Файл қосу

Археология деректемелері



Исин А.И. Археологиядан әдістемелік материалдар. 
               Глоссарий. Дәріс мәтіндері

1. Пән бойынша глоссарий

АБАШЕВ МӘДЕНИЕТІ  -  б.з.д. 2-мңжлд. Қола ғасырның мәдениеті /Орманды Дон, Еділ бойы, Орал тауы аймағы, Жайық өзенінің жоғарғы ағысы/.
АВСТРАЛОПИТЕК  -  <<оңтүстік маймыл>>, 5,5 млн. жыл бұрын пайда болып, 1,5-2,0 млн жыл бұрын жойылып кеткен қазба адам алдындағы жан иесі. Бір түсініктерде  -  ең көне қазба адам. Ми сыйымдылығы 500-600 см3 дейін. Түрлері: бойс /зинджантроп/, африкалық. Дене бітімі жағынан өзінен кейінгі <<шебер адамға>> /габилиске/ жақын. Сүйек табылмалары  -  Шығыс және Оңтүстік Африка.
АЛЛЮВИЙ - өзендік қатпарлар. Жазықтағы аллювий құмдардан және ұсақ жыныстардан, таулық  -  малтатастар мен ірі жұмыртастардан тұрады.
АЗЫХ  -  Оңтүстік Кавказдағы ежелгі ертетас тұрағы бар үңгір.
АЛЬТАМИРА  -  Испаниядағы ертетас дәуірінің суреттері табылған үңгір /1879/.
АНАНЬИН МӘДЕНИЕТІ  -  Кама алқабының ертетемір мәдениеті.
АНАУ  -  Орта Азияның мыстытас мәдениеті.
АНГОБ  -  ұсақ топырақты езінді. Ыдысты күйдіру алдында ангобтау әдісі болған. Орта ғасырларға тән.
АНДРОНОВ МӘДЕНИЕТІ  -  Оңтүстік Орал, Батыс Сібірдің оңтүстігі, Қазақстан, Орта Азияның солтүстігіндегі орта қола мәдениеті.
АНТРОПОГЕН  -  геологиялық тарихтың соңғы кезеңі. Кайнозой эрасына кіреді, неогеннен кейінгі заман.
АРЖАН  -  б.з.д. 8-ғ. жататын патшалық қорған, Ұйық алқабында /Тыва/.
АРҚАЙЫМ  -  орта қола заманының бекіністі қонысы, протоқала. Қазіргі Челябі обл. жерінде.
АФАНАСЬЕВ МӘДЕНИЕТІ  -  Оңтүстік Сібірдегі мыстытас мәдениеті. 
АШЕЛЬ  -  ежелгі ертетастың кезеңі және мәдениеті. Франциядағы мекен атымен аталған. Ғылымға 1885 жылы Мортилье енгізді. Ескі шелль атауын ығыстырды.  Олдувайдан кейінгі және Мустьенің алдындағы мәдениет. Ашельде қолшапқы құралдары шықты. 
БОРЕАЛ  -  голоценнің басқы кезеңінің бірі. 9,5-7,5 мың жыл бұрын.
БОТАЙ  -  Солтүстік Батыс Қазақстанның мыстытас қонысы.
ВЮРМ  -  соңғы мұздану дәуірі. 185 мың жыл бұрын басталып, 12 мың жыл бұрын аяқталған.
ГЕЙДЕЛЬБЕРГ АДАМЫ  -  <<тік жүретін адам>>. Қалдықтары Германияда табылған. 300 мың жыл бұрын.
ГЕОМАГНИТТІ БАРЛАУ  -  магнит өлшегіш аспаптар арқылы жүргізілетін барлау түрі. Жер астындағы қыздырылған және қазылған топырақ  қабаттары зерттеледі.
ГИССАР ТЕПЕ  -  Орта Азиядағы жаңатас мәдениеті.
ГНЕЗДОВО  -  ерте ортағасырлық варяг және славян ескерткіштері.
ГОЛОЦЕН  -  қазіргі геологиялық кезең. 12 мың жыл бұрын басталған.
ГОМИНИД  -  қазба адамдар мен қазіргі адамның ортақ тегі. 
ГОМИНОИД  -  жоғарғы приматтар, жойылып кеткен және қазір де бар адамға жақын маймылдар.
ГОМО ГАБИЛИС  -  <<шебер адам>>, олдувай адамы.
ГОМО САПИЕНС САПИЕНС  -  қазіргі адам, неоантроп.
ГОМО ЭРЕКТУС  - <<тік жүретін адам>>, оған жататындар: питекантроп, ланьтян адамы, синантроп, гейдельберг адамы.
ГОРОДЕЦ МӘДЕНИЕТІ  -  Шығыс Европа жазығындағы ертетемір мәдениеті.
ГРАВЕТТ  -  Батыс Европадағы ориньяктан кейінгі жоғарғы ертетас мәдениеті. 
ДАРТ Раймонд  -  ағылшын археологы. Австралопитек қалдықтарын алғаш зерттеген ғалым /1924/.
ДЕНДРОУАҚЫТНАМА  -  ағаш қиындыларындағы жылдық сақиналарын есептеуге негізделген уақытнама әдісі.
ДНЕПР-ДОН МӘДЕНИЕТІ  -  ертетемір мәдениетінің бірі.
ДОЛЬМЕН  -  мегалиттік құрылыс. Беті тас тақтамен жабылады.
ДОМЕСТИКАЦИЯ  -  аңдарды қолға үйрету.
ДУНАЙ МӘДЕНИЕТІ  -  Орталық және Шығыс Европадағы жаңатас пен мыстытастың алғашқы егіншілік мәдениеті.
ДЬЯКОВ МӘДЕНИЕТІ  -  Еділ-Ока аралығындағы ертетемір мәдениеті.
ДЮКТАЙ МӘДЕНИЕТІ  -  солтүстік Сібірдегі жоғарғы ертетас мәдениеті.
ЕГИПТОПИТЕК  -  қазба адамдар түрі.
ЕЛОВ МӘДЕНИЕТІ  -  Батыс Сібірдің соңғы қола ғасыры мәдениеті.
ЖЕЙТУН  -  Орта Азиядағы жаңатастың ескерткіші және мәдениеті.
ЖОҒАРҒЫ ЕРТЕТАС  -  40-12 мың жыл бұрынғы кезең. Қазіргі адамның өмір сүре бастаған кезеңі. Ұзынша жалпақтастар жасау техникасы үстемдік еткен. Аң аулау. Өнердің шығуы. 
ЗАЙСАН МӘДЕНИЕТІ  -  Тынық мұхиттың Ресей жағалауындағы /Оңтүстік Приморье/ жаңатас мәдениеті.
ЗАРУБИНЕЦ МӘДЕНИЕТІ  -  Украинадағы ертетемір мәдениеті.
ЗИНДЖАНТРОП  - австролоритектер түрі. М.Лики ашқан.
ИМЕРЕТИ МӘДЕНИЕТІ  -  Батыс Грузияның соңғы ертетас мәдениеті.
ИНГУМАЦИЯ - өртемей жерлеу.
