Жұмбақтар: От жағу, жарық қылу


Бір үйде тұрады екен жетпіс батыр,
Үй сыртына сүйкенсе-ақ өліп жатыр.



Ағаштан үй салдырдым аузы ашық,
Ішінде елу жігіт қылар кәсіп,
Біріне ажал жеткен уақытта
Кетеді жанып, елге пайда шашып.



Сен өзің сандықсың ба, сарайсың ба,
Қайтадан мүлік болып жарайсың ба?



Өзі ала,
Жан-жағы қара,
Ортасында бала,
Баласының басы қара.



Қамалып бір сарайда солдат жатқан,
Далаға шыққандары мылтық атқан.
Салмағы аз бұл сарайдың солдатында
Ойланып милы кісі мұны тапқан.



Іші алпыс, екеу екен сырттан қабы,
Байланыс тіршілікпен мұның жаны,
Сырты да әкесінен ажыраса,
Ешқандай болмайды екен мұның сәні.
Пайдалы адамзатқа болғаннан соң,
Қолынан тастамайды елдің бәрі.



Бір нәрсе төрт бұрышты білесіз бе,
Жаны жоқ қимылдауға денесінде.
Ішінде жансыз шоқпар тығулы тұр,
Қажетін кешке жақын білесіз де.



Кілті жоқ суырмалы бір сандық бар,
Ішінде елу екі тайлағы бар.
Тайлақты қасына алып еңбек еткен,
Адамға оның өте керегі бар.



Кең балақтың ішінде
Кетпен сап болады.



Үйге кіріп ақ бала,
Болып шықты қап-қара.



Пәндер