Файл қосу
Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің түсінігі
Азаматтық іс жүргізу құқығы: оның пәні, әдісі, жүйесі 1-тақырып. Азаматтық іс жүргізу құқығы: оның пәні, әдісі, жүйесі 1. Азаматтық іс жүргізу ұғымы 2. Азаматтық іс жүргізу (процесс) сатылары 3. Азаматтық іс жүргізу құқығы. Оның пәні мен жүйесі 4. Азаматтық іс жүргізу құқығының бастаулары 5. Азаматтық іс жүргізу құқығының өзге құқық салаларымен өзара байланысы 6. Азаматтық іс жүргізу құқық ғылымының пәні мен жүйесі 1-сұрақ. Азаматтық іс жүргізу ұғымы Азаматтық іс жүргізу бұл сот және басқа субъектілер арасындағы азаматтық іс қарау мен шешу кезіндегі құрылатын азаматтық іс жүргізу құқықтың нормаларымен реттелген азаматтық іс жүргізу құқық қатынастар және процессуалдық әрекеттер жиынтығы. Осы іс жүргізудің басты мақсаты - бұзылған құқықты қалпына келтіру немесе заңмен қорғалатын мүддені қорғау. Азаматтық іс жүргізу (процесс) соттың, тараптардың (талап қоюшы мен жауапкер), басқа да процеске қатысушылардың (прокурор, өкілдер, сот хатшысы және т.б.) процессуалдық әрекеттерін, олардың іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін жинақтайды. Сотқа, басқа да қатысушыларға процеске қатысу мақсатына жету үшін заңмен белгіленген іс жүргізу құқықтары беріліп, соған сәйкес іс жүргізу міндеттері жүктеледі. Іс жүргізу құқықтар мен іс жүргізу міндеттер процесі барысында жүзеге асырылады. Азаматтық іс жүргізудің нысанына тән белгілер: а) сот істерін қарау және шешу тәртібі алдын ала азаматтық іс жүргізу құқықтың нормаларымен белгіленген; б) істің аяқталуына мүдделі тұлғалар сот мәжілісіне іс қарауына қатысу құқығы бар және өз құқықтары мен мүдделерін қорғауға; в) сот шешімі іс бойынша сот отырысында дәлелдемелер арқылы анықталған деректерге сүйенуі қажет және заңға сәйкес болу керек. ҚР АІЖК-сі соттың қарауына жататын барлық азаматтық істерді төрт түрге бөледі: бұйрық бойынша іс жүргізу істері; талап қоюмен іс жүргізу істері; ерекше талап қоюмен іс жүргізу істері; ерекше іс жүргізу істері. Азаматтық процестің сатылары бұл келесі мақсаттарға жетуге бағытталған процессуалдық әрекеттер жиынтығы: талап арызды (арызды, шағымды) қабылдау, сот қарауына істерді әзірлеу, сотта іс қарау, сот актілерін шығару және т.б. 2-сұрақ. Азаматтық іс жүргізу (процесс) сатылары Азаматтық іс жүргізу сатыларын былай бөліп қарастыруға болады: Іс қозғау сатысы. Сот азаматтық істерді мынандай жағдайларда қарайды: өзінің құқығын немесе заңды мүддесін қорғауды талап еткен адамның арызы бойынша; заңда белгіленген реттерде басқа адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды талап етіп, соттан өзіне алатын мемлекеттік басқару органдарының, мекемелердің, кәсіпорындардың, қоғамдық ұйымдардың немесе жеке азаматтардың арызы бойынша. Азаматтық іс талап арыз, арыз не шағым беру арқылы судья сотта азаматтық іс қозғайды және ол бойынша сәйкесті ұйғарым шығарады. Істі сотта қарауға әзірлеу сатысы. Азаматтық істерді қарағанда арызды қабылдағаннан кейін судья істі сотқа қарауға әзірлік жүргізеді, оның мақсаты - істі уақытылы және дұрыс шешуді қамтамасыз ету. Істі сотта қарауға әзірлеу туралы судьяның жеке өзі мынандай әрекеттерді жасайды: талап қоюшыдан талаптардың мән-жайы жөнінде сұрастырады. Онда жауапкер жағынан болуы мүмкін қарсылықтарды анықтайды, қажет болса, қосымша дәлелдемелер тапсыруды ұсынады, талап қоюшыға оның іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді; қажет болған реттерде, жауапкерді шақырып, одан істің мән-жайы жөнінде сұрастырады, оның талапқа қандай қарсылықтары бар екенін және бұл қарсылықтарын қандай дәлелдермен қуаттай алатындығын анықтайды, ерекше күрделі істер жөнінде жауапкерге іс бойынша жазбаша түсініктер беруді ұсынады, оған оның іске қатысу құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді; үшінші тұлғаларды және өзге қатысушыларды іске қатыстыру туралы мәселені шешеді; іске прокурордың қатысуы туралы мәселені шешеді. Белгіленген тәртіп бойынша хабар-ошарсыз кеткен, ақылының ауысуы немесе есінің кемдігі салдарынан әрекет қабілеттілігі жоқ деп танылған адамдардың, неке бұзу туралы істері бойынша жауапкердің мүліктік құқықтарын қорғау үшін, сондай-ақ балаларының мүдделерін қамтамасыз ету үшін қорғаншы және қамқоршы органдарын процеске қатыстыру мәселесін шешеді. Судья қойылған талаптарды анықтайды, тараптарға және үшінші тұлғаларға қажетті дәлелдемелер жинауға жәрдемдеседі. Егер қаралатын іс бойынша қажет болса процеске мүдделі тұлғалар, сарапшыларды, аудармашыны, куәларды және т.б. қатыстыру мәселесін шешеді. Судья іс жеткілікті әзірленген деп тапса, оны сот мәжілісінде қарауға тағайындау туралы ұйғарым шығарады. Сотта іс қарау сатысы. Бұл сатыда сот (жеке дара) сот отырысында іс материалдарын қарайды, істі мәні бойынша шешеді немесе іс бойынша өндірісті қысқартады. Жалпы ереже бойынша шешім қабылдаумен аяқталады. Заң күшіне енбеген сот шешімдері мен ұйғарымдарына апелляциялық шағым беру және наразылық келтіру арқылы қайта қарау сатысы (апелляциялық өндіріс). Бұл сатыда соттың шығарған шешімімен не ұйғарымымен тараптар, үшінші тұлғалар келіспесе олар осы істі қараған соттан келесі жоғары тұрған сотқа шешім шығарған күннен бастап 15 күн мерзім ішінде апелляциялық шағым бере алады, ал прокурор өзінің наразылығын келтіре алады. Сондай-ақ олар келесі сотқа осы іске байланысты қосымша дәлелдемелерін ұсынуға құқықтары бар. Осы саты бойынша істі қараған сот (алқа, 3 судьядан кем болмау керек) соттық қаулы шығарады. Сот актілерін орындау сатысы. Бұл сатыда соттың заң күшіне енген актісі (шешімі, ұйғарымы, қаулысы) борышкердің өз еркімен немесе сот орындаушының мәжбүрлеу шарасын қолданылуымен орындалады (жалпы мезімі 2 ай). Заң күшіне енген сот актілерін қадағалау тәртібі бойынша қайта қарау сатысы (қадағалау өндірісі). Сот шешімінің дәлелсіздігі немесе материалдық немесе іс жүргізудің құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы сол шешімді бақылау ретінде бұзуға негіз болады. Сот істі қадағалау тәртібімен қараудың нәтижесінде кеңесу бөлмесінде мынандай шешімдердің бірін қабылдайды: Бірінші, апелляциялық, қадағалау сатысындағы шешімді өзгеріссіз, ал шағымды, наразылықты қанағаттандырмай тастайды; Бірінші, апелляциялық сатыдағы сот шешімінің толық не бөлігіндегі күшін жояды және істі бірініші, апелляциялық сатыдағы сотта жаңадан қарауға жібереді; Бірінші, апелляциялық сатыдағы сот шешімінің толық не бөлігіндегі күшін жояды және талап-аразын қарамай тастайды не іс бойынша іс жүргізуді қысқартады; іс бойынша шығарылған шешімдердің біреуін күшінде қалдырады; бірінші, апелляциялық, қадағалау сатысындағы соттың шешімін өзгертеді не оның күшін жояды, материалдық құқық нормаларын қолдануда және түсіндіруде қате жіберілген болса, істі жаңадан қарауға жібермей, жаңа шешім шығарады. Істі қадағалау тәртібімен қарау кезінде сот істе бар материалдар бойынша шағым, наразылық дәлелді шегінде бірінші, апелляциялық сатыдағы соттар шығарған сот актілерінің заңдылығы мен негізділігін тексереді. Сот құрамы үш судьядан кем болмауы тиіс. Істі қарағаннан кейін сот қаулы шығарады. 7- Заң күшіне енген сот актілерін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау сатысы. Кейбір ғалымдардың пікірі бойынша бұл ерекше саты деп аталады. Шешімдерді жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарауға мыналар негіз болады: іс үшін елеулі маңызы бар, арыз берушіге белгілі болуы мүмкін емес мән-жайлар; заңды күшіне енген сот үкімі бойынша анықталған, заңсыз немесе дәлелсіз шешім шығаруға негіз болған куәнің біле тұра берген жалған жауабы, сарапшылардың біле тұра жасаған жалған қорытындысы, аудармашының біле тұра теріс жасаған аудармасы, құжаттардың немесе айғақтық заттардың жалғандығы; заңды күшіне енген сот үкімі бойынша анықталған, тараптардың, іске қатысушы басқа адамдардың немесе олардың өкілдерінің қылмыстық әрекеттері не болмаса судьялардың осы істі қараған кезде жасаған қылмыстық әрекеттері; сот шешімін шығаруға негіз болған басқа органның қаулысының бұзылуы. Шешімді, ұйғарымды немесе қаулыны жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы осы шешімді, ұйғарымды немесе қаулыны шығарған сотқа арыз береді. Олар: іске қатысқан адамдар немесе прокурор. Мұндай арызды іске қатысушы адамдар қайта қарау үшін негіз болатын мән-жайлар анықталған күннен бастап үш ай ішінде бере алады. Бұл саты бойынша қайта қарау негіздері ҚР АІЖК-нің 404-бабында көрсетілген. 3-сұрақ. Азаматтық іс жүргізу құқығы. Оның пәні мен жүйесі Азаматтық іс жүргізу құқығы - азаматтық істерді қарап, шешім шығарып және оны орындау тәртібін реттейтін нормалар жиынтығынан тұратын ұлттық құқықтың бір саласы. Ол сот органдарының сот ісін жүргізудегі қызметін, судьялардың қызметін, іс жүргізуге барлық басқа да қатысушылардың қызметіне байланысты туатын қатынастарды реттейді. Азаматтық істер жүргізу тәртібімен ұлттық құқықтың кейбір басқа да салаларынан (еңбектік және т.б.) туып отыратын даулар қаралып, шешіледі. Азаматтық іс жүргізу құқығының нормаларын бұлжытпай сақтап отыру бұл істерді қарап шешетін сот органдарына әрбір істің ақиқатына жетуге кепілдік береді, демек мұның өзі сайып келгенде, жеке адамның құқығын, қоғамның мүддесін, мемлекеттің игілігін пәрменді де жан-жақты қорғауға мүмкіндік береді. Сот төрелегін жүзеге асыруда қоғамдық қатынастарды реттейтін азаматтық іс жүргізу құқығы құқық жүйесінде дербес құқық саласы болып саналады. Азаматтық іс жүргізу құқығының пәні азаматтық іс жүргізу болып табылады. Азаматтық іс жүргізу құқығы мен азаматтық іс жүргізудің пәндерін бір-бірінен ажырата білу керек. Олардың ұғымдарын айта кету керек. Азаматтық іс жүргізу құқық жүйесі екі (Жалпы және Ерекше) бөлімнен тұратынын ескерген жөн. Жалпы бөліміне: жалпы ережелер, азаматтық сот ісін жүргізудің міндеттері мен принциптерін, ведомстволық бағыныстылық және соттылық туралы жалпы ережелерді, іске қатысушы тұлғалар туралы жалпы ережелерді, сот хабарлаулары мен шақырулары туралы жалпы ережелерді, іс жүргізу мерзімдерінің жалпы ережелерін және т.б. жатқызуға болады. Ерекше бөліміне: бірінші сатыдағы сотта іс жүргізуді, бұйрық арқылы іс жүргізуді, талап қою бойынша іс жүргізуді, ерекше талап қоюмен іс жүргізуді, ерекше іс жүргізуді, сот қаулыларын қайта қарау бойынша іс жүргізуді, жойылған сот ісін немесе атқару ісін жүргізуді қалпына келтіруді, халықаралық процесс және т.б. жатқызуға болады. Азаматтық сотта іс қарау саласында құқықтық реттеу әдістері: императивтік және диспозитивтік. Процессуалдық құқықтық кепілдіктер. Азаматтық процессуалдық нормалардың жүйеленуі (класс-я): реттеуші, дефинитивтік, жалпы, арнайы, ерекше, императивтік, диспозитивтік, құқық беруші, міндеттеуші, рұқсат етпеу нормалар. Азаматтық іс жүргізу құқық нормалар құрлымы: гипотезалар (бір жақты, екі жақты, белгіленген, белгіленбеген және т.б.), диспозициялар (жай, сипаттамалы, сілтемелі, бланкеттік), санкциялар түрлері. 4-сұрақ. Азаматтық іс жүргізу құқығының бастаулары Азаматтық іс жүргізу құқығының бастаулары дегеніміз - азаматтық іс жүргізу әрекеттер тәртібін реттейтін жалпы және деректі ережелер, нормативтік-құқықтық актілер. Азаматтық істерді жүргізу заңдары - азаматтық, отбасылық, еңбектік құқықтық қатынастардан туатын даулар жөніндегі істерді, әкімшілік-құқықтық қатынастардан туатын істерді және ерекше сипаттағы істерді қарау тәртібін белгілейді. Бұл заңдардың құрамына ҚР АІЖК-сі және басқа заңдар кіреді. Ең алдымен заң күші жоғары ҚР Конституциясы туралы айту керек және оның оннан аса баптары азаматтық іс жүргізу әрекеттерге жататынын ескеру қажет. Мәселен, ҚР Конституциясының 14 бабының 1 бөлігінде былай жазылған: "Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең ". Содан кейін азаматтық іс жүргізу құқығына келесі нормативтік актілердің қандай байланысы бар екенін айту қажет: ҚР сот жүйесі мен судьялар мәртебесі туралы конституциялық заңы, Халықаралық шарттар. Мына азаматтық іс жүргізу құқығының нормалары бар заңдарын (ҚР прокуратурасы туралы, ҚР ҚІЖК, ҚР еңбек туралы, ҚР Атқарушылық іс жүргізу туралы және т.