өтірік сөзінің анықтауышы)  байланыстырған. Өтірігі сөзінің құрамында екі түрлендіруші тұлға бар: біріншісі  -  -і тәуелдік жалғауы, екіншісі  -  атау септігінің нөлдік жалғауы. Тәуелдік жалғауы өзі жалғанған зат есімге зат (өтірік) үшінші жақтағы басқа затқа (өтірікші) оңаша қатысты екенін білдіретін грамматикалық мағына жамап, өзі жалғанған зат есімді екінші зат есіммен (өтірікші) байланыстырған. Ал атау септігінің нөлдік жалғауы өзі жалғанған зат есімге зат (өтірік) қимылдың (зая кету) иесі екенін білдіретін грамматикалық мағына жамап, өзі жалғанған зат есімді бастауыш қызметіне қоя отырып, етістікпен байланысқа түсірген. Зая кетер етістігінің құрамында екі түрлендіруші тұлға бар. Біріншісі  -  -ер есімше жұрнағы, екіншісі  -  нөлдік жіктік жалғау (баяндауыштағы нөлдік жіктік жалғауды тану үшін үнемі баяндауыш тиянақты ма, нешінші жақта тұр деген сұрақтарға жауап іздеп отыру керек. Өйткені баяндауыш тиянақты тұлғада келсе, оның құрамында жіктік жалғау бар болғаны, дәлірек айтсақ, баяндауышты тиянақты тұлғаға айналдыру жіктік жалғаудың басты қызметтерінің бірі болып табылады.  Мысалға алынған сөйлемдегі баяндауышқа назар аударсақ, оның сөйлемді аяқтап тұрғанының өзі оның тиянақты тұлғада екенінің дәлелі болмақ, ал  қимылды нешінші жақтағы тұлға жүзеге асырғанын іздесек, зая кету әрекетін үшінші жақ, жеке тұлға орындағанын аңғаруға болады. Ендеше баяндауыштың бойында үшінші жақ, жекеше мағына бар. Баяндауышта аталған мағына бар болса, жіктік жалғау да бар деген тұжырымға келеміз. Өйткені баяндауышқа жақтық және жекеше-көпше мағына үстеу  -  тек жіктік жалғаудың қызметі. Ал баруым мүмкін, барғым келеді сиқты баяндауыштардың құрамындағы қимыл есімі және қалау рай тұлғалы етістіктерден кейін жалғанатын тәуелдік жалғауы баяндауышқа жақтық мағына үстемейді, қимыл есімі мен қалау рай тұлғасындағы етістіктерді қимыл иесімен байланыстыру қызметтерін ғана атқарады деген пікірдеміз. Оған дәлел  -  қалау рай тұлғасындағы етістіктің құрамындағы көмекші етістікте жіктік жалғаудың келуі).  Сонымен, зая кетер сөзінің құрамындағы есімше жұрнағы өзі жалғанған сөзге болжалды келер шақ мағынасын жамап, етістікті баяндауыш қызметіне қойған, ал нөлдік жіктік жалғау өзі жалғанған сөзге үшінші жақ, жекеше мағына жамап, баяндауышты тиянақты тұлғаға айналдырып, оны бастауышпен байланыстырып тұр. 
Талдауға түскен сөйлемдегі сөздердің құрамында кездескен түрлендіруші морфологиялық тұлғалардың барлығы да  -  әрі жеке морфемалар, әрі жеке морфологиялық тұлғалар. Яғни, бұл мысалдардағы әр түрлендіруші морфологиялық тұлға жеке морфемалардан тұрады.
Паром істен шыққандықтан, енді он шақырым жердегі көпір арқылы айналып өтпек. ...Үйге дейін жүгірді. ... Жүгіре жөнелді.  Бірінші мысалдағы зат есімге тіркесіп келген арқылы септеулік шылауы өзі жалғанған сөзге зат (көпір) қимылдың (өту) құрал-объектісі (егер сұрақты немен өтпек деп қояр болсаңыз) немесе зат қимылдың амал-объектісі (егер сұрақты қалай өтпек деген мазмұнда қойсаңыз) екенін білдіретін грамматикалық мағына жамап, зат есімді толықтауыш (соңғы мағына дұрыс десеңіз пысықтауыш) қызметіне қоя отырып, етістікпен байланыстырған. Мұнда бір көмекші морфема (көмекші сөз, оның ішінде септеулік шылау) бір морфологиялық тұлға  болып тұр. Екінші мысалда екі морфема бір морфологиялық тұлғаны құраған. Яғни, үйге дейін дегендегі түрлендіруші морфологиялық тұлға  -  -ге дейін, өз ішінен екі морфемадан, барыс септік жалғауы мен септеулік шылаудан құралған. Оған дәлел  -  сөзге үстелген грамматикалық мағынаның бүтіндігі мен тұтастығы. Барыс септігі мен септеулік шылаудан тұратын морфологиялық тұлға өзі жалғанған сөзге зат (үй) қимылдың (жүгіру қозғалыс-қимылының) шектік бағыты екенін (қозғалу қимылы үйге жеткенде аяқталады) білдіретін грамматикалық мағына жамаған. Сөз (үй) осы мағынаға ие болғаннан кейін етістікпен пысықтауыштық қатынасқа түсіп байланыс орнатқан. Салыстыру жүргізейік: үйге жүгірді  -  үйге қарай жүгірді  -  үйге дейін жүгірді. Бірінші мысалдағы зат (үй) қимылдың нақты бағыты (жүгіру қимылы тек үйге бағытталған), Екінші мысалдағы зат қимылдың жалпы бағдары ғана (қимылдың бағыты нақты үй емес, оның қасындағы басқа зат, ғимарат болуы да мүмкін, үй  -  жалпы бағдар ғана), үшінші мысалдағы зат қимылдың бағытының шегі (қозғалыс қимылы осы затпен шектеледі, аяқталады). Үш сөзде де  барыс септігі қолданылғанмен, үшеуіндегі үстелген грамматикалық мағына бірін-бірі қайталап тұрған жоқ, бір-бірімен байланысты, бірақ үш басқа мағыналар. Бірінші мысалдағы үстелген грамматикалық мағына барыс септігінің өзі арқылы берілсе, екіншісінде барыс септігі мен қарай септеулік шылауы арқылы, үшіншіде барыс септігі мен дейін септеулік арқылы жамалған. Ендеше бұл мысалдардағы барыс септігі мен септеулік шылау  -  бір грамматикалық мағынаны білдіретін етістіктің аналитикалық форманттары сияқты бір морфологиялық тұлға.  Жүгіре жөнелді мысалындағы -е жөнел форманты да екі морфемадан құралып, бір грамматикалық мағына, жүгіру қимылының жедел қарқынмен басталғанын білдіретін грамматикалық мағына, жамаған бір морфологиялық тұлға болып табылады. Өйткені  - е көсемше жұрнағының  жіктелген кезде білдіретін ауыспалы осы шақ (біледі) және ауыспалы келер шақ (келеді) мағыналарының ізі де жоқ, сондықтан ол көмекші етістікпен бірге күрделі морфологиялық тұлғаның құрамына кіреді. Ал мысалдағы шақтық мағына жедел өткен шақ жұрнағы арқылы берілген.
Сөйтіп түрленуші морфологиялық тұлғалар да, түрлендіруші морфологиялық тұлғалар да бір морфемадан да тұруы мүмкін, бірнеше морфемадан да құралуы мүмкін. Оларды жеке морфологиялық тұлға деп тануда мағыналары, атап айтқанда, түрленушілерді тануда лексикалық мағына, түрлендірушілерді тануда сөзге үстейтін грамматикалық мағыналары негіз болады. 




































                    № 3 дәріс. Сөз таптары
Дәріс жоспары: 
* Сөз таптарына жіктеудің принциптері
* Атауыш сөздер мен көмекші сөздер
* Есім сөздер
* Етістік
* Үстеу мен еліктеу сөздер
Сөз таптары  -  тілде бар сөздердің ортақ грамматикалық қасиеттері бойынша топтастырылатын, әр басқа грамматикалық қасиеттері бойынша бір-бірінен ажыратылып, жіктелген топтары.  Сөздерді әр басқа қасиеттері бойынша бір-бірінен ажырату, ортақ қасиеттері бойынша бір жерге топтау үшін үш түрлі принцип қолданылады. Олар  -  семантикалық принцип, морфологиялық прицип, синтаксистік  принцип. 
Семантикалық прицип  -  сөздерді грамматикалық мағыналары бойынша топтастыру принципі. 
Кез келген толық мағыналы (атауыш) сөздердің лексикалық мағынасы, сол лексикалық мағынамен ұштасқан, сол лексикалық мағынадан туындайтын жалпыланған грамматикалық мағынасы да болады. Мұндай жалпыланған грамматикалық мағына бір сөз табына жататын сөздердің бәріне ортақ қасиет болып табылады. Сөздің бойындағы жалпыланған грамматикалық мағына  -  сол сөз табындағы сөздердің бәрінің басын біріктіретін мағына болып табылады. Мұндай жалпыланған грамматикалық мағынаны жалпы грамматикалық мағына деп те, кейбір әдебиеттерде категориялық грамматикалық мағына деп те атайды. Бір жалпы грамматикалық мағыналы сөздердің бәрі ортақ бір сұраққа жауап беріп тұрады. Яғни, әр сөз табының өз жалпы грамматикалық мағынасы, соған орай дербес сұрақтары  бар. Мысалы, кім және не деген сұрақтарға жауап беретін сөздердің бәрі  -  зат есімдер, қандай және қай сұрақтарына жауап беретіндер  -  сын есімдер, қанша, неше сұрағына жауап беретіндердің бәрі  -  сан есімдер, қайт, не істе сұрақтарына жауап беретіндер  -  етістіктер деп аталатын сөз таптарына жатады. 
Атауыш сөздер (номинатив сөздер немесе толық лексикалық мағынасы бар сөздер) қатарына жатса да, бұл қасиетке ие емес сөз таптары  -  есімдіктер, үстеулер және еліктеу сөздер. Бұларды ортақ бір сұрақ арқылы бір жерге жинақтау мүмкін емес. 
Есімдіктер есім сөздердің (зат есім, сын есім, сан есім) орнына жұмсалатын орынбасар сөздер болғандықтан, қай сөз табын алмастырғанына қарай сол сөз табының сұрағына жауап бере береді. Есімдіктердің басын бір жерге жинақтайтын ортақ қасиет  -  дейктикалық қабілеті. Есімдіктерді дейктикалық сөздер деп те атаймыз. Бұл есімдіктерді сөйлемнен тыс, жеке алғанда лексикалық мағыналарының бос тұруымен, сөйлемде қай сөздің орнына жұмсалса, сол сөздің лексикалық мағынасына ие бола кету қабілетімен байланысты ұғым. Үстеулер мен  еліктеу сөздердің басын бір жерге топтастыратын белгі де  -  олардың ортақ сұраққа жауап беруі емес, морфологиялық (өзіндік түрлену жүйесі жоқ, мүлдем түрленбейтін) ерекшелігі мен синтаксистік қасиеттері (етістікпен тіркесіп, пысықтауыш қызметінде жұмсалуы).
Морфологиялық прицип  -  сөздерді түрлену қабілеттері бойынша топтастыру. 
Қазақ тілінде өзіндік түрлену жүйесі бар үш сөз табы ғана бар: олар  -  зат есім, сын есім, етістік. Морфологиялық принцип бойынша бір сөз табының қатарына жататын сөздердің барлығы сол сөз табының түрлену жүйесіндегі тұлғаларды қабылдауы міндетті. Бұл талапты зат есім мен етістік орындағанмен, сын есім толық орындамайды. Атап айтқанда, зат есімнің өзіндік түрлену жүйесі сол  -  зат есімдер көптеледі, тәуелденеді, септеледі. Қазақ тіліндегі кез келген зат есім осы қосымшаларды қабылдайды, қабылдамаса, зат есім емес деп танылады. Сол сияқты етістіктің түрлену жүйесі  -  етіс, болымсыз етістік, шақ, рай, модаль, сипат категорияларының тұлғалары. Кез келген етістік аталған тұлғалармен (біреуімен немесе бірнешеуімен) түрлене алады. Бұл тұлғаларды қабылдамаса, етістік екені күмәнды. Ал сын есімдердің өзіндік түрлену жүйесі  -  шырай категорясының тұлғалары. Бірақ кез келген сын есім шырай тұлғаларымен түрлене бермейді. Шырай тұлғаларын қабылдайтындар  -  сапалық сын есімдер ғана, қатыстық сын есімдер шырай тұлғаларымен түрленбейді. 
Басқа сөз таптарының өзіндік түрлену жүйелері жоқ. Бірақ субстантивтенген (заттанған) кез келген сөз (сын есім, сан есім, есімдік, етістіктің есімше және қимыл есімі мен қимыл иесі түрлері, сондай-ақ үстеулер) зат есімше түрлене алады. Сондай-ақ адъективтенген (сын есімнің орнына жұмсалған) жекелеген зат есімдер шырай тұлғаларын қабылдай алады. 
Мүлдем түрленбейтін сөздерге үстеу мен еліктеу сөздер ғана жатады. 
Синтаксистік принцип  -  сөздерді синтаксистік ерекшеліктері бойынша топтастыру. 
Бұл тұрғыдан сөз таптарының басқа сөздермен тіркесу қабілеттері, сөйлем мүшесі болу қызметтері, сөз тіркесінің басыңқы және бағыныңқы сыңары болу қасиеттері ескеріледі.  Атап айтқанда, сын есім мен сан есім, негізінен зат есімнің бағыныңқысы болуға, сол арқылы анықтауыш қызметіне тұруға қабілетті, үстеу етістікпен тіркесіп, пысықтауыш болуға қабілетті. 
Бұл принциптер, негізінен, атауыш сөздерді бір-бірінен ажырату үшін, бір жерге топтастыру үшін қолданылады. 
Қазақ тілінде тоғыз сөз табы бар деп жүрміз. Соңғы кездері модаль сөздерді оныншы сөз табы ретінде тану кең орын алып келеді. Сонда шылау мен одағайды,  модаль сөздерді қай белгілеріне қарап бөлек сөз таптары ретінде танимыз. Өйткені жоғарыдағы үш принцип жеті сөз табына ғана қатысты екенін, атауыш сөздерді топтастыру үшін қолданылатынын айттық.
Тілде бар сөздердің бәрін жинап, бірінші кезекте, лексикалық мағыналарына қарай, атап айтқанда, лексикалық мағыналарының бар-жоқтығына қарай, жіктеп, топтастыруға болады. Бұл тұрғыдан сөздер үш қатарға топтасады: атауыш сөздер, көмекші сөздер және одағайлар.  
Атауыш сөздер  -  толық лексикалық мағынасы бар сөздер. Атауыш сөздер тілдегі сөздердің басым бөлігін құрап, сөйлемде қандай да бір ұғымды атау үшін жұмсалады. Семантикалық, морфологиялық, синтаксистік ерекшеліктері бойынша өз ішінен жеті сөз табына бөлінеді:  зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, еліктеу сөз. 
Көмекші сөздер  -  түбір морфемасы бола тұра мүлдем лексикалық мағынасы жоқ, сөйлемде объективті өмірдегі ешбір затты, құбылысты, ешбір ұғымды атамайтын, кейде жеке өздері, кейде басқа морфемалармен бірлесіп, қандай да бір грамматикалық мағынаны білдіретін, яғни, сөз түрлендіруші тұлға қызметін атқаратын сөздер.  Тілімізде көмекші сөздердің үш түрі бары айтылып жүр. Олар  -  шылау, көмекші есім, көмекші етістік. Бұлардың қатарына ертеректердегі оқулықтарда күшейткіш үстеу деп көрсетіліп келген, асырмалы шырайдың көрсеткіші болып табылатын өте, аса, тым, ең, т.б.  с.с.  көмекші сөздерді қосуға болады. Сонымен қатар оныншы сөз табы ретінде көрсетіліп жүрген, субъективті модаль мағынасын білдіру үшін күрделі баяндауыш құрамында кездесетін (мысалы, баруы мүмкін, айтуы тиіс, айтқаның жөн) модаль сөздер де сөзге грамматикалық мағына үстейтін морфологиялық тұлға құрамында келетіндіктер көмекші сөздер қатарына жатады. Сөйтіп, көмекші сөздердің қатары беске дейін толығады. 
Одағайлар  -  лексикалық мағынасы жоқ болғандықтан атауыш сөздер қатарына да жатпайтын, белгілі бір сөзге грамматикалық мағына үстемейтіндіктен көмекші сөздер қатарына да жатпайтын сөздердің ерекше тобы. Одағайлар сөйлемнің синтаксистік желісінен тысқары (сөйлемді құрайтын сөздердің ешқайсысымен синтаксистік  байланысқа түспей)  тұратындықтан үнемі оқшау сөздер қатарынан табылады. Одағайлар сөйлемде негізгі синтаксистік желіден тыс тұрса да, сөйлеуші тарапынан қолданылып, сөйлеушінің көңіл-күйінен, сөйлеушінің тыңдаушымен арақатынасындағы әралуан жағдайлардан хабар беру қызметін атқарады. 
Көмекші сөздер.  Көмекші сөздердің түрлері  -  көмекші есім, көмекші етістік, шылау, асырмалы шырай тұлғалары және көмекші модаль сөздер бір-бірінен қандай белгілері арқылы ажыратылады?
Әдетте көмекші есім, көмекші етістік, шылау  -  үшеуін бір-бірінен ажыратуда олардың морфологиялық ерекшеліктері негіз болады. Атап айтқанда, көмекші есімдер  -  зат есімнің (заттанған сөздің) жетегінде келетін, лексикалық мағынасы жоқ (немесе солғындаған), өзі тіркескен сөзге грамматикалық (мекендік) мағына жамап түрлендіретін, өзі зат есімше түрленетін (көптелетін, тәуелденетін, септелетін), өзі тіркескен зат есіммен тек тәуелдік жалғауы арқылы байланысып тұратын көмекші сөздер. Көмекші есімдердің морфологиялық ерекшелігі  -  зат есімше түрлену қабілеті  -  оларды бөлек сөз табы ретінде емес, атауыш сөздердің, зат есімдердің аясында  қарастыруға негіз болған. Көмекші есімдер шығу төркіні жағынан зат есімдерге келіп тіреледі. Толық мағыналы зат есімдерден олардың басқа зат есімдердің жетегінде келіп оған грамматикалық мағына үстеу үшін жұмсалу барысында лексикалық мағыналарынан айырылып, көмекші есімдер қалыптасқан.  
Қазақ тіліндегі көмекші есімдер өте жиі қолданылғанмен, олардың саны аса көп емес. Қазіргі қазақ тіліндегі көмекші есімдер ретінде мына сөздерді көрсетуге болады: алд, арт, аст, үст, жан, жақ, қас, маң, маңай, тұс, іш, сырт, тыс, ара, қарсы, бой, шет, орта, соң.
Көмекші есімдер өзі тіркескен зат есімге (заттанған басқа сөздерге) тек мекендік мағына ғана үстейді. Сондай-ақ зат есім мен оған жетектелген көмекші есімнің құрамындағы морфологиялық тұлғалардың әрқайсысының өз қызметтері бар. Мысалы, Қалам үстелдің үстінде жатыр. Сөйлемде өзара матаса байланысқан зат есім мен көмекші есімнің тіркесі (баяндауыш қызметіндегі) жатыр  етістігімен  пысықтауыштық қатынаста байланысқан. Бұл жерде пысықтауыштың жасалуына,  байланыстың қалыптасуына көмекші есімнің еш қатысы жоқ, мұндағы байланыс жатыс септігі арқылы орнаған және пысықтауыштың жасалуы да тек жатыс септігімен байланысты. Көмекші есім өзі тіркескен зат есіммен тәуелдік жалғауы арқылы байланысып, оған (зат есімге) мекендік мағына жамаған. Атап айтқанда, үст сөзі арқылы заттың (үстелдің) бір бөлігі, тұсы (нақтырақ айтқанда, жоғарғы бет жағы) меңзелген. Ал тәуелдік жалғау осы бөліктің (үст) затқа (үстелге) қатысты екенін білдіріп, көмекші есімді зат есіммен байланыстырған. Зат есімнің құрамындағы ілік септігі зат (үстел) көмекші есім (үст) арқылы аталған заттың бөлік-мекенінің иесі екенін білдіріп, зат есімді көмекші есіммен байланыстырған. Жатыс септігі зат есім мен көмекші есімнен тұратын тіркесті зат (дәлірек айтқанда, көмекші есім арқылы белгілі бір бөлігі көрсетілген зат) қимылдың мекені екенін білдіріп, етістікпен пысықтауыштық қатынаста байланыстырған. Сөйтіп өзара матаса байланысқан зат есім мен көмекші есім тіркесінен тұратын морфологиялық тұлға жымдасып бір бүтінге (бір компонентке) айналады. Олардың басқа сөздермен байланыс орнатуы, синтаксистік қызметтері көмекші есімнің құрамында тәуелдік жалғауынан кейін келетін септік жалғауларының (немесе басқа тұлғалардың) осы тіркеске үстейтін грамматикалық мағыналарына байланысты болып келеді. Мысалы, үстелдің үстін тазала, үстелдің үсті таза, үстелдің үстіне қой. Мұндағы бірінші мысалда табыс септігі зат (көмекші есім арқылы белгілі бір бөлігі көрсетілген зат)  қимылдың тура объектісі екенін білдіріп, зат есім мен көмекші есімнің тіркесін етістікпен тура толықтауыштық қатынаста байланыстырған, екінші мысалда атау септігінің нөлдік жалғауы зат (көмекші есім арқылы белгілі бір бөлігі көрсетілген зат)  қимылдың иесі екенін білдіріп, зат есім мен көмекші есімнің тіркесін етістікпен бастауыш қызметіне қойып байланыстырған, үшінші мысалда барыс септігі зат (дәлірек айтқанда, көмекші есім арқылы белгілі бір бөлігі көрсетілген зат)  қимылдың нақты бағыты (адресат-мекені) екенін білдіріп, зат есім мен көмекші есімнің тіркесін етістікпен пысықтауыштық қатынаста байланыстырған. 
Көмекші есім үстейтін мекендік мағыналар өз ішінде бір-бірімен антонимдік (алд  -  арт, аст  -  үст, іш  -  сырт), синонимдік (жан  -  жақ  -  маң,  сырт  -  тыс, ара  - орта) қатарлар түзетін мәндерге ие. Бұл құбылысты көмекші сөздердің грамматикалану процесін бастан өткерсе де, лексикалық мағыналарының әлі толық жойылмағанының, тек солғындағанының белгісі деп қарауға болады. Сол сияқты судың беті, сөздің басы, таудың етегі, т.б. с.с. тіркестердегі тәуелдік жалғауындағы зат есімдерді дәл көмекші есімдер сияқты өзі тіркескен ілік септігіндегі зат есімдерге мекендік мағына үстеп тұрғандықтан (ілік септігіндегі зат есім арқылы аталған заттың (судың, сөздің, таудың) белгілі бір бөлік-мекенін көрсетіп тұрғандықтан), көмекші есім деп көрсетіліп жүрген жайлар да бар. Бұл  -  аталған сөздердің грамматикалану процесін бастан өткеріп жатқанының көрінісі. Бірақ ауыспалы мағынада жұмсалған мұндай полисемиялы сөздердің бәрін көмекші есімге айналды деуге әзір ертерек сияқты.
Көмекші етістіктер. Көмекші етістіктер  -  атауыш сөздің жетегінде келетін, лексикалық мағынасы жоқ (немесе лексикалық мағынасынан сөйлемде уақытша айырылған), өзі тіркескен сөзге әралуан грамматикалық мағыналар жамап түрлендіретін, өзі етістік сияқты түрленетін (етіс, болымсыз етістік, шақ, рай, модаль тұлғаларын қабылдайтын) көмекші сөздер. Көмекші етістіктердің атауыш етістіктер сияқты түрлену қабілеті оларды морфологиялық принцип бойынша етістіктердің аясында қарастыруға негіз болған.   Көмекші етістіктер де шығу төркіні жағынан толық мағыналы етістіктерден қалыптасқан. Олардың көмекші етістікке айналуына өзі тіркескен сөзге грамматикалық мағына жамау үшін жұмсалуы, лексикалық мағынасынан айырылуы себеп болған. 
Қазақ тіліндегі көмекші етістіктер қатарына  отыздан аса сөз жатады. Бұлардың саны соншалықты аз болғанмен, тілдегі атқаратын қызметтері орасан зор және білдіретін мағыналары аса бай. 
Қазақ тіліндегі көмекші етістіктер тілде жұмсалу ерекшелігіне қарай тұрақты көмекші етістіктер және уақытша көмекші етістіктер болып екіге бөлінеді. 
Тұрақты көмекші етістіктерге бүгінде тек көмекшілік қызмет қана атқаратын, лексикалық мағынасынан толық айырылған етістіктер жатады. Тіліміздегі бұл қатардағы етістіктердің саны шектеулі, олар: е-, ет, қыл, жазда көмекші етістіктері. Осы қатарға шартты түрде бол етістігін де қосуға болады. Бол етістігін, негізінен, уақытша көмекші етістік деп те тануға болады. Өйткені бұл сөз кей жағдайларда тездету және біту, бару етістіктерімен синонимдес лексикалық мағынаны білдіре алады (мысалы, Бол! Бас аяғыңды! Бүгінше болдым. Ол аймақта болғанмын.).Сонымен қатар бол етістігі ет, қыл етістіктері сияқты көмекшілік қасиетке де ие. Бұл үшеуі, негізінен, есім сөздерден құранды етістік жасайды: ыза болу, ие болу, еңбек ету, қанағат қылу, т.б. Бол етістігі, сонымен қатар, қимылдың соңғы, аяқталу кезеңін білдіретін аналитикалық формант құрамында да кездеседі. Мысалы, Үйді салып болған. Бұл қасиет ет және қыл етістіктеріне тән емес. Ет етістігі еліктеу сөздерден де құранды етістік жасайтын қызметке ие: бұрқ ету, сарт ету, т.б..
Сонымен, ет, қыл, бол етістіктері  -  сөзжасамдық қабілетке ие көмекші етістіктер.  Бұл қасиет  -  оларды басқа көмекші етістіктерден ерекшелендіретін басты белгі.
Е- көмекші етістігі (тарихи тұрғыдан ер көмекші етістігенен қалыптасқан)  -  тілімізде емес, екен, еді тұлғаларында жұмсалады. 
Уақытша көмекші етістіктерге тілімізде бірде дербес лексикалық мағынасымен жұмсалып, толық мағыналы сөз ретінде қолданылатын, бірде басқа толық мағыналы етістіктің жетегінде келіп, лексикалық мағына білдірмей, жетекші етістікке қандай да бір грамматикалық мағына үстейтін аналитикалық форманттың құрамында келетін етістіктер жатады. Мысалы, Кітабын сөмкеге салды деген сөйлемде етістік затты бір орыннан қозғап, екінші бір ыдысқа ауыстырғанын білдіретін лексикалық мағынада, яғни толық мағында жұмсалса, Ойындағысын айта салды деген сөйлемде енді сол етістік бірінші мысалдағы лексикалық мағынаны да, одан туындайтын басқа лексикалық мағынананы да білдірмеген, сөйлемдегі негізгі қимыл айту етістігінің лексикалық мағынасы арқылы беріліп, сал етістігі  - а көсемше жұрнағымен бір морфологиялық түрлендіруші тұлғаға айналып, айту қимылының іс иесі (субъект) тарапынан немқұрайды жүзеге асқанын білдіретін грамматикалық мағына жамаған, яғни, көмекшілік қызметте келген.
Қазақ тіліндегі уақытша көмекші етістіктерге: ал, бақ, бар, баста, бер, бол, біл, біт, жат(ыр), жөнел, жүр, жібер, кел, көр, қал, қой, отыр, тұр, өт, сал, таста, түс, шық сөздері жатады.  Бұлар есімше, көсемше немесе етістіктің басқа қосымшаларымен бірлесіп, құранды күрделі морфологиялық түрлендіруші тұлғаға (аналитикалық формантқа) айналып, етічтікке қосылғанда, етістіктің аналитикалық тұлғаларын (формаларын) қалыптастырады. Қосымша мен көмекшіетістіктен тұратын аналитикалық форманттардың грамматикалық мағыналары етістіктің әр түрлі грамматикалық категорияларының пардигмасына енеді.
Қазақ тіліндегі ерекше қасиетке ие, әрі көмекші етістік, әрі негізгі етістік бола алатын сөздердің бірі  -  де етістігі. Де етістігі толық мағыналы сөз ретінде сөйлеу етістіктерінің қатарына жатады. . Мысалы, Не дедің?, сәлем де, солай де, т.б. Сонымен қатар ойлау етістіктерінің мағынасын да бере алады. Мысалы, <<Не де болса барайын. Қалғанын бара көрерміз>>, - дедім ішімнен.  Бұл құбылыс де етістігімен байланыстағы ойлау етістігінің сөйлемнен ықшамдалуы, бірақ оның лексикалық мағынасының де етістігіне көшуімен байланысты: деп ойладым ішімнен конструкциясынан ойладым сөзі түсіп қалып, автор сөзі дедім ішімнен нұсқасында қолданылған. 
Де етістігінің басты қасиеті  -  төл сөз бен автор сөзін байланыстыру қызметі. Бұл қызметтегі де етістігі екі түрлі жұмсала алады. Біріншіден, ол сөйлемде толық мағыналы сөз ретінде көрінеді, екіншіден, көмекші сөз түрінде қолданылады. Де етістігі қандай семантикада жұмсалса да, мейлі толық мағыналы сөз, мейлі көмекші сөз ретінде көрінсе де басты қызметінен  -  төл сөз бен автор сөзін байланыстыру қабілетінен айрылмайды. Мысалы,   -  Рақмет, осы атағаның да болады,  -  деді Аман. Бұл мысалда де сөйлеу етістігінің семантикасында толық мағыналы сөз ретінде жұмсалып, автор сөзіндегі сөйлемнің баяндауышы қызметінде келген. Әрі төл сөзді автор сөзімен ұштастырып, байланыстыру қызметін де атқарған. Автор сөзінің құрамында толық мағыналы сөйлеу, ойлау етістіктерінің бірі қатысса, де толық мағыналы сөз болмай қалады, тек төл сөзі автор сөзімен өзі бағыныңқы болған етістікке, не зат есімге ұштастыру арқылы байланыстыру қызметін атқарады: <<Болыс осы ауылға келеді екен>>,  -  деген хабар тез тарады.   -  Ой оңбаған! Жоғалт көзіңді!  -  деп бар дауысымен айғай салды.
Де етістігін басқа етістіктерден ерекшелендіретін тағы бір қасиеті  -  жіктік жалғаулы етістіктермен тіркесе алу қасиеті. Тілімізде барайық деді, келемін депті, қайтамыз дескен, т.б. с.с. тіркестер жиі қолданылады. Мұндай қабілет де етістігенен басқа бір-бір етістікке тән емес. Де етістігінің  жіктік жалғаулы сөзге тіркесу мүмкіндігі тікелей төл сөз бен автор сөзін байланыстыру қызметінен дамып қалыптасқан. Өйткені төл сөздегі сөйлемнің баяндауышы етістіктен болғанда жіктік жалғауын қабылдап, сөйлемді аяқтап тұратыны белгілі. Төл сөз жеке сөйлемдік қасиетінен айырылғанда, атап айтқанда, жеке сөйлемдік сазынан айырылғанда, автор сөзімен бір сөйлемге айналып тұтасып кетеді: Ертең барамыз дедім ғой! 
Де етістігі таза көмекшілік қызметте, аналитикалық формант құрамында да кездеседі. Мысалы, Қалаға кетейін деп жүр. Қорқайын дедім. Бұл аналитикалық формант қимылдың жасалуға жақындағанын, субъектінің қимылды жасауға бейімделгенін білдіреді
Деп етістігі өзі тіркескен сөзге, сөйлемге мақсат мағынасын үстеп, септеулік шылау қызметінде де көрінеді. Мысалы, Мен мұнда бір сен деп келдім. Жау сезіп қалмасын деп, барлаушылар жер бауырлап қана жылжып келеді.  

