Жұмбақтар: Спорт бұйымдары және ойын-сауық, музыкалық аспаптар


Қос желі, үш жерінен қазығы бар,
Құбылған қоңыр желден азығы бар.
Желіні сабалайды дыңылдатып,
Байғұстың соншама не жазығы бар.



Жылқыда ерен жүйрік қара арғымақ,
Мойыны жануардың бунақ-бунақ,
Айылын екі жерден мықтап тартып,
Кетеді қамшы бассаң зулап-зулап.



Қос қазақ екі жерден шынжыр арқан,
Сылдырап әр буыны үнін қосқан.
Он адам жолдас болып еңбек етсе,
Аралап он екі үйге қонақ болған.



Екі құлақты,
Он екі аяқты.



Тынбайды жылтыр мұзда екі жорға,
Екеуі құлай жаздап кейде зорға,
Кей уақыт зырлап келіп кілт сүрініп,
Болады құлағандай қазған орға.
Минутта тоғыз бекет аралайды,
Он жігіт қызмет етіп жүрген сонда.



Базардан алып келген қара арғымақ,
Бітіпті төбесіне екі құлақ.
Белбеуін тоғыз жерден буынып ап,
Сөйлейді адамзаттан бұрынырақ.



Екі құлақ, тоғыз жерден қолы бар,
Күні-түні төбелейді,
Маңдайының соры бар.



Тоғыз белбеу, қос жібек,
Екі мұрын,бір шүмек.



Басы бар, денесі жоқ, бойы бір кез,
Табарсың болсаң зерек осыны тез.
Қозғасаң қос құлағын тігіп алып,
Тамаша әр тараптан айтады сөз.



Төрт қазық, екі желі, тоғыз ноқат,
Сайрайды бұлбұл құсша адам соқса,
Шешенсіп адам барда тұрса-дағы,
Байланар тартса тіл адам жоқта.



Пәндер