б.) оқып танысу керек. Оған қоса соттық прецеденттер және әдет-ғұрыптарды да жатқызамыз. Азаматтық іс жүргізу құқығының негізгі бастауы - ҚР АІЖК-сі танылады. Азаматтық іс жүргізу заңның мерзімдегі және кеңістікте қолданылуы. Заң белгілі бір мерзімде күшіне енеді және оның күші бір мерзімде тоқтатылуы немесе жойылуы мүмкін. Жалпы ережеге сәйкес ҚР-ның заңдары баспасөзде жарияланғаннан кейін, егер олардың өздерінде күшіне ену мерзімі көрсетілмесе, 10 күннен кейін ресми түрде күшіне енеді. Ал заңда көрсетілсе, ол қабылданған мерзімінен бастап күшіне енеді. Мысалы, ҚР АІЖК-сі 1999 жылы 13 шілдеде қабылданды, ал бұл кодекс заң күшіне 1999 жылы 1 шілдеде енді. Азаматтық сот ісін жүргізу іс жүргізу әрекетін орындау, іс жүргізу шешімін қабылдау кезіне қарай күшіне енген азаматтық іс жүргізу заңдарына сәйкес жүзеге асырылады. Жаңа міндеттер жүктейтін, процеске қатысушыларда бар құқықтардың күшін жоятын немесе оларды кемітетін, олардың пайдаланылуын қосымша шарттармен шектейтін азаматтық іс жүргізу заңының кері күші болмайды (ҚР АІЖК 4-бабы 2-бөлігі). Азаматтық іс жүргізу заңы мемлекеттің бүкіл аумағында қолданылады. Жалпы ереже бойынша жаңадан шығарылған заңның кері күші болмайды, егер ол туралы арнайы заңда көзделмесе. Сот қажетті түрде процессуалдық әрекеттер жасау кезінде заң күші бар процессуалдық нормативтік актіні қолданады. 5-сұрақ. Азаматтық іс жүргізу құқығының өзге құқық салаларымен ара байланысы Азаматтық іс жүргізу құқығын зерттеу үшін мемлекет және құқық теориясы мен тарихының мәні, негізгі қолданатын ұғымдар мен категорияларын еске алу керек. Азаматтық іс жүргізу құқық өзге салалық құқықтық пәндер жүйесінде ерекше орын алады. Құқықтық институттар мен нормалар ара байланысы, ұқсас құқықтық реттеу салалары бар. Қосымша пәндермен ара байланысы. 6-сұрақ. Азаматтық іс жүргізу құқық ғылымының пәні мен жүйесі Азаматтық іс жүргізу құқық ғылымы - азаматтық іс жүргізу мен азаматтық іс жүргізу құқығының маңызды проблемалары бойынша ғылыми білімдер жинақтығы. Азаматтық іс жүргізу құқық ғылымының пәні: тәжірибеде оның қолданылуымен тығыз байланыстағы азаматтық іс жүргізу құқығының өзі; азаматтық іс жүргізу құқығының бастаулары; азаматтық іс жүргізу құқығының тарихы; шетел мемлекетіндегі азаматтық іс жүргізу құқығы. Азаматтық іс жүргізу құқығы ғылымының жүйесі. Азаматтық іс жүргізу құқығының ғылыми теориялық және тәжірибелік мәні бар бірқатар жалпы сұрақтар қарастырады: құқық пәні, принциптерді (қағидаларды) оқыту туралы, іс жүргізу құқық қатынастары мен оның субъектілерін, талап теориясы туралы, дәлелдеу туралы және т.б. - жалпы бөлімі. Азаматтық іс жүргізудің әр сатысына байланысты маңызды проблемаларын зерттеу, олардың ерекшеліктерін, мәнін қарастыру - ерекше бөлім. Ғылым азаматтық іс жүргізу құқығының біртұтас және оның жеке институттарының тарихи дамуын зерттейді. 2-тақырып. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптері (қағидалары) 1. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің түсінігі 2. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің мән-мағынасы 3. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің жүйесі 1-сұрақ. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің түсінігі Біздің елімізде жоғары заң күші бар және бүкіл аумақта тікелей қолданылатын Конституция әр адамның, ұйымның бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін сот арқылы қорғау мүмкіндігін бекітеді. Осындай қорғанудың негізгі нысаны - азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен істерді қарап шешу. Азаматтық істерді сотта қарап шешуіне көптеген құқық субъектілері қатысады. Олардың барлығы сот ісін жүргізуде оның принциптерін сақтап ұстануға тиіс. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптері сотта тараптар арасындағы құқықтық дауды демократиялық жолымен дұрыс және жылдам шешілуіне үлкен үлесін қосады. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің түсінігін беру үшін ең алдымен жалпы құқық принциптерінен бастаған дұрыс. Принцип латін сөзінде (principium - негіз, бастапқы) екі негізгі мағына білдіреді: объективтік (қандай болмасын ғылымның, теорияның негізгі ережелері) және субъективтік (болмысқа қатынасын белгілейтін адамның ішкі қасиеті - сендіру). Әрбір құқық саласының ерекшелігі оның принциптерінде көрінісін табады. Құқық теориясында принциптерді құқықта көрсетілген нормативті бастаулар, бастапқы идеялар, негіздер деп қарастырған. Атақты ресейлік ғалым-заңгер С.С. Алексеевтің пікірінше <<принциптер - бұл құқықты тереңінен оның мазмұнын ашады. Принциптерде жалпы құқықтың, сондай-ақ оның нақты салаларындағы сипаттаушы белгілер кристал-данады. Құқық принциптері нақты құқықтық нормаларда анық көрінеді. Олар құқықта кеңінен таралғандай, оның барлық не көбінесе құқықтық нормаларына енгізілген>>1. Құқық принциптері - бұл заңнамалармен бекітілген және экономикалық қатынастар дамуымен сипатталатын бастапқы идеялар, негізгі бастаулар. Құқық принциптері қоғамдағы құқықтық реттеуді және құқық жүйесін құрайтын объективті негізделген бастапқы идеялар. Оларды зерттеу арқылы құқықтың әлеуметтік-экономикалық, саяси және өнегелі табиғатының анық сипаттамасын біле аламыз, сондай-ақ жеке құқық салалардың, институттардың және нормалардың мазмұны мен мәнін аша біледі. Тиісті құқық саласына жататын нормалардың көбісі сол саланың принциптерінің дамуының және әсер етуімен қалыптасады. Салалық принциптерді біле, кәсіби заңгер нақты құқық саласының нормаларын түсінетін болады. Солай, азаматтық сот ісін жүргізудің принциптері жайлы білген, жалпы соттағы азаматтық істерді қарап және шешу тәртібін белгілейтін құқықтық іс жүргізу нормаларының құрамы жөнінде хабары болады. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптері құқықтық нормаларда бекітіліп, нақты құқық туралы дауды сот отырысында шешуді, сот пен іске қатысушылардың іс жүргізу құқықтарын және іс жүргізу міндеттерін, қатынастарын белгілейді. Кезінде белгілі ғалым-процессуалист Н.А. Чечина былай деп айтқан: <<Азаматтық іс жүргізу құқығының принциптері осы құқық саланын субъектілер қызметтерінің сипатын және мазмұнын айқындайды>>2. Сонымен қатар, азаматтық іс жүргізу заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, оны жетілдіру шаралары әрқашан оның принциптерін ескере жасалады. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің маңыздылығын соттың құқыққолдану тәжірибесінде байқауға болады. Сотта азаматтық істерді қарайтын және шешетін төрағалық етуші судьялар азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерін басшылыққа алып қолданады. Оларды қолдану арқылы азаматтық істер бойынша сот төрелігі дұрыс және уақытылы атқарылады. Егер сот қолданыстағы заң нормаларында белгілі қатынасты реттеу қарастырылмаған болса, онда мұндай жағдайда ұқсас қатынастарды реттейтін құқық нормаларын қолданады, ал мұндай нормалар болмаған жағдайда оны реттеуге принциптерді қолданады. Осылай, азаматтық сот ісін жүргізудің жеке өзіне тиесілі принциптерін белгілеуге болады. Принциптер әрқашан құқықтық дамуына байланысты өзгеріп, ал оның мазмұны толыға жаңара береді. Сондықтан дамып жатқан қоғамдық қатынастарды реттеуге атсалысады. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерін ғылыми зерттеулерімен айналысқан ғалымдар аз емес. Олардың қатарына еңбектерімен көпшілікке белгілі ғалымдар М.Г. Авдюков, З.Х. Баймолдина, А.Т. Боннер, Р.Е. Гукасян, М.А. Гурвич, П.Ф. Елисейкин, С.З. Зиманов, В.М. Семенов, А.К. Сулейменов және т.б. жатқызуға болады. Көптеген авторлардың ой-пікірі бойынша құқық принциптері - бұл белгілі жинақтау жұмыстарының нәтижесі, ғалымдардың творчестволық сана тұжырымдамасы, олардың қалыптасқан қоғамдық өмірдегі болмыстарға көзқарастары болып табылатын негізгі ережелер, бастапқы идеялар. Құқық ғылымында идея ұғымы жалпы құқықтық, салалық және салааралық принциптермен тығыз байланыста. Сондықтан азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерін азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру туралы бастапқы идеялар деп түсінеміз. Осылай азаматтық сот ісін жүргізудің принциптері дегеніміз азаматтық іс жүргізудің демократиялық және қайырымдылық мәнін ашатын, оны құрайтын процессуалдық нормалар, сатылар және институттарды анықтайтын, сондай-ақ азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыруда мемлекетпен қойылған мақсат пен міндеттерді орындауға азаматтық іс жүргізу қызметін бағыттайтын, азаматтық іс жүргізу құқығымен бекітілген бастапқы идеялар. 2-сұрақ. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің мән-мағынасы Құқық принциптерінің мәнін дұрыс түсіну үшін олардың тек мазмұнын ғана емес, олардың құрылымын білу қажет. Бұл құрылым үш компоненттен тұрады: 1-құқықтық сана жөнінде нақты түсінігі, сонымен қатар құқықтық ғылымда судьялардың және басқа да заңгерлердің құқықтық санасынан; 2-тиісті ережелерді қолданыстағы заңнамада бекіту; 3-құқық принциптері нақты қоғамдық қатынастарында жүзеге асырылуы (біздің жағдайда, азаматтық істерді қарап және шешу барысында сот қызметінде). ҚР АІЖК-де сот пен іске қатысушылар арасындағы қатынасты реттеуге, сондай-ақ нақты азаматтық істі шешуге бағытталған азаматтық сот ісін жүргізудің принциптері құқықтық нормаларда бекітілген. Олар азаматтық іс жүргізу құқығының жеке зерттеу құқық институты болып танылады. Азаматтық іс жүргізу құқық саласында құқықтық нормалар қабылдау және қолдану қызметінде азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің мәні зор екенін байқауға болады. Азаматтық сот ісін жүргізу міндеттерін орындаудың бастапқы шарты ретінде азаматтық сот ісін жүргізу принциптерін сақтау және оларға сәйкес іс жүргізу әрекеттерін сот және басқа да іске қатысушыларымен жасау болып танылады. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің мән-мағынасы туралы дұрыс көрініс алу азаматтық іс жүргізу құқық саласының дамуына және азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыруына соттардың қызметін жетілдіру үшін қажет. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптері соттармен құқықтық нормаларды дұрыс түсіну мен қолдануына септігін тигізеді, заң шығару тәжірибесі үшін негіз қалаушы болып табылады. Сондықтан азаматтық іс жүргізу құқық саласында мазмұны бойынша жаңа құқық нормаларын әзірлеп қабылдауына және қолданыстағыларын өзгертіп жаңартуына принциптер үлкен үлес қосады. Қазіргі Қазақстанның даму кезеңінде азаматтық сот ісін жүргізу принциптерін бұзбай қолдану және олардың кеңінен таралуы демократиялық және құқықтық мемлекет болуына кепілдік ететіні даусыз. Құқық нормаларын қолдану сот қызметінде іс жүргізу нормаларын дұрыс түсінуге және қолдануға азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің мәнін білмеу мүмкін емес. Тек қана азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің мән-мағынасын біліп түсінген іс бойынша төрағалық етуші судья және басқа да қатысушылар өздерінің іс жүргізу құқықтарын дұрыс пайдаланады және іс жүргізу міндеттерін дұрыс орындай алады. Осылай, азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыруда сот, іске қатысушылар және тағы басқалары ҚР АІЖК-де белгіленген мынандай нормаларды ескеру тиіс: істерді шешу кезінде соттың заңды бұзуына болмайды және ол заңсыз сот актілерінің күшін жоюға әкеп соғады. Заңның бұзылуына кінәлі судья заңда белгіленгендей жауапты болады (6-баптың 3-бөлігі); азаматтық сот ісін жүргізу принциптерін бұзу оның сипаты мен маңыздылығына қарай, шығарылған сот актілерінің күшін жоюға әкеп соғады (23-бап). Басында жазылғандай, бірқалыпты және өзгермейтін құқық принциптері болмайды. Сондықтан қолданыстағы заңнамамен бекітілген азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерін жалпы жиынтығы бойынша зерттеуге жатқызылады. 3-сұрақ. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің жүйесі Азаматтық іс жүргізу құқық нормаларымен реттелген азаматтық сот ісін жүргізу бастапқы идеяларға, негіздерге сүйене құрылады. Осы азаматтық сот ісін жүргізудің бастапқы идеялары (принциптері) азаматтық істер бойынша сот төрелігінің тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді. Барлық азаматтық сот ісін жүргізудің принциптері жиынтығы бойынша бір-бірімен тығыз байланыс құрып және бір-бірін толықтыра біртұтас жүйе (грек тілінен systema - бөлектерден құрылған тұтас байланыс) құрайды. Жүйе дегеніміз нақты тұтастықты құрайтын, бір-бірімен тиісті қатынаста болатын көптеген элементтер. Солай, азаматтық сот ісін жүргізу бір-бірімен байланыстағы принциптердің жиынтығын құрайды. Тиісінше принциптер өзара байланыс пен қатынаста болып жүйе құрайды. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің жүйесі объективті сипатта болуына қарамастан, заң әдебиеттерінде оның құрамы және осы жүйеге кіретін кейбір жеке принциптердің атауы бойынша бірқатар ой-пікір бар. Бір тұтас жүйеде орналасқан азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің әрқайсысы азаматтық іс жүргізу құқығының мазмұнын ашады. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптер жүйесі санына қарай құрылған жоқ, олардың әрқайсысы өздерінің қызмет атқару, мағынасы және сипаты бойынша жинақталған. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің атаулары мен көлемі өздігінен өзгермейді. Әдетте, азаматтық сот ісін жүргізудің принциптері республикамыздың Конституциясында, ал басқалары ҚР АІЖК-де бекітілген. *Принциптер мазмұндары - қолданыстағы заңнама баптарында және оның тармақтары мен бөлшектерінде белгіленген ережелер. Мысалы, ҚР АІЖК 65-бабы айтысу қағидасының мазмұның құрайды. Негізінен принциптер азаматтық сот ісін жүргізудің мәнін білдіре, азаматтық іс жүргізу құқығының маңызды институты болып танылады. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптері жинақталған тәрізді біртұтас жүйеде орналасқан. Жүйеде орналасқан азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің біреуінің бұзылуы басқа онымен байланыстағы принциптердің бұзылғандығын білдіреді және нақты азаматтық істер бойынша қабылданған сот шешімінің заңсыздығына әкеп соқтырады, тиісінше оның күшін жоюға әкеледі. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерін әртүрлі үш негіздер бойынша жіктеуге болады. Құқық ғылымында мұндай жіктеудің бірқатар жеке белгілері аталған. Біріншіден, нақты принцип бекітілген нормативтік қайнар көзіне қатысты жіктеледі. Тиісінше Қазақстан Республикасының Конституциясымен немесе ҚР АІЖК-мен бекітілген азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерін белгілеуге болады. Бірақ, Конституцияда бекітілмеген (конституциялық емес) принциптер өзге де принциптерден басымды болмайды, себебі оларда құқыққабылдау (заң шығару) және құқыққолдану (соттың тәжірибелік қызмет) саласында қажетті және міндетті деп танылған. Сонымен бірге, принциптерді бұлай жіктеу өзінің негізсіздігін білдіреді, яғни Конституцияның тиісті нормаларымен бекітілген (конституциялық деген) принциптер көрінісін Конституция негізінде қабылданған басқа заң нормаларында көзделген. Бұл заң нормаларында бекітілген принциптерді конституциялық емес деп атауы дұрыс емес, себебі олар Конституцияға сәйкес қабылданған нормативтік құқықтық актілер. Екіншіден, нақты принциптер бір немесе одан да көп құқық салаларында қолдануына байланысты заңтануда: 1) жалпы құқықтық, 2) салааралық, 3) салалық, 4) құқықтық институттар принциптеріне бөлінеді3. Басқа ғалымдар институтаралық және салаға тәуелді принциптерді белгілейді4. Принциптерді осылайша жіктеу негіздері дауласуға жатпайды және оларды орынды деуге болады. Бірақтан, жалпы құқық теориясы бойынша принциптерді жіктеу негіздерін қолданғанмен азаматтық сот ісін жүргізудің принциптер сипаты бойынша осылай жіктеу оның барлық мәнін ашпайды. Ескергеніміз жөн, <<іс жүргізу құқығының принциптерін жіктеудің әрбірі шарты, себебі барлық принциптер болуында және қолдануында бір-бірімен байланысты және бір-бірін толықтыруда>>5. Үшіншіден, көптеген ғалым-процессуалистер пікірінше іс жүргізу принциптері реттеу объектісі бойынша екі топқа бөлініп жіктеледі: ұйымдастырушылық және функционалдық6. Теория бойынша барлық азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерін құқықтық реттелуге жататын объектісі бойынша екі топқа бөліп қарастыруға болады: соттың және іс жүргізуге қатысушылардың іс жүргізу әрекеттерін анықтайтын (функционалдық) және сот төрелігін жүзеге асыруды ұйымдастыру принциптері (ұйымдастырушылық). Осы негіздер бойынша ҚР АІЖК-нің нормаларымен белгіленген сот ісін жүргізудің принциптерін жіктеуге болады. Жоғарыда көрсетілген азаматтық сот ісін жүргізу принциптерін жіктеу, өзге де белгілермен жіктеулер сияқты, шартты. Ғылымда басқа да белгілер бойынша азаматтық сот ісін жүргізу принциптері жіктеледі7. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің жүйесі іс жүргізу құрылымын, іс жүргізу әрекеттердің механизмін, оның мазмұнын, іс жүргізу әрекеттердің нысанын, істер бойынша қабылданатын шешімдердің заңдылығы мен әділеттігіне кепілдік етеді. Қазіргі кезеңде азаматтық сот ісін жүргізудің принциптері жүйе құрып, жетілдіру жолында екенін атау қажет. Азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыруды ұйымдастыру принциптері Азаматтық істер бойынша сот төрелегін жүзеге асыруды ұйымдастыру принциптері қатарына мыналарды жатқызуға болады: сот төрелігін тек қана соттың жүзеге асыруы (ҚР Конституциясының 75-бабы, ҚР АІЖК 7-бабы); адамның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сотта қорғау (ҚР Конституциясының 13-бабының 2-бөлігі, ҚР АІЖК 8-бабы); жеке адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу (ҚР Конституциясының 17-бабы, ҚР АІЖК 9-бабы); жеке өмірге қол сұғылмаушылық. Хат жазысудың, телефон арқылы сөйлесудің, почта, телеграф және өзге де хабарлардың құпиясы (ҚР Конституциясының 18-бабы, ҚР АІЖК 10-бабы); меншікке қол сұғылмаушылық (ҚР Конституциясының 25-бабының 1-бөлігі және 26-бап, ҚР АІЖК 11-бабы); судъялардың тәуелсіздігі (ҚР Конституциясының 77-бабының 1-2 бөліктері және 79-бап, ҚР АІЖК 12-бабы); барлық адамдардың заң мен сот алдындағы теңдігі (ҚР Конституциясының 14-бабы, ҚР АІЖК 13-бабы); азаматтық істерді сотта жеке-дара және алқа сот құрамымен қарау (ҚР АІЖК 37-бабы); сот ісін жүргізу тілі (ҚР Конституциясының 7-бабы, ҚР АІЖК 14-бабы); дәлелдемелерді ішкі сенім бойынша бағалау (ҚР АІЖК 16-бабы); куәлік жауап беру міндетінен босату (ҚР АІЖК 17-бабы); білікті заң көмегін алу құқығын қамтамасыз ету (ҚР АІЖК 18-бабы); сотта істі қараудың жариялылығы (ҚР АІЖК 19-бабы); сотта істі қарау барысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету (ҚР АІЖК 20-бабы); сот актілерінің міндеттілігі (ҚР Конституциясының 76-бабының 3-бөлігі, ҚР АІЖК 21-бабы); іс жүргізу әрекеттері мен шешімдеріне шағымдану бостандығы (ҚР АІЖК 22-бабы). Міне осы жоғарыда аталған принциптерді жеке қарап, азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыруда қолдануларын көрсетейік. Сот төрелігін тек қана соттың жүзеге асыруы (ҚР Конституциясының 75-бабының 1-бөлігі, ҚР сот жүйесі мен судьялар мәртебесі туралы конституциялық заңының 1-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасы, ҚР АІЖК 7-бабы). ҚР Конституциясы мен ҚР сот жүйесі мен судъялар мәртебесі туралы конституциялық заңы республикамыздың бүкіл аумағында сот билігін іске асырудың негізгі және маңызды нысаны сот төрелігін жүзеге асыру болып табылатынын бекітеді. Сот төрелігі туралы ұғымның көптеген анықтамаларын заң әдебиеттерінде оқып танысуға болады. Бірқатар авторлардың пікірінше сот төрелігі сот отырыстарында іс жүргізу тәртібімен жасалатын арнайы мемлекеттік органдардың материалдық нормаларын қолдана отырып, азаматтық, қылмыстық және өзге істерді қарау және шешу бойынша қызметі болып табылады8. Х.Ю. Ибрагимовтың пікірінше, сот төрелігі - адам мен азаматтың, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың, лауазымды адамдардың аса маңызды құқықтары мен заңды мүдделерін жүзеге асыруға тікелей қатысы бар құқық қорғау қызметінің функциясы9. Ал белгілі ғалым-процессуалист З.Х. Баймолдинаның айтуынша, сот төрелігі - азаматтық, қылмыстық және заңмен белгіленген өзге де сот ісін жүргізу нысаны арқылы сот билігін жүзеге асырудың нысаны10. Сот төрелігі сот билігін жүзеге асырудың негізгі нысаны бола отырып, сот отырыстарында судьямен (сотпен) азаматтық іс жүргізу, әкімшілік іс жүргізу және қылмыстық іс жүргізу заңнамасы белгілеген тәртіппен азаматтық, әкімшілік және қылмыстық істерді сот ісін жүргізу нысанында қарауды және шешуді түсіндіреді. Солай, мұндай соттың биліктік өкілеттілігін кімнің де болса иеленуі заңда көзделген жауаптылыққа әкеліп соғады (ҚР АІЖК-нің 7-бабының 1-бөлігі). Сәйкесінше заңнамада қандай да бір атаулармен арнайы және төтенше соттар құруға жол берілмейтіндігі көрсетілген, сондай-ақ мұндай соттар шешімінің заң күші болмайтыны және орындалуға тиісті еместігі көзделген. Өз қарауына жатпайтын іс бойынша азаматтық сот ісін жүргізуді жүзеге асырған, өз өкілеттігін асыра пайдаланған немесе азаматтық іс жүргізу кодексінде көзделген азаматтық сот ісін жүргізу принциптерін өзгеше түрде елеулі бұзған соттың шешімдері заңсыз болады және олардың күші жойылуы тиіс (ҚР АІЖК-тің 7-бабының 3-бөлігі және 23-бабы). Азаматтық істер бойынша сот төрелігін атқару қорытындысы бойынша қабылданатын, заң әдебиеттерінде сот төрелігі актілері деп аталатын сот шешімдері, ұйғарымдары, қаулылары және бұйрықтары заңнамаға сәйкес ерекше сипатта болады. Олардың барлығы - жалпыға міндетті. Азаматтық істер бойынша қабылданған және заңды күшіне енген сот актілері барлық мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар, кәсіпорындар мен мекемелер, лауазымды адамдар мен азаматтар үшін міндетті және Қазақстан Республикасының барлық аумағында орындауға жататынын білдіреді. Сот актілерін орындамаған немесе орындалуына кедергі жасаған кінәлі тұлға заңды жауаптылыққа тартылады. Азаматтық істер бойынша сот төрелігі, мемлекеттік қызметтің бір түрі ретінде, ҚР АІЖК-мен егжей-тегжейлі регламенттелетін қатаң рәсімделуді сақтау арқылы жүзеге асырылады. Тек сот отырысында ғана сот жеке не заңды тұлғалардың бұзылған құқықтарын, мемлекеттің, қоғамның мүддесін қорғау үшін талап бойынша шешім (қаулы, ұйғарым) қабылдауға құқылы. Бірінші сатыдағы сотпен қабылданған шешімді апелляциялық не қадағалау тәртіптерімен жоғары тұрған сот алқасы қайта қарап оның күшін жоя алады. Республикамызда мамандырылған ауданаралық экономикалық және әкімшілік соттардың құрылғандығы белгілі. Келесі кезекте алқалы соттар құру мәселелесі тұр. Соттарда бүгінгі заман талабына сай <<мамандану>> процесі жүріп жатыр. Осының бәрі, түйіндегенде, сот төрелігін жүзеге асырудың сапасын жоғарлатуға бағытталған шаралар екенінің белгісі. Жоғарғы соттың судьялары да бұл бағытта үлкен қызмет етіп жатқанын айтуға болады, яғни сот тәжірибесі бойынша жалпы отырыстарда қаралып, баспасөзде жарияланатын нормативтік қаулылар қабылдануы. Адамның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сотта қорғау принципі ҚР Конституциясының 13-бабының 2-бөлігінде <<Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар>>, - деп көзделіп, азаматтық сот ісін жүргізуде қолдануына маңызды екенін түсіндіреді. Өзінің құқығы мен бостандығын қорғау үшін сотқа жүгіну әрбір тұлғаның құқығы. Адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау сот билігінің өкілеттігін жүзеге асырудың басты бағыты болып табылады. Сотқа арыз (талап арыз, шағым) беріліп және оны сот қабылдаған кезде ғана сотқа жүгіну құқығы жүзеге асырылады. Әрбір азамат, заңды тұлға және мемлекеттік органдар бұзылған немесе даулы конституциялық құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау үшін АІЖК-мен белгіленген тәртіпте сотқа арызбен (талап арызбен, шағыммен) жүгіне алады. Барлық жеке не заңды тұлғаның бұзылған немесе даулы құқықтарын, заңды мүдделерін сот арқылы қорғауға тең мүмкіндігі бар. Сотқа арызбен жүгіну арқылы азаматтық, отбасылық, еңбек, тұрғын үй, әкімшілік, қаржы, шаруашылық, жер құқықтық қатынастарынан, табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі қатынастардан және басқа да құқықтық қатынастардан туындайтын даулар бойынша істерді, сондай-ақ ерекше жүргізілетін істерді сот (жеке-дара немесе алқа құрамы) қарайды және шешеді (ҚР АІЖК 2-баптың 3-бөлігі). Кез келген сот арызды қабылдап, істі қарамайды және шешпейді. Себебі ҚР АІЖК-де бекітілген нормаларға сәйкес әр азаматтық іс соттылығына байланысты сотпен қаралады және шешіледі. Соттылық - соттар арасында белгілі азаматтық істер қарастыру өкілеттіктерді бөлу. Тиісінше азаматтық істер соттылығы азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен белгіленеді. Ешкімге өзінің келісімінсіз ол үшін заңда белгіленген соттылығын өзгертуге болмайды. Жоғары