Жұмбақтар: Метаграммалар


Жазда өсіп, піседі,
Дәмі тәбет ашады.
«Қ» орнына «Ж» қойсаң,
Көктен тамып түседі,
Жердің шаңын басады.


Аспан көгі жамылды,
Қара мақпал бүркеніп.
«Т» орнына «К» қойсаң,
Жылытып жон, шағылды,
Тұрам елге нұр төгіп.


Сая жермін,
Тұратын
Құстар әні естіліп,
Сөз соңына «А» қоссаң,
Сауық сайран құрамын,
Шалшық көлде кешкілік.


Қыста суды қаптаймын,
Бірақ жазда жатпаймын.
Алғашқы әріп ауысса,
Онсыз тамақ татпаймын.


Сұйықпын да тазамын,
Басамын жер тозаңын.
«С» орнына «Б» қойсаң,
Бозғылт боп тозамын.


Екі сөзден тұрады,
Құстың аты — құрамы.
Сызсаң егер «Бір» сөзін,
Ас пісірем, көр өзің.


Алғашқы буыным,
Көшті бастар ұлымын.
Сосын тоғай нуының
Жыртқышының бірімін.
Екеуін қоссаң ірімін —
Көп аңдардың дүрімін.


«Т»-дан бастап оқысаң,
Төлі болам пырақтың.
«Т»-ны сызып тастасаң,
Көкте қалған орақпын.


Жайнаған жер үсті,
Мекенмін келісті.
«Қ» орнына «Д» қойсаң,
Боламын кеңістік.


Шеге қағар шеберге,
Ең қажетті құралмын.
«Б»-ны өшірсең егер де,
Жігер берер ұранмын.


Қатты соғып жүрегім,
Қорқып, үркіп жүремін,
«Қ» орнына «Н» қойсаң,
Күшке толар білегім.


Жатам құстар тобына,
Азығымын адамның.
«Ы»-ны қоссаң соңыма.
Жылқы етімін — тағаммын.


«Ж» әрпімен бастасаң,
Көрінеді бар маңым.
«Ж»-ны сызып тастасаң,
Су ағатын арнамын.


Ақ бояуға қанықпын,
Бағалымын, мамықпын.
Бас әріпім алмасса,
Төрт бұрышты жазықпын.


Ақтан көрпе жамыламын,
Көктемде сайға ағыламын.
Өзгерсе егер алғашқы әріп,
Жер қойнынан табыламын.


Жасыл желек алабым,