ИРМЕН МӘДЕНИЕТІ  -  Батыс Сібірдің б.з.д. 9-7-ғғ. мәдениеті. 
КӨНЕ ШҰҢҚЫР МӘДЕНИЕТІ  -  Жайықтан Днестрге созылған қола ғасыры мәдениеті.
КАЛИЙ-АРГОН ӘДІСІ  -  изотопты уақытнама әдісінің бірі. Ежелгі ертетасты зерттеуге қолданылады.
КАННЕЛЮРАЛАР  -  ыдыс бетіндегі сырылған арықшалар. Ыдыс өрнегінің бірі.
КАП ҮҢГІРІ  -  Башқұртстандағы ертетас суреттері сақталған үңгір.
КАТАКОМБА МӘДЕНИЕТІ  -  Днепр мен Еділдің төменгі ағысындағы қола ғасыры мәдениеті.
КЕЛТЕМИНАР МӘДЕНИЕТІ  -  Арал өңірінің жаңатас және мыстытас мәдениеті.
КЕРАМИКА  -  күйдірілген балшық ыдыс, қыш.
КИІККОБА  -  Қырымдағы мустье тұрағы.
ҚАРАБУРА  -  Орта Азияның ашель, мустье кезеңдеріндегі тұрағы.
ҚАРАТАУ  -  Тәжікстандағы ертетас тұрағы.
ҚАРАТАУ  -  Оңтүстік Қазақстандағы ертетас тұрақтары шоғырланған аймақ.
ҚАРАТЕПЕ  -  Түркиядағы ертетемір қонысы.
ҚИМА  -  ағаш бөренелерінен жасалған біріктірме құрылыс. Жерлеу камерасы.
КЛИВЕР  -  ертетастың ауыр салмақты ұрма құралы, салмақтас.
КЛЭКТОН  -  ежелгі ертетастың тасты жару мәдениеті. Қолшапқы әлі шықпаған кезеңдікі.
КОКАРЕВ МӘДЕНИЕТІ  -  Енисейдің соңғы ертетас мәдениеті.
КРЕМАЦИЯ - өртеп жерлеу. 
КРОМАНЬОН АДАМЫ  -  қазіргі адамның Францияда 1868-ж. табылған сүйек қалдықтары.
КУДАРО  -  Оңтүстік Осетиядағы көпқабатты ашель-мустье тұрақтары.
КУКУТЕНИ -  Румыния, Венгрия, Украина жеріндегі мыстытас мәдениеті.
КУЛАЙ МӘДЕНИЕТІ  -  Батыс Сібірдің ертетемір мәдениеті.
КУРА-АРАКС МӘДЕНИЕТІ  -  Кавказдың ерте қола мәдениеті.
КҮЛОБА  -  скиф көсемінің қорғаны. Б.з.д. 4-ғ.
КҮЛТЕПЕ  -  Орталық Түркиядағы қола ғасыры қаласының қалдықтары.
ҚОБЫСТАН - Әзірбайжандағы тастағы суреттер ескерткіші.
ҚОЛА ҒАСЫРЫ  -  археологиялық кезеңдеудегі үш дәуірдің бірі. Ерте, орта  және соңғы қола болып бөлінеді. Б.з.д. 3-мңжлд. екі ж.  -  б.з.д. 1-мңжлд. басы. 
ҚОРҒАН  -  жерлеу орнының үстіндегі үйінді. Қазақтарда оба деп те айтылады.
ҚЫЗЫЛОБА  -  Оңтүстік Қырымның соңғы қола мәдениеті.
ЛАНТЯН АДАМЫ  -  архантроптардың бір түрі. Янцзы өзені бойындағы мәдениет.
ЛЕВАЛЛУА  -  ертетастың тас құралдар жасау техникасы. Леваллуалық жалпақшалар және тасбақа тәрізді леваллуалық нуклеустар ашельдің соңы мен мустьеге тән.
ЛИКИ  -  Африкадағы алғашқы адамдар тұрақтарын зерттеген ғалымдар әулеті.
ЛИКИ, Луис  -  Африкадағы қазба адамдарды зерттеген ғалым. 
ЛИКИ, Джонатан  -  Олдувай шатқалында габилис адамның қалдықтарын ашты /1960/.
ЛИКИ, Ричард  -  габилис адамдардың қалдықтарын табушы ғалым /1967-1968/.
ЛИКИ, Мэри  -  Олдувайда Бойс австралопитекті ашты /1959/. Луис Ликидің зайыбы.
ЛУЖИЦК МӘДЕНИЕТІ  -  Балтика мен Дунайға созылған соңғы қола  -  ертетемір мәдениеті.
ЛЬЯЛОВ МӘДЕНИЕТІ  -  Еділ-Ока аралығындағы жаңатас мәдениеті.
ЛЮСИ  -  австралопитектің бір түрі. Эфиопияда табылған. Зерттеуші  -  Джохансон.
МӘДЕНИ ҚАБАТ  -  адамның тұрмыс-тіршілігінің түрлі қалдықтарын сақтаған жер қыртысы.
НЕАНДЕРТАЛЬ АДАМЫ  -  палеоантроп адамы, алғаш 1856 ж. Германияда кейін басқа да аймақтарда да табылған. өмір с.рген уақыты  -  ш.а. 150-40 мың жыл бұрын. Адамның сапиенттік түріне жатады.
НЕОЛИТ  -  жаңа тас ғасыры, жаңатас. Б.з.д. 7-4 мңжлд. Ұсақтас өндірісінің үстемдік етуімен, тегіс және тесілген, геометриялық үлгідегі, симметриялық құралдардың, мал шаруашылығының және егіншіліктің шығуымен ерекшеленеді.
НЕОЛИТТІК РЕВОЛЮЦИЯ  -  ЖАҢАТАС РЕВОЛЮЦИЯСЫ - өндіру шаруашылығының шығуына байланысты жүзеге асқан түбегейлі өзгерістер. Адам өмірі, тұрмыс-тіршілігінің ертетас пен ортатаспен салыстырғанда сапалық биікке көтерілуі, адамның жер қожайынына айналуы.
НИВЕЛИРЛЕУ  -  ескерткіш пен табылмалардың шартты 0-ден деңгейін /биіктігі мен төмендігін/ нивелир, теодолит, т.б. аспаптар арқылы өлшеу.
НУКЛЕУС - өзектас. Құралдарды өзектастардан сындырылып алынған қалақшалардан жасау дәстүрі ашельден басталады.
ТАС ҒАСЫРЫ  -  адамзат тарихының алғашқы дәуірі. Ертетас, ортатас, жаңатасқа бөлінеді. 2,6 млн. жыл бұрыннан бзд. 12-мңжлд. дейін созылады.
ТЕМІР ҒАСЫРЫ  -  қола ғасырынан кейінгі дәуір. Ертетемір және соңғы темір ғасырларына бөлінеді. Б.з.д. 1-мңжлд.
<<ТІСТІ МУСТЬЕ>> - <<тісті>> құралдар тән мустье мәдениеті.
ШАҚПАСТАС  -  құралдар жасауға лайықты қатты тас түрі. Ертетас өндірісінде жиі қолданылған.


































2. Дәріс сабақтарының тезистері

Дәріс 1. Археология ғылымы 
* Археология ғылымы және оның қалыптасуы
* Археология ғылымының ерекшеліктері 
* Археология ғылымының салалары мен бөлімдері

Археология ғылымы және оның қалыптасуы. Археология  -  тарих ғылымдарының бірі. Ғылым аты гректің     archaios- көне және logos- сөз (ғылым) сөздерінен шыққан. Негізінен алғанда заттық деректемелер арқылы адамзаттың арғы дәуірлерін таниды.
Бастапқыда <<археолог>> деп көне дәуірлермен  шұғылданған зерттеушіні атаған. Алғашқы қазба жұмыстары (көне замандардағы және орта ғасырлардағы көнеліктерді жерден қазып алуды көздеген патша және билеушілер әрекеттерін есептемегенде) ХVІІІ ғасырдың  басында жүргізілді /1711 ж./. Ол кезде Италиядағы антик заманның Помпей  қаласын аршып алу жұмыстары басталды. Бұл жұмыстар бастапқыда шұңқырлап қазу сияқты ғылыми әдістер әлі қалыптаспаған заманда басталса да, заман өте зерттеудің жетілген үлгілері қолданысқа енеді. Бұл орайда XIX ғасырдағы итальян археологы Фиорелли үлкен еңбек атұарды.  Жерорта теңізінің жағалаулары мен аралдарында, континентті Европада және Азияның, Африканың жекелеген аймақтарында жүргізілген қазба жұмыстары археологияны ғылым ретінде қалыптастырды. Жазу мәдениеті шыққанға дейінгі алыс замандар осы жолмен зерттеле бастады, археологияның зерттеу әдістері молығып, ұғымдары анықталды. 
Теориялық археологияны дамытуда, қола ғасырын тануда скандинавиялық зерттеушілер Томсен, Ворсо, Монтелиус, ал ертетасты зерттеуге француз Мортилье ерекше үлес қосты. Өзге бір археологтар сенсациялық жаңалықтар ашты. Мәселен, ағылшын Эванс Жерорта теңізіндегі қола ғасырының Крит мәдениетін ашты. Неміс Шлиман аңызды Троя қаласының орнын Түркия жеріндегі Ғиссарлық төбесінен тапты. Қазу жұмыстарының ғылым қалыптастырып келе жатқан әдістерін қаражат иесі Шлиман ескермей, ескерткішке көп нұқсан келтірсе де, ол археологияға деген өз қызығушылығын өзгелерге де, әлем жұртшылығына да дарыта білді. ХIХ ғасыр соңында көне Троя қаласын археолог Дерпфельд дұрыс зерттеп, Шлиманның қателерін түзеді. Сөйтіп, жер бетіндегі өткен замандардың таңғажайып өркениеттері көпшілікке әйгілі болды, тас ғасыры, оның кезеңдері, қола дәуірі, ертетемір туралы түсініктер әдебиетке енді.
Ресейдегі алғашқы археологиялық зерттеулер барлау сипатында 18 ғасырдың бірінші ширегінде жүргізіле бастады. Бірінші Петр заманында және одан кейін көнеліктер іздестірілді және соған байланысты көптеген ескерткіштерге нұқсан келтірілді. Көнеліктерді төбешілер (бугровшиктер) тонады. Жағдай ІІ Екатерина заманында ғана оңала бастады. Орыс жеріндегі қорғандар да әуелі дұрыс зерттелмей, шұңқырлап қазып, заттар ғана іздестірілді. Патшалық Ресейде ғылыми әдістерді археологтар Городцов, Фармаковский, Спицын сияқты зерттеушілер орнықтырды.
	Қазақстан жерінде алғашқы қазба жұмыстарын әйгілі ғалым В.Радлов жүргізді. 1865 жылы ол Шығыс Қазақстанда, Бұқтырма өзенінің жоғарғы ағысындағы Үлкен Берел қорғанын қазды. 
Кеңестік замандағы Қазақстан археологиясының негізін салушы зерттеушілер қатарында Әлікей Марғұлан, Сергей Черников, Кемал Ақышев, Әбдіманап Оразбаев, Мир Қадырбаев бар.  
Археология ғылымының ерекшеліктері. 
Археология ғылымының негізгі ерекшеліктері:
* Өткенді заттық деректемелер негізінде зерттеу.
* Арғы, негізінен алғанда, жазу шыққанға дейінгі замандарды тану. 
* Археологиялық барлау және қазба жұмыстарын жүргізу, сол арқылы өз мәліметтерін толықтыру.
* Өзіндік зерттеу әдістері бар.
 Археология, сонымен, арғы дәуірлерді зерттеуді қолға алды және ол дәуірлерді танудың өзіндік әдістерін қалыптастырды. Бүкіл тас ғасыры, көптеген аймақтардағы мыстытас, қола ғасыры, ертетемір заманы, ерте орта ғасырлар тек қана археологиялық мәліметтер арқылы, археологиялық зерттеу әдістерінің күшімен зерттеледі. Сонымен бірге, жазу мәдениеті дамыған аймақтар мен замандар үшін де археология тарихты тануға өзінің зор үлесін қоса алады. Бұл жағдайды есепке алғанда, археология тарихты тарих ғылымы дамыған орталықтарда жасалған жазба деректемелер арқылы жазудың олқылығын толықтырады, тарихи даму туралы мейлінше әділ қорытындылар жасайды. Ежелгі және орта ғасырларды сипаттаумен қатар, кейінгі замандардағы құбылыстар мен материалдық мәдениет белгілерін ашуға да жәрдемдеседі.
3. Археология ғылымының салалары мен бөлімдері. Зерттелетін дәуірлерге байланысты, археология ғылымының  салалары қалыптасқан. 
* Әуелгі немесе ең көне заман археологиясы. Негізінен, тас ғасырымен шұғылданады. Тас ғасырының кезеңдерімен шұғылданатын салалары: ертетас, ортатас пен жаңатас археологиясы.  Сонымен бірге, мыстытас, қола ғасыры археологиясы да осы салаға жатқызылады.
* Ертетемір, антик заманының археологиясы. Біздің жағдайда  -  ежелгі көшпелілер археологиясы.
* Ортағасырлық археология. Қазақстан жағдайында ортағасырлық қалалар мен көшпелілер мәдениеттері археологиясы.
Зерттеу кезеңдері бойынша белгіленетін салалар:
* Далалық археология. Ол ескерткішті орналасқан жерінде (жер бетінде, топырақ қабатында, су астында) барлап және қазып зерттейді. 
* Лабораториялық (зертханалық) археология. Зертханаларда, ғылыми-  зерттеу  мекемелерінде әр сала мамандарының қатысуымен жүргізіледі. Заттардың, деректемелердің физикалық, химиялық құрамы, ерекшелік қасиеттері танылады.
* Теориялық археология. Зерттеулер қорытындыланады, тарих ғылымына қатысты жаңалықтар айтылады. Мұны кейде кабинеттік археология деп те атайды, өйткені бұл зерттеу кезеңінде археолог кәдімгі тарихъшы сияқты жұмыс істейді.
	Зерттеу әдістеріне байланысты да археологияның жеке салаларын белгілеуге болады: 
* Дәстүрлі археология. Бұл 18-20 ғғ. басындағы зерттеу әдістерінің және оны дамыту негізінде жүргізілетін зерттеулер.
* Әуе археологиясы. Ескерткіштерді ұшақ, тік ұшақ арқылы зерттеу. 20 ғ. 20 жылдарынан басталады ( ағылшын Кроуфорд), ал ғарыш аппараттары арқылы зерттеу осы күндері басталған. 
* Су асты археологиясы. Теңіз жиектерінде (шельфтік аймақтар), көл, өзен астында қалған құрылыстар мен заттарды, суға батып кеткен кемелерді зерттеу. 20 ғ. 20 жылдарынан басталған (француз Пуадебар).
	Ғылым саласы, оқу пәні ретінде археологияның бөлімдері:
* Археологияға кіріспе. Негізгі деректемелері, ескерткіш түрлері, зерттеу әдістері қарастырылады және үйретіледі.
* Археология тарихы. 
* Археологиялық мәдениеттер (әлем, құрлық, аймақтар шеңберінде оқытылуы). Қазба адамдар, ең байырғы археологиялық мәдениеттерден бастап уақытнамалық ретпен мәдениеттердің алмасуын, олардың өзіндік түрлі белгілерін қарастырады.
* Жеке бір мемлекет археологиясы. Археологиялық мәдениеттердің уақытнамалық ретпен белгілі бір мемлекет шеңберінде қарастырылуы.