тұрған соттың өзінен төменгі соттың жүргізетін ісін тараптардың келісімінсіз алып қоюға және оны өзінің іс жүргізуіне қабылдауға құқығы жоқ (ҚР АІЖК 8-баптың 3-бөлігі). ҚР АІЖК-нің кейбір нормаларының өзгеруіне және оларды сот тәжірибесінде біркелкі қолдану қажеттілігіне байланысты ҚР Жоғарғы сотының жалпы отырысы қаулы етті: <<Соттар арасында нақтылы істің соттылығы туралы дау туындаған жағдайда жоғары тұрған соттың судьясы іске қатысушы адамдарды оның қаралатын орны мен уақыты туралы хабардар етпестен және соттың істі басқа соттың өндірісіне жіберу туралы ұйғарымын бұзбай, істің нақтылы қай соттың қарауына жататыны туралы ұйғарым шығарады>>11. Кез келген жеке тұлға субъективтік құқықтарын, заңды мүдделерін сотта тікелей өзі қатысуы арқылы немесе өкілдер қатысуы арқылы қорғауға құқылы. Жеке тұлғаның өзінің сотқа қатысуы оның бұл іс бойынша өкілі болу құқығынан айырмайды. Заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдардың құқықтары мен заңды мүдделерін сотта олардың органдары және тиісті өкілеттіктер берілген олардың өкілдері қорғауға құқылы (ҚР АІЖК 58-бабы). ҚР АІЖК 8-баптың 2-бөлігіне сәйкес прокурор өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында және азаматтардың, заңды тұлғалардың құқықтарын, қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді қорғау үшін талап қойып (арыз беріп) сотқа жүгінуге құқылы. Әрбір азамат, заңды тұлға, мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы, прокурор сотқа жүгіну құқығынан бас тарта алады, егер заңға қайшы келмесе немесе әлдекімнің құқығын және заңды мүддесін бұзбаса (ҚР АІЖК 8-баптың 4-бөлігі). Егер тараптар өзара сотқа жүгіну құқығынан бас тарту туралы келісім-шартқа қол қойса - ол заңсыз деп есептеледі. Қазақстан Республикасының азаматтық сот ісін жүргізу заңнамасы әрбір адамға сотқа жүгіну құқығын жүзеге асыруына барлық мүмкіндік жасап, оны қамтамасыз етеді. Жеке адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу принципі Қазақстан Республикасының үш нормативтік құқықтық актілерінде: ҚР Конституцияның 17-бабында, ҚР АК (Жалпы бөлімі) 15-баптың 9-бөлігінде және 143-бабында, АІЖК-нің 9-бабында бекітілген. Бұл нормативтік құқықтық актілер адамның қадір-қасиетін, ар-ожданын қорғау мүмкіндіктерін белгілейді. ҚР Конституциясының 17-бабына сәйкес адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмаушылық жөнінде міндет бекітілген. Адамды қинауға, оған күш қолдануға, басқа да қатал не адамның қадір-қасиетін қорлайтын қатынас пен жазаға тыйым салынады. Заң әдебиеттер бетінде адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмаушылыққа қатысты мынандай пікір айтылады: << Ол әрбір адамның жеке басының бағасын, оның адамгершілік принциптері мен соған қатысты әрекеттеріне негізделген ой жүйесін мойындауды аңғартады. Адам адамгершілік құндылықтар мен ойшылдық қасиеттерінің иесі ретінде танылады. Адамның қадір-қасиеті оның қоғамдағы орнына, атағына, тұрмыс қалпына, кәсіпқойлығына және басқа жағдайларға байланысты. Әрбір адам сый-құрмет пен мойындауға және дербес ой мен әрекет құқығына лайық>>12. ҚР АК-нің (Жалпы бөлімі) 15-баптың 9-бөлігіне сәйкес азаматтың есімі оның абыройына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін әдістермен немесе сондай нысанда бұрмаланған не пайдаланылған жағдайда осы Кодекстің 143-бабында көзделген ережелер қолданылады. Осылай, азамат немесе заңды тұлға өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне кір келтіретін мағлұматтарды, егер ондай мағлұматтарды таратушы адам олардың шындыққа сай екендігін дәлелдей алмаса, сот арқылы теріске шығаруды талап етуге құқылы (ҚР АК (Жалпы бөлімі) 143-баптың 1-бөлігі). Азаматқа немесе заңды тұлғаға қатысты олардың ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне кір келтіретін мағлұматтар таратылған болса, олар мұндай мағлұматтарды теріске шығарумен бірге олардың таратылуымен өздеріне келтірілген залалдың немесе моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқылы (ҚР АК (Жалпы бөлімі) 143-баптың 6-бөлігі). Егер азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне кір келтіретін мағлұматтарды таратушыны анықтау мүмкін болмаса, өзі жөнінде осындай мағлұматтар тараған адам таратылған мағлұматтарды шындыққа сай келмейді деп тану туралы сотқа жолдануға құқылы (ҚР АК (Жалпы бөлімі) 143-баптың 7-бөлігі). ҚР АІЖК-нің 9-бабына сәйкес азаматтық іс бойынша іс жүргізу кезінде азаматтық процеске қатысушы адамның ар-ожданын қорлайтын немесе қадір-қасиетін кемсітетін шешімдер мен іс-әрекеттерге тыйым салынады. Адамның қадір-қасиетін қорлау арқылы алынған іске қатысты нақты деректер сотпен делелдемелер ретінде танылмайды. Азаматтық сот ісін жүргізу барысында мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерінен адамға келтірілген моральдық зиян заңда белгіленген тәртіппен өтелуге тиіс. Республикамыздағы жергілікті соттармен азаматтық сот ісін жүргізу кезінде азаматқа келтіріген моральдық зиянның орнын толтыру заңнамасын дұрыс қолданып игеру үшін <<Моральдық зиянның орнын толтыру туралы заңнаманы соттармен қолдану жөнінде>> ҚР ЖС-ның № 3 нормативтік қаулысы 2001 жылы 21 маусымда қабылданған болатын. Сондықтан азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді сот қарайды және шешеді, сонымен қатар соттың өзі де іске қатысушы адамның ар-ожданын қорлайтын немесе қадір-қасиетін кемсітетін шешім қабылдамауы тиіс. Жеке өмірге қол сұғылмаушылық. Хат жазысудың, телефон арқылы сөйлесудің, почта, телеграф және өзге де хабарлардың құпиясы. Бұл принцип әркімнің жеке өміріне еріксіз араласуға жол берілмейтіндігі ата-аналарға, құрбы-жолдастарына, мемлекеттік органдарына, қызмет басшыларына және басқа адамдарға құқық субъектілігі бар жеке немесе заңды тұлғалардың өзіндік мүліктеріне билік етуіне, жеке банктік салымдары мен жинаған ақша-қаражаттарын және өзге тапқан табыстарын пайдалануына, жазысқан хаттарына, телефон, почта, телеграф арқылы және басқа да жолдармен алысқан хабарларына ықпал етуге тыйым салуды түсіндіреді. Бұл принцип ҚР Конституциясының 18-бабында бекітіліп, қолданыстағы материалдық құқық пен іс жүргізу құқық нормаларында тиісінше көрінісін тапқан. Осылай, ҚР АК-нің (Жалпы бөлімі) 144-бабына сәйкес: <<Азаматтың жеке бас құпиясын, оның ішінде хат алысу, телефон арқылы сөйлесу, күнделіктер, естеліктер, жазбалар, ішкі жан сыры, бала асырап алу, туу құпиясы, дәрігерлік, адвокаттық құпияны, салымдар құпиясын сақтауға құқығы бар. Жеке бас құпиясы заң құжаттарында белгіленген реттерде ғана ашылуы мүмкін. Күнделіктерді, жазбаларды, естеліктерді және басқа құжаттарды жариялауға - олардың авторының келісімімен, ал хаттарды олардың авторы мен алушысының келісімімен ғана жариялауға жол беріледі. Олардың қайсыбірі қайтыс болған жағдайда аталған құжаттар қайтыс болған адамның артында қалған жұбайының және балаларының келісімімен жариялануы мүмкін>>. Міне, осы азаматтардың және заңды тұлғалардың құқықтары заңның қорғауында болады. Бірақ ҚР АІЖК 10-бабына сәйкес азаматтық процесс барысында бұл құқықтарды шектеуге заңда тікелей белгіленген жағдайлар мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі. Бұл дегеніміз, сотта істі қарау кезінде құқықтық дауды шешу немесе заңды маңызы бар фактілерді анықтау үшін қажетті азаматтардың немесе заңды тұлғалардың жеке, отбасылық, коммерциялық немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияларды олардың өтініштері бойынша жабық сот отырысында жария ету. Сот (судья) сотта азаматтық істерді қарап және шешкен кезде осы принциптің бұзылмауын бақылайды. Меншікке қол сұғылмаушылық принципі ҚР Конституциясында, ҚР АК-де (Жалпы бөлімі), ҚР АІЖК-де көзделген. Меншік - өндіріс құралдарын иелену және қоғамда жасалған материалдық және материалдық емес игіліктерді бөлісу жөніндегі объективті қоғамдық қарым-қатынастары. Қазақстанның барлық аумағында мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады және бірдей қорғалады (ҚР Конституциясының 6-бабы). ҚР Конституциясында <<меншік>> ең алдымен адам және азаматтың негізгі құқықтарының бірі - заңды түрде алған қандай да болсын мүлкіне иелік ету, пайдалану және меншігінде ұстай алу (ҚР Конституциясының 26-бабы) құқығын айқындайды және бекітеді13. Еліміздің атақты М.К. Сүлейменов, Ю.Г. Басин цивилистерінің пікірінше қараудағы принциптің маңыздылығы мынада - меншік елдің бүкіл экономикалық жүйесінің іргетасы болып табылады. Бұл принцип мемлекетке мемлекеттік емес меншікке қатысты барлық қатынастарға араласуға мүмкіндік берген бұрынғы нұсқаулардан бас тартуды білдіреді14. Меншікке заңмен кепілдік беріледі. Соттың шешімінсіз ешкімді өз мүлкінен айыруға болмайды (ҚР АІЖК 11-бабы 1-бөлігі). Бұл дегеніміз белгілі тараптар арасындағы нақты меншікке қатысты материалдық құқықтық дауды азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен сотпен қарап және шешу. Нәтижесінде сотпен қабылданып заңды күшіне енген шешім меншікке құқық орнатады. Азаматтық сот ісін жүргізу барысында адамдардың банктегі салымдарын және басқа мүлікті пайдалануға тыйым салу, сондай-ақ оны алып қою ҚР АІЖК-де көзделген жағдайлар мен тәртіп бойыншы жүргізілуі мүмкін. Мысалы, азаматтық процесте талап қоюшының өтініші бойынша талап қоюды қамтамасыз етуге сот жауапкерге тиісті және онда немесе басқа адамдарда болатын мүлікке тыйым салу (банктің корреспонденттік шотындағы ақшаға тыйым салуды қоспағанда) мүмкін, егер мұндай шараны қабылдамау сот шешімін орындауды қиындатса немесе оның орындалуын мүмкін етпесе (ҚР АІЖК 158-бабы және 159-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасы). Судъялардың тәуелсіздігі ҚР Конституциясының 77-бабының 1-2 бөлігіне және 79-бабына, ҚР АІЖК 12-бабына сәйкес судья сот төрелігін атқару кезінде тәуелсіз болады және Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңға ғана бағынады. Сондықтан, нақты істерді қарап және шешу барысында судьялар Қазақстан Республикасының Конституциясы және оның негізінде қабылданған заңдарды қолданып қаулылар, шешімдер мен ұйғарымдар қабылдайды. Егер қолданыстағы заң немесе заңға тәуелді құқықтық актілер нормалары Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектейтін болса, онда сот (судья) ол іс бойынша өндірісті тоқтата тұрып Қазақстан Республикасының Конституциялық кеңесіне аталмыш құқықтық актіні (толығымен не жартылай оның бір тарауын, жеке нормаларын) конституциялық еместігі жөнінде жүгінеді (ҚР Конституциясының 78-бабы). Судьялар мен соттар азаматтық істерді өздеріне сырттан ықпал ету болмайтын жағдайларда шешеді. Ешкімнің соттың сот төрелігін атқару жөніндегі қызметіне қандай да болсын араласуға жол берілмейді және ол заң бойынша жауаптылыққа әкеп соғады. Судья қаралып жатқан не қаралған азаматтық істерінің мәні бойынша қандай да бір түсінік беруге міндетті емес (ҚР сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы конституциялық заңның 25-бабының 3-бөлігі). Нақты азаматтық істер бойынша судьялар есеп бермейді, ал өз пікірін тек кеңесу бөлмесінде айтуға құқылы. Судьялар тәуелсіздігінің кепілдігі ретінде оларды қызметке, сот қызметімен айналысуға тағайындау және орыннан босату, қаржыландыру мен материалдық-техникалық қамтамасыз ету танылады. Қазақстан аумағындағы Конституциямен және заңмен тәуелсіздігі қорғалатын соттар тұрақты судьялардан тұрады. Сот өкілеттігі заңмен белгіленген негіздер бойынша ғана тоқтатыла тұрады немесе қысқартылады. Соңғы жылдардың көлемінде судьялардың тәуелсіздігін нығайтуға мүмкіндік беретін көптеген заңдар қабылданды. Қазақстан Президентінің 2000 жылдың қыркүйегіндегі <<Қазақстан Республикасының сот жүйесінің тәуелсіздігін күшейту жөніндегі шаралар туралы>> жарлығына сәйкес сот қызметін материалдық-техникалық жағынан, кадрлармен және өзгедей қажеттіліктермен қамтамасыз ететін уәкілетті органның құрылуы сот құқықтық реформаның одан ары тереңдей түскендігінің айғағы болды. Осылай, Жоғарғы сот жанындағы соттар әкімшілігі жөніндегі комитетті құрудағы мақсат та судьялардың сотқа келіп түскен істерді қараудағы тәуелсіздігін нығайту, жергілікті соттардың дербестігін жоғарлату болды. <<Әрбір судья сот билігінің тәуелсіздігі мен абыройын құрметтеуге және өзінің қызметінде лауазымына дақ түсіретін кез келген әрекеттерден аулақ болуға тиіс. Судья сот билігін сылаудың және оның мәртебесін көтерудің нышаны болуға тиіс>>, - деген Талғар аудандық сотының төрағасы Ж.