Файл қосу

Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің мән - мағынасы



1-тақырып. Азаматтық іс жүргізу құқығы: оның пәні, әдісі, жүйесі 
1. Азаматтық іс жүргізу ұғымы 
2. Азаматтық іс жүргізу (процесс) сатылары 
3. Азаматтық іс жүргізу құқығы. Оның пәні мен жүйесі 
4. Азаматтық іс жүргізу құқығының бастаулары 
5. Азаматтық іс жүргізу құқығының өзге құқық салаларымен өзара байланысы 
6. Азаматтық іс жүргізу құқық ғылымының пәні мен жүйесі 
1-сұрақ. Азаматтық іс жүргізу ұғымы Азаматтық іс жүргізу бұл сот және басқа субъектілер арасындағы азаматтық іс қарау мен шешу кезіндегі құрылатын азаматтық іс жүргізу құқықтың нормаларымен реттелген азаматтық іс жүргізу құқық қатынастар және процессуалдық әрекеттер жиынтығы. Осы іс жүргізудің басты мақсаты  -  бұзылған құқықты қалпына келтіру немесе заңмен қорғалатын мүддені қорғау. Азаматтық іс жүргізу (процесс) соттың, тараптардың (талап қоюшы мен жауапкер), басқа да процеске қатысушылардың (прокурор, өкілдер, сот хатшысы және т.б.) процессуалдық әрекеттерін, олардың іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін жинақтайды. Сотқа, басқа да қатысушыларға процеске қатысу мақсатына жету үшін заңмен белгіленген іс жүргізу құқықтары беріліп, соған сәйкес іс жүргізу міндеттері жүктеледі. Іс жүргізу құқықтар мен іс жүргізу міндеттер процесі барысында жүзеге асырылады. Азаматтық іс жүргізудің нысанына тән белгілер: а) сот істерін қарау және шешу тәртібі алдын ала азаматтық іс жүргізу құқықтың нормаларымен белгіленген; б) істің аяқталуына мүдделі тұлғалар сот мәжілісіне іс қарауына қатысу құқығы бар және өз құқықтары мен мүдделерін қорғауға; в) сот шешімі іс бойынша сот отырысында дәлелдемелер арқылы анықталған деректерге сүйенуі қажет және заңға сәйкес болу керек. ҚР АІЖК-сі соттың қарауына жататын барлық азаматтық істерді төрт түрге бөледі:  бұйрық бойынша іс жүргізу істері;  талап қоюмен іс жүргізу істері;  ерекше талап қоюмен іс жүргізу істері;  ерекше іс жүргізу істері. Азаматтық процестің сатылары бұл келесі мақсаттарға жетуге бағытталған процессуалдық әрекеттер жиынтығы: талап арызды (арызды, шағымды) қабылдау, сот қарауына істерді әзірлеу, сотта іс қарау, сот актілерін шығару және т.б. 
2-сұрақ. Азаматтық іс жүргізу (процесс) сатылары Азаматтық іс жүргізу сатыларын былай бөліп қарастыруға болады:  Іс қозғау сатысы. Сот азаматтық істерді мынандай жағдайларда қарайды:  өзінің құқығын немесе заңды мүддесін қорғауды талап еткен адамның арызы бойынша;  заңда белгіленген реттерде басқа адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды талап етіп, соттан өзіне алатын мемлекеттік басқару органдарының, мекемелердің, кәсіпорындардың, қоғамдық ұйымдардың немесе жеке азаматтардың арызы бойынша. Азаматтық іс талап арыз, арыз не шағым беру арқылы судья сотта азаматтық іс қозғайды және ол бойынша сәйкесті ұйғарым шығарады.  Істі сотта қарауға әзірлеу сатысы. Азаматтық істерді қарағанда арызды қабылдағаннан кейін судья істі сотқа қарауға әзірлік жүргізеді, оның мақсаты  -  істі уақытылы және дұрыс шешуді қамтамасыз ету. Істі сотта қарауға әзірлеу туралы судьяның жеке өзі мынандай әрекеттерді жасайды:  талап қоюшыдан талаптардың мән-жайы жөнінде сұрастырады. Онда жауапкер жағынан болуы мүмкін қарсылықтарды анықтайды, қажет болса, қосымша дәлелдемелер тапсыруды ұсынады, талап қоюшыға оның іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді;  қажет болған реттерде, жауапкерді шақырып, одан істің мән-жайы жөнінде сұрастырады, оның талапқа қандай қарсылықтары бар екенін және бұл қарсылықтарын қандай дәлелдермен қуаттай алатындығын анықтайды, ерекше күрделі істер жөнінде жауапкерге іс бойынша жазбаша түсініктер беруді ұсынады, оған оның іске қатысу құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді;  үшінші тұлғаларды және өзге қатысушыларды іске қатыстыру туралы мәселені шешеді;  іске прокурордың қатысуы туралы мәселені шешеді. Белгіленген тәртіп бойынша хабар-ошарсыз кеткен, ақылының ауысуы немесе есінің кемдігі салдарынан әрекет қабілеттілігі жоқ деп танылған адамдардың, неке бұзу туралы істері бойынша жауапкердің мүліктік құқықтарын қорғау үшін, сондай-ақ балаларының мүдделерін қамтамасыз ету үшін қорғаншы және қамқоршы органдарын процеске қатыстыру мәселесін шешеді. Судья қойылған талаптарды анықтайды, тараптарға және үшінші тұлғаларға қажетті дәлелдемелер жинауға жәрдемдеседі. Егер  қаралатын іс бойынша қажет болса процеске мүдделі тұлғалар, сарапшыларды, аудармашыны, куәларды және т.б. қатыстыру мәселесін шешеді. Судья іс жеткілікті әзірленген деп тапса, оны сот мәжілісінде қарауға тағайындау туралы ұйғарым шығарады.  Сотта іс қарау сатысы. Бұл сатыда сот (жеке дара) сот отырысында іс материалдарын қарайды, істі мәні бойынша шешеді немесе іс бойынша өндірісті қысқартады. Жалпы ереже бойынша шешім қабылдаумен аяқталады.  Заң күшіне енбеген сот шешімдері мен ұйғарымдарына апелляциялық шағым беру және наразылық келтіру арқылы қайта қарау сатысы (апелляциялық өндіріс). Бұл сатыда соттың шығарған шешімімен не ұйғарымымен тараптар, үшінші тұлғалар келіспесе олар осы істі қараған соттан келесі жоғары тұрған сотқа шешім шығарған күннен бастап 15 күн мерзім ішінде апелляциялық шағым бере алады, ал прокурор өзінің наразылығын келтіре алады. Сондай-ақ олар келесі сотқа осы іске байланысты қосымша дәлелдемелерін ұсынуға құқықтары бар. Осы саты бойынша істі қараған сот (алқа, 3 судьядан кем болмау керек) соттық қаулы шығарады.  Сот актілерін орындау сатысы. Бұл сатыда соттың заң күшіне енген актісі (шешімі, ұйғарымы, қаулысы) борышкердің өз еркімен немесе сот орындаушының мәжбүрлеу шарасын қолданылуымен орындалады (жалпы мезімі 2 ай).  Заң күшіне енген сот актілерін қадағалау тәртібі бойынша қайта қарау сатысы (қадағалау өндірісі). Сот шешімінің дәлелсіздігі немесе материалдық немесе іс жүргізудің құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы сол шешімді бақылау ретінде бұзуға негіз болады. Сот істі қадағалау тәртібімен қараудың нәтижесінде кеңесу бөлмесінде мынандай шешімдердің бірін қабылдайды:  Бірінші, апелляциялық, қадағалау сатысындағы шешімді өзгеріссіз, ал шағымды, наразылықты қанағаттандырмай тастайды;  Бірінші, апелляциялық сатыдағы сот шешімінің толық не бөлігіндегі күшін жояды және істі бірініші, апелляциялық сатыдағы сотта жаңадан қарауға жібереді;  Бірінші, апелляциялық сатыдағы сот шешімінің толық не бөлігіндегі күшін жояды және талап-аразын қарамай тастайды не іс бойынша іс жүргізуді қысқартады;  іс бойынша шығарылған шешімдердің біреуін күшінде қалдырады;  бірінші, апелляциялық, қадағалау сатысындағы соттың шешімін өзгертеді не оның күшін жояды, материалдық құқық нормаларын қолдануда және түсіндіруде қате жіберілген болса, істі жаңадан қарауға жібермей, жаңа шешім шығарады. Істі қадағалау тәртібімен қарау кезінде сот істе бар материалдар бойынша шағым, наразылық дәлелді шегінде бірінші, апелляциялық сатыдағы соттар шығарған сот актілерінің заңдылығы мен негізділігін тексереді. Сот құрамы үш судьядан кем болмауы тиіс. Істі қарағаннан кейін сот қаулы шығарады. 7- Заң күшіне енген сот актілерін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау сатысы. Кейбір ғалымдардың пікірі бойынша бұл ерекше саты деп аталады. Шешімдерді жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарауға мыналар негіз болады:  іс үшін елеулі маңызы бар, арыз берушіге белгілі болуы мүмкін емес мән-жайлар;  заңды күшіне енген сот үкімі бойынша анықталған, заңсыз немесе дәлелсіз шешім шығаруға негіз болған куәнің біле тұра берген жалған жауабы, сарапшылардың біле тұра жасаған жалған қорытындысы, аудармашының біле тұра теріс жасаған аудармасы, құжаттардың немесе айғақтық заттардың жалғандығы;  заңды күшіне енген сот үкімі бойынша анықталған, тараптардың, іске қатысушы басқа адамдардың немесе олардың өкілдерінің қылмыстық әрекеттері не болмаса судьялардың осы істі қараған кезде жасаған қылмыстық әрекеттері;  сот шешімін шығаруға негіз болған басқа органның қаулысының бұзылуы. Шешімді, ұйғарымды немесе қаулыны жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы осы шешімді, ұйғарымды немесе қаулыны шығарған сотқа арыз береді. Олар: іске қатысқан адамдар немесе прокурор. Мұндай арызды іске қатысушы адамдар қайта қарау үшін негіз болатын мән-жайлар анықталған күннен бастап үш ай ішінде бере алады. Бұл саты бойынша қайта қарау негіздері ҚР АІЖК-нің 404-бабында көрсетілген. 
3-сұрақ. Азаматтық іс жүргізу құқығы. Оның пәні мен жүйесі Азаматтық іс жүргізу құқығы  -  азаматтық істерді қарап, шешім шығарып және оны орындау тәртібін реттейтін нормалар жиынтығынан тұратын ұлттық құқықтың бір саласы. Ол сот органдарының сот ісін жүргізудегі қызметін, судьялардың қызметін, іс жүргізуге барлық басқа да қатысушылардың қызметіне байланысты туатын қатынастарды реттейді. Азаматтық істер жүргізу тәртібімен ұлттық құқықтың кейбір басқа да салаларынан (еңбектік және т.б.) туып отыратын даулар қаралып, шешіледі. Азаматтық іс жүргізу құқығының нормаларын бұлжытпай сақтап отыру бұл істерді қарап шешетін сот органдарына әрбір істің ақиқатына жетуге кепілдік береді, демек мұның өзі сайып келгенде, жеке адамның құқығын, қоғамның мүддесін, мемлекеттің игілігін пәрменді де жан-жақты қорғауға мүмкіндік береді. Сот төрелегін жүзеге асыруда қоғамдық қатынастарды реттейтін азаматтық іс жүргізу құқығы құқық жүйесінде дербес құқық саласы болып саналады. Азаматтық іс жүргізу құқығының пәні азаматтық іс жүргізу болып табылады. Азаматтық іс жүргізу құқығы мен азаматтық іс жүргізудің пәндерін бір-бірінен ажырата білу керек. Олардың ұғымдарын айта кету керек. Азаматтық іс жүргізу құқық жүйесі екі (Жалпы және Ерекше) бөлімнен тұратынын ескерген жөн. Жалпы бөліміне: жалпы ережелер, азаматтық сот ісін жүргізудің міндеттері мен принциптерін, ведомстволық бағыныстылық және соттылық туралы жалпы ережелерді, іске қатысушы тұлғалар туралы жалпы ережелерді, сот хабарлаулары мен шақырулары туралы жалпы ережелерді, іс жүргізу мерзімдерінің жалпы ережелерін және т.б. жатқызуға болады. Ерекше бөліміне: бірінші сатыдағы сотта іс жүргізуді, бұйрық арқылы іс жүргізуді, талап қою бойынша іс жүргізуді, ерекше талап қоюмен іс жүргізуді, ерекше іс жүргізуді, сот қаулыларын қайта қарау бойынша іс жүргізуді, жойылған сот ісін немесе атқару ісін жүргізуді қалпына келтіруді, халықаралық процесс және т.б. жатқызуға болады. Азаматтық сотта іс қарау саласында құқықтық реттеу әдістері: императивтік және диспозитивтік. Процессуалдық құқықтық кепілдіктер. Азаматтық процессуалдық нормалардың жүйеленуі (класс-я): реттеуші, дефинитивтік, жалпы, арнайы, ерекше, императивтік, диспозитивтік, құқық беруші, міндеттеуші, рұқсат етпеу нормалар. Азаматтық іс жүргізу құқық нормалар құрлымы: гипотезалар (бір жақты, екі жақты, белгіленген, белгіленбеген және т.б.), диспозициялар (жай, сипаттамалы, сілтемелі, бланкеттік), санкциялар түрлері. 
4-сұрақ. Азаматтық іс жүргізу құқығының бастаулары Азаматтық іс жүргізу құқығының бастаулары дегеніміз - азаматтық іс жүргізу әрекеттер тәртібін реттейтін жалпы және деректі ережелер, нормативтік-құқықтық актілер. Азаматтық істерді жүргізу заңдары  -  азаматтық, отбасылық, еңбектік құқықтық қатынастардан туатын даулар жөніндегі істерді, әкімшілік-құқықтық қатынастардан туатын істерді  және ерекше сипаттағы істерді	қарау тәртібін белгілейді. Бұл заңдардың құрамына ҚР АІЖК-сі және басқа заңдар кіреді. Ең алдымен заң күші жоғары ҚР Конституциясы туралы айту керек және оның оннан аса баптары азаматтық іс жүргізу әрекеттерге жататынын ескеру қажет. Мәселен, ҚР Конституциясының 14 бабының 1 бөлігінде былай жазылған: "Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең ". Содан кейін азаматтық іс жүргізу құқығына келесі нормативтік актілердің қандай байланысы бар екенін айту қажет: ҚР сот жүйесі мен судьялар мәртебесі туралы конституциялық заңы, Халықаралық шарттар. Мына азаматтық іс жүргізу құқығының нормалары бар заңдарын (ҚР прокуратурасы туралы, ҚР ҚІЖК, ҚР еңбек туралы, ҚР Атқарушылық іс жүргізу туралы және т.б.) оқып танысу керек. Оған қоса соттық прецеденттер және әдет-ғұрыптарды да жатқызамыз. Азаматтық іс жүргізу құқығының негізгі бастауы  -  ҚР АІЖК-сі танылады. Азаматтық іс жүргізу заңның мерзімдегі және кеңістікте қолданылуы. Заң белгілі бір мерзімде күшіне енеді және оның күші бір мерзімде тоқтатылуы немесе жойылуы мүмкін. Жалпы ережеге сәйкес ҚР-ның заңдары баспасөзде жарияланғаннан кейін, егер олардың өздерінде күшіне ену мерзімі көрсетілмесе, 10 күннен кейін ресми түрде күшіне енеді. Ал заңда көрсетілсе, ол қабылданған мерзімінен бастап күшіне енеді. Мысалы, ҚР АІЖК-сі 1999 жылы 13 шілдеде қабылданды, ал бұл кодекс заң күшіне 1999 жылы 1 шілдеде енді. Азаматтық сот ісін жүргізу іс жүргізу әрекетін орындау, іс жүргізу шешімін қабылдау кезіне қарай күшіне енген азаматтық іс жүргізу заңдарына сәйкес жүзеге асырылады. Жаңа міндеттер жүктейтін, процеске қатысушыларда бар құқықтардың күшін жоятын немесе оларды кемітетін, олардың пайдаланылуын қосымша шарттармен шектейтін азаматтық іс жүргізу заңының кері күші болмайды (ҚР АІЖК 4-бабы 2-бөлігі). Азаматтық іс жүргізу заңы мемлекеттің бүкіл аумағында қолданылады. Жалпы ереже бойынша жаңадан шығарылған заңның кері күші болмайды, егер ол туралы арнайы заңда көзделмесе. Сот қажетті түрде процессуалдық әрекеттер жасау кезінде заң күші бар процессуалдық нормативтік актіні қолданады. 
5-сұрақ. Азаматтық іс жүргізу құқығының өзге құқық салаларымен ара байланысы Азаматтық іс жүргізу құқығын зерттеу үшін мемлекет және құқық теориясы мен тарихының мәні, негізгі қолданатын ұғымдар мен категорияларын еске алу керек. Азаматтық іс жүргізу құқық өзге салалық құқықтық пәндер жүйесінде ерекше орын алады. Құқықтық институттар мен нормалар ара байланысы, ұқсас құқықтық реттеу салалары бар. Қосымша пәндермен ара байланысы. 
6-сұрақ. Азаматтық іс жүргізу құқық ғылымының пәні мен жүйесі Азаматтық іс жүргізу құқық ғылымы  -  азаматтық іс жүргізу мен азаматтық іс жүргізу құқығының маңызды проблемалары бойынша ғылыми білімдер жинақтығы. Азаматтық іс жүргізу құқық ғылымының пәні:  тәжірибеде оның қолданылуымен тығыз байланыстағы азаматтық іс жүргізу құқығының өзі;  азаматтық іс жүргізу құқығының бастаулары;  азаматтық іс жүргізу құқығының тарихы;  шетел мемлекетіндегі азаматтық іс жүргізу құқығы. Азаматтық іс жүргізу құқығы ғылымының жүйесі. Азаматтық іс жүргізу құқығының ғылыми теориялық және тәжірибелік мәні бар бірқатар жалпы сұрақтар қарастырады: құқық пәні, принциптерді (қағидаларды) оқыту туралы, іс жүргізу құқық қатынастары мен оның субъектілерін, талап теориясы туралы, дәлелдеу туралы және т.б. - жалпы бөлімі. Азаматтық іс жүргізудің әр сатысына байланысты маңызды проблемаларын зерттеу, олардың ерекшеліктерін, мәнін қарастыру  -  ерекше бөлім. Ғылым азаматтық іс жүргізу құқығының біртұтас және оның жеке институттарының тарихи дамуын зерттейді. 
2-тақырып. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптері (қағидалары) 
1. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің түсінігі 
2. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің мән-мағынасы 
3. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің жүйесі 
1-сұрақ. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің түсінігі Біздің елімізде жоғары заң күші бар және бүкіл аумақта тікелей қолданылатын Конституция әр адамның, ұйымның бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін сот арқылы қорғау мүмкіндігін бекітеді. Осындай қорғанудың негізгі нысаны  -  азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен істерді қарап шешу. Азаматтық істерді сотта қарап шешуіне көптеген құқық субъектілері қатысады. Олардың барлығы сот ісін жүргізуде оның принциптерін сақтап ұстануға тиіс. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптері сотта тараптар арасындағы құқықтық дауды демократиялық жолымен дұрыс және жылдам шешілуіне үлкен үлесін қосады. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің түсінігін беру үшін ең алдымен жалпы құқық принциптерінен бастаған дұрыс. Принцип латін сөзінде (principium  -  негіз, бастапқы) екі негізгі мағына білдіреді: объективтік (қандай болмасын ғылымның, теорияның негізгі ережелері) және субъективтік (болмысқа қатынасын белгілейтін адамның ішкі қасиеті  -  сендіру). Әрбір құқық саласының ерекшелігі оның принциптерінде көрінісін табады. Құқық теориясында принциптерді құқықта көрсетілген нормативті бастаулар, бастапқы идеялар, негіздер деп қарастырған. Атақты ресейлік  ғалым-заңгер С.С. Алексеевтің пікірінше <<принциптер  -  бұл құқықты тереңінен оның мазмұнын ашады. Принциптерде жалпы құқықтың, сондай-ақ оның нақты салаларындағы сипаттаушы белгілер кристал-данады. Құқық принциптері нақты құқықтық нормаларда анық көрінеді. Олар құқықта кеңінен таралғандай, оның барлық не көбінесе құқықтық нормаларына енгізілген>>1. Құқық принциптері  -  бұл заңнамалармен бекітілген және экономикалық қатынастар дамуымен сипатталатын бастапқы идеялар, негізгі бастаулар. Құқық принциптері қоғамдағы құқықтық реттеуді және құқық жүйесін құрайтын объективті негізделген бастапқы идеялар. Оларды зерттеу арқылы құқықтың әлеуметтік-экономикалық, саяси және өнегелі табиғатының анық сипаттамасын біле аламыз, сондай-ақ жеке құқық салалардың, институттардың және нормалардың мазмұны мен мәнін аша біледі. Тиісті құқық саласына жататын нормалардың көбісі сол саланың принциптерінің дамуының және әсер етуімен қалыптасады. Салалық принциптерді біле, кәсіби заңгер нақты құқық саласының нормаларын түсінетін болады. Солай, азаматтық сот ісін жүргізудің принциптері жайлы білген, жалпы соттағы азаматтық істерді қарап және шешу тәртібін белгілейтін құқықтық іс жүргізу нормаларының құрамы жөнінде хабары болады. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптері құқықтық нормаларда бекітіліп, нақты құқық туралы дауды сот отырысында шешуді, сот пен іске қатысушылардың іс жүргізу құқықтарын және іс жүргізу міндеттерін, қатынастарын белгілейді. Кезінде белгілі ғалым-процессуалист Н.А. Чечина былай деп айтқан: <<Азаматтық іс жүргізу құқығының принциптері осы құқық саланын субъектілер қызметтерінің сипатын және мазмұнын айқындайды>>2. Сонымен қатар, азаматтық іс жүргізу заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, оны жетілдіру шаралары әрқашан оның принциптерін ескере жасалады. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің маңыздылығын соттың құқыққолдану тәжірибесінде байқауға болады. Сотта азаматтық істерді қарайтын және шешетін төрағалық етуші судьялар азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерін басшылыққа алып қолданады. Оларды қолдану арқылы азаматтық істер бойынша сот төрелігі дұрыс және уақытылы атқарылады. Егер сот қолданыстағы заң нормаларында белгілі қатынасты реттеу қарастырылмаған болса, онда мұндай жағдайда ұқсас қатынастарды реттейтін құқық нормаларын қолданады, ал мұндай нормалар болмаған жағдайда оны реттеуге принциптерді қолданады. Осылай, азаматтық сот ісін жүргізудің жеке өзіне тиесілі принциптерін белгілеуге болады. Принциптер әрқашан құқықтық дамуына байланысты өзгеріп, ал оның мазмұны толыға жаңара береді. Сондықтан дамып жатқан қоғамдық қатынастарды реттеуге атсалысады. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерін ғылыми зерттеулерімен айналысқан ғалымдар аз емес. Олардың қатарына еңбектерімен көпшілікке белгілі ғалымдар М.Г. Авдюков, З.Х. Баймолдина, А.Т. Боннер, Р.Е. Гукасян, М.А. Гурвич, П.Ф. Елисейкин, С.З. Зиманов, В.М. Семенов, А.К. Сулейменов және т.б. жатқызуға болады. Көптеген авторлардың ой-пікірі бойынша құқық принциптері  -  бұл белгілі жинақтау жұмыстарының нәтижесі, ғалымдардың творчестволық сана тұжырымдамасы, олардың қалыптасқан қоғамдық өмірдегі болмыстарға көзқарастары болып табылатын негізгі ережелер, бастапқы идеялар. Құқық ғылымында идея ұғымы жалпы құқықтық, салалық және салааралық принциптермен тығыз байланыста. Сондықтан азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерін азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру туралы бастапқы идеялар деп түсінеміз. Осылай азаматтық сот ісін жүргізудің принциптері дегеніміз азаматтық іс жүргізудің демократиялық және қайырымдылық мәнін ашатын, оны құрайтын процессуалдық нормалар, сатылар және институттарды анықтайтын, сондай-ақ азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыруда мемлекетпен қойылған мақсат пен міндеттерді орындауға азаматтық іс жүргізу қызметін бағыттайтын, азаматтық іс жүргізу құқығымен бекітілген бастапқы идеялар. 
2-сұрақ. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің мән-мағынасы Құқық принциптерінің мәнін дұрыс түсіну үшін олардың тек мазмұнын ғана емес, олардың құрылымын білу қажет. Бұл құрылым үш компоненттен тұрады: 1-құқықтық сана жөнінде нақты түсінігі, сонымен қатар құқықтық ғылымда судьялардың және басқа да заңгерлердің құқықтық санасынан; 2-тиісті ережелерді қолданыстағы заңнамада бекіту; 3-құқық принциптері нақты қоғамдық қатынастарында жүзеге асырылуы (біздің жағдайда, азаматтық істерді қарап және шешу барысында сот қызметінде). ҚР АІЖК-де сот пен іске қатысушылар арасындағы қатынасты реттеуге, сондай-ақ нақты азаматтық істі шешуге бағытталған азаматтық сот ісін жүргізудің принциптері құқықтық нормаларда бекітілген. Олар азаматтық іс жүргізу құқығының жеке зерттеу құқық институты болып танылады. Азаматтық іс жүргізу құқық саласында құқықтық нормалар қабылдау және қолдану қызметінде азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің мәні зор екенін байқауға болады. Азаматтық сот ісін жүргізу міндеттерін орындаудың бастапқы шарты ретінде азаматтық сот ісін жүргізу принциптерін сақтау және оларға сәйкес іс жүргізу әрекеттерін сот және басқа да іске қатысушыларымен жасау болып танылады. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің мән-мағынасы туралы дұрыс көрініс алу азаматтық іс жүргізу құқық саласының дамуына және азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыруына соттардың қызметін жетілдіру үшін қажет. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптері соттармен құқықтық нормаларды дұрыс түсіну мен қолдануына септігін тигізеді, заң шығару тәжірибесі үшін негіз қалаушы болып табылады. Сондықтан азаматтық іс жүргізу құқық саласында мазмұны бойынша жаңа құқық нормаларын әзірлеп қабылдауына және қолданыстағыларын өзгертіп жаңартуына принциптер үлкен үлес қосады. Қазіргі Қазақстанның даму кезеңінде азаматтық сот ісін жүргізу принциптерін бұзбай қолдану және олардың кеңінен таралуы демократиялық және құқықтық мемлекет болуына кепілдік ететіні даусыз. Құқық нормаларын қолдану сот қызметінде іс жүргізу нормаларын дұрыс түсінуге және қолдануға азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің мәнін білмеу мүмкін емес. Тек қана азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің мән-мағынасын біліп түсінген іс бойынша төрағалық етуші судья және басқа да қатысушылар өздерінің іс жүргізу құқықтарын дұрыс пайдаланады және іс жүргізу міндеттерін дұрыс орындай алады. Осылай, азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыруда сот, іске қатысушылар және тағы басқалары ҚР АІЖК-де белгіленген мынандай нормаларды ескеру тиіс:  істерді шешу кезінде соттың заңды бұзуына болмайды және ол заңсыз сот актілерінің күшін жоюға әкеп соғады. Заңның бұзылуына кінәлі судья заңда белгіленгендей жауапты болады (6-баптың 3-бөлігі);  азаматтық сот ісін жүргізу принциптерін бұзу оның сипаты мен маңыздылығына қарай, шығарылған сот актілерінің күшін жоюға әкеп соғады (23-бап). Басында жазылғандай, бірқалыпты және өзгермейтін құқық принциптері болмайды. Сондықтан қолданыстағы заңнамамен бекітілген азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерін жалпы жиынтығы бойынша зерттеуге жатқызылады. 3-сұрақ. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің жүйесі Азаматтық іс жүргізу құқық нормаларымен реттелген азаматтық сот ісін жүргізу бастапқы идеяларға, негіздерге сүйене құрылады. Осы азаматтық сот ісін жүргізудің бастапқы идеялары (принциптері) азаматтық істер бойынша сот төрелігінің тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді. Барлық азаматтық сот ісін жүргізудің принциптері жиынтығы бойынша бір-бірімен тығыз байланыс құрып және бір-бірін толықтыра біртұтас жүйе (грек тілінен systema  -  бөлектерден құрылған тұтас байланыс) құрайды. Жүйе дегеніміз нақты тұтастықты құрайтын, бір-бірімен тиісті қатынаста болатын көптеген элементтер. Солай, азаматтық сот ісін жүргізу бір-бірімен байланыстағы принциптердің жиынтығын құрайды. Тиісінше принциптер өзара байланыс пен қатынаста болып жүйе құрайды. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің жүйесі объективті сипатта болуына қарамастан, заң әдебиеттерінде оның құрамы және осы жүйеге кіретін кейбір жеке принциптердің атауы бойынша бірқатар ой-пікір бар. Бір тұтас жүйеде орналасқан азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің әрқайсысы азаматтық іс жүргізу құқығының мазмұнын ашады. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптер жүйесі санына қарай құрылған жоқ, олардың әрқайсысы өздерінің қызмет атқару, мағынасы және сипаты бойынша жинақталған. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің атаулары мен көлемі өздігінен өзгермейді. Әдетте, азаматтық сот ісін жүргізудің принциптері республикамыздың Конституциясында, ал басқалары ҚР АІЖК-де бекітілген. *Принциптер мазмұндары  -  қолданыстағы заңнама баптарында және оның тармақтары мен бөлшектерінде белгіленген ережелер. Мысалы, ҚР АІЖК 65-бабы айтысу қағидасының мазмұның құрайды. Негізінен принциптер азаматтық сот ісін жүргізудің мәнін білдіре, азаматтық іс жүргізу құқығының маңызды институты болып танылады. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптері жинақталған тәрізді біртұтас жүйеде орналасқан. Жүйеде орналасқан азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің біреуінің бұзылуы басқа онымен байланыстағы принциптердің бұзылғандығын білдіреді және нақты азаматтық істер бойынша қабылданған сот шешімінің заңсыздығына әкеп соқтырады, тиісінше оның күшін жоюға әкеледі. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерін әртүрлі үш негіздер бойынша жіктеуге болады. Құқық ғылымында мұндай жіктеудің бірқатар жеке белгілері аталған. Біріншіден, нақты принцип бекітілген нормативтік қайнар көзіне қатысты жіктеледі. Тиісінше Қазақстан Республикасының Конституциясымен немесе ҚР АІЖК-мен бекітілген азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерін белгілеуге болады. Бірақ, Конституцияда бекітілмеген (конституциялық емес) принциптер өзге де принциптерден басымды болмайды, себебі оларда құқыққабылдау (заң шығару) және құқыққолдану (соттың тәжірибелік қызмет) саласында  қажетті және міндетті деп танылған. Сонымен бірге, принциптерді бұлай жіктеу өзінің негізсіздігін білдіреді, яғни Конституцияның тиісті нормаларымен бекітілген (конституциялық деген) принциптер көрінісін Конституция негізінде қабылданған басқа заң нормаларында көзделген. Бұл заң нормаларында бекітілген принциптерді конституциялық емес деп атауы дұрыс емес, себебі олар Конституцияға сәйкес қабылданған нормативтік құқықтық актілер. Екіншіден, нақты принциптер бір немесе одан да көп құқық салаларында қолдануына байланысты заңтануда: 1) жалпы құқықтық, 2) салааралық, 3) салалық, 4) құқықтық институттар принциптеріне бөлінеді3. Басқа ғалымдар институтаралық және салаға тәуелді принциптерді белгілейді4. Принциптерді осылайша жіктеу негіздері дауласуға жатпайды және оларды орынды деуге болады. Бірақтан, жалпы құқық теориясы бойынша принциптерді жіктеу негіздерін қолданғанмен азаматтық сот ісін жүргізудің принциптер сипаты бойынша осылай жіктеу оның барлық мәнін ашпайды. Ескергеніміз жөн, <<іс жүргізу құқығының принциптерін жіктеудің әрбірі шарты, себебі барлық принциптер болуында және қолдануында бір-бірімен байланысты және бір-бірін толықтыруда>>5. Үшіншіден, көптеген ғалым-процессуалистер пікірінше іс жүргізу принциптері реттеу объектісі бойынша екі топқа бөлініп жіктеледі: ұйымдастырушылық және функционалдық6. Теория бойынша барлық азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерін құқықтық реттелуге жататын объектісі бойынша екі топқа бөліп қарастыруға болады: соттың және іс жүргізуге қатысушылардың іс жүргізу әрекеттерін анықтайтын (функционалдық) және сот төрелігін жүзеге асыруды ұйымдастыру принциптері (ұйымдастырушылық). Осы негіздер бойынша ҚР АІЖК-нің нормаларымен белгіленген сот ісін жүргізудің принциптерін жіктеуге болады. Жоғарыда көрсетілген азаматтық сот ісін жүргізу принциптерін жіктеу, өзге де белгілермен жіктеулер сияқты, шартты. Ғылымда басқа да белгілер бойынша азаматтық сот ісін жүргізу принциптері жіктеледі7. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің жүйесі іс жүргізу құрылымын, іс жүргізу әрекеттердің механизмін, оның мазмұнын, іс жүргізу әрекеттердің нысанын, істер бойынша қабылданатын шешімдердің заңдылығы мен әділеттігіне кепілдік етеді. Қазіргі кезеңде азаматтық сот ісін жүргізудің принциптері жүйе құрып, жетілдіру жолында екенін атау қажет. Азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыруды ұйымдастыру принциптері Азаматтық істер бойынша сот төрелегін жүзеге асыруды ұйымдастыру принциптері қатарына мыналарды жатқызуға болады:  сот төрелігін тек қана соттың жүзеге асыруы (ҚР Конституциясының 75-бабы, ҚР АІЖК 7-бабы);  адамның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сотта қорғау (ҚР Конституциясының 13-бабының 2-бөлігі, ҚР АІЖК 8-бабы);  жеке адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу (ҚР Конституциясының 17-бабы, ҚР АІЖК 9-бабы);  жеке өмірге қол сұғылмаушылық. Хат жазысудың, телефон арқылы сөйлесудің, почта, телеграф және өзге де хабарлардың құпиясы (ҚР Конституциясының 18-бабы, ҚР АІЖК 10-бабы);  меншікке қол сұғылмаушылық (ҚР Конституциясының 25-бабының 1-бөлігі және 26-бап, ҚР АІЖК 11-бабы);  судъялардың тәуелсіздігі (ҚР Конституциясының 77-бабының 1-2 бөліктері және 79-бап, ҚР АІЖК 12-бабы);  барлық адамдардың заң мен сот алдындағы теңдігі (ҚР Конституциясының 14-бабы, ҚР АІЖК 13-бабы);  азаматтық істерді сотта жеке-дара және алқа сот құрамымен қарау (ҚР АІЖК 37-бабы);  сот ісін жүргізу тілі (ҚР Конституциясының 7-бабы, ҚР АІЖК 14-бабы);  дәлелдемелерді ішкі сенім бойынша бағалау (ҚР АІЖК 16-бабы);  куәлік жауап беру міндетінен босату (ҚР АІЖК 17-бабы);  білікті заң көмегін алу құқығын қамтамасыз ету (ҚР АІЖК 18-бабы);  сотта істі қараудың жариялылығы (ҚР АІЖК 19-бабы);  сотта істі қарау барысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету (ҚР АІЖК 20-бабы);  сот актілерінің міндеттілігі (ҚР Конституциясының 76-бабының 3-бөлігі, ҚР АІЖК 21-бабы);  іс жүргізу әрекеттері мен шешімдеріне шағымдану бостандығы (ҚР АІЖК  22-бабы). Міне осы жоғарыда аталған принциптерді жеке қарап, азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыруда қолдануларын көрсетейік. Сот төрелігін тек қана соттың жүзеге асыруы (ҚР Конституциясының 75-бабының 1-бөлігі, ҚР сот жүйесі мен судьялар мәртебесі туралы конституциялық заңының 1-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасы, ҚР АІЖК 7-бабы). ҚР Конституциясы мен ҚР сот жүйесі мен судъялар мәртебесі туралы конституциялық заңы республикамыздың бүкіл аумағында сот билігін іске асырудың негізгі және маңызды нысаны сот төрелігін жүзеге асыру болып табылатынын бекітеді. Сот төрелігі туралы ұғымның көптеген анықтамаларын заң әдебиеттерінде оқып танысуға болады. Бірқатар авторлардың пікірінше сот төрелігі сот отырыстарында іс жүргізу тәртібімен жасалатын арнайы мемлекеттік органдардың материалдық нормаларын қолдана отырып, азаматтық, қылмыстық және өзге істерді қарау және шешу бойынша қызметі болып табылады8. Х.Ю. Ибрагимовтың пікірінше, сот төрелігі  -  адам мен азаматтың, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың, лауазымды адамдардың аса маңызды құқықтары мен заңды мүдделерін жүзеге асыруға тікелей қатысы бар құқық қорғау қызметінің функциясы9. Ал белгілі ғалым-процессуалист З.Х. Баймолдинаның айтуынша, сот төрелігі  -  азаматтық, қылмыстық және заңмен белгіленген өзге де сот ісін жүргізу нысаны арқылы сот билігін жүзеге асырудың нысаны10. Сот төрелігі сот билігін жүзеге асырудың негізгі нысаны бола отырып, сот отырыстарында судьямен (сотпен) азаматтық іс жүргізу, әкімшілік іс жүргізу және қылмыстық іс жүргізу заңнамасы белгілеген тәртіппен азаматтық, әкімшілік және қылмыстық істерді сот ісін жүргізу нысанында қарауды және шешуді түсіндіреді. Солай, мұндай соттың биліктік өкілеттілігін кімнің де болса иеленуі заңда көзделген жауаптылыққа әкеліп соғады (ҚР АІЖК-нің 7-бабының 1-бөлігі). Сәйкесінше заңнамада қандай да бір атаулармен арнайы және төтенше соттар құруға жол берілмейтіндігі көрсетілген, сондай-ақ мұндай соттар шешімінің заң күші болмайтыны және орындалуға тиісті еместігі көзделген. Өз қарауына жатпайтын іс бойынша азаматтық сот ісін жүргізуді жүзеге асырған, өз өкілеттігін асыра пайдаланған немесе азаматтық іс жүргізу кодексінде көзделген азаматтық сот ісін жүргізу принциптерін өзгеше түрде елеулі бұзған соттың шешімдері заңсыз болады және олардың күші жойылуы тиіс (ҚР АІЖК-тің 7-бабының 3-бөлігі және 23-бабы). Азаматтық істер бойынша сот төрелігін атқару қорытындысы бойынша қабылданатын, заң әдебиеттерінде сот төрелігі актілері деп аталатын сот шешімдері, ұйғарымдары, қаулылары және бұйрықтары заңнамаға сәйкес ерекше сипатта болады. Олардың барлығы  -  жалпыға міндетті. Азаматтық істер бойынша қабылданған және заңды күшіне енген сот актілері барлық мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар, кәсіпорындар мен мекемелер, лауазымды адамдар мен азаматтар үшін міндетті және Қазақстан Республикасының барлық аумағында орындауға жататынын білдіреді. Сот актілерін орындамаған немесе орындалуына кедергі жасаған кінәлі тұлға заңды жауаптылыққа тартылады. Азаматтық істер бойынша сот төрелігі, мемлекеттік қызметтің бір түрі ретінде, ҚР АІЖК-мен егжей-тегжейлі регламенттелетін қатаң рәсімделуді сақтау арқылы жүзеге асырылады. Тек сот отырысында ғана сот жеке не заңды тұлғалардың бұзылған құқықтарын, мемлекеттің, қоғамның мүддесін қорғау үшін талап бойынша шешім (қаулы, ұйғарым) қабылдауға құқылы. Бірінші сатыдағы сотпен қабылданған шешімді апелляциялық не қадағалау тәртіптерімен жоғары тұрған сот алқасы қайта қарап оның күшін жоя алады. Республикамызда мамандырылған ауданаралық экономикалық және әкімшілік соттардың құрылғандығы белгілі. Келесі кезекте алқалы соттар құру мәселелесі тұр. Соттарда бүгінгі заман талабына сай <<мамандану>> процесі жүріп жатыр. Осының бәрі, түйіндегенде, сот төрелігін жүзеге асырудың сапасын жоғарлатуға бағытталған шаралар екенінің белгісі. Жоғарғы соттың судьялары да бұл бағытта үлкен қызмет етіп жатқанын айтуға болады, яғни сот тәжірибесі бойынша жалпы отырыстарда қаралып, баспасөзде жарияланатын нормативтік қаулылар қабылдануы. Адамның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сотта қорғау принципі ҚР Конституциясының 13-бабының 2-бөлігінде <<Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар>>, - деп көзделіп, азаматтық сот ісін жүргізуде қолдануына маңызды екенін түсіндіреді. Өзінің құқығы мен бостандығын қорғау үшін сотқа жүгіну әрбір тұлғаның құқығы. Адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау сот билігінің өкілеттігін жүзеге асырудың басты бағыты болып табылады. Сотқа арыз (талап арыз, шағым) беріліп және оны сот қабылдаған кезде ғана сотқа жүгіну құқығы жүзеге асырылады. Әрбір азамат, заңды тұлға және мемлекеттік органдар бұзылған немесе даулы конституциялық құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау үшін АІЖК-мен белгіленген тәртіпте сотқа арызбен (талап арызбен, шағыммен) жүгіне алады. Барлық жеке не заңды тұлғаның бұзылған немесе даулы құқықтарын, заңды мүдделерін сот арқылы қорғауға тең мүмкіндігі бар. Сотқа арызбен жүгіну арқылы азаматтық, отбасылық, еңбек, тұрғын үй, әкімшілік, қаржы, шаруашылық, жер құқықтық қатынастарынан, табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі қатынастардан және басқа да құқықтық қатынастардан туындайтын даулар бойынша істерді, сондай-ақ ерекше жүргізілетін істерді сот (жеке-дара немесе алқа құрамы) қарайды және шешеді (ҚР АІЖК 2-баптың 3-бөлігі). Кез келген сот арызды қабылдап, істі қарамайды және шешпейді. Себебі ҚР АІЖК-де бекітілген нормаларға сәйкес әр азаматтық іс соттылығына байланысты сотпен қаралады және шешіледі. Соттылық  -  соттар арасында белгілі азаматтық істер қарастыру өкілеттіктерді бөлу. Тиісінше азаматтық істер соттылығы азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен белгіленеді. Ешкімге өзінің келісімінсіз ол үшін заңда белгіленген соттылығын өзгертуге болмайды. Жоғары тұрған соттың өзінен төменгі соттың жүргізетін ісін тараптардың келісімінсіз алып қоюға және оны өзінің іс жүргізуіне қабылдауға құқығы жоқ (ҚР АІЖК 8-баптың 3-бөлігі). ҚР АІЖК-нің кейбір нормаларының өзгеруіне және оларды сот тәжірибесінде біркелкі қолдану қажеттілігіне байланысты ҚР Жоғарғы сотының жалпы отырысы қаулы етті: <<Соттар арасында нақтылы істің соттылығы туралы дау туындаған жағдайда жоғары тұрған соттың судьясы іске қатысушы адамдарды оның қаралатын орны мен уақыты туралы хабардар етпестен және соттың істі басқа соттың өндірісіне жіберу туралы ұйғарымын бұзбай, істің нақтылы қай соттың қарауына жататыны туралы ұйғарым шығарады>>11. Кез келген жеке тұлға субъективтік құқықтарын, заңды мүдделерін сотта тікелей өзі қатысуы арқылы немесе өкілдер қатысуы арқылы қорғауға құқылы. Жеке тұлғаның өзінің сотқа қатысуы оның бұл іс бойынша өкілі болу құқығынан айырмайды. Заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдардың құқықтары мен заңды мүдделерін сотта олардың органдары және тиісті өкілеттіктер берілген олардың өкілдері қорғауға құқылы (ҚР АІЖК 58-бабы). ҚР АІЖК 8-баптың 2-бөлігіне сәйкес прокурор өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында және азаматтардың, заңды тұлғалардың құқықтарын, қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді қорғау үшін талап қойып (арыз беріп) сотқа жүгінуге құқылы. Әрбір азамат, заңды тұлға, мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы, прокурор сотқа жүгіну құқығынан бас тарта алады, егер заңға қайшы келмесе немесе әлдекімнің құқығын және заңды мүддесін бұзбаса (ҚР АІЖК 8-баптың 4-бөлігі). Егер тараптар өзара сотқа жүгіну құқығынан бас тарту туралы келісім-шартқа қол қойса - ол заңсыз деп есептеледі. Қазақстан Республикасының азаматтық сот ісін жүргізу заңнамасы әрбір адамға сотқа жүгіну құқығын жүзеге асыруына барлық мүмкіндік жасап, оны қамтамасыз етеді. Жеке адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу принципі Қазақстан Республикасының үш нормативтік құқықтық актілерінде: ҚР Конституцияның 17-бабында, ҚР АК (Жалпы бөлімі) 15-баптың 9-бөлігінде және 143-бабында, АІЖК-нің 9-бабында бекітілген. Бұл нормативтік құқықтық актілер адамның қадір-қасиетін, ар-ожданын қорғау мүмкіндіктерін белгілейді. ҚР Конституциясының 17-бабына сәйкес адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмаушылық  жөнінде міндет бекітілген. Адамды қинауға, оған күш қолдануға, басқа да  қатал не адамның қадір-қасиетін қорлайтын қатынас пен жазаға тыйым салынады. Заң әдебиеттер бетінде адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмаушылыққа қатысты мынандай пікір айтылады: << Ол әрбір адамның жеке басының бағасын, оның адамгершілік принциптері мен соған қатысты әрекеттеріне негізделген ой жүйесін мойындауды аңғартады. Адам адамгершілік құндылықтар мен ойшылдық қасиеттерінің иесі ретінде танылады. Адамның қадір-қасиеті оның қоғамдағы орнына, атағына, тұрмыс қалпына, кәсіпқойлығына және басқа жағдайларға байланысты. Әрбір адам сый-құрмет пен мойындауға және дербес ой мен әрекет құқығына лайық>>12. ҚР АК-нің (Жалпы бөлімі) 15-баптың 9-бөлігіне сәйкес азаматтың есімі оның абыройына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін әдістермен немесе сондай нысанда бұрмаланған не пайдаланылған жағдайда осы Кодекстің 143-бабында көзделген ережелер қолданылады. Осылай, азамат немесе заңды тұлға өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне кір келтіретін мағлұматтарды, егер ондай мағлұматтарды таратушы адам олардың шындыққа сай екендігін дәлелдей алмаса, сот арқылы теріске шығаруды талап етуге құқылы (ҚР АК (Жалпы бөлімі) 143-баптың 1-бөлігі). Азаматқа немесе заңды тұлғаға қатысты олардың ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне кір келтіретін мағлұматтар таратылған болса, олар мұндай мағлұматтарды теріске шығарумен бірге олардың таратылуымен өздеріне келтірілген залалдың немесе моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқылы (ҚР АК (Жалпы бөлімі) 143-баптың 6-бөлігі). Егер азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне кір келтіретін мағлұматтарды таратушыны анықтау мүмкін болмаса, өзі жөнінде осындай мағлұматтар тараған адам таратылған мағлұматтарды шындыққа сай келмейді деп тану туралы сотқа жолдануға құқылы (ҚР АК (Жалпы бөлімі) 143-баптың 7-бөлігі). ҚР АІЖК-нің 9-бабына сәйкес азаматтық іс бойынша іс жүргізу кезінде азаматтық процеске қатысушы адамның ар-ожданын қорлайтын немесе қадір-қасиетін кемсітетін шешімдер мен іс-әрекеттерге тыйым салынады. Адамның қадір-қасиетін қорлау арқылы алынған іске қатысты нақты деректер сотпен делелдемелер ретінде танылмайды. Азаматтық сот ісін жүргізу барысында мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерінен адамға келтірілген моральдық зиян заңда белгіленген тәртіппен өтелуге тиіс. Республикамыздағы жергілікті соттармен азаматтық сот ісін жүргізу кезінде азаматқа келтіріген моральдық зиянның орнын толтыру заңнамасын дұрыс қолданып игеру үшін <<Моральдық зиянның  орнын толтыру туралы заңнаманы соттармен қолдану жөнінде>> ҚР ЖС-ның № 3 нормативтік қаулысы 2001 жылы 21 маусымда қабылданған болатын. Сондықтан азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді сот қарайды және шешеді, сонымен қатар соттың өзі де іске қатысушы адамның ар-ожданын қорлайтын немесе қадір-қасиетін кемсітетін шешім қабылдамауы тиіс. Жеке өмірге қол сұғылмаушылық. Хат жазысудың, телефон арқылы сөйлесудің, почта, телеграф және өзге де хабарлардың құпиясы. Бұл принцип әркімнің жеке өміріне еріксіз араласуға жол берілмейтіндігі ата-аналарға, құрбы-жолдастарына, мемлекеттік органдарына, қызмет басшыларына және басқа адамдарға құқық субъектілігі бар жеке немесе заңды тұлғалардың өзіндік мүліктеріне билік етуіне, жеке банктік салымдары мен жинаған ақша-қаражаттарын және өзге тапқан табыстарын пайдалануына, жазысқан хаттарына, телефон, почта, телеграф арқылы және басқа да жолдармен алысқан хабарларына ықпал етуге тыйым салуды түсіндіреді. Бұл принцип ҚР Конституциясының 18-бабында бекітіліп, қолданыстағы материалдық құқық пен іс жүргізу құқық нормаларында тиісінше көрінісін тапқан. Осылай, ҚР АК-нің (Жалпы бөлімі) 144-бабына сәйкес: <<Азаматтың жеке бас құпиясын, оның ішінде хат алысу, телефон арқылы сөйлесу, күнделіктер, естеліктер, жазбалар, ішкі жан сыры, бала асырап алу, туу құпиясы, дәрігерлік, адвокаттық құпияны, салымдар құпиясын сақтауға құқығы бар. Жеке бас құпиясы заң құжаттарында белгіленген реттерде ғана ашылуы мүмкін. Күнделіктерді, жазбаларды, естеліктерді және басқа құжаттарды жариялауға  -  олардың авторының келісімімен, ал хаттарды олардың авторы мен алушысының келісімімен ғана жариялауға жол беріледі. Олардың қайсыбірі қайтыс болған жағдайда аталған құжаттар қайтыс болған адамның артында қалған жұбайының және балаларының келісімімен жариялануы мүмкін>>. Міне, осы азаматтардың және заңды тұлғалардың құқықтары заңның қорғауында болады. Бірақ ҚР АІЖК 10-бабына сәйкес азаматтық процесс барысында бұл құқықтарды шектеуге заңда тікелей белгіленген жағдайлар мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі. Бұл дегеніміз, сотта істі қарау кезінде құқықтық дауды шешу немесе заңды маңызы бар фактілерді анықтау үшін қажетті азаматтардың немесе заңды тұлғалардың жеке, отбасылық, коммерциялық немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияларды олардың өтініштері бойынша жабық сот отырысында жария ету. Сот (судья) сотта азаматтық істерді қарап және шешкен кезде осы принциптің бұзылмауын бақылайды. Меншікке қол сұғылмаушылық принципі ҚР Конституциясында, ҚР АК-де (Жалпы бөлімі), ҚР АІЖК-де көзделген. Меншік - өндіріс құралдарын иелену және қоғамда жасалған материалдық және материалдық емес игіліктерді бөлісу жөніндегі объективті қоғамдық қарым-қатынастары. Қазақстанның барлық аумағында мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады және бірдей қорғалады (ҚР Конституциясының 6-бабы). ҚР Конституциясында <<меншік>> ең алдымен адам және азаматтың негізгі құқықтарының бірі  -  заңды түрде алған қандай да болсын мүлкіне иелік ету, пайдалану және меншігінде ұстай алу (ҚР Конституциясының 26-бабы) құқығын айқындайды және бекітеді13. Еліміздің атақты М.К. Сүлейменов, Ю.Г. Басин цивилистерінің пікірінше қараудағы принциптің маңыздылығы мынада  -  меншік елдің бүкіл экономикалық жүйесінің іргетасы болып табылады. Бұл принцип мемлекетке мемлекеттік емес меншікке қатысты барлық қатынастарға араласуға мүмкіндік берген бұрынғы нұсқаулардан бас тартуды білдіреді14. Меншікке заңмен кепілдік беріледі. Соттың шешімінсіз ешкімді өз мүлкінен айыруға болмайды (ҚР АІЖК 11-бабы 1-бөлігі). Бұл дегеніміз белгілі тараптар арасындағы нақты меншікке қатысты материалдық құқықтық дауды азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен сотпен қарап және шешу. Нәтижесінде сотпен қабылданып заңды күшіне енген шешім меншікке құқық орнатады. Азаматтық сот ісін жүргізу барысында адамдардың банктегі салымдарын және басқа мүлікті пайдалануға тыйым салу, сондай-ақ оны алып қою ҚР АІЖК-де көзделген жағдайлар мен тәртіп бойыншы жүргізілуі мүмкін. Мысалы, азаматтық процесте талап қоюшының өтініші бойынша талап қоюды қамтамасыз етуге сот жауапкерге тиісті және онда немесе басқа адамдарда болатын мүлікке тыйым салу (банктің корреспонденттік шотындағы ақшаға тыйым салуды қоспағанда) мүмкін, егер мұндай шараны қабылдамау сот шешімін орындауды қиындатса немесе оның орындалуын мүмкін етпесе (ҚР АІЖК 158-бабы және 159-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасы). Судъялардың тәуелсіздігі ҚР Конституциясының 77-бабының 1-2 бөлігіне және 79-бабына, ҚР АІЖК 12-бабына сәйкес судья сот төрелігін атқару кезінде тәуелсіз болады және Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңға ғана бағынады. Сондықтан, нақты істерді қарап және шешу барысында судьялар Қазақстан Республикасының Конституциясы және оның  негізінде қабылданған заңдарды қолданып қаулылар, шешімдер мен ұйғарымдар қабылдайды. 
3-тақырып. Азаматтық іс жүргізудегі құқықтық қатынастар 
1. Азаматтық іс жүргізудегі құқықтық қатынасының ұғымы және элементтері 
2. Азаматтық іс жүргізудегі құқықтық қатынастарының объектісі мен мазмұны 
3. Азаматтық іс жүргізудегі құқықтық қатынасының субъектілері және оларды топтастыру 
1-сұрақ. Азаматтық іс жүргізудегі құқықтық қатынастың ұғымы және элементтері Құқықтық қатынас - құқық нормаларымен реттелген, құрамында өзара алмасылып отыратын құқықтар және міндеттермен айшықталған құқық субъектілері арасында заңдық байланысы бар қоғамдық қатынастар. Азаматтық іс жүргізу қатынасы құқық қорғау қатынастарына жатады. Олардың пайда болуы, өзгертілуі және тоқтатылуы заңдық жағдаяттармен, заңдық маңызы бар нақтылы мән-жайлармен байланысты, олармен құқық нормасы азаматтық іс жүргізу құқық субъектілерінің іс жүргізу құқықтары мен іс жүргізу міндеттерінің пайда болуы, өзгертілуі және тоқтатылуын байланыстырады. Бұл қатынастардың ерекшеліктері мыналар:  олар азаматтық іс жүргізу құқықтың нормаларымен тікелей белгіленген;  ерекше субъективтік құрамы, яғни іске қатысушылардың құрамы;  бірлігі мен біріктік;  ара-қатынасында. Азаматтық іс жүргізу қатынастары сотқа талап арыз, арыз және шағым берген кезде пайда болады. Азаматтық іс жүргізу құқықтары мен азаматтық іс жүргізу міндеттері азаматтық іс жүргізу қатынастарының мазмұнын құрайды.  Азаматтық істерді қарап шешуде азаматтық іс жүргізу құқық қатынастарының мынандай түрлерін байқауға болады: негізгі, қосымша және қызметтік-көмек көрсетушілік. Негізгі іс жүргізу құқық қатынастары талап қоюмен іс жүргізу, ерекше талап қоюмен іс жүргізуде сот пен тараптар (талап қоюшы және жауапкер) арасында және ерекше іс жүргізуде сот пен арыз беруші арасында болады. Қосымша іс жүргізу құқық қатынастары іс бойынша қорытынды беру үшін прокурордың, мемлекеттік органның немесе жергілікті өзін-өзі басқару органның қатысуымен өткенде (АІЖК-тің 55, 57 баптары), сондай-ақ үшінші тұлғалардың қатысуымен өткенде (АІЖК-нің 52, 53 баптары) туындайды. Қызметтік-көмек көрсетушілік іс жүргізу құқық қатынастары іс бойынша өз қызмет бабы бойынша көмек көрсету үшін аудармашының, сарапшының, куәлардың, қоғамдық өкілдердің қатысуымен өткенде туындайды. Азаматтық іс жүргізу құқық қатынастарының ерекшелігі оның биліктік сипатында, яғни биліктік қатынастылығында. Азаматтық іс жүргізу құқық қатынастарының субъектілері  -  сот және өзге сот ісін жүргізуге қатысушысы  -  билік және бағынушылық қатынаста болады. Оған дәлел ҚР Конституциясының сот билігін бекітуі. Жоғарыда айтылғанның бәрі азаматтық іс жүргізу құқық қатынасының түсінігіне анықтама беруге болатынын білдіреді. Сонымен азаматтық іс жүргізу құқық қатынасы  -  бұл субъективтік құқықтармен заңмен қорғалатын мүддені қорғау үшін сот пен өзге азаматтық процестің қатысушылары арасындағы азаматтық іс жүргізу құқық нормаларымен реттелген қоғамдық қатынастар. 
2-сұрақ. Азаматтық іс жүргізу құқық қатынастарының объектісі мен мазмұны Азаматтық іс жүргізу құқық қатынастарының объектісін 2 түрге бөліп қарастыруға болады: жалпы және арнайы. Жалпы объект  -  сотпен қаралып, шешілуге немесе қорғалуға жататын материалдық-құқықтық дау немесе заңмен қорғалатын мүдде. Арнайы объект  -  нақты, белгілі құқық қатынасын жүзеге асыруда жасалатын қорытынды (мысалы, сот пен сарапшы арасында азаматтық іс жүргізу құқық қатынасының объектісі болып осы сарапшының өзінің арнайы білімі негізінде іс үшін мәні бар фактілер туралы қорытындысы). Азаматтық іс жүргізу құқықтық қатынастың мазмұны  -  азаматтық процестегі субъектілерінің іс жүргізу құқықтары мен міндеттері, ал кейбір процессуалистердің пікірінше (А.А.Мельников) субъектілердің мінез-құлқы, яғни өз құқықтары мен міндеттерін жүзеге асырудағы әрекеттері. 
3-сұрақ. Азаматтық іс жүргізу қатынастың субъектілері және оларды топтастыру Азаматтық іс жүргізу қатынастарының субъектілері азаматтар мен заңды тұлғалар бола алады. Соның қатарына азаматтық іс жүргізу қатынастарына шетел азаматтары, азаматтығы жоқ адамдар және шетелдік заңды тұлғалар қатыса алады. Процеске қатысушылардың бәрін, олардың іске қатынастығына орай, белгіленген топтарға бөлінеді: сот, іске қатысушылар және сот төрелігін жүзеге асыруына жәрдемдесушілер. Сот азаматтық іс жүргізу қатынасының міндетті субъектісі ретінде қаралады. Республикада азаматтық, төрелік, қылмыстық және басқа да істерді қарайтын, соттардан тыс ешқандай орган жоқ. Сот азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғайтын, ол бұзылған жағдайда оны қалпына келтіретін барынша ықпалды нысан болып табылады. Соттар қайсыбіреулердің еркіне қарамастан тек Конституция мен Республика заңдарына сәйкес, өздеріне Республика атынан берілген билікті жүзеге асырады, іс жүргізу нысанында заңмен белгіленген сот ісін қарауға процесс мүшелерінің барлығының да белсенді түрде қатысу мүмкіндігін қамтамасыз етеді, істің ақиқатын ашады және ол бойынша заңды және негізделген шешім шығарады. Соттарға мемлекеттік мәжбүрлеуді қолдану құқығы берілген. Сот азаматтық және шаруашылық істер жөніндегі шешімдерімен кінәлі тараптарды (талап қоюшыны немесе жауапкерді) тиісті тәртіпке шақырады, оларды міндеттері мен жауапкершілігін орындауға, оның ішінде жауапкердің есеп шотынан талап қоюшының пайдасына ақшалай қаражат өндіртуге не мүліктерін өндіруге мәжбүрлейді. Істі сот отырыстарында қарау мен шешу ҚР Конституцияның 77-бабында және ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің жалпы бөлімінің 2-ші тарауында аталған принциптерге негізделеді.  Іске қатысушыларды азаматтық іс жүргізу құқықтық қатынастардың субъектері ретінде танимыз. Олардың құрамына ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 44-бабына сәйкес:  тараптарды (талап қоюшы мен жауапкерді);  үшінші тұлғаларды (даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдейтін және даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін);  прокурор;  мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдар;  ҚР АІЖК 56,57-баптарымен көрсетілген негіздер бойынша процеске қатысатын ұйымдар немесе жеке адамдар;  арыз берушілер және басқа да мүдделі тұлғаларды (ҚР АІЖК 289-бабы) жатқызамыз. Сот төрелігін жүзеге асыруына жәрдемдесушілер - азаматтық іс жүргізу құқықтық қатынастарының субъектілері. Олар қатарына: аудармашы, куә, маман, сот приставы, сот хатшысы, сот орындаушысы, өкіл және т.б. жатқызылады. 
4-тақырып. Азаматтық іс жүргізудегі (процестегі) тараптар 
1. Азаматтық процестегі тараптар түсінігі 
2. Тараптардың азаматтық іс жүргізу құқықтары мен міндеттері. 
3. Іс жүргізуге тең қатысушылық және оның түрлері 
4. Іс жүргізу құқық мирасқорлығы 
5. Азаматтық процесте тиісті және тиісті емес тараптар 

