Жұмбақтар: Ыдыс-аяқтар


Айтайын мен бір жұмбақ табасың ба,
Таба алмай аң-таң болып қаласың ба?
Дарияның ортасында қоңыр үйрек,
Құйрығы дарияның жағасында.



Беті үлкен тым-ақ өзге денесінен,
Бұлаңдап түсіп шығар кемесінен,
Ішіне қарын-қарын суды құйып,
Шығады сүңгіп-сүңгіп денесімен.



Бір таудан бір таудың басы биік,
Тұрады ортасына бәле жиып,
Бәленің зардабына шыдай алмай,
Жіберді бұтына сиіп-сиіп.



Тұрады кісі келсе сары болып,
От пен су тұрады жары болып,
Ішінде қазынасы сол сары алтын,
Жақсылар бөліп алады бәрі болып.
Түйенің төрт табанындай табаны бар,
Мойынына сәлде салады кәрі болып,
Өзінде ашып кірер есігі бар,
Дәм татып шығатұғын тесігі бар.



Жансызда төрт аяғын басып тұрған,
Аузынан гауһар отын шашып тұрған.
Айналып машинасы келгенінде,
Өзіне көп адамды асық қылған.



Ақ сәлделі қожалар,
Зікір салып сұңқылдар,
Өз тамағы тойған соң,
Бейне жынды бұлқылдар.



Көрінер анадайдан сары болып,
Қайнайды от пен су сары болып,
Өзінің ұстайтұғын құлағы бар,
Және де ағызатын бұлағы бар.



Сары ағаштан сарайым,
Ішінде жаққан қалайым,
От пен су бір жерде
Табылып тұр бір жерден әрдайым.



Бір таудан бір тау көрдім биік тұрған,
Ішіне от пен суын жиып тұрған.
Не қылған мейірімді зат біле алмадым,
Тиіп кетсең желіні иіп тұрған.



Қарны қартас,
Мұрны бұртас,
Атқа мінбес,
Жаяу жүрмес.



Пәндер