Жұмбақтар: Спорт бұйымдары және ойын-сауық, музыкалық аспаптар


Қапасқа бір тотыны қойған байлап,
Отырар қысы-жазы соны жайлап.
Қасына тыңдаушылар жақын барса,
Жіберер қуанғаннан қатты айқайлап,
Өзіне әр түрлі құс келіп тұрар,
Сырты шұбар әдемі келген сұлу,
Әңгіме күні-түні мәжіліс құру,
Қаз мойын көмекейі сақылдайды,
Жиын той көңілденген қызық-қызу.



Бір шұқып тұмсығымен амандасып,
Айналып ахуалын көріп тұрар.
Бір сағат қарап тұрса ақыл ойлап,
Күйіне бар денесін толықтырар.



Жоқтан бар ғып сайратқан,
Тыңдаған жан жай тапқан.
Таңғажайып бір нәрсе,
Үйдің ішін жайнатқан.



Жоқтан бар ғып сайратқан,
Жылы тартып жайнатқан.
Тұла бойы тұл жұмбақ,
Елу үш құлын байлатқан.



Қария үсті тақтай, асты тақтай,
Үйрегі жиырма төрт қонған баққа-ай.
Ұшқанда бір-біріне қарсыласып,
Соқтықпай ұшады екен қанат қақпай.



Бір кеме айналасы бітеу қақпа,
Жүргізген капитаны алтын тақта,
Уәзірі он екіден жиырма төрт,
Отыз екі көлде екен әр уақытта.



Бір нәрсе төрт бұрышты, түсі шұбар,
Екі адам екі жақтан аңдып тұрар,
Екеуі он екіден әскер алып,
Жерінде ұшан майдан ұрыс салар.



Алты пар, он екі қозы,
Жүрмейді рұхсатсыз оның өзі,
Осыған екі қасқыр кеп таласып,
Ақылмен жеңіп алар жетсе кезі.



Бір көлден он екіден қаз ойнайды,
Алсам деп бірін-бірі наз ойлайды.
Келгенде жақындасып, қожаңдасып,
Бір-бірін алмасына еш қоймайды.



Жиырма төрт үйрек қонған қиған тасқа,
Орны бар әрқайсының басқа-басқа.
Он солдат оңды-солды ойнатады,
Жиын жоқ адамзатта онан басқа.



Пәндер