1-сұрақ. Азаматтық процестегі тараптар ұғымы Азаматтық іс жүргізудегі тараптар іске қатысушы тұлғалар қатарына жатады (АІЖК-нің 44 бабы). Жеке тұлға болсын, заңды тұлға болсын (кәсіпорын, мекеме, ұйымдар) өздеріне келтірілген зиянды сот арқылы өндіріп алуға хақысы бар. Тараптар  -  сотта субъективтік құқықтары немесе заңмен қорғалатын жеке мүддесі туралы даулары қаралып және шешілуге тиіс іске қатысушы тұлғалар. Тараптар деп талап қоюшы мен жауапкерді атайды. Талап қоюшы мен жауапкер ретінде жеке тұлғалар (ҚР-ның азаматы, шетел азаматы және азаматтығы жоқ адам) мен заңды тұлғалар (мекемелер, ұйымдар және кәсіпорындар) болып табылады. Талап қоюшы  -  сотқа талап арыз беру арқылы өзінің субъективтік құқықтары мен заңмен қорғалатын мүддесін қорғаушы тұлға. Қазіргі азаматтық іс жүргізу заңында талап қоюшының азаматтық процеске қатысуының 2 негізі көрсетіледі: 1-ден, талап қоюшы өз мүдделері және құқықтарын көздеп талап қою арқылы қатысады; 2-ден, басқа тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінеді. Бірінші жағдайда талап қоюшы іс жүргізуін өзі бастайды, ал екінші жағдайда ол іске қатысуға соттан рұқсат сұрайды. Жауапкер  -  талап қоюшының талабы бойынша сот алдында жауап беретін тұлға. Талап қоюшының айтуынша жауапкер оның субъективтік құқығын немесе заңмен қорғалатын мүддесін бұзып не дауға салып отыр. Талап қоюшы мен жауапкер  -  сотта қаралуға жататын даулы құқық қатынасының немесе заңмен қорғалатын мүдденің субъектілері. Азаматтық іс жүргізуде тараптар ретінде қатысушы үшін азаматтық іс жүргізу құқық қабілеттігі (АІЖК-нің 45 бабы) болуы тиіс, ал сотта өзінің іс жүргізу құқықтарын жүзеге асыру үшін азаматтық іс жүргізу әрекет қабілеттігі (АІЖК-нің 46 бабы) қажет. Азаматтық іс жүргізу құқық қабілеттігі  -  азаматтық іс жүргізу құқықтары мен міндеттеріне ие болу қабілеттілігі, материалдық құқық субъектілері болып табылатын барлық азаматтар мен ұйымдар үшін бірдей дәрежеде танылады. Азаматтарға азаматтық іс жүргізу құқық қабілеттері туғаннан беріліп, өлгенде ғана тоқтатылады. Азаматтық іс жүргізу әрекет қабілеттігі  -  сотта құқықтарын өз іс-әрекетімен жүзеге асыру және міндеттерін орындау, іс жүргізуді өкілге тапсыру қабілеттігі. Заңды тұлғаның азаматтық іс жүргізу құқық қабілеттігі мен әрекет қабілеттігі мемлекеттік тіркеуден өткен кезде және оны куәландыратын сәйкесті құжат болғанда басталады. Азаматтардың іс жүргізу әрекет қабілеттілігі толық көлемде 18 жасқа толғаннан кейін ғана басталады. 16 жасқа толған ата-анасының рұқсатымен үйленген немесе шарт бойынша кәсіпкерлік іс-әрекетпен айналасатын болса оны толық азаматтық іс жүргізу әрекет қабілеті бар деп танимыз. 14-18 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ әрекет қабілеті шектеулі деп танылған азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін сотта олардың ата-аналары немесе өзге де заңды өкілдері қорғайды, алайда сот мұндай істерге кәмелетке толмағандардың немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған азаматтардың өздерін тартуға міндетті. 
2-сұрақ. Тараптардың азаматтық іс жүргізу құқықтары мен міндеттері ҚР АІЖК 48-бабының 5 бөлігіне сәйкес: тараптар іс жүргізу құқықтарын тең пайдаланады және бірдей іс жүргізу міндетін мойнына алады деген. Тараптардың азаматтық іс жүргізу құқықтарын: жалпы және арнайы деп бөліп қарастырса болады. Жалпы  -  бұл тараптардан басқа да іске қатысушы тұлғаларға тән құқықтар: іс материалдарымен танысуға, олардан үзінділер жазып алуға және көшірмелер түсіруге, қарсылықтарын мәлімдеуге, дәлелдеме табыс етуге және оларды зерттеуге қатысуға және т.б.  (ҚР АІЖК 47-бабы). Арнайы - ҚР АІЖК 32, 49, 50, 156, 158 және т.б. баптарында көзделген. Мысалы, талап қоюшы талаптың негіздемесін немесе нысанасын өзгертуге, талап қою талабының мөлшерін ұлғайтуға не азайтуға немесе талап қоюдан бас тартуға құқылы. Жауапкер талап қоюды толық не жартылай тануға, немесе талаптан бас тартуға құқылы. Тараптардың азаматтық іс жүргізу міндеттерін: жалпы және арнайы деп бөліп қарастырса болады. Жалпы  -  тараптар өздеріне берілген барлық іс жүргізу құқықтарын адал пайдалануға, сот отырысындағы тәртіпті сақтау, сотта төрағалық етушінің қаулыларына бағынуға тиіс. Арнайы  -  ол азаматтық іс жүргізудің сатыларына және нақты іс жүргізу әрекеттердің мінезіне байланысты. Осылай, талап қоюшы сотқа өзі ұсынған талап арызында міндетті түрде заңда көрсетілген мәліметтер бар болу керек (ҚР АІЖК 150-бабы); әр тарап (талап қоюшы мен жауапкер) өзінің талаптарының және қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуі тиіс (ҚР АІЖК 65-бабы). 
3-сұрақ. Іс жүргізуге тең қатысушылық және оның түрлері Іс жүргізуге тең қатысушылық - бұл бірден азаматтық процесте талап қоюшы не жауапкер жағында немесе екі тараптар (талап қоюшы мен жауапкер) жағынан бір-біріне мүдделері қайшы келмейтін бірнеше тұлғалар қатысуы. ҚР АІЖК 50-бабында: "Талапты бірнеше талап қоюшы бірлесіп қоюы немесе оның бірнеше жауапкерге қойылуы мүмкін. Талап қоюшылардың немесе жауапкердің әрқайсысы екінші тарапқа қатысты процесте дербес болады. Тараптар (талап қоюшы мен жауапкер) іс жүргізуді тиісінше тең талап қоюшылардың немесе тең жауапкерлердің біреуіне тапсыра алады". Егер іске бірнеше талап қоюшының қатысуы болса, онда олар тең талап қоюшылар деп аталады. Егер іске бірнеше жауапкердің қатысуы болса, онда олар тең жауапкерлер деп аталады. Теория жүзінде бірігіп қатысушылықты екі мағынада қарастырады:  процессуалдық-құқықтық мағынада;  материалдық-құқықтық мағынада. Процессуалдық-құқықтық мағынада ол 3 түрге бөлініп қаралуы мүмкін: 1-ші түрі  -  белсенді бірігіп қатысуы  -  сотта талап қоюшы ретінде бірнеше тұлғаның қатысуы (екеу және одан көп қатысуы), мысалы 3 талап қоюшы мен 1 жауапкердің қатысуы; 2-ші түрі  -  еңжар бірігіп қатысуы  -  сотта жауапкер жағынан бірнеше тұлғаның қатысуы (екеу және одан көп қатысуы), мысалы 1 талап қоюшы мен 3 жауапкердің қатысуы; 3-ші түрі  -  аралас бірігіп қатысуы  -  бірден сотта талап қоюшы мен жауапкер жағынан бірнеше тұлғаның қатысуы, мысалы 3 талап қоюшы мен 3 жауапкердің қатысуы.  Материалдық-құқықтық мағынада 2 түрде қарастырылуы мүмкін: 1-ші түрі  -  қажетті (міндетті)  -  заң бойынша іске барлық қатысушылардың (талап қоюшы не жауапкер ретінде) қатысуын міндетті түрде тілейді, мысалы ортақ мүлік бөлуде өз ұпайын белгілеу; 2-ші түрі  -  факультативті (міндетті емес)  -  бірігіп қатысуын міндетті түрде тілемейді, яғни іс бойынша бірнеше талап қоюшылардың немесе бір ғана талап қоюшының бірнеше жауапкерлерге жеке және бір-біріне байланыстырмай қаралуын білдіреді. Бірнеше талап қоюшы талаптар қойған немесе талаптар бірнеше жауапкерге қойылған кезде сот, егер талаптарды ажыратып қарауды неғұрлым дұрыс деп тапса, бір немес бірнеше талапты жеке іс жүргізуге бөлуге құқылы (АІЖК-нің 171 б. 2-ші бөлігі). Судья осы соттың іс жүргізуінде дәл сол тараптар қатысатын біртектес, не бір талап қоюшының әр түрлі жауапкерге немесе әр түрлі талап қоюшылардың бір жауапкерге қойған талабы бойынша бірнеше іс бар екенін белгілеп, егер мұндай біріктіруді дұрыс деп тапса, бұл істерді біріктіріп қарау үшін бір іске біріктіруге құқылы (АІЖК-нің 171 б. 3-ші бөлігі). Басқа тең қатысушылардың тапсырмасы бойынша тең қатысушылардың біреуі сотта өкіл бола алады (АІЖК-нің 59 б. 6-шы бөлігі). 
4-сұрақ. Іс жүргізу құқық мирасқорлығы Іс жүргізу құқық мирасқорлығы  -  бұл даулы не сот шешімімен анықталатын құқықтық қатынасының іс жүргізуінен жақтардың біреуінің шығуына байланысты істе тарап немесе үшінші тұлға болып танылатын тұлғаны ауыстыру. Іс жүргізу құқық мирасқорлығы материалдық құқық бойынша келесі жағдайларда болады:  Жалпы (универсалды) мирасқорлық (мұрагерлік, заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы);  Сингулярлы мирасқорлық, яғни жеке субъективтік құқық мирасқорлығы (талапқа жол беру немесе басқа тұлғаның қарызын өзіне аудару). Материалдық құқық бойынша мирасқорлыққа жол берілмейтін жағдайда онда іс жүргізу құқық мирасқорлығы да болмайды, мәселен талап ету құқық талап қоюшы немесе жауапкер тұлғаларымен тығыз байланыста болса (неке бұзу, алименттер өндіріп алу, жұмыс орнына қайта тұрғызу туралы талаптар бойынша), сондай-ақ мирасқорлық заңға не шартқа қайшы болса (ҚР АК 190 б.). Құқық мирасқорлығы процестің кез келген сатысында мүмкін болады. Құқық мирасқордың процеске кіруі соттың ұйғарым шығарумен белгіленеді. Құқық мирасқоры процеске кіру кезінде өзінің мирасқорлығын негіздеуге тиіс, мысалы мұрагерлікте мұрагерлік құқы туралы куәлік, заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуында сол туралы құжат, талапқа жол беру немесе борышты ауыстыру туралы сәйкесті шарттар. Құқық мирасқоры процеске кіргенге дейін жасалған барлық әрекеттер құқық мирасқоры үшін бұл әрекеттер құқық мирасқоры ауыстырған тұлғаға қаншалықты міндетті болса, сондай шамада міндетті. 
5-сұрақ. Азаматтық процесте тиісті және тиісті емес тараптар   Тиісті тараптар (талап қоюшы мен жауапкер)  -  нақты азаматтық іс бойынша азаматтық іс жүргізудің нағызғы қатысушылары, яғни тарапты іс материалдары бойынша даулы құқық қатынасының субъектісі болуы мүмкін деген болжау. Тиісті емес тараптар (талап қоюшы мен жауапкер)  -  нақты азаматтық іс бойынша азаматтық іс жүргізудің нағызғы қатысушысы емес, яғни даулы құқық қатынасының субъектісі болуы мүмкін деген болжау іс материалдары бойынша жоққа шығарылған тарап. Тиісті емес тарап болып тиісті емес талап қоюшы немесе жауапкер танылуы мүмкін. Тиісті емес тарап  -  азаматтық іс жүргізу құқық қабілеттігі бар тұлға. Ол тараптың барлық іс жүргізу құқықтары мен міндеттеріне ие болады, яғни іс бойынша тарап болып танылады. Сондықтан сот тиісті емес талап қоюшымен немесе тиісті емес жауапкерге талап қоюда талап арыз қабылдаудан бас тартуға болмайды. Тиісті емес жауапкер тиістімен мына жағдайда ауыстырылуы мүмкін:  сотпен - өз ықыласы бойынша (ҚР АІЖК 170 б. 3 б.)  талап қоюшының өтініші бойынша (ҚР АІЖК 51 б. 1 б.) Барлық жағдайда диспозитивтік принципке сәйкес тиісті емес жауапкерді тиістімен орын ауыстыруда талап қоюшының келісімі керек (ҚР АІЖК 51 б. 2 б.), ал тиісті емес жауапкердің тиістімен орын ауыстыруда келісімнің қажеті жоқ. Сот істі дайындау үстінде немесе бірінші сатыдағы сотта оны қарау кезінде талап бойынша жауап беруге тиісті емес адамға талап қойылып отырғанын анықтаса, істі тоқтатпай талап қоюшының өтініші бойынша тиісті емес жауапкерді тиісті жауапкермен ауыстыра алады. Тиісті емес тарапты тиістімен орын ауыстырған жағдайда сот сәйкесті ұйғарымын шығарады. Тиісті емес жауапкерді тиісті жауапкермен орын ауыстыру Оның екі жолы болады: Жолдары Оның көрінісі (қортындысы) 1. талап қоюшы тиісті емес жауапкерді тиісті жауапкермен орын ауыстыруға келісім берсе Сот тиісті емес жауапкерді тиісті жауапкермен орын ауыстырады 2. талап қоюшы тиісті емес жауапкерді тиісті жауапкермен орын ауыстыруға келісім бермесе Сот тиісті емес жауапкерді екінші жауапкер ретінде іс бойынша тартады және тиісті емес жауапкер азаматтық процесте болады. Тиісті емес жауапкерді ауыстырғаннан кейін істі дайындау және қарау басынан бастап жүргізіледі. Егер талап қоюшы тиісті емес жауапкерді басқа тұлғамен ауыстыруға келіспесе, сот істі ұсынылған талап қою бойынша қарайды. Бұған қоса азаматтық процесте керісінше болу мүмкін, яғни тиісті емес талап қоюшы. Себебі жоғарыда тиісті емес тараптар деп атаған едік, ал тараптар ретінде біз талап қоюшы мен жауапкерді танимыз, сондықтан бұнда тиісті емес талап қоюшы туралы айтқан орынды. Сот азаматтық процесте тиісті емес талап қоюшыны тиісті талап қоюшымен орын ауыстыра алады. Тиісті емес талап қоюшыны тиісті талап қоюшымен орын ауыстыру Оның төрт жолы болу мүмкін: Жолдары Тиісті емес талап қоюшы Тиісті талап қоюшы Оның қортындысы 1 басқа тұлғамен орын ауыстыруға келіспейді Азаматтық процеске кіруге (қатысуға) келіседі Тиісті емес талап қоюшы азаматтық процеске дербес талаптарымен үшінші тұлға ретінде кіреді (қатысады) 2 басқа тұлғамен орын ауыстыруға келіспейді Азаматтық процеске кіруге (қатысуға) келіспейді сот азаматтық істі қарайды және талап арызды қанағаттандырмайды 3 басқа тұлғамен орын ауыстыруға келіседі Азаматтық процеске кіруге (қатысуға) келіседі Сот тиісті емес талап қоюшыны тиісті талап қоюшымен орын ауыстырады 4 басқа тұлғамен орын ауыстыруға келіседі Азаматтық процеске кіруге (қатысуға) келіспейді Сот іс бойынша өндірісті қысқартады 
5-тақырып. Азаматтық іс жүргізудегі (процестегі) үшінші тұлғалар
 Іске қатысқан тұлғалар ішінде үшінші тұлғалар ең түсініксіз тұлғалар. Үшінші тұлғалар - өздерінің субъективті құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін басталып кеткен азаматтық процеске қатысатын және тараптардың (талап қоюшы мен жауапкердің) құқықтары мен мүдделерімен сәйкес келмейтін тұлғалар. Үшінші тұлғалардың азаматтық процеске қатысудың негізгі себебі  -  олардың қаралып жатқан азаматтық істе өздерінің жеке мүдделері бар. Іс бойынша сот шешімі олардың материалдық құқықтары мен міндеттеріне әсер етуі мүмкін. Бұған қоса үшінші тұлғалар институты нақты бір іс бойынша бірнеше әртүрлі талаптарды біріктіруге мүмкіндік етеді, істің бүкіл мән-жайларын сотпен толық зерттеуді қамтамасыз етеді және негізсіз сот шешімдерін шығарудан сақтайды деуге болады. Үшінші тұлғалардың іс бойынша мүдделерінің деңгейі әр түрлі болуы мүмкін, сондықтан олардың 2 (екі) түрі болады: 1-мәлімдейтін; 2-мәлімдемейтін. 1) Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлғалар  -  бұл талап қоюшы мен жауапкер арасында басталып кеткен процеске даудың нысанасына өздерінің дербес құқықтарын қорғау үшін қатысатын тұлғалар. Бұл тұлғалардың қатысу себебі, олар құқық жөнінде дау талап қоюшы мен жауапкерге емес өзіне берілген деп ойлайды. Олар жалпы тәртіп бойынша (ҚР АІЖК 14 тарауы) бірінші сатыдағы сот шешімін шығарғанша талап қою арқылы қатыса алады (мысалы: Екі жас некеге тұрған соң олар 120000 мың теңге тұратын жеке пәтер алмақшы болады, ал пәтерді сатып алу үшін 80000 мың теңге ақша соманы ер жігіт өзінің туған анасынан алады, ал 40000 мың теңге ақшаны үйленер алдында өзі жұмыс істеп тапқанынан қосады. Бір жыл бірге сол пәтерде тұрған соң жастар некелерін сот арқылы қияды, себебі ортақ мүлік бөлуде араларында дау болған. Сотта іс қарағанда ер жігіттің туған анасы өзінің дербес талабын қоюы мүмкін, яғни ол осы іс бойынша дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлға болып танылады). Бұл үшінші тұлғалар өз талаптарын тараптың біреуіне не екеуіне бірден қоюы мүмкін. Іс бойынша үшінші тұлғаларды қатыстыру мәселесі, соттың сәйкесті ұйғарым шығаруымен белгіленеді. Осы үшінші тұлғаның талап қоюшыдан бір ғана айырмашылығы бар  -  бұл процеске кіру кезеңі. Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлғалар сипаттамасы:  процеске талап қою арқылы қатысады, талап қоюшының барлық құқықтарын пайдаланады және оның барлық міндеттерін атқарады;  үшінші тұлғалардың талап қою пәні талап қоюшының талап қою пәнімен толық көлемде немесе жарым-жартылай толық сәйкес келу керек, сондықтан талап қоюшының талабын қанағаттандырса әлбетте, үшінші тұлғаның талап арызын қабылдаудан бас тартады (толық немесе жарым-жартылай). Іске қатыса алмаған дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлғалар жеке талап қоюға хақы бар.  іске қатысу ықылас көбінесе үшінші тұлғалардың өздерінен болады. 2) Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар  -  бұл бірінші сатыдағы қаралатын іс бойынша қабылданатын шешім тараптардың біреуіне қатысы өздерінің құқықтары мен міндеттеріне әсер етуі мүмкін болғанда, талап қоюшы не жауапкер жағында іске қатысатын тұлғалар (ҚР АІЖК 53 б.). Олардың сипаттамасы:  егер іс тараптардың біреуіне қатысы өздерінің құқықтарына немесе міндеттеріне әсер етуі мүмкін болса, іс бойынша бірінші сатыдағы соттың шешімі шыққанға дейін талап қоюшы немесе жауапкер жағында іске кірісе алады;  олар сондай-ақ тараптардың және іске қатысушы басқа адамдардың өтінімімен немесе соттың бастамасымен іске қатысуға тартылуы мүмкін;  дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар тараптардың талап қоюдың негіздемесі мен нысанасын өзгерту, талап қою талабының мөлшерін ұлғайту немесе азайту, сондай-ақ талап қоюдан бас тарту, талап қоюды мойындау не бітімгершілік келісімін жасау, қарсы талап қою, соттың шешімін мәжбүрлеп орындатуды талап ету құқықтарынан басқа іс жүргізу құқықтарын пайдаланады және іс жүргізу міндетін мойнына алады (ҚР АІЖК 47 б.). Даудың нысанасына дербес талаптарды мәлімдемейтін үшінші тұлғалар іске келесі жағдайларда кірісе алады:  өз бастамасы бойынша;  тараптардың өтініші бойынша;  іске қатысушы басқа тұлғалардың (прокурордың, мемлекеттік және өзін-өзі басқару органдардың) өтініші бойынша;  соттың бастамасы бойынша. Бұлар іске соттың бірінші сатысындағы шешімі қабылданғанға дейін кірісе алады және ол соттың ұйғарымымен белгіленеді. Даудың нысанасына дербес талаптарды мәлімдемейтін үшінші тұлғалардың азаматтық процеске қатысу жөнінде мысал келтірейк. Мысалы: Қыста жолдың тайғақтығынан екі автокөлік жүргізуші, біреуі  -  қала автопаркінің автобус жүргізушісі, ал екіншісі  -  жеке меншік автокөлік жүргізушісі, аварияға  ұшырайды. Егер автопарк автобусының жүргізушісі кінәлі болса, онда жеке меншік автокөлік жүргізуші сотқа талап арыз беру арқылы (талап қоюшы ретінде) келтірілген материалдық зиянды автобус жүргізушіден емес ол жұмыс істеп жүрген автопарк әкімшілігінен (жауапкер ретінде) өндіріп алады. Сонда кейіннен материалдық зиян өтеу үшін төленген ақша сомасын автопарк әкімшілігі өз қызметкерінің жалақысынан ұстап қалып отырады, яғни сонымен даудың нысанасына дербес талаптарды мәлімдемейтін үшінші тұлға болып автобус жүргізушісі танылады. 
6-тақырып. Азаматтық іс жүргізуге (процеске) прокурордың қатысуы