М. Қадырхановтың сөзі орынды15. Қазір сот жүйесі биліктің шын мәніндегі бір тармағына айналып, судьялар болса өздеріне тиесілі мәртебеге ие болып отыр. Судьялардың тәуелсіздігіне келетін болсақ, ол Конституциямен және заңмен қорғалады. Осының бәрі сайып келгенде, ҚР сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы конституциялық заңда жан-жақты қамтылған. Осыған орай осы шақта тұлғалардың сотқа деген сенімін артып, олардың қызметіне көбірек жүгінетін болды. Демократиялық және құқықтық мемлекеттің басты белгісі ретінде сот жүйесінің ұйымдастырушылық және құқықтық негіздерін дамыту, кадрмен және қаржымен қамтамасыз ету арқылы судьялардың тәуелсіздігін нығайтуға арналған үлкен жұмыс жасалды. Реформаның қол жеткізген табыстарының бірі Жоғарғы сот жанынан сот әкімшілігі жөніндегі комитеттің құрылуымен байланысты. Сот қызметін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті бұл органның жүйесіне аталған комитет және оның облыс, Астана мен Алматы қалаларындағы әкімшілері кіреді. Соттардың материалдық қамтылуы бұл да соттардың тәуелсіздігі мәселесіне көлеңкесін түсіретін қосымша жайт. Жалпы айтар болсақ, судья ол сот билігінің ғана емес бүкіл қоғамның абыройы, әділет өлшемі болғандықтан, өз бойына адамға тән ең биік, жақсы қасиеттерді қамтуы тиіс. Бұның өзі соттардың тәуелсіздігін нығайту мен судьяларға деген сыйластықтың артуының да кепілі. 1996 жылдан қолданыстағы сот әдебі кодексі судьялардың жүріс-тұрысының негізгі принциптерін бекіткені мәлім. Осы кодекс бойынша әрбір судья демократиялық қоғамның ажырамас тетігі болып табылатын сот жүйесінің тәуелсіздігі мен абыройын құрметтеуі қажет. Барлық адамдардың және заңды тұлғалардың заң мен сот алдындағы теңдігі принципі - құқық пен бостандықтың нақтылы жүзеге асырылуын, сондай-ақ әрбір адамның және заңды тұлғаның жауапкершілігін қамтамасыз ететін құқықтың түбегейлі принципі. Бұл принцип ҚР Конституциясының 14-бабында және ҚР АІЖК 13-бабында белгіленген. Осылай, конституциялық бапта: "Барлығы заң мен сот алдында тең. Ешкім де шыққан тегі, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайы, жынысы, нәсілі, ұлты, тілі, дінге көзқарасы, сенімдері, тұрғылықты жері жөніндегі себептермен немесе өзге де кез келген мән-жайлар бойынша кемсітілмеуге тиіс" деп бекітілген. Тиісінше азаматтық іс жүргізу нормасына сәйкес азаматтық істер бойынша сот төрелігі заң мен сот алдындағы теңдік негізінде жүзеге асырылады. Іске тараптар ретінде жеке тұлғалар (ҚР азаматтары, шетел азаматтары, азаматтығы жоқ адамдар) және заңды тұлғалар (мекемелер, кәсіпорындар, ұйымдар) қатасыды. Сондықтан азаматтық сот ісін жүргізу барысында азаматтардың ешқайсысына артықшылық берілмейді және олардың ешқайсысы шыққан тегі, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайы, жынысы, нәсілі, ұлты, тілі, дінге көзқарасы, сенімдері, тұрғылықты жері жөніндегі сепебтермен немесе өзге де кез келген мән-жайлар бойынша кемсітілмеуге тиіс. Ал заңды тұлғалардың ешқайсысына артықшылық берілмейді және олардың ешқайсысы да орналасқан жеріне, ұйымдық-құқықтық нысанына, бағыныстылығына, меншік нысанына және басқа да мән-жайлары себепті кемсітілмеуге тиіс. Бірақтан азаматтық-құқықтық жауапкершіліктен иммунитеті бар адамдарға қатысты азаматтық сот ісін жүргізу талаптары Қазақстан Республикасының Конституциясында, азаматтық іс жүргізу кодексінде, заңдарда және Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда белгіленеді (ҚР АІЖК 13-бабының 3-бөлігі). Осылай, соттық иммунитет шетелдік тұлғалар қатысатын істер бойынша іс жүргізуде болады. Халықаралық ұйымдардың соттық иммунитеті Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттарда, сондай-ақ бұл ұйымдардың Қазақстан Республикасының құзыретті мемлекеттік органдармен келісімдерінде белгіленеді. Шет мемлекеттердің Қазақстан Республикасында тіркелген дипломатиялық өкілдері және Қазақстан Республикасының заңында немесе халықаралық шартында аталған басқа да адамдар Қазақстан Республикасының заңында, халықаралық құқық нормаларында немесе халықаралық шартында белгіленген шекте Қазақстан Республикасы сотының азаматтық істер жөніндегі юрисдикциясына жатады (ҚР АІЖК 422-бабының 2-3 тармақтары). Барлық адамдардың және заңды тұлғалардың заң мен сот алдындағы теңдігі принципі сотпен істің мән-жайын объективті анықтап, заңды және негізді сот шешімін шығару негізінде олардың субъективтік құқықтарын және заңды мүдделерін қорғау кепілдігі. Азаматтық істер бойынша сот төрелігін жеке-дара және алқа сот құрамымен жүзеге асыру принципі ҚР АІЖК-нің 37-бабымен белгіленген. Осы ҚР АІЖК-сі сот құрамын 2001 жылға дейін белгілеген құқықтық нормаларға сәйкес соттың бірінші және апелляциялық сатысындағы азаматтық істерді соттың атынан судья жеке-дара қарайтын. Қазақстан Республикасының 2001 жылдың 11 шілдедегі № 238-II Заңымен ҚР АІЖК-не енгізілген өзгерістер бойынша қазіргі уақытта соттың бірінші сатыдағы азаматтық істерді соттың атынан әрекет ететін судья жеке-дара қарайды. Істерді апелляциялық сотта немесе қадағалау сатысандағы соттарда қарауды соттың алқалы құрамы жүзеге асырады. Іс алқалы түрде қаралған кезде соттың құрамына саны тақ (кем дегенде үш) судья кіруге тиіс, олардың біреуі төрағалық етуші болып табылады (ҚР АІЖК 37-бабы). Сот отырысында іс жүргізу тәртібін сақтап азаматтық істерді қарайтын және шешетін судьяны төрағалық етуші деп атайды. Бірінші сатыдағы азаматтық істерді сот отырысында қарайтын жеке-дара судьяның өзі төрағалық етуші болады. Істерді апелляциялық немесе қадағалау сатысындағы қарайтын алқалы сот құрамына кіретін судьяларының біреу ғана төрағалық етуші болып тағайындалады. Төрағалық етуші істің барлық мән-жайының толық, жан-жақты және объективті анықталуын, іс жүргізу әрекеттерінде дәйектіліктің және тәртіптің сақталуын, процеске қатысушылардың өздерінің іс жүргізу құқықтарын жүзеге асыруын және олардың өз міндеттерін орындауын, процестің тәрбиелік ықпалын қамтамасыз ете отырып, отырыстың барысына басшылық жасайды, қаралатын іске қатысы жоқ мәселелердің барлығын сот қарауынан шығарып тастайды. Процеске қатысушылардың қайсыбірі төрағалық етушінің іс-әрекетіне қарсылық білдірген жағдайда бұл қарсылық білдірулер сот отырысының хаттамасына енгізіледі. Төрағалық етуші өзінің іс-әрекеттеріне қатысты түсініктеме береді. Төрағалық етуші сот отырысында тиісті тәртіптің қамтамасыз етілуіне қажетті шаралар қолданады. Оның өкімі процеске қатысушылардың барлығы үшін, сондай-ақ сот отырысы залында қатысып отырған азаматтар үшін міндетті (ҚР АІЖК 176 -бабы). Істерді соттың алқалы құрамы қараған және шешкен кезде барлық судьялар тең құқықтарды пайдаланады. Істі алқалы түрде қараған және шешкен кезде туындаған барлық мәселелерді судьялар көпшілік дауыспен шешеді. Әрбір мәселені шешкен кезде судьялардың ешқайсысы дауыс беруден қалыс қалуға құқылы емес. Төрағалық етуші ұсыныстарды енгізеді, өз пікірін айтады және соңынан дауыс береді. Көпшілік шешімімен келіспеген судья осы шешімге қол қоюға міндетті және ерекше пікірін жазбаша түрде баяндай алады, ол төрағалық етушіге тапсырылады және мөр басылған конверттегі іске қоса тіркеледі. Ерекше пікірмен апелляциялық және қадағалау сатыларындағы сот осы істі тиісті сатыда қарау кезінде танысуға құқылы. Судьяның ерекше пікірінің бар екендігі туралы іске қатысушы адамдарға хабарланбайды және ерекше пікір соттың отырыс залында жарияланбайды (ҚР АІЖК 38 - бабы). Соттың бірінші сатысындағы азаматтық істерді қарайтын Қазақстан Республикасы соттары: аудандық және оларға теңестірілген соттар (қалалық, ауданаралық, мамандандырылған ауданаралық соттар - экономикалық, әкімшілік, әскери, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі және басқа соттар); облыстық және оларға теңестірілген соттар (Республика астанасының қалалық соты, республикалық маңызы бар қалалардың қалалық соттары - Алматы қаласының қалалық соты); Жоғарғы Сот (ҚР АІЖК 27-30 баптары). Апелляциялық тәртіппен заңды күшіне енбеген сот актілерін қайта қарайтын соттар ҚР АІЖК - нің 333-бабында көрсетілген. Осылай: аудандық және оларға теңестірілген соттар шешімдеріне - облыстық және оған теңестірілген соттың азаматтық істер жөніндегі алқасы; облыстық және оларға теңестірілген бірінші сатыдағы соттар шығарған шешімдерге - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі алқасы қарайды. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының бірінші сатыда қаралған азаматтық істер бойынша шығарылған сот актілері апелляциялық тәртіппен қаралмайды, олар жарияланған күннен бастап заңды күшіне енеді (ҚР АІЖК 235-баптың 2-бөлігі, 332-баптың 1-бөлігі). Қадағалау тәртібімен заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарайтын соттар ҚР АІЖК - нің 386-бабында көрсетілген. Осылай: Облыстық және оған теңестірілген соттың қадағалау алқасы мына соттардың заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарайды: аудандық және оларға теңестірілген соттардың шешімдерін, қаулыларын, ұйғарымдарын; облыстық және оларға теңестірілген соттың азаматтық істер жөніндегі алқасының апелляциялық қаулыларын қадағалау шағымдары, прокурордың қадағалау наразылықтары бойынша. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қадағалау алқасы мына соттардың заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарайды: бірінші сатыдағы соттардың шешімдерін, қаулыларын, ұйғарымдарын; облыстық және оларға теңестірілген соттың азаматтық істер жөніндегі алқасының апелляциялық қаулыларын; облыстық және оларға теңестірілген соттың қадағалау алқасының қаулыларын; Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының істерді апелляциялық тәртібімен қарау кезінде шығарған қаулыларын қадағалау шағымдары, ҚР Бас прокурордың қадағалау наразылықтары бойынша. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының жалпы отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты қадағалау алқасының ҚР АІЖК-тің 384-бабының 2-бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша қаулыларын ҚР Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынымы немесе ҚР Бас прокурордың наразылығы бойынша қайта қарайды. Сот ісін жүргізу тілі принципі (ҚР Конституциясының 7-бабы, ҚР АІЖК 14-бабы). ҚР Конституциясына сәйкес ҚР-ғы тілдер туралы 1997 жылғы 11 шілдедегі Заң тілдердің республикада қызмет етуінің құқықтық негіздерін, мемлекеттің оларды зерделеу мен дамытуға жағдай туғызудағы міндеттерін белгіледі, республикада барлық тілдердің бірдей құрметпен қолданылуын қамтамасыз етеді. Мемлекеттік тіл болып табылатын қазақ тілі - мемлекеттің барлық аумағында қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс жүргізу тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен бірдей ресми орыс тілі қолданылады. Қазақстан Республикасында соттардың барлығы мемлекеттік ұйымдарға жатады, сондықтан Қазақстан Республикасында сот істері мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал қажет болған жағдайда сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілмен орыс тілі немесе басқа тілдер бірдей қолданылады (ҚР Тілдер туралы заңның 13-бабы). Тиісінше сотта азаматтық істер мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал қажет болған жағдайда сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілмен орыс тілі немесе басқа тілдер бірдей қолданылады (ҚР АІЖК 14-бабының 1-бөлігі). Сот ісін жүргізу тілі сотқа талап арыз (арыз) берілген тілге қарай сот ұйғарымымен белгіленеді. Белгілі бір азаматтық іс бойынша іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады. Егер іс жүргізіліп отырған тілді білмейтін немесе жөнді білмейтін іске қатысушы адамдарға сотта ана тілінде немесе өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жасау, түсініктер мен жауап беру, өтініш білдіру, шағым жасау, іс материалдарымен танысу, сотта сөйлеу, азаматтық іс жүргізу заңнамасымен белгіленген тәртіппен аудармашының қызметін тегін пайдалану құқығы түсіндіріледі және қамтамасыз етіледі (ҚР АІЖК 14-баптың 2-3 бөліктері). Себебі аудармашыларға төленуге тиесілі сомалар іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындарға жатпайды (ҚР АІЖК 107-бабы). Оларға тиесілі сомаларды төлеу республикалық бюджеттің есебінен