Шылау.  Шылау  -  лексикалық мағынасы жоқ, өзі қосылған сөзді, сөйлемді түрлендіретін (грамматикалық мағына жамайтын), бірақ өзі түрленбейтін көмекші сөздер. Көмекші сөздердің түрленбеуі  -  оларды басқа көмекші сөздерден ( көмекші есім мен көмекші етістіктен) ерекшелендіретін, жеке сөз табы деп тануға негіз болатын басты белгісі.
Шылау сөздер үшке бөлінеді: 1) жалғаулық шылау, 2) септеулік шылау, 3) демеулік шылау. 
Шылау сөздерді бір бірінен ажыратуда синтаксистік қабілеттері басты белгі болады. 
Жалғаулық шылау  -  сөзді, сөйлемді түрлендірумен қатар, сөз бен сөзді (сөйлемнің бірыңғай мүшелерін), сөйлем мен сөйлемді (салалас құрмалас сөйлемнің жай сөйлемдерін) салаластыра байланыстыратын шылау. Мысалы, Құлақтан кіріп бойды алар, Жақсы ән мен тәтті күй. Қадірдің киімі жұқа, әрі денмаулығы да мықты емес. 
Жалғаулық шылаулар мағынасына қарай  топқа бөлінеді:
* Ыңғайлас мәнді жалғаулықтар: мен (бен, пен), және, да (де, та, те), әрі.
* Қарсылық мәнді жалғаулықтар: бірақ, алайда, дегенмен, әйтпесе, сонда да, әйткенмен, т.б.
* Себеп-салдар мәнді жалғаулықтар. Бұлар өз ішінен мәнділер (себебі, өйткені, неге десең) және салдар мәнділер (сол себепті, сондықтан, сол үшін) болып екіге бөлінеді.
* Кезектес мәнді жалғаулықтар: бірде, біресе, кейде.
* Талғау мәнді жалғаулықтар: әлде, не, немесе, болмаса, не болмаса, я болмаса, я, яки.
Септеулік шылау  -  сөзді түрлендірумен қатар, сөз бен сөзді (сөз тіркесінің компоненттерін), сөйлем мен сөйлемді (сабақтас құрмаластың компоненттерін) сабақтастыра байланыстыратын шылаудың түрі. Мысалы,  Біз бұл сияқты бұйрық жарияланатынын білген жоқпыз. Жүлде алар жұма сайын туды күнім. Назыкеш ұзай берген соңғы бір көшке қарай шауып кетті.
Септеулік шылауларды топтастыруда олардың қандай септік тұлғасындағы сөзге жетектеліп келетіні басшылыққа алынып, атау септігіндегі сөздерге жетектелетіндер: үшін, сайын, сияқты (секілді, тәрізді), туралы (жайлы, жөнінде, хақында, турасында, жайлы), арқылы, бойы (бойымен, бойынша), шамалы (қаралы, шақты), соң; барыс септігіндегі сөзге жетектелетіндер: дейін (шейін), қарай, таман, жақын (тарта, таяу),  салым; шығыс скптігіндегі сөзге жетектелетіндер: бері, кейін, соң, бұрын, бетер; көмектес септігіндегі сөздерге жетектелетіндер: бірге, қатар болып жіктеліп жүр. 
Бұл жерде септік жалғаулары туралы ертеректегі әдебиеттерде айтылатын пікірлерге, анықтамалардан, тұжырымдардан  үш түрлі ақауды байқаймыз. 
Біріншіден, септеулік шылаулар  -  белгілі бір септік жалғауларында тұрған сөздерге тіркесіп (жетектеліп) келетін көмекші сөздер емес, яғни, септік жалғауымен түрленген сөзді одан әрі түрлендіруші емес. Септік жалғаулары  -  кейде өзі, кейде белгілі бір септік жалғауымен қосылып, сөзге біртұтас бір грамматикалық мағына үстеп түрлендіруші.  
Екіншіден, үшін, сайын, сияқты, туралы, арқылы, бойы септеуліктері атау септігінде тұрған сөзге тіркеспейді, бұлар тіркескен сөздердің құрамында ешқашан атау септігі болмайды. Атау септігі  -  зат баяндауышта айтылған қимылдың, жай-күйдің иесі екенін білдіретін септік. Сондықтан атау септігіндегі сөздер бастауыштық мағынаға ие болып тұрады. Ал жоғарыда аталған септеуліктердің алдында тұратын сөздер мұндай мағынаға ие емес, тек атауыштық (номинптивтік) мәнге, қызметке ие. Бұл қасиет  -  кез келген толық мағыналы сөзге тән қасиет. Сөздің атауыштық мағынасы мен қызметін атау септігіндегі сөздің мағынасы мен қызметімен шатастыруға болмайды. Сондықтан аталған септеуліктер  -  атау септігіндегі сөздерді түрлендірмейді, атауыштық мәнге ие, басқа тұлғалармен түрленбеген сөздерге (яғни түбір күйіндегі сөздерге) әралуан гүрамматикалық мағына жамайтын шылаулар. Кейде есімше, қимыл есімі тұлғалы етістіктердің құрамында келетін кездері бар. Мысалы, келген сайын, келетін сияқты, бару үшін, барған бойы. 
Үшіншіден, септеулік шылаулар  -  зат есімнің септеу категориясының мағыналарын беретін аналитикалық тұлғалар. Бұл  -  оқулықтарда айтылмай жүрген тұжырым.
Септеулік шылаулардың сөзге жамайтын грамматикалық мағыналары сан алуан және ол мағыналар, негізінен, сөздің басқа бір сөзбен белгілі бір синтаксистік қатынаста байланысуы үшін қажет. Бұл тұрғыдан септеулік шылаулардың мағыналары септік жалғауларының мағыналарына сәйкес болып келеді: кейбір септеулік шылаулардың мағыналары септік жалғауларының мағыналарына синонимдес болып келеді, кейбірі септік жалғауларының мағыналарымен ұштасып жатады. Ендеше септеулік шылаулар ойды дәл құрауға қажетті грамматикалық мағыналарды білдіріп,  сөйлемде сөздерді түрлі қатынастарға түсіріп, септік жалғаулары сияқты қызмет атқарады.
Үшін септеулігі өзі тіркескен сөзге зат қимылдың мақсаты екендігін білдіретін мағына жамайды. Мысалы, Балалары айран-шалап үшін әлді ағайынға жалшылыққа кетіпті. Аталған шылау қимыл есімі тұлғасындағы етістікке де мақсаттық мағына жамап, сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді де байланыстыра береді. Мысалы, ... Ұлыққа жауап беру үшін ... үшеуін сайлады.  Жауап басқаларға түсінікті болу үшін, сұрақтың жүйелі болғаны жөн.
Сайын септеулігі мезгіл атауы болатын зат есімдерге және лексикалық мағынасында мезгіл мағынасы бар сөз тіркестеріне ғана тіркеседі де, өзі тіркескен сөзге аталған мезгіл қимылдың  қайталануының тұрақты мерзімі екенін білдіретін мағына жамайды.  Мысалы, Жыл сайын барады. Үш күн сайын әкеледі. Сайын септеулігі бұрынғы өткен шақ тұлғасындағы есімшеге де бір қимыл екінші қимылдың  қайталануының тұрақты мерзімі екенін білдіретін мағына жамайды. Мысалы, Маржан мен көрген сайын күліп жүреді. Жаман мақтаған сайын есіре түседі. Дәл осы мағына бағыныңқысының баяндауышы  - ған сайын тұлғасымен берілген мезгіл бағыныңқылы сабақтас құрмаластың компоненттері арасында да сақталады. Мысалы, Әсет қала жаққа кеткен сайын, анасының мазасы болмайды. Күлшат күлген сайын, ол да күледі.  Кейде  - ған сайын тұлғасындағы етістік қимыл екінші қимылға (тұрақты қайталанатын мерзімі емес)  түрткі болғанын білдіретін логикалық тұрғыдан қатынаста тұрады: Оқыған сайын баурап барады.  Оқу әрекеті баурауға түркі болған. Алайда, грамматикалық тұрғыдан сөздердің арасында мезгілдік қатынас орнайды. Бұл  -  сайын септеулігінің өзі тіркескен сөзге жамаған грамматикалық мағынасы арқылы қалыптасқан мағына. Дәл осындай құбылыс төмендегі мысалдардан да байқалады:   Білген сайын біле түсті. Күн өткен сайын аралары алшақтап бара жатқанын сезеді.
Сияқты (секілді, тәрізді, сынды) септеуліктері зат есімге және заттанған сөздер мен сөз тіркестеріне тіркескенде, өзі жалғанған сөзге зат басқа затқа ұқсас, тең екенін білдіретін грамматикалық мағына жамайды. Заттардың қай қыры ұқсас екендігі байланысқан сөздермен кейде бірге қолданылатын, кейде жасырын келетін, бірақ тіркестен байқалып тұратын сын есімдер (адъективтенген сөздер) арқылы белгілі болады. Мысалы, Көсеу секілді (имек) таяқ таяқ ілінді қолына. Сапсыз пышақ сияқты (қырлы) таспен ұрғылай бастады. Күләш, Роза сынды әнші қыздар  -  қазақтың мақтанышы.  Басыңқы сыңары сын есімнен және етістіктен болған, бағыныңқысы басыңқымен жоғарыдағы септеулік шылау арқылы байланысқан сөз тіркестерінде септеулік шылау  зат есімге (заттанған сөздер мен сөз тіркестеріне)  зат қимылдың, немесе жай-күйдің (сындық белгінің) ұқсас, тең объектісі екенін білдіретін грамматикалық мағына жамайды. Мысалы, тау секілді үлкен, тас сияқты қатты, қоңыз сияқты тырбаңдау, ит секілді ырылдау, т.б.
Сияқты (секілді, тәрізді, сынды) септеуліктері есімше етістіктер мен етістікті сөз тіркестеріне тіркесіп келгенде, сын есімдер мен адъективтенген сөздерге (сөз тіркестеріне) тіркесіп келгенде, сөз бен сөзді байланыстыру қызметінен айырылып, субъективті модаль мағынасына, сөйлеушінің көзқарасына қатысты жорамалдау, бағалау мағыналарына ие болады. Жағдайы жақсы сияқты, Мұрат іссапардан келген сияқты, т.б.
Туралы (жайлы, жөнінде, турасында, жайында, хақында) септеулігі зат есімге, заттанған сөздер мен сөз тіркестеріне зат қимылдың тақырып-объектісі екенін білдіретін грамматикалық мағына жамайды. Мысалы, Ол сап алдында сынаудың қорытындысы жайлы қысқаша талдау жасады.  ... Артель туралы бірсыпыра нәрсені біліп алдым.
Арқылы септеулігі зат есімге, заттанған сөздер мен сөз тіркестеріне зат қимылдың құрал-объектісі екенін білдіретін грамматикалық мағына жамайды. Мысалы, көпір арқылы өту, телефон арқылы сөйлесу, т.б..
Шамалы (қаралы, шақты) септеулігі сан есімдерге тіркесіп, оған болжалдық мағына жамайды. Бұл мағынаның сөз бен сөзді байланыстыруға еш қатысы жоқ. Сондықтан септеу категориясының парадигмасына жатпайды, сондықтан бұл қатардағы сөздерді демеулік шылауға жатқызу орынды. 
Дейін (шейін), қарай, таман, жақын (жуық, таяу, тарта, салым) септеуліктері қазір септеулік шылау қатарына өткен сөздер болғанмен, ертеде барыс септігіндегі сөзді меңгерген толық мағыналы есім немесе етістік болғаны даусыз. Қазір бұлар барыс септігіндегі сөзге тіркесіп келгенмен, барыс септігіндегі сөздің үстіне жаңа бір грамматикалық мағына жамамайды, зат есімге барыс септігімен бірігіп, тұтас бір грамматикалық мағына жамайды. Басқаша айтсақ, барыс септігі мен аталған септеуліктер  -  бір грамматикалық тұлға, оған дәлел  -  септік жалғауы мен септеулік шылау сөзге әрқайсысы жеке-жеке грамматикалық мағына  жамамайды, екеуі қосылып бір ғана грамматикалық мағына жамайды. Бұл  -  белгілі бір септік жалғауындағы (барыс, шығыс, көмектес септігіндегі) сөздерге тіркескен барлық септеуліктерге тән құбылыс. Барлығында септік жалғаулары бір басқа, септеулік шылаулар бір басқа грамматикалық мағына білдіріп тұрмайды, екеуі бір мағынаға ие болады. Оны осы тұлғалармен байланысқан сөз тіркестеріндегі сөздердің синтаксистік қарым-қатынасынан айқын байқаймыз. Және ол мағыналар септік жалғауларының мағынасымен ұштасып жатады:  кейде септік жалғауының мағынасымен мәндес болып келеді, кейде септік жалғауының мағынасынан бастау алып, бірақ оған өзгеше рең беріп тұрады, бір сөзбен айтқанда, септеу категориясының парадигмасынан орын алатын мағына болып табылады. Осы себептен септік жалғауы мен септеулік шылауды етістіктің (қосымша мен көмекші сөзден құралған) аналитикалық форманттары сияқты  сөзді түрлендіруші күрделі бір тұлға ретінде қарастырамыз.
	-Ге дейін  форманты өзі жалғанған зат есімге, заттанған сөздерге, сөз тіркестеріне зат қимылдың бағытының жасалу шегі екенін білдіретін грамматикалық мағына жамайды.  Мысалы, Үйіне дейін екі өкпесін қолына алып, жүгіріп келді. Осы формат мезгіл мәнді зат есімдер мен сөз тіркестеріне қосылғанда, зат есім атаған мезгіл қимылдың уақыттық шегі екенін білдіретін грамматикалық мағынаға ие болады: Астықты жаңбыр басталғанға (басталатын кезге) дейін жинап алу керек. Келер жұмаға дейін жауабын күт.  Кейде бұл формант сөзге демеулік шылауға тән күшейте шектеу мағынасын жамайды: Рақымбайға шейін ... есеңгіреп қалған сияқты.  
-Ге қарай форманты өзі жалғанған сөзге зат қимылдың жалпы бағдары екенін білдіретін грамматикалық мағына жамайды. Мысалы, Көш жайлауға қарай бет түзеді.
-Ге таман, -ге жақын, -ге таяу, -ге жуық, -ге салым   форманттары қосылғанда сөзге (зат есімге) жалпы бағдар мағынасымен қатар ара қашықтық мағынасы қосылады. Мысалы, Ұзақ ... өз ауылына таман келгенде....  Қалаға жақын тұрамыз. Осы форманттар зат есімдерді байланыстырғанда, тек ара қашықтық мағынасын ғана жамайды: Мектепке жақын үйлер, құдыққа таман жерде, т.б. Бұл форманттар мезгіл мәнді зат есімдер мен зат есімді сөз тіркестеріне қосылса, оларға кеңістіктегі арақашықтықты емес, мезгілдік ара қашықтық мағынасын жамайды: Күзге таяу келе.  Жиналыс бітерге (бітер кезге) таман қабарласамын.
Бұл форманттар сан есімдерге қосылғанда, болжалдық мағына жамайды. Мысалы, Екі мыңға тарта жылқысы бар. Аталған форманттардың бұл мағынасы сөз бен сөздің байланысуына арқау болатын септеу категориясының парадигмалық қатарына енбейді, демеулік шылауға тән мағыналар болып табылады. 
Сонымен септеулік шылау  -  кейде жеке өздері, кейде септік жалғауымен бірге өзі қосылған сөзге септеу категориясына тән қандай да бір грамматикалық мағына жамайтын, сол мағына арқылы сөздерді синтаксистік қатынасқа түсіріп сабақтастыра байланыстыратын шылаудың түрі.
Демеулік шылау  -  өзі тіркескен сөзге, сөйлемге қандай да бір грамматикалық мағына үстегенмен, сол мағынасы арқылы сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді  байланыстыруға қатыспайтын шылау. 
Демеуліктердің мағыналыұ түрлері:
* Сұраулық мәнді демеуліктер: ма/ме, ба/бе, па/пе, ше;
* Күшейткіш мәнді демеуліктер: -ақ, -ау, -ай, да (де, та/те), әсіресе;
* Шектеу (тежеу) мәнді демеуліктер: ғана (қана), тек, -ақ;
* Болжал мәнді демеуліктер: -мыс (-міс), -ау;
* Болымсыз, қарсы салыстыру мәнді демеуліктер: түгіл, тұрсын, тұрмақ, құрлы;
* Нақтылау мәнді демеуліктер: қой/ғой, -ды/ді, -ты/-ті;
* Қомсыну мәнді демеулік: екеш.

Одағайлар  -  лексикалық мағынасы жоқ болғандықтан атауыш сөздер қатарына да жатпайтын, белгілі бір сөзге грамматикалық мағына үстемейтіндіктен көмекші сөздер қатарына да жатпайтын сөздердің ерекше тобы. Одағайлар сөйлемнің синтаксистік желісінен тысқары (сөйлемді құрайтын сөздердің ешқайсысымен синтаксистік  байланысқа түспей)  тұратындықтан үнемі оқшау сөздер қатарынан табылады. Одағайлар сөйлемде негізгі синтаксистік желіден тыс тұрса да, сөйлеуші тарапынан қолданылып, сөйлеушінің көңіл-күйінен, сөйлеушінің тыңдаушымен арақатынасындағы әралуан жағдайлардан хабар беру қызметін атқарады. 
Одағайлар қолданылу мақсатына қарай үш топқа бөлінеді:
* Көңіл-күй одағайлары;
* Императивтік ишара одағайлары;
* Тұрмыс-салт одағайлары.
Көңіл-күй одағайларына сөйлемдегі ойды, оқиғаны хабарлау барысында сол ой, оқиғаға қатысты сөйлеушінің көңіл-күйінен, эмоциялық жағдайынан хабар беретін сөздер жатады. Көңіл-күй одағайларынан сөйлеушінің сөйлемдегі ойға, іс-оқиғаға қатысты жағымды немесе жағымсыз көзқарастары белгілі болып тұрады. Сондықтан көңіл-күй одағайлары жағымды-көңіл күйді білдіретін одағайлар және жағымсыз көңіл-күйді білдіретін одағайлар болып жіктеледі. Дегенмен одағайлардың жағымды немесе жағымсыз эмоцияны білдіретіні тек контекстен ғана анықталады, өйткені бір сөз кейде жағымды эмоцияны білдіру үшін жұмсалса, енді бірде сол сөз жағымсыз эмоцияны білдіру үшін де қызмет ете береді. Мысалы,  Паһ-паһ! Нағыз сурет дерсің! Был мысалда одағай сөйлеушінің сүйсіне таңдану жағдағдайынан хабар берсе, ендігі мысалда осы сөз сөйлешінің налу, ренжу халінен хабар береді: Паһ-паһ! Не деген опасыздық!
Көңіл күй одағайлары мағынасына қарай қуану, шаттану (Алақай! Ура!), сүйсіну, таңдану (Ой пәлі! Һа! Паһ-паһ! Япырмай! ОҺо!, Үй! т.б.), өкіну (Қап! Әттең! Әттеген-ай!), ренжу, налу (Түу! Тәйір-ай! ... түге!, т.б.), наразы болу, кею (Апырмай ә!),  қорқу, сескену (Ойбай! Аһ!), жақтырмау, менсінбеу (пішту!) сияқты топтарға бөлінеді.
Императив ишара одағайларына  сөйлеуші тарапынан  адам немесе жан-жануарларға бағыттап айтылған шақыру, жекіру, тыйым салу, бұыру мақсатында қолданылатын сөздер жатады. Өз ішінен жекіру одағайлары (Тәйт! Тек/тәк-тәк! Жә!), бұйыру-тыйым салу одағайлары (Әуп! Кәне! Әлди-әлди! Тәй-тәй! Сап-сап! Мә! Соп! Шүу! Айт! Айтақ! Дыр-р!), шақыру одағайлары (Әукім-әукім! Моһ-моһ! Шөре-шөре!) болып үшке бөлінеді.
Императив ишара одағайларын айтылу объектісіне қарай адамға қолданылатын ишара одағайлары және хайуандарға қатысты қолданылатын ишара одағайлары деп  жіктеуге болады.
Тұрмыс-салт одағайларына халықтың салт-дәстүр, сенім-нанымына байланысты,  адамдардың белгілі бір қарым-қатынас жағдайлары барысында айтылатын сөздер жатады. Тұрмыс-салт  одағайларын өз ішінен төмендегі тақырыптық топтарға бөлуге болады:
* Сәлемдесу-қоштасу одағайлары: Ассалаумағалейкүм! Әликсалам! Қош! 
* Қоштау одағайлары: Хош! Хайыр! Жарайды! Е-е!
* Ілтипат білдіру одағайы: Рақмет! Оқасы жоқ!
* Мойынсұну одағайы: Құп! Ләббай! Дат! Жарайды!
* Діни одағайлар: Аумин! Жәрәкімалла! Тәуба! Піссіміллә! 
* Қоқан-лоқы одағайы: Бәлем!
Адамдардың сөйлесу қарым-қатынас кезінде бір дыбысты А! Ә! М-м! сияқты  сөздерді бірде сұрау мақсатында, бірде жауап беру мақсатында, енді бірде назар аударту мақсатында, тіпті кейде кекету, әжуалау, мысқылдау, менсінбеу мақсаттарында да қолданып жүрміз. Сол сияқты бір буынды Әй! Ей! одағайлары қарым-қатынас кезінде назар аударту мақсатында қолданумен қатар, кейде жекіру-тыйым салу мақсатында да жұмсалады.

	Зат  есім.  Зат есім  -  заттың атын білдіретін сөздер. Басқаша айтсақ, тілдегі зат есім қатарына жататын сөздер шындық өмірдегі әр алуан заттар мен заттық ұғымдарды атайды. 
Зат есімнің лексика-семантикалық қыры. Зат есімдер лексикалық мағынасына қарай жалпы есім - жалқы есім, деректі есім  -  дерексіз есім, адамзат есімдері  -  ғаламзат есімдері болып жіктеледі.
Зат есімнің морфологиялық ерекшеліктері. Зат есім  -  зат есімнің рең мәнді жұрнақтарымен және көптік, тәуелдік, септік жалғауларымен (септеулік шылаулармен және көмекші есімдермен) түрленетін сөз табы. Зат есім баяндауыш қызметінде келгенде жіктік жалғауымен де түрленеді. Зат есімдердің басты морфологиялық белгісі  -  көптелу, тәуелдену, септелу қабілеті. Зат есімдердің аталған қосымшалардың бәрін қабылдаған кездегі түрлену  реті төмендегідей: алдымен көптеледі, содан кейін тәуелденеді, бұдан әрі септеледі. 
Зат есімнің қатарына жататын сөздердің басым көпшілігі  өз лексикалық мағынасы арқылы жеке, дара затты атайды. Тек жекелеген зат есімдерде, санауға келмейтін зат атауларында (ұн, топырақ, шаш, жұлдыз, т.б.), жұп заттардың атауларында (аяқ, қол, құлақ, көз, қолғап, етік, т.б.), көптеген дерексіз  ұғым атауларында (достық, азшылық, көпшілік, байлық, сыйластық, т.б.),  әлеуметтік  кәсіп атауларында (егіншілік, ақындық, саудагершілік, т.б.), ғылыми сала атуларында (физика, химия, тарих, диалектология,  т.б.) жекелік мағына бар деуге келмейді. Мұндай сөздердің сөйлемде стилистикалық қажеттілік болмаса, көптік жалғаусыз жұмсалады. Бұл қатардағы сөздердің үнемі көптік жалғаусыз қолданылуы көптік мағына сол сөздердің лексикалық мағынасында деуге себеп болған. Сол сияқты бұл қатар күлкі, күйініш, сүйініш, реніш, қайғы сияқты эмоциялы қпроцесс атауларымен толыға түседі. Жалқы есімдер де себепсіз көптелмейтіні белгілі, бірақ оларда да көптік мағына бар деуге негіз жоқ. Бұл қатардағы сөздерден басқа зат есімдер арқылы аталатын заттардың көп екендігі не синтаксистік тәсіл арқылы (екі студент), не морфологиялық тәсіл арқылы (студенттер) беріледі. Зат есімнің жекелік және көптік мағыналары зат есімнің сан-мөлшер (жекелік-көптік) деп аталатын грамматикалық категориясын қалыптастырады. Сөйтіп,  көптік жалғау зат есімнің сан-мөлшер категориясының мағыналарының бірін білдіргендіктен, осы грамматикалық категорияның тұлғасы, көрсеткіші болады. Ескеретін бір жай  -  көптік жалғау сөзге қосылғанда әрқашан көптік мағына білдіре бермейді, басқа да грамматикалық мағыналарда тұруы мүмкін.
Тәуелдік жалғау  өз мағыналары арқылы зат есімнің тәуелдеу категориясын қалыптастырады. 
Септік жалғаулары  -  зат есімнің септеу категориясының негізгі көрсеткіштері. 
Зат есімнің синтаксистік ерекшеліктері. Зат есім атау септігінде келіп бастауыш қызметін атқарады. Ілік септігі арқылы анықтауыш бола алады. Басқа септіктер, септулік шылаулар зат есімді не толықтауыш, не пысықтауыш қызметіне қояды. Зат есімнен баяндауыш жасайтын арнайы морфологиялық тұлға жоқ, зат есім лексикалық мағынасы арқылы бастауышқа тән жай-күйді атап баяндауыш бола береді. Зат есімене жасалған баяндауыш құрамындағы жіктік жалғау баяндауышты тиянақты тұлғаға айналдыру және оны бастауышпен байланыстыру қызметтерін атқарады. Түрленбеген зат есім сын есімнің орнына жұмсалып (адъективтеніп) анықтауыш, үстеудің орнына жұмсалып (адвербиалданып) пысықтауыш та бола береді.

Сын есім. Сын есім  -  заттың сындық белгілерін білдіретін сөздер. Басқаша айтсақ, тілдегі сын есім қатарына жататын сөздер шындық өмірдегі заттар мен заттық ұғымдардың әр алуан белгілерін: сапасын, өлшем-көлемін, салмағын, түсін, қасиеттерін, т.б. атайды. 
Сын есімнің лексика-семантикалық ерекшелігі. Сын есімдер лексикалық мағынасына қарай сапалық сын және қатыстық сын есім болып екіге бөлінеді.  Сапалық сын есімдер  -  заттың сындық белгілерін лексикалық мағынасы арқылы тікелей атайтын сын есімдер. Мысалы, көк, үлкен, әдемі, т.б.. Қатыстық сын есімдер  -  заттың сындық белгілерін  басқа ұғымды қатыстыру арқылы атайтын сын есімдер. Мысалы, күзгі, таулы, желсіз, сөзшең, т.б.
Қатыстық сын есімдер сапалық сын есім қатарына өтіп кетуі мүмкін. Мысалы, Үйге мылтық-наган асынған қарулы адамдар кіріп келді. Есен  -  кесек денелі, қарулы жігіт.  Бірінші мысалдағы қарулы сөзі қатыстық сын есім қатарына, екінші мысалдағы қарулы сөзі сапалық сын есім қатарына жатады. 
Сапалық сын есім мен қатыстық сын есімдерді бір-бірінен ажыратудың жолдары:

Реті
Сапалық сын есімдер
Қатыстық сын есімдер
1
Шырай тұлғаларымен еркін түрленеді: әдемірек, аса күшті, ап-айқын
Шырай тұлғаларымен түрленбейді: сәбилі, қысқы, күздік.
2
Тілде синонимдері болады: әдемі  -  сұлу  -  көрікті, т.б., күшті  -  мықты  -  берік, т.б., айқын  -  дәл  -  нақты, т.б..
Синоним қатарлары болмайды.
3
Антоним сыңарлары болады: әдемі  -  көріксізғ күшті  -  әлсіз, айқын  -  күңгірт.
Антоним сыңарлары болмайды.
4
Ауыспалы мағынада жұмсала алады: әдемі көйлек  -  әдемі сөз.
Тура мағынада ғана қолданылады.
5
Жаңа туынды сөз жасауға негіз болады: әдемілік, күштілік, айқындау.
Туынды сөздер жасалмайды.
6
Анықтауыш қабылдай алмайды
Зат есімнен жасалса, анықтауыш, етістіктен жасалса, пысықтауыш қабылдай алады:  екі бөлмелі үй,  суда жүзгіш 

Сын есімнің морфологиялық ерекшеліктері. Сын есім (оның ішінде тек сапалық сын есімдер)  -  шырай тұлғаларымен түрленетін сөз табы.  Сын есімнің шырайы тұлғалары  -  сын есімнің шырай категориясының грамматикалық мағыналарын қалыптастырады. Шырай дегеніміз  -  заттың  сындық белгілерінің әр түрлі реңктерін білдіретін мағыналар жиынтығы.  Қазақ тілінде шырайдың екі түрі бар: салыстырмалы шырай, күшейтпелі шырай.
Салыстырмалы шырай  -  заттың сындық белгілерін доминант (негізгі) белгімен салыстырып, сындық белгіні сол салыстырылған белгіден я артық, я кем етіп білдіретін шырай. Салыстырмалы шырай синтетикалық тәсілмен жасалады. Мысалы, кішірек, жалпақтау,  ақшыл, қызғылт, сарғыш, көгілдір, қоңырқай, сұрша, бозаң, т.б..
Күшейтпелі шырай  -  заттың сындық белгілерін асыра, күшейте білдіретін шырай. Күшейтпелі шырай екі түрлі тәсілмен жасалады: редупликация тәсілі (қап-қара, сап-сары, аппақ), аналитикалық тәсіл (ең ыстық, аса салқын). 
Сын есім зат есімге тән қосымшаларды да қабылдай алады. Мысалы, Жақсының аты өлмейді. Бұл құбылыстың өзіндік себептері бар. Бұл   -  сын есімнің заттануымен байланысты жүзеге асатын құбылыс. Сын есім  -  зат есімдермен тікелей байланысты сөз табы болғандықтан, субстантивтенуге (заттануға) бейім сөз табы.  Сын есімнің субстантивтенуінің негізгі бір себебі  -  сөйлем құрамындағы сын есім арқылы анықталатын зат есімдердің эллипсистенуі. Мысалы,  Жақсының жақсылығын айт деген мысалдағы жақсы сын есімінің субстантивтенуі  Жақсы адамның жақсылығын айт нұсқасындағы сөйлемнен сын есім (жақсы) арқылы анықталып тұрған зат есімнің  (адам сөзінің) сөйлемнен түсіп қалып, оның заттық мағынасы анықтауыш қызметіндегі сын есімге өтуімен байланысты. Сөйтіп, түсіп қалған зат есімнің есебінен өз бойына заттық грамматикалық мағына жинақтаған сын есім енді зат есімнің қосымшаларын еркін қабылдау қабілетіне де ие болады. 
Сын есімнің синтаксистік ерекшеліктері. Сын есімдер заттың сындық белгілерін атайтын сөздер болғандықтан, сын есімнің негізгі синтаксистік қызметі  -  анықтауыш болу.  Өйткені олар заттың сынын атағандықтан, зат есіммен ешбір қосымша, көмекші сөздің көмегінсіз, орын тәртібі арқылы байланыса береді. Сындық белгілердің әр түрлі реңкін білдіретін шырай тұлғаларының сөз бен сөзді (сын есім мен зат есімді)  байланыстыруға да,  сөйлем мүшесін жасауға да еш қатысы жоқ.
Сын есім субстантивтеніп, зат есімше түрленіп жұмсалғанда, зат есімше қызмет атқарады. Атап айтқанда, атау септігі арқылы бастауыш,  ілік септігі арқылы анықтауыш бола алады. Басқа септіктер, септулік шылаулар субстантивтенген сын есімді не толықтауыш, не пысықтауыш қызметіне қояды. Сын есім де зат есім сияқты  лексикалық мағынасы арқылы бастауышқа тән жай-күйді атап баяндауыш бола береді. Сын есім  - адвербиалдануға бейім сөз табы. Сын есімдер лексикалық мағынадағы өзгерістер арқылы (ауыспалы мағынада жұмсалу арқылы) заттың сындық белгісі емес, етістік арқылы аталатын қимыл, әрекеттердің  белгілерін білдіріп, үстеудің орнына жұмсалып (адвербиалданып) пысықтауыш та бола береді. Мысалы, Жылы-жылы сөйлесең, жылан іннен шығады. Бетті бастым, қатты састым.