 Қазақстан Республикасының Конституциясына және "Қазақстан Республикасының прокуратура туралы" заңына сәйкес прокуратура органдарының алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі кез-келген заң бұзушылықты дер кезінде анықтап, оны жоюға шара қолдану болып табылады. Кез-келген құқықтық мемлекеттегі тәрізді Қазақстан Республикасында да сот және прокуратура органдарының алдына қойылған мақсат  -  азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, әділдік пен заңдылықты қамтамасыз ету болып табылады. Халықтың соттарға деген биік сенімін жоғалтпау үшін істерді қараған кезде, қара қылды қақ жаратындай әділдік болуы шарт. Ал, прокуратура болса ҚР "Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы" заңына сәйкес сот процесі барысында мемлекет мүддесін білдіріп, ақиқатты анықтауға ат салысатын мемлекеттік орган. Прокуратураның қызметкері  -  прокурор, іске қатысушы тұлғалар құрамына енгізілген (ҚР АІЖК 5 тарау 44 бап). Прокурор процеске өз бастамасы немесе соттың бастамасы бойынша (ҚР АІЖК 55 бабы) іс жүргізудің кез-келген сатысында және кез-келген іс бойынша қатыса алады. Прокурордың азаматтық сот ісін жүргізуге қатысуы келесі жағдайларда міндетті:  мұның өзі заңмен көзделгенде;  осы іске қатысу қажеттілігін сот танығанда (ҚР АІЖК 52 бабы 2 бөлігі). Прокурордың азаматтық сот ісін жүргізуге міндетті қатысуы ҚР АІЖК-нің 287, 299, 317-4, 350, 398 баптарында көзделген. Прокурор іс бойынша бірінші сатыдағы соттың, апелляциялық, қадағалау және жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша істерді қайта қарау сатыларындағы соттардың бастамасы бойынша қатыса алады. Прокурордың процеске кіру тәртібі және оның іс жүргізу құқықтары мен міндеттерінің көлемі процестің қай сатысында кіргеніне және іске қатысу нысанына байланысты. ҚР-ның прокуратура туралы заңы және ҚР-ның АІЖК-сы азаматтық процеске прокурордың қатысуының екі нысанын белгілейді: 1-сотқа арыз, талап арыз беру арқылы процеске қатысуы; 2-іс бойынша қортынды беру үшін процеске қатысуы. 1) Прокурордың сотқа талап қою арқылы қатысуы. ҚР-ның АІЖК-нің 55-бабы 3 бөлігіне сәйкес прокурор азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді қорғау туралы сотқа талап қоюға құқылы.  Прокурордың талап қоюдағы міндеттерінің негізгі мақсаты  -  заң бұзушылықты жоюға сот тәртібімен уақытылы және тиімді шара қолдану, құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді қорғау. Прокурордың талаптары  -  заң бұзушылыққа қарсы күрестің тиімді де маңызды құралдарының бірі. Егер адам дәлелді себептермен өзі сотқа жүгіне алмаса, онда мүдделі адамның өтінішімен ғана прокурор азаматтың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау туралы талап қоя алады. Ал әрекеті қабілетсіз азаматтың мүддесін қорғау үшін прокурор мүдделі адамның өтінішіне қарамастан талап қоя алады. ҚР-сы Бас Прокурорының 1999 жылғы 15 шілдедегі № 60 "Әлеуметтік және экономикалық салалардағы заңдардың қолдануына прокурорлық қадағалау ұйымдастыру" атты бұйрығына сәйкес, адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтары бұзылғандығы анықталып, ал олардың денсаулығына немесе жасы ұлғайғандығына байланысты өздерінің құқықтары мен бостандықтарын сотта қорғау мүмкіндіктері жоқ болса немесе бірнеше азаматтың құқықтары мен бостандықтары бұзылып жатса, прокурор олардың мүддесін талап ету және арыз беру арқылы сотта қорғай алады. Басқа жағдайларда, прокурор әрбір азаматтың өз құқығы мен бостандығын сот арқылы қорғауға конституциялық құқығы бар екендігін түсіндіреді. Прокурордың талап қоюына лауазымды тұлғалардың, жеке азаматтардың құқыққа қарсы әрекетінің немесе қылмыс жасауының нәтижесінде келтірілген мүліктік залал немесе басқа да зиян негіз болып табылады. Талап арыз прокурор мүддесін қорғайтын адам мен жауапкер арасында туындаған мүліктік-құқықтық қатынас мазмұнына байланысты болады. Прокурордың талабы тексеруден өткен, дәлелденген материалдарға негізделуі қажет. Сонда ғана талаптың негізі болып табылатын айғақтардың мөлшерін анықтау, талап ету, сонымен қатар, жауапкерге (жауапкерлерге) прокурордың талабын дәлелдейтін және олардың талапқа қарсы қарсылығын теріске шығаратын қажетті айғақтық материалдарды талдау төңірегінде талап етудің жүйелі жұмысы қалыптасады. Осы саладағы прокурордың жұмысы тек талаптың негізіндегі фактілер құрамын дұрыс анықтаса ғана нәтижелі болмақ. Прокурор талапты дайындау барысында ол бағалауға жататын болса, талап қоюдың бағасын міндетті түрде белгілейді (ҚР АІЖК 150-баптың 2-бөлігі, 6-тармағы). Талаптың бағасы ҚР АІЖК-нің 102-бабына сәйкес белгіленеді. Қандай сотқа арыздануды шешу үшін прокурор ҚР АІЖК-нің 27, 28, 31, 32, 35-баптарын басшылыққа алу қажет. ҚР АІЖК-нің 150-бабы 2-бөлігіне сәйкес прокурор талап арызда азаматтық істердің қаралуы тиісті соттың атауын, талап қоюшы прокурордың аты-жөнін, мүддесі қорғалатын адамның аты-жөнін көрсетеді. Прокурор талап арызда жауапкерге қоятын талаптарын дәлелдейтін жағдайларды, сонымен қатар талаптың негізі болып табылатын айғақтарды толық келтіреді. Бұл талап арыздың ең маңызды бөлігі болып табылады, себебі, заңды және дәлелді түрде сауатты баяндалған себептер мен айғақтар таластың дұрыс және жан-жақты шешілуіне көп көмегін тигізеді. Арызда прокурор қандай жағдалардың лауазымды тұлғалар мен азаматтардың түсініктемелері арқылы, жазбаша және заттай айғақтар арқылы, маманның қорытындысы арқылы дәлелденетінін толық көрсетеді. Бұлардан басқа, ҚР АІЖК-нің 150-бабы 4-бөлігіне сәйкес прокурор мемлекеттік немесе қоғамдық мүдделер үшін беретін арызды мемлекеттік немесе қоғамдық мүдденің неден тұратының, қандай құқықтың бұзылғанын дәлелді түрде негіздеп, сондай-ақ заңға немесе өзге де нормативтік-құқықтық актілерге сілтеме жасауы тиіс. Ал азаматтардың мүдделерін қорғау үшін берілген талап арызда азаматтың өздігінен талап қою мүмкіндігі жоқтығын негізгі түрде дәлелдеп көрсетеді, арызға, әрекет қабілеті жоқ адамның мүдделерін қорғау үшін арыз берілетін жағдайларды қоспағанда, азаматтың сотқа талап қоюға келісім бергенін растайтын құжат қоса тіркелуі тиіс. ҚР АІЖК-нің 151-бабына сәйкес прокурор арызға жауапкерлер мен үшінші тұлғалардың санына қарай талап арыздың көшірмесін қоса тіркейді. Талап арызға прокурор қол қойып, өзінің сыныптық шенін, арыздың сотқа жіберілген уақытын көрсетеді. 2) Іс бойынша қортынды беру үшін прокурордың процеске қатысуы.  Прокурор өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында іс бойынша қортынды беру үшін және азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық немесе мемлекеттік мүдделерді қорғау үшін өз бастамасы немесе соттың бастамасы бойынша процеске қатыса алады. Жауапкер мен оның өкілі соңғы сөздерін айтып болғаннан кейін іс бойынша тарап болып табылмайтын және ҚР АІЖК-нің 55-бабының 2-бөлігінде көзделген тәртіппен процеске қатысушы прокурор жалпы істің мәні бойынша қортынды береді. Сотта азаматтық істерді қайта қарау сатысы бойынша прокурор 2 (екі) нысанда қатысуы мүмкін: 1-Осы саты бойынша өндірісті (апелляциялық не қадағалау наразылықтарын келтіру арқылы) қозғау. Заңсыз және дәлелсіз шешімдер мен ұйғарымдарға наразылық жасау прокурордың лауазымдық міндетіне жатады, осының негізінде азаматтық сот істерін жүргізу саласында мемлекет атынан заңдардың тура және бірыңғай қолданылуына жоғары қадағалау жүзеге асады. Сонымен, заңды күшіне енбеген сот шешімдеріне, ұйғарымдарына прокурор апелляциялық наразылық келтіреді, ал заңды күшіне енген сот актілеріне қадағалау тәртібі бойынша наразылық келтіреді. Азаматтық сот ісін жүргізуде заңдардың дәлме-дәл және бір үлгіде қолданылуына жоғары қадағалау жүргізу ісін мемлекет атынан Қазақстан Республикасының Бас прокуроры тікелей өзі және өзіне бағынатын прокурорлар арқылы жүзеге асырады (ҚР АІЖК 55 бап, 1 бөлігі). 2-Іс бойынша қатысатын не қатыспайтын тараптардың немесе басқа да тұлғалардың құқықтары мен міндеттері жөнінде қабылданған сот шешімі бойынша шағымды қарайтын іске қатысу. Азаматтық істерді қайта қарау сатыдағы сотта прокурор процеске қатысу нысанына қарамастан іс бойынша қортынды береді. Сот қаулыларын орындау сатысында прокурор сот шешімдерінің уақытылы және заңды орындалуына қадағалауды жүзеге асырады. Бұл сатыда прокурор екі нысанда қатысады:  сотта арыз, талап арыз беруші болған себептен өтініш жасау, атқару және өзге де әрекеттер жасауға қатысу арқылы;  сот орындаушының әрекетіне наразылық келтіру арқылы. 
7-тақырып. Басқа тұлғалардың құқықтарын, қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді қорғау үшін мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының іс жүргізуге (процеске) қатысуы 
ҚР АІЖК-сі бойынша мемлекеттік органдар және жергілікті өзін-өзі басқару органдары, ұйымдар немесе жекелеген азаматтар сотқа өздерінің емес басқа тұлғалардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін қатысады. Аталған органдар мен тұлғалардың процеске қатысу мақсаты келесіде:  басқа тұлғалардың (азаматтар мен ұйымдардың) субъективтік құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін;  қоғамдық немесе мемлекеттік мүдделерді қорғау үшін. Сотта аталған тұлғалар азаматтар мен ұйымдардың мүдделерін қорғау үшін соңғылардың рұқсатын алуы тиіс. Әрекетке қабілетсіз азаматтың мүддесін қорғау үшін мүдделі адамның өтінішіне қарамастан талап қойылуы мүмкін (ҚР АІЖК 56-бабы, 1-бөлігі). ҚР АІЖК басқа тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың екі нысанын белгілейді:  сотқа талап қою арқылы жүгіну;  іс бойынша қорытынды беру үшін процеске қатысу. Аталған екі нысанға ортақ белгі  -  ол іс бойынша субъективтік (материалдық-құқықтық) мүдденің жоқтығы. Бұл екі нысан бойынша іс аяқталуына мүдделері сәйкесті органдарға заңмен жүктелінген міндеттерден туындайды (мысалы, ҚР АІЖК 96-бабы бойынша  -  сарапшы немесе ҚР "Неке және Отбасы туралы" заңы бойынша  -  қорғаншы мен қамқоршы қызметкері).  Осы екі нысан бойынша іске тек мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қатыса алады, ал қалған азаматтар және ұйымдар басқа адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін сотқа талап қою арқылы қатысады. Мұндай құқық мүддесі қорғауға жататын тұлғаның сотқа жүгінуге құқығы болғанда және талап қою тәртібін сақтағанда ғана жүзеге асырылады (ҚР АІЖК-нің 3, 8, 14 тараулары).  Аталған тұлғалар мен органдар прокурормен салыстырғанда кез-келген азаматтық іс қозғауға құқығы жоқ, тек заңмен көзделінген істерді қозғауға құқылы. Соңдықтан ҚР АІЖК 154-бабы, 1-бөлігінің, 4-тармақшасына сәйкес мемлекеттік органға, жергілікті өзін-өзі басқару органға және өзге де тұлғаларға сот талап арызды қайтарып жібереді, егер олардың арыз беруге өкілеттігі болмаса. Бөгде мүдделерді қорғау үшін талап қойған адамдар, бітімгершілік келісім жасау құқығынан басқа, талап қоюшының барлық іс жүргізу құқықтарын пайдаланады және барлық іс жүргізу міндеттерін мойнына алады. Аталған органдар мен адамдардың талап қоюдан бас тартуы мүдделеріне сай іс қозғалған адамды істі мәні бойынша қарауды талап ету құқығынан айырмайды. Егер мүдделеріне сай іс қозғалған адам мәлімделген талапты қолдамаса, үшінші тұлғалардың құқықтарына қысым жасалмаса, сот талап қоюды (арызды) қараусыз қалдырады. ҚР АІЖК-мен көзделген жағдайларда мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары өздеріне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру (1) және азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін, қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді қорғау (2) мақсатында іс бойынша қорытынды беру үшін мынандай шарттар белгіленеді:  бірінші сатыдағы сот шешім шығарғанға дейін;  өз бастамашылығы бойынша;  іске қатысушы тұлғалардың (тараптардың, үшінші тұлғалардың, прокурордың) бастамашылығы бойынша;  сондай-ақ соттың бастамашылығы бойынша процеске қатыса алады.   Судья істі сотта қарауға әзірлеу жүргізгенде іс бойынша қорытынды беру үшін процеске мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдар қатысу мәселесін шешеді (ҚР АІЖК-нің 170-бабы 7-тармақшысы). Әдетте, іс материалдарымен алдын ала танысып және зерттеу жүргізген соң мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары сотқа жазбаша нысанда өз қорытындыларын ұсынады (ҚР АІЖК 209-бабы). Кейбір жағдайларда қорытынды органдардың өз бастамасы бойынша және сотта іс қозғалғанға дейін құрылып дайын болуы мүмкін (мысалы, балаларды тәрбиелеумен байланысты даулар бойынша қорғаншы мен қамқоршы органдардың қорытындысы). Іс бойынша барлық дәлелдемелер зерттелген соң және іске қатысушылардың түсініктемелерін тыңдағаннан кейін сот отырысында мемлекеттік органдардың және жергілікті өзін-өзі басқару органдардың қорытындысын олардың уәкілетті өкілдерімен жария етіледі. Сот іске қатысушы адамдар мен өкілдер қорытындыларды түсіндіру және толықтыру мақсатында осы органдардың уәкілетті өкілдеріне сұрақтар қоя алады. Іс бойынша мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдардың қорытындылары маңызды (ҚР АІЖК 64-бабы 2-бөлігі), бірақ ол сот үшін міндетті болып табылмайды (ҚР АІЖК 96-бабы 7-бөлігі). Мемлекеттік органдарының және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың өкілдері және басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінген азаматтар сот жарыссөздерінде соңынан сөз сөйлейді (ҚР АІЖК 211-бабы 3-бөлігі).  Азаматтық процеске қатысушы мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары:  білім департаменті;  денсаулық сақтау департаменті;  еңбек және әлеуметтік сақтандыру басқармасы;  тұрғын үй-коммуналдық орган (жеке меншік пәтер иелерінің кооперативі);  қаржы органы;  қорғаншылық және қамқоршылық орган және т.б. 
8-тақырып. Сотта өкілдік ету 
1. Сотта өкілдік ету ұғымы 
2. Сотта өкілдік ету түрлері 
3. Соттағы өкілдің өкілеттіктері және оларды ресімдеу 
1-сұрақ. Сотта өкілдік ету ұғымы Жалпы процессуалдық заңға сәйкес азаматтар өз істерін сотта өздері немесе өкілдері арқылы жүргізуге құқылы және азаматтың іске өзінің қатысуы оның бұл іс бойынша өкілі болу құқығынан айырмайды (ҚР АІЖК 58 бабының 1 бөлігі). Өкілдік  -  басқа адамның (өкілдік берушінің) атымен бір адамның (өкілдің) сенімхатқа, заңдарға, сот шешіміне не әкімшілік құжатқа негізделген өкілеттігі күшімен жасаған мәмілесі өкілдік берушінің азаматтық құқықтары мен міндеттерін тікелей туғызады, өзгертеді және тоқтатады. Өкілеттік өкілдің әрекет жасаған жағдайынан да көрінуі мүмкін. Мысалы, бөлшек сауда жүйесіндегі сатушы, кассир, т.б. Өкіл жасаған мәміле бойынша тікелей өкілдік берушіде құқықтар мен міндеттер пайда болады. Әрекет қабілеттілігі жоқ адамдардың атынан мәмілелерді олардың заңды өкілдері мен қорғаншылары жасайды (ата-анасы, асырап алушылар). Сотта өкілдік ету дегеніміз басқа тұлғаның мүддесіне және оның атынан бір тұлғамен процессуалдық іс-әрекеттер жасау. Сотта өкілдік ету  -  басқа тұлғаның мүддесіне және оның атынан (өкілдік берушінің) өзіне берілген өкілеттігі шегінде процессуалдық әрекеттер жасайтын бір тұлға (сот өкіл етуші), оның себебіне өкілдік берушінің сәйкесті құқықтар мен міндеттер туындайды. Сотта аталған процессуалдық іс-әрекеттер жасайтын тұлғаны сотта өкіл етуші деп атайды. Сотта басқа тұлғаның мүддесіне және оның атынан өкілдік етуге өкілдің құқығын куәландыратын құжаттар ұсынуы негіз болып табылады. Сотта өкіл етуші - өкілдік берушінің мүддесіне және оның атынан өзіне берілген өкілеттігі шегінде процессуалдық әрекеттер жасайтын әрекет қабілеттігі бар тұлға. Сенімхатқа, заңдарға, сот шешімдеріне не әкімшілік актісіне негізделген істі сотта жүргізуге тиісінше рәсімделген өкілеттігі бар әрекетке қабілетті кез келген адам сотта өкіл бола алады. Сотта өкілдік ету процессуалдық заңмен барлық азаматтық істер бойынша соттарда және азаматтық процестің барлық сатыларында болады. 
2-сұрақ. Сотта өкілдік ету түрлері Сотта өкілдік туындау негіздеріне байланысты келесі түрлерге бөлінеді:  шартты;  заңды;  жарғысы бойынша;  қоғамдық;  ресми. Шартты өкілдік ету  -  еңбек шартына немесе тапсырма шартына негізделген өкілдік ету. Мұнда өкілдік беруші (тарап, үшінші тұлға) басқа тұлғаға (өкіл етушіге) сотта оның ісін жүргізуін тапсырады. Азаматтық процесс бойынша тарап немесе үшінші тұлға ретінде қатысатын азаматтың іске өзінің қатысуы оның бұл іс бойынша өкілі болу құқығынан айырмайды (ҚР АІЖК 58-бабының 1-бөлігі). Сонымен қатар істің мән-жайлары бойынша қажет болса, сот тараптардың сот отырысына қатысуын міндетті деп тани алады (ҚР АІЖК 187-бабы 5-бөлігі). Өкіл етуші ретінде іске қатысушылардың өтінуімен сот рұқсат еткен басқа да адамдар тапсырма бойынша сотта өкіл бола алады (ҚР АІЖК 59-бабы 7-тармағы). Заңды өкілдік ету  -  заңның тікелей көрсетілуіне негізделген өкілдік ету. ҚР АІЖК-нің 63-бабы бойынша сотта заңды өкілдік ету:  әрекетке қабілетсіз (14 жасқа дейінгі, есі дұрыс емес), әрекет қабілетіне толық ие емес (14-18 жаста) немесе әрекетке қабілеті шектеулі (маскүнемдіктен, нашақорлықтан) азаматтардың жеке және мүліктік құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін ата-аналармен, асырап алушылармен, қамқоршылар немесе қорғаншылармен;  хабар-ошарсыз кеткен деп белгіленген тәртіппен танылған азамат қатысуға тиісті іс бойынша  -  мүлкіне қамқорлықты жүзеге асыратын адаммен;  қайтыс болған немесе қайтыс болды деп белгіленген тәртіппен жарияланған адамның мұрагері қатысуға тиісті іс бойынша, егер мұраны әлі ешкім қабылдамаса  -  мұралық мүлікті қорғау мен басқару үшін тағайындалған сақтаушы немесе қамқоршымен жүзеге асырылады. Сонымен заңды өкілдік ету туындау негізі үшін әртүрлі заңды фактілер қажет  -  туыстық, асырап алушылық, қорғаншы немесе қамқоршы тағайындауы.  Заңды өкілдер істі сотта өздері жүргізеді немесе басқа өкілге тапсыра алады (ҚР АІЖК 63-бабы 4-бөлігі). Құрылтай құжаттары бойынша өкілдік ету  -  төмен тұрған ұйымның арнайлы тапсырмасыз олардың мүдделерін қорғауға жоғары тұрған ұйымның өкілдік ету құқығы. Қоғамдық өкілдік ету - өз мүшелерінің мүдделерін қорғау үшін қоғамдық бірлестіктердің өкілдік етуі. Ресми өкілдік ету  -  тапсырма бойынша өкілдік ету, өз сипаты бойынша заңды өкілдік етуге жақын. Ұйымдардың ісін сотта оларға заңмен, өзге нормативтік құқықтық актілермен немесе құрылтай құжаттарымен берілген өкілеттіктердің шегінде іс-әрекет жасайтын олардың органдары және тиісті өкілеттіктер берілген олардың өкілдері жүргізеді. Заңды тұлғалардың басшылары сотқа олардың қызметтік жағдайын немесе өкілеттіктерін куәландыратын құжаттар береді. Заңды тұлғаның органы тиісті өкілеттік берілген басқа өкілдермен бірге іске қатыса алады. 
3-сұрақ. Соттағы өкілдің өкілеттіктері және оларды ресімдеу. Заңды және қоғамдық өкілдердің, заңды тұлғалардың органдары мен өкілдерінің өкілеттіктері сәйкесті заңдардан, құрылтай құжаттарынан немес ережелерден туындайды. Сотта өкілдін өкілдік ету құқығын куәландыратын құжаттар:  заңды тұлғалардың басшылары сотқа олардың қызметтік жағдайын немесе өкілеттіктерін куәландыратын куәліктер;  заңды тұлғаның өкілдерінің куәліктері (тапсырмалары);  АХАЖ органдарының куәліктері немесе қамқоршылық және қорғаншылық органдарының куәліктері;  клиент пен адвокат арасындағы жасалған келсім-шарт, ордер, сенімхат;  өзге жеке және заңды тұлғалардың нотариуспен куәландырылған сенімхаттары. Заңды өкілдер заңда көзделген шектеулермен өкілдік етушілердің атынан жасау құқығы өкілдік берушіге тиесілі барлық іс жүргізу әрекеттерін жасайды (ҚР АІЖК 63-бабы 4-бөлігі). Өкілдің өкілеттігін өкілдік беруші белгілейді және заң сәйкес берілген және ресімделінген сенімхатта көзделуі тиіс (ҚР АІЖК 61-бабы 2-бөлігі). Өкілдің өкілеттіктері (ҚР АІЖК 61 бабы): сотта іс жүргізуге арналған өкілеттік өкілге, талап арызғы қол қоюды, істі аралық сотқа беруді, талап қою талаптары мен талап қоюды танудан толық немесе ішінара бас тартуды, талап қоюды тануды, талап қоюдың нысанасын немесе негіздемесін өзгертуді, бітімгершілік келісім жасауды, өкілеттіктерді басқа адамға беруді (сенімді басқа біреуге аудару), соттың қаулысына шағым беруді, соттың қаулысын мәжбүрлеп орындатуды талап етуді, берілген мүлікті немесе ақшаны алуды қоспағанда өкілдік берушінің атынан барлық іс жүргізу әрекеттерін жасауға құқық береді. Өкілдің өкілеттіктерін ресімдеу. Өкілдің өкілеттіктері заңға сәйкес берілген және ресімделген сенімхатта көрсетілуге тиіс. Кәсіптік одақтар мен басқа ұйымдардың уәкілеттік берілген адамдары сотқа осы іс бойынша өкілдікті жүзеге асыруға арналған тапсырманы куәландыратын құжаттарды беруі тиіс (ҚР АІЖК 59-бабының 3,4 және 5 тармақшылары). Адвокаттың нақты істі жүргізуге арналған өкілеттігі заң консультациясы немесе адвокаттық кеңсе берген ордермен, ал өз қызметін дербес жүргізген жағдайда  -  адвокат клиенпен жасасқан шартпен куәландырады. Заңды тұлғаның атынан сенімхатты тиісті заңды тұлғаның басшысы немесе өзге уәкілетті адамы береді. ҚР АІЖК-ің 59 бабының 6) және 7) тармақшыларында аталған өкілдің өкілеттігі сенімхатта немесе сот отырысының хаттамасына кіргізген сенім білдірушінің сотта берген ауызша түрдегі өтінішінде көрініс табуы мүмкін. Сотта өкілдер бола алмайтын тұлғалар (ҚР АІЖК 60-бап):  судьялар, тергеушілер, прокурорлар мен өкілді органдардың депутаттары, олардың процеске тиісті ұйымдардың уәкілеттік берілген адамдары немесе заңды өкілдер ретінде қатысу жағдайынан басқа жағдайда;  адвокатура туралы заңдармен белгіленген ережелерді бұза отырып, заң көмегін көрсету туралы тапсырма алған адвокаттар;  Адам, егер мүдделері өзі өкіл болып отырған адамның мүдделеріне қайшы келетін адамдарға осы іс бойынша заң көмегін көрсетсе немесе бұрын көрсеткен болса немесе судья, прокурор, сарапшы, маман, аудармашы, куә немесе айғақшы ретінде қатысса, сондай-ақ егер ол істі қарауға қатысушы лауазымды адаммен туыстық қатынастарда болса. 