Дәріс 2.  Археология деректемелері мен ескерткіштері 
1. Археология деректемелері
2. Археология ескерткіштері
Археологиялық деректемелер туралы түсінік. Археологиялық ескерткіштерден алынған заттар және  қалдықтар археологиялық деректемелерге жатқызылады. 
Батыс ғылымында археологиялық деректемелерді тарих алдындағы немесе тарихқа дейінгі және ерте тарих деректері деп бөлу дәстүрі қалыптасқан. Сонымен қатар, ағылшын тілді шетел ғылымында археология деректемелері тарихи деректемелерден бөлек , антропология ғылымының шеңберінде қарастырылады.
Археологиялық деректемелердің ең басты ерекшелігі: деректемелер барлау және қазба жұмыстарының нәтижесінде табылады. Сол арқылы алыс дәуірлер тарихы жасалып, кейінгі дәуірлер жөнінде түсінік толығып отырады.Археологиялық деректемелер дәуіріне, зат материалына, жасалу әдісіне байланысты жіктеледі. 
Деректемелерді зерттей отырып тұрмыс-тіршілікке байланысты құбылыстарды ашуға болады. Тарихи қорытынды жасалғанда деректемелерден алынатын мағлұматтар тоғысады., яғни синтезделеді. Зерттеу жұмыстарымен шұғылданатын археологтардан әр деректің өз маманы қалыптасады. Мәселен, тас құралдарының маманы, керамиканы зерттеуші, әшекей-бұйымдарды танушы, т.б.
Археологиялық деректемелердің көпшілігі жердің астынан қазылып алынады. Олар, әдетте, толық күйінде жетпейді: сынық, фрагмент, тотық түрінде кездеседі. Сол себепті оларды дұрыс қазып алу, қалпына келтіру және сақтау өте маңызды.

2. Археологиялық деректемелер түрлері.  Деректемелер негізін көне заманнан жеткен заттар құрайды, олар көнеліктер, қалдықтар деп те жазылады. Адам жасаған немесе еңбегімен өзгерткен заттардың бәрі <<артефакт>> деп аталады. Бұл термин, әсіресе, тас ғасыры мүлкіне байланысты жиі қолданылады, себебі: тас құралдарының функционалды қызметін дәл анықтау қиын.
Археологиялық деректер табылу жағдайына, сақталу деңгейіне және олармен жұртшылықтың танысуына байланысты әртүрлі аталады. Археологиялық деректемелердің өзіне тән ерекшеліктерін ескере отырып, оларды бірнеше топқа бөлуге болады:
* Еңбек құралдары. Жасалған шикізаты, дәуірі есепке алынады. Мысалы: тас, мыс,темір құралдары. Сонымен қатар, құралдар атқаратын қызметіне қарай да жіктеледі.
* Қару үлгілері. Жасалған шикізаты және қызметі бойынша жіктеледі Мысалы: шабуыл, қорғаныс құрал-жабдықтары. Сыртқы келбеті мен пішіні есепке алынып, түр-түрімен зерттеледі.
* Тұрмыс заттары. Аса үлкен топ. Бұған киім-кешек бөлшектері, заманында қолданылған заттар жатады.
*  Ыдыс. Ғылымда ыдыстар тиянақты жіктелді, олар ескерткіштердің уақытын білуге, мәдениетіне сипаттама жасауға үлкен көмек көрсетеді. Археологиялық мәдениеттердегі ыдыстардың көпшілігі  -  керамикалық ыдыстар.
* Ат әбзелдері. Көбінесе көшпелілер мәдениеттеріне тән. Ауыздықтар, сулықтар, үзеңгілер, айырбастар. Сүйектен, қоладан, темірден жасалуы мүмкін. Мәдениеттерге сипаттама беруге үлкен көмек көрсетеді.
* Өнер туындылары. Бұған көркем әшекейлер, көне суреттер, мүсіндер, ғимарат қалдықтары, жазулар жатады.
* Сүйек қалдықтары. Олар адам, мал, аң-құс сүйектері болып бөлінеді. Бұл деректеме тобын дұрыс тану үшін анатомиялық және зоологиялық білім қажет. 
Археологиялық деректемелердің бір ерекшелігі  -  олардың толық, тұтас күйінде жетпейтіндігінде. Көп жағдайда бөлшектермен, фрагменттермен жетеді, өзгерістерге ұшырайды, деформацияланады,  диффузияланады, ыдырайды. Қатты тотыққан металл, шіріндіге айналған ағаш пен тері сақталуы нашар деректемелер қатарына жатады. Сол себепті, археологиялық деректемелер түрлі препараттар арқылы қалпына  келтіруді және арнайы жабдықтардың пайдалануымен сапалы сақтауды талап етеді. Консервациялық жұмыстардың бір бөлігі далалық жағдайда жүзеге асуы керек. Сонда ғана заттар мен қалдықтар маңызды мағлұмат бере алады.
3. Археологиялық ескерткіш туралы түсінік. Кейбір ғылыми әдебиет пен оқулықтарда археологиялық ескерткіштер мен археологиялық деректемелерді бір деп дәріптейтін түсінік бар. Шындығында, бұл ұғымдардың айырмашылығын байқауға болады.
     Археологиялық деректемелер адам жасаған немесе икемдеген  заттар, сүйек және құрылыс қалдықтары болғанда, оларды кабинеттік, зертханалық  лабораториялық  жағдайларда зерттеп, тануға болады.
     Археологиялық ескерткіштер өз орнында зерттеледі. Жоғарыда айтылған деректемелер ескерткіштерден алынады, яғни ескерткіштер ірі объект, оны кабинеттік, лабараториялық жағдайда зерттеу мүмкіншілігі шектеулі.  Онда олардың сызба жоспарлары, фото, видео бейнелері ғана қаралады.
     Археологиялық ескерткіш  жеке жерлеу орны, қоныс, құрылыс болуы мүмкін, ол белгілі жер, су немесе мекен атымен аталуы мүмкін.
Археологиялық ескерткіштерді зерттеудің бірнеше кезеңдері бар:
* Ескерткіштер туралы мәліметтер іздестіру
* Ескерткіштерді тіркеу, картаға түсіру
* Ең толық өлшемдерін анықтау
* Ескерткіштерді қазу
* Алынған материалдарды зерделеу.
4. Археологиялық ескерткіштер түрлері. Дәуірлері бойынша зерттеледі, негізгі  екі түрі бар:
1.Қоныстар 
2.Қорымдар /молалар/
1. Ертетас заманынан қалған адам қонысының жалғыз түрі-тұрақ болды.Тұрақтарды аң аулау және терімшілікпен айналысқан байырғы адамдар қалдырған. Олар тұрақтау мерзіміне қарай ұзақмерзімді, ортамерзімді және қысқамерзімді аталады.
     Ұзақ мерзімді тұрақтарда мәдени қабат қалыптасуы мүмкін, топырақ қабаттарында тас құралдары, адам мен хайуанат сүйектері аршылып жатады. Көптеген дәуірнамалық анықтаулар ұзақмерзімді тұрақтарды зерттеу нәтижесінде жасалған. Өйткені, топырақ қабаттарының қалыптасуының геологиялық заңдылықтары бар, демек, геологиялық уақытнама арқылы тас ғасыры ескерткішінің де мерзімін болжау мүмкіндігі бар. Ортамерзімді және,әсіресе, қысқамерзімді тұрақтарда табылатын тас заттар және сүйектер аз болады және мұндай ескерткіштердің табылуы да қиын.
Тұрақтар орналасуы бойынша ерекшеленеді. Бірі үңгірлерде, жартас қуыстарында, өзен-сулардың жар қабақтарына жақын орындарда, оқшау тұрған  тау шоқыларында болған. Табиғат жағдайы, жыртқыштардан сақтану мүмкіндіктері ескерілген.
Ортатас  және  жаңатас замандарында адам тұрақтары жетіле түскен, ал жаңатаста едәуір дамыған қоныс түрі пайда болды. Сол себепті, жаңатас және қола ғасыры замандарындағы адам орныққан жерлер  <<тұрақ>> терминімен емес,  <<қоныс>> атауымен белгіленеді.
Қола ғасырында қоныстар едәуір қуаттанады, олардың кейбірінің қоршау, қорғаныс белгілері бар.
Ертетемір заманында қоныстардың іріленуі жалғасын табады, олардың қалашық түрі қалыптасады. Бірақ бүл өзгерістер егіншілікпен шұғылданған аймақтарда ғана байқалады, көшпелілер қоныстары кішірек келбеттерімен белгілі және олар сирек. Қорғаныс құрылыстары қабырға, ор, дуал қалыптасқан қоныстарға кенттер мен қалашық, қалалар жатады. 
Жалпы, қоныс орысша - поселение бірнеше археологиялық дәуірлердің құрылыстарына қолданылатын ортақ атау. 