Сан есім. Сан есім  -  заттың сандық белгілерін білдіретін сөздер. Басқаша айтсақ, тілдегі сан есім қатарына жататын сөздер шындық өмірдегі заттар мен заттық ұғымдардың санын, сандық шамасын, ретін атайды. 
Сан есімнің семантикалық ерекшеліктері.  Қазақ  тілінде таза сандық ұғымды атайтын небәрі 22 сөз ғана бар. Оның оны  -  бірлік сандардың атаулары, тоғызы  -  ондық  сандардың атаулары,  бұлардан басқа нөл, жүз және мың сөздері бар. Ал миллион, миллиард,  т.б. сан атаулары кірме сөздер. Тіліміздегі басқа сандық атаулар осы сөздердің әр түрлі комбинацияларда бір бірімен тіркесіп келуі арқылы жасала береді.  Әр сан есім бірін бірі қайталамайтын  жеке лексикалық мағынаға ие, сондықтан олардың синонимдік қатары, антонимдік жұбы болмайды.  Күрделі сан есім құрамындағы әр сан есім жеке алғанда дербес лексикалық мағынаға ие болғанмен, олардың тіркесі үшінші лексикалық мағынаны білдіреді. Мысалы, жиырма бес, жиырма, бес. 
Сан есімдер туынды сөздердің жасалуына негіз болғанмен,  басқа сөз таптарынан сан есім жасалмайды.  Мысалы,  бірлік, ондық, жүздік, т.б. 
Тілімізде сан есімдерге лексикалық мағыналары жуық сөздер де кездеседі. Оларға, біріншіден, өлшем бірліктерінің атаулары:  қадақ, пұт, келі, батпан, бір уыс, елі, адым, тұтам, сүйем, қарыс, кез, аршын, құлаш, т.б;, екіншіден, белгілі бір сан есімдерге синоним мағынасы бар сөздер: жарты, жарым, жек, дара, жалғыз, жалқы, егіз, қос, жұп, ширек;  лексикалық мағынасы уақытпен байланысты сөздер: ай, жыл, ғасыр, апта, сүт пісірім, бие сауым, т.б. жатады. Бірақ бұлардың бәрі  -  сан есім емес, басқа сөз таптарына жататын сөздер. 
	Сан есімнің мағыналық топтары синтетикалық және аналитикалық жолдармен жасалады. Алайда есептік сан есімдерден қосымшалар арқылы қалыптасқан, немесе олардың қосарлануы, тіркесуі арқылы қалыптасқан сөз тұлғалары жаңа туынды сөз бе, әлде сан есімнің түрленген тұлғалары ма деген мәселеде бір қайшылықтары бар. Болжалдық сан есімдер мен бөлшектік сан есімдер қатарына жататын сөздер есептік күрделі сан есімдер сияқты үшінші бір лексикалық мағынаны білдіретініне күмән тумайды. Ал реттік, жинақтық және топтау сан есімдері жаңа ұғымның атауын тудырды деу қиын. 
Сонымен, қалай болғанда да, сан есімдерді алты мағыналық топқа бөлеміз: 
* Есептік сан есімдер: бес, елу, елу бес, бес жүз елу бес, т.б.;
* Реттік  сан есімдер: бесінші, елу бесінші, т.б.;
* Жинақтық сан есімдер: біреу, екеу, бесеу, т.б.;
* Топтау сан есімдері: бестен, бес-бестен, ;
* Болжалдық сан есімдер: бес-алты, он шақты, мыңдаған, елудей, бірер, мыңдап, сегіздер шамасы;
* Бөлшектік сан есімдер: бір жарым, төрттен бір, бес бүтін оннан үш, т.б..

Сан есімнің морфологиялық ерекшеліктері. Сан есім  -  зат есім мен сын есім сияқты өзіндік түрлену жүйесі жоқ сөз табы. Алайда сан есім де сын есім сияқты зат есімге тән қосымшаларды да қабылдай алады. Мысалы, Үй саны елу-алпысқа жетеді. Бұл   -  сан есімнің заттануымен байланысты.  Сан есім де  -  зат есімдермен тікелей байланысты сөз табы болғандықтан, субстантивтенуге (заттануға) бейім сөз табы.  Оның да субстантивтенуінің екі себебі бар. Бірі  -  сөйлем құрамындағы сан есім арқылы анықталатын зат есімдердің эллипсистенуі. Мысалы,  Бесті үшке көбейт. Екіншісімен қатал сөйлесу керек.  Мұнда да түсіп қалған зат есімнің есебінен өз бойына заттық грамматикалық мағына жинақтаған сан есімдер енді зат есімнің қосымшаларын еркін қабылдау қабілетіне де ие болған. Екіншіден, жинақтық сан есімдер  -  таза заттық мағынаға ие сөздер.  Өйткені жинақтық мағыналы -ау, -еу жұрнағы сан есімге заттық мағына үстейді. Атап айтқанда, жинақтық сан есім қандай да бір заттардың жиынтығын атайды. Алтау ала болса, аспандағыны алдырар, түртеу түгел болса, төбенегіні түсірер.
Сан есімнің синтаксистік ерекшеліктері. Сан есімдер заттың сандық белгілерін атайтын сөздер болғандықтан, оның негізгі синтаксистік қызметі  -  анықтауыш болу.  Өйткені олар заттың санын атағандықтан, зат есіммен ешбір қосымша, көмекші сөздің көмегінсіз, орын тәртібі арқылы байланыса береді. Сан тесімнің мағыналық түрлерін жасайтын тұлғалардың сөз бен сөзді (сан есім мен зат есімді)  байланыстыруға да,  сөйлем мүшесін жасауға да еш қатысы жоқ.
Сан есім субстантивтеніп, зат есімше түрленіп жұмсалғанда, зат есімше қызмет атқарады. Атап айтқанда, атау септігі арқылы бастауыш, ілік септігі арқылы анықтауыш бола алады. Басқа септіктер, септулік шылаулар субстантивтенген сан есімді не толықтауыш, не пысықтауыш қызметіне қояды. Сан есім де зат есім сияқты  лексикалық мағынасы арқылы бастауышқа тән жай-күйді атап баяндауыш бола береді. Сан есім де  -  адвербиалданатын сөз табы. Сан есімдер заттың сандық белгісі емес, етістік арқылы аталатын қимыл, әрекеттердің  белгілерін білдіріп, үстеудің орнына жұмсалып (адвербиалданып) пысықтауыш та бола береді. Мысалы,  Бір келгенде, бес келді.

Есімдік. Есімдік  -  сөйлемде есім сөздерді алмастыратын орынбасар сөздер. Есімдіктердің сөйлемнен тыс, жеке алғанда ешқандай дербес тұрақты лексикалық мағынасы жоқ.  Алайда сөйлемде ол өзі қай сөзді алмастырса, сол сөздің лексикалық мағынасына ие бола кетеді. Мысалы, мен есімдігі кез келген бірінші жақтағы сөйлеушіні білдіреді, немесе кейбір белгісіздің есімдігін кез келген зат есімнің орнына қолдануға болады. Есімдік сөйлемде қай сөз табының орнына жұмсалса, сол сөз табының сұрағына жауап береді.
Есімдіктің семантикалық ерекшеліктері.  
Есімдіктер толық лексикалық мағыналы сөздер қатарына жатады. Өйткені олар сөйлемде басқа бір сөздің орнына жұмсалып, өзі жұмсалған сөз атайтын заттарды, заттың белгілерін білдіреді. 
Қазақ тілінде есімдіктерді лексика-семантикалық қырынан жеті топқа бөлу кең орын алған:
* Жіктеу есімдіктері: мен, сен, сіз, ол, біз.
* Сілтеу есімдіктері: анау, мынау, сонау, әне, міне, бұл, сол, осы, ол, , т.б.;
* Өздік есімдігі: өз.;
* Сұрау есімдіктері: кім, не, қай, қайсы, қандай, қанша, неше, нешінші, қайда, қалай, т.б.;
* Белгісіздік есімдіктері: бір, біреу, кей, кейбір, әр, әркім,әлде, әлдекім, әлдеқашан, әрқашан,т.б. ;
*  Болымсыздық есімдіктері: еш, түк, дым, ешкім, ештеңе, ешнәрсеғ ешқашан, ешбір, дәнеңе, т.б.;
*  Жалпылау есімдіктері:  бар, бәрі, барша, барлық, барлығы, бүкіл, бүтін, күллі, тәмам.
Есімдіктер есім сөздерді алмастыру мағынасы бойынша үш логика-семантикалық топқа, лексика-грамматикалық мағыналары қарай екі топқа бөлінеді.
Есімдіктердің логика-семантикалық топтары:
* Дейктикалық есімдіктер;
* Анафоралық есімдіктер
* Кванторлық есімдіктер
Дейктикалық есімдіктер - сөйлесу әрекетіне, немесе сөйлеу жағдайына қатысушыларды меңзеу мағынасына ие есімдіктер. Бұл қатардағы есімдіктерге сөйлеу әрекетіне қатысушыларға меңзейтін есімдіктер: (сөйлеуге қатысушы бірінші жақ  -  сөйлеушіні атайтын мен және біз; сөйлеуге қатысушы екінші жақ  -  тыңдаушыны атайтын сен, сіз есімдіктері) және сөйлеушінің меңзеуі (кейде ойша) бағытталған объектілерге сілтейтін сілтеу есімдіктері (осы, сол, әне, міне, т.б.) жатады. Дейктикалық есімдіктер айқындылыққа мәнге ие. 
Анафоралық есімдіктер  -  бір мәтіннің ішіндегі алдыңғы бөлікте аталған, немесе кейін аталатын ұғымдарға сілтейтін есімдіктер. Сондықтан бұл есімдіктердің қатарына, негізінен, сілтеу есімдіктері (ол, сол, осы, бұл, сондай, сонша, мұнша, соғұрлым, ондай, мұндай, т.б.) мен өздік есімдігі жатады. Мысалы, Әйелдер қолдарын көлегейлеп қарап тұр. Олардың қайда қарап тұрғанын аңғардың ба? Сен өзіңнің кінәңді білесің бе? Анафоралық есімдіктер қызметін бңр, белгісіздік есімдігі де атқара алады: Әсет пен Әсем  -  бір-біріне жылы шырай танытпады.
Кванторлық есімдіктерге белгісіздік, сұрау, жалпылау, болымсыздық есімдіктері жатады. Белгісіздік есімдіктері сөйлеушіге таныс емес, немесе сөйлеушіге таныс, тыңдаушыға таныс емес, сондай-ақ екеіне де таныс емес, белгіісіз  объектілерге меңзейді.   Жалпылау есімдіктері жинақталған бірнеше объектіге меңзейді. Сұрау есімдіктері қандай да бір объектінің бар екеніне, бірақ сөйлеуші оны айқын білмейтініне, тыңдаушының айқындауына меңзейді. Болымсыздық есімдігі объектілердің болымсыз, жалғандығына меңзейді.
Есімдіктер лексика-грамматикалық мағыналарына қарай заттық мағыналы есімдіктер,  белгі (атрибутивтік)  мағыналы есімдіктер болып жіктеледі. Заттық мағыналы есімдіктерге кім, не сұрақтары мен содан өрбіген сұрақтар қойылады. Өйткені бұл есімдіктер  сөйлесу әрекетіне қатысушылар мен сөйлеу жағдайына қатысы бар объектілерге (заттар мен заттық ұғымдарға) меңзеп тұрады. Бұл қатарды жіктеу, өздік, белгісіздік есімдіктері мен сұрау (кім, не сөздері), болымсыздық (ешкім, ештеңе, ешбіреу сөздері),  жалпылау (бәрі, барлығы сөздері) есімдіктері құрайды.  Ал белгі мағыналы есімдіктерге заттар мен қимыл-әрекеттердің белгілеріне меңзейтін есімдіктер жатады. 
Есімдіктің морфологиялық ерекшеліктері. Есімдік те  - өзіндік түрлену жүйесі жоқ сөз табы. Алайда заттық мағыналы есімдіктер сияқты зат есімге тән қосымшаларды да қабылдай алады.  Сондай-ақ белгі мағыналы есімдіктер заттанып, зат есімдердің қосымшаларымен түрлене береді. Мысалы, Ол оқи да, жаза да білмеуші еді. Мұны көріп тұрған Берікбол мен Малтабар сарттың дүкенінен шықты.
Есімдіктің ерекше морфологиялық ерекшелігін сөз етушілер жіктеу және сілтеу есімдіктерінің септелуін ерекше құбылыс ретінде көрсетіп жүр. 
А.с.: мен, бұл
І.с.: ме-нің, мұ-ның
Б.с.: ма-ған, бұ-ған
Т.с.: ме-ні, мұ-ны
Ж.с.: ме-нде (мен-де), мұ-нда
Ш.с.: ме-нен, бұ-дан
К.с.: ме-німен (мен-і-мен), бұ-нымен (бұ-ны-мен)

Есімдіктің синтаксистік ерекшеліктері. Есімдіктердің синтаксистік қызметтері оның лексика-грамматикалық мағынасына байланысты болып келеді. Заттық мағыналы есімдіктер зат есімге тән қызметтерді атқарады. Атап айтқанда, бұлардың сөйлем мүшесі болуы тікелей септік жалғауларының қайсысын қабылдағаныныа байланысты болып келеді. Белгі мағыналы есімдіктер сын есім мен сан есімдердің орнын басса - анықтауыш, е,тістіке тән белгіні меңзесе  -  пысықтауыш бола береді. Белгі мағыналы есімдіктер субстантивтенген жағдайда, зат есім сияқты сөйлем мүшесі болады.

Етістік. Етістік  -  сөйлемде заттың қимыл-қозғалысын, әрекеттерін, өзгерістерін, динамикалық және статистикалық қалып-күйін атайтын сөздер. 
Етістіктің семантикалық ерекшеліктері.  
Қазақ тіліндегі етістіктерді лексикалық мағыналарындағы ортақ мағына арқылы М. Оразов 12 лексика-семанткалық топқа  бөледі:
* Амал-әрекет етістіктері. Бұл қатардағы етістіктерде іс-әрекеттің объектіге бағытталғанын білдіретін ортақ мағына бар. Сондықтан амал-әрекет етістіктері лексика-грамматикалық мағынасы арқылы сабақты етістік қатарына жатады.  Амал-әрекет етістіктері өз ішінен бірнеше лексика-семантикалық топтарға жіктеле алады:
  + Қоректену етістіктері: ішу, жеу, ұрттау, қарпу, қарбыту, жұту, сораптау, жалау, сору, сораптау, т.б.;
  + Жасау, құру етістіктері: құру, жасау, жарату, сөгу, өру, тоқу, тігу, т.б.;
  + Қыру, жою етістіктері: бұзу, күлін көкке ұшыру, жырту, шабу, сою, бауыздау, балталау,т.б.;
  + Өзгерту етістіктері: бояу, өрнектеу, қырлау, тазалау, бұйралау, өңдеу,т.б.;
  + Объектіні қозғалту етістіктері: алу, беру, итеру, қозғау, шашу, көтеру, лақтыру, түсіру, құлату,  т.б.;
  + Объектіні толық қамтымайтын етістіктер: керту, найзалау, шымшу, қамшылау, сипау, түрту, сұғу, т.б.;
  + Объектінің қалпын өзгертетін етістіктер: төңкеру, аудару, бүктеу, жазу, т.б.;
  + Даралау, бөлшектеу етістіктері: ажырату, жіліктеу, бөлу, боршалау, т.б.;

* Қозғалу етістіктері. Бұл қатардағы етістіктерде субъектінің бір орыннан екінші орынға ауысатынын білдіретін ортақ мағына болады. Қозғалу етістіктері де өз ішінен бірнеше лексика-семантикалық топтарға бөлінеді: 
  + Бағыт-бағдарсыз, жалпы қозғалыс етістіктері: жүзу, малту, қалқу, қалқу, ағу; жүру, шабу, еңбектеу, сырғу, жорту, желу; ұшу, самғау, қалықтау, құлау, құлдилау, т.б.;
  + Объектіге жақындау етістіктері: келу, жақындау, жанасу, маңайлау, қапталдау;
  + Объектіден алыстау етістіктері: кету, ұзау, алыстау, жөнелу, қашу ;
  + Қимылдың жоғарыдан төменге бағытталғанын білдіретін етістіктер: түсу, құлдилау, төмендеу, құлау, төгу, т.б.;
  + Қимылдың төменнен жоғарыға бағытталғанын білдіретін етістіктер: шығу, өрмелеу, өрлеу, т.б.;
  + Кедергілі етістіктер: кіру, шығу, өсу, асу, аттау, секіру, т.б.;
  + Қарқынды етістіктер: шабу, желу, жүгіру, зырлау, т.б.;
  + Амал етістіктері: жорғалау, ентелеу, елпеңдеу, талтаңдау, байпаңдау, арбаңдау, т.б.;
  + Сұйықтық етістіктері: ағу, тамшылау, сорғалау, атқылау, құю, төгу, саулау, т.б.;

* Сөйлеу етістіктері.  Сөйлеу етістіктері осы қатарға жататын сөздердің бәрінде болатын дыбыстау, хабар жеткізумен байланысты мағыналары арқылы бір үлкен лексика-семантикалық топ құрайды. Бұл қатардағы етістіктер де өз ішінен бірнеше кіші лексика-семантикалық топтарға жіктеліп кетеді:
  + Хабарлау етістіктері: айту, сөйлеу, деу, хабарлау, жеткізу, дерек беру, аузынан шығып кету, тілге келу, сөзге араласу, әңгімелеу, баяндау, т.б.;
  + Сөйлесу етістіктері: сөйлесу, әңгімелесу, әзілдесу, айтысу, т.б.;
  + Сұрау-жауап мәнді сөйлеу етістіктер: сұрау, тергеу, жауап беору, іздеу, т.б.; 
  + Көңіл-күйлі сөйлеу етістіктері: мысқылдау, келекелеу, келемеж ету, мазақтау, қарғау, балағаттау, мадақтау, жамандау, т.б.;
  + Жеке қарым-қатынаспен байланысты сөйлеу етістіктері: жалыну, жалбарыну, сұрану, тілеу, мінәжат ету, бұйыру, өкім ету, әмір қылу, кеңес беру, насихат жасау, т.б.;
  + Бейнелік мәнді сөйлеу етістіктері: міңгірлеу, оттау, былшылдау, бөсу, шәікілдеу, сыпсыңдау, т.б..

* Қалып-сапа (қалып-күй) етістіктері. Бұл қатардағы етістіктер қимыл-қозғалыс, амал-әрекетті атамайды, заттың қалпына, күйіне қатысты белгілерді, атап айтқанда, бір күйден екінші күйге, бір қалыптан, екінші қалыпқа ауысуын, өзгеруін атайды. Өз ішінен үш топқа жіктеуге болады:
  + Сапалық қалып етістіктері: көгеру, азаю, көбею, ағару, қалыңдау, ұзару, сөну, жану, шіру, т.б.;
  + Жанды заттардың қалып-күйін білдіретін етістіктер: азу, толу, семіру, жантаю, ұйықтау, ояну, ауру, өлу, ісу, жүдеу, шаршау, арықтау, т.б.;
  + Статикалық қалып етістіктері: отыру, тұру, жүру, жату.

* Сезіну етістіктері. Бұл етістіктерде сезім мүшелері арқылы түйсіну мағынасы бар. Өз ішінен төмендегі топтарға бөлінеді:
  + Көру етістіктері: қарау, тесілу, көру, телміру, көз қырын салу, сығалау, көзін алмау, қараңдау, ағараңдау, көздеу, т.б.;
  +   Есту етістіктері: тыңдау, есту, құлақ салу, құлақ түру, құлаққа жету, т.б.;
  +   Иіс етістіктері: сасу, мүңку, аңқу, иістену, мұрынды жару, т.б.;
  +   Терімен сезіну етістіктері: тоңу, жаурау, қышу, ұю, т.б..

* Ойлау етістіктері. Адамның ойлану әрекетін білдіретін етістіктердің басқа ЛСТ-ғы етістіктерге қарағанда саны аз: ойлау, еске түсіру, ойдан шығару, түсіну, аңдау, аңғару, ескеру, есііне алу, есіне салу, басы қату, басы айналу, т.б..

* Көңіл-күй етістіктері. Бұл қатардағы етістіктер адамның психологиялық және эмоциялық қалпымен байланысты қимыл-әрекеттерді білдіреді. Өз ішінен екіге бөлінеді:
  + Психологиялық көңіл-күй етістіктері: ұялу, қысылу, тартыну, бетінен оты шығу, абыржу, сескену, қорқу, т.б.;
  + Эмоциялық көңіл-күй етістіктері: ұнату, жақтыру, еркелеу, ардақтау, әлпештеу, ғашық болу, қаплану, ашулану, ренжу, жылау, долдану, мейірі түсу, мұңаю, т.б

*  Дыбыс-сес, бейнелеу етістіктері. Бұл қатарға еліктеу сөздерден қалыптасқан етістіктер жатады. Өз ішінен бірнеше топқа бөлінеді:
  + Дыбыстық еліктеу етістіктері: арпылдау, күркілдеу, маңырау, боздау, өкіру, сыңсу, гүрілдеу, сарқырау, тарсылдау, сыңғырлау, гүрс ету, сарт ету,  т.б.;
  + Бейнелеуіш етістіктер: жарқылдау,  ербию, далбаңдау, теңселу, көлбеңдеу, кілт ету, жалп ету,т.б..

* Өсіп-өну етістіктері. Бұл қатардағы ЛСТ-қа тірі организмдердің өсіп жетілуімен, дамуымен байланысты қимылдарды атайтын сөздер жатады: балалу, боталау, күшіктеу, туу, құлындау, жұмыртқалау, босану, бала көтеру, өсу, бүр ашу, гүлдеу, түйіндеу, пісу, жетілу, ер жету, балиғатқа толу, қартаю, т.б.

* Табиғи құбылыстарға байланысты қимылдарды білдіретін етістіктер: бұлттану, борандату, бұрқасындату, нөсерлету, желдету, қас қараю, т.б.
* Субъектив мәнді етістіктер: азсыну, менсінбеу, білгішсіну, масаттану, т.б.
* Қарым-қатынас етістіктері. Бұл қатардағы ЛСТ-ты түрлі заттардың (әсіресе адамдардың) сан алуан қарым-қатынасына байланысты қимылдарды білдіретін етістіктер құрайды.
  + Теңестіру етістіктері: теңеу, салыстыру, шендесу, дәл келу, т.б.; 
  +   Иелену мәнді етістіктер: иелену, ие болу, меншіктеу, тәуелдеу, иемдену, еншілесу, ұрлау, жымқыру, алу, беру, т.б.;
  + Сәлемдесу, қоштасу етістіктері: қол беру, амандасу, қоштасу, қол алысу, бас изеу, танысу, т.б.;
  + Құрметтеу етістіктері: құрметтеу, алақанға асалу, ізет көрсету, арқаға қағу, сыйлау, өбектеу, бәйек болу, мәймөңкелеу, т.б.;
  + Өктемдік жүргізу мәнді етістіктер: әмір жүргізу, билік ету, бір шыбықпен айдау, бас ию, ырқына көну, құлақ асу, тізе бүгу, ауанына көшу, т.б.;
  + Көмектесу мәнді етістіктер: қол ұшын беру, жәрдем қылу, болысу, сөзін сөйлеу, аузына ақ тамызу, қамқор болу, т.б.;
  + Жауласу және достасу мәнді етістіктер: тайталасу, керісу, қызыл шеке болу, алқымынан алу, кесе көлденең тұру, дұшпан болу, елдесу, ауыз жаласу, татуласу, т.б..

Етістіктің лексика-семантикалық ерекшеліктері олардың басқа сөздермен лексика-семантикалық байланыс орнатуына әсер етеді. 

Етістік түбірінің грамматикалық ерекшеліктері. Етістік  -  қимылды білдіретін грамматикалық мағынаға ие. Етістіктің бұл мағынасы  -  оны жеке сөз табы ретінде тануға негіз болатын мағына. Алайда етістік сөйлемде ешқашан таза етістік мағынасымен қатыспайды, үнемі басқа грамматикалық мағыналармен қоюланып қолданылады. Ал бұл грамматикалық мағыналарды етістіктің негізіне (лексикалық мағына беретін бөлігіне) қосылатын сөз түрлегндіруші  түрлі морфологиялық тұлғалар ғана үстей алады. Ендеше етістік  -  сөйлемде түрленбей қолданылмайтын сөз табы. Бұл  -  етістік түбірінің бірінші ерекшелігі. Яғни, басқа сөз таптары сөйлемге түрленіп те, түрленбей де қатыса беретін болса, етістік түрленбеген жағдайда, сөйлемнен орын ала алмайды. 
Етістік  -  өзін түрлендіруші тұлғаларға ең бай сөз табы. Етістікті түрлендіруші тұлғалар қанша көп болса да,  етістікке белгілі бір тәртіппен қосылады. Етістікті түрлендіретін тұлғаларды түбірге қосылу ретіне, тәртібіне қарай төрт қатарға жіктеп алуға болады:
Бірінші қатарды етістік түбірге алдымен жалғанатын етіс жұрнақтары құрайды. Етіс жұрнақтары бірінің үстіне бірі жалғана алады. 
 Екінші қатарда етістікке кейде тікелей түбірге (негізге), кейде етіс жұрнақтарынан кейінгі кезекте қосылатын (-ңқыра,  -іңкіре күшейтпелі етістік жұрнағы  деп танылатын қосымшаны және қимылдың өту кезеңдері мен амалдарын білдіретін аналитикалық форманттарды есепке алмағанда) болымсыз етістік жұрнағы тұрады. 
И Маманов етіс және болымсыз етістік қосымшаларымен түрленген етістіктерді  модификациялық етістіктер деп атаған.
       	Үшінші қатарды кейде етістікке тікелей қосылатын, кейде етістікке етіс немесе болымсыз етістік жұрнағының бірінен кейін  қосылатын есімше, көсемше, тұйық етістік (қимыл есімі), шақ, рай, модаль тұлғалары құрайды. Етістік сөйлемде қолданылғанда осы қатардағы тұлғалардың тек біреуін ғана қабылдайды және бұл қатардағы тұлғалардың  бірінсіз сөйлемде қолданылмайды. Бұл қатардағы тұлғалар етістіктің функционалдық тұлғалары деп аталады.
        	Төртінші қатарда етістік тиянақты баяндауыш мүше қызметінде жұмсалғанда,  үшінші қатардағы тұлғалардың бірінен кейін қосылатын жіктік жалғау тұрады. Сондықтан етістік түбірінің екінші грамматикалық ерекшелігі шығады: етістік түбірі тікелей жіктелмейді, тек шақ, рай, модаль тұлғаларының бірін қабылдап барып жіктеледі.  Дегенмен жіктік жалғау бұйрық рай мағынасын бергенде етістіктің  негізіне тікелей қосылады, сондай-ақ статикалық қалып етістіктері де өз бойында  ашық рай (осы шақ) мағыналары бар болғандықтан, жіктік жалғауын тікелей қабылдай алады.
Етістіктің аналитикалық формалары. Ертеректегі әдебиеттерде көріп қалды үлгісіндегі сөз тұлғаларына да және барып келді үлгісіндегі сөз тұлғаларына да күрделі етістік термині қоллданылып келді. Алайда бұлардың табиғаттары бірдей емес, бірі  -  аналитикалық тәсілмен түрленген сөздің тұлғасы да, екіншісі  -  аналитикалық тәсілмен жасалған күрделі сөз. Бірінші мысалда дербес лексикалық мағына көр етістігінде ғана бар, қал етістігі ешқандай лексикалық мағынаны білдірмейді, ол алдындағы көсемшемен бірігіп, дербес мағыналы етістікке қимылдың кенеттен болғандығын білдіретін грамматикалық мағына жамаған. Ендеше  - п қал екі морфемадан құралған бір сөз түрлендіруші аналитикалық тұлға. Ал мұндай жолмен түрленген сөздер аналитикалық формалы сөз болып табылады.  Екінші мысалдағы лексикалық мағына барып кел бөлігі арқылы берілген, мұнде жеке-жеке алғанда дербес  мағыналы бару және келу етістіктері тіркесу арқылы солардың лексикалық мағыналарынан тұратын үшінші бір күрделі лексикалық мағына қалыптасқан.  Ендеше барып кел  -   аналитикалық тәсіл арқылы жасалған тіркесті күрделі сөз. Табиғаттары екі басқа сөз тұлғаларын бір терминмен атауға болмайды, олардың екеуін де күрделі сөзге жатқызу дұрыс емес. Сондықтан аналитикалық тәсілмен түрленген сөздерді сөздің аналитикалық формасы (немесе аналитикалық формалы сөз) деп атаймыз, ал аналитикалық тәсілмен жасалған сөздерді күрделі сөз деп атай береміз. 
Аналитикалық сөз формалары тек  көмекші сөздің қатысуымен қалыптасады. Көмекші сөз болмаған жерде, аналитикалық формант та, аналитикалық сөз формалары да болмайды. Бірақ көмекші сөздің бәрі аналиткалық сөз формларын қалыптастыра бермейді, кейде аналитикалық тәсілмен жасалған туынды сөзді қалыптастыруы мүмкін. Мысалы, жарқ етті, еңбек қыл деген мысалдарда еліктеу сөз бен зат есімге көмекші етістіктер тіркескен. Бұлар аналитикалық формалы сөзге жатпайды, аналитикалық тәсілмен жасалған тіркесті күрделі сөзге жатады. Аналитикалық формалы сөздің төрт белгісі болады:
* Сөздің аналитикалық формасы белгілі бір грамматикалық категорияның парадигмалық жүйесіне енуі керек;
* Әрбір аналитикалық формалы сөздің дербес лексикалық мағынасы, сол лексикалық мағынадан туындайтын сөз табы ретіндегі жалпы грамматикалық мағынасы және көмекші сөз (немесе қосымша мен көмекші сөз) арқылы берілетін категориялық грамматикалық мағынасы болады;
* Аналитикалық формалы сөз көмекші сөздер және аналитикалық форманттар арқылы жасалады;
* Сөздің аналитикалық формасы белгілі бір сөз табына жататын сөздердің басым көпшілігінен жасала береді.
Қазақ тіліндегі аналитикалық формалы сөздерді үш түрлі құрамда кездестіруге болады:
* Дербес сөз+қосымша+көмекші сөз (қара+п қал-ды, үй+ге қарай);
* Дербес сөз+көмекші сөз (жүр еді);
* Көмекші сөз+дербес сөз (өте жақсы).
Аналитикалық тәсілмен түрленген етістіктерді етістіктің аналитикалық формалары деп те, аналитикалық формалы етістіктер деп те, тіпті кейде аналитикалық етістікер деп те атай береміз. Етістіктің аналитикалық формалары етістіктің аналитикалық форманттары арқылы ғана қалыптасады. Аналитикалық формант дегеніміз  -  қосымша мен көмекші сөзден тұратын белгілі бір сөз табының қандай да бір грамматикалық категориясына жататын грамматикалық мағынаға ие күрделі морфологиялық түрлендіруші тұлға. Етістіктің аналитикалық форманттары құрамына қарай кемінде екі морфемадан, немесе одан да көп морфемалардан құралуы мүмкін. Мысалы, Алақаныма қыса қойдым. Мен шықшыттан періп кеп жібердім.