9-тақырып. Іс жүргізу мерзімдері 
1. Іс жүргізу мерзімдерінің ерекшеліктері мен түрлері 
2. Іс жүргізу мерзімдерін есептеу, ұзарту және қалпына келтіру тәртібі 

1-сұрақ. Іс жүргізу мерзімдерінің ерекшеліктері мен түрлері Іс жүргізу мерзімдері  -  бұл талап (талап арыз, арыз, шағым) бойынша азаматтық істерді қозғау, қарау мен шешу (шешім шығару), оларды (апелляциялық, қадағалау және жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша) қайта қарау тәртібін ҚР азаматтық іс жүргізу кодексімен белгіленген мерзімдер. Іс жүргізу әрекеттері заңда белгіленген мерзімдер ішінде жасалуға тиіс. Бұл әрекеттер соттың азаматтық істерді қарауынан, соттың және азаматтық іс жүргізуге қатысушылардың әр түрлі әрекеттерінен тұрады. Іс жүргізу мерзімдерін белгіленуі сотта азаматтық істердің тез және дұрыс қаралуына көмектеседі. Іс жүргізу мерзімдері туралы жалпы мәліметтер ҚР АІЖК 123-128 баптармен қарастырылған. Іс жүргізу мерзімдерін жаратылысы бойынша екі нысанға бөлуге болады:  заңмен белгіленген мерзімдер;  сотпен белгіленген мерзімдер. Жоғарыда аталған іс жүргізу мерзімдер түрлерінің бір-бірінен айырмашылығы келесіде:  заңмен белгіленген іс жүргізу мерзімі сотқа және басқа да азаматтық іске қатысушыларға міндетті;  заңмен белгіленген іс жүргізу мезімін сот және тараптар, іске қатысушылар өзара келсімдері бойынша өзгерте алмайды;  сотпен белгіленген іс жүргізу мерзімі аз аматтық іске қатысушыларға байланысты тек сотпен бекітіледі;  сотпен белгіленген іс жүргізу мерзімі соттың өзімен керек болған жағдайда өзгертілуі мүмкін және іс жүргізу әрекеттерін жасауға арналған мерзім заңда белгіленбесе, оны сот тағайындайды (ҚР АІЖК 123 бабы 2 бөлігі). Азаматтық істерді қарау мерзімдер. Сотқа талап арызы түскен күннен бастап судья 5(бес) күн мерзімде ол бойынша сот ісін жүргізу үшін қабылдау туралы мәселені шешуге құқы бар. Азаматтық істерді сотта қарауға әзірлеу, егер заң актілерінде өзгеше белгіленбесе, арыз қабылданған күннен бастап 7(жеті) күн мерзімнен кешіктірілмей жүргізілуге тиіс. Жалпы азаматтық іс жүргізу заңына сәйкес азаматтық істер істі сот талқылауына әзірлеу аяқталған сәттен бастап 2 (екі) айға дейінгі мерзімде қаралып, шешіледі, ал жұмысын қалпына келтіру туралы, алимент өндіріп алу туралы және мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, лауазымды адамдардың, мемлекеттік қызметшілердің шешімдерін, әрекеттерін (әрекетсіздігін) даулау туралы істер 1(бір) айға дейінгі мерзімде қаралып, шешіледі. 

2-сұрақ. Іс жүргізу мерзімдерін есептеу, ұзарту және қалпына келтіру тәртібі Іс жүргізу мерзімдерін есептеу. Іс жүргізу әрекеттерін жасауға арналған мерзімдер сөзсіз болуға тиіс оқиға көрсетіле отырып, дәлме-дәл күнтізбелік күнмен немесе жылдармен, айлармен немесе күндермен есептелетін уақыт кезеңімен белгіленеді. Соңғы жағдайда әрекет бүкіл кезеңнің ішінде жасалуы мүмкін. Кезеңмен есептелетін іс жүргізу мерзімінің ағымы оның басталуы белгіленген күнтізбелік күннен немесе оқиға болған күннен кейінгі күні басталады (ҚР АІЖК 124 б.). Іс жүргізу мерзімдерін ұзарту. Сот тағайындаған мерзімдерді сот ұзарта алады. Заңмен белгіленген мерзімдерді, егер олар сот дәлелді деп таныған себептермен өткізіліп алынса, сот қалпына келтіре алады. Өткізіліп алынған мерзімді қалпына келтіру туралы өтініш іс жүргізу әрекеттерін жасауға тиісті болатын сотқа беріледі. Сот бұл өтінішті мәселенің қаралатын орны мен уақыты хабарланатын іске қатысушы адамдардың қатысуымен қарайды, алайда олардың келмей қалуы соттың алдына қойылған мәселені шешу үшін кедергі болып табылмайды (ҚР АІЖК 128-бабы 3-бөлігі). Іс жүргізу мерзімдерін ұзарту немесе ұзартудан бас тарту туралы сот ұйғарым шығарады. Іс жүргізу мерзімдерін қалпына келтіру. Мерзімді қалпына келтіру туралы өтініш берумен қатар ол бойынша мерзімі өткізіліп алынған қажетті іс жүргізу әрекеттері жасалуға (құқық қорғау туралы талап қойылуға, шағым берілуге, құжаттар табыс етілуге және т.б.) тиіс (ҚР АІЖК 128-бабы 4-бөлігі). Іс жүргізу мерзімдерін қалпына келтіру немесе келтіруден бас тарту туралы сот ұйғарым шығарады. Соттың өткізіліп алынған іс жүргізу мерзімін ұзартудан және қалпына келтіруден бас тарту туралы ұйғарымына жеке шағым (тараптармен, үшінші тұлғалармен) берілуі және наразылық  (прокурормен) келтірілуі мүмкін (ҚР АІЖК 128-бабы 5-бөлігі). Іс жүргізу мерзімдерінің аяқталуы:  жылдармен есептелетін мерзім сол мерзімнің соңғы жылының тиісті айында және күнінде;  айлармен есептелетін мерзім сол мерзімнің соңғы айының тиісті айы мен күнінде;  егер айлармен есептелетін мерзімнің соңы тиісті күні жоқ айға сәйкес келсе, мерзім осы айдың соңғы күнінде;  күндермен есептелетін мерзім белгіленген кезеңнің соңғы күні;  егер іс жүргізу әрекеті тікелей сотта немесе басқа ұйымда жасалуы тиіс болса, белгіленген ереже бойынша бұл ұйымдарда жұмыс аяқталатын немесе тиісті операциялар тоқтатылатын сағатта мерзім бітеді. Мерзімнің соңғы күні демалыс күніне тап келген жағдайда мерзімнің аяқталатын күні одан кейінгі жұмыс күні болып есептеледі. Жасалуына мерзім белгіленген іс жүргізу әрекеті мерзімнің соңғы күніне жиырма төрт сағат қалғанға дейін орындалуы мүмкін. Егер шағым, құжаттар не ақша сомалары мерзімнің соңғы күніне жиырма төрт сағат қалғанға дейін почтаға, телеграфқа тапсырылса немесе байланыстың өзге де құралдары бойынша берілсе, мерзім өтіп кеткен болып есептелмейді (ҚР АІЖК 125-бабы). Іс жүргізу мерзімдерінің бітуі іс жүргізу міндеттерін орындаудан босатпайды (ҚР АІЖК 126-бабы 2-бөлігі). 

10-тақырып. Азаматтық іс жүргізуде сотпен қолданатын мәжбүрлеу шаралары 
Мәжбүрлеу мен жауаптылық шараларын сот төрелігі міндеттерін іске асыру мақсатында сот келесі тұлғаларға қолданады:  іске қатысушы адамдарға;  процестің басқа да қатысушыларына;  жеке азаматтарға және заңды тұлғалардың лауазымды адамдарына.  Сот мәжбүрлеу мен жауаптылық шараларын аталған тұлғаларға мына жағдайларда қолданады:  сот ісін шешуге араласқаны;  судьяға қатысты қоқан-лоқы жасағаны;  судьяны қорлағаны;  сот актілерін орындамағаны;  сотқа құрметпен қарамағаны;  сот отырысында тәртіп бұзғаны үшін;  судьяның, соттың жеке ұйғарымы бойынша шаралар қолданбағаны және басқа да құқыққа қарсы іс-әреккеттері үшін қолданады. Жоғарыда аталған құқық бұзушылықтардың жасалуына кінәлі адамдар (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы немесе ҚР Қылмыстық кодексі) заңдарға сәйкес және ҚР АІЖК-нің 179-бабында белгіленген тәртіппен әкімшілік немесе қылмыстық құқықтық-жауаптылыққа тартылады. Заңға қарсы жасалған іс-әрекет үшін бір мәжбүрлеу (еріксіз келтіруді немесе сот залынан шығарып жіберу) шарасы ғана және бір жауаптылық (әкімшілік немесе қылмыстық) түрі ғана қолданылады (ҚР АІЖК 118-бабы 2-бөлігі).  ҚР АІЖК-нің 119-бабына сәйкес сотта мәжбүрлеу шараларының екі түрі көзделген:  Іске қатысушы адамдарды сотқа еріксіз келтіру. Еріксіз келтіру  -  бұл жауапкерді, куәні, сарапшыны, маманды және аудармашыны олар сотқа келуден қасақана жалтарған жағдайда сотқа мәжбүрлеп әкелу. Осы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы сот ұйғарымын шығарады, ал оны жүзеге асырумен (орындаумен) сот приставы немесе ішкі істер органдары айналысады.  Іске қатысушы адамдарды сот залынан шығарып жіберу. Біріншіден, істі қарау кезінде сот залында тәртіп бұзған адамға төрағалық етуші соттың атынан ескерту жасайды. Екіншіден, егер тәртіпті қайталап бұзған кезде іске қатысушы адам сот ұйғарымы бойынша сотта іс қараудың барлық уақытына немесе оның бір бөлігіне сот отырысы залынан шығарылып жіберілуі мүмкін. Соңғы жағдайда төрағалық етуші отырыс залына қайта жіберілген адамды ол жоқ кезде жасалған іс жүргізу әрекеттерімен таныстырады. Үшіншіден, егер іске қатыспайтын және істі қарау кезінде қатысушы азаматтар тәртіпті қайталап бұзғаны үшін төрағалық етушінің өкімімен отырыс залынан шығарылып жіберіледі. Сот отырысында тәртіп бұзуға кінәлі адамдарға сот әкімшілік құқық бұзушылық туралы заң актілерінде белгіленген тәртіппен тікелей сотта іс қарау барысында әкімшілік жаза белгілеуге құқылы. Егер сот отырысында тәртіп бұзушының іс-әрекетінде қылмыс белгілері болса, сот тәртіп бұзушыға қатысты қылмыстық іс қозғау туралы мәселені шешу үшін материалдарды, бұл туралы прокурорға хабарлай отырып, тиісті анықтау немесе алдын ала тергеу органына жібереді. Істі қарау барысында оған қатысушы азаматтар жаппай тәртіп бұзған кезде сот іске қатыспайтын азаматтардың барлығын сот отырысы залынан шығарып, істі жабық отырыста қарауы немесе істі қарауды кейінге қалдыруы мүмкін (ҚР АІЖК-нің 179-бабының 6-бөлігі).  Мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы соттың ұйғарымына іске қатысушы адамдар жеке шағым беруі және прокурор жеке наразылық келтіруі мүмкін (ҚР АІЖК 122-бабы 3-бөлігі). 
11-тақырып. Сот шығындары (түрлері, тараптардың арасында бөлу) 
1. Сот шығындарының түрлері 
2. Сот шығындарын бөлу тәртібі 