2. Қорымдар, немесе байырғы замандардың жерлеу орындары, негізінен алғанда, жаңатас заманынан бергі уақытқа ғана тән. Дамыған түрлері қола дәуірінде және ертетемір мен ерте ортағасырларда қалдырылған.Адамның мәдениетінің, рухани өмірінің, діни нанымдарының күрделенуіне байланысты жерлеу орындарында түрлі құрылыстар тұрғызылды, олардың белгілі бір мәдениетке тән ерекшеліктері қоныстармен салыстырғанда тіпті көп. Сол себепті, тарихты тануға аса үлкен септігін тигізеді. Жабық комплекс болып келетіндіктен, қорымдарда табылатын заттар өзінің жақсы сақталуымен ерекшеленеді. Белгілі мәдениетті сипаттағанда неғұрлым мазмұнды да толымды мәліметтер ұсына алады. Әсіресе, байырғы тайпалар мен халықтардың діни-нанымдарын, жерлеу  ғұрпын, мәдениетін қорымдық табылулар арқылы зерттеу табысты келеді.
Жерлеу ғұрпының ең қарапайым үлгілері қазба адамда- палеоантропта да болған. Мәселен, неандарталь адамын жерлегенде, шұңқыр қазбаса да, басына тас жастап,  бетін ағаш бұталармен жапқан. Мұндай жерлеу үлгілері Алдыңғы Азияда тіркелген.
Жерлеу ғұрпы дамыған жаңатас заманында терең емес мола шұңқырлары қазыла бастайды, оларды таулы жерде таспен бастыру әдісі шығады. Қола ғасырында шеңбер, төртбұрыш түріндегі қалама тас қоршаулар, тас тақталармен қоршау үлгілері қалыптасады. Мұндай құрылыстар Сарыарқа жерінде көп. Ертетемірде адамдар арасында билікті және қуатты әлеуметтік топтардың шығуына байланысты  ірі, патшалық деп аталған  оба-қорғандар да тұрғызылған. Орта ғасырларда мазарлық құрылыстар кең тарайды. 
Ерте замандарда қола ғасыры, ертетемір, ерте ортағасырлар қорымдық құрылыстардың ішінде Қазақстан жерінде неғұрлым жиі тарағаны  қорғандар немесе обалар. Жалпы, жерлеу орындары сыртқы сипатына қарай екі үлкен түрге бөлінеді:
1.Үйіндісі бар жерлеу орны
2.Үйіндісіз жерлеу орны
 Үйіндісі бар жерлеу орындары түркі терминімен <<қорған>> деп аталады. Қорғандар: жер қорған  немесе  тас қорған күйінде кездеседі. Яғни, үйіндісі топырақтан, қиыршық тас араласқан топырақтан, малта тастардан немесе сындырылған ірі тастардан тұруы  мүмкін. Аралас конструкциялы қорғандар да кездеседі. 
Адамдардың әлеуметтік жіктелуіне байланысты: зәулім патшалық қорғандар,  үлкен, орта, кіші қорғандар болады.
Алғашқы қорғандар далалық жерлерде мысты тас заманынан бастап, ал орманды аймақтарда орта ғасырларда ғана тұрғызылған.
Кескін-келбеті бойынша қорғандар: дөңгелек, ұзын, ұзынша, төртбұрышты келуі мүмкін. Өзге де түрлері бар. Үйіндінің құрылымы әр мәдениетте әртүрлі. Қорғандар шеткі белгілерімен де ажыратылады. Мәселен, ор немесе дуалға ұқсас қабырғалармен, тас сақиналармен қоршалуы мүмкін.  Қазақстан жеріндегі қола заманының қорғандық құрылыстары  -  қоршау түрінде кездеседі. 
3.Археологиялық ескерткіштердің  өзге түрлері. Өндіріс орындары. Бұл топқа  тас және қола ғасырларындағы шеберханаларды, қола және ертетемір заманындарындағы кеніштер мен балқыту орындарын жатқызамыз. 
Өндіріс орындарынан еңбек құралдары табылып жатады, ол материалдар да жіктеліп, түрлерін және қызметін анықтау арқылы бір кездегі қоғамның даму деңгейіне баға беріледі. 
Көне ғибадатханалар, табыну, еске түсіру  орындары. Қола ғасырынан бастап кездеседі.
Ескерткіштердің тағы бір тобына  -  көлік және суландыру жүйелері жатады. Олар  -  белгілі бір материалдық қалдықтарын сақтаған  байырғы керуен-сауда  жолдары, ескі каналдар мен арықтар. Осы құрылыстарды табу арқылы тайпалардың араласуын, шаруашылық және мәдени байланыстарын танимыз.
Ескерткіштердің ерекше түріне  -  қазыналар жатады. Қазына- белгілі мақсатпен бір кездері қалдырылған заттар жиынтығы, көбінесе соғыс пен стихиялық апатқа байланысты жер қабатында, құрылыс қабырғасында жасырылған заттар. Жақсы сақталуымен, әсем жасалған заттардан тұратындығымен ерекшеленеді. Ортағасырлық қазыналардың көбі металл ақшалар болып табылады. Шаруашылық және өнер тарихын тану үшін аса маңызды.

Дәріс 3. Археологиялық зерттеу әдістері
* Археологиялық барлаулар
* Қазба жұмыстары
* Археологиялық зерттеулер әдістері

1. Археологиялық барлаудың мақсат-міндеттері. Археологиялық ескерткіш туралы толымды мағлұматты археологиялық барлау жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде жиюға болады. Археологиялық барлау  -  қазу алдында немесе экспедицияның  арнайы жүргізілетін негізгі жұмыстарының бірі. Археологиялық барлаудың мақсат-міндеттері:
Біріншіден, ескерткіштерді есепке алу, орналасуын археологиялық картаға түсіру. Ол үшін, таңдап алынған аймақ толық барлаудан өткізіледі.  Бұл- тұтас барлауды қажет етеді. Оған археологтар, өлкетанушылар, көнеліктерге жанашырлық білдіретін өзге адамдар қатыстырылады. Ол белгілі әкімшілік - географиялық аймақтарда жүргізіледі Зерттеу жұмыстарын жоспарлап, қорғау жұмыстарын жүргізу. Тізімге алу, оған сипаттама жасау арқылы паспортын құрастырып, мемлекеттік бақылауға алынуына жағдай туғызу. 
Екіншіден, жаңа ескерткіштерді ашу. Жинақталған және жүйеленген негізгі мәліметтер толықтырылады, археологиялық кезеңдерді ажырату.
Үшіншіден, ескерткішті толық зерттеп шығу үшін- қазу алдындағы барлау ұйымдастыру.
Төртіншіден, ескерткіштерді қорғап, сақтау  -  бүліну қаупі төнген немесе авариялық жағдайдағы ескерткіштерді сақтауға бағытталады.
Барлауға дайындық. Барлау алдында үлкен даярлық жұмыстары жүргізіледі. Бұған зерттеу алаңын іріктеп алу, жүріс-тұрыс құралдары, карта бойынша маршрут жасау, жоспар жасау кіреді. Негізгі мақсат белгіленіп алынуға тиіс. Археолог осы аймақ жөніндегі археологиялық және өлкетану әдебиетімен, сол жердің географиясымен және климатымен танысып шығуы қажет. Жыл мезгілін таңдап алудың маңызы зор. Біздің еліміздің оңтүстігінде, мысалы, ең қолайлы мезгіл- күздің соңы. Бұл уақытқа ішкі бассейндердің су деңгейінің төмендігі, шөп жамылғысының жоқтығы, жердің жаппай жыртылып тасталуы тән болып келеді. Күн тәулігінің ең жақсы уақыты- ашық күнгі таңертеңгілік немесе кешкілік өйткені бүйірден түскен жарық рельефтің оншама байқала қоймайтын егжей-тегжейлерін табуға мүмкіндік береді.
Барлау құрал-жабдықтары жеңіл, жинақы да, сонымен бірге, ең қажеттілерін қамтуы тиіс, аспаптар, еңбек құралдары, орау материалдары болуы керек. Бұдан басқа барлауға қатынасушылардың документтері мен жұмыс жүргізуге деген рұқсаты болуы қажет.
Барлаудың дәстүрлі әдісі. Археологияның жаңадан пайда болған салалары барлау жұмыстарына да өзгерістер әкелді. Әуе археологиясының негізгі жұмыс түрі- археологиялық барлауға жатады. Аэрофотобейнелеу және биіктен түсірілген суретке- дишифровка жасау арқылы жасырын археологиялық ескерткіштер тізімге алынады, жоспарға түсіріледі. Әуе археологиясы арқылы тұтас барлау мақсаттары жүзеге асады. Тізімге алынған ескерткіштер саны дәстүрлі барлаумен салыстырғанда он еседей көп болуы мүмкін.Барлаудың осы әдісімен жер бетінде сыртқы белгілері жоқ ескерткіштердің көбі табылады.
Барлауды аэрофотобейнеге түсіру арқылы да жүргізуге болады. Сол себепті, барлаудың екі түрі қалыптасқан, олар: дәстүрлі және күрделі техникалық.
Дәстүрлі  -  жаяу немесе көлікпен жүру арқылы барлау.
Күрделі техникалық барлауға жататындар: электрлі  -  жер астына тоқ жіберу арқылы барлау; магнитті- жер астындағы магнит желісінің ауытқуларын тексеру арқылы қазбай зерттеу әдісі; ұшақпен және су асты техникасымен барлау.
Барлауға  Археология институтының Дала комитеті беретін ашық парақ арқылы  рұқсат етіледі. 
Барлаудың жаңа әдістері ХХ ғасырдың 20 жылдарынан бастап қалыптасты. ХХ ғасырдың  ортасынан бастап  электрлі және магнитті барлау жақсы дамыды. Бқл барлау салалары жер астындағы құрылыстардың орналасу өлшемдерін белгілеуге және белгілі бір затты дәл табуға мүмкіндік береді
2. Қазба жұмыстарына рұқсат. Археологиялық жұмыстарға рұқсатты жергілікті оқу орны немесе ғылыми мекеменің өтініші бойынша республикадағы яғни Археология институты береді. Археология институтында дала комитеті жұмыс істейді. Ол түскен өтініштерді қарастырып, сол бойынша шешім шығарады. Рұқсат арнайы білімі бар,археологиялық экспедицияларға қатысқан, далалық жұмыс түрлерімен жақсы таныс адамдарға беріледі. Рұқсатсыз өз бетімен қазба жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады және ол заңсыз деп танылады.
Археологиялық барлау және қазба жұмыстарына рұқсаттың төрт түрі қалыптасқан:
№1 ашық парақ -  толық көлемді қазба жұмыстарын жүргізуге рұқсат.
№2 ашық парақ - шектеулі жер жұмыстарына рұқсат.
№3 ашық  парақ  -  археологиялық барлау жұмыстарына рұқсат.
№4 ашық парақ  -  кезек күттірмейтін немесе авариялық жағдайдағы, бүліну қаупіндегі ескерткішті зерттеу үшін рұқсат.
Соңғы жылдары Білім және Ғылым министрліінің жеке зерттеушілерге берілетін лицензиялары арқылы рұқсат беріліп жүр.
Жұмыстар аяқталған кезде Археология институтына толық есеп беріледі.