Етістіктің лексика-грамматикалық және грамматикалық категориялары.  Етістік   -   сөз таптарының ішіндегі грамматикалық категорияға ең бай сөз табы. Етістіктің грамматикалық категориялары лексика-грамматикалық категориялар және таза грамматикалық категориялар деп екіге бөлінеді. Етістіктің лексика-грамматикалық категорияларына салттылық-сабақтылық, етіс және болымды-болымсыздық категориялары жатады. Ал сипат, шақ, рай, модаль категориялары етістіктің таза грамматикалық   категориялары болып табылады. 
Салттылық-сабақтылық, етіс және болымды-болымсыздық категорияларының лексика-грамматикалық категория деп танылуына осы категорияларды құрайтын грамматикалық мағыналардың тікелей лексикалық мағынамен байланысып жатуы, немесе осы категориялардың тұлғаларын етістікке қосқанда оның лексикалық мағынасына аз-кем өзгеріс енуі себеп болған. Ал таза граммаатикалық категориялардың мағыналары  -  лексикалық мағынаға тікелей байланысты емес, сөз табы ретіндегі грамматикалық мағынаның үстіне жамалатын мағыналар. 
Етістіктің есімше, көсемше және қимыл есімі мен қимыл иесі тұлғалары жеке-жеке грамаатикалық категорияларды құрамайды, бұлар етістіктің ерекше түрлері деп танылады. Рас, есімше мен көсемше шақ категориясының грамматикалық мағыналарын білдіреді, сол категорияның формалық көрсеткіші деп танылады, бірақжеке өздері  грамматикалық категория бола алмайды.
Етістіктің лексика-грамматикалық категорияларының, оның ішінде салттылық-сабақтылық және етіс категорияларының грамматикалық мағыналарын дұрыс ажырату үшін етістіктің зат есімдермен қарым-қатынастарына, дәлірек айтқанда, етістік атайтын шындық өмірдегі қимылдың зат есім атайтын шындық өмірдегі заттармен қарым-қатынастарына үңіліп, сипатын ашып алайық. Етістік қатарына жататын тілдегі сөздер өмірдегі әралуан қимыл-қозғалыстарды, амал-әрекеттерді, қалып-күйлерді атайды. Ал бұл аталған белгілер (қимыл-қозғалыстар, амал-әрекеттер, қалып-күйлер) затқа ғана тән. Зат болмаған жерде, аталған белгілер де болуы мүмкін емес. Ендеше зат пен қимыл, қимыл мен зат бір бірімен тығыз диалектикалық байланыста болады. Өмірдегі зат пен қимылдың, немесе қимыл мен заттың байланыстарын үш түрлі қарым-қатынас ыңғайында тануға (көруге) болады. 
Біріншіден, зат қимылдың иесі болады, немесе, керісінше айтсақ, қимыл заттың не динамикалық-процестік, не статистикалық-қалыптың белгісі болып табылады. Зат пен қимылдың мұндай қатынасын субъектілік қатынас деп танимыз. Мысалы, Бала оқыды деген сөйлемде бірінші сөз (зат есім) арқылы зат аталған, екінші сөз (етістік) арқылы қимыл-әрекет аталған. Зат пен қимылдың қарым-қатынасына үңілсек, зат қимыл-әрекетті атқарушы, яғни қимылдың субъектісі болып тұр. Ал қимыл заттың предикаттық белгісі болып тұр. Сондықтан қимылды атқарушы затты логикалық субъекті деп атаймыз. Жоғарыдағы логикалық субъектіні атаған зат есім әрі грамматикалық бастауыш қызметінде тұр. Бұлардың орындарын ауыстырып қолданып, синтаксистік қатынастарын өзгерткенмен, олардың арасындағы логика-семантикалық қатынас өзгермейді: Оқитын бала ... Мұнда етістік предикат-белгіден анықтауыш белгіге айналғанмен, зат есім бастауыш (сөйлемдегі баяндауыш арқылы берілетін іс-әрекет, жай-күйдің иесін білдіретін тұрлаулы мүшеден) анықталушы сөзге ауысқан, бірақ зат пен қимылдың араларындағы логика-семантикалық қатынас өзгерген жоқ, бала  -  өзіне анықтауыш болып тұрған етістіктегі қимылдың иесі, етістік  -  сол зат жасаған қимыл. 
Екіншіден, зат қимылдың объектісі болады. Объекті  -  субъектінің қимылы тікелей немесе жанама қамтитын, қамтыған зат. Мысалы, Нұржан дәптерді Әсемге берді деген сөйлемдегі қимыл (беру) мен заттардың (Нұржан, дәптер, Әсем) қарым-қатынастарына үңілсек, Нұржан деген зат қимылды жасаушы зат (қимылдың субъектісі) болады да, қалған екі зат (дәптер мен Әсем) беру қимылы қамтиған заттар боалды. Атап айтқанда, дәптер  -  қимылдың тура объектісі, Әсем  -  жанама объектісі. Басқаша айтсақ, беру қимылы жасалу барысында дәптер деген затты қозғалысқа түсірді (дәптер Нұржаннан Әсемге өтті), сондай-ақ Әсем деген затқа бағытталды. Зат пен қимыл арасындағы осындай қарым-қатынастарды объектілік қатынас дейміз. Қимылдың объектілері өз ішінен тура объекті (қимыл тікелей қамтитын заттар) және жанама объекті (қимыл жанама қамтитын заттар) болып екіге бөлінеді. Жанама объектілер өз ішінен адресат-объект, адрес-объект, адресант-объект және құрал-объект болып жіктеле алады. 
Үшіншіден, зат пен қимыл өзара көлемдік қатынастарда байланысады. Зат пен қимылдың көлемдік қатынасы, негізінен, кеңістік ішінде, атап айтқанда, зат қимылдың кеңістіктегі орны, мекені, бағыты ретінде көрінеді. Қандай қимыл болмасын уақыт пен кеңістіктен тысқары жасалмайды. Яғни, қимыл жасалар болса, белгілі бір уақыт ішінде, шектеулі мерзім аралығында өтеді, сондай-ақ белгілі бір көлемдегі кеңістікті қамтып, жүзеге асады. Заттар қимылдың сол кеңістіктегі орны: адресат-мекені (бағыт-бағдары), нақты мекені, адресант-мекені  болып табылады. Мысалы, Омар Алматыдан Семейге келді деген сөйлемдегі Алматы  -  келу қимылының кеңістіктегі басталу орны, адресант мекені, Семей  -  сол қимылдың бағыты, кеңістіктегі аяқталар нүктесі, яғни, адресат-мекені. Зат пен қимыл арасындағы қатынасты мекендік қатынас деп атуға болады.
Зат пен қимыл арасындағы субъектілік қатынас, бір жағынан, етістіктің етіс категориясының мағыналарына, екіншіден, сөйлемнің тұрлаулы мүшелерінің, бастауыш пен баяндауыштың мағыналық қарым-қатынастарына арқау, негіз болады, объектілік қатынас, бір жағынан, етістіктің салттылық-сабақтылық категориясының мағыналарына, екіншіден, сөйлемнің толықтауыш мүшелерінің мағыналарына  арқау, негіз болады. Ал зат пен қимылдың арасындағы мекендік қатынастар тек сөйлем мүшелерінің, оның ішінде, мекен пысықтауыштардың, мағыналарын құрайды. 
Салттылық-сабақтылық категориясы. Салттылық-сабақтылық категориясы етістіктің салттылық және сабақтылық мағыналарынан тұрады. Етістіктің салттылық-сабақтылық мағыналары  -  етістікке арнайы грамматикалық тұлғалар қосылмай-ақ, етістік негізі арқылы берілетін, дәлірек айтқанда, етістіктің лексикалық мағынасынан шығатын мағыналар. Кез келеген етістіктің түбірі немесе негізі не салт мағыналы, не сабақты мағыналы болып келеді. Салттылық-сабақтылық мағыналар грамматикалық мағына қатарына жатады. Мысалы, оқы етістігі арқылы аталтын қимыл  -  тура объектіні (тікелей қамтитын затты, кітап, газет, жазу, т.б.) қамтып жасалатын қимыл. Қимылдың осы ерекшелігі оның алдымен лексикалық мағынасын қалыптастыратын негізгі бір компонентке (семаға), одан әрі сабақтылық мағынасына (грамматикалық мағынасына) негіз болады. Семантикасында осындай қасиет бар етістіктерді сабақты етістіктер дейміз. Ал кел етістігінде мұндай қасиет жоқ. Кел қимылы тура объектіні қамтымай-ақ жасалатын қимыл, тіпті бұл қимылдың жасалуына тура объекті мүлдем қажет емес. Сондықтан кел етістігінің лексикалық мағыналдарын құрайтын мағыналық компоненттердің ішінде <<тура объектіні қамту>> семасы жоқ. Кел етістігінің лексикалық мағынасындағы осы ерекшелік оның салттылық мағынасына негіз болады. Сонымен, лексикалық мағынасында <<тура объектіні қамту>> семасы бар, грамматикалық мағынасы арқылы тура объектіні атайтын сөзді қажет ететін етістіктерді сабақты етістік, лексикалық мағынасында <<тура объектіні қамту>> семасы жоқ, грамматикалық мағынасы арқылы тура объектіні атайтын сөзді қажет етпейтін етістіктерді салт етістік дейміз. Салт етістіктердің тура объектіні қажет етпеу және сабақты етістіктердің тура объектіні қажет ету мағыналары етістіктің салттылық-сабақтылық категориясының мағыналарын құрайды. 
Етістіктердің салттылық-сабақтылық қасиеттерін айқындау үшін олардың семантикасына көңіл бөлуден гөрі тіркесімділік қабілеттеріне назар аудару  -   кеңінен қолданылып жүрген тәсіл. Сондықтан оқулықтар мен мәселеге қатысты әдебиеттерде <<табыс септігіндегі сөзді (кейбірінде  -  тура толықтауышты) қажет ететін етістікті сабақты етістік дейміз>>, <<табыс септігіндегі сөзді (кейбірінде  -  тура толықтауышты) қажет етпейтін етістікті салт етістік дейміз>>, <<табыс септігіндегі сөзбен байланыса алатын етістік  -  сабақты етістік, табыс септігіндегі сөзбен байланыспайтын етістік  -  салт етістік>> үлгісіндегі анықтамалар беріліп жүр. Ендеше сабақты етістіктердің табыс септігіндегі сөзбен тіркесу қабілеті, салт етістіктердің олармен тіркеспеу қасиеті  -  етістіктердің салттылық-сабақтылық мағыналарынан туындайтын синтаксистік құбылыс.
Сонымен, сабақты етістіктер арқылы аталатын қимылдардың тура объектіні қамтып жасалу қасиеті  сол сөздердің лексикалық мағыналарында <<тура объектіні қамту>> мағыналық компонентінің (семасының) орын алуына негіз болады. Бұл мағыналық компонент өз кезегінде етістіктердің грамматикалық сабақтылық мағынасына негіз болады. Ал сабақтылық мағына, келесі кезекте, осы қатардағы етістіктердің табыс септігіндегі тура толықтауышпен синтаксистік байланыс орнатуына себеп болады. Сөйтіп, тілдің әр түрлі деңгейіндегі (лексикалық мағына, категориялық грамматикалық мағына, синтакситік байланыс) сабақты етістіктерге қатысты ұғымдар бірінен бірі туындайтын, біріне бірі байланысп жатқан құбылыстар болып табылады. Бұл құбылыстардың бәрі зат пен қимылдың арасындағы объектілік қатынастан бастау алып жатады. 
Зат пен қимыл арасындағы объектілік қатынастың мазмұны етістіктің етіс категриясының тұлғалары арқылы, дәлірек айтқанда, етістікке етіс тұлғалары жамаған грамматикалық мағыналар арқылы өзгеруі мүмкін. Атап айтқанда, етіс қосымшалары арқылы салт етістік сабақтыға, сабақты етістіктер салт етістікке айналып кетеді.
Етіс категориясы. Етіс  -  қимыл мен субъект арасындағы әр алуан қатынастарды білдіретін мағыналардан тұрады және ол мағыналар арнайы грамматикалық формалар (етіс жұрнақтары) арқылы қалыптасады. Етістің қимыл мен субъекті арасындағы қатынастарды білдірумен қатар, қимыл мен объект арасындағы қатынастарды өзгерту қасиеті бар. 
Қазақ тілінде етістің төрт түрі бар: 
* Өздік етіс. Қосымшасы: -н,- ын, -ін. Мысалы: жуын, киін, таран, т.б.;
* Өзгелік етіс. Қосымшалары: а)  - ғыз, -гіз, -қыз, -кіз. Мысалы, жүргіз, айтқыз, жеткіз, т.б.;
		ә)  - дыр, -дір, -тыр, -тір. Мысалы, келтір, толтыр, күлдір, т.б.;
		б)  -ыр, -ір, -ар. Мысалы, өшір, шығар, татыр, т.б.;
		в)  - т. Мысалы, оқыт, тойлат, кекет, т.б..
3)   Ырықсыз етіс. Қосымшалары: а)  - н,- ын,-ін. Мысалы, білін, тазалан, т.б.;
		ә)  -л, -ыл, -іл. Мысалы, қозғал, жинал, т.б..
4)  Ортақ етіс. Қосымшасы: -с, -ыс, -іс. Мысалы, жинас, салыс, т.б..

	Өздік етіс. Өздік етіс  -  субъектінің қимылы сол субъектінің өзін қамтығанын білдіретін етістің түрі.  Мысалы, Бала пәлтесін киді деген сөйлемдегі қимылды атаған сөз  -  ки етістігі, кию қимылының логикалық субъектісі  -  бала, сөйлемде бұл затты атаған сөз бастауыш қызметінде тұр, аталған қимыл қамтыған объект-зат  -  пәлте, бұл сөзді атаған зат есім тура толықтауыш қызметінде тұр. Енді сөйлемдегі етістікке өздік етіс жұрнағын қосып, сөйлемді қайта құрастырайық: Бала киінді.  Енді киіну етістігі арқылы аталған қимылдың субъектісі мен объектісін анықтап көрейік: киіну қимылын жасаған  -  бала, яғни логикалық субъекті өзгерген жоқ, ал осы киіну қимылының объектісіне келсек, яғни, қимыл қамтыған зат  -  баланың өзі болып тұр. Басқаша айтсақ, кию қиымылының логикалық субъектісі  -  бала, объектісі  -  пәлте болса, киіну қимылының субъектісі де, объектісі де  -  бала.   Бұл мағына етістікке өздік етіс жұрнағын қосу  арқылы алынды. Ендеше өздік етіс дегеніміз  -  қимылдың субъектісі де объектісі де бір зат екенін білдіретін етіс болып шығады. 
Өздік етісті анықтауда етістіктің негізі білдіретін қимылдың логикалық субъектісі мен объектісін анықтап алып, оны етіс жұрнағы жалғанғанн  кейінгі етістік атаған қимылдың субъектісі мен объектісімен салыстыру әдісін қолданамыз. Мысалы, таран, боян, т.б. Таран етістігінің негізі  -  тара: бұл қимылдың логикалық субъектісі  -  кез келген зат (адам) бола алады, ал объектісі  -  шаш, немесе тарауға келетін басқа заттар; тара етістігінен алынған таран сөзі атайтын қимылдың логикалық субъектісі де - кез келген зат (адам) бола алады, бірақ тарану қимылы енді шаш, немесе тарауға келетін басқа заттарды емес, субъектінің өзін қамтығанын көреміз, яғни тарану әрекетінің субъектісі мен объектісі  -  бір зат. Сол сияқты бояну әрекетінің субъектісі  -  қыз десек, объектісі  -  сол қыздың көзі, шашы, беті, т.б. болуы мүмкін. Ал бояну әрекетінің субъектісі мен объектісі  -  қыздың өзі, өйткені бояну әрекетін қыз өзіне жасады. 
Етістіктің өздік етіс тұлғасы тек сабақты етістіктерден ғана жасалады. Дегенмен сабақты етістіктердің бәрі бірдей өздік етіспен түрлене бермейді. Тек тура объектісін атайтын зат субъектінің бөлшегі немесе меншігі болатын етістіктерден ғана өздік етіс формасы  қалыптасады. Мысалы, бояу қмиылының тура объектісі болатын бет, көз, шаш, т.б.  қимылды жасаушы адамның бөлшегі- дене мүшелері, кию қимылының тура объектісі  -  киімнің түрлері  - субъектінің меншік заттары.  Салт етістіктер өздік етіс жұрнағын қабылдамайды. 
Белін буынды, шашын таранды сияқты етістіктің негізі атайтын қимылдың тура объектілерін өздік етіс тұлғаларымен тіркестіріп қолдана беруге болады, бірақ бұл  -  қазақ тілінің сөйлеу нормасына сай емес, стильдік мақсаттағы нормадан ауытқу болып табылады. 
Өздік етіске беріліп жүрген анықтамалардың бірі  -  <<қимылды субъекті өзіне жасағанын, немесе өзі үшін жасағанын білдіретін етістің түрі өздік етіс деп аталады>>. Мұндағы <<субъекті қимылды өзі үшін жасағанын білдіретін етіске>> сұран, қаран, ойлан, тебін, көрін, т.б. с.с. қатардағы етіс тұлғасындағы сөздер жатқызылып жүр. Бұл етіс тұлғаларындағы етістік арқылы аталған қимылдарда субъектілер әрі объекті ретінде көрінбейді. Яғни, субъектінің қимылы өзін қамтымайды. Есесіне қимылды субъекті өзі үшін жасағанын байқаймыз. Өзі үшін сұранады, өзі үшін қаранады, өзі үшін ойланады, т.б. 
Өздік етіс жұрнақтары кейде етістік тудырушы құранды жұрнақ құрамында кезедседі: намыстан, ауыздан, т.б.. Сондай-ақ бүгінгі таңда түбірін анықтау қиындаған сөздердің құрамында да ұшырасады; оян, үйрен, т.б..

Өзгелік етіс. Өзгелік етіс  -  қимылды субъектінің өзі емес, өзге субъекті (агенс) жасайтынын білдіретін етістің түрі.  Етістің бұл түрінде логикалық субъект қимылды өзі атқармайды, қимылдың жүзеге асуына түрткі, себепші болып, сөйлемде бастауыш қызметінде көрінеді. Ал қимылды басқа субъекті, яғни, агенс, жүзеге асырады. Оның сөйлемге қатысуы міндетті емес, қатсыса қалса, барыс септігі арқылы жанама толықтауыш қызметінде келеді. Мысалы, Әкем хат жазғызды. Жазу қимылының иесі  -  әкем, жазғызу қимылының да негізгі субъектісі  -  әкем, бірақ қимылды өзі жасаған жоқ, хатты басқа біреу жазды. Әкем хатты әпкеме жазғызды деп сөйлемге істі орындаушыны қатыстырсақ, ол барыс септігі арқылы жанама толықтауыш қызметінде көрінеді. Яғни, хатты жазған  -  әпкем, оған түрткі болған  -  әкем. Сөйтіп, өзгелік етіс тұлғаларында логикалық субъекті саны кемінде екеуден кем болмайды. Оның бірі  -  негізгі логикалық субъект  -  істі өзі орындамайды, қимылдың жүзеге асуына түрткі болады, сөйлемде бастауыш қызметінде келеді; екіншісі  -  істі тікелей орындаушы, агенс, сөйлемге барыс септігі арқылы жанама толықтауыш қызметінде  қатысады. 
Өзгелік етіс тек сабақты етістіктерден ғана жасалады. Сабақты етістіктерге өзгелік етіс жұрнағын қосқанда ғана істі тікелей атқарушы қосалқы субъект, агенс, пайда болады. Мысалы, Мен ініме сабағын оқыттым. Қимылдың атқарылуына түрткі болған субъект  -  мен, сөйлемде бастауыш қызметінде келген, тікелей орындаушы агенс  -  інім, сөйлемде жанама толықтауыш қызметінде тұр. Ал етістіктің негізіндегі тура объекті етістік өзгелік етіске айналғанда өзгеріссіз тура толықтауыш қызметінде қалады:  сабағымды оқыдым  -  сабағын оқыттым. Басқаша айтсақ, сабақты етістікке өзгелік етіс жұрнағын қосқанда, ол сабақтылық мағынасын сақтап қала береді. 
Салт етістіктерге өзгелік етіс жұрнағын қосқаннан бірден өзгелік етіс пайда болмайды. Өзгелік етіс жұрнағын салт етістікке қосқанда төмендегідей семантикалық өзгерістер орын алады:
* Салт етістік сабақтыға айналады: кел  - келтір, шық  -  шығар, піс  - пісір, т.б.. Бұл құбылыс келесі өзгерістерге себеп болады.
* Салт етістіктің субъектісі сабақты етістіктің тура объектісіне айналады: ет пісті  -  етті пісірді.  Салт етістіктің субъектісі болған сөйлемдегі бастауыш  ол өзгелік етіс жұрнағы арқылы сабақты етістікке айналғанда тура толықтауыш болып келген;
* Сабақты етістіктің өз субъектісі пайда болады. Әйелдер етті пісірді. Мұндағы логикалық субъекті істі тікелей атқарушы да. 
Сөйтіп, өзгелік етіс жұрнақтары салт етістікке бір қайтара қосылғанда, оны тек сабақты етістікке ған айналдырады, өзгеліс етіске тән грамматикалық мағынаны білдіре алмайды. Өйткені Әйелдер етті пісірді дегенде істі атқарушы субъекті саны  -  біреу-ақ, Мен ініме сабағын оқыттым деген мысалдағы сияқты екінші субъект көрінбейді. Ал осы салт етістіктен сабақтыға айналған етістікке тағы бір өзгелік етіс жұрнағын қоссақ, ол енді өзгелік етістің мағынасын білдіріп, логикалық субъект саны өседі. Әйелдерге ет пісіртті. Енді мұнда әйелдер істі тікелей орындаушы агенске айналып, толықтауыш қызметінде келген де, пісірту қимылына басқа субъект түрткі болған. 
Сөйтіп, өзгелік етіс жұрнақтарының бір ерекшелігі  -  бір сөзге бірнешеуі бірінің үстіне бірі қосыла алады. Әкем хат жаздыртқызды.  Бұл кезде енді істі орындауға қатысатын субъектілер саны да өсе береді. Әкем  -  істің жүзеге асуына түрткі болған негізгі субъект, ол әпкеме тапсырма берді, әпкем үшінші біреуден осы істің орындалуын сұрады, үшінші адам төртінші тұлғаға  орындатты. Яғни хатты жазу әрекетін тікелей орындаған тек төртінші қатысушы болып шығады. 
Ырықсыз етіс.  Ырықсыз етіс  -  қимылды атқарушы субъект көрінбей, қимыл субъектінің ырқынан тыс орындалғанын білдіретін етістің түрі. Етістің бұл түрінде қимылдың логикалық субъектісі сөйлемнен көрінбейді (егер логикалық субъектіні сөйлемге қатыстыру қажет болса, ол тарапынан, жағынан  сөздерінің жәрдемімен сөйлемге ене алады). Мысалы, Астық жиналды. Етістіктің негізі  -  жина. Бұл қимылдың логикалық субъектісі  -  астық жинаушы адамдар, шаруалар, астық  -  жинау әрекетінің тура объектісі. Ал жиналу қимылында жинаудың тура объектісі болған астық бастауыш қызметіне өткен (қимылдың иесіне айналған), субъект (астық жинаушы шаруалар) көрінбейді, сөйлемге қатыстырылмаған. Оны сөйлемге Астық шаруалар тарыпынан тез арада жиналды деп енгізуге де болады. Астық жиналды десек, астық субъектінің қатысынсыз, өз-өзінен жинала қалғандай мағына береді. 
Ырықсыз етіс тек сабақты етістіктерден ғана жасалады және ырықсыз етіс жұрнағы сабақты етістікті салт етістікке айналдырып отырады.
Ырықсыз етіс жұрнағының ішінде дыбыстық құрамы жағынан өздік етістің жұрнағын қайталайтын қосымша бар екені белгілі: -ын, -ін, -н. Бұл қосымшаның өздік етістің қосымшасы ма, әлде ырықсыз етістің қосымшасы ма екендігін қалай ажыратамыз?
Біріншіден, аталған қосымшаны қабылдаған етістік формасының семантикасына терең үңілу қажат. Атап айтқанда, етістіктің негізі мен осы жұрнақты қабылдаған тұлғаның субъектілері мен объектілерін тауып, салыстырып бір шешімге келу керек. Яғни, өздік етісте субъект мен объекті  -  бір зат, ал ырықсыз етісте  -  оның негізінің объектісі субъект түрінде көрінеді. Екіншіден, лексика-грамматикалық мағыналары оларды бір-бірінен ажыратуға мүмкіндік береді: Өздік етіс жұрнағын қабылдаған етістік те, оның негізі де сабақтылық мағыналарын сақтайды, ал ырықсыз етіс жұрнағын қабылдаған тұлға салттылық мағынаға ие, оның негізі  -  сабақты етістік болады. Мысалы, Бала тазаланды  -  үй тазаланды. Бірінші мысалда бала тазалау қимылын өзін (үстін, киімін, денесін) қамтып жүзеге асырды және етістіктің негізі де (бала киімін тазалады), өздік етіс тұлғасы да (киімін, денесін тазаланды) сабақтылық мағыналарын сақтады. Екінші мысалда тазалау әрекетінің субъектісі тазалану қимылында көрінбейді, тазалау қимылының объетісі тазалану қимылында грамматикалық субъект түрінде көрінген және сабақты етістік (үйді тазалау) салт етістікке (үй тазаланды) өткен.
Ортақ етіс. Ортақ етіс  -  қимылды бірнеше субъект ортақтасып орындайтынын білдіретін етіс түрі.  Етістің бұл түрінің бірнеше субъектісі бар өздік етістен семантикалық айырмашылығы мынада: өздік етісте қимылдың орындалуына бір субъект түрткі болып, келесі субъекті (агенс) оны орындайды, ал ортақ етісте қимылды бірнеше субъект бірге, тең дәрежеде жүзеге асырады. Мысалы, Олар хат жазысып тұрады. 
Ортақ  етіс жұрнағы  -  салттылық-сабақтылық категориясына бейтарап қосымша. Ортақ етіспен тұлғаланған етістіктер салттан сабақтыға, сабақтыдан салтқа өзгермейді, негіз етістіктегі салттылық, не сабақтылық мағыналарын сақтап қалады. Мысалы, жинасты, сөйлесті, барысты, тұрысты, т.б..
Ортақ етіс жұрнағының келесі бір ерекшелігі  -  қимылдың атауын білдіруге бейімдігі. Соның негізінде тілімізде  айтыс, соғыс, жүріс, т.б. с.с.  зат есімдер қалыптасқан.
Болымды-болымсыздық категориясы. Болымды-болымсыздық категориясы етістіктің болымды және болымсыз мағыналарынан тұрады. Қазақ тілінде болымды мағынаның көрсеткіші болатын грамматикалық тұлға жоқ, болымды мағына семантикалық тәсіл арқылы беріледі, яғни кез келген етістіктің негізі болымды мағынаны да білдіреді. Ал болымсыздық мағына  етістіктің негізін түрлендіру арқылы алынады. 
Болымсыздық мағына екі түрлі жолмен беріледі::
* Етістіктің негізіне: түбір немесе туынды тұлғалы етістікке, күрделі етістіктерге  (не оның етіс тұлғаларына, сондай-ақ аналитикалық формаларына)  - ма/-ме, -ба/-бе, -па/-пе жұрнақтарын қосу арқылы беріледі. Мысалы, келмеді, сартылдамады, қызмет қылмады, жүргізбеді, бармай қойды, бара қоймады, т.б.;
* Етістіктің есімше тұлғалы түрлеріне жоқ және емес (емен) көмекші сөздерінің бірі тіркесу арқылы беріледі. Мысалы, айтқан жоқ, айтқан емес, беретін емес, келер емес, тұрмақ емес, т.б..
Аналитикалық тәсілімен берілген болымсыз мағынаны болымды-болымсыздық категориясының аясына жатқызу-жатқызбау мәселесінде  қазақ ғалымдарының пікірлері бірізді емес. Бұл тәсілмен алынған болымсыздық мағынаны аталған грамматикалық категорияға жатқызбау керек дейтін ғалымдар болымсыздық мағына беруші тұлғаның (жоқ және емес сөздерінің) ашық рай тұлғаларынан кейін келуін негіз етеді. Болымды-болымсыздық  -  лексика-грамматикалық категория болғандықтан, болымсыздық мағынаны білдіруші тұлға лексикалық мағынаға әсер ету үшін функциялы тұлғалардан (оның ішінде ашық рай тұлғасынан)  бұрын тұруы тиіс деп есептейді.
Сонымен қатар, аналитикалық формалы етістіктер құрамында бірде негізігі етістікке, бірде көмекші етістікке, тіпті кейде екеуіне де қосылып келетін болымсыздық жұрнағының негізгі, я көмекші етістіктің қайсысына қосылғанына орай қимылдың болымсыздығын білдірумен қатар аналитикалық формант мағынасына да әсер ететінін байқаймыз. Ол үшін <<тоқтату>> мағынасындағы ұстау етістігін бір формантпен әр түрлі комбинацияда түрлендіріп көрейік. Мысалы, ұстай қалды  -  ұстамай қалды  -  ұстай қалмады  -  ұстамай қалмады. Бөгет суды ұстай қалды. Бірінші мысалда  - й қал форманты болымды қимылдың ойламаған жерден, жеңіл, жылдам жүзеге асқанын білдіретін мағына үстеген.  Бөгет суды ұстамай қалды, бұл мысалда аналитикалық формант етістікке болымсыз қимылдың кенеттен болғанын білдіретін мағына үстеген, бұл жерде <<жеңіл, жылдам жүзеге асу>> мағынасы көрінбейді. Бөгет суды ұстай қалмады. Енді болымды қимыл жеңіл, жылдам жүзеге аспағаны білдірілген. Бұл мысалда енді <<кенеттен болу>> мағынасы жоқ. Дәлірек айтсақ, істің нәтижесі ойлағандай болмады.  Ал соңғы Бөгет суды  ұстамай қалмады дегенде қимыл кенеттен емес, ойлағандай және жеңіл, әрі жылдам емес, біраз қиындықпен жүзеге асқанын байқаймыз.  
Осы сияқты құбылыстарды болымсыздық мағына беруші тұлғалардың субъективті модальмен түрленген етістіктерді түрлендіруінен де байқаймыз. Мысалы, барғаның жөн  -  бармағаның жөн  -  барғаның жөн емес  -  бармағаның жөн емес. Ендеше болымды-болымсыздық категориясы етістіктің негізін ғана қамтымайды, оның аналитикалық формаларын да қамтиды. Атап айтқанда, негіз атайтын қимылдың болымды-болымсыздығымен қатар, қимылдың өту амалдарының да болымды-болымсыздығын, сөйлеуші пікірінің де болымды-болымсыздығын білдіретін мағыналардан тұрады. 
Сонымен, болымсыздық тұлғалары етістікке (мейлі оның негізіне, мейлі көмекші сөзіне) бір қайтара қосылғанда, оған болымсыздық мағына жамап, қимылдың жүзеге асуын жоққа шығарып отырады, ал екі қайтара қосылса, қимылдың жоққа шығарылуы қайта жоққа шығарылып, аналитикалық етістік болымды мағына береді. 
Етістіктің синтаксистік ерекшеліктері. Етістік  -  сөйлемде сөйлемнің барлық мүшесі бола алатын сөз табы. Етістіктің сөйлемдегі синтаксистік қызметтері оның функционалды тұлғаларымен тікелей байланысты. Етістік сөйлемде міндетті түрде түрленетін сөз табы екені белгілі, соның ішінде лексика-грамматикалық категориялардың тұлғаларымен әрқашан түрленуі міндетті емес, ал  функциялық тұлғаларсыз қолданылмайды. Функциялық тұлғалар деп отырғанымыз  -  етістіктің қимыл есімі, есімше, көсемше және қимыл иесі деп аталатын ерекше тұлғалары мен таза грамматикалық категориялардың қатарындағы шақ, рай, модаль тұлғалары. Атап айтқанда, осы тұлғалардың бірі етістікке қосылу арқылы оның сөйлемдегі синтаксистік қызметін белгілейді. Дәлірек айтқанда, етістікке үстеген грамматикалық мағынасы арқылы сол етістіктің белгілі бір қызметке тұруына жағдай жасап, мүмкіндік тудырады.
Қимыл есімі. Етістіктің қимыл есімінің  қосымшаларына  -у, -с (-ыс, -іс),  және -мақ (-мек, -бақ/-бек, -пақ/-пек) жұрнақтары жатады. Осы жұрнақты қабылдаған етістіктер қимыл есімі тұлғалы етістіктер деп аталады. Өйткені етістіктің негізі (түбірі) қимылды, іс-әрекетті атаса, қимыл есімі тұлғалы етістіктер қимылды емес, қимылдың атын білдіреді. Мысалы, сат  -  сату, сындыр  - сындыру, ойла  -  ойлау, еңбек қыл  - еңбек қылу, т.б.. Барыс-келіс қалай болып тұр? Алыс-беріс молайсын! деген сөйлемдердегі қосарлана жұмсалған етістіктердің әр сыңары да қимылды емес, қимылдың атын білдіріп тұр. Сондықтан бұлар да қимыл есімі тұлғасындағы етістікке жатады. Сол сияқты Алмақтың да салмағы бар. Ханның жақсы болмағы  -  қарашаның елдігі деген сөйлемдердегі етістіктер де қимылдың атауын ғана білдіріп тұр. 
Қимыл есімі тұлғалы етістіктер заттық мағынаға ие.  Мысалы, Сабаққа кіруге рұқсат сұрадың ба? сияқты сөйлемдердегі қимыл есіміне неге (немесе не істеуге) деп зат есімнің сұрағын қоя береміз. Мұндағы заттық мағына барыс септігінің қосылуы арқылы пайда болған құбылыс емес, керісінше септік жалғауы қимыл есімінде заттық мағына бар болғандықтан қосылып тұр. Рас қимыл есімі тұлғасындағы заттық мағына мен деректі зат есімдердің заттық мағыналары тең құбылыс емес, дегенмен қимыл атауы болатын сөздердің заттық мағынасы есеп, ой сияқты процеспен байланысты ұғым атауын білдіретін дерексіз зат есімдердің заттық мағынасына жуық. Қимыл есімі заттық мағынаға ие болғандықтан, зат есім сияқты етістіктің шақ, рай, модаль мағыналарына бейтарап жағдайда тұрады. Сондықтан олар ертеректегі оқулықтар мен ғылыми әдебиеттерде тұйық етістік аталып келді. 
Қимыл есімі қосымшалары  -  етістікке заттық мағына жамайтын тұлға. Осы қосымшаларды тұлғаланған етістіктер заттық мағынаға ие болғандықтан, енді зат есімнің қосымшаларын еркін қабылдап, сол зат есімнің қосымшаларының мағыналары негізінде зат есімге тән синтаксистік қызметтерге тұра береді. Атап айтқанда, атау септігі арқылы бастауыш, ілік септігі арқылы анықтауыш, басқа септік жалғаулары мен септеулік шылаулар арқылы толықтауыш, не пысықтауыш қызметін атқарады. Мысалдар, Ол кітап оқуды көп ұнатпайтын. Жүрістері тым асығыс көрінеді. Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз.
Қимыл есімі кейде адъективтеніп (зат есімнің анықтауыш қызметінде келгенде сындық мағынаға ие болғаны сияқты), анықтауыш қызметіне де тұрады. Мысалы,   Мектепті мерекеге қарсы безендіру жұмысы аяқталып келеді. 
Етістіктің қимыл иесі тұлғасы. Етістіктің түрленген тұлғаларының ішінде таза заттық мағынаға ие түрі  -  осы қимыл иесі. Етістіктің қимыл иесі тұлғасы           -ушы/- уші жұрнақтары арқылы жасалып, қимылды емес, қимылды жасаушыны, қимылдың иесін (агенсті) атап тұрады.  Мысалы, бар  -  барушы, бер  - беруші, кел  -  келуші, т.б.. Мұнда да етістікке заттық мағына қимыл иесі жұрнақтары арқылы жамалып, заттық мағынаға ие болған етістік одан әрі зат есімнің қосымшаларын қабылдайды да, зат есімше қызметке тұрады. Мысалы, Берушіге бесеу көп,   алушыға алтау аз.
Етістіктің қимыл иесі тұлғасы да қимыл есімі сияқты адъективтенуге қабілетті. Мысалы, Күтуші жігіт бөлменің есігін ашуға беттеді. 
Есімше.  Есімше  -  әрі есім сөздерге тән белгілері бар, әрі етістікке тән белгілері бар етістіктің ерекше түрі. Есімшені есім сөздерге жақындататын,  есім сөздермен ортақ белгілері деп үш түрлі қасиеті көрсетіліп жүр:
*  Есімше сын есім сияқты анықтауыш қызметін атқарады. Мысалы, көгерген шөп, барған жол, т.б.;
* Зат есімнің көптік, тәуелдік, септік жалғауларымен түрлене алады. Мысалы, Білгенге маржан, Білмеске арзан.;
* Есімшеге жіктік жалғаудың есім сөздерге қосылатын нұсқасы жалғанады. Мысалы, келгенмін, келгенсің, келгенсіз, келген. 
	Есімше есім сөздердің ішінде сын есімге өте жақын. Өйткені оның бойында грамматикалық сындық мағына бар.  Мысалы, баратын кісі, қызарған орамал, т.б. с.с. анықтауыш қызметіндегі есімше тұлғалы етістіктерге қай кісі (қайтетін адам деп сұрақ қойылмайды)  қандай орамал (қайткен орамал емес) деп сұрақ қоя береміз. Бұл сұрақтар  -  сөйлем мүшесінде анықтауыштың, сөз табында сын есімнің сұрақтары. Сондықтан анықтауыш болып тұрған есімшенің бойында сындық мағына бар деп тұжырым жасай аламыз. Ал бұл сындық мағына етістікке есімше жұрнақтары арқылы жамалып тұр. Ендеше, есімше  -  етістікке сындық мағына жамап, оны анықтауыш қызметіне қоятын тұлға. 
	Ал есімшенің  зат есімше түрленуі сын есімнің алдымен субстантивтеніп барып, зат есімнің қосымшаларын қабылдауына сәйкес құбылыс. Жақсы (адам) ісімен жақсы. Көрмес (адам) түйені де көрмес.
	Есімшенің сындық мағынасы мен сапалық және қатыстық сын есімдердің сындық мағыналарынан айырмашылықтары да да, сәйкестіктері де бар. Егер сапалық сын есімдер заттың тұрақты, статикалық белгісін атаса, қатыстық сын есімдер сол затқа қатысы бар басқа затты (заттық ұғымды),  немесе қимылды сол заттың белгісі етіп көрсететіні белгілі. Мысалы, ақ көйлек  дегенде сын есім заттың түсіне қатысты статикалық белгісін тікелей атап тұр, ал түнгі жаңбыр дегенде түн деген уақыт жаңбырға қатысты болып, оның белгісіне айналған.  Есімшенің сындық мағынасы  қатыстық сын есімдердің сындық мағынасына өте жақын. Есімше заттың өз қимылын сол заттың өз белгісі, динамикалық қыры ретінде атайды. Мысалы, келген бала дегенде логикалық тұрғыдан келу әрекеті баланың өзі жасаған қимыл, бірақ мысалда қимыл (келу) зат (баланың) жасаған предикат белгі (бала келген нұсқасындағыдай) ретінде көрінбеген,  баланы басқа балалардан ажырату үшін қажетті атрибут белгі болып тұр, яғни сөйлеуші үшін де тыңдаушы үшін (немесе оқушы үшін) де баланы басқалардан ажырату, ерекшелеу үшін оның статикалық белгілерінен гөрі бір кездері жасаған қимылын белгі қылып алу қолайлы,  дұрыс шешім болып тұр. Сөйтіп қимыл заттың белгісі болса, тілде, сөйлемде оларды атайтын сөздерді, етістік пен зат есімді, қажетті грамматикалық (анықтауыштық) қатынасқа түсіру  -  есімше жұрнақтарының мойнына жүктелген қызмет болып қалыптасқан.  
	Есімшенің етістікке тән белгілеріне мыналар жатады:
* Қимыл-қозғалысты атап, салттылық- сабақтылық мағыналарымен көрінуі. Соның негізінде септік жалғауындағы сөздерді меңгеру қабілетін сақтауы.
* Шақтық мағыналарын әрқашан сақтап, заттың предикат белгісін атаған етістікті баяндауыш қызметіне қойуы.
Есімше қай қызметте жұмсалса да (анықтауыш, баяндауыш, субстантивтеніп бастауыш немесе толықтауыш қызметінде келсе де) етістікке тән негізгі белгілерін жоғалтпайды: анықтауыш қызметінде келгенде сындық мағына жамалғанмен, қимылды атау қабілетінен айырылмайды, керісінше сол қимыл заттың бір белгісі екендігін білдіреді; салттылық, сабақтылық мағыналарын сақтап, тиісті септік жалғауындағы сөздерді меңгере береді, басқа сөздерді де (мысалы үстеуді) етістікке тән қасиетімен қабылдай алады, Мысалы, Кеше поездан түскен қонақтар...
Есімше қай қызметте жұмсалса да шақтық мағынасынан айырылмайды. Есімше етістікке сындық мағына жамап, оны анықтауыш қызметіне қойған кезде де өзінің шақтық мағыналарын сақтап тұра береді. Мысалы, соққан жел, соғатын жел,  келер сәт, айтылмақ сөз, т.б.. Бірақ есімшенің шақтық мағыналарының анықтауыштың жасалуында үлкен рөлі жоқ. Шақтық мағыналар етістіктің баяндауыш қызметіне тұруында басты рөлге шығады. 
Сонымен есімше тұлғаларының етістікті сөйлем мүшесі қызметіне қоюдағы қабілеттерін жинақтар болсақ:
* Есімше  -  етістікке сындық мағына жамау арқылы оны анықтауыш қызметіне қоятын ерекше тұлға;
* Есімше  -  етістікке шақтық мағыналар жамау арқылы оны баягдауыш қызметіне қоятын ерекше тұлға.

		Көсемше.  Көсемше  -  әрі үстеуге тән белгілері бар, әрі етістікке тән белгілері бар етістіктің ерекше түрі. Етістіктің үстеуге тән белгісі  -  сөйлемде пысықтауыш қызметін атқаруы. Етістіке тән белгілері  -  қимылды атап, салттылық-сабақтылық қабілетін жоғалтпай, басқа сөздерді меңгеруі және шақтық мағыналары арқылы етістікті баяндауыш қызметіне қойуы.
	Көсемше  -  етістікке амал, себеп, мақсат, мезгіл, шарт/мезгіл мағыналарын жамап, сол мағыналары арқылы етістікті пысықтауыш қызметіне қоятын етістіктің еркеше тұлғасы. Етістікке амал мағынасын жамап, оны амал пысықтауышы қызметіне қоятын көсемшелер: -п (ып/-іп), (-ма)стан. Мысалы,  жымиып күледі, қорықпастан жүгіре жөнелді. Етістікке себеп мағынасын жамайтын көсемше: -п. Мысалы, тоңып секіре бастады. Мақсат мағынасын үстеуші көсемше: -ғалы/-гелі, -қалы/-келі. Мысалы, татуласқалы келіпті, жауласқалы барды. Мезгіл мағынасын жамап, етістікті мезгіл пысықтауышы қызметіне қоятындар: -ғанша/-генше,            -қанша/-кенше, -ысымен/-ісіме. Мысалы, көзінен жас шыққанша күлді, үйге келісімен іске кірісті. Етістікке шарт/мезгіл мағынасын жамайтын көсемше:           (-ма)й,   -(ма)йынша/-(ме)йінше.  Мысалы, айтпай(ынша) бермейді. Көсемше адвербиалдық мағыналар жамап етістікті пысықтауыш қызметіне қойған кезде, одан шақтық мағыналар аңғарылмайды. 
Көсемше етістікке шақтық мағыналар үстегенде, оны баяндауыш қызметіне қояды. Мысалы, Күн тез суытқандықтан, шөп те ерте солады. 
Көсемше тұлғалары сабақтас құрмаластың бағыныңқы сөйлемінің баяндауышы құрамында келгенде шақтық мағыналарын да, адвербиалдық мағыналарын да сақтап тұрады, мұндағы шақтық мағына баяндауыштың жасалуына негіз болса, адвербиалдық мағыналар жай сөйлемдердің мағыналық қарым-қатынасына негіз болады. Мысалы, Көктем келіп, қар ери бастады. 
	Үстеу. Үстеу  -  қимылдың, іс-әрекеттің әр түрлі белгілерін: мезгілін, мекенін, себебін, мақсатын, амал-тәсілін және мөлшерін білдіретін сөз табы. 
Үстеудің семантикалық ерекшеліктері. Үстеу мағынасына қарай алты топқа бөлінеді:
* Мезгіл үстеулері: бүгін, биыл, қазір, ала жаздай, ертең, күндіз, қыстыгүні, қыстай, кеш, әлі, ерте; лезде, бағанадан, баяғыда; кешқұрым, күні-бүгін, апа-сапақта, т.б.;
* Мекен үстеулері: жоғары, төмен, ілгері, ішкері, тысқары, кейін, әрмен, алға, артқа, артта, әрі-бері, жол-жөнекей, т.б.;
* Себеп үстеулері: бекерге, босқа, текке, шарасыздан, амалсыз, лажсыз, т.б.; 
* Мақсат үстеулері: әдейі, әдейілеп, жорта, қасақана;
* Амал (сын-бейне немесе қимыл-сын) үстеулері: адамша, ескіше, жазбаша, көйлекшең, жартылай, шикілей, өлердей, бірге, босқа, қапыда, оқыста, лезде, өздігінен, шалқасынан, жайымен, шынымен, ретімен, біржола, жайбарақат, ауызекі, оқыс, дереу, ақырын, тез, шала-пұла, зым-зия, қолма-қол, астыртын, жасырын, т.б.;
* Мөлшер үстеулері: сонша, соншалық, сондайлық, анағұрлым, бірен-саран, бірталай, біраз, бірқыдыру, бірен-саран, азды-көпті;
Қазақ тіліндегі күшейткіш үстеулері деп танылып жүрген ең, тым, өте, орасан, аса сөздері  -  сапалық сын есімнің күшейтпелі шырайын қалыптастыратын көмекші сөздер.  Күшейткіш үстеу ретінде аталатын керемет, зор, нағыз, ерен, кілең, өңкей, дәл сөздері  -  шырай мағынасын беретін күшейткіш мәнді сөздердің орнына жұмсалған зат есімдер мен сын есімдер. Ал әбден, мүлде сөздері  -  амал үстеулері. 
Сондай-ақ соңғы жылдары үстеулің сегізінші мағыналық түрі ретінде топтау үстеулері деп беріліп жүрген, ертеректердегі әдебиеттерде топтау сан есімдерінің қатарында болған бір-бірлеп, топтап, көптеп, қос-қостап, бес-ондап, топ-тобымен, т.б. сөздерді амал үстеулерінің қатарына жатқызу орынды. 
Үстеудің морфологиялық ерекшеліктері.  Үстеу өзіне тән түрлену жүйесі жоқ және мүлдем түрленбейтін сөз табы саналады. Алайда жоғарырақ, төменірек, ілгерірек, кейіндеу, ішкерілеу, тысқарырақ, әрірек, берірек сияқты сын есімнің салыстырмалы шырай тұлғаларын қабылдаған,  сондай-ақ ертеңі, бірталайға дейін сияқты зат есімнің түрлендіруші тұлғаларымен келген үстеулерді сөйлемдерден жиі кездестіреміз. 
Шырай тұлғаларын қабылдайтын үстеулердің саны шектеулі. Үстеу сөздердің бәрін немесе оның белгілі бір көлемді бөлігін қамтымағандықтан, шыраймен түрлену бүкіл сөз табының грамматикалық ерекшелігі деуге келмейді. Ал зат еімнің формаларын қабылдау  -  үстеудің сын есім, сан есім сияқты субстантивтенуімен байланысты құбылыс. Мысалы, Еріншектің ертеңі бітпес. Еріншек (адам)ның <<ертең>> (дейтін сөз)і бітпес.
Үстеудің синтаксистік ерекшеліктері.  Үстеу лексика-семантикалық ерекшелігіне сәйкес сөйлемде қымылдың әр алуан белгілерін білдіріп, пысықтауыш қызметін атқарады. Тұра қаштым жалма-жан. 
Үстеу бастауыштың жай-күйін (мезгілін, мекенін, мөлшерін) атап, баяндауыш та бола алады. Аттанатын күніміз  -  ертең. Жиналғандардың саны  бірталай. Тиянақты баяндауыш қызметін атқарғанда, жіктеліп жұмсалады.
Мөлшер үстеулері заттың сан-мөлшерін атап анықтауыш та бола алады. Бірен-саран адам көрінеді. Біраз уақыт өтті.
Субстантивтеніп, зат есімнің септік жалғаулары, септеулік шылауларымен келгенде, солардың грамматикалық мағыналарының көмегімен зат есім атқаратын синтаксистік қызметтерде келе береді. Біразы  -  уылжыған жас, бірқатары -  сақалдары күректей мұжықтар. Талайды көріп жүрміз ғой... Ертеңінде-ақ жолға шықты
Еліктеу сөздер.  Табиғатта (заттардың қақтығысу, соқтығысуынан және жан-жануарлар шығарған) болатын әр алуан дыбыстарды есту,  сондай-ақ заттардың қимылдарының қилы-қилы көріністерін көру арқылы белгілі бір түсінік ретінде қабылдаудан пайда болған, сол түсініктердің атауы ретінде қалыптасқан сөздерді  еліктеу сөздер дейміз. 
Еліктеу сөздер мағынасына қарай дыбыстық еліктеуіштер және бейнелеуіш сөздер болып екіге бөлінеді. 
Дыбыстық еліктеуіштерге табиғатта әралуан заттардың қақтығысу, соқтығысуынан пайда болған және жан-жануарлар жасаған дыбыстарға байланысты сөздер жатады. Мысалы, Қозы екі қомағай ауыздың кергісінде қанжоса болып дар-дар айырылды. Сырт-сырт етіп жас сүйек сынды. 
Бейнелеуіш сөздерге түрлі қимыл-әрекеттердің бейнесін сипаттау мақсатындағы сөздер,  көзбен көру арқылы пайда болған түсініктердің атаулары жатады. Мысалы, Нұрқожа талтаң-талтаң басып келеді. От жалт етті. Кілт тоқтады
Морфологиялық ерекшелігі.   Еліктеу сөздер  -  түрленбейтін сөз табы. 
Синтаксистік ерекшеліктері.  Етістістіктермен тіркесіп келіп, пысықтауыш қызметін атқарады. Мысалы, Абай кілт бұрылып, жалт қарады. Атшы жігіт мырс-мырс күледі.  Зат есімдермен тіркесіп, анықтауыш болады. Мысалы, Күңгірт сөйлеген шаң-шұң дауыс шықты. Қымқиғаш қиқу, сарт-сұрт төбелес болдыда қалды.  Субстантивтеніп, зат есімнің қосымшаларын қабылдап, зат есімше қызметтер атқарады. Мысалы, Осы сөзден соң Жігітек екіұдайылықтан, былқ-сылқтан арылып, сөзді бір арнаға түйген-ді.









































Тақырып: Синтаксис туралы түсінік. Сөз тіркесі туралы түсінік.
Сабақтың мазмұны: 
* Синтаксис, оның зерттеу объектілері туралы түсінік;
* Синтаксистік байланыс;
* Синтаксистік байланыстың тәсілдері;
* Синтаксистік байланыстың түрлері;
* Синтаксистік қатынас;
* Сөз тіркесі, оның түрлері.

Сабақ мақсаты:
		Синтаксис, оның зерттеу объектілері туралы түсінік беру, синтаксистік байланыс  және синтаксистік қатынас туралы түсінік қалыптастыру. Синтаксистік байланыстың тәсілдері мен түрлері туралы білімдерін жүйелеу. Сөз тіркесі, оның түрлері туралы түсінікті кеңейту.
                                       
                         Теориялық бөлім
		Синтаксис, оның зерттеу объектілері туралы түсінік. Синтаксис  термині қазіргі тіл білімінде екі түрлі мақсатта жұмсалады: біріншіден, синтаксис  -  коммуникативтік мақсатта жұмсалған тілдің тұлға-бірліктері, екіншіден, синтаксис  -  коммуникативтік мақсатта жұмсалған тілдің тұлға-бірліктерін зерттейтін тіл білімінің бір саласы, грамматиканың бір бөлімі. 
		Тілдің коммуникативтік мақсатта жұмсалатын тұлға-бірліктері өз алдына бір жүйені құрайды, ол жүйені тілдің синтаксистік жүйесі деп атаймыз. 
		Синтаксис грек тілінен аударғанда, байланыс, құрастыру дегенді білдіреді. Синтаксистің негізгі бірлігі  -  сөйлем. Сөйлемге сөйлем  -  ойды білдіре алатын тілдің бірлігі деп анықтама береміз. Ендеше тіл білімінің синтаксис саласы сөйлемдегі сөздердің, жеке-жеке сөйлемдердің байланысу заңдылықтары мен сөйлемнің құралу жүйесін қарастырады. Сөйлемдегі сөздер тілдік заңдар (синтаксистік заңдар) бойынша  бір-бірімен байланыса келіп, сөйлемді құрайды. 
		Сөйлем ойды білдірсе, ой құрамына қарай жалаң ой және күрделі ой болып болып ажыратылады. Соған орай сөйлемдер де жалаң ойды немесе күрделі ойды білдіруіне қарай жай сөйлем және құрмалас сөйлемдер болып бөлінеді. Құрмалас сөйлем жалаң ойды білдіретін жай сөйлемдердің синтакситік амал-тәсілдер арқылы байланысуынан қалыптасады. Бұл амал-тәсілдердің өз жүйесі бар. 
		Сөйлеуші белгілі бір жағдайды, оқиғаны баяндаған кезде ойдың желісі жүйелі болу үшін сол жағдайға, оқиғаға қатысты бір ұғымды қазық етіп алып, жағдай, оқиғаның элементтерін (компоненттерін), бөліктерін жеке-жеке ой ретінде таратады. Ол бөліктердің саны жағдай, оқиғаның көлеміне байланысты әр түрлі бола береді.  Сөйтіп бір ұғымды тірек, қазық еткен көлемді ой желісі құралады. Бір ой желісі өз ішінен бірнеше желіге бөлініп кетуі мүмкін немесе бірнеше ой желісі бір-бірімен байланыса келе одан көлемді желіге айналуы мүмкін. Соған орай мәтінді құрайтын, ой желісінің бөліктерін атайтын  сөйлемдер де бір-бірімен байланысып жатады.  Бір немесе бірнеше ой желісінен тұратын ой бірлігін таныту үшін жазуда мәтін, жаңа жол (абзац) деген терминдер пайдаланылып жүр.
		Сөйтіп синтаксис ғылымы синтаксистік жүйенің қай мәселесін қарастыратынына қарай үшке бөлінеді: 
* Сөз тіркесі синтаксисі;
* Сөйлем синтаксисі. Сөйлем синтаксисі өз ішінен жай сөйлем синтаксисі және құрмалас сөйлем синтаксисі болып бөлінеді;
* Мәтін синтаксисі. 
Сөз тіркесі синтаксисінің негізгі бірлігі  -  сөз тіркесі. Зерттеу объектісі  -  сөз тіркесі құрамындағы сөздердің байланысу заңдылықтары, амал-тәсілдері, түрлері, байланысқан сөздердің мағыналық қарым-қатынастары; сөз тіркесінің ерекшеліктері, түрлері.
Жай сөйлем синтаксисінің негізгі бірлігі  -  жай сөйлем. Қарастыратын мәселелері  -  жай сөйлемнің жасалу жолдары, жай сөйлемді құрастырушы бөліктердің (сөйлем мүшелерінің) қызметтері мен жасалу жолдары, жай сөйлемнің мағыналық-өқұрылымдық түрлері.
Құрмалас сөйлем синтаксисінің негізгі бірлігі  -  құрмалас сөйлем. Қарастыратын мәселелері  -  құрмалас сөйлемді құрайтын жай сөйлемдердің бір-бірімен байланысу амал-тәсілдері, мағыналық қарым-қатынастары; құрмалас сөйлемнің мағыналық-құрылымдық түрлері. 
Мәтін синтаксисінің  негізгі бірлігі  -  күрделі синтаксистік тұтастық  (синтаксистік шалым). Зерттеу объектісі  -  күрделі синтаксистік тұтастық құрамындағы сөйлемдердің бір-бірімен мағыналық, тұлғалық байланыстары.
Синтаксистік байланыс туралы түсінік. <<Сөйлем  -  ойды білдіреді, сөзден құралады>> деген тұжырыммен өткен сабақтан таныспыз.  Сөйлемнің құрамындағы сөздер бір-бірімен өзара синтаксистік заңдар бойынша байланыспаса, сөйлем де қалыптаспайды, ой да берілмейді. Ендеше сөйлем құрамына енетін сөздер бір-бірімен синтаксистік байланыста болады. 
Синтаксистік байланыс дегеніміз  -  синтаксистік компоненттердің бір-бірімен мағыналық және тұлғалық жақтарынан сәйкесіп, үйлесімге келуі.
Синтаксистік байланысқа түсетін сыңарларды синтаксистік компоненттер деп атаймыз. Байланыс әр түрлі деңгейдегі тілдік бірліктер арасында орын ала береді. Егер сөйлем құрамындағы сөздер (сөздердің түрленген тұлғалары) байланысып, компонент болса, құрмалас сөйлемдерде компонент болатындар  -  оның құрамына енген жай сөйлемдер. 
Синтаксистік байланыс байланыстың сөздердің арасында орнау сипаты және компоненттерінің мағыналық, тұлғалық қарым-қатынасына  қарай салалас және сабақтас байланыстар болып екіге бөлінеді. 
Мағыналық жақтан өзара тең дәрежелі, тұлғалық жақтан бірі екіншісіне тәуелді болмайтын компоненттер арасындағы байланыстың түрін салалас байланыс дейміз.
Мағыналық жақтан бірі екіншісін сипаттай (анықтай, пысықтай, толықтай, баяндай, айқындай, т.б.) келген, тұлғалық жақтан бірі екіншісіне тәуелді компоненттер арасындағы байланысты сабақтас байланыс дейміз.
Сабақтас байланыс басыңқы және бағыныңқы компоненттерден тұрады. 
Басыңқы компонент  -  қалыптасатын синтаксистік бірлікке (құрылымға: сөз тіркесі, сөйлем, сабақтас құрмалас сөйлем, т.б.) ұйтқы, тірек болатын компонент. 
Бағыныңқы  -  басыңқы компонентті мағыналық жақтан сипаттай келетін, тұлғалық жақтан басыңқыға тәуелді болатын компонент. 
Синтаксистік байланыстың тәсілдері.  Сөйлем құрамындағы сөздердің бір-бірімен синтаксистік байланыс орнатуына себеп, дәнекер болатын амалдарды байланыстың тәсілдері деп жүрміз. Қазақ тілінде байланыстың төрт тәсілі бар екендігі белгілі Олар: 1. Қосымша немесе жалғаулар арқылы байланыс; 2. Шылаулар арқылы байланыс; 3. Орын тәртібі арқылы байланыс; 4. Интонация арқылы байланыс.
Сөйлемдегі сөздердің байланыс тәсілдерін синтетикалық тәсіл (қосымшалар арқылы орнаған байланыстар) және аналитикалық тәсіл (орын тәртібі, интонация, шылаулар арқылы болған байланыстар) деп бөлу де бар. Сонымен қатар үйге дейін жүгірді үлгісіндегі тіркестерді септік жалғау мен септеулік шылау болғандықтан, синтетика-аналитикалық тәсіл ретінде көрсетушілер де кездеседі.
Синтаксистік байланыстың түрлері. Сөйлемдегі сөздердің синтаксистік байланыс орнату тәсілдері негізінде байланыс түрлері (формалары) анықталады. Қазақ тілінде байланыстың бес түрі бар екені көрсетіліп жүр: қиысу, матасу, меңгеру, қабысу, жанасу. Бұлардың үшеуі: қиысу, матасу, меңгеру  -  қосымша, оның ішінде жалғаулар арқылы қалыптасатын байланыс түрлері, қабысу мен жанасу  -  орын тәртібі тәсілі арқылы жүзеге асатын байланыс. Сонда шылау арқылы, оның ішінде септеулік шылау арқылы байланыстарды, сондай-ақ (егер бөлек байланыс тәсілі ретінде танитын болсақ) интонация арқылы байланыстарды байланыстың қай түріне жатқызу керек деген сұрақтар туындайды.
 (Бастауыш қызметіндегі) бірінші сыңары екіншісімен атау септігі арқылы байланысатын,  (баяндауыш қызметіндегі) екінші компонент біріншімен жіктік жалғауы арқылы байланысатын екі жақты байланыс түрін  -  қиысу деп атаймыз.   
	Сөйлемдегі сөздердің бірінің ілік септігінде, екіншісінің тәуелдік жалғауында келіп анықтауыштық қатынастағы байланысы  -  матасу деп аталады. 
	Меңгеру дегеніміз  -  байланыстың бір жақты  септік жалғаулары және септеулік шылаулар арқылы жүзеге асқан түрі.
	Сөйлемдегі сөздердің іргелес орын тәртібі арқылы байланысы  -  қабысу деп танылып жүр. 
	Жанасу байланысы байланыстың жеке бір түрі ме, әлде М. Балақаев өзі көрсеткендей <<жанасу  -  алшақ қабысу>>, яғни, қабысудың ерекше бір түрі ме? 
Қабысудан айырмашылығы ретінде жанасуда байланысқа түсетін сөздер сөйлемде бірде іргелес, бірде алшақ орналаса алатыны ғана көрсетіледі. 
Синтаксистік қатынас туралы түсінік. Сөздердің арасында синтаксистік байланыс орын алған жерде синтаксистік қатынас та орын алады. Синтаксистік қатынас дегеніміз  -  синтаксистік байланыстың мазмұны. Байланыс орнаған жерде компоненттер арасында мағыналық қарым-қатынас та орнайды. Мысалы, тоғайға бару тіркесінде байланыс зат есім мен етістіктің арасында барыс септігі арқылы орнаған. Байланыс меңгерудің қатарына жатады. Бұл  -  байланыстың тұлғалық жағына қатысты ерекшеліктер. Енді осы байланыс арқылы пайда болған сөздердің қарым-қатынасына келсек, бағыныңқы басыңқыдағы қимылдың нақты бағытын білдірген. Бұл  -  байланыстың мағыналық жағы. Синтаксистік қатынас деп отырғанымыз да  осы  -  байланыстың мағыналық жағы.  
Сөйлемдегі сабақтаса байланысқан сөздер арасындағы синтаксистік қатынастар предикаттық қатынас және предикаттық емес қатынастар болып екіге бөлінеді. Предикаттық емес қатынастарға  анықтауыштық, толықтауыштық, пысықтауыштық және айқындауыштық қатынастар жатады. 
Сөз тіркесі (синтаксистік сөз тіркесі) туралы түсінік. Қазақ тілінде сөз тіркесіне беріліп жүрген анықтамалар, негізінен, оның негізгі үш белгісін қамтиды: <<Синтаксистік қарым-қатынасты білдіру үшін кемінде толық мағыналы екі сөздің сабақтаса байланысқан синтаксистік тобын сөз тіркесі дейміз>>. (Балақаев. М. Қазіргі қазақ тілі, 1992, 35-б.).   
Анықтамадан көрінетіні, тілдік бірлік, синтаксистік құрылым сөз тіркесі деп танылуы үшін:
* кемінде толық мағыналы екі сөз керек;
* олар бір-бірімен бірі басыңқы, екіншісі бағыныңқы сипатта сабақтаса байланысуы тиіс;
* сөздердің арасында белгілі бір синтаксистік қатынас (анықтауыштық, толықтауыштық немесе пысықтауыштық қатынастың бірі) орнауы міндетті.
Сөз тіркесіне тән осы белгілер оны сөз тіркесіне ұқсас басқа тілдік белгілерден ажыратуға негіз болады. 
Сөз тіркесі басыңқы сөздің қай сөз табынан екендігіне қарай есімді сөз тіркестері және етістікті сөз тіркестері болып екіге бөлінеді. Басыңқы сыңары есім сөздерден болған сөз тіркестері есімді тіркестер, басыңқысы етістіктен болған сөз тіркестері етістікті тіркестер деп аталады.
Сөз тіркестерін бұдан әрі құрамындағы сөздердің байланысу түріне қарай матаса байланысқан есімді сөз тіркестері, меңгеріле байланысқан есімді сөз тіркестері, қабыса байланысқан есімді сөз тіркестері және меңгеріле байланысқан етістікті сөз тіркестері, қабыса байланысқан етістікті сөз тіркесеті; сондай-ақ қатынастың мазмұнына қарай анықтауыштық қатынастағы сөз тіркестері, толықтауыштық қатынастағы сөз тіркестері, пысықтауыштық қатынастағы сөз тіркестері деген топтарға жіктеуге болады.









































Тақырып: Сөйлем мүшелері. Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері. Сөйлемнің тұрлаусыз мүшелері.
Сабақтың мазмұны: 
* Сөйлем мүшесі туралы түсінік;
* Сөйлем мүшелерінің тұрлаулы және тұрлаусыз мүше болып бөлінуі;
* Бастауыш, оның жасалу жолы;
* Баяндауыш, оның жасалу жолдары;
* Толықтауыш, оның жасалу жолдары;
* Пысықтауыш, оның жасалу жолдары;
* Анықтауыш, оның жасалу жолдары;
* Сөйлем мүшелерінің құрылысына қарай түрлері: дара мүше, күрделі мүше, үйірлі мүше;
* Сөйлемнің бірыңғай мүшелері, бірыңғай мүшелерге қатысты жалпылауыш сөз;
* Сөйлемнің айқындауыш мүшелері.

Сабақ мақсаты: Сөйлем мүшесі туралы түсінік беру, сөйлем мүшелерінің не себепті тұрлаулы және тұрлаусыз мүше болып бөлінетінін түсіндіру. Сөйлем мүшелерінің анықтамалары мен жасалу жолдарынан түсінікті тиянақтау. Сөйлем мүшелерінің құрылысына қарай дара мүше, күрделі мүше, үйірлі мүше болатынын үйрету. Бірыңғай мүше, айқындауыш мүшелер туралы түсініктерді кеңейту. ;

                         Теориялық бөлім
                                       
                       Практикалық бөлім
Синтаксистік байланыс. Синтаксистік қатынас

Дәріс жоспары:
* Синтаксистік байланыс туралы түсінік
* Синтаксистік байланыстың сипаты: салалас байланыс, сабақтас байланыс. Сабақтастық байланыстың сыңарлары: басыңқы компонент, бағыныңқы компонент
* Синтаксистік байланыстың тәсілдері: қосымша арқылы байланыс, шылаулар арқылы байланыс, орын тәртібі арқылы байланыс, интонация арқылы байланыс
* Синтаксистік байланыстың түрлері: қиысу, матасу, меңгеру, қабысу, жанасу
* Синтаксистік қатынас туралы түсінік

