Жұмбақтар: Аспан әлемi


Бір емен, жеті терек, алты қайың,
Бұтағы толып жатыр дайым, дайым,
Ішінде шынар терек, үш қарағай,
Өңгесін айта беріп не қылайын?



Аспанда ұшып жүрген жеті торғай,
Барады бір-біріне қосыла алмай.



Алты қаз, жеті үйрек, бір бөдене,
Кейде орта, кейде толы сары тегене,
Тұнық пенен лайдың арасынан,
Бір аққу ұшып шықты қанат кере.



Алты қоян қашады бұдан былай,
Жеті лашын қуады ұдай-ұдай.
Артынан екі бүркіт тағы кетті,
Шешіп бер жұмбағымды қарап тұрмай.



Мен бір жұмбақ айтайын асыл досқа,
Бір сарай толып тұрған ақ күміске,
Болғанда алты тауық, жеті тақ-тақ,
Баршасы қорқады екен тоты құстан.



Бап-бап, басы бар,
Алтын ердің қасы бар,
Бұны тапқан адамның
Жүз жиырма да жасы бар.



Байладым бір қазыққа екі жылқы,
Екі жігіт ала алмай болды күлкі,
Жетеуі бір қызға ғашық болып,
Ағарды қасіреттен сақал-мұрты.



Туғанда алтау едім,
Өле-өле жетеу болдым.



Аспанда ұшып жүрген алты торғай,
Өмірбақи жүреді жерге қонбай.



Бар ма, жоқ па, анық білмейсің,
О жоқ жерде өмір сүрмейсің.



Пәндер