Қазба жұмыстарына дайындық. Дайындық бірнеше сатылы:
* Теориялық білім алу. Ғылыми әдебиеттерді меңгеру.
* Археология кабинеттеріндегі, мұражайдағы экспонаттармен танысу.
* Зерттелетін кезең бойынша жарияланбаған зерттеулер, қолжазбалармен танысу.
* Қазба жұмыстарына қажет жабдықтарды дайындау.азба жұмыстарын жүргізудің жоспарын жасау.
Барлауға қарағанда дайындық жұмыстары едәуір ауқымды.
Ғылыми қызметкердің міндеттері. Әрбір жасақ немесе экспедиция  құрамында арнайы дайындықтан өткен ғылыми қызметкер немесе бірнеше мамандар еңбек етеді. Қазба басшысы және ғылыми қызметкердің басты міндеттері:
* Қазба орындарын белгілеу.
* Қазушыларды орналастыру, еңбек тәртібі мен еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету. 
* Жұмыс кезеңдерін белгілеп отыру.
* Қазу, тазалау,  табылған заттарды орап салу жұмыстарын қадағалау.
* Далалық құжатнаманы дұрыс жүргізу, күнделік, жоспар - сызбаларды сапалы жасау.
Негізгі жұмыс құжаты  -  дала күнделігі. Онда қазу кезеңдері сипатталады. Ескерткішті зерттеу кезінде түрлі жоспар-сызбалар, тілік сызбалары, табылған заттардың масштабтағы суреттері, ескерткіш деңгейлерінің өлшемдері, табылу орнының тіркемелері, басқа да  өлшеулер, фото, видео материалдар жасалынады. Осының бәрі өз кезегінде, дәл уақытында тіркемеленуі тиіс.
Қазбаны белгілеу. Ескерткіштің болжаулы көлемі шөптен тазартылады, , тамыры терең өсімдіктер жұлқып алынбайды. Шөп күрекпен көлденең қиылады. Тазартылған жерде қазба көлемі дәлірек айқындалады.
Қазылатын қорған болса, қазбаның  орта тұсы анықталады. Орталық қазық үстіне буссоль немесе компас қойылады да, оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс бағыттары белгіленеді. Анықталған бағыттарға орталық қазықтан жіп тартылып, әр метрге қазықтар қағылады, бұрыш дәлдігі 90° сәйкес келуі керек. Дәлдік геометриялық әдіспен, Мысыр үшбұрышы  теоремасымен тексеріледі (үшбұрыш катеттер  квадраттарының қосындысы гипотенуза квадратына тең). Шаршылар торы жасалып, оның рет саны жоспарда  көрсетілгені жөн.
Қиындыны,яғни прфильді қадағалап отыру үшін: солтүстік-оңтүстік, батыс- шығысбағыттарымен орталық жал (орысша - бровка) қалдырылады. Оның ені 50-60 см болуы мүмкін, кейін қырланып, ені сәл кемиді. Қазылатын қоныс болса, төртбұрышты қазба орындарда қиындылар қоныс қабырғалары арқылы тексеріледі. Қазба көлемі тым үлкен болса, белгілі қашықтықта қазбада алынбаған топырақ бағаналары қалдырылады.
Қоныстарды қазғанда қазба көлемі едәуір үлкен, әдетте, 100-400 м2 келеді. Тым көлемді болса, қатпарлардың қиындыларын белгілеу қиынға соғады. Мәдени қабатты табу үшін қоныстарда шурф салынады, оның көлемі шаршыға ұқсас келуі керек. Ол  бір бағытты траншеяға, ал траншеялар қазба алаңына ұласуы мүмкін. Қоныстағы шаршылар 2х2 м болып  белгіленеді.
Археология үшін басты бағыт  -  солтүстік. Жоспарларда ол үшкір бағдаршамен беріледі.

Қазу және тазалау әдістері. Ескерткіштер біртіндеп көлденең қатпарлар бойынша қазылады. Қатпарды қию үшін- тік күрек, топырақты алу үшін  -  қалақ күрек қолданылады. Қатты топырақты ою үшін - сүңгі (лом) қолданылуы мүмкін. 
Топырақ жіңішке, сәл қиғаштау қиылады, алынған топырақ үгіледі, тексеруден өтеді. Қазушының бірі топырақты қиюмен,  екіншісі- алумен, үшіншісі- тазалаумен шұғылданады. Мәдени қабаттағы топырақ аса мұқият тексеріледі. Әрбір тазаланған қатпардың жоспары салынады. Мәдени қабатты бірден тұтас алуға болмайды. Қазу кезінде табылған заттар толық тазаланғанша орнында қалуы тиіс. Қазу кезінде құрылыстар  бүлінбеуі керек. Тереңдегенде қабырғалар құлап кетпеу үшін тіреулер қою қажет. Ең маңыздысы  -  бұзбау, тек жоспары салынған соң қажетінше тереңдеу. Сөйтіп, құрылыс қатпарлары тексеріледі. Қазба баспаналаларды  ашу үшін ғана емес, олардың арасындағы жерлерді тексеруге де ұйымдастырылады. Кейбір жағдайларда қоныстың стратиграфиясы құрылыстар арқылы анықталады.
Қазақстандағы қорымдардың көбі  -  қорғандар, ал қорғандар тізбек түрінде кездеседі. Қола ғасырының қорғандары көбінесе орталық құрылыс төңірегіне топтала орналасады. Аралас конструкциямен салынған қорғандар  жер қорғандарына қарағанда көп. Тасты  және қиыршық тасты, малта тасты үйінділерден тұрғызылғандары да кездеседі.
Қорғандар, әдетте, секторлар бойынша қазылады, бұл әдіс жер қорғандарын зерттеу үшін аса тиімді. Қорғандардың көлемі үлкен болса, шеңберлеп қазу әдісі қолданылуы мүмкін. Мұндайда  қазу шеткі шеңберден басталады. Төрт сектормен қазып шығу әдісі көптеген жағдайда ескерткіш ерекшеліктерін жақсы анықтауға мүкіндік береді. 
3. Мәдени қабат туралы түсінік. Мәдени қабат  -  адамның тұрмыс-тіршілігінің белгілері сақталған жер қыртысы.
     Археологияда мәдени қабатты зерттеу үлкен орын алады. Мәдени қабатта байырғы адамдардың заттары, сүйек,  құрылыс қалдықтары және өзге де археологиялық белгілер сақталған.
     Жер бетіндегі топырақ, өсімдік ерекшеліктері және табиғи-климаттық жағдай оның қалыптасуына әсер етеді. Мәселен, жер ылғалды немесе сортаң келсе  заттардың сақталуы қиындайды. Шөлейт және қуаң аймақта, тастақ жерлерде  мәдени қабат қалыптаспауы мүмкін. Аса ылғалды аймақтарда заттар тез ыдырап, олардың  ұзақ сақталуына жағдай қолайсыз келеді.
     Егіншілік және отырықшы тірліктегі тайпалар мекендеген жерлерде мәдени қабат табылуы неғұрлым ықтимал. Себебі, олар бір жерде ұзақ уақыт өмірлерін өткізген. Тұрғындардың тығыздығы, өзен алқаптарындағы табиғаттың қолайлылығы мәдени қабаттың қатпарлануына тиісті  жағдай туғызады. Мәдени қатпарлардың қалыңдығы өсе түседі. Мысалы, Шығыс Европадағы орыс қалаларының орнында мәдени қабаттың қуаттылығы немесе қалыңдығы 7-8 метрге дейін жетеді. Орталық Азияның кейбір оазистерінде өткен тұрақты өмір 15-20 метрлік мәдени қабатты құрайды. Сол сияқты, ерте тастың кейбір үңгірлерінде қуатты мәдени қабат табылуы мүмкін. Көшпелілер мәдениеттерінде жылжымалы шаруашылықтың кең тарауына байланысты, мәдени қабатты табу қиын. 
     Бұрынырақта, мәдени қабатты зерттеу қалыптаспаған болатын, есепке ірі, бағалы заттар алынып, ұсақтарына мән берілмеді, кейіннен сынық-қалдықтардың өзі  мол тарихи түсінік беретіні анықталды. Сол арқылы уақытнамалық анықтаулар жасалынып, табылған комплекстер бір мәдениет аясына біріктіріледі.
     ХХ ғасыр археологиясында қалыптасқан әдістер мәдени қабатты тұтас археологиялық ескерткіш ретінде қарастырады. Бір жерде бір немесе бірнеше мәдени қабат болуы мүмкін. Бұзылмаған бөліктерде мәдени қабаттар көлденең, жердің бұдырын қайталаған ретпен орналасады. Арасында таза немесе стерильді белдеулер болуы мүмкін. Қатпарлар жоғарыдан төмен қарай зерттелуі керек. Аса көлемді болса, шурф немесе траншея салынады.
    Құрылыс топырақтың орналасу ретін бұзатыны белгілі, яғни түрлі құрылыстар салу кезінде мәдени қыртыс бүлінеді, мұндайда уақытнамалық анықтама жасауға құрылыс көкжиегі есепке алынады. Құрылыс көкжиегі жоғарыдан төменге қарай рет санымен көрсетіледі.
Мәдени қабат әлсіз және қуатты болуы мүмкін. Неғұрлым қуатты мәдени қабат  қалалардың орындарында қалыптасады. Ол біртіндеп қалыңдайды. Бірнеше ғасырар бойғы мекеннің мәдени қабаты айқын көрінеді. 
Мәдени қабаттың қалыңдауына немесе жойылып кетуіне табиғат факторлары барынша әсер етеді. 
Ертетас заманындағы ескерткіштерде мәдени қабат көп кездеспейді, өйткені тұрақтардың көпшілігі- қысқа мерзімді. Қазақстанда мәдени қабаты жақсы  қалыптасқан ертетас ескерткішінің бірі  -  Қаратау аймағындағы Қарасу (Ш. Уәлиханов атындағы тұрақ).
Мола ескерткіштердің кейбірінде мәдени қабат болуы мүмкін. Мәселен, қорған үйінділеріндегі құрбандық іздері, мал сүйектері, күл.
Мәдени қабатты зерттеу қиындығы  -  жер жұмыстарының ауқымдылығында. Байырғы ірі мекендердің мәдени қабаттары толық зерттеліп шығуы үшін ұзақ уақыт қажет. Мәселен, антик заманының әйгілі Помпей қаласы  18 ғ-дан бастап қазылуда, жер жұмыстары әлі аяқталмаған. Қазақстанның орта ғасырлардағы Отырар, Талғар, Далалық Ақтөбе қалалары да ондаған жылдар бойы қазылып келеді.
Стратиграфиялық зерттеудің маңызы. Стратиграфия -  латын сөзі, stratum-қабат, grapho- жазу,  яғни археологиялық ескерткіштердің орнында пайда болған қыртыстарды зерттеу әдісі.
    Адамзат тарихының өте ерте дәуірлерін сипаттаған кезде  геологиялық стратиграфия қолданылады. Атап айтсақ, мұзданудың және мұзаралықтарының геология ғылымы қалыптастырған атаулары бар. Адамзат тарихына сәйкес келетіндері  ертетас дәуіріне жатады. Кейінгі археологиялық дәуірлер де стратиграфиялық әдістің қолдануымен зерттеледі. 
    Қоныстардағы қазба қабырғалары кең, көлемді келсе, шаршылардың түйіскен нүктелерінде жер бақандары қалдырылады. Қазба тереңдегенде олар аласартылады, уақытында қиындысы графикалық әдіспен салынып отыруы тиіс.
     Қорғандарды қазғанда  солтүстік - оңттүстік, шығыс  - батыс бағыттарымен қазылмаған жал (орысша - бровка) қалдырылады. Қазба терең болмаса, жал бұзылмаған күйінде сақталады. Алдыңғы қиындылары қағаз бетіне түскенде, тереңдегенде аласартылуы мүмкін. Қиынды сызбасы  - профилі сапалы жасалғанда ескерткіштен алынатын тарихи мағлұмат толыға түседі, уақытты дәл анықтауға септігін тигізеді.
    Стратиграфиялық әдіс көне қоныстарды зерттеген кезде қолданылады. Стратиграфиялық тізбек немесе қатарлар арқылы жоғарғы және төменгі қабаттардың уақытнамасы анықталады. Стратиграфиялық әдіс қорғандық ескерткіштерді де зерттеуде маңызды қызмет атқарады. Ескерткіштердің салыну уақытын, құрылыстың қалыптасуын, құрылымын анықтайды.
Ашық және жабық комплекстер. Археологияда ескерткіштерді сипаттауда ашық және жабық комплекстер деген ұғымдар қолданылады. 
    Қоныстардың көпшілігі  ашық комплекстерге жатады. Мұндағы заттар мен қалдықтар ұзақ уақыт бойы жинақталған, оларды бір уақытқа жатқызу, мәдени қабат бүлінген болса, қиындықтар туғызады. 
    Ашық комплекстегі заттар мен қалдықтар әр замандікі болуы мүмкін. Стратиграфиялық және типологиялық әдістер оларды ажыратуға мүмкіндік береді. Ашық комплекстегі деректемелер көбіне қираған, бөлшектенген, өзгерген түрінде ұшырайды.
    Жабық комплектердегі заттар бір мезгілді мегзейді, бір заманның қолданыс заттары болуы неғұрлым ықтимал. Көбінесе бір мәдениетке жатады. Мәселен, моланың ішіндегі заттар бір уақытта көмілді, яғни зат жинақталуының уақыт тұтастығы бар. Олар бір дәуірдің, бір заманның заттары.
     Арнайы камерада қойылғандықтан жабық комплекстегі деректемелердің  сақталу сапасы жоғары келеді. Сондықтан, оның уақытнамалық көрсеткіштері ашық комплекстерге қарағанда айқын, абсолюттік уақытнамаға жақын. Жабық комплекстердің көмегімен  мәдениетті анықтау жеңілірек. Жабық комплекстерге жерлеу комплекстерімен қатар бір мезетте табиғат апатынан немесе жойқын соғыс салдарынан жойылып кеткен қоныс - қалалар да жатады. Мәселен, жанартау атқылағанда қоныс-қалалар күл астында қалуы мүмкін. Антик заманының  Помпей қаласы, міне, осындай жабық комплекс түріндегі ескерткіш. Мұндағы өмір көрінісі бір уақыт кескінін көрсетеді.

Пәндер