жүргізіледі (ҚР АІЖК 109-баптың 2-бөлігі). Сондықтан азаматтық сот ісін жүргізуге қатысушы адамдарға басқа тілде жазылған істің заң бойынша қажетті іс материалдарының сот ісін жүргізу тіліне сот тегін аударып беруді қамтамасыз етеді. Сот процесіне қатысушы адамдарға сотта сөйленген сөздің басқа тілде айтылған бөлігін сот ісін жүргізу тіліне тегін аударып беру қамтамасыз етіледі. Сот құжаттары іске қатысушы адамдарға олардың ана тіліне немесе олар білетін басқа тілге аударылып беріледі (ҚР АІЖК 14-бабының 4-5 бөліктері). Сотта төрағалық етуші және алқа құрамының судьялары аудармашының қызметін атқаруға құқықтары жоқ. Сот (судья) аудармашының қызметін іске қатысушы тұлғаларға жүктей алмайды, себебі олардың сотта құқықтық мәртебесі өзгеше болады. Іс бірінші сатыдағы соттан қай тілде келіп түссе, жоғары деңгейлі (апелляциялық және қадағалау сатыдағы) соттарда да сол тілде қаралуы керек. Сот ісін жүргізу тілі принципі тараптарға және басқа іске қатысушыларға ана тілінде немесе өздері білетін басқа тілде заңмен көзделген барлық іс жүргізу әрекеттерін жасау арқылы өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерін белсенді қорғау үшін мүмкіндік береді. Дәлелдемелерді ішкі сенім бойынша бағалау принципі ҚР АІЖК 16-бабында былай деп бекітілген: "Судья істе бар дәлелдемелерді олардың жиынтығымен әділ, жан-жақты және толық қарауға негізделген өзінің ішкі сенімі бойынша бағалайды, бұл орайда ол заң мен ар-ұятты басшылыққа алады. Сот үшін ешқандай дәлелдеменің күні бұрын белгіленген күші болмайды". Шешім шығарған кезде сот дәлелдемелерге баға береді, іс үшін маңызы бар қандай мән-жайлардың анықталғанын және қандай мән-жайлардың анықталмағанын, тараптардың құқықтық қатынастарының қандай екенін, осы іс бойынша қандай заң қолдануға тиісті екенін және қойылған талаптың қанағаттандырылуға жататынын-жатпайтынын айқындайды (ҚР АІЖК 219-баптың 1-бөлігі). Соттың актісі тек заңға сәйкес жиналған, ұсынылған, зерттелген дәлелдемелер негізінде қабылданады. Сотпен дәлелдемелерді бағалау - соттық дәлелдеудің ажырамас, соңғы бөлігі16. Дәлелдемелерді бағалау азаматтық іс жүргізу нормаларын сақтау арқылы істің барлық мән-жайларын жиынтығы бойынша жан-жақты және объективті қарау негізінде сотпен жүргізіледі. ҚР АІЖК 77-баптың 1-бөлігіне сәйкес әрбір дәлелдеме - қатыстылығы, жол берілуі, растығы, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктігі тұрғысынан бағалануға тиіс. Дәледемелердің қатыстылығы - іс үшін маңызды мән-жайлардың бар екендігі туралы тұжырымдары растайын, теріске шығаратын не оларға күмән келтіретін нақты деректер болса, сотпен дәлелдемені іске қатысты деп тануы (ҚР АІЖК 67-бабы). Дәлелдемелерге жол беру - азаматтық іс жүргізу заңнамасымен белгіленген тәртіппен алынған дәлелдемелерге сотпен жол берілуі, сондай-ақ заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиіс істің мән-жайлары ешқандай басқа дәлелдемелермен расталуға тиіс емес (ҚР АІЖК 68-бабы). Тиісінше заңды бұза отырып алынған дәлелдемелер заңдық күші жоқ деп танылады және сот шешімінің негізіне жатқызыла алмайды, сондай-ақ іс үшін маңызы бар кез келген мән-жайды дәлелдеу кезінде пайдаланыла алмайды (ҚР АІЖК 69-баптың 3-бөлігі). Дәлелдемелердің растығы - бұл тексеру нәтижесінде дәлелдеменің шындыққа сәйкес келетінің сотпен анықтау (ҚР АІЖК 70-бабы). Дәлелдемелердің жиынтығы, егер іске қатысты дәлелдеуге жататын немесе тарап жоққа шығармаған барлық және әрбір мән-жайлар туралы ақиқатты даусыз айқындауға жол беретін және сенімді дәлелдемелер жиналса, азаматтық істі шешу үшін жеткілікті болып табылады (ҚР АІЖК 77-баптың 3-бөлігі). Судья өзінің ішкі сенімі бойынша материалдық және іс жүргізу құқық нормаларын қолдана отырып дәлелдемелерді бағалайды. Бұл дегеніміз судьяның ешкімнің ой-пікіріне, шешіміне қарамай тек заңды басшылыққа алып, тәуелсіз болуы. Судьяның ішкі сенімі істің барлық мән-жайларын жан-жақты және толық қарауға негізделе, сот шешімінің дәлелдеу бөлігінде көрініс табады (ҚР АІЖК 221-баптың 5-бөлігі). Судьяның бағаланған дәлелдемелері одан жоғары тұрған (апелляциялық және (немесе) қадағалау сатыдағы) сотпен қайта қаралады. Судья ар-ұятты басшылыққа ала дәлелдемелерді бағалау - бұл судьяның жеке ақыл-ойына, біліміне, құқықтық санасына, тәрбиесіне және т.б. қасиеттеріне байланысты іс бойынша жиналған дәлелдемелер негізінде істі дұрыс шешуге және тараптардың талаптары мен қарсылықтарын негіздейтін мән-жайлардың бар-жоғын анықтауға бағытталған сот қызметі. Сот үшін ешқандай дәлелдеменің күні бұрын белгіленген күші болмайды (ҚР АІЖК 16-баптың 2-бөлігі). Әрбір дәлелдеме жалпы іс жүргізу тәртібімен ұсынылады, зерттеледі және бағалануға тиіс. Мысалы, нотариалды куәландырылған мәміле заңды бұза жасалған болса, онда сот отырысында ол дәледеме болып танылмай сотпен қабылданбайды. Оны ҚР АІЖК 69-бабында көрсетілген дәлелдемелер ретінде жол беруге болмайтын нақты деректер қатарына жатқызамыз. Куәлік жауап беру міндетінен босату принципі ҚР Конституциясының 77-баптың 3-бөлігінің 7) тармақшасында былай деп бекітілген: "Ешкім өзіне, жұбайына (зайыбына) және ауқымы заңмен айқындалған жақын туыстарына қарсы куәлік беруге міндетті емес. Діни қызметшілер тәубаға келіп, өздеріне сенім білдірген адамға қарсы куәлік беруге міндетті емес". Осы принцип азаматтық сот ісін жүргізуде қолданылады, себебі куәлардың айғақтары арқылы сот тараптардың талаптары мен қарсылықтарын негіздейтін мән-жайлардың бар-жоғын, сондай-ақ істі дұрыс шешу үшін өзге де маңызды мән-жайларды солардың негізінде анықтайтын заңды түрде алынған нақты деректер болып іс бойынша дәлелдеме болып табылады (ҚР АІЖК 64-бабы). Тиісінше бұл принцип ҚР АІЖК-нің 2-тараудың 17-бабында бекітілген. Сотта куә болып іс үшін маңызы бар мән-жайлар туралы қандай да болмасын мәліметтер өзіне белгілі болған тұлға табылады. Адамның айғағы, егер ол өзінің хабардар болу кезін көрсете алмаса, дәлелдеме деп танылмайды. Куә ретінде оларға тәубаға келу кезінде сенім білдірген адамдардан белгілі болған мән-жайлар туралы - дін қызметшілері жауап алуға жатпайды. Адам өз-өзіне, зайыбына (жұбайына) және шеңбері заңмен белгіленетін жақын туыстарына қарсы сотта куәлік айғақ беруден бас тартуға құқылы (ҚР АІЖК 79-бабы). Егер бұл адам сотта куәлік айғақ беруден бас тартпаса, онда оған төрағалық етуші оның куә ретінде құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді және оған көрінеу жалған айғақ бергені үшін қылмыстық жауапкершілік жөнінде ескертеді (ҚР ҚК 352, 353-баптары). Куәдан оған оның құқықтары, міндеттері, жауапкершілігі түсіндірілгендігі туралы қолхат алынады және сот отырысының хаттамасына қоса тіркеледі (ҚР АІЖК 196-баптың 1-бөлігі). Он алты жасқа толмаған куәға судья оған іс бойынша мәлім нәрсенің бәрін шынайы айтып беру міндетін түсіндіреді, бірақ оған жауап беруден бас тартқаны үшін және көрінеу жалған жауап бергені үшін қылмыстық жауапкершілік жөнінде ескертілмейді (ҚР АІЖК 196-баптың 2-бөлігі). Сондықтан, куәлік жауап беру міндетінен босату принципі тек заңмен бекітілген мына: өз-өзіне, зайыбына (жұбайына) және шеңбері заңмен белгіленетін жақын туыстарына қарсы сотта куәлік беруден бас тартуға; оларға тәубаға келу кезінде сенім білдірген адамдардан белгілі болған мән-жайлар туралы - дін қызметшілеріне қатысты жағдайда қолданылады. Біздің пікірімізше, ҚР АІЖК 79-баптың 2-бөлігінің 2) тармақшасына сәйкес, өкілдің немесе қорғаушының міндетін атқаруына байланысты өздеріне белгілі болған мән-жайлар туралы - азаматтық іс бойынша өкілдерге немесе қылмыстық іс бойынша қорғаушыларға куәлік жауап беру міндетінен босату принципін қолдану қажет. Себебі азаматтық іс бойынша өкіл немесе қылмыстық іс бойынша қорғаушы ретінде сотқа қатысатын адвокат "Адвокаттық қызмет туралы" заңның нормаларына сәйкес білікті заң көмегін көрсету бойынша міндетін орындайды және өкілдік беруші немесе қорғаудағы адамның құқықтары мен заңды мүддесін қорғайды. Тиісінше өкілдің немесе қорғаушының міндетін атқаруына байланысты өздеріне белгілі болған мән-жайлар туралы адвокаттар сотта өкілдік берушінің немесе қорғалудағы адамның рұқсатын алмай азаматтық іс бойынша куәлік жауап беру міндетінен босатылады. Білікті заң көмегін алуға құқықты қамтамасыз ету принципі ҚР Конституциясының 13-баптың 3-бөлігіне сәйкес азаматтық сот ісін жүргізуде қолданылады. Бұл принцип ҚР АІЖК 18-бабында бекітіліп, әр адамға азаматтық сот ісін жүргізу барысында белгіленген тәртіпке сәйкес білікті заң көмегін алуға құқығы берілген. Азаматтық процесте іске қатысушылардың еркілеріне байланысты, сондай-ақ кейбір жағдайда заң талаптарына сәйкес, олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, білікті заң көмегін көрсету арқылы, қорғайтын тұлға қатысады. Жан-жақты кәсіби білімі мол, имандылық және іскерлік қасиеттері жоғары қорғаушылар құқық мәселесінің мамандары ретінде өздеріне жүгінген жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың өтініштеріне байланысты құқықтық сипаттағы мәселелер бойынша құжаттар әзірлеп, қажетті заң кеңестері мен түсініктер береді, сот отырыстарына қатысады, басқа да құқықтық көмектер көрсетеді. ҚР АІЖК-не және "Адвокаттық қызмет туралы" заңына сәйкес мемлекетімізде білікті заң көмегін адвокаттар көрсетеді. Адвокат - жоғары заң білімі бар, адвокаттық қызметті жүзеге асыру құқығына лицензия алған, міндетті түрде адвокаттар алқасының мүшесі болып табылатын және "Адвокаттық қызмет туралы" заңымен регламенттелетін адвокаттық қызмет шеңберінде кәсіптік негізде заң көмегін көрсететін Қазақстан Республикасының азаматы. Адвокаттық қызмет шеңберінде адвокаттар көрсететін заң көмегі кәсіпкерлік қызмет болып табылмайды, себебі олардың қызмет бабының негізгі міндеті - азаматтардың және заңды тұлғалардың бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау. ҚР АІЖК 59-баптың 1) тармақшасына сәйкес адвокаттар азаматтық процесте тапсырма бойынша өкілдік етеді. Адвокаттың нақты істі жүргізуге арналған сотта өкілдік ету өкілеттігі заң консультанциясы немесе адвокаттық кеңсе берген ордермен, ал ол өз қызметін дербес жүргізген жағдайда - адвокат клиентпен жасасқан шартпен куәландырылады (ҚР АІЖК 62-баптың 3-бөлігі). ҚР АІЖК 304-бабына сәйкес азаматты әрекет қабілеттілігі шектеулі деп тану туралы арыз қабылданғаннан кейін судья процесте қозғалған іс бойынша азаматтың мүдделерін білдіру және қорғау үшін ресми өкіл-адвокат тағайындайды. Адвокатура туралы заңдармен белгіленген ережелерді бұза отырып, заң көмегін көрсету туралы тапсырма алған адвокаттар сотта өкіл бола алмайды (ҚР АІЖК 60-баптың 2-бөлігі). Сотта өкілдік еткен адвокаттарға көрсеткен қызметі үшін ақы төленеді. Адвокаттың сотта өкілдік ету көмегіне ақы төлеу іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындар қатарына жатқызылған (ҚР АІЖК 107-баптың 8) тармақшасы). Тиісінше адвокаттың сотта өкілдік етуіне ақы төлеу жөніндегі шығындарды өтеу ҚР АІЖК 111-бабында былай делінген: "Пайдасына шешім шығарылған тарапқа сот процеске қатысушы өкілдің көмегіне ақы төлеу жөніндегі өзіне екінші тарап келтірген шығындарды іс жүзінде өзі шеккен шығындар мөлшерінде басқа тараптан алып береді. Ақшалай талап бойынша бұл шығындар қойылған талаптың қанағаттандырылған бөлігінің он процентінен аспауы тиіс. Егер адвокат заң көмегін тарапқа тегін көрсетсе, сот осы бапта аталған шығындарды адвокат бөлген заң консультанциясының, кеңсесінің пайдасына немесе келісім-шарт бойынша жұмыс істеуші адвокаттың пайдасына өндіреді." Заңмен көзделген жағдайда адвокат білікті заң көмегін тегін көрсетеді (ҚР Конституциясының 13-бабының 3-бөлігі, ҚР АІЖК 114-бабы). Істі сотта қарауға дайындау кезінде судья немесе істі қарау кезінде сот азаматтың мүліктік жағдайын негізге ала отырып, оны заң көмегіне ақы төлеуден толық немесе ішінара босатуға және адвокаттың еңбегіне ақы төлеу жөніндегі шығындарды республикалық бюджет есебіне жатқызуға құқылы. Заң консультанциясына, кеңсеге, келісім-шарт бойынша жұмыс істейтін адвокатқа төленуге тиісті сомалардың мөлшері адвокаттар көрсететін заң көмегіне ақы төлеуді реттейтін нормаларға сәйкес белгіленеді. Азаматты заң көмегіне ақы төлеуден толық немесе ішінара босату туралы соттың немесе судьяның ұйғарымы назарға алу үшін заң консультанциясына, кеңсеге, келісім-шарт бойынша жұмыс