Жұмбақтар: Аспан әлемi


Айдаһар күндіз жатып, түнде шығар,
Қаһарлы қалыбына әркім құмар,
Болыпты туғаннан-ақ күнмен талас,
Күнді көрсе айдаһардың жүзі солар.



Күндіз әйнегі сынады,
Түнде орнында тұрады.



Кішкентай нан барша ғаламға жетеді.



Жабықта жарты нан.



Қонақтап күнде келер су бетіне,
Пар келмес гауһар заты келбетіне.
Сәулесі су жүзінде дірілдейді,
Тамаша қарап тұрсаң суретіне.



Күндіз күннен таярмын,
Түнде әлемге аянмын.



Кейде орта, кейде толы бір тегене,
Көрінер кейде күндіз, кейде түнде,
Бетіне ақ шағыдан перде тартқан,
Балалар, ойлап қара, бұл немене?



Он төрт - он бес жасында
Адамның басындай.
Бір және отыз жасында
Адамның қасындай.



Тап-тап, табан ақ,
Табаны жалпақ қоян-ақ,
Тайшыағардан су ішіп,
Туып тұрған дуадақ.



Көп бауырсақ ішінде бір қалаш.



Пәндер