1-сұрақ. Сот шығындардың түрлері Соттың қызметі мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады. Осы шығындардың бір бөлігі заңмен бекітілген тәртіпте процеске қатысушылармен төленеді. ҚР АІЖК-нің 100-бабына сәйкес сот шығындары:  мемлекеттік баж бен;  іс жүргізуге байланысты шығындардан тұрады. Әр қайсысын жеке қарастырып көрейік. Мемлекеттік баж  -  уәкілдік берiлген мемлекеттiк органдар немесе лауазымды адамдар заңдық мәні бар iс-қимылдар жасағаны не құжаттар бергенi үшiн алатын мiндеттi төлем, яғни сотпен (судьямен) азаматтық істер қарап шешкені үшін мемлекет кірісіне төлінетін ақша төлемі. Мемлекеттік баж сотқа берiлетiн талап арыздардан, ерекше жүргiзiлетiн iстер жөнiндегi арыздардан (шағымдардан), апелляциялық шағымдардан, атқару парағының дубликатын беру туралы сұрағы бойынша сот ұйғарымына жеке шағымдардан, сот бұйрығын беру туралы арыздан, сондай-ақ сотпен аралық соттардың, шетелдік соттардың және төреліктердің шешімдері бойынша атқару парақтарын,  құжаттар көшірмелерін (дубликаттарын) бергені үшін алынады. Мемлекеттік баждың белгіленген процентік ставкалары, егер өзге Салық кодесімен белгіленбесе, ҚР-сы заңды актісімен мемлекеттік баж төленетін күні белгіленген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен есептеледі (Салық кодексінің 495-бабы 2-бөлігі). Мемлекеттік баждың екі түрі бар:  талап қою бағасынан проценттік ставкалары бойынша есептелетін мемлекеттік баж;  төленген күні республикада белгіленген есептік көрсеткіш мөлшеріне негізделіп есептелетін мемлекеттік баж. Соттардағы мемлекеттiк баж ставкалары  мынадай мөлшерде алынады (ҚР Салық кодексінің 496-бабы 1-бөлігі): 1) мүлiктiк сипаттағы талап арыздардан:  жеке тұлғалар үшiн - талап сомасының -1 процентi;  заңды тұлғалар үшiн - талап сомасының - 3 процентi; 2) мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдарының жеке тұлғалардың құқықтарына нұқсан келтiретiн заңсыз iс-әрекеттерiне берiлген шағымдардан - 30 процент; 3) мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдарының заңды тұлғалардың құқықтарына нұқсан келтiретiн заңсыз iс-әрекеттерiне берiлген шағымдардан - 500 процент; 4) Салық тексеру актілері бойынша ескертулерге дау айту туралы талап арыздардан: - жеке кәсіпкерлер және шаруа (ферма) қожалықтар үшін  -  ескертулерде белгіленіп есептелген салықтар мен басқа да бюджетке міндетті төлемдер сомасынан (айыптарды қосқанда) 0,1 процент; - заңды тұлғалар үшін - ескертулерде белгіленген есептелген салықтар мен басқа да бюджетке міндетті төлемдер сомасынан (айыптарды қосқанда) 1 процент; 5) некенi бұзу туралы талап арыздардан - 30 процент; некенi бұзу кезiнде мүлiктi бөлген жағдайда баж осы баптың 1) тармақшасына сәйкес талап бағасына қарай белгiленедi; 6) хабар-ошарсыз кеткен немесе ақылынан ауысуы немесе ақыл-есiнiң кемдiгi салдарынан әрекет қабiлетi жоқ деп белгiленген тәртiппен танылған адамдармен, не үш жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыруға сотталған адамдармен некенi бұзу кезiнде мүлiктi бөлу туралы талап арыздардан осы баптың 1) тармақшасына сәйкес; 7) тұрғын үй-жайларды жалдау шартын өзгерту немесе бұзу туралы, мұраны қабылдау мерзiмiн ұзарту туралы, мүлiктi пайдалануға тыйым салудан босату туралы талап арыздардан және мүлiктiк емес сипаттағы немесе бағалауға жатпайтын басқа да талап арыздардан - 50 процент; 8) ерекше жүргiзiлетiн iстер жөнiндегi арыздардан (шағымдардан)- 50 процент; 8-1) аралық соттар шешімі, төрелік шешімдерін күшін жою туралы өтініштерден: жеке тұлғалар үшін  -  талап сомасының  -  1 проценті; заңды тұлғалар үшін  -  талап сомасының  -  3 проценті; 9) соттың шешiмiне апелляциялық шағымдардан мүлiктiк емес сипаттағы талап арыз берiлген кезде алынатын мемлекеттiк баж мөлшерiнiң, ал мүлiктiк сипаттағы даулар бойынша - арыз берушi дауласып отырған сома негiзге алынып есептелген мемлекеттiк баж мөлшерiнiң - 50 процентi; 9-1) сот бұйрығын шығару туралы арыздардан  -  осы баптың 1) тармақшасында көрсетілген мемлекеттік баж ставкасының 50 проценті; 9) атқару парағының дубликатын беру туралы мәселе бойынша сот ұйғарымына жеке шағымнан, сондай-ақ аралық соттар, шетелдік соттар және төреліктер шешімдері бойынша атқару парақтарын беру үшін - 500 процент; 10) сот шешiмдерiнiң, үкiмдерiнiң, ұйғарымдарының, соттың басқа да қаулыларының көшiрмелерiн (дубликаттарын), сондай-ақ iске қатысушы тараптар мен басқа да адамдардың өтінiшi бойынша соттар беретiн iске қатысты басқа да құжаттардың көшiрмелерiн қайталап беру үшiн әрбiр құжат үшiн 10 процент және, бұған қоса, әзiрленген әр бет үшiн 3 процент; 11) заңды тұлғаларды банкрот деп тану туралы арыздардан  - 500 процент. Бiр мезгiлде мүлiктiк және мүлiктiк емес сипаттағы талаптар қойылған талап арыздар үшiн мүлiктiк сипаттағы талап арыздарға және мүлiктiк емес сипаттағы талап арыздарға белгiленген мемлекеттiк баж қатар алынады. Талап қоюдың бағасын талап қоюшы көрсетеді (ҚР АІЖК 102-бабы). Көрсетілген бағаның талабын мүліктің шын мәніндегі бағасына анық сәйкес келмеген жағдайда талап қою бағасын талап арызын қабылдау кезінде судья айқындайды. Талап қою кезінде оның бағасын анықтау қиын болған жағдайда мемлеккеттік баж мөлшерін сот істі шешу кезінде анықтаған талап қою бағасына сәйкес келетін бажды кейіннен қосымша өндіріп алу арқылы судья алдын ала белгілейді. Істі қарау кезінде талап қою мөлшері ұлғайған жағдайда, баждың жетіспейтін сомасын талап қоюшы талаптың көбейген бағасына сәйкес қосымша төлейді. Соттарда мемлекеттiк баж төлеуден мыналар босатылады (ҚР Салық кодексінің 501-бабы):  талап қоюшылар - еңбекке ақы төлеу сомасын өндiрiп алу туралы талаптар және еңбек қызметiне байланысты басқа да талаптар бойынша;  талап қоюшылар - авторлық құқықтан, сондай-ақ жаңалық ашу, өнертабыс, рационализаторлық ұсыныс және өнеркәсiптiк үлгiлер құқығынан туындайтын талаптар бойынша;  талап қоюшылар - алимент өндiрiп алу туралы талаптар бойынша;  талап қоюшылар - асыраушының мертiгуiне немесе денсаулығының өзге де зақымдануына, сондай-ақ қайтыс болуына байланысты зиянның орнын толтыру туралы талаптар бойынша;  талап қоюшылар - қылмыс жасау арқылы келтiрiлген материалдық нұқсанның орнын толтыру туралы талаптар бойынша;  жеке тұлғалар - некенi бұзу туралы iстер жөнiндегi апелляциялық шағымдардан;  iске қатысы жоқ адамдардан басқа заңды және жеке тұлғалар - қылмыстық iстерге және алимент жөнiндегi iстерге байланысты өздерiне құжаттар бергенi үшiн;  талап қоюшылар - Қазақстан Республикасының табиғат қорғау заңдарының бұзылуы арқылы мемлекетке келтiрiлген нұқсанның орнын толтыру үшiн мемлекет кiрiсiне қаражат өндiрiп алу туралы талаптар бойынша;  жалпы орта бiлiм беру жүйесiнiң кәсiптiк-техникалық мектептерi - оқу орындарын өз бетiмен тастап кеткен немесе олардан шығарылған оқушылардың қажетiне жұмсауға мемлекет шеккен шығындарды өндiрiп алу туралы талаптар бойынша;  жеке тұлғалар - қылмыс жасау арқылы келтiрiлген материалдық нұқсанды өндiрiп алудың дұрыстығына дау жасалатын қылмыстық iстер бойынша апелляциялық шағымдардан;  заңдарда көзделген жағдайларда басқа адамдардың немесе мемлекеттiң құқықтары мен заң арқылы қорғалатын мүдделерiн қорғап сотқа арызданған заңды және жеке тұлғалар;  талапкерлер - Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оларға теңестiрiлген адамдар, I және II топтағы мүгедектер - барлық iстер мен құжаттар бойынша;  заңды және жеке тұлғалар - сотқа iс жүргiзудi тоқтату немесе арыздарды қарамай тастау туралы сот ұйғарымының күшiн жою жөнiнде; шешiмнiң орындалуын кейiнге қалдыру немесе мерзiмiн ұзарту жөнiнде; шешiмдi орындау әдiсi мен тәртiбiн өзгерту жөнiнде; талаптарды қамтамасыз ету немесе қамтамасыз етудiң бiр түрiн екiншiсiмен ауыстыру жөнiнде арыздар; жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша сот шешiмдерiн, ұйғарымдарын немесе қаулыларын қайта қарау туралы арыздар; сот шешiмiмен салынған айыппұлдарды ұлғайту немесе азайту туралы; сот ұйғарымының орындалу барысы туралы, өткiзiлiп алынған мерзiмдердi қалпына келтiру туралы арыздар; сондай-ақ сот орындаушыларының әрекеттерiне шағымдар; айыппұлдарды ұлғайтудан немесе азайтудан бас тартқандық туралы сот ұйғарымдарына берiлген жеке шағымдар; сот ұйғарымдарына берiлген басқа да жеке шағымдар; әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер жөнiндегi қаулыға шағымдар; сырттай шешімдер күшін жою туралы арыздар бергенi үшiн;  прокуратура органдары - барлық талаптар бойынша;  мемлекеттiк мекемелер - үшiншi бiр тұлғалардың мүдделерiн қорғайтын жағдайларды қоспағанда, өз құзыретiне жататын мәселелер бойынша талап-арыздар берген кезде;  мүгедектердiң қоғамдық ұйымдары - өз құзыретiне жататын мәселелер бойынша талаптар қойған жағдайда;  сақтандырушылар мен сақтанушылар - мiндеттi сақтандыру шарттарынан туындайтын талаптар бойынша;  талапкерлер мен жауапкерлер - заңсыз соттау, қылмыстық жауапқа заңсыз тарту, бұлтартпау шарасы ретiнде заңсыз қамауға алу не тұтқындау немесе еңбекпен түзеу жұмыстары түрiнде заңсыз әкiмшiлiк шаралар қолдану арқылы азаматқа келтiрiлген нұқсанның орнын толтыруға байланысты даулар бойынша;  Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi, оның филиалдары мен өкілеттіктері - өз құзыретiне жататын мәселелер бойынша талаптар қойған жағдайда;  ҚР бюджеттік заңнамасы бойынша бюджеттік несиелер, сондай-ақ мемлекеттік және мемлекетпен кепілдік еткен заемдар қайтару бойынша сотқа талаппен жүгінген агент;  Талап қоюшы-репатрианттар (оралмандар) - Қазақстан Республикасы азаматтығын алумен байланысты барлық істер және құжаттар бойынша;  Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарды реттеу мен қадағалау бойынша өкілетті мемлекеттік орган  -  оның өкілеттігіне жататын сұрақтар бойынша талаптар қойғанда;  Мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымдардың таратушы комиссиялары  -  қарыздарды өндіріп алу туралы және таратылатын борышкер қаржы ұйымдарды дәрменсіз (банкрот) деп тану туралы талаптар бойынша;  Қазақстан Республикасы заңды актілеріне сәйкес мемлекеттік инвестициялық саясатты жүзеге асыруға өкілетті банкілер  -  бюджет қаражаты есебінен қайтарымды негізде берілген кредиттер бойынша берешектерді өндіріп алу туралы; мүліктен өндіріп алу туралы; сыртқы мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген заемдар, сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен берілген заемдар бойынша борышкерлер өз міндеттемелерін орындамауына байланысты олардың банкроттығы туралы талаптар берген кезде.  Конкурсты басқарушы  -  Қазақстан Республикасы банкроттық туралы заңнамасына сәйкес өзінің өкілеттігі шегінде конкурстық өндіріс мүддесіне талап қойғанда. Мемлекеттiк баж төлемдi қабылдап алған банктiң  (оның филиалының) орналасқан жерi бойынша жергiлiктi бюджеттiң кiрiсiне есептеледi. Төлемді қабылдап алған банк (оның филиалы) квитанция береді, оны іс материалдарына біріктіріленеді (талап арыз не арыздың қосымша тіркелетін құжаттар тізімінде көрсетілуі тиіс). Мына жағдайларда төленген мемлекеттік баж iшiнара немесе толық қайтарылуға тиiс (ҚР Салық кодексінің 508-бабы 1-бөлігі):  Салық кодексінде көрсетілгеннен баж көп мөлшерде төленсе, бірақ талап қоюшымен өз талаптарын азайтуын ескермегенде;  Арызды (шағымды) қайтару немесе оны қабылдаудан бас тартқанда, сондай-ақ нотариустардың немесе өкілетті тұлғалардың нотариаттық әрекеттер жасаудан бас тартқанда;  Егер iс сотта қаралуға жатпайтын болса, сондай-ақ талапкер дауды алдын ала шешудiң осы санаттағы iстер үшiн белгiленген тәртiбiн сақтамаса, не талапты төлеу қабiлетi жоқ адам қойса, iс жүргiзу тоқтатылған немесе талап қаралмай тасталған;  Мемлекеттiк баж төлеген адамдар заңдық мәнi бар iс-қимыл жасаудан немесе осындай заңдық мәнi бар iс-қимыл жасайтын органға өтiнiш жасалғанға дейiн құжат алудан бас тартқан;  Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарында белгiленген өзге де жағдайларда. Мемлекеттiк баж төлеген адам салық органына оны қайтару туралы арызды бюджетке мемлекеттiк баж төленген күннен бастап бiр жыл iшiнде бере алады. Төленген бажды қайтарып алу үшін арызбен қоса соттың мемлекеттік бажды қайтару туралы ұйғарымы болуы тиіс. Салық органының шешiмi азаматтар немесе заңды тұлғалар арыз берген кезден бастап бiр айдан кешiктiрмей қабылданады. Қайтарылуға тиiстi мемлекеттiк баж азаматқа немесе заңды тұлғаға оны қайтару туралы шешiм қабылданған күннен бастап 10 күн iшiнде берiлуге тиiс. Мемлекеттік баж келесі жағдайларда қайтарылмайды:  Талап қоюшы талап қоюдан бас тартқан;  Талап қоюшы өз талаптарын азайтқан;  Іс тараптардың бітімгершілік келісімімен аяқталған жағдайларда. Іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындар  -  іске мүдделі тұлғалармен сотта іс қарау және соттың шешімін орындау жөнінде төленетін шығымдар. Іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындар қатарына мыналар жатады:  куәлерге, сарапшыларға және мамандарға төленуге тиісті сомалар (ҚР АІЖК-нің 108, 109-баптары);  сол жерде қарау жүргізілуге байланысты шығындар;  заттай дәлелдемелерді сақтауға байланысты шығындар;  жауапкерді іздестіру жөніндегі шығындар;  іс бойынша жарияланымдар мен хабарландыруларға байланысты шығындар;  тараптарға хабарлау және оларды сотқа шақыру жөніндегі шығындар;  тараптар мен үшінші тұлғалардың жолақысы және олардың сотқа келуіне байланысты шеккен тұрғын жайды жалға алу жөніндегі шығындар;  өкілдердің көмегіне ақы төлеу жөніндегі шығындар;  соттың шешімдерін, үкімдерін, ұйғарымдарын және қаулыларын орындауға байланысты шығындар;  сот қажет деп таныған өзге де шығындар. Мысалы, куәлерге, сарапшыларға, мамандарға және аудармашыларға сотқа келуге байланысты жолақысы, бөлме жалдау жөніндегі шығындар өтеледі, іссапарға шыққан тұлғаларға тиісті тәуелікақы төленуге тиісті. Сонымен қатар сарапшылар мен мамандарға байланысты өздерінің іс бойынша тиесілі жұмсалған химикалық құралдар және өзге де материалдар үшін ақша сомасы төленуге тиіс. Куә ретінде сотқа шақырылған жұмыс істейтін адамдарға сотқа келуге байланысты олардың болмаған уақыты үшін жұмыс істейтін жері бойынша орташа жалақысы сақталады. Еңбек қатынастарында тұрмаған куәлар өздерін әдеттегі айналысып жүрген істерінен алаңдатқаны үшін іс жүзіндегі ауқыт шығындары ескеріліп және заңда белгіленген 1 (бір) айлық жалақының ең төменгі мөлшері негізге алына отырып өтемақы алады. Сарапшылар мен мамандар, егер бұл жұмыс олардың қызметтік міндеттерінің шеңберіне кірмейтін болса, соттың тапсырмасы бойынша өздері орындаған жұмыс үшін сыйақы алады. Сыйақының мөлшерін тараптармен келісім бойынша сот анықтайды (ҚР АІЖК-нің 108-бабының 3-бөлігі). 

2-сұрақ. Сот шығындарын бөлу тәртібі Пайдасына шешім шығарылған тарапқа, бұл тарап сот шығындарын төлеуден босатылса да, басқа тараптан іс бойынша жұмсалған барлық шығындарды сот алып береді. Егер талап қою ішінара қанағаттандырылса, онда шығындар талап қоюшыға қойылған талаптардың сот қанағаттандырған мөлшеріне бара  - бар, ал жауапкерге  -  талап қою талаптарының талап қоюшыға бас тартылған бөлігіне бара-бар беріледі. Егер жоғары сатыдағы сот істі жаңадан қарауға берместен шығарылған шешімді өзгертсе немесе жаңа шешім шығарса, ол тиісінше сот шығыстарын бөлуді де өзгертеді (ҚР АІЖК-нің 110-бабы). Сотқа басқа тұлғалар мен мемлекеттің құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау туралы өтініштермен жүгінген тұлғаларға талап қоюдан толық немесе ішінара бас тартылған кезде, жауапкерге республикалық бюджеттің қаражатынан олар жұмсаған сот шығындары толық немесе қойылған талаптардың талап қоюшыға бас тартылған бөлігіне бара-бар өтеледі. Пайдасына шешім шығарылған тарапқа сот процеске қатысушы өкілдің көмегіне ақы төлеу жөніндегі өзіне екінші тарап келтірген шығындарды іс жүзінде өзі шеккен шығындар мөлшерінде басқа тараптан алып береді, сондай-ақ егер тараптар бітімгершілік келісімін жасау кезінде өкілдің көмегіне ақы төлеу жөніндегі шығындарды бөлу тәртібін көздемесе.Ал ақшалай талап бойынша бұл шығындар қойылған талаптың қанағаттандырылған бөлігінің 10 (он) процентінен аспауға тиіс (ҚР АІЖК-нің 111-бабы). Талап қоюшы талап қоюдан бас татқан кезде оның шығарған шығындарын жауапкер не мемлекет өтемейді. Егер талап қоюшы талап қоюдан кейін оларды жауапкердің ерікті түрде қанағаттандыруы нәтижесінде өзінің талаптарын қолдаудан бас тартса, сот талап қоюшының өтінуі бойынша жауапкерден талап қоюшы шеккен бүкіл сот шығындарын және өкілдің көмегіне ақы төлеу жөніндегі шығындарды өндіріп алады. Екінші тараптың пайдасына іс жүзінде уақыт ысырабынан келтірілген өтемақыны мына жағдайда мүмкін:  көрінеу теріс пиғылмен негізсіз талап қойылғанда;  қойылған талапқа қарсы негізсіз дау білдіргенде;  істі дұрыс және тез қарап, шешуге үнемі қарсы әрекет жасағанда. Өтемақы мөлшерін нақты мән-жайларды ескере келіп, осы жердегі тиісті еңбекке ақы төлеудің қолданылып жүрген нормасын негізге ала отырып, сот белгілейді (ҚР АІЖК-нің 112-бабы). Мүлікті тыйым салудан босату туралы талап қою қанағаттандырылған жағдайда талап қоюшыға ол жұмсаған сот шығындары республикалық бюджеттің қаражатынан өтеледі. Егер екі тарап та (ҚР АІЖК-нің 104-бабы) сот шығындарын төлеуден босатылса, іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындар республикалық бюджеттің есебіне жатқызылады. Сот шығындарына байланысты мәселелер жөніндегі ұйғарымға іске қатысушылармен жеке шағым берілуі, ал прокурормен наразылық келтірілуі мүмкін. 

12-тақырып. Азаматтық істердің ведомстволық бағыныстылығы және соттылығы 
1. Ведомстволық бағыныстылық ұғымы мен түрлері 
2. Соттылық ұғымы мен түрлері 
1-сұрақ. Ведомстволық бағыныстылық ұғымы мен түрлері Ведомстволық бағыныстылық - құқық туралы немесе басқа да заңды ісін белгілі органның құзырлығына жатқызуы. Әр орган тек өзіне ведомстволық бағыныстылықтағы ғана сұрақтарды қарастыруға құқылы. Заңды істердің ведостволық бағыныстылығы негізі заңмен және тек кейбір жағдаларда заңға сәйкес нормативтік актілермен анықталады. Қазақстан Республикасы заңдары бойынша істер қарастыруға құқығы бар органдар:  соттар;  заңмен қарастырылған атқарушы органдар;  аралық соттар;  басқа тұлғалар мен органдар. Ведомстволық бағыныстылық түрлері: Жекеше ведомстволық бағыныстылық - бір органның ведомстволық бағыныстылығындағы іс қарастыру, мысалы, азаматты психиатриялық стационарға мәжбүрлеп жатқызу туралы істер тек жалпы юрисдикциялық сотта шешіледі. Көпше ведомстволық бағыныстылық - бірнеше органдар ведомстволық бағыныстылығында іс қарастыру, мысалы, мекемелер, мен жеке тұлғалар арасындағы мүліктік дау аралық сотпен немесе жалпы юрисдикциялдық соттармен қаралып, шешілуі мүмкін.  Балама ведомстволық бағыныстылық - бұл талап қоюшының тандауы бойынша ведомстволық бағыныстылық;  Аралас ведомстволық бағыныстылық - басқа түрлерге тән белгілері бар ведомстволық бағыныстылық (көбінесе императивтік және балама);  Шарттық ведомстволық бағыныстылық - бұл тараптардың өзара келісімімен белгіленетін ведомстволық бағыныстылық;  Жағдайлы ведомстволық бағыныстылық - заңмен көзделген белгілі бір жағдай туындағанда іс тек соттың қарауында болуы;  Императивтік ведомстволық бағыныстылық - заңмен белгіленген кезек бойынша бірнеше юрисдикциялық органдармен іс қаралуы. Азаматтық істердің ведомстволық бағыныстылығын анықтаудың негізі болып:  дау туындаған даулы құқық қатынасының материалды-құқықтық мәні;  даулы құқық қатынасының субъективтік құрамы. Егер бұзылған немесе даулы құқықтарды, бостандықтарды және заңмен қорғалатын мүделерді қорғау азаматтық іс жүргізу кодексте және басқа заңдарға сәйкес өзгеше сот тәртібімен жүзеге асырылмаса оларды қорғау туралы істерді соттар азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарайды. Сотқа бағынышты мүліктің дау оған заң актілерінде тыйым салынбаған кезде және азаматтық іс жүргізу кодекстің 170-бабының 4-тармақшасына және 192-бабына сәйкес тараптардың келісімі бойынша аралық соттың қаралуына берілуі мүмкін. Біреулері сотқа, ал басқалары сот емес органдарға ведомстволық бағынысты өзара  байланысты бірнеше талаптар біріктірілген кезде барлық талаптар сотта қаралуы тиіс. Нақты даудың кімге бағыныстылығына қатысты күмән немесе қолданыстағы заңдарға қиғаштықтар болған жағдайда оны сот қарайды. Сот ведомствосының қарауына жататын талап қою бойынша, ерекше талап қоюмен іс жүргізу және ерекше іс жүргізу істер. Талап қою бойынша іс жүргізу істері: азаматтық, отбасылық, еңбек, тұрғын үй, әкімшілік, қаржы, шаруашылық, жер құқықтық қатынастарынан, табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі қатынастар мен басқа да құқықтық қатынастардан, оның ішінде бір тараптың екінші тарапты билікпен бағындыруына негізделген қатынастардан туындайтын даулар жөніндегі талап қоюды қарайды. Ерекше талап қоюмен іс жүргізу істері: мемлекеттік орган немесе оның лауазымды адамы қабылдаған актіге дау айту туралы және т.б. (ҚР АІЖК 25-29 тарау) Ерекше іс жүргізу істері: заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы; азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы және азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы; азаматты әрекетке қабілеті шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз деп тану туралы; азаматты психиатриялық стационарға мәжбүрлеп жатқызу туралы; заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің банкроттығы туралы; жылжымалы затты иесіз деп тану және жылжымайтын мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану туралы; азаматтық хал актілері жазуларының дұрыс еместігін анықтау туралы; нотариаттық әрекеттерге немесе оларды жасаудан бас тартуға шағымдар бойынша; бағалы қағаздар көрсетуші адамның жоғалған бағалы қағаздар және ордерлік бағалы қағаздар (шақырту ісін жүргізу) бойынша құқытарын қалпына келтіру туралы; бала асырап алу туралы. Заңда  ерекше іс жүргізу тәртібімен басқа да істерді қарау көзделуі мүмкін. 
2-сұрақ. Соттылық ұғымы мен түрлері Соттылық - соттар арасында белгілі азаматтық істер қарастыру өкілеттіктерді бөлу. Соттар азаматтық отбасылық, еңбек тұрғын үй, әкімшілік, қаржы, шаруашылық, жер құқықтың қатынастардан, табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаны қорғау жөнінде қатынастар мен басқа да құқықтық қатынастардан, оның ішінде бір тараптың екінші тарапты билікпен бағындыруына негізделген қатынастардан туындайтын даулар жөніндегі талап қоюды қарайды. Мемлекеттік орган немесе оның лауазымды адамы қабылданған актіге сотта дау жасалуы мүмкін. Егер халақаралық шартта ҚР заңдарында немесе тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе соттар шетелдік азаматтар, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік ұйымдар, шетелдік заңды тұлғалар, шетел қатысатын ұйымдар, сондай-ақ халықаралық ұйымдар қатысатын істерді қарайды. Заң бойынша соттың құзыретіне жатқызылған басқа да істер сотқа бағынысты болады. Азамаматтық істерді қай соттың қарауына жататындығының топтық түрі және аймақтық түрі:  топтық соттылық - сот жүйесінің әр түрлі сатысындағы соттарға істің соттылығы;  аймақтық соттылық - сотта істі қарау аумағына байланысты осы соттың құзыретіне жатқызылған соттылық. Топтық соттылық. Топтық соттылық дауды мәні бойынша қай денгейдегі (аудандық, облыстық, Жоғары) сот қарайтынын белгілейді. Аудандық, қалалық сотта және оған теңестірілген соттың сотталуына жататын азаматтық істер ҚР АІЖК-нің 28-30 баптарында көзделген істерді қоспағанда қалған барлық азаматтық істер қаралып шешіледі. Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес басқа да істер Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотында қаралуға жатқызылуы мүмкін. Сондай-ақ мамандырылған соттардың қаралуына жататын азаматтық істер де топтық соттылыққа жатады (ҚР АІЖК-нің 30-бабы). ҚР сот жүйесі мен соттар мәртебесі туралы конституциялық заңның 3-бабының 3-бөлігіне және 6-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сондай-ақ ҚР-ның <<Мамандандырылған ауданаралық экономикалық және әкімшілік соттар құрылуы туралы>> (09.02.2002 жылы қабылданған) Президентің Жарлығына сәйкес мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар Астана, Алматы қалаларында, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс-Қазақстан, Жамбыл, Батыс-Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Манғыстау, Павлодар, Солтүстік-Қазақстан, Онтүстік-Қазақстан облыстарында құрылуы тиіс. Сонымен қатар Астана және Алматы қалаларында мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттары құрылуы тиіс. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар, ҚР АІЖК-нің 28-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 3), 4) тармақшаларында, екiншi бөлiгiнде, 29-бапта көзделген iстердi қоспағанда, тараптары заңды тұлға құрмай кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын азаматтар, заңды тұлғалар болып табылатын мүлiктiк және мүлiктiк емес даулар жөнiндегi азаматтық iстердi қарайды. Мамандандырылған аудандық және соларға теңестірілген әкімшілік соттар әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) қаулыларына дауласу туралы істерді қарайды. Әскери соттар Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшiлерiнiң, әскери жиындардан өтiп жүрген азаматтардың әскери басқарудың лауазымды адамдары мен органдарының әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) шағымдануы туралы азаматтық iстердi қарайды. Әскери соттар, егер тараптардың бiрi әскери қызметшi, әскери басқару органдары, әскери бөлiм болып табылса, басқа да азаматтық iстердi қарауға құқылы. Азаматтық iстердiң басқа мамандандырылған соттардың соттауына жатқызылуы ҚР АІЖК-мен белгіленедi. Егер арызда бiр-бiрмен байланысты талаптар қойылып, олардың бiрi аудандық (қалалық) сотқа, бiрi жоғары тұрған сотқа қарасты болса, егер басқа iске қатысушылар бұған қарсы болмаған жағдайда, барлық талаптар жоғары тұрған соттың қарауына жатады (ҚР Жоғарғы Соты Пленумның №9 қаулысы, 30.06.2000 ж.). Аймақтық соттылық. Аймақтық соттылық дегеніміз  -  ол сот жүйесінің бір қатардағы көптеген (аудандық және оларға теңестірілген немесе облыстық және оларға теңестірілген) соттардың қайсысы нақты азаматтық істі мәні бойынша қарайтыны. Аймақтық соттылықтың келесі түрлерін атауға болады:  Жалпы соттылық - жауапкердің тұрғылықты жері бойынша анықталатын соттылық (ҚР АІЖК-нің 31-бабы);  Балама соттылық - талап қоюшының таңдау бойынша сотта іс қарау соттылығы (ҚР АІЖК-нің 32-бабы);  Ерекше соттылық - белгілі істерді заңда көзделген соттармен қарау соттылығы (ҚР АІЖК-нің 33-бабы);  Шарттық соттылық - тараптардың келісімдері бойынша белгіленетін соттылық (ҚР АІЖК-нің 34-бабы);  Істің байланыстығы бойынша соттылық - аумағына қарамастан дау алғашқы талап қарастырылған сотта шешілуі (ҚР АІЖК-нің 35-бабы). Осы соттылық бойынша істі қарастыруы келесіні ескеру қажет: 1- әр жерде тұратын немесе орналасқан бірнеше жауапкерге талап талап қоюшының таңдауымен жауапкердің біреуі тұратын немесе орналасқан жер бойынша қойылады. Бiр арызға бiрiктiрiлген, әртүрлi соттардың соттауына жататын талаптар, егер бұл ретте ҚР АІЖК-нің 171-бабына сәйкес жоғары тұрған соттың судьясы бұл талаптарды бөлу туралы ұйғарым шығармаса, мәлiмделген талаптардың бiрi соттауына жатқызылған жоғары тұрған сотта қаралады; 2- дербес талабын мәлімдеуші үшінші тұлғаның талабы және қай сотта сотталатындығына қарамастан қарсы талап бастапқы талапты қараған жердегі сотқа беріледі; 3- қылмыстық істен туындайтын талап, егер ол қылмыстық іс жүргізілген кезде азаматтық талап қою ретінде мәлімделген немесе шешілмеген болса, ҚР АІЖК-мен белгіленген соттылығы туралы ережелер бойынша азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға беріледі. ҚР АІЖК-нің 36-бабының 1-бөлігіне сәйкес, соттылық ережелерін сақтай отырып сот жүргізуге қабылдаған іс, кейіннен ол басқа соттың соттауына жатса да, мәні бойынша шешілуге тиіс. Іс басқа соттың қарауына мына жағдайларда береді:  егер тұрғылықты жері бұрын белгісіз болған жауапкер істі өзінің тұрғылықты жері бойынша сотқа беру туралы өтініш жасаса;  егер бір немесе бірнеше судьяға қарсылық білдіргеннен кейін, сондай-ақ назар аударуға тұратын басқа мән-жайлар бойынша судьяларды ауыстыру немесе аталған сотта істі қарау мүмкін болмаса;  егер істі аталған сотта қарау кезінде оның істің соттылық ережелерін бұза отырып қабылданғаны анықталса;  егер сотқа талап қойылса (ҚР АІЖК-нің 36-бабының 2-бөлігі).  Істің сол соттың соттауына жатпайтыны туралы тараптардың арыздарын сол сот шешеді. Істі басқа сотқа беру туралы мәселе бойынша сот ұйғарым шығарады. Тараптың (тараптардың) іс сол соттың соттауына жатпайтыны туралы арызын қанағаттандырмай қалдыру туралы сот ұйғарымына жоғары тұрған сотқа шағымдануға болады, оның шешімі түпкілікті болып табылады және шағымдануға, наразылық келтіруге жатпайды. Істі бір соттан басқасына беру  -  бұл ұйғарымға шағымдану мерзімі өткеннен кейін, ал шағым берген жағдайда шағымды қанағаттандырмай қалдыру туралы ұйғарым шығарылғаннан кейін жүргізіледі. Істің соттылығы туралы соттардың арасындағы дауларды жоғары тұрған сот шешеді, оның шешімі түпкілікті болып табылады және шағымдануға, наразылық келтіруге жатпайды (ҚР АІЖК-нің 36-бабының 4-бөлігі). 