істейтін адвокатқа және орындау үшін соттың орналасқан жері бойынша қаржы органына жіберіледі (ҚР АІЖК 114-бабы). Осылайша, Қазақстан Республикасындағы адвокатура адамның субъективтік құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін, сондай-ақ заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін, сотта қорғауға және білікті заң көмегін алуға мемлекет кепілдік берген және ҚР Конституциясымен баянды етілген құқығын жүзеге асыруға жәрдемдесуге арналған. Сотта істі қараудың жариялылығы принципі ҚР АІЖК-нің 19-бабында бекітілген. Бұл принцип басқа да принциптер жиынтығымен бірге сотта азаматтық істі дұрыс және уақытылы қарап және шешуге, заңды және негізді шешім шығаруға бағытталған. Осыған орай, соттар бұл принципті кеңінен іске асырып, барлық мүдделі адамдардың, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сот отырысы залына еркін кіруін қамтамасыз етулері қажет. Барлық соттар мен барлық сот сатыларында сотта істі қарау ашық жүргізіледі. Сотта істі қарау ашық жүргізу іске қатысушылардың бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау, заңдылық пен құқық тәртібін нығайту, құқық бұзушылықтың алдын алу болып табылатын азаматтық сот ісін жүргізудің міндеттерінің орындалуына ықпал тигізеді. Сонымен бірге сотта істі ашық жүргізу судьялардың қызметінің сапасының өсуіне септігін тигізеді. Сот отырысының залына, егер іске қатыспайтын адамдар болса немесе куә болмаса, 16 жасқа толмаған азаматтар жіберілмейді (ҚР АІЖК 19-баптың 6-бөлігі). Ашық сот отырысына қатысушы азаматтар процеске қатысушылардың келісімімен және іс бойынша төрағалық етушінің рұқсатымен істі қарау барысын фотоға түсіру, дыбыс және бейне-жазу, тікелей радио және телехабар жүргізу мүмкіндіктерін қолдана алады. Бірақ, бұл әрекеттер сот ісін қарау барысына кедергі келтірмеуі тиіс, ал оның уақытын сот шектеуі мүмкін (ҚР АІЖК 19-баптың 8-бөлігі). Азаматтардың жеке хат алысуы және жеке телеграф байланысы ашық сот отырысы арасында осы хат алысу мен телеграф байланысы болған адамдардың (яғни екі жақтың) келісімімен ғана жария етілуі мүмкін. Бұлай болмаған жағдайда бұл адамдардың жеке хат алысуы мен телеграф байланысы жабық сот отырысында жария етіліп, зерттеледі. Осылай әр азаматтың хат жазысу, почта, телеграф және өзге де хабарлар құпиясына құқығы бұзылмай, заңның қорғауында болады. Аталған ережелер фото және кино құжаттарын, дыбыс және бейне жазбаларды, сондай-ақ техникалық құралдардың көмегімен алынған жеке сипаттағы мәліметтер бар хабарларды зерттеген кезде де қолданылады (ҚР АІЖК 19-баптың 3-бөлігі). Егер мемлекеттік құпияға қатысты мәлімет бар істерді қарағанда, бала асырап алу, жеке, отбасылық, коммерциялық немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияларды, азаматтар өмірінің ашық айтпайтын сырларын сақтауды қамтамасыз етуді сұраған іске қатысушы тұлғаның өтінішін қанағаттандырған кезде, істі ашық қарауға кедергі келтіретін өзге де мән-жайлар болғанда және істі қарау барысында қатысушылар жаппай тәртіп бұзғанда сот жариялылығы шектеледі (ҚР АІЖК 19-баптың 2-бөлігі және 179-баптың 6-бөлігі). Төрағалық етуші соттың жабық отырысында істі қарау кезінде іске қатысушы адамдарды, олардың өкілдерін, ал қажет болған жағдайларда куәларды, сарапшыларды, мамандарды, аудармашыларды қатыстырып, ол туралы дәлелді ұйғарым шығарады. Іс жабық сот отырысында қаралғанда (ашық сот отырысындағыдай) азаматтық сот ісін жүргізудің барлық ережелері сақталу тиіс (ҚР АІЖК 19-баптың 4, 5, 7 бөліктері). Сотта істі қарау барысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету принципі ҚР АІЖК 20-бабында бекітілген. Сотта істі қарау - бұл бірінші сатыдағы сотта іс жүргізудің негізгі бөлігі. Тиісті түрде хабарландырылған іске қатысушылар сот отырысына азаматтық істі қарауына қатысады. Сот отырысы - бұл сотта істі қараудың нысаны. Сот отырысында азаматтық істі қарау кезінде төрағалық етуші іске қатысушылардың түсініктемелерін, куәлардан жауап алады, жазбаша және заттай дәлелдемелерді зерттейді, сарапшы қорытындысын зерттейді. Сотта істі қарау барысында осындай іс жүргізу әрекеттерін жүзеге асыру үшін сот отырысы залында судьяның және қатысып отырған тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Тиісінше ҚР АІЖК 20-бабында былай деп бекітілген: "Сотта істі қарау соттың қалыпты жұмысын және процеске қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жағдайда жүргізіледі. Судьялар мен сот отырысы залында отырған азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында төрағалық етуші істі қарау кезінде қатысқысы келетін адамдарға тексеру жүргізу, оның ішінде олардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, жеке өздерін тексеру және олар алып келген заттарды тексеру туралы өкім бере алады". "Сот приставы туралы" ҚР заңына сәйкес сот отырысы залында тәртіп сақталуды сот приставы қамтамасыз етеді. Осылайша олар сот отырысы залында құқыққа қайшы келетін іс-әрекеттер жасаудың алдын алады, іс бойынша төрағалық етушінің (мысалы, сот отырысында тәртіп бұзған іске қатысушыны сот залынан шығару) өкімдерін орындайды. Сот актілерінің міндеттілігі принципі Қазақстан Республикасы Конституциясының 76-баптың 3-бөлігінде бекітіліп, осы соттардың шешімдері, үкімдері және басқа да қаулылары республикамыздың бүкіл аумағында міндетті болады делінген. Сот - адамдар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғайтын, еліміздің Конституциясы, заңдары және өзге де нормативтік құқықтық актілері, халықаралық шарттары орындалуын қамтамасыз ететін, сот төрелігін жүзеге асыратын мемлекеттік орган. Соттар барлық азаматтық, қылмыстық, әкімшілік сот ісін жүргізіп, Қазақстан Республикасы атынан сот актілерін қабылдайды. Тиісінше қолданыстағы заңнамаларда (Қылмыстық іс жүргізу кодексінде, Азаматтық іс жүргізу кодексінде) белгіленген тәртіп бойынша заңды күшіне енген сот актілері орындалуы міндетті болады. Осылай, сот азаматтық істер бойынша сот актілерін шешімдер, ұйғарымдар, қаулылар мен бұйрықтар нысанында қабылдайды. Заңды күшіне енген сот шешімдері, ұйғарымдары, қаулылары мен бұйрықтары, сондай-ақ соттар мен судьялардың заңды өкімдері, талаптары, тапсырмалары, шақырулары мен басқа да жолданыстары барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, қоғамдық бірлестіктер, басқа да заңды тұлғалар, лауазымды адамдар мен азаматтар үшін бірдей міндетті және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында мүлтіксіз орындалуға тиіс. Сот актісінің міндеттілігі іске қатыспаған мүдделі адамдардың бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгіну мүмкіндігінен айырмайды. Сот актілерін орындамау, сол сияқты сотты сыйламаудың өзге де көрінісі заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғады (ҚР АІЖК 21-бабы). ҚР АІЖК 21-бабы "сот актілерінің міндеттілігі" деп аталғанымен, мұнда сот актілерінен (шешімнен, ұйғарымнан, қаулыдан, бұйрықтан) бөлек соттың өкімдері, талаптары, тапсырмалары, шақырулары мен басқа да жолданыстары аталған. Олар сот актілеріне жатпайды, бірақ сонда да нақты азаматтық істерге қатысты орындалуға тиіс. Соттың үкімін, шешімін, қаулысын және өзге де сот актілерін әдейі орындамау, сондай-ақ олардың орындалуына кедергі жасау қылмыстық жауапқа тартуға әкеп соғады. Борышкердің сот актісін оның белгілі бір бөлігінде орындауға мүмкіндігінің болмауы не толық көлемінде орындай алмауы әдейі орындамау деп қарастырылмайды17. Іс жүргізу әрекеттері мен шешімдеріне шағымдану бостандығы принципі ҚР АІЖК 22-бабында бекітілген. Бұл принцип бойынша іске қатысушы адамдар соттың әрекеттері мен шешімдеріне осы кодексте белгіленген апелляциялық немесе (және) қадағалау тәртіппен шағым жасау (наразылық келтіру), жоғары тұрған сотқа қайта қаратуға құқығы бар. Сондықтан әрбір іске қатысушы адам соттың шешімі, ұйғарымы, қаулысы, бұйрығы заңға сәйкес емес немесе негізді емес деп таныған жағдайда осы сот актілерін қабылдаған соттан жоғары тұрған сотқа апелляциялық немесе (және) қадағалау тәртіппен шағымдана (наразылық келтіре) алады. Азаматтық сот ісін жүргізудің функционалдық принциптері Азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыруда азаматтық сот ісін жүргізу принциптерінің жүйесінде қызмет ету бойынша функционалдық принциптерді белгілеуге болады. Олардың қатарына мыналарды жатқызамыз: заңдылық (ҚР АІЖК 6-бабы); диспозитивтік; тараптардың айтысуы (ҚР АІЖК 15-бабы); тараптардың тең құқықтылығы (ҚР АІЖК 15-бабы); сотта іс қараудың тікелей жүргізілуы (ҚР АІЖК 177-баптың 1-бөлігі); сотта іс қараудың ауызша жүргізілуы (ҚР АІЖК 177-баптың 2-бөлігі). Аталған функционалдық принциптерді жеке қарастырсақ. Заңдылық кеңінен таралған салааралық принцип. Оны әр құқық саласының қоғамдық қатынастарын реттеуінде көруге болады. Азаматтық істер бойынша сот төрелігін атқару кезінде сот және іске қатысушылар Қазақстан Республикасы Конституциясының, азаматтық іс жүргізу заңнамасының және басқа нормативтік құқықтық актілердің талаптарын дәлме-дәл сақтауға міндетті. Осы принцип ҚР АІЖК-нің 2-тарауындағы азаматтық сот ісін жүргізудің принциптері қатарында алғашқысы болып аталған. Соттардың адам мен азаматтың Конституцияда баянды етілген құқықтарына және бостандықтарына қысым жасайтын заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолдануға құқығы жоқ. Егер сот қолданылуға тиісті заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт адам мен азаматтың Конституцияда баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайды деп тапса, ол іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға және Конституциялық кеңеске осы актіні конституциялық емес деп тану жөнінде ұсыныс жасауға міндетті. Сот Конституциялық кеңестің шешімін алған соң іс бойынша іс жүргізу қайта басталады (ҚР АІЖК 6-баптың 2-бөлігі). Судьялар азаматтық істерді мәні бойынша қарап және шешкен кезде қолданыстағы заңдарды және заңдарға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді бұзбай қолданулары қажет. Егер судья заңды бұзғаны анықталса, ол кінәлі деп танылып заңмен белгіленген жауапқа тартылады. Сотта істі қарау кезінде егер қолдануға жататын мемлекеттік органның актісі заңға сәйкес келмейтін болса, онда судья одан күші бойынша жоғары тұрған заң нормаларын қолданады. Егер де нақты тараптар арасындағы құқықтық қатынасты реттеуге қажетті нормативтік құқықтық актілер мүлдем болмаса, судья ұқсас құқықтық қатынастарды реттейтін нормативтік актілер қолданады, ал мұндай нормативтік актілер болмаса құқықтық дауды заңдардың жалпы негіздері мен мағынасын негізге ала отырып шешеді. Сот қарауына заң немесе тараптардың келісімі бойынша істерді шешу жатқызылған болса, онда сот бұл істерде әділдік пен парасаттылық өлшемдерін негізге алу тиіс. Заңдылық принципі тек сотқа ғана қатысты болып қалмай, басқа да азаматтық процеске қатысушы тұлғалар үшін міндетті болады. Сондықтан сот және басқа да азаматтық процеске қатысушы тұлғалар өздерінің қызметтерін жүзеге асыру барысында ҚР АІЖК-нің 5-бабында көзделген міндеттер орындалу үшін қолданыстағы материалдық және іс жүргізу құқық нормаларын қолданады. Жалпы барлық азаматтық істерді қарағанда және шешкенде олар заңға сәйкес болуы тиіс. Заңға сәйкес қабылданған сот шешімі дұрыс болады. Диспозитивтік принцип азаматтық процесте құқықтық дауды мәні бойынша дұрыс қарап және шешу негізінен іске мүдделі тұлғалардың тікелей еркілеріне байланысты болады. Сондықтан әркім өзінің құқығы бұзылған, бостандығы мен заңды мүддесі шектелген жағдайда оны қорғау үшін және қалпына келтіруге сотқа арызбен жүгіне алады. Тіпті бұл Конституцияда баянды етілген әркімнің сот арқылы өздерінің құқықтары мен бостандықтарын қорғауға құқығы (ҚР Конституциясының 13-баптың 2-бөлігі). Сотқа жүгіну құқығынан бас тарту жарамсыз болады. Диспозитивтік принцип іске қатысушылардың өзімен іс жүргізу құқықтары мен материалдық құқықтарға билік етуді түсіндіреді. Бұл принцип тараптарға мынандай құқықтар береді: талап қою мен істі қозғатуға; талап қоюдың негіздемесі мен нысанасын өзгертуге; талап қою талабының мөлшерін ұлғайтуға не азайтуға; талап қоюдан бас тартуға; талап қоюды толық не ішінара тануға; қойылған талаппен толық не ішінара келіспеуге; істі бітімгершілік келісіммен аяқтауға. Тиісінше сот өз бастамасымен талап қоюдың нысанасын немесе негіздемесін өзгертуге құқығы жоқ. Бірақтан тараптардың бұл іс-әрекеттері заңға қайшы келсе немесе басқа біреулердің құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін бұзатын болса, сот олардың талап қоюдан бас тартуын, талап қоюды толық не ішінара тануын қабылдамайды және бітімгершілік келісімін бекітпейді. Диспозитивтік принцип тікелей істер қаралуы азаматтық процестің бір сатысынан келесі сатысына өтуін көрсетеді, яғни бұл дегеніміз, мысалы, істі бірінші сатыдағы сот мәні бойынша қарап және шешім қабылдаса, осы сот шешіміне келіспеушілігін тарап (немесе тараптар) бұл соттан жоғары тұрған апелляциялық немесе (және) қадағалау тәртібімен қайта қарайтын сатыдағы сотқа тиісті (апелляциялық немесе қадағалау) шағыммен (шағымдармен) жүгінеді. Осында апелляциялық не қадағалау шағымын беруде тараптармен өздерінің іс жүргізу құқықтарын қолдануы - диспозитивтік принциптің қолданғаны. Осылайша сот актілерін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қаралуға негіз болатын тараптардың және іске қатысушы басқа да тұлғалардың арызы қабылданса және осы өндіріс жүргізілсе - диспозитивтік принциптің жүргені. Сондай-ақ заңды күшіне енген сот актілерін мәжбүрлеп орындатуға тиісті атқару құжатын сот орындаушыларына беру бұлда диспозитивтік принциптің жүруі. Кейбір заңмен белгіленген жағдайда мемлекеттік және қоғамдық мүдделерді немесе азаматтардың құқықтарын қорғау үшін сотқа арызды прокурор, мемлекеттік органдар және жергілікті өзін-өзі басқару органдары, ұйымдар немесе жекелеген азаматтар бере алады. Яғни олар диспозитивтік принципті жүзеге асырушы тұлғалар болады. Оның екі жағдайы бар: 1-егер құқықтары мен заңды мүдделері қорғалуға жататын тұлғалар дәлелді себептермен өздері сотқа жүгіне алмаса; 2-осы мүдделі тұлғалардың өтініші болса. Бірақ әрекетке қабілетсіз азаматтың мүддесін қорғау үшін оның өтінішіне қарамастан прокурор, мемлекеттік органдар және жергілікті өзін-өзі басқару органдары, ұйымдар немесе жекелеген азаматтар талап қоя алады. Бөгде мүдделерді қорғау үшін талап қойған адамдар, бітімгершілік келісім жасау құқығынан басқа, талап қоюшының барлық іс жүргізу құқықтарын пайдаланады және іс жүргізу міндеттерін мойнына алады. Аталған органдар мен адамдардың талап қоюдан бас тартуы мүдделеріне сай іс қозғалған адамды істі мәні бойынша қарауды талап ету құқығынан айырмайды. Көбінесе диспозитивтік принцип бірінші сатыдағы сотта істі қарау кезінде байқалады. Тараптардың айтысу принципі қазіргі азаматтық сот ісін жүргізудің маңызды принциптерінің біреуі. Бұл принцип сотта іс жан-жақты қарап және шешілуіне, сот шешімі заңды және негізді болып азаматтардың, мемлекеттің және ұйымдардың бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғалуына әсер етеді. Осыған дәлел болатыны айтысу принципіне сәйкес әр тарап өзінің талаптарының және қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуі тиіс (ҚР АІЖК 65-бабы). Сот іске қатысты мән-жайларды дәлелдеуге міндетті емес және оның мұндай іс жүргізу әрекетін жасауға құқығы жоқ. Істі мәні бойынша қарап, осы іс бойынша заңды және негізді шешім қабылдау мақсатында сотта іс қарауда айтысушылықты қамтамасыз ететін, істің нақты мән-жайын анықтауға бағытталған тараптар мен іске қатысушы басқа да тұлғалардың ҚР АІЖК-нің 47-баптың 1-бөлігіне сәйкес: іс материалдарымен танысуға, олардан үзінділер жазып алуға және көшірмелер түсіруге; іс бойынша прокурорға, сарапшыға, маманға, аудармашыға, сот отырысының хатшысына, сот приставына, сот орындаушысына қарсылықтарын мәлімдеуге; жазбаша, заттай және басқа да дәлелдемелер табыс етуге және оларды зерттеуге қатысуға; іске қатысушы басқа адамдарға, куәлерге, сарапшылар мен мамандарға сұрақтар қоюға; өтінім жасауға, соның ішінде қосымша дәлелдеме талап ету туралы өтініш жасауға; сотқа ауызша және жазбаша түсініктемелер беруге; сот процесі барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерін келтіруге; іске қатысушы басқа тұлғалардың өтінімдері мен дәлелдеріне қарсылық білдіруге; сот жарыссөздеріне қатысуға; сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған жазбаша ескертпелер беруге; соттың шешімі мен ұйғарымына шағымдануға; азаматтық сот ісін жүргізу туралы заңдарда берілген басқа да іс жүргізу құқықтарын пайдалануға құқықтары бар. Тараптардың айтысу принципіне сәйкес іс бойынша заңды және негізді шешім қабылдауда нақты рольді атқару сотқа берілген. Сот істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайларды тараптардың және іске қатысушы басқа да тұлғалардың талаптары мен қарсылықтарының негізінде, материалдық және іс жүргізу құқығының қолдануға тиіс нормаларын ескере отырып анықтайды (ҚР АІЖК 66-баптың 2-бөлігі). Сонымен қоса, сот тараптарға және іске қатысушы басқа да тұлғаларға істі дұрыс шешу үшін қажетті қосымша дәлелдемелер табыс етуді ұсынуға құқылы (ҚР АІЖК 15-баптың 2-бөлігі және 66-баптың 3-бөлігі). Қажет болған жағдайда сот өтінім берген адамға дәлелдемені алу үшін сұрату береді. Соттың талап еткен дәлелдемесі бар тұлға оны тікелей сотқа жібереді немесе сотқа табыс ету үшін тиісті сұратуы бар адамның қолына береді (ҚР АІЖК 66-баптың 6-бөлігі). Осында сот іске қатысушыларға дәлелдемелерді жинау мен оны сотқа ұсынуға құқықтық жәрдем көрсетіп отыр. Егер тарап сот сұратқан дәлелдемені өзінде ұстап қалса және оны соттың сұратуы бойынша ұсынбаса, ондағы мәліметтер осы тараптың мүдделеріне қарсы бағытталған деп ұйғарылады және ол тарап таныған деп есептеледі (ҚР АІЖК 66-баптың 10-бөлігі). Бұл принцип азаматтық процестің әрбір сатысында қолданылады және жүзеге асырылады. Тараптардың тең құқықтылығы принципі азаматтық сот ісін жүргізуде өзіне ғана тән белгілері бар принцип. Бұл принцип маңызды мәнде болып, ол азаматтық процестің барлық сатыларында іске қатысушылардың іс жүргізу теңдігін толық қамтамасыз етеді. Осыған байланысты тараптар азаматтық сот ісін жүргізуде өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған бірдей іс жүргізу құқықтарын пайдаланады және бірдей іс жүргізу міндеттерін көтереді (ҚР АІЖК 15-баптың 1-бөлігі). Судья істі сотта қарауға әзірлеуде және сотта істі қарауда тараптар мен іске қатысушы басқа да тұлғаларға олардың іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді. Сот тараптар мен іске қатысушы басқа да тұлғалардың (үшінші тұлғалар, сотқа басқа адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға жүгінген прокурор, мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, ұйымдар) түсініктемелерін тыңдайды және оларды растайтын дәлелдемелер табыс етуді ұсынуға құқылы. Тараптарға азаматтық сот ісін жүргізу барысында өз айқындамасын таңдап алуға, оны қорғау әдісі мен амалдарын дербес және соттан, басқа органдар мен адамдардан тәуелсіз түрде таңдап алуға бірдей іс жүргізу құқықтары берілген (ҚР АІЖК 15-баптың 2-бөлігі). Осыған қатысты, мысалы, тараптар өздерінің талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеу үшін сотқа куәларды шақыртуға, жазбаша мен заттай дәлелдемелер ұсынуға, сараптама тағайындауды өтінуге, іс жүргізу әрекеттерінің хаттамаларымен танысуға және оларға жазбаша ескертпелер беруге, соттың актілеріне шағымдануға және азаматтық іс жүргізу заңнамасымен берілген басқа да іс жүргізу құқықтарын тең пайдалана алады. Талап қоюшы талап қоюдың негіздемесі мен нысанасын өзгертуге құқылы болса, жауапкер талап қоюды тануға және қарсы талап қоюға құқылы болады. Екі жақ (талап қоюшы мен жауапкер) бітімгершілік келісімге келуге құқылы. Сонымен бірге, тараптар мен іске қатысушы басқа да тұлғалар сотқа (судьяға), прокурорға, сарапшыға, маманға, аудармашыға, сот отырысының хатшысына, сот приставы мен сот орындаушысына қарсылық білдіруге құқылы, сондай-ақ өз істерін сотта өздері немесе өкілдері арқылы жүргізуге құқылы. Сот тараптарға бірдей және құрметпен қарайды (ҚР АІЖК 15-баптың 4-бөлігі). Бұл принцип тараптардың айтысу (бәсекелестік) принципімен өте тығыз байланысты, себебі азаматтық сот ісін жүргізу тараптардың айтысуы мен тең құқықтылығы негізінде жүзеге асырылады. Сотта іс қараудың тікелей жүргізілу принципі (ҚР АІЖК 177-баптың 1-бөлігі). Бұл принципке сәйкес сот (судья) істі қарап және шешу кезінде сотқа ұсынылған дәлелдемелерді зерттеу тәсілі мен әдістерін анықтап, оларға тиісті баға береді. Осы мақсатқа жету үшін істі қарау кезінде сот іс бойынша дәлелдемелерді тікелей зерттеуге: тараптардың және іске қатысушы басқа да адамдардың түсініктерін, куәлардың айғақтарын, сарапшылардың қорытындыларын, мемлекеттік органдардың және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қорытындыларын тындауға, құжаттармен танысуға, заттай дәлелдемелерді қарап шығуға, дыбыс жазбаларын тындауға және бейне жазбаларды, кино-, фотоматериалдарды көруге, ақпаратты қайта құрудың өзге де құралдарының материалдарымен танысуға міндетті. Қажет болған жағдайларда іс бойынша дәлелдемелерді зерттеген кезде сот маманның консультациялары мен түсіндірмелерін тындайды. Өйткені судья әрбір дәлелдемені қатыстылығы, жол берілуі, растығы, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктігі тұрғысынан ішкі сенімі бойынша бағалап, заң мен ар-ұятты басшылыққа алып шешім қабылдайды. Сотта іс қарау тұрақты сот құрамымен жүргізіледі, егер судья белгілі себептермен істі қараудан шығатын болса, онда оның орнына басқа судья кіреді, ал сотта іс қарау басынан басталады. Осындай жағдайда судьялар дәлелдемелермен тікелей танысу арқылы іс бойынша әділетті шешім қабылдауға мүмкіндік алады. Бұл іс бойынша ақиқатқа келудін ең тиімді және тез тәсілі болып табылады. Егер де іске қатысты дәлелдемелер соттың тапсырмасы немесе нотариуспен дәлелдемелерді қамтамасыз ету арқылы алынған болса судья оларды тек сот отырысында қарастырады. Сотта іс қараудың ауызша жүргізілу принципі (ҚР АІЖК 177-баптың 2-бөлігі). Бұл принципке сәйкес сотта іс қарау ауызша жүргізіледі. Осылай, мысалы, істі қарау үшін белгіленген уақытта төрағалық етуші сот отырысын ашады және қандай азаматтық іс қаралуға тиіс екенін жария етеді. Сот отырысының хатшысы осы іс бойынша шақырылған адамдардан кімнің келгенін, келмеген адамдарға хабар берілген-берілмегенін және олардың келмеу себептері туралы қандай мәліметтердің бар екенін сотқа баяндайды. Төрағалық етуші келгендердің кім екенін анықтайды, сондай-ақ лауазымды адамдар мен өкілдердің өкілеттіктерін тексереді. Егер іс бойынша аудармашы қатысса, оған оның құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, сот құрамын жария етеді, прокурор, сарапшы, маман, сот отырысының хатшысы, сот приставы ретінде кімдердің қатысатынын хабарлайды және іске қатысушы адамдарға олардың қарсылық білдіру құқығын түсіндіреді (ҚР АІЖК 180-184-баптары). Осы принципке қатысты, оның жүруін белгілеуге болатын нормалар ҚР АІЖК-нің басқа баптарында бар, мысалы, ҚР АІЖК 190-200-баптар. Тіпті, іс бойынша қабылданған сот шешімі ауызша жарияланады (ҚР АІЖК 216-бабы). Істі қарау процесінде судья ауысқан жағдайда істі қарау басынан бастап жүргізілуге тиіс (ҚР АІЖК 177-баптың 2-бөлігі). Бұл дегеніміз әрбір судьяның өз қарауындағы іс бойынша жауапты болатынын және сол істі сотта ауызша қарап (іске қатысушылардың түсініктемелерін, куәлардан айғақтар алу, заттай мен жазбаша дәлелдемелер зерттеу және т.с. іс жүргізу әрекеттерін жүргізумен) шешім қабылдауды түсіндереді. Кейбір іс жүргізу әрекеттері тек жазбаша нысанда ғана жасалады. Осылай, сотта азаматтық істі қозғауға негіз болатын талап арыз (арыз, шағым), осы алғашқы талап қоюмен бірлесіп қарау үшін жауапкердің талап қоюшыға қарсы талабы, тараптардың бітімгершілік келісімі, жазбаша дәлелдемелер, сот актілері (бұйрық, шешім, ұйғарым, қаулы) жазбаша нысанда жасалады. Сонымен қатар, бірінші сатыдағы соттың актісіне іске қатысушылар келіспеген жағдайда апелляциялық шағымдары мен наразылықтарын, қадағалау шағымдары мен наразылықтарын, оларды қарау негізінде жоғары тұрған сотпен қабылданатын апелляциялық және қадағалау қаулылары жазбаша нысанда жасалады. Ал кейде іс жүргізу әрекеттері ауызша да және жазбаша да нысанда жасалады. Мысалы, сот отырысында іске қатысушылармен сот алдында өтінім жасау және оларға қарсылық білдіру, сарапшыларға сараптама қорытынды-лары бойынша және мамандарға өздерінің түсіндірмелері бойынша сұрақтар қою.
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz