Жұмбақтар: Адам және оның дене мүшелері


Оным отызға берді,
Отыз үлпекке берді,
Үлпек шөлпекке берді,
Шөлпек жұтып қойды.



Бес ағайын бар еді,
Бәрі бірдей жас еді,
Біреуі бірақ бас еді,
Бәрінен бойы пәс еді.



Салдым бесақамды,
Аштым дарбаза үйді.



Он терек отыз буын нұсқасы бар,
Бірі үлкен, бірі кіші қысқасы бар.
Бәріне лайықты атты қойған
Адамның тілі шешен ұстасы бар.



Басында тас құдықтын серке ойнаған,
Жегенмен дүниеге еш тоймаған.
Бар екен бір кісінің он баласы,
Не үшін екеуіне ат қоймаған.



Он үйрек, отыз аққу көлде жатқан,
Себеппен қаршыға құс дәмін татқан.
Алыстағы лашын құс ілмей қалмас,
Жақсылар ақылымен білмей қалмас.



Қолымда он жүзігім, ал шығармай,
Бір бөрі мал жейді екен қан шығармай.
Төрт торы , екі сала жұмбағым бар,
Мұны тапқан мені алсын мал шығармай.



Екі батыр қазына іздейді,
Екі батыр жол іздейді.



Болғанда ыран-қыран,
Жабыса кетер сондай қыран,
Бір биікке қатар-қатар жайлайды,
Бірге ұмтылады шықса ұран,
Кейде жым болып түйіледі,
Айтқанына көніп иіледі.



Жиырма баласы бар төртеуі ана,
Бірі ұзын, бірі қысқа дара-дара.
Қандайлық істі қоссаң ерінбейді,
Білімпаз мамандығы болған сара.



Пәндер