Мақсаты:   Синтаксистік байланысқа тілдік анықтама беру, салалас және сабақтас байланыс туралы, байланысқа түсетін синтаксистік компоненттердің сипаттары туралы түсінік беру. Синтаксистік байланыстың тәсілдері мен түрлері туралы мектептен белгілі анықтамаларға түзетулер мен толықтырулар жасау. Синтаксистік қатынас туралы тілдік анықтама беру.
Мазмұны:
1. Синтаксистік байланыс туралы түсінік. <<Сөйлем  -  ойды білдіреді, сөзден құралады>> деген тұжырыммен өткен сабақтан таныспыз.  Сөйлемнің құрамындағы сөздер бір-бірімен өзара синтаксистік заңдар бойынша байланыспаса, сөйлем де қалыптаспайды, ой да берілмейді. Ендеше сөйлем құрамына енетін сөздер бір-бірімен синтаксистік байланыста болады. 
Байланыс (синтаксистік байланыс) дегеніміз не?
Мен бүгін Алматыдан түнгі поезбен келдім деген сөйлемді мысалға алып, құрамындағы сөздердің байланыстарын анықтап көрейік. Сөйлемде толық мағыналы (лексикалық мағыналары толық) алты сөз қамтылған. Әр сөзді сөйлемнің бас жағында тұрғанынан бастап кейінгілермен жеке-жеке жұптап айтып көрейік. 1. Мен бүгін  -  бұл екі сөзді сөйлемнен бөлек алып жұптағанда, сөздердің арасынан бір-біріне мағыналық қатыстылық байқалмайды. Сондай-ақ 2. мен Алматыдан, 3. мен түнгі, 4. мен поезбен деген жұптардан да басқа сөздерді қатыстырмасақ, екеу ара мағыналық үйлесім тауып тұрған жоқ. Тек мен келдім дегенде ғана бірі істің иесін атап, екіншісі соның қимылын білдіріп, өзара мағыналық қарым-қатынасқа түскен. Ендеше сөйлемдегі мен сөзі келдім сөзімен ғана байланыс орнатқан да, өзінен кейінгі басқа сөздермен қарым-қатынасқа түспеген. Сол сияқты бүгін және Алматыдан сөздерінің сөйлем соңындағы келдім деген сөзбен ғана байланысы бар. Ал түнгі сөзінің мағынасының өзінен кейінгі сөзге ғана қатысы бар, ендеше ол поезд сөзімен ғана байланыс орнатқан. Соңғы поезбен сөзінің мағынасының тағы да келдім етістігіне ғана қатысы бар: поезбен келдім. Сонымен сөйлемдегі сөздер арасында мынадай байланыстар бар екені анықталды:
* мен келдім
* бүгін келдім
* Алматыдан келдім
* түнгі поезд
* поезбен келдім.
Көрсетілген байланыстар қалай анықталды? Ол бір сөздің мағынасының сөйлемдегі қай сөзге қатысы бары арқылы белгіленді. Ендеше синтаксистік байланыс дегеніміз  -  біріншіден, сөйлем құрамындағы сөздердің (синтаксистік компонентердің) бір-бірімен мағыналық жақтан үйлесім табуы, мағыналық жақтан бір-біріне қатысты болуы. 
Синтаксистік байланыс  -  тек мағыналық жақтан ғана сипатталмайды, тұлғалық (формалық) жағы да  болатын құбылыс. Синтаксистік байланыстың тұлғалық жағын сол мағыналық қарым-қатынасты орнатуға негіз болған құралдар, амал-тәсілдер құрайды. Атап айтқанда, сөйлемдегі сөздердің арасындағы синтаксистік байланысқа жалғаулар, септеулік шылаулар, орын тәртібі мен интонация қызмет етеді. Ендеше сөздер арасында осылардың қайсысы орын алса, сол байланысты жүзеге асырушы, яғни байланыстың тұлғалық жағының көрсеткіші деп танылады. Мысалы, Мен келдім деген сөздер арасында мағыналық жақтан предикаттық (бастауыш  -  баяндауыштық) қатынас орын алған. Осы қатынасқа негіз болған синтаксистік байланыстың формалық жағына талдау жасап көрейік. Тіркестің бірінші сыңары  -  мен  -  жіктеу есімдігінің бірінші жақ жекеше түрі. Бұл есімдік бірінші (сөйлеуші) жақтағы жеке тұлға болатын затты атайды. Аталған есімдік атау септігінің нөлдік жалғауында келген. Атау септігі өзі жалғанған сөзге әрқашан зат қимылдың иесі екенін білдіретін грамматикалық мағына үстейді. Ендеше, атау септігі зат қимылдың иесі екенін білдірсе, өзі жалғанған сөзді сол қимылды атайтын сөзбен байланыстырғаны. Бұл  -  байланыстың бірінші сыңарындағы сөз байланыстырушы қосымша тұлға. Яғни, мен есімдігі кел етістігімен атау септігі арқылы байланыс орнатқан. Дәлірек айтқанда, атау септігінің зат қимылдың иесі  екенін білдіретін грамматикалық мағынасы арқылы қимылды атайтын кел етістігімен мағыналық үйлесімге, қарым-қатынасқа келген. Екінші сыңар кел етістігі жіктік жалғаудың бірінші жағында тұр. Бұл қосымша етістікке бірінші жақтық және жекелік (даралық) мағыналар жамаған. Яғни, өзі жалғанған сөзге сол қимылды бірінші жақтағы жеке тұлға жүзеге асырғанын білдіретін грамматикалық мағына үстеген. Жіктік жалғаудың бұл мағынасы мен есімдігінің мағыналық ерекшелігіне толық сәйкес: екеуінде де бірінші жақтық және жекелік мағыналар бар. Ендеше жіктік жалғау кел етістігін оған бірінші жақ, жекеше мағына жамау арқылы мен есімдігімен мағыналық үйлесімге келтіріп, байланыстырған. Сонымен, Мен келдім тіркесіндегі синтаксистік байланыс бірінің (мен сөзінің) атау септігінде келуі арқылы, екіншісінің (кел етістігінің) жіктік жалғауда келуі арқылы орнаған. Сөздердің арасындағы мағыналық қатынас та сол қосымшалардың грамматикалық мағыналары негізінде қалыптасқан. Атап айтқанда, есімдік өзі бірінші жақтағы жекеше тұлға-затты атаса, атау септігі арқылы сол зат келу қимылының иесіне айналған. Сөйтіп ол бастауыштық қызметке тұрған. Ал кел етістігі жеке өзі тек бір бағыттан екінші бағытта жер бетінде болатын қимылды атаса, жедел өткен шақ жұрнағының мағынасы арқылы баяндауыш қызметіне тұрып, бастауышпен (бірінші жақтағы жекеше тұлға-затты атайтын мен есімдігімен) жіктік жалғауының сол қимылды бірінші жақтағы жеке тұлға жүзеге асырғанын білдіретін мағынасы арқылы мағыналық үйлесімге келіп, қарым-қатынасқа түскен. 
Ендеше сөйлемдегі сөздердің арасындағы синтаксистік байланыс дегеніміз  -  олардың олардың бір-бірімен мағыналық және тұлғалық жақтарынан сәйкесіп, үйлесімге келуі.
Енді жоғарыда сөйлемнен анықталған басқа байланыстардың жүзеге асу ерекшеліктерін де сипаттай кетейік. Бүгін келдім тіркесінде сөздердің арасында пысықтауыштық қатынас орын алған. Оның ішінде бүгін сөзі қимылдың мезгіл пысықтауышы болып тұр, Яғни, сөздердің арасындағы қатынас  -  мезгілдік қатынас. Дәлірек айтқанда, бүгін деген біріккен күрделі үстеу келу қимылының мезгілін білдірген. Енді осы қатынас қалай орнаған деген сұраққа жауап іздеп көрейік, яғни байланыстың сыртқы тұлғалық жағына назар аударайық. Бүгін сөзі сөйлемде кел етістігімен байланысу үшін ешбір сөз байланыстырушы тұлға (жалғаулар, септеулік шылаулар) қабылдамаған, яғни түрленбей жұмсалған. Бұл сөз үшін етістікпен байланыс орнату үшін олардың қажеті де жоқ. Өйткені бүгін сөзі лексикалық мағынасы арқылы уақыт кесіндісінің ішінде сөйлеуші оқиғаны хабарлап тұрған кезде өтіп жатқан тәулікті білдіреді. Сол мағынасы арқылы үстеу деп аталатын сөз табының қатарына жатады. Ал үстеу сөздердің грамматикалық мағыналарының бірі  -  ... қимылдың мезгілін білдіру. Ендеше үстеудің лексикалық және одан шығатын сөз табы ретіндегі жалпы грамматикалық мағыналары ешбір сөз байланыстырушының жәрдемінсіз-ақ тікелей қимылға, қимылды білдіретін етістікке бағытталған. Сондықтан үстеулерді етістікпен байланыстыру үшін зат есімдерді түрлендіргендей сөз түрлендіруші тұлғалармен түрлендірудің қажеті де жоқ. (Ал ертеңіне келді, Бүгін  -  жұма сияқты тіркестердегі үстеулердің зат есімнің жалғауларын қабылдауы басқа тілдік процестермен байланысты құбылыс). Тіркестің екінші сыңары келу етістігінің құрамындағы қосымшалардың да сол (кел) сөздің үстеумен байланыс орнатуына еш қатысы жоқ. Жедел өткен шақ жұрнағының өз мағынасы арқылы етістікті баяндауыш қызметіне қойғаннан басқа қызметі жоқ. Яғни ол сөз бен сөзді (атап айтқанда, өзі түрлендірген кел етістігін бүгін үстеуімен) байланыстыруға қатысып тұрған жоқ, өйткені ол  -  жұрнақ. Ал жұрнақ сөз бен сөзді байланыстырмайды. Етістіктің құрамында тұрған келесі қосымша жіктік жалғау да кел етістігін бүгін үстеуімен байланыстыруға қатыспайды. Ол етістікке бірінші жақтық жекеше мағына жамап, оны (кел етістігін) бірінші жақтағы бастауышпен байланыстыру үшін қызмет еткен болатын. Ендеше, кел етістігінің де алғашқы сыңар сияқты үстеумен байланыс орнатуы үшін сөз байланыстырушы тұлғаларды қабылдауы міндетті емес. Ал қабылданған тұлғалар оны үстеумен байланыстыру үшін емес, басқа қызметтер атқару үшін қосылған. Сөйтіп, келу етістігі де бүгін үстеуімен ешбір сөз байланыстырушы тұлғаның жәрдемінсіз түбір күйінде тұрып байланысқан. Яғни сөздің түбірінің лексика-грамматикалық мағыналары мезгіл үстеуін қабылдауға жеткілікті. Өйткені етістік  -  қимыл-әрекет, қалып-күйді білдіретін сөз табы. Қандай да бір қимыл-әрекет уақыттан тысқары тұрып, жүзеге аспайды. Орындалатын кез-келген қимыл-әрекет қандай да бір уақыт кесіндісінде, белгілі бір уақыт ішінде, уақыт көлемінде жүзеге асады. Ендеше етістіктің мезгіл үстеулерінен сөз қабылдауы заңды құбылыс болып табылғаны. Сонымен бүгін келдім тіркесіндегі байланыс  -  сөздердің ешбір қосымшасыз, септеулік шылаулардың жәрдемінсіз түбір тұлғадағы (сөлемде түбір түрленбей, түбір тұлғада жұмсалған) байланысы болып шықты. Сөздердің мұндай байланысын  -  орын тәртібі арқылы байланыс дейміз. Ендеше  бүгін келдім тіркесіндегі байланыс (байланыстың тұлғалық жағы)  -  орын тәртібі арқылы байланыс болғаны.  Сол сияқты түнгі поезд тіркесіндегі байланыс та осы қатарға жатады. Өйткені, біріншіден түнгі сөзінің құрамындағы қосымша  -  сөз тудырушы жұрнақ. Синтаксистік байланыстың сыңары, яғни сөйлемге қатысып тұрған  -  -ғы жұрнағын қабылдаған зат есім емес, сол жұрнақ арқылы жасалған туынды (қатыстық) сын есім. Туынды сын есімнен болған сыңар одан әрі түрленбеген. Екінші сыңардың (поезбен) құрамындағы көмектес септік жалғауы зат есімді қатыстық сын есіммен байланыстыру үшін емес, етістікпен (поезбен келу) байланыстыру үшін қолданылған.
Алматыдан келдім және поезбен келдім тіркестеріндегі байланыстар бірінші сыңар құрамындағы септік жалғаулары арқылы жүзеге асқан. Атап айтқанда, шығыс септігі зат есімге зат (Алматы) қимылдың (келу)  адресант-мекені екенін білдіретін мағына жамап, сол зат есімді етістіктің мекен пысықтауышы қызметіне қойып, сол етістікпен байланыстырған. Сол сияқты көмектес септігі өзі жалғанған сөзге зат (поезд) қимылдың (кел) құрал-объектісі екенін білдіретін мағына жамап, зат есімді етістікпен толықтауыштық қатынаста байланыстырған.
2. Синтаксистік байланыстың сипаты: салалас байланыс, сабақтас байланыс. Сабақтастық байланыстың сыңарлары: басыңқы компонент және бағыныңқы компонент. Синтаксистік байланысқа түсетін сыңарларды синтаксистік компоненттер деп атаймыз. Байланыс әр түрлі деңгейдегі тілдік бірліктер арасында орын ала береді. Егер сөйлем құрамындағы сөздер (сөздердің түрленген тұлғалары) байланысып, компонент болса, құрмалас сөйлемдерде компонент болатындар  -  оның құрамына енген жай сөйлемдер. 
Синтаксистік байланыс байланыстың сөздердің арасында орнау сипаты және компоненттерінің мағыналық, тұлғалық қарым-қатынасына  қарай салалас және сабақтас байланыстар болып екіге бөлінеді. 
Мағыналық жақтан өзара тең дәрежелі, тұлғалық жақтан бірі екіншісіне тәуелді болмайтын компоненттер арасындағы байланыстың түрін салалас байланыс дейміз.
Мағыналық жақтан бірі екіншісін сипаттай (анықтай, пысықтай, толықтай, баяндай, айқындай, т.б.) келген, тұлғалық жақтан бірі екіншісіне тәуелді компоненттер арасындағы байланысты сабақтас байланыс дейміз.
Анықтамалардан көрінетіні  -  синтаксистік байланыстың сипатын анықтауда оның екі жағы да: мағыналық жағы да және тұлғалық жағы да назарда болатыны. Компоненттердің мағыналық жақтан теңдік дәрежеде немесе тең емес дәрежеде болуына сол байланысты жүзеге асыратын  тұлғалық жағы, тұлғалық ерекшеліктері әсер етіп жатады. Атап айтқанда, компоненттер тұлғалық жақтан бір-біріне тәуелді болмай, тең дәрежеде байланысып келсе, олардың мағыналық жағы да бір-біріне тәуелсіз теңдестік ыңғайда келеді. Керісінше, компоненттер тұлғалық жақтан сабақтаса байланысса, мағыналық жақтан да бірі екіншісін сипаттай келеді. Еділ мен Жайық Каспийге құяды, Амудария мен Сырдария Аралға құяды деген сөйлемдегі салалас және сабақтас байланыстарды айқындап, олардың мағыналық және тұлғалық қарым-қатынастарын талдап көрейік. Берілген сөйлемде мынадай салалас байланыстар бар:
1. Еділ мен Жайық. Жалқы зат есімдерден болған компоненттер бір бірімен мен жалғаулық шылауы арқылы байланысқан. Бірақ біріншісі екіншісінің белгілі бір қосымшаны қабылдауын талап етіп тұрған жоқ. Сол сияқты соңғы компонент те алдыңғының белгілі бір қосымшада (басқа да тұлғада) тұруын талап етпеген. Екеуі де атау септігінде, бір тұлғада тұр. Олардың екеуінің де атау септігінде тұруы бірінен екіншісіне бағытталған тілдік құбылыс емес, екеуінің де бастауыш қызметінде тұрып, баяндауышпен байланысуы үшін қажеттіліктен туындаған. Яғни сөйлемде екеуі де ортақ бір қызметте, бірыңғай бастауыштар қызметінде, келген. Компоненттердің орындарын ауыстырғанда да (Еділ мен Жайық орнына Жайық пен Еділ түрінде қолданғанғанда да) олардың қарым-қатынасында еш өзгеріс орын алмайды (Салыстыр: алма қызыл және қызыл алма тіркестерінде компоненттердің орын ауыстыруы мағыналық қатынасқа әсер еткен: предикаттық қатынас анықтауыштық қатынасқа өзгерген). Бұл  -  байланыстың тұлғалық жағы. 
Сөздердің арасындағы байланыстың мағыналық жағына келсек, мұнда да бірін бірі сипаттау түріндегі қарым-қатынас орын алмаған: бірі екіншісінің анықтауышы болып тұрған жоқ немесе басқа да мүшелік қатынастары (толықтауыштық, пысықтауыштық, бастауыш-баяндауыштық, айқындауыштық) байқалмайды. Тек іс-әрекеттің (құю қимылының) иесі болатын заттарды бірінен соң екіншісін тізіп атау ғана бар. Сөздер арасындағы мұндай қатынас  -  ыңғайластық қатынастың қатарына жатады. 
Ендеше, сөйлемдегі Еділ мен Жайық сөздері өзара салаласа байланысқан. 
2. Дәл осындай салаласа байланысуды екінші жай сөйлем құрамындағы бірыңғай бастауыш қызметінде тұрған Амудария мен Сырдария сөздерінің арасынан да байқаймыз.
3. Келесі салалас байланыс құрмалас сөйлемнің жай сөйлемдері арасында орын алған Мұндағы бірінші компонент  -  Еділ мен Жайық Каспийге құяды, екінші компонент  -  Амудария мен Сырдария Аралға құяды. Компоненттер өзара орын тәртібі арқылы (және бірінші сөйлемнің соңындағы ойдың аяқталмағанын, әлі жалғасы барын  білдіретін тиянақсыз интонация арқылы) байланыс орнатқан. Компоненттерді тұлғалық жақтан бірі екіншісіне тәуелді деуге келмейді. Мағыналық жақтан да алғашқы сөйлем соңғыға қатысы бар бір оқиғаны баяндап тұрған жоқ. Сондықтан жай сөйлемдер мағыналық жақтан да бір біріне тең дәрежеде тұр. Ал сол байланыстан туған қатынасқа келсек, компоненттер арасында мұнда да ыңғайластық қатынас орын алған.
Сабақтас байланыс басыңқы және бағыныңқы компоненттерден тұрады. 
Басыңқы компонент  -  қалыптасатын синтаксистік бірлікке (құрылымға: сөз тіркесі, сөйлем, сабақтас құрмалас сөйлем, т.б.) ұйтқы, тірек болатын компонент. 
Бағыныңқы  -  басыңқы компонентті мағыналық жақтан сипаттай келетін, тұлғалық жақтан басыңқыға тәуелді болатын компонент. Бағыныңқының басыңқыны сипаттауы дегеніміз сөйлемдегі сөздер арасында бірі екіншісін анықтау, толықтау, пысықтау, баяндау, айқындау мақсатында жұмсалуы, ал сабақтас құрмалас сөйлемнің компоненттері арасында бағыныңқы сөйлемнің басыңқының мезгілін, себебін, шартын, мақсатын, т.б. қырларын білдіру үшін қолданылуы. 
Жоғарыдағы мысалдан айқындалған Каспийге құяды және Аралға құяды тіркестерінде компоненттер арасында пысықтауыштық қатынастар орын алған. Дәлірек айтсақ, екі мысалда да барыс септігіндегі зат есімдер етістікте аталған қимылдың адресат-мекенін, нақты бағытын білдірген.  Мұндағы басыңқы компонент  -  екі мысалда да бір сөздің қайталануы арқылы болған: құяды, бағыныңқылар  -  бірінші мысалда Каспийге, екінші мысалда Аралға. Құяды етістігінің басыңқы екенін қалай дәлелдеуге болады? Біріншіден, етістік арқылы аталған қимыл барыс септігіндегі зат есім арқылы бағыты жағынан сипатталып тұр, өзі сипаттап тұрған жоқ. Бұл  -  сабақтас байланыстың мағыналық қыры. Екіншіден, басыңқы етістік онымен байланыс орнатқан барыс септігіндегі зат есім тарапынан соның талап етуі бойынша белгілі бір қосымшаны қабылдауға мәжбүр болып тұрған жоқ. Бұл етістіктің құрамындағы көсемше мен жіктік жалғауларының қызметтері осы сөздердің байланысына қатыссыз: көсемше етістікке ауыспалы  (дағдылы) осы шақ мағынасын жамап, оны баяндауыш қызметіне қойса, жіктік жалғауы үшінші жақ мағына жамау арқылы оны (баяндауышты) бастауышпен байланыстыруға қызмет еткен. Сондықтан етістіктің құрамындағы қосымшаларды басқа қосымшалармен ауыстырсақ (Аралға құйса, Аралға құймақ, Аралға құйған, т.б.)  немесе алып тастасақ (Аралға құю), сөздердің арасындағы бағыныңқы басыңқыдағы қимылдың бағытын білдіретін мазмұннан тұратын пысықтауыштық қатынасқа еш өзгеріс енбейді. Ендеше, басыңқы болып тұрған етістік тұлғалық жақтан бағыныңқыға тәуелсіз: қосымшаларды зат есімнің талабы бойынша қабылдаған жоқ. 
Сөйтіп басыңқы компонентке тән белгілер мыналар болғаны: біріншіден, ол мағыналық жақтан басқа сөзді өзі сипаттамайды, керісінше, басқа сөз (бағыныңқы компонент) тарапынан анықталып, пысықталып, толықталып, баяндалып, айқындалып тұрады; екіншіден,  тұлғалық жақтан басқа сөздің талап етуі бойынша белгілі бір сөз байланыстырушы тұлғалармен түрленбейді, керісінше, өзі бағыныңқының өзінің алдынан (препозицияда тұруын) келуін немесе оның белгілі бір сөз байланыстырушы тұлғада тұруын талап етеді.
Жоғарыдағы мысалдардағы бағыныңқы компоненттер (Каспийге, Аралға) мағыналық жақтан басыңқыдағы қимылдың нақты бағытын білдіру үшін қолданылған, яғни, екі сөз пысықтауыштық қатынаста келген.  Бұл қабілетке олар барыс септігінің жалғауы арқылы қол жеткізген. Яғни, барыс септігі зат есімге зат (Каспий, Арал)  қимылдың (құю) нақты бағыты екенін білдіретін мағына үстеген. Сондықтан бұл мысалдарда зат есімдер етістікпен барыс септігі арқылы байланысты дейміз. Және зат есімдер барыс септігінің жалғауын басыңқы етістіктің талабы бойынша қабылдаған. Құю қимылы  -  біріншіден, сұйық заттармен байланысты әрекет. Ендеше, құю етістігінің лексикалық мағынасында <<сұйық>> семасы бар. Сондықтан бұл етістік лексикалық мағынасында осы <<сұйық>> деген сема бар кез-келген сөзбен тіркесе алады. Бірақ бұл  - сөздердің лексикалық деңгейдегі ғана тіркесімділігі. Екіншіден, құю қимылы бағытпен байланысты. Кез келген сұйық заттың құйылу бағыты болады. Ендеше құю етістігінің келесі бір семасы  -   <<бағыт>>. Сондықтан бұл етістік өзі білдіретін қимылдың бағытын білдіретін сөздерді қабылдап, байланыса алады және бағыт болатын заттарды атайтын  сөздердің барыс септігінде тұруын талап етеді. Өйткені зат қимылдың нақты бағыты екенін білдіретін мағына  -  осы барыс септігінің мағынасы. Басқа сөз байланыстырушы тұлғалардың ешқайсысы дәл осы мағынаны білдіре алмайды. Міне, сондықтан бағыныңқы (Каспийге, Аралға сөздері) басыңқыны (құю етістігін) мағыналық жақтан  сипаттап (жалпылап айтсақ  -  пысықтап, дәлірек айтсақ  -  қимылдың нақты бағытын білдіріп), тұлғалық жақтан басыңқының талабы бойынша барыс септігінің жалғауын қабылдаған дейміз. 
Ендеше бағыныңқыға тән белгілер мыналар болғаны: біріншіден, бағыныңқылар басыңқы сыңардың қандай да бір белгісін сипаттау үшін (жалпылап айтқанда  -  анықтау, толықтау, пысықтау, баяндау, айқындау үшін, нақтыласақ  -  анықтаудың өзі заттың түсін білдіру, көлемін білдіру, санын білдіру, т.б.с.с. мағыналардан тұрады, сол сияқты басқа қатынастар да өз ішінен түрлі мағыналық топтарға жіктеліп кете береді; сонымен қатар сабақтас құрмаластардағы бағыныңқы компоненттердің басыңқымен өзара қарым-қатынастарын жеке грамматикалық категория деп тануға болады) жұмсалады, екіншіден, басыңқының талабы бойынша белгілі бір сөз байланыстырушы тұлғаларды қабылдап жұмсалады немесе сөз байланыстырушы тұлғамен түрленбеген жағдайда басыңқының алдынан орналасады. 
Синтаксистік байланыстар сөздердің арасында орнау ыңғайына қарай бір жақты байланыс және екі жақты байланыс болып екіге бөлінеді. 
Бір жақты байланысқа қабысу және меңгеру сияқты байланыс түрлері жатады. Бұл байланыстарда бағыныңқының мағынасы басыңқының мағынасын сипаттау үшін жұмсалады да, басыңқы өз мағынасын бағыныңқыдан бағытталған мағына арқылы нақтылап тұрады. Сондай-ақ бағыныңқы тұлғалық жақтан басыңқының талабы бойынша түрленеді немесе препозицияға тұрады. Байланыс мағыналық жақтан да тұлғалық жақтан бір жақты  -  бағыныңқыдан басыңқыға қарай бағытталады. 
Екі жақты байланысқа матасу мен қиысу жатады. Екі жақты байланыс байланыстың тек тұлғалық жағына қатысты. Өйткені мағыналық жақтан матасуда да, қиысуда да байланыс бір-ақ жақты  -  семантикалық бағыныңқыдан басыңқыға қарай бағытталады: матасуда (ілік септігіндегі) анықтауыштан (тәуелдік жалғауындағы) анықталушыға бағытталса, қиысуда баяндауыштан бастауышқа қарай бағытталады. Дәлірек айтқанда, матасуда ілік септігіндегі анықтауыш анықталатын зат есімнің иесін білдіру үшін, ал қиысуда баяндауыш бастауыштың іс-әрекет, жай-күйін білдіру үшін жұмсалады. Ал бұлардың тұлғалық жағына келсек, матасуда бағыныңқы басыңқының тәуелдік жалғауында тұруын талап етеді, басыңқы бағыныңқының ілік септігінде тұруын міндеттейді, сол сияқты қиысуда да бастауыш баяндауышпен атау септігі арқылы байланысады, баяндауыш бастауышпен жіктік жалғауы арқылы байланыс орнатады.
3. Синтаксистік байланыстың тәсілдері.  Сөйлем құрамындағы сөздердің бір-бірімен синтаксистік байланыс орнатуына себеп, дәнекер болатын амалдарды байланыстың тәсілдері деп жүрміз. Қазақ тілінде байланыстың төрт тәсілі бар екендігі белгілі Олар: 1. Қосымша немесе жалғаулар арқылы байланыс; 2. Шылаулар арқылы байланыс; 3. Орын тәртібі арқылы байланыс; 4. Интонация арқылы байланыс.
Сөйлемдегі сөздердің байланыс тәсілдерін синтетикалық тәсіл (қосымшалар арқылы орнаған байланыстар) және аналитикалық тәсіл (орын тәртібі, интонация, шылаулар арқылы болған байланыстар) деп бөлу де бар. Сонымен қатар үйге дейін жүгірді үлгісіндегі тіркестерді септік жалғау мен септеулік шылау болғандықтан, синтетика-аналитикалық тәсіл ретінде көрсетушілер де кездеседі.
Сөйлемдегі сөздердің қосымша арқылы байланысы дегенде қосымшаның барлық түрі емес, тек жалғау деп аталатын түрі ғана қамтылады. Өйткені  жалғаудың ғана синтаксистік байланыс орнатуға қатысы бар. Жалғаудың үш түрі: көптік, тәуелдік, септік жалғаулары зат есімнің қосымшалары болып табылады. Сондықтан олар  -  зат есімді немесе зат есімнің орнына жұмсалған (субстантивтенген) басқа сөздерді сөйлемдегі келесі бір сөзбен байланыстыру үшін қалыптасқан морфологиялық тұлғалар. Дегенмен бұл қосымшалардың сөз байланыстыру үшін қолданылу жиілігі, қабілеттері, сөзге мағына үстеу қырлары, соған орай атқаратын қызметтері бір деңгейде емес. 
Көптік жалғаудың Сендер шәкіртсіңдер, сіздер келіңіздер сияқты екінші жақтағы жіктеу есімдіктерінің құрамында келген кезде ғана сөз бен сөзді байланыстыруға қатысы бар. Өйткені есімдіктердің көптік мағынада болуы баяндауыштағы жіктік жалғаудың да көпше нұсқада келуіне әсер еткен. Дәлірек айтқанда, сендер шәкіртсің немесе сен шәкіртсіңдер түрінде қолдансақ, бастауыш пен баяндауыштың сандық (көптік) мағыналары үйлеспей қалады. Ендеше бұл жерде көптік жалғау жіктеу есімдігінен болған бастауыштың құрамында келіп, сандық қиысуға негіз болған. 
Көптік жалғау  -  бастауыш қызметінде келген екінші жақтағы жіктеу есімдігінің құрамынан басқа қолданыстарында сөз бен сөзді байланыстыруға еш қатысы жоқ қосымша. Бұл кезде ол зат есімге сол заттың көп екендігін білдіретін  мағына (кейде басқа мағыналар да) немесе т.б. мағыналар үстейді. Ал бұл мағынаның басқа сөздермен мағыналық үйлесімге келу үшін еш қатысы жоқ. Мысалы, Кітап алынды  -  кітаптар алынды, баланың ойыншығы  -  балалардың ойыншығы  -  баланың ойыншықтары  - балалардың ойыншықтары. Зат есімдердің бірі көптеліп келгенде, ол байланыстың екінші компонентінің де көпше тұлғада тұруын немесе басқа қосымша қабылдауын талап ете алмайды. 
Тәуелдік жалғау  -  өзі жалғанған сөзге зат үш жақтың бірінде тұрған басқа затқа ортақ немесе оңаша тәуелді (қатысты) екенін білдіретін мағына үстейтін қосымша.  Сондықтан тәуелдік жалғау өзі жалған сөзді сол сөзде аталған зат басқа (үш жақтың біріндегі) затқа ортақ немесе оңаша тәуелді, қатысты етіп байланыстырады. Мысалы, ағаштың бұтағы дегендегі басыңқы сөздің құрамындағы  -ы тәуелдік жалғауы бұтақ деген заттың үшінші жаққа оңаша (жекеше) қатысы барын білдірген. Бұтақ сөзінің өзінде, тәуелдік жалғаусыз тұрғанда, көрсетілген мағына жоқ, ол заттың атын ғана атайды. Ал тәуелдік жалғауын қабылдағаннан кейін сол зат (бұтақ) үшінші жақтағы басқа затқа (ағаш) тәуелді екені білдірілді. Ендеше, тәуелдік жалғаудың өзі жалғанған сөзге үстеген осы мағынасы сол сөздің басқа сөзбен (ағаш сөзімен) байланыс орнатуына негіз болған. Сондықтан бұтақ сөзі ағаш сөзімен тәуелдік жалғауы арқылы байланысқан дей аламыз. Тіркестегі басыңқы сөздің құрамынан тәуелдік жалғауды алып тастасақ (ағаштың бұтақ), сөздердің арасындағы мағыналық үйлесімділік бұзылады, яғни, синтакситік байланыс та үзіліп қалады. Бұл факті де тәуелдік жалғаудың сөз бен сөзді байланыстыруға қатысы барын дәлеледей түседі. Рас, кейде матаса байланысқан сөз тіркестерінің басыңқысы құрамындағы тәуелдік жалғаулары ықшамдалып (түсіріліп) қолданылатын фактілер де кездеседі. Мысалы, біздің ауыл, біздің сынып, біздің үй, сіздің үй, Қобыландының Тайбурыл, Базарбайдың Төлеген, т.б. Дегенмен басыңқы сөздердің құрамында тәуелдік жалғау қолданылмағанмен, заттардың бірінші, екінші немесе үшінші жаққа қатыстылығы бағыныңқы компоненттер арқылы белгілі болып тұр және сол мағынаның (заттың үш жақтың біріне тәуелді немесе қатысты екені) тіркес бойында (басыңқы компонент бойында) сақталуы тәуелдік жалғау нөлдік формада жұмсалған деуге негіз болады. 
 Септік жалғаулары  -  өз мағыналары арқылы екі түрлі қызмет атқаратын қосымшалар жүйесі. Біріншіден, септік жалғаулары өзі жалғанған сөздің синтаксистік қызметтерін басыңқыға қатысты мүшелік қатынасын белгілейді: атау септігі зат қимылдың иесі екенін білдіру арқылы өзі жалғанған зат есімді (заттанған басқа да сөздерді, тіпті кейде сөз тіркестері мен басқа да синтаксистік күрделі құрылымдарды) үнемі бастауыш қызметіне қояды; ілік септігі зат үш жақтағы заттың біріне тәуелді (қатысты) екенін білдіріп, өзі жалғанған зат есімді (заттанған басқа да сөздерді, тіпті кейде сөз тіркестері мен басқа да синтаксистік күрделі құрылымдарды) үнемі анықтауыш қызметіне ғана қояды; табыс септігі зат қимылдың тура объектісі екенін білдіріп, өзі жалғанған зат есімді (заттанған басқа да сөздерді, тіпті кейде сөз тіркестері мен басқа да синтаксистік күрделі құрылымдарды) үнемі тура толықтауыш қызметіне қояды. Барыс, жатыс, шығыс және көмектес септіктері де қандай сөзбен байланысқанына және аталған сепік жалғауларының қай мағынаны білдіргеніне байланысты өзі жалғанған зат есімді (заттанған басқа да сөздерді, тіпті кейде сөз тіркестері мен басқа да синтаксистік күрделі құрылымдарды) не толықтауыш, не пысықтауыш қызметіне тұруын қамтамасыз етеді. Екіншіден, септік жалғауларының сөзге үстеген осы мағыналары оның (септік жалғауын қабылдаған сөздің) басыңқымен синтаксистік байланысының да негізі болып табылады. Сөйтіп септік жалғаулары  -  өзі жалғанған сөзді оның синтаксистік қызметін белгілей отырып, басыңқымен байланысын қамтамасыз ететін қосымшалар жүйесі.
Жіктік жалғау  -  баяндауыштық тұлға. Жіктік жалғаудың сөзді түрлендіру әлеуеті басқа жалғауларға қарағанда әлдеқайда кең, ол баяндауыш қызметін атқарып тұрған есім сөздерге де, етістікке де, басқа сөз таптарына да  жалғана береді.  Яғни, жіктік жалғау басқа жалғаулар (сөз түрлендіруші қосымшалар) сияқты бір сөз табының шеңберімен шектелмейді, баяндауыш қызметіндегі кез-келген сөзге жалғанатындықтан, оны баяндауыштық қосымша деп атайды.
Жіктік жалғау да, негізінен, екі жақты қызметтегі қосымша. Ол да өз мағынасы арқылы сөздің синтаксистік қызметін белгілеуге және сөз бен сөзді (баяндауышты бастауышқа) байланыстыруға қатысады. Дегенмен жіктік жалғаудың сөзді баяндауыш қызметіне қоюдағы орны мен баяндауышты бастауышпен байланыстырудағы қабілеттерін қай сөз табына жалғанып тұрғандығына (есім сөзге немесе етістікке) және етістіктің қандай функциядағы қосымшасынан кейін келгеніне қарай айқындап алмасақ болмайды. Өйткені жіктік жалғау кей жағдайда көрсетілген екі қызметтің тек біреуін ғана атқарып тұруы да мүмкін.
Жіктік жалғау есім сөздерден болған баяндауыштарға жалғанғанда, өзі жалғанған сөзге сол сөзде аталған жай-күй (қалып-сапа, сандық, заттық, т.б. белгілер) жекеше немесе көпше үш жақтың біріне тән екенін білдіретін мағына үстеп, біріншіден, сөзді баяндауыш қызметіне қояды, екіншіден, бастауышпен үш жақтың бірінде үйлестіре байланыстырады. Мысалы, Мен мұғаліммін, Сен оқушысың, Сіз шәкіртсіз, Ол  -  сатушы, Асан  -  студент түріндегі жалаң сөйлемдерде баяндауыштар зат есімдерден болған және сол зат есімдердің баяндауыш қызметіне тұруына, дәлірек айтқанда, есім сөзден болған баяндауыштың ойды аяқтап тұрғанын көрсететіндей тиянақты тұлғаға айналдырған, сондай-ақ олардың бастауыштармен байланысқа түсуіне жіктік жалғауларының грамматикалық мағыналары негіз болған. Атап айтқанда, мұғаліммін деген баяндауыш құрамындағы -мін  жіктік жалғауы өзі жалғанған сөзге (мұғалім деген зат есімге)  бірінші жақ жекеше мағына жамаған. Басқаша айтсақ, мұндағы жіктік жалғау зат (мұғалім деген мамандық) бірінші жақтағы жеке тұлғаға тән екендігін білдірген. Осы мағынасы арқылы зат есімді баяндауыш қызметіне қойған және баяндауыштың жақтық, сандық мәндерін бастауыштың жақтық, сандық мәндеріне сәйкестендіре байланыстырған. Сол сияқты  оқушысың, шәкіртсіз сөздерінің құрамындағы жіктік жалғаулары да өздері жалғанған сөздерге екінші жақтық жекеше мағыналар жамаған. Сөйтіп баяндауыштардың жақтық-сандық мағыналары өз бастауыштарының жақтық-сандық мәндеріне сәйкесе кеткен. Ал сатушы, студент сөздерінен заттың үшінші жаққа қатыстылығын аңғарамыз. Яғни баяндауыштар үшінші жақта тұр. Өйткені бастауыштар да үшінші жақта келген. Баяндауыштарды үшінші жаққа қойып бастауышпен сәйкестендіретін  -  тек жіктік жалғау ғана. Сондықтан бұл баяндауыштар да арнайы дыбыстық кешеннен тұратын қосымшасы болмаса да, жіктік жалғаудың нөлдік жалғауында тұр деп есептеледі. 
Сонымен жіктік жалғау есім сөзден болған баяндауыштарға жалғанғанда, өзі жалғанған сөзді баяндауыш қызметіне тұруға итермелейді және сол сөзді бастауышпен қиыстыра байланыстырады. 
Жіктік жалғау етістіктен болған баяндауыштардың құрамында кездескенде, негізінен, сөздің баяндауыш қызметіне тұруына өз мағынасы арқылы тікелей қатыспайды, бірақ сол баяндауыштың тиянақты тұлғаға енуіне ықпал етеді. Ендеше жіктік жалғаудың етістіктен болған баяндауыштардың құрамында келген кездегі басты қызметі  -  баяндауышты үш жақтың біріне қойып, бастауышпен қиыстыра байланыстыру. 
Етістік сөйлемде баяндауыш қызметіне тек етістіктің функционалдық тұлғалары (шақ, рай, модаль тұлғалары) арқылы тұрады. Жіктік жалғау етістікке осы функионалдық қосымшалардан кейін жалғанады. Жіктік жалғау  - етістіктен болған баяндауышты тиянақтаушы қосымша. Өйткені етістіктің функционалды тұлғалары арқылы жасалған баяндауыштар әрқашан тиянақсыз болып келеді. Мысалы, Біз келіп,  үйдегілер тыныштала қалды деген сабақтас құрмалас сөйлемдегі бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы, біріншіден, тиянақсыз тұлғада келген, оған себеп  -  баяндауыштың жіктік жалғаусыз қолданылуында. Егер осы көсемше арқылы етістіктен жасалған баяндауышқа тиісті жіктік жалғауын қоссақ, ол тиянақталып шыға келеді: Біз келіппіз. 
Екіншіден, тиянақсыз баяндауыш құрамында жіктік жалғау болмағандықтан, ол бастауышпен жақтық, сандық мағыналары жағынан үйлесе байланыспаған. Яғни, баяндауыш жіктік жалғаусыз қолданылғандықтан, үш жаққа да, жекеше-көпше мәндерге де бейтарап: мен келіп, сен келіп, сіз келіп, ол келіп, біз келіп, сендер келіп, сіздер келіп, олар келіп. Бұл мысалдардағы байланыс біржақты ғана, бастауыштар өз баяндауыштарымен атау септігі арқылы ғана байланысқан, ал баяндауыштар жіктік жалғауды жалғанбағандықтан, бастауышпен қайта байланыс орнатпаған. Бұл сипаттағы байланыс сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сөйлемдерінің және үйірлі мүшенің баяндауышы мен бастауышы арасында болатын құбылыс.
Жіктік жалғау етістіктің шартты рай тұлғасы арқылы жасалған баяндауыштардың құрамында келгенде, баяндауышты бастауышпен байланыстыру қызметін ғана атқарады. Мысалы, Сен барсаң, ол икемге келер. Бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы жіктік жалғауын қабылдағанмен, тиянақталмаған. Яғни, жіктік жалғау шарты рай тұлғасы арқылы жасалған баяндауыштарды тиянақтай алмайды. 
Жақсыз сөйлемдердің баяндауыштары құрамында келген жіктік жалғаулары, керісінше, баяндауышты бастауышпен байланыстыру қызметін атқармайды, тек баяндауышты тиянақтаушы тұлға ретінде жұмсалады. Мысалы, Менің барғым келеді деген сөйлемдегі баяндауыш қалау райдың тұлғасы (-ғым кел)  және ауыспалы келер шақтық мағынасы бар көсемше (-е) жұрнағы арқылы жасалып, олардан кейін үшінші жақтағы жіктік жалғауын (-ді) да қабылдаған. Көсемше тұлғалы (сол сияқты кез келген функционалдық тұлғадағы) етістік жіктік жалғаусыз тиянақсыз екені, жіктік жалғаудың оны тиянақтағаны көрініп тұр, бірақ баяндауышты үшінші жаққа қойған, ал сөйлемде бастауыш мүлде жоқ, өйткені ол  -  жақсыз сөйлем. Жақсыз сөйлемдерде қимыл (етістік) сол қимылдың иесін атайтын заттармен (жіктеу есімдіктері, зат есімдермен) тәуелдік жалғауының жақтық мағыналары арқылы сәйкеседі. Өйткені жақсыз сөйлемдердегі баяндауыш қызметіндегі етістіктердің бәрі әр түрлі жолдармен субстантивтік мағынаға ие болған етістіктер немесе фразеологиялық етістік құрамында зат есім болады және олар қимылдың иесі болатын (сөйлемде не ілік, не барыс септігінде жұмсалған) сөздермен тәуелдік жалғауы арқылы (ілік септігінде тұрған сөздермен) байланысады , не  мүлдем байланыспайды (барыс септігіндегі сөз бен баяндауыш арасындағы байланыс тек бір жақты, барыс септігі арқылы орнайды).   Мысалы, Менің келуім мүмкін. Сенің айтқаның жөн. Баланың тілі шыға бастады. Саған бару керек.
Синтаксистік компоненттер шылаулар арқылы да байланысады. Қаза тілінде синтаксистік байланысты жүзеге асыруға шылаудың екі түрі: жалғаулықтар мен септеуліктер қатысады. Шылаудың бұл екі түрінің бір-бірінен айырмашылығы сонда  -  бірі компоненттерді салалас байланысқа түсіреді, екіншісі сабақтастыра байланыстырады. 
Жалғаулық шылау  -  сөз бен сөзді (сөйлемнің бірыңғай мүшелерін), сөйлем мен мен сөйлемді (салалас құрмаластың жай сөйлемдерін)  салалас байланысқа түсіретін шылау. Мысалы, Асан мен Үсен өзенге келді. Оның киімі жеңіл, бірақ жылы. Оқушылардың көбі аулада тұр, өйткені әлі қоңырау соғылған жоқ. Бірінші мысалдардағы мен деген ыңғайлас мәнді жалғаулық шылауы Асан және Үсен сөздерін (бірыңғай бастауыштарды), қарсылық мәнді бірақ шылауы бірыңғай баяндауыш болып тұрған жеңіл, жылы сөздерін, себеп мәнді өйткені шылауы екі жай сөйлемді салалас байланысқа түсірген. 
Септеуліктер  -  сөз бен сөзді (сөз тіркесінің компонентттерін), сөйлем мен сөйлемді (сабақтас құрмалас сөйлемнің компоненттерін) сабақтастыра байланыстыратын шылау. Мысалы, көпір арқылы өту, жыл сайын келу, мектепке қарай беттеу,  көптен бері хабарласпау. Жолаушылар дөңді айналып кеткенге дейін, ауылда қалған жандардың ешқайсысы орындарынан қозғалған жоқ. Мысалдардағы көпір деген зат есім өту етістігімен арқылы септеулігі арқылы, жыл деген зат есім келу етістігімен сайын шылауы арқылы, мектеп зат есімі беттеу етістігімен -қа қарай (-қа барыс септігінің жалғауы мен қарай септеулік шылауынан тұратын) аналитикалық форманты арқылы, көп деген заттанған сын есім хабарласпау етістігімен     -тен бері (-тен шығыс септігінің жалғауы мен бері септеулік шылауынан тұратын) аналитикалық форманты арқылы байланысқан. Сол сияқты соңғы мысалдағы сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сөйлемінің баяндауышы құрамындағы -ге дейін форманты да бағыныңқы сөйлемді басыңқы сөйлеммен сабақтастыра байланыстырған.
Қазақ тіліндегі оқулықтар мен тақырыпқа қатысты ғылыми зерттеу еңбектерде, әдетте, септеулік шылаулар белгілі бір септік жалғауындағы сөздерге, атап айтқанда, атау, барыс, шығыс, көмектес септігіндегі сөздерге жетектеліп келетін көмекші сөздер ретінде сипатталып жүр. Жоғарыда келтірілген мысалдардағы арқылы, сайын атау септігіндегі сөздерге жетектелетін септеуліктер деп танылып жүр. Мысалдардағы көпір, жыл сөздері атау септігінде тұрған сөздер ме? Егер олар атау септігінде тұрса, зат қимылдың иесі екенін білдірер еді ғой. Мысалдардағы сөздердің бойында бұл мағынан мүлдем жоқ. Және атау септігі  -  өзі жалғанған сөзді бастауыш қызметіне қойып, баяндауышпен байланыстыратын қосымша. Яғни атау септігі  -  сөз бен сөзді байланыстыруға өзінің қабілеті де жеткілікті септік, атау септігіндегі сөздің үстіне септеулік шылауды қосудың қажеті шамалы.  Ендеше бұл сөздер  -  атау септігін қабылдамаған сөздер.  Көпір арқылы өту тіркесінің құрамындағы сөздерге морфемдік талдау жасасақ: Көпір  -  түбір сөз, зат есім; арқылы  -  түбір сөз, септеулік шылау; өт  -  түбір сөз, етістік, -у  -  тұйық етістік жұрнағы. Тіркес құрамындағы сөздерге морфологиялық талдау жасасақ: көпір  -  негізгі түбір зат есім, атауыш (толық мағыналы) сөз; арқылы  -  зат есімді аналитикалық тәсілмен түрлендірген көмекші сөз, септеулік шылау; өту  -  қимыл есімі (тұйық етістік) тұлғасындағы етістік, атауыш сөз. Бұл жерде көпір зат есімін арқылы шылауымен түрлендірудің қажеті қанша деген заңды сұрақ туады. Оның қажеттілігі сол  -  түбір қалпында затты ғана атап тұрған зат есімге (көпір) сол зат етістік арқылы аталған қимылдың (өту) заттық құралы екенін білдіретін (өту әрекеті көпір деген зат арқылы жүзеге асатыны туралы) грамматикалық мағына жамап, зат есімнің етістікке мағыналық қарым-қатынасын реттейміз. Яғни арқылы септеулігін зат есімге тіркестіргенде зат есім заттың атын ғана атаумен шектелмей, сол зат қимылдың жүзеге асу құралы екенін де білдіреді. Сөйтіп ол осы мағынасы арқылы етістікпен толықтауыштық қатынасқа түсіп, синтаксистік байланыс орнатады. Жыл сайын келу тіркесінде  сайын шылауы бағыныңқы компонентке басыңқыдағы қимыл (келу әрекеті) бағыныңқыдағы зат есім арқылы аталған мезгіл ішінде аралық қашықтықты сақтай отырып, тұрақты қайталанытынын білдіретін мағына жамаған.  Септеулік шылаудың осы мағынасы зат есім мен етістіктің синтакситік байланыс орнатуына және зат есімнің етістікке қатысты синтаксистік (пысықтауыштық) қызметіне негіз болған. Мектепке қарай беттеу тіркесінде бағыныңқы компонентте аталған зат (мектеп) басыңқыдағы қимылдың (беттеу) жалпы бағыт, бағдары екенін білдірілген. Өйткені мектеп қимылдың нақты бағыты емес, қимылды жасаушы беттегенде (қозғалғанда) дәл мектеп ғимаратының өзі емес, оның маңындағы басқа да ғимараттарды нысана етуі мүмкін. Ал мектепке беттеді десек, мектеп қимылдың нақты бағыты екені білдіріледі. Өйткені қимылды жасаушы мектептің дәл өзіне беттеп келеді. Ендеше  -ке барыс септігінің мағынасы мен -ке қарай формантының сөзге үстейтін грамматикалық мағыналары тең емес. Және зат қимылдың жалпы бағдары екенін білдіру керек болғанда (өйткені сөйлеуші қимылды жасаушының қимылының нақты бағытын білмеуі мүмкін, сондықтан жалпы бағдарын ғана хабарлай алады), барыс септігі мен қарай септеулігін бірлікте қолданамыз. Ендеше  - ке қарай екі морфемадан тұратын бір ғана морфологиялық тұлға, аналитикалық формант. Дәл сол сияқты көптен бері хабарласпау тіркесіндегі -тен бері  екі морфемадан тұратын бір морфологиялық тұлға.    
Сонымен септеулік шылаулар  -  кейде жеке өздері, кейде септік жалғауларымен бірлесіп келіп,  дәл септік жалғаулары сияқты зат есімдерді (заттанған сөздерді) оған белгілі бір грамматикалық мағына жамау арқылы синтаксистік қызметтерін белгілеп, етістікпен байланыстыру үшін қолданылатын көмекші сөздер.
Дегенмен кейде септік жалғауы мен септеулік шылаудан тұратын морфологиялық тұлғаның сөз бен сөзді байланыстыруға қатыспайтын кездері де болады. Мысалы, 90-жылдардың басында дүкен сөрелерінен қыл аяғы сабынға дейін табылмайтын. Сөйлемдегі сабын сөзін түрлендіре келген -ға дейін форманты өзі жалғанған зат есімге зат өлшемнің соңғы шегі екенін білдіретін грамматикалық мағына жамаған. Ал бұл мағынаның қимылға еш қатысы жоқ. Сондықтан -ға дейін форманты зат есімді етістікпен байланыстырған дей алмаймыз. Мұнда зат есімнің аналитикалық тәсілмен -ға дейін форманты арқылы түрленген тұлғасы одан әрі атау септігін қабылдап бастауыш қызметіне тұрған және ол (атау септігі) сөйлеушінің ызалы көзқарасын өлшемдік шек түрінде атаған зат табылмау әрекетінің иесі екенін  білдіріп, баяндауышпен байланыстырған. Сол сияқты жүзге жуық адам үлгісіндегі сан есімге болжалдық мағына жамай келген -ге жуық форманты да байланысты жүзеге асыруға қатыспаған. Мұндағы байланыс сөздердің орын тәртібі арқылы орнап, анықтауыштық қатынас бағыныңқының сандық мағынасы мен басыңқының заттық мағыналары негізінде қалыптасқан. 
Сөйлемдегі сөздердің ешбір сөз байланыстырушы тұлғаның (жалғаудың, шылаудың)  жәрдемінсіз бағыныңқы компоненттің басыңқы компонент алдында келіп, мағыналық жақтан үйлесім табуын орын тәртібі арқылы байланыс деп танып жүрміз. Орын тәртібі арқылы байланыс өз ішінен іргелес орын тәртібі арқылы байланыс және алшақ орын тәртібі арқылы байланыс болып екіге бөлінеді. Мысалы, Олар сол күні осы ауылдан күн шықпай тұрып аттанып кеткен болатын. Сөйлемдегі орын тәртібі арқылы байланысқан компоненттерді анықтап, тізіп шығайық: 
* сол күні  -  сөйлемде бұл толық мағыналы екі сөз іргелес тұрып байланысқан;
* сол күні аттанып кету  -  сөйлемде бағыныңқы (сол күні) басыңқы компоненттен  араға басқа сөйлем мүшелерін салып, алшақ тұрып байланысқан;  
* осы ауыл  -  сөйлемде бұл толық мағыналы екі сөз іргелес тұрып байланысқан;
* күн шықпай тұрып аттанып кету  -  сөйлемде бағыныңқы (күн шықпай тұрып) басыңқымен іргелес тұрып байланысқан.