13-тақырып. Азаматтық іс жүргізуде дәлелдеу 
1. Соттық дәлелдеу және дәлелдеу құралдары 
2. Дәлелдеу пәні және дәлелдеуге жатпайтын деректер 
3. Дәлелдеудің жалпы тәртібі 
1-сұрақ. Соттық дәлелдеу және дәлелдеу құралдары Соттық дәлелдеу  -  бұл істің мән-жайларын соттық дәлелдемелер арқылы анықтау бойынша процестке қатысушылардың қызметі. Өзгеше айтар болсақ  -  бұл тараптардың және өзге де қатысушылардың дәлелдемелерді табыс етуге, жинауға және оларды зерттеуге әрекеті. Бұндай құқық ҚР АІЖК-нің 47-бабында көзделген. ҚР АІЖК-нің 65-бабы сәйкес, әр тарап (талап қоюшы және жауапкер) өзінің талаптарының және қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуі тиіс. Осы мән-жайларды ҚР азаматтық іс жүргізу заңында белгіленген нақты деректер арқылы дәлелдеу қажет.  Бұл нақты деректер:  тараптардың және үшінші тұлғалардың түсініктемелерімен;  куәлардың айғақтарымен;  заттай дәлелдемелермен;  сарапшылардың қорытындыларымен;  іс жүргізу әрекеттерінің хаттамаларымен және өзге де құжаттармен анықталады. Жоғарыда аталған деректерді басқаша  -  дәлелдеу құралдары деп аталады. Дәлелдеу құралдары  -  бұл сотта істің мән-жайларын анықтау үшін қолдануы мүмкін құралдар. Енді әр қайсысын жеке қарастырайық. 1.Тараптардың және үшінші тұлғалардың түсініктемелері. Бұлардың ерекшеліктер бар  -  олар іс бойынша мүдделі тұлғалар, сондықтан олардың белгілі мән-жайлар туралы түсініктемелерінде қателіктер болуы мүмкін. Бұндай қателіктер үшін тараптар және үшінші тұлғалар жауаптылыққа тартылмайды.   Тараптардың және үшінші тұлғалардың іс үшін маңызы бар, өздеріне белгілі мән-жайлар туралы түсініктемелері іс бойынша жиналған басқа да дәлелдемелермен қатар тексеруге және бағалауға жатады (ҚР АІЖК-нің 78-бабының 1-бөлігі). Осы түсініктемелерді келесі түрлерге бөліп қарастырады:  Жазбаша;  Ауызша;  Талап;  Мойындау. Жазбаша түсініктемелер талап арызында немесе талапқа қарсылық білдіруде көрінеді. Ауызша түсініктемелерді төрағалық етуші (судья) қандай азаматтық іс қаралуға тиіс екенін жария етіп, процеске қатысушылардың келуін тексерген соң тараптар  мен үшінші тұлғалар береді.  Талап -  деректер туралы тараптардың баяндамасы және олар осы деректерді анықтауға мүдделі болады.  Мойындау  -  басқа тарап дәлелдеу тиіс деректерді екінші тараптың тануы. Тараптың талабын немесе қарсылығын негіздейтін деректерді екінші тараптың мойындауы ол тарапты осы деректерді одан әрі дәлелдеу қажеттілігінен босатады. Тарап мойындаған дерек сот отырысының хаттамасына енгізіледі және оған деректі мойындаған тарап қол қояды (ҚР АІЖК-нің 78-бабының 3-бөлігі). Егер деректілерді тану шындығында болмаған мән-жайды жасыру мақсатымен не алдаудың, күш қолданудың, қорқытудың немесе жаңылудың әсерінен жасалғандығына соттың күдігі болса, ол тануды қабылдамай, ол туралы ұйғарым шығарады. Мұндай жағдайда осы деректер жалпы негізде дәлелденуге тиіс. Деректі тану бұл түсініктемелердің бір түрі, сондықтан оны талап танумен шатастыруға болмайды. 2.Куәлардың айғақтары (ҚР АІЖК-нің 79-бабы). Куә - іс үшін маңызы бар мән-жайлар туралы қандай да болмасын мәліметтер өзіне белгілі болған тұлға. Сотта куә берген мәліметтер  -  куәнің айғақтары деп аталады. Белгілі бір адамды куә ретінде (оның тегін, атын, әкесінің атын және тұратын жерін немесе жұмыс орнын белгілеп, сондай-ақ бұл адамнан жауап алу қажеттілігін негіздей отырып) сотқа шақырту туралы іске қатысушылар өздерінің өтінімдері арқылы, ал талап қоюшы  -  талап арызында көрсетеді. ҚР АІЖК-нің 79-бабының 2-бөлігіне сәйкес куә ретінде бола алмайтын тұлғалардың тізімі көрсетілген. Оларға:  балаларды тәрбиелеу туралы даулар бойынша істерді қоспағанда өзінің жастығына, дене немесе психикалық кемістігіне орай фактілерді дұрыс қабылдауға және олар туралы дұрыс айғақ беруге қабілетсіз адамдар;  өкілдің немесе қорғаушының міндетін атқаруына байланысты өздеріне белгілі болған мән-жайлар туралы  -  азаматтық іс бойынша өкілдер немесе қылмыстық іс бойынша қорғаушылар;  шешім немесе үкім шығару кезінде мәселелерді істің мән-жайын кеңесу бөлмесінде талқылау кезінде туындаған мәселелер туралы  -  судья;  оларға тәубаға келу кезінде сенім білдірген адамдардан белгілі болған мән-жайлар туралы  -  дін қызметшілері;  заңда көрсетілген басқа адамдар. Сондай-ақ, сотта адам өзі-өзіне, зайыбына (жұбайына) және шеңбері заңмен белгіленетін жақын туыстарына куәлік айғақ беруден бас тартқан жағдайда куә ретінде танылмайды. Сот баланың өсу деңгейін ескере оны сотқа куә ретінде қатыстыруы мүмкін. Он төрт жасқа толмаған куәдан жауап алу, ал соттың қалауы бойынша он төрт жас пен он алты жас аралығындағы куәдан жауап алу да сотқа шақырылатын педагогтың қатысуымен жасалады. Қажет болған жағдайда кәмелетке толмаған куәнің заңды өкілдері (ата-аналары, асырап алушылар, қамқоршылар немесе қорғаншылар) де шақырылады (ҚР АІЖК-нің 199-бабының 1-бөлігі). Куә ретінде шақырылған адам сотқа ұйғарыммен тағайындалған уақытта келуге және шынайы ағақ беруге міндетті. Көрінеу жалған айғақ бергені және заңда көзделмеген негіздер бойынша айғақ беруден бас тартқаны немесе жалтарғаны үшін куә ҚР ҚК-нің 352,353-баптарында көзделген қылмыстық жауаптылыққа тартылады. Бірақ куә <<өз-өзіне, зайыбына (жұбайына) және жақын туыстарына>> қарсы куәлік етуге міндетті емес (ҚР Конституциясының 77-бабының 3-бөлігінің 7-тармақшасы және ҚР АІЖК-нің 79-бабының 3-бөлігі). Әдеттей сот отырысында куә айғақтарын ауызша береді, бірақ ерекше жағдайда (науқастығының, қарттығының, мүгедектігінің немесе басқа да дәлелді себептерінің салдарынан) сот куәдан өзі барған жерінде жауап алуы мүмкін (ҚР АІЖК-нің 80-бабының 2-бөлігі). ҚР АІЖК-сі бойынша куә бірқатар құқықтарға ие:  сотта ана тілінде немесе өзі білетін басқа тілде мәлімдеме жасау (ҚР АІЖК-нің 14-бабының 3-бөлігі);  сотқа келуге байланысты жолақысы, бөлме жалдау жөніндегі шығындар өтеледі, іссапарға шыққан тұлғаларға тиісті тәуелікақы төленуге тиіс;  куә ретінде сотқа шақырылған жұмыс істейтін адамдарға сотқа келуге байланысты олардың болмаған уақыты үшін жұмыс істейтін жері бойынша орташа жалақысы сақталады;  еңбек қатынастарында тұрмаған куәлар өздерін әдеттегі айналысып жүрген істерінен алаңдатқаны үшін іс жүзіндегі уақыт шығындары ескеріліп және заңда белгіленген 1 (бір) айлық жалақының ең төменгі мөлшері негізге алына отырып өтемақы алады;  сотқа шақырылуына байланысты шығындарды өтеттіруге және уақытын жоғалтуына байланысты ақшалай өтемақы алуға (ҚР АІЖК-нің  80-бабының 4-бөлігі);  қажет болған жағдайда сотта осы немесе келесі отырыста екінші рет жауап беруге (ҚР АІЖК-нің 197-бабының 4-бөлігі);  жазбаша материалдарды пайдалануға (ҚР АІЖК-нің 198-бабы). 3.Жазбаша дәлелдемелер. Жазбаша дәлелдемелер  -  бұл іс үшін маңызы бар мән-жайлар туралы мәлеметтерді қамтитын актілер, құжаттар, іскерлік немесе жеке сипаттағы хаттар (ҚР АІЖК-нің 81-бабы). Жазбаша дәлелдемелерді тараптар және іске қатысушы басқа да тұлғалар тапсыруы, сондай-ақ олардың өтініші бойынша сот талап етуі мүмкін. Соттың азаматтардан немесе заңды тұлғалардан талап ететін жазбаша дәлелдемелері тікелей сотқа жіберіледі. Жазбаша дәлелдемелер, әдетте, тұпнұсқа күйінде беріледі. Егер құжаттың көшірмесі берілсе, сот қажет болған жағдайда түпнұсқаның берілуін талап етуге құқылы (ҚР АІЖК-нің 83-бабының 3-бөлігі). Түпнұсқа жазбаша дәлелдемелер, сондай-ақ істегі жеке хаттар оларды табыс еткен тұлғалардың өтініші бойынша сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін оларға қайтарылуы мүмкін. Бұл орайда істе жазбаша дәлелдемелердің судья куәландырған көшірмесі қалады. Жазбаша дәлелдемелер нысаны бойынша мына түрлерге бөліп қарастыруға болады:  жай жазбаша нысандағы құжаттар;  міндетті нысандағы жазбаша дәлелдемелер (некеге құру туралы куәлік, коммерциялық акт, бала туу туралы куәлік және т.б.);  нотариуспен куәландырылған шарттар. Егер құжаттарда ұйымдар, лауазымды адамдар баяндаған немесе куәландырған мәліметтер азаматтық іс үшін маңызы болса, дәлелдемелер болып танылады. Құжаттарға, соның ішінде ҚР АІЖК-нің 66-бабында көзделген тәртіппен алынған, талап етілген немесе табыс етілген компьютерлік хабарламаны қамтитын материалдар, фото және кино түсірілімдер, дыбыс және бейнежазбалар да жатады. 4.Заттай дәлелдемелер. Заттай дәлелдемелер - өзінің сыртқы түрімен, қасиеттерімен немесе өзге де белгілерімен іс үшін маңызы бар мән-жайды анықтау құралы бола алады деп ұйғаруға негіз бола алатын заттар. Сотқа заттай дәлелдемелер:  өз бастамасы бойынша іске қатысатын тұлғалар;  сот ұйғарымы бойынша басқа тұлғалар ұсыну мүмкін. Заттай дәлелдемелердің жазбашадан негізгі айырмашылығы  -  заттай дәлелдемелерінде мәліметтер матералдық түрде, ал жазбашада олар сандар, әріптер, белгілер арқылы көрінеді. Заттай дәлелдемелерге билік ету мәселелері бойынша сот ұйғарым шығарады (ҚР АІЖК-нің 89-бабының 4-бөлігі). Тез бүлінетін заттай дәлелдемелерді қарап шығу, оның нәтижелерін жазу ҚР АІЖК-нің 87-бабының екінші және үшінші бөліктерінде көзделген тәртіппен жүргізіледі. 5.Сарапшылардың қорытындылары. Сарапшы  -  арнайы ғылыми білімі бар іске мүдделі емес адам. Сарапшының қорытындысы  -  бұл сарапшының алдына сот немесе тараптар қойған мәселелер бойынша іс материалдарын зерттеуге, оның ішінде арнайы ғылыми білімдерді пайдалана отырып жүргізілген заттай дәлелдемелер мен үлгілерге негізделген ҚР АІЖК-де көзделген жазбаша нысанда ұсынылған қорытындылар. Сараптама сарапшы арнайы ғылыми білімдер негізінде жүргізетін іс материалдарын зеттеу нәтижесінде іс үшін маңызы бар мән-жайлар анықталуы мүмкін жағдайда тағайындалады. Сарапшыға ұсынылған сұрақтар және бұл сұрақтар бойынша оның беретін қорытындысы сарапшының арнаулы білімінің шегінен шықпауы тиіс. Сот сараптаманы:  тараптың өтінімі бойынша;  өз бастамасы бойынша тағайындайды. Сараптаманың тағайындалуы туралы сот ұйғарым шығарады. Сараптама зерттеу сипатына не сот отырысында зерттеу үшін объектілерді жеткізудің мүмкіндігі жоқтығына немесе қиындығына байланысты сотта немесе соттан тыс жүргізіледі. Сарапшының құқықтары:  істің сараптама нысанасына қатысты материалдарымен танысуға;  қорытынды беру үшін қажетті қосымша материалдарды өзіне беру туралы өтінім жасауға;  соттың рұқсатымен сот отырысына қатысуға және оған қатысушыларға сараптама нысанына қатысты сұрақтар қоюға;  сараптама жүргізу кезінде өз құқығына нұқсан келтіретін сот әрекетіне шағым жасауға;  және т.б. ҚР АІЖК-нің 92-бабының 1-бөлігінде көрсетілген. Сарапшының міндеттері:  соттың шақыруы бойынша келуге;  өзінің алдына қойылған мәселелер бойынша негізделген және объективті қорытынды беруге;  жүргізілген зерттеулер мен берілген қорытындыға байланысты мәселелер бойынша айғақ беруге (ҚР АІЖК-нің 92-бабының 3-бөлігі). Төрағалық етуші сарапшыға көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауапкершілік туралы ескертеді, ол туралы сарапшыдан қолхат алынады. Қолхат сот отырысының хаттамасына қоса тіркеледі (ҚР АІЖК-нің 191-бабы). Сараптаманы:  сарапшы жеке;  сарапшылар комиссиясы (мүшелері алынған нәтижелерді бірлесіп талдайды және ортақ пікірге келе отырып, қорытындығы қол қояды не қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабарламаға қол қояды);  кешенді (іс үшін маңызы бар мән-жайларды анықтау үшін әртүрлі білім саласының негізінде зеттеулер жүргізу қажет болған жағдайларда тағайындалады және оны мамандығы әртүрлі сарапшылар өздерінің құзыреті шеңберінде жүргізеді);  қосымша (қорытынды жеткілікті түрде айқын немесе толық болмаған, сондай-ақ бұрын зерттелген мән-жайларға қатысты жаңа мәселелер туындаған кезде тағайындалатын);  қайталама (сарапшының алдыңғы қорытындысы жеткілікті түрде негізделмеген не оның дұрыстығы күмән тудырған, не сараптама жүргізудің іс жүргізу нормалары елеулі бұзылған кезде дәл сол объектілерді зерттеу және дәл сол мәселелерді шешу үшін тағайындалатын) түрлерде өткізу ҚР АІЖК-сі бойынша көзделген. Сараптама сотта іс қарауға әзірлеу сатысында, сондай-ақ осы сотта іс қарау кезінде тағайындалуы мүмкін (ҚР АІЖК-нің 170-бабының 7-бөлігі). Бұл жағдайда сот сараптаманы өткізу үшін істі кейінге қалдыру тиіс. Сарапшы өз қорытындысын жазбаша нысанда сотқа ұсынуы тиіс (ҚР АІЖК-нің 96-бабының 1-бөлігі). Заңмен көзделген жағдайларда ерекше іс жүргізу (азаматтың психикалық хал-жайын анықтау үшін  -  ҚР АІЖК 305-бабы; азаматты әрекетке қабілетті деп тану  -  ҚР АІЖК-308-бабы ) істері бойынша міндетті түрде сараптама тағайындалады. 6. Іс жүргізу әрекеттерінің хаттамалары  -  бұл іс бойынша мәні бар мән-жайларды анықтау сұрақтары бойынша сот отырысында не соттан тыс сотпен құрылған жазбаша материалдар. Бірінші сатыдағы соттың әрбір сот отырысы туралы, сондай-ақ отырыстан тыс жасалған әрбір жеке іс жүргізу әрекеті туралы хаттама жасалады. Сот отырысының немесе отырыстан тыс жасалған жеке іс жүргізу әрекетінің хаттамасы істі қараудың немесе жеке іс жүргізу әрекетін жасаудың барлық елеулі сәттерін көрсетуге тиіс. Сондықтан оларға: сот тапсырмасы бойынша хаттамалар (ҚР АІЖК-нің 72-бабы); дәлелдемелерді қамтамасыз ету куәлардан жауап алу, сараптама жүргізу, оқиға болған жерді қарап шығу және басқа да әдістер арқылы жүргізілген (ҚР АІЖК-нің 74-бабының 2-бөлігі) жатады. Сот тапсырмалары  -  істі қараушы сот іске қатысушы адамның басқа қалада немесе ауданда дәлелдемелер жинау қажеттігі туралы өтінішін қанағаттандырған жағдайда тиісті сотқа белгілі бір іс жүргізу әрекетін жасауға деген тапсырмалар. Соттың тапсырмасын орындау ҚР АІЖК-мен белгіленген ережелер бойынша сот отырысында жүргізіледі. Хаттамалар мен тапсырманы орындау кезінде жиналған барлық материалдар дереу істі қарап жатқан сотқа жіберіледі. Өздері үшін қажетті дәлелдемелерді ұсыну соңынан мүмкін болмайды немесе қиындық келтіреді деп қауіптенуге негізі бар іске қатысушы адамдар соттан осы дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы сұрай алады. Дәлелдемелерді қамтамасыз ету:  куәлардан жауап алу;  сараптама жүргізу;  оқиға болған жерді қарап шығу;  және басқа да әдістер арқылы жүргізіледі. Хаттаманы сот отырысының хатшысы жасайды (ҚР АІЖК-нің 257-бабының 1-бөлігі). Хаттама:  қолмен жазылуы;  машинкаға;  компьтерде басу әдісімен дайындалуы мүмкін. Оны толық жасалуын қамтамасыз ету үшін:  дыбысжазба құралдары;  стенографиялау пайдаланылуы мүмкін. Хаттамада осы құралдардың қолданғаны туралы жазба жасалады (ҚР АІЖК-нің 257-бабының 3-бөлігі). Хаттамаға төрағалық етуші және хатшы қол қояды, сондай-ақ онда барлық өзгерістер, түзетулер, толықтырулар олардың қол қоюымен куәландырылуға тиіс. Іс бойынша төрағалық етуші әлдебір объективті себептермен хаттамаға жасалған ескертпелерді қарай алмаған жағдайда, олар істің материалдарына қоса тіркеледі (ҚР АІЖК-нің 259-бабының 4-бөлігі). 

2-сұрақ. Дәлелдеу пәні және дәлелдеуге жатпайтын деректер Соттық дәлелдеудің пәні  -  істі қарап, шешу үшін сот растығын анықтауға тиіс заңды фактілер.  Талап немесе оның қарсылық білдіру негізіне кіруі мүмкін дәлелдеуге жатпайтын фактілер дәлелдеу пәніне жатқызылмайды.   Дәлелдеу пәніне қатысты деректер құрамы әрбір іс бойынша әртүрлі. Осы жағдайда қолдануға тиіс материалдық құқық нормаларымен басшылық ете және тараптардың талаптарынан және қарсылықтарынан оны сот анықтайды. Әуелі дәлелдеу пәніне талап негіздемесінің деректері жатқызылады, яғни талап қоюшымен талап негіздемесі ретінде көрсетілген заңды фактілер, сондай-ақ талапқа қарсылық негіздемесінің деректері , яғни жауапкермен талапқа қарсы негіздемесі ретінде көрсетілген заңды фактілер. Процеске даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлғалар қатысқанда немесе қарсы талап қойылғанда іс бойынша дәлелдеу пәніне осындай  талаптар негізінде деректер енгізіледі. Егер тараптар заңды маңызы жоқ фактілерге сүйенетін болса, онда сот оларды зерттеуге тиіс емес. Ал егерде тараптар іс бойынша маңызы бар фактілерді белгілемесе, онда сот оны өз бастамасы бойынша дәлелдеу пәніне жатқызуы тиіс, сондай-ақ дауды дұрыс шешу үшін тараптарға дәлелдемелер табыс етуге ұсыныс жасайды. Дәлелдеуге жатпайтын деректер. ҚР АІЖК іс бойынша дәлелдеуге жатпайтын төрт категория деректер белгілейді. Сондықтан олар дәлелдеу пәніне жатқызылмайды. Жеке атайтын болсақ оларға:  жалпыға белгілі деректер;  преюдициалды анықталған деректер;  ұйғарылған (болжамды) деректер;  даусыз деректер қатысты болады (ҚР АІЖК 71-бабы). Әрқайсысын жеке қарастырайық. Қандай деректерді жалпыға белгілі деп тану туралы соттын өзі шешеді. Сот жалпыға белгілі деп танылған мән-жайларды дәлелдеуді талап етпейді. Преюдициалды анықталған деректер дәлелдеуге жатпайды, яғни бұл іс бойынша қабылданып және заң күшіне енген сот үкімімен не шешімімен бекітілген деректер. Мұндай деректер жалпы іс қарау тәртібі бойынша теріске шығарылуы мүмкін, яғни істі қайта қарауда өзге тұжырыммен. Тәжірибеде регрестік талаптарды қарастыруда преюдициалдық дерктер жиі кездеседі. Соттың бұрын қаралған азаматтық іс бойынша заңды күшіне енген шешімімен белгіленген мән-жайлар сот үшін міндетті және сол адамдар қатысатын басқа азаматтық істерді талқылау кезінде қайтадан дәлелденбейді (ҚР АІЖК-нің 71-бабының 2-бөлігі). Ұйғарылған (болжамды) деректерге, мысалы, көктем (наурыз) айларының басында қар еріп өзенде су деңгейі көтеріледі немесе қыста жол тайғақ болады деген деректерді жатқызуға болады. Мұндай болжамдар жалпы сотта іс қарау тәртібі бойынша тараппен жоққа шығарылуы мүмкін. Даусыз деректер  -  заңмен танылған деректер. Заңға сәйкес анықталды деп ұйғарылған деректер азаматтық істі талқылау кезінде дәлелденбейді. Дәлелдемелерсіз анықталған мән-жайларға:  осы заманғы ғылымда, техникада, өнерде, кәсіпшілікте жалпы қабылданған зерттеу әдістерінің дұрыстығы;  адамның заңды білуі;  адамның өзінің қызметтік және кәсіби міндеттерін білуі;  олардың бар екендігін растайтын құжатты ұсынбаған және арнаулы даярлық немесе білім алған оқу орнын немесе басқа да мекемені көрсетпеген адамда арнаулы даярлықтың немесе білімнің болмауы есептеледі. 

3-сұрақ. Дәлелдеудің жалпы тәртібі Дәлелдеу тәртібі заңмен регламенттелінген. Дәлелдеу қызметі азаматтық процестің (тараптардың айтысуы мен тең құқықтылығы, сотта іс қараудың жариялығы және т.б.) жалпы принциптерімен бағытталанады және процестің әр сатысында жекешеленеді. Дәлелдемелер жинау, зерттеу не бағалау бойынша соттың немесе іске қатысушылардың әр іс-әрекеттері процессуалдық тәртіптерге сәйкес болу тиіс. Осы тәртіптер қатарында дәлелдеу тәртібі ерекше орын алып отыр. Сот дәлелдемелерді бағалағанда, заңды және құқықтық сананы басшылыққа ала отырып, сот мәжілісінде істің барлық мән-жайын жинақтап, толық және объективті түрде қарауға негізделген өзінің ішкі сеніміне лайықты бағалайды. Сот үшін ешқандай дәлелдемелердің күні ілгері белгіленген күші болмайды.  Дәлелдемелер келесі тұрғыдан бағаланады: 1-дәлелдемелердің қатыстылығы; 2-дәлелдемелерге жол беру; 3-дәлелдемелердің растығы; 4-дәлелдемелердің азаматтық істі шешу үшін жеткілігі. 1.Дәлелдемелердің қатыстылығы  -  бұл іс үшін маңызды мән-жайлардың бар екендігі туралы тұжырымдарды растайтын, теріске шығаратын не оларға күмән келтіретін нақты деректер ретінде танылатын дәлелдемелер. Дәлелдемелердің қатыстылығы тәртібінің мәні  -  іске қатысты болатын дәлелдемелерді сот қатыстыруы және зерттеуі тиіс. Іске қатысты дәлелдемелерді сотпен қатыстыру құқығы ҚР АІЖК-нің 69-бабының 2-бөлігінде белгіленген. Дәлелдемелер мәні оның іске қатыстылығымен анықталады. Іске қатысты дәлелдемелердің жиынтығы материалдық және процессуалдық құқықтар нормаларымен анықталады. Дәлелдемелердің іске қатыстылығын судья өзінің ішкі сенімі бойынша бағалайды. 2.Дәлелдемелерге жол беру  -  бұл нақты азаматтық істер талқылау процесінде (куәнің айғақтары, заттай дәлелдемелер және т.б.) дәлелдеу құралдарын қолдануда заңмен белгіленген шектеулер. Бұл заң бойынша белгілі бір тәсілдермен (мысалы, жазбаша дәлелдемелермен) расталатын істің мән-жайын басқа дәлелдеу тәсілдерінің қандайымен болса да растауға болмайды. Заң бойынша белгілі (тараптар және үшінші тұлғалардың түсініктемелері, куәлар айғақтары, жазбаша және заттай дәлелдемелер, сарапшының қорытындысы, іс жүргізу әрекеттерінің хаттамалары және өзге де құжаттар) бір дәлелдемелермен расталуға тиіс істің мән-жайлары ешқандай басқа дәлелдемелермен расталуға тиіс емес (ҚР АІЖК-нің 68-бабының 2-бөлігі). Кейбір жағдайларда азаматтық процесте өзге де мән-жайлар заңның тікелей белгілеу бойынша әртүрлі дәлелдемелермен дәлелденуге тиіс емес. Мысалы, меншік құқығы куәлар айғақтарымен дәлелденбейді, себебі олар тек меншік туралы сәйкесті құжат (сатып алу-сату шарты) ұсынуы бойынша; неке қатынасын куәлар айғақтарымен дәлелдеуге болмайды, себебі ол тек некеге тұру туралы куәлікпен рұқсат етіледі.  Нақты деректер (деректер және деректер туралы мәліметттер) заң талаптарын бұза отырып:  іске қатысушы тұлғалардың заңмен кепілдік берілген құқықтарынан айыру;  оларды ығыстыру арқылы;  істі сотта қарауға дайындау кезінде немесе сотта қарағанда азаматтық процестің өзге де ережелерін бұзатын болса, онда мұндай дәлелдемелерге жол беруге болмайды. Оны жеке қарастыратын болсақ:  күш қолдану, қорқыту, алдау, сол секілді өзге де заңсыз іс-әрекеттерді қолдану;  оларға түсіндірмеудің, толық немесе дұрыс түсіндірмеудің салдарынан туындаған іске қатысушы адамдардың өз құқықтары мен міндеттеріне қатысты жаңылуын пайдалану;  осы азаматтық іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыруға құқығы жоқ адамның іс жүргізу іс-әрекетін жүргізу;  қарсылық білдіруге жататын адамның іс жүргізу іс-әрекетіне қатысу;  іс жүргізу іс-әрекетінің тәртібін айтарлықтай бұзу;  белгісіз көзден немесе сот отырысында анықтала алмайтын көзден;  дәлелдеу барысында қазіргі ғылыми білімге қайшы келетін әдістерді қолдана отырып алынған болса, олар нақты деректердің растылығына әсер етсе немесе әсер етуі мүмкін болса, оларды сот дәлелдемелер ретінде пайдалануға жол бермейді (ҚР АІЖК 69-бабының 1-бөлігі). Іс бойынша іс жүргізу кезінде нақты деректерді дәлелдемелер ретінде пайдалануға жол беруге болмайтындығын, сондай-ақ оларды шектеп пайдаланудың мүмкіндігін сот:  өз бастамашылығы бойынша;  іске қатысушы (тараптар, үшінші тұлғалар, прокурор) тұлғалардың өтініші бойынша белгілейді. Заңды бұза отырып алынған дәлелдемелер заңдық күші жоқ деп танылады және сот шешімінің негізіне жатқызыла алмайды, сондай-ақ іс үшін маңызы бар кез келген мән-жайды дәлелдеу кезінде пайдаланыла алмайды (ҚР АІЖК 69-бабының 3-бөлігі). Дәлелдемелердің жарамдылығы оларды алған кезде қолданылып жүрген заңға сәйкес белгіленеді (ҚР АІЖК 4-бабының 3-бөлігі). 3.Дәлелдемелердің растығы  -  соттың тексеру нәтижесінде дәлелдеменің шындыққа сәйкес келетіні. Дәлелдемелердің қатыстылығы және оған жол беру тәртібіне сәйкес дәлелдемелердің растығы анықталады. Дәлелдемелердің растығы сотта іс жүргізу кезінде белгіленеді. Біріншіден, рас дәлелдемелер сапалы ақпарат деректерінен алынуы қажет. Екіншіден, дәлелдемелердің растығы бірнеше дәлелдемелерді бір бірімен салыстыру арқылы анықталады. Үшіншіден, іс бойынша барлық дәлелдемелерді бағалау арқылы дәлелдемелердің растығын анықтауға болады. Азаматтық процесте дәлелдемелердің растығын анықтауда іс бойынша тараптар және (немесе) өкілдер белсенді қатысуы керек. 4.Дәлелдемелердің азаматтық істі шешу үшін жеткілігі. Егер дәлелдемелердің қатыстылығы, оған жол беру, оның растығы азаматтық процестің кез-келген сатысында бағаланатын болса, онда дәлелдемелердің азаматтық істі шешу үшін жеткілігі негізі істі шешу кезінде анықталады. Әрбір азаматтық іс бойынша дәлелдемелердің жеткілігі жеке сотпен бағаланады. Әртүрлі  жағдайларға лайықты болатын дәлелдемелердің жеткілігі жөнінде біржақты кеңес бере алмаймыз. Дәлелдемелердің жеткілігі болғанда сот істі шешуге дайын деп айтуға бола ма. Мұнда дәлелдемелердің жеткілігі  -  бұл санды емес сапа көрсеткіші. Әр  тарап өзінің талаптарының және қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуі тиіс (ҚР АІЖК 65-бабы). Дәлелдемелердің жеткілігі  -  бұл істі шешуге қажетті барлық дәлелдемелер жиынтығының сапасы. 

14-тақырып. Азаматтық іс жүргізуде дәлелдемелер 
1. Дәлелдемелер ұғымы 
2. Дәлелдемелерді  жіктеу 
1-сұрақ. Дәлелдемелер ұғымы Соттық дәлелдемелер  -  азаматтық іс бойынша тараптардың талаптар мен қарсы пікірлерін дәлелдейтін мән-жайлардың бар-жоғын анықтағанда сот негізге алатын нақтылы деректер және істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайлар, яғни іс бойынша нақты деректерді анықтау үшін сотпен қолданылатын тәсілдер. Заңмен көзделген тәртіпте сот тараптардың талаптары мен қарсылықтарын негіздейтін мән-жайлардың бар не жоғын, сондай-ақ істі дұрыс шешу үшін өзге де маңызы бар мән-жайларды солардың негізінде анықтайтын заңды түрде алынған нақты деректер іс бойынша дәлелдемелер болып табылады. Нақты деректер  -  тараптардың және үшінші тұлғалардың түсініктемелерімен, куәлардың айғақтарымен, жазбаша және заттай дәлелдемелермен, сарапшылардың қорытындыларымен, іс жүргізу әрекеттерінің хаттамаларымен және өзге де құжаттармен анықталатын деректер. 
2-сұрақ. Дәлелдемелерді  жіктеу Соттық дәлелдемелерді үш негіздер бойынша жіктеуге болады: 1-істің мән-жайлары бойынша дәлелдемелердің байланыс сипаты; 2-қалыптастыру негізі бойынша; 3-дәлелдемелерді қалыптастыру процесі. Енді әрқайсысын жеке қарастырайық. 1.Істің мән-жайлары бойынша дәлелдемелердің байланыс сипаты бойынша:  тікелей;  жанама болады. Тікелей дәлелдеме  -  сәйкесті деректерді растайтын мән-жайлар анықтаумен тікелей байланысты дәлелдеме (мысалы, некеге тұру туралы куәлік). Жанама дәлелдеме  -  жеке алынған, бірнеше болжам тұжырымдарға, ізденістегі деректер бойынша бірнеше болжамдарға негіз болатын дәлелдеме. Мән-жайды белгілеу үшін тек бір жанама дәлелдеме жетпейді. Тікелей және жанама дәлелдемелердің растығын сот анықтау қажет. 2.Қалыптастыру негізі бойынша:  жеке;  заттай дәлелдемелерге бөлініп қарастырылады. Жеке дәлелдемелер  -  тараптардың және үшінші тұлғалардың түсініктемелері, куәнің айғақтары, сарапшының қорытындысы, яғни жеке тұлғаның өзімен берілетін, айтылатын немесе ұсынылатын деректер. Заттай дәлелдемелер  -  жазбаша және заттай дәлелдемелер жиынтығы, яғни бұл іс бойынша маңызы бар әртүрлі құжаттар мен заттар. С.В.Курылев дәлелдемелердің тағы бір түрін белгілеп отыр  -  аралас дәлелдеме, яғни бұған сарапшының қорытындысын жатқызады. 3.Дәлелдемелерді қалыптастыру процесі бойынша:    бастапқы;  туынды (өндірістік) дәлелдемелер болып бөлінеді. Бастапқы дәлелдемелер - өз көзімен көрген куәнің айғақтарындағы мәліметтер, шарттың түпнұсқасы, жарамсыз (сапасыз) тауар және т.б. Туынды (өндірістік) дәлелдемелер  -  басқа дәлелдеменің мазмұнын қайта өндірістік дәлелдемелер. Бұл <<Екінші қолдан>> деп аталатын дәлелдемелер. Мысалы, болған оқиғаны өз көзімен көрген адамның айтқан сөзінен естіп айтатын куәнің айғақтары, шарттың көшірмесі, жарамсыз (сапасыз) тауардың бейнесуреті және т.б. Бастапқы дәлелдемелер туынды (өндірістік) дәлелдемелерге қарағанда шындыққа жақын болады. Мысалы, автокөлік адамды қағып кеткенді өз көзімен көрген куәнің айғақтары  -  тікелей, жеке және бастапқы дәлелдемелер болып танылады. Мысалы, үйге меншік құқығын тану туралы іс бойынша қарызға ақша беру туралы қолхат  -  жанама, заттай (жазбаша) және туынды (өндірістік) дәлелдемелер болып танылады. Ешқандай дәлелдемелер сот үшін алдын ала күші болмайды. Мұнда тағы қажетті дәлелдемелер туралы айту дұрыс болады. Әрбір категория істер бойынша белгілі дәлелдемелер ұсынусыз істі мәні бойынша шешу үшін қажетті дәлелдемелер бекітуі тиіс. Егер талап қоюшы талап арызына бұндай дәлелдемені көздеп сотқа ұсынбаса, онда кейіннен бәрібір ол ұсынуы тиіс. Аналогия бойынша жауапкерде белгілі дәлелдемелер ұсынуы қажет. Егер тараптар істі шешуге қажетті дәлелдемелерді ұсынбайтын болса, онда сот өз бастамасы бойынша оларға ол туралы ұсыныс жасайды. Мысалы, қажетті дәлелдемелерге:  Неке бұзу істер бойынша  -  некеге тұру куәлікті (заттай дәлелдемені) ұсыну;  Жұмыс орнына қайта тұрғызу дауы бойынша  -  сол жұмыс орнына қабылдау және жұмыстан шығару туралы әкімшілігінің (бастақтын) бұйрығын ұсыну. Қажетті дәлелдемелер басқа дәлелдемерден ешқандай артықшылығы жоқ. Қажетті дәлелдемелер ұсынбауы сотта іс қараудың ұзақтығына және дауды дұрыс шешпеуге әкеп соғады. 

15-тақырып. Азаматтық іс жүргізуде талап теориясы 
* Талап ұғымы, элементтері және түрлері 
2. Талап қою құқығы 
1-сұрақ. Талап ұғымы, элементтері және түрлері ҚР Конституциясының 13-бабының 2-бөлігі бойынша әркiмнiң өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар. Мемлекеттік органдар, заңды тұлғалар немесе азаматтар заңда көзделген жағдайларда өзге адамдардың немесе адамдардың белгісіз бір тобының құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау туралы сотқа арыз беріп жүгінуге құқылы (ҚР АІЖК-нің 8-бабының 1-бөлігі). Талап  -  құқық туралы дау шешу үшін бұзылған немесе даулы субъективтік құқықты немесе заңмен қорғалатын мүддені қорғау туралы талап қою арқылы тұлғаның сотқа жүгіну. Талап  -  субъективтік құқықты немесе заңмен қорғалатын мүддені сот арқылы қорғау тәсілі. Талап  -  азаматтық іс қозғау тәсілі. Талап элементтері  -  бұл талаптың құрамалы бөлшектері. Оларға (элементтеріне):  мазмұны;  нысанасы;  негіздемесі жатқызылады. Талаптың мазмұны  -  талап қоюшымен көрсетілген сот арқылы қорғану түрі, яғни сотқа жүгіну арқылы талап қоюшының өзінің бұзылған немесе даулы құқығын қорғау үшін сұрайтын соттың қызметі. Талаптың мазмұны талап қоюшының сотқа қойылатын талабын бейнелейді және талап арыздың сұрау бөлігінде көзделеді. Талаптың нысанасы  -  бұл талап қоюшының соттан шешуді сұрайтын материалдық-құқықтық дау. Талаптың нысанасына:  Талап қоюшы мен жауапкер араларында материалдық-құқықтық қатынастың бар немесе жоқтығы туралы дау (мысалы, некені заңсыз деп тану);  Талап қоюшымен материалдық-құқықтық қатынасынан туындайтын жауапкердің міндеттері туралы дау (мысалы: мүлік иесі өз мүлкін қайтаруын талап ету, несие беруші  -  қарызды қайтаруын);  Тараптар араларындағы құқұқ қатынасты өзгерту немесе тоқтату туралы дау (мысалы: туылған сәбидің әкесін анықтау, талап қоюшы мен жауапкер арасындағы некені бұзу). Талаптың негіздемесі  -  талап қоюшының сотқа өз үндеуінің негіздейтін мән-жайлар. Талап талаптары субъективтік азаматтық құқықтарынан пайда болады. Мысалы: меншік иесі өзінің жоғалған мүлкіне иеленуді қалпына келтіру туралы өзінің меншік құқығы бар екеніне сілтеме жасауы; өнертапқыш өзінің ойлап тапқан өнертабысын талап етуде - өзінің интеллектуалды меншігіне сілтеме жасауы. Талаптар мына негіздер бойынша жіктеледі:  материалдық-құқықтық белгілер;  процессуалдық-құқықтық белгілер. Талаптардың процесуалдық-құқықтық белгісі бойынша жіктелуі талаптың мазмұны бойынша қалыптасқанын білдіреді, яғни талап қоюшы талабының сот арқылы қорғану түрі бойынша. Талаптардың түрлерге бөлінуінің процессуалдық-құқықтық жіктелуі негізі арқылы талаптардың мазмұны танылады. Сондықтан осындай жіктелуі негізі бойынша талаптарды үш түрге бөлуге болады: 1-ұйғару туралы талаптар; 2-мойындау туралы талаптар; 3-өзгертетін (құқық қатынастарын өзгертуге немесе тоқтатуға арналған) талаптар. Ұйғару туралы талаптар немесе атқару талаптар дегеніміз бұл жауапкердің белгілі әрекеттер жасау немесе жасамауын соттан талап қоюшының сұрайтын талабы. Талап қоюшының соттан жауапкердің өз міндеттерін орындатуды сұрауы ұйғару талап деп аталады (мысалы: талап қоюшы соттан жауапкермен қарызды төлеуі, пәтерді босату, келтірілген зардапты өтеу). Осындай сотқа қойылған талаптар бойынша сот шешімдері негізінде атқару парақтары беріледі, сондықтан олар тағы атқару талаптары деп аталады. Мойындау туралы талаптар бойынша талап қоюшы соттан белгілі құқық қатынасының бар немесе жоқтығын бекітуін сұрайды (мысалы, талап қоюшы белгілі бір әдебиет шығармашылығына өзінің авторлық құқығын бекітуін сұрауы). Өзгертетін талаптар материалдық-құқықтық қатынастарын өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған. Әдетте азаматтық айналымның қатысушылары (жеке және заңды тұлғалар) соттың қатысуысыз өз еркілерімен араларындағы құқық қатынастарын өзгертеді немесе тоқтатады, бірақ кейбір жағдайларда белгілі құқық қатынастары тек соттың бақылауымен ғана өзгертіледі немесе тоқтатылады. Мысалы, неке бұзу туралы (егер ортақ кәмелетке толмаған бала немесе ортақ мүлікті бөлу жөнінде дау болса) талап бойынша. Материалдық-құқықтық белгісі бойынша талаптар жіктелуі келесі түрлерге бөлінеді: отбасылық, алименттік, тұрғын үй, жер құқықтық қатынастарынан пайда болатын және т.б. 

2-сұрақ. Талап қою құқығы Талап термині екі мағынада қолданылады:  материалдық;  процессуалдық. Материалдық мағынады талап қою құқығы дегеніміз сотқа үндеу арқылы субъективтік азаматтық құқықты мәжбүрлеп жүзеге асыру құқығы, яғни сот арқылы субъективтік құқығын қорғауға құқық. Азаматтық процесте сот талап қоюшының талап қоюға (материалдық мағынада) құқығы бар не жоқтығын анықтайды. Процессуалдық мағынада талап қою құқығы дегеніміз дауды қарап, шешу үшін сотқа талап қою құқығы, яғни сот істі мәні бойынша шешу үшін сотқа тікелей талап арыз, арыз және шағым беру. Бұл нақты азаматтық-құқықтық дау бойынша сот төрелігіне жүгіну құқығы. Талап қою құқығы  -  ҚР Конституциясымен (13-баптың 2-бөлігі, 75-бабы) бекітілген сот арқылы қорғану құқығының бір нысаны. Сот жүгіну арқылы құқықтарды қорғау құқығы азаматтық процеске қатысатын азаматтарға және ұйымдарға (ҚР АІЖК 5-бабы), сондай-ақ шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға (ҚР АІЖК 45-тарауы) тиесілі. Талап қою құқығы белгілі шарттармен байланысты. Талап қою құқығы заңмен белгіленген шарттармен анықталады. Талап қою құқығының шарттарына нақты заңды деректер жатқызылады, олардың бар не жоқтығы  негізінде заң азаматтық іс бойынша талап қою субъективтік құқығының пайда болуын байланыстырады. Талап қою құқығының шарттары  -  нақты азаматтық іс бойынша тұлғаның талап қою субъективтік құқығының пайда болуын заң бойынша оның бар не жоқтығымен байланыстыратын мән-жайлар. Бұл шарттар өзара:  жалпы;  арнаулы;  жаратымды;  жаратымсыз деп бөлініп қарастырылады. Талап қою құқығының жалпы шарттары:  Талап қоюшы мен жауапкердің азаматтық іс жүргізу құқық қабілеттігі, яғни азаматтық процесте тарап болу қабілеттігі (ҚР АІЖК 45-бабы);  Азаматтық істердің соттарға ведомстволық бағыныстылығы (ҚР АІЖК 24-бабы);  өз құзыреті шегінде сол мәселе туралы азаматтық іс бойынша қабылданған сот шешімінің жоқтығы;  тараптардың өзара дауды аралық соттың қарауына беру туралы келісімнің жоқтығы (ҚР АІЖК 25-бабы). Жоғарыда аталғанның алғашқы екеуі жаратымды, ал қалғаны  -  жаратымсыз сипатта болады. Талап қою құқығының арнаулы шарттары дегеніміз бұл кейбір субъектілер немесе категория істері үшін жалпы шарттармен қатар
Пәндер