Бұл  -  мектеп. Асан  -  студент үлгісіндегі бірі бастауыш, екіншісі баяндауыш қызметінде келген сөздердің арасында байланыс интонация арқылы жүзеге асқан деп көрсетіліп жүр. Бұл мектепте ол да оқыған деген сөйлемдегі бұл мектеп деген анықтауыштық қатынастағы сөздердің тіркесінде бірінші компоненттен кейін Бұл  -  мектеп дегендегі предикаттық қатынастағы сөздердің бірінші компонентінен кейінгі сияқты дауыс кідірісі жоқ. Ал екінші мысалдағы бастауыштан кейін арнайы ұзақ пауза бар. Сондықтан бұл мектеп тіркесінде сөздер іргелес орын тәртібі арқылы,  Бұл  -  мектеп дегенде сөздер интонация арқылы байланысқан деп түсіндіріледі. Бұл мысалдағы сөздердің арасындағы дауыс кідірісі сол сөздердің байланыс орнатуына қызмет ететінін жоққа шығармастан, байланысты жүзеге асыруда басқа тұлғалардың да қатысатынын да көрсеткіміз келеді. 
Әдетте сөйлем құрамында оңашаланған айқындауыш мүшелер мен бірыңғай мүшеге қатысты жалпылауыш сөздер болмаса, қазақ тіліндегі жай сөйлемдер айтылу барысында өз ішінен екі бөлікке жіктеліп айтылады. Мұндағы бірінші бөлікті бастауышқа қатысты тізбек құраса, екінші бөлікті баяндауышқа қатысты сөздер тізбегі құрайды және екі бөліктің арасында міндетті түрде тиянақсыз дауыс кідірісі орын алады. Мысалы, Екі күн аңның қызығымен жүрген аңшылар // бүгін кеш бата таудың етегінде отырған ауылға келіп түскен. Мысалдағы өзара түрлі қатынастардағы сөздер тізбегі айтылу барысында бастауыш қызметінде тұрған аңшылар сөзінің төңірегіне бір сөйлеу лебімен топтасып келеді және бастауыш қызметіндегі сөзден кейін ұзағырақ кідіріс орын алып тұр. Сол сияқты Сиыр қораға кірді  сияқты сөйлемдегі екі зат есімнің арасын кідіріссіз де, кідіріспен де айтуға болады. Кідіріссіз айтсақ, сиыр сөзі қора сөзімен байланысып, онымен анықтауыштық қатынасқа түседі, кідіріс жасап айтсақ: Сиыр //  қораға кірді, енді аталған сөз бастауыш қызметіне тұрып, баяндауышпен байланысады. Ендеше сөйлемдегі бастауыштан кейін болатын дауыс кідірісі  -  бастауышты басқа сөйлем мүшелерінен ажырататын, оны баяндауышпен байланыстыратын сөйлеу элементі және сөйлеу әрекеті кезінде Бұл  -  мектеп, Асан  -  студент үлгісіндегі бастауыштан кейін ғана емес, сөйлемдегі барлық бастауыштан кейін орын алатын құбылыс. Сондықтан  Бұл  -  мектеп, Асан  -  студент үлгісіндегі тіркестерде дауыс кідірісі   -  оқулықтарда көрсетіліп жүргендей сөз бен сөзді байланыстыратын негізгі және жалғыз тәсіл емес. Негізгі емес дейтініміз  -  дауыс кідірісі тек осы үлгідегі бастауыштардан кейін ғана емес, барлық бастауыштан кейін орын алатын құбылыс. Жалғыз тәсіл емес дейтініміз    -  мұндағы байланысқа түскен есім сөздер кейбір ережелерде айтылып жүргендей <<екеуі де атау тұлғалы (атау септік тұлғасындағы) сөздер>> емес. Мұндағы атау септікте тек бастауыш қызметіндегі сөздер ғана тұр және сол атау септігі өзі жалғанған сөзді баяндауышпен байланыстырған. Ал баяндауыш қызметіндегі сөздер жіктік жалғауының үшінші жағында нөлдік қосымшамен жұмсалған. Ендеше бұл сөздер (баяндауыштар)  -  атау септік тұлғасында емес, жіктік жалғау тұлғасындағы сөздер және баяндауыш өз бастауышымен осы жіктік жалғауы арқылы байланысқан. Сондықтан Бұл  -  мектеп, Асан  -  студент үлгісіндегі сөздердің байланысы жалғыз интонация арқылы (бастауыштан кейінгі дауыс кідірісі) жүзеге аспаған, бастауыштар баяндауыштармен атау септігі, баяндауыштар бастауышпен жіктік жалғауы арқылы байланысқан. Ал сөйлемдегі барлық бастауыштан кейін орын алатын дауыс кідірісі  - сөйлемнің бастауыштық бөлігін топтастыратын, бастауышты басқа мүшелерден ажырататын, бастауыштық бөлікті баяндауыштық бөлікпен жалғастыратын сөйлеу әрекетінің элементі.
* Синтаксистік байланыстың түрлері. Сөйлемдегі сөздердің синтаксистік байланыс орнату тәсілдері негізінде байланыс түрлері (формалары) анықталады. Қазақ тілінде байланыстың бес түрі бар екені көрсетіліп жүр: қиысу, матасу, меңгеру, қабысу, жанасу. Бұлардың үшеуі: қиысу, матасу, меңгеру  -  қосымша, оның ішінде жалғаулар арқылы қалыптасатын байланыс түрлері, қабысу мен жанасу  -  орын тәртібі тәсілі арқылы жүзеге асатын байланыс. Сонда шылау арқылы, оның ішінде септеулік шылау арқылы байланыстарды, сондай-ақ (егер бөлек байланыс тәсілі ретінде танитын болсақ) интонация арқылы байланыстарды байланыстың қай түріне жатқызу керек деген сұрақтар туындайды.
 Ертеректердегі әдебиеттерден <<қиысу  -  бастауыш пен баяндауыштың арасында орын алатын байланыс түрі>> сияқты анықтамаларды кездестіреміз. Бірақ бұл анықтама  -  байланыс тәсілінен шығарылған анықтама емес, байланысқа түскен компоненттердің синтаксистік қатынасына негізделген анықтама. Сондықтан жоғарыдағы анықтама <<қандай байланыстың түрін қиысу деп атаймыз?>> деген сұраққа жауап бере алмайды, <<қиысу байланысы қандай қатынастағы сөздердің арасында болады?>> деген сұрақтың жауабы болып табылады. Кейінгі жылдардағы оқулықтарда <<қиысу дегеніміз  -  сөз бен сөздің жіктік жалғауы арқылы, немесе жіктелу реті бойынша байланысы>> деген мазмұндағы (немесе осыған ұқсас) анықтама кең орын алып отыр. Бұл анықтама  -  байланыстың басқа түрлері сияқты байланыс тәсіліне негізделген, соның ішінде жііктік жалғауының қызметін негіз еткен анықтама. Бұл анықтамадағы автордың <<жіктелу реті>> деп отырғаны  -  баяндауыштың үшінші жақта жұмсалуымен байланысты термин. Жіктік жалғаудың бірінші және екінші жақта арнайы жалғауларының болуы, үшінші жақта (етістіктің көсемше тұлғасынан басқа сөз тұлғаларында) жіктік жалғау қосымшасының болмауы, бірақ үшінші жақтық мағынаның болуы <<сөздер бірінші және екінші жақта жіктік жалғаулары арқылы, ал үшінші жақта (жіктік жалғаудың көрсеткіші болмағандықтан) жіктелу реті бойынша байланысады>> деуіне себеп болған.  Қиысу байланысында жіктік жалғаудың рөлі бары анық. Ол өзі жалғанған баяндауышқа жақтық және сандық (жекеше-көпше) мағыналар үстеп, баяндауышты бастауыштың жақтық, сандық мағыналарымен сәйкестендіреді. Мысалы, мен келдім дегенде жедел өткен шақ жұрнағы арқылы етістіктен жасалған баяндауыш жіктік жалғаудың бірінші жақ жекеше түрін де қабылдаған. Бұл қосымшасыз баяндауыш өз бастауышымен байланыса алмайды. Жіктік жалғау баяндауышқа бірінші жақтық, жекеше мағына жамаған. Ал бұл  -  бастауыштың (мен жіктеу есімдігінің) мағыналарына сәйкес. Сөйтіп екі сөздің арасында жақтық және сандық мәндерінде сәйкестік, үйлесім пайда болды. Ендеше, жіктік жалғау  -  баяндаушты бастауышпен жақтық және сандық мағыналары бойынша сәйкестендіре байланыстыратын қосымша. Енді мысалдың екінші сыңарына үңілейік. Мұнда жіктеу есімдігі атаған зат (бірінші жақтағы жеке тұлға) қимылдың иесі болып тұр. Ендеше бастауыш атау септігінде тұр және атау септігі арқылы өз баяндауышымен байланыс орнатқан. Яғни, атау септік зат баяндауышта аталған қимылдың иесі екенін білдіруі арқылы есімдіктің етістікке қатысты грамматикалық мағынасын реттеген, байланыстырған. Сондықтан қиысу байланысын екі жақты байланыс деп танимыз: байланыстың (бастауыш қызметіндегі) бірінші сыңары екіншісімен атау септігі арқылы байланысады, (баяндауыш қызметіндегі) екінші компонент біріншімен жіктік жалғауы арқылы байланысады. 
Сонымен, (бастауыш қызметіндегі) бірінші сыңары екіншісімен атау септігі арқылы байланысатын,  (баяндауыш қызметіндегі) екінші компонент біріншімен жіктік жалғауы арқылы байланысатын екі жақты байланыс түрін  -  қиысу деп атаймыз.   
Қиысу кейде біржақты ғана жүзеге асуы мүмкін. Атап айтқанда, кейбір сабақтас құрмаластардың бағыныңқы сөйлемінің баяндауыштары (ол баяндауыштар әр түрлі тұлғалармен тұлғаланған есімшелі және қимыл есімді етістіктерден, көсемше тұлғалы етістіктен болғанда) жіктік жалғаусыз жұмсалатыны белгілі. Мысалы, Біз келіп,  үйдегілер тыныштала қалды. Бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы (келіп) көсемше арқылы етістіктен жасалған тиянақсыз тұлғада келген. Бұл баяндауыштың тиянақсыз болу себебін жіктік жалғаусыз келуімен байланыстырғанбыз. Баяндауыш жіктік жалғау болмағандықтан, үш жаққа да бейтарап: мен келіп, сен келіп, ол келіп, т.б. Ендеше баяндауыш бастауышпен байланыс орнатпаған, сөздердің арасындағы байланыс бастауыштан баяндауышқа қарай ғана бағытталған  және ол байланыс бастауыштың құрамындағы атау септігі арқылы ғана жүзеге асқан. Ендеше бұл мысалдағы байланыс  -  бір жақты ғана қиысу немесе жартылай қиысу. Тіпті мұндай байланысты сөздердің арасында предикаттық қатынас орнамағанда, байланыс бір жақты және септік жалғауы арқылы жүзеге асқандықтан, меңгерудің қатарында тануға болар болар еді. Алайда сөздердің арасындағы предикаттық қатынас байланысты қиысу деп тануға негіз болады. Жартылай қиысу үйірлі мүше деп танылып жүрген синтаксистік құрылымдардың құрамындағы сөздер арасында да орын алады. Мысалы, Аузы күйген үріп ішер. Сөйлемнің үйірлі бастауышы - аузы күйген өзара предикаттық қатынастағы сөздердің байланысынан тұрады. Бұл байланыс бірінші сөздің атау септігінде келуі арқылы орнаған, ал екінші сыңардың құрамында жіктік жалғау жоқ, есесіне, тіпті ол да атау септігінде тұр. Бұл мысалда есімшелі тіркес синтаксистік транспозицияға ұшырап, зат есімге тән қызмет атқарған. Бұл құбылыс төмендегідей тәртіппен жүрген деуге болады: Аузы күйген үріп ішер деген сөйлем Аузы күйген адам үріп ішер деген сөйлемдегі атау септігінде тұрған зат есімі бар сөйлемнің ықшамдалуынан, атап айтқанда, бастауыш қызметіндегі адам сөзінің эллипсистенуі арқылы қалыптасқан. Түсіп қалған зат есім атау септігі арқылы бастауыш қызметін атқарып, сол атау септігі арқылы баяндауышпен байланыс орнатқан болатын. Ал түсіп қалған зат есімге қатысты аузы күйген тіркесі зат есім  сөйлемде бар кезде анықтауыш қызметінде келген. Енді зат есім түсіп қалғанда, есімшелі тіркес сол зат есімнің есебінен заттанып, зат есімді етістікпен байланыстырушы атау септігін қабылдап, зат есім атқарып тұрған синтаксистік қызметке, бастауыш қызметіне көшкен. 
 	Қиыса байланысқан сөздердің басыңқы және бағыныңқы сыңарларын анықтауда кейде баяндауыштық қызметтегі компонентті басыңқы деп жаңсақ көрсетулер кездесіп қалады.  Қиысу  -  сабақтас байланыстың нәтижесі. Ендеше оның мағыналық, тұлғалық жақтарынан басыңқы және бағыныңқы сыңарлары болуы заңды.   Мағыналық жақтан алғанда қиыса байланысқан сөздердің басыңқысы әрқашан бастауыш қызметіндегі бірінші компонент болады.  Өйткені ол  -  баяндауышта аталған іс-әрекет, жай-күй  арқылы сипатталып тұратын компонент. Баяндауыш қызметіндегі компонент байланыстың семантикалық бағыныңқысы болып табылады, Өйткені ол бастауыштың іс-әрекет, жай-күйін білдіре сипаттайды. Ал тұлғалық жақтан келсек, екі сөзді де бір-біріне әрі басыңқы, әрі бағыныңқы деп тануға болады. Алдымен, басыңқы болатыны тағы да  -  бастауыш қызметіндегі компонент. Өйткені ол  -  баяндауыштың үш жақтың бірінде тұруын талап ететін сыңар. Баяндауыш қызметіндегі компонент бастауыштың талабын орындап, бастауыш қай жақта тұрса, сол жақтағы жіктік жалғауын жалғанады. Бастауыш қызметіндегі семантикалық басыңқы атау септігін баяндауыш қызметіндегі етістіктің талабы бойынша, онымен предикаттық қатынас орнату үшін қабылдайды. Сөйтіп байланыс  -  екі жақты байланыс болып шығады.
	Қиысу байланысының қатарына Асан  - студент үлгісіндегі интонация арқылы байланысқан деп танылып жүрген байланыстар да жатады, бірақ олар бір-бірімен дауыс кідірісі арқылы байланысқандықтан емес, бірі атау септікте, екіншісі жіктік жалғауда кеолгендіктен қиысу деп танылады.
	Сөйлемдегі сөздердің бірінің ілік септігінде, екіншісінің тәуелдік жалғауында келіп анықтауыштық қатынастағы байланысы  -  матасу деп аталады. Матаса байланысқан сөздердің басыңқысы қызметінде зат есімдер, заттанған басқа сөз таптары (соның ішінде етістіктің қимыл есімі және есімше тұлғалары да) келеді. Бағыныңқы да, негізінен, зат есімнен болады немесе заттанған басқа сөз таптары да болуы мүмкін. 
	Матасу байланысының өзіндік ерекшелігі  -  екі жақты байланыс түріне жататындығы. Расында да, байланыстың ілік септігіндегі сыңары тәуелдік жалғауындағы сөзді, екінші тәуелдік жалғаудағы сыңары ілік септіктегі сөзді <<сұрап тұруы>> - ертеден ерекше синтаксистік құбылыс ретінде танылып келеді. Бірақ бұл  -  тек тұлғалық жақтан алғандағы сабақтасу ерекшелігі. Яғни, тұлғалық ба	йланыс тұрғысынан алғанда, екі компонент те бір-біріне әрі бағыныңқы, әрі басыңқы ретінде көрініс бере алады. Өйткені ілік септігіндегі сөз, біріншіден, екінші сыңардың тәуелдік жалғауда тұруын талап етіп, басыңқы сыңар ретінде көрінсе, екіншіден, тәуелдік жалғаулы сөздің талабын орындап, бағыныңқы ретінде де көрінеді. Сол сияқты тәуелдік жалғаудағы сөз, біріншіден, ілік септігіндегі сөздің талабы бойынша тәуелденіп, бағыныңқы ретінде де, екіншіден, бірінші сыңардың ілік септігінде тұруын талап етіп, басыңқы ретінде де танылады.  Мағыналық жақтан алғанда бағыныңқы да, басыңқы да бір-бірден: семантикалық бағыныңқы  -  ілік септігіндегі сөз, ол басыңқыдағы заттың иесін білдіріп, үнемі анықтауыш қызметінде келеді, семантикалық басыңқы  -  тәуелдік  жалғаулы сөз,  ол ілік септігіндегі сөз тарапынан анықтала келеді. Мысалы, тонның түймесі, үйдің терезесі, оқушының қаламы, т.б.
	Сөйлемдегі сөздердің бірінің екіншісімен атау мен ілік септігінен басқа септік жалғауларының бірінде келіп байланысуын  меңгеру деп атаймыз деген анықтама бүгінде кең етек алған. Мысалы, тоғайға бару, жерді күрекпен қазу, таудан түсу, әкесімен тілдесу, т.б.
	Анықтамадан көрінетіні  -  атау септігі қиысу байланысының бір элементі, ілік септігі матасудың бір элементі  -  екеуі де екі жақты байланыстарға қатысты болғандықтан, басқа септіктер жиналып бір жақты байланыстың, меңгеру байланысының, көрсеткіштеріне айналған. Тоғайға бару дегенде барыс септігі зат есімге жалғанған. Барыс септігіндегі зат есім қимылдың (бару) нақты бағыты екенін білдіріп, етістікке пысықтауыштық қатынаста келген. Ендеше зат есім барыс септігінің жалғауын осы қатынасты білдіру үшін етістіктің талабы бойынша қабылдаған. Ал етістік қозғалыс етістігі қатарына жатқандықтан, оның сол қозғалыстың бағытын білдіретін <<сөз сұрауы>> - заңды құбылыс, сөйтіп байланыс бағыныңқы сөзден басыңқыға қарай бағытталып, бір жақты орнаған. 
	Қазақ тіл білімінде меңгерудің табиғатын тануда ғалымдар пікірі үнемі бір жерден шыға бермейді. А. Аманжолов меңгеру байланысының қатарына басыңқы етістіктің лексика-грамматикалық тіркесімділік қасиеттерін негіз ете отырып, бүгінде күшті меңгеру қатарына жатқызылатын табыс септігі арқылы байланысқан үлгілерді ғана жатқызады. Ғалымдардың көпшілігі атау мен іліктен басқа септіктер орын алған байланыстардың бәрін меңгеру қатарына жатқызып, оның табиғатын кең түрде қарайды. Е. Ағманов септік жалғауы арқылы байланысқан кейбір есімді тіркестерді қабысу қатарында қарау керек деген ұсыныс жасайды.  Септеулік шылаулардың қатысы арқылы жүзеге асқан байланыстарды меңгеру қатарына жатқызу керектігі соңғы жылдары ғана айтылып жүр..	Септеулік шылаулар кейде жеке өздері, кейде септік жалғауларымен бірлесіп келіп,  дәл септік жалғаулары сияқты зат есімдерді (заттанған сөздерді) оған белгілі бір грамматикалық мағына жамау арқылы синтаксистік қызметтерін белгілеп, етістікпен байланыстыру үшін қолданылатын көмекші сөздер болғандықтан, септеулік шылау арқылы жүзеге асқан байланыстарды да меңгеру қатарына жатқызамыз. 
	Сондықтан, меңгеру дегеніміз  -  байланыстың бір жақты  септік жалғаулары және септеулік шылаулар арқылы жүзеге асқан түрі.
	Меңгеріле байланысқан сөздер арасында толықтауыштық және пысықтауыштық қатынастар орын алады. Сөздердің арасындағы қатынастардың мазмұнына басыңқы сыңардың лексика-грамматикалық қасиеті мен бағыныңқы сыңардағы септік жалғауларының грамматикалық мағыналары негіз болады. Басыңқы сөз өзінің лексикалық және грамматикалық тіркесімділік қабілеттері негізінде ғана басқа сөздермен байланысқа түседі. Мысалы, Бала жерді күрекпен қазды деген сөйлемдегі  етістік (қазу)  -  іс-әрекет иесі қандай да бір құралмен атқаратын қандай бір затты қамтитын әрекетті атайды. Ендеше бұл етістіктің лексика-граматикалық мағынасында а) қимылдың иесін атайтын сөзбен; ә) қимылдың тура объектісін атайтын сөзбен; б) қимылдың құралын атайтын сөзбен тіркесу қабілеті бар. Ал бұл сөздер өз кезегінде аталған етістікпен белгілі мазмұндағы байланыс орнату үшін септік жалғауларының көмегіне сүйенген: а) зат (бала) қимылдың иесі екенін атау септігі; ә) зат (жер) қимылдың тура объектісі екенін табыс септігі; б) зат (күрек) қимылдың құралы екенін көмектес септіктері білдірген. Сөйтіп Бала қазды деген сөздердің байланысынан предикаттық қатынас, жерді  қазды сөздерінің байланысынан толықтауыштық қатынас, күрекпен қазды сөздерінің байланысынан әрі толықтауыштың (немен қазды?) сұрағына жауап беретін, әрі пысықтауыштың (қалай қазды?) сұрағына жауап беретін қатынас орын алған. 
Қазу етістігінің тіркесімділік қабілеті мұнымен шектелмейді. Ойдың толықтығын, бұдан әрі кеңдігін қамтамасыз ету үшін етістікке басқа сөздерді де байланыстырып сөйлемге қоса беруге болады. Мысалы, сөйлемде қимылдың жүзеге асу мезгілін атау керек болса, қажетті үстеудің бірін (кеше қазды) немесе лексикалық мағынасында мезгіл мағынасы бар зат есімдердің бірін (жексенбіде қазды, сағат он екіде қазды ) жатыс септігіне қойып, сондай-ақ мезгіл мәнді сөз басыңқы болған сөз тіркестерін (сол күні қазды)  етістікпен байланыстырып, сөйлемге қосуға болады, сол сияқты қимылдың уақыттық көлемін білдіру үшін етістікке бағыныңқы етіп басқа сөздерді байланыстырамыз (екі сағат қазды, күні бойы қазды, т.б.). Сөйтіп сөйлем етістіктің тіркесімділік қабілетіне сәйкес жайылмалана түседі: Бала жерді күрекпен кеше күні бойы қазды. Мұндай тіркесімділік қабілет сөйлемдегі етістік қана емес басқа сөздерге де тән қасиет: Қаладан ауылға дем алуға келген бала ауладағы кортоп егетін жерді дүкеннен сатып алынған темір күрекпен кеше күні бойы қазды.
Қабысу байланысы туралы анықтамалар бірізді: сөйлемдегі сөздердің іргелес орын тәртібі арқылы байланысы  -  қабысу деп танылып жүр. Қабыса байланысқан сөздер бағыныңқы сыңарына қарай есімді және етістікті тіркестер болып болып бөлінеді. Мысалы, жылы су  -  қабыса байланысқан есімді сөз тіркесі, ілгері жылжу  -  етістікті сөз тіркесі. Соңғы жылдары қабысудың үшінші түрі  -  ортақ қабысу да бар екені көрсетіліп жүр. Ортақ қабысудың басты белгісі  -  басыңқы сыңар құрамында есім сөз де, етістік те бар болуы. Мысалы, жақсы адам болатын. Мұндағы бағыныңқы сыңар зат есім мен көмекші етістіктен тұрады. 
	Жанасу байланысы байланыстың жеке бір түрі ме, әлде М. Балақаев өзі көрсеткендей <<жанасу  -  алшақ қабысу>>, яғни, қабысудың ерекше бір түрі ме? (<<Кіріккен сөздер  -  біріккен сөздің бір түрі, құрамындағы сөздері дыбыстық өзгеріске ұшыраған біріккен сөздер>> деген сияқты). Жанасу  -  байланыстың жеке түрі болса, меңгеріле немесе қабыса байланысқан сөз тіркестері деген сияқты жанаса байланысқан тіркестер деген қолданыстар неге жоқ, сондай-ақ оның өзіне тән (басқа байланыс түрлерінен ажыратын) ерекше белгілері қайсы? 
Қабысудан айырмашылығы ретінде жанасуда байланысқа түсетін сөздер сөйлемде бірде іргелес, бірде алшақ орналаса алатыны ғана көрсетіледі. Мұндай қасиетке тек етістікпен байланысатын мезгіл үстеулері мен басыңқысы мезгіл мәнді зат есімнен болған сөз тіркестері ғана ие. Мысалы, Бүгін Алматыдан сағат төртте келетін поезд екі сағатқа кешікті. Сол жылы әке-шешесі ауылдан қалаға көшкен болатын. Бірінші сөйлемдегі мезгіл үстеуінің (бүгін) сөйлемдегі қай етістікпен (келетін немесе кешікті) байланысқанын тексерейік. Яғни, тіркес бүгін келетін (поезд) бе әлде бүгін кешікті ме? Мезгіл үстеуінің сөйлемдегі  екі етістікпен де байланысқа түсу қабілеті бар, бірақ бір сөз сөйлемдегі екі сөзге бірдей бағыныңқы бола алмайды. Егер сөйлемді Бүгін // Алматыдан сағат төртте келетін поезд // екі сағатқа кешікті түрінде үстеуден кейін кідіріс жасап айтсақ, онда бұл үстеудің сөйлемнің соңындағы етістікпен (бүгін кешікті) байланысқаны, өйткені үстеуден кейінгі пауза оны Алматыдан сағат төртте келетін поезд тізбегінен жіктеп, олармен байланысы жоқтығын білдіреді. Бұдан мезгіл үстеуінің сөйлемде өзі байланысатын сөзден қанша алшақ тұрса да, тіпті оған дейін басқа етістіктер кездессе де, олармен байланыспай, тікелей қажетті сөзімен байланысатындығы көрінеді. Сол сияқты осы сөйлемді  Алматыдан сағат төртте келетін поезд бүгін  екі сағатқа кешікті және Алматыдан сағат төртте келетін поезд  екі сағатқа бүгін кешікті түрінде де құруға болады. Бұл кездерде мезгіл үстеуінің өзі байланысатын сөзге позициялық жақындағаны болмаса, сөйлемнің ақпараттық мазмұнында да, байланыстың сипаттарында да еш өзгеріс болмайды. Осы сөйлемді бүгін сөзінен кейінгі дауыс кідірісін алып тастап құрсақ (Бүгін Алматыдан сағат төртте келетін поезд // екі сағатқа кешікті), немесе Алматыдан сағат төртте келетін поезд конструкциясының құрамына кез келген сөзден кейін (тек етістіктің алдынан) қойсақ, онда мезгіл үстеуі анықтауыш қызметіндегі есімше тұлғасындағы етістікпен байланыс орнатады. Бірақ оның позициясы бәрібір еркін: бүгін Алматыдан сағат төртте келетін, Алматыдан бүгін сағат төртте келетін, Алматыдан сағат төртте бүгін келетін. Сол жылы әке-шешесі ауылдан қалаға көшкен болатын деген келесі сөйлемде де сілтеу есімді мен мезгіл мәнді зат есімнің тіркесінен болған пысықтауыштың да орны еркін, сөйлемде кез келген позицияға тұра алады: Әке-шешесі сол жылы ауылдан қалаға көшкен болатын, Әке-шешесі ауылдан сол жылы қалаға көшкен болатын,  Әке-шешесі ауылдан қалаға сол жылы көшкен болатын.
	Әдетте сөйлем ішінде бір тәсілмен (орын тәртібі арқылы) бір сөзге бірнеше сөз  жарыса байланысып келгенде, сөйлеу заңы бойынша олардың көбі өзі байланысатын сөзден алшақтап, тек біреуі ғана іргелес орналасады. Мысалы, сағат деген зат есім зат есімнен және сын есім мен сан есімдерден болған орын тәртібі арқылы байланысқан анықтауыштарды қабылдай алады: алтын сағат, қол сағат, екі сағат, үлкен сағат.  Бірақ сол анықтауыштардың бәрі бірдей жұмсалғанда, тек біреуі ғана басыңқымен іргелес орналасады: екі үлкен алтын қол сағат немесе үлкен екі алтын қол сағат түрінде қолданылуы мүмкін. Мысалдан көрінетіні: басыңқыға жақын орналасқандар  -  зат есімнен болған анықтауыштар, ал сын есім мен сан есімдер зат есімнен болған анықтауышқа қарағанда өзі байланысатын сөзден алшақтаған. Бұл  -  бағыныңқы сөздердің лексикалық мағыналарындағы басыңқымен болатын байланыстың берік немесе әлсіз болуымен байланысты құбылыс. Лексикалық мағынадағы байланыс барынша мықты, берік болған сайын ол сөздің өзі байланысатын сөзден алшақтау мүмкіндігі бар. Керісінше лексикалық байланыс әлсіз болған сайын ол сөз өзі қатысты сөзге іргелес орналасуға тырысады. Сондықтан 
екі үлкен алтын қол сағат сан есім мен зат есімнің бір-бірінен алшақ орналасқанына қарамастан 	екі сағат тіркесіндегі байланысты жанасу дей алмаймыз. Сол сияқты үлкен сағат немесе алтын сағат байланыстары да қабысу байланысына жатады. Дәл осындай құбылыс етістікті тіркестерде де кездеседі:   
5. Синтаксистік қатынас туралы түсінік. Сөздердің арасында синтаксистік байланыс орын алған жерде синтаксистік қатынас та орын алады. Синтаксистік қатынас дегеніміз  -  синтаксистік байланыстың мазмұны. Байланыс орнаған жерде компоненттер арасында мағыналық қарым-қатынас та орнайды. Мысалы, тоғайға бару тіркесінде байланыс зат есім мен етістіктің арасында барыс септігі арқылы орнаған. Байланыс меңгерудің қатарына жатады. Бұл  -  байланыстың тұлғалық жағына қатысты ерекшеліктер. Енді осы байланыс арқылы пайда болған сөздердің қарым-қатынасына келсек, бағыныңқы басыңқыдағы қимылдың нақты бағытын білдірген. Бұл  -  байланыстың мағыналық жағы. Синтаксистік қатынас деп отырғанымыз да  -  осы: байланыстың мағыналық жағы.  
Сөйлемдегі сабақтаса байланысқан сөздер арасындағы синтаксистік қатынастар предикаттық қатынас және предикаттық емес қатынастар болып екіге бөлінеді. Предикаттық емес қатынастарға  анықтауыштық, толықтауыштық, пысықтауыштық және айқындауыштық қатынастар жатады. Бұл қатынастар  -  бір ортақ белгі арқылы топтастырылған қатынастар,  бұл қатынастардың әрқайсысы өз ішінен сан алуан мазмұндарға жіктеліп кете береді. Мысалы, анықтауыштық қатынас дегеніміз байланысқан екі сөздің бірінің, басыңқысының, зат есімнен болуына орай, бағыныңқысы оны әр қырынан сипаттай келген қатынастар, бұл қатынас өз ішінен мыны мазмұндардан тұруы мүмкін: бағыныңқы басыңқының санын білдіреді, екі журнал, бағыныңқы басыңқының ретін білдіреді, екінші қабат, бағыныңқы басыңқының жалпы сан-мөлшерін білдіреді, көп бала, бірнеше кісі, бағыныңқы басыңқының көлемін білдіреді, мол су, үлкен арман, биік тау, бағыныңқы басыңқының пішінін білдіреді, бұжыр бет, қисық бұтақ, т.б. Мұндағы алғашқы екі мысал  -   <<Сан есім  -  зат есім>> үлгісісіндегі қабыса байланысқан сөздер болса, қалғандары  -  <<Сапалық сын есім  -  зат есім>> үлгісіндегі қабыса байланысқан сөз тіркестері. Бірақ бұл мағыналық қатынастар бір ғана <<Сапалық сын есім  -  зат есім>> үлгісіндегі қабыса байланысқан сөз тіркестерінде болатын қатынастарды толық қамтыған дей алмаймыз. Оның үстіне <<Қатыстық сын есім  -  зат есім>> үлгісінде, <<Зат есім  -  зат есім>> үлгісінде, <<Есімше  -  зат есім>> үлгісінде, <<Есімдік  -  зат есі>> үлгісінде қабыса байланысқа сөздер арасындағы мағыналық қатынастарды қосыңыз. Бұлардың әрқайсысы бірден он-он беске дейінгі мағыналық қатынастарды білдіре алады. Және олардың бәрі анықтауыштық қатынастың шеңберінен шықпайды. Енді бұлардың қатарына (қабыса байланысқан сөздер арасында болатын анықтауыштық қатынастардың қатарына) матаса байланысқан сөздер арасындағы қатынастарды қосып көріңіз. Сол сияқты толықтауыштық қатынастардағы сөздерді тура толықтауыш және жанама толықтауықтауыш деп бөлу бар. Жанама толықтауыштыардың өзі ішінен бірнеше қатынасқа жіктеліп кете береді. Сондай-ақ пысықтауыштық қатынастар да алдымен алтыға, одан әрі олардың әрқайсысы өз ішінен әр түрлі мазмұндарға жіктеліп кете береді.   
Синтаксистік қатынас сөйлемдегі салаласа байланысқан сөздердің (бірыңғай мүшелердің арасында да орын алады. Мысалы, Киімі жеңіл, бірақ жылы десек, бірыңғай баяндауыштар бір-біріне қайшы мағынада келген, Әрі жылынасың, әрі демаласың дегенде, салаласа байланысқан сөздер арасында ыңғайластық қатынас орын алған, т.т. т.б. 
Біз сөз етіп отырған қатынастарды сөйлем мүшелерінің арасында болатын құбылыс деп танушылар да болар. Бірақ сөйлем мүшесі болсын, жеке сөздер болсын, мейлі айқындауыш мүше мен айқындалушы немесе жай сөйлемдер болсын, синтаксистік компонент болған және синтаксистік байланыс бар жерде синтаксистік қатынас та болатынын жоққа шығара алмаймыз. Ол компоненттер қандай синтаксистік деңгейге жататыны (құрмалас сөйлемнің компоненттері, сөйлем мүшелері, сөз тіркесінің сыңарлары), қандай синтаксистік бірлікті, синтаксистік құрылымды қалыптастыратынына қарай сол деңгейде сөз еткенде, сол компоненетер арасында қалыптасатын мағыналық қатынасты назардан шығарып тастауға болмайды.  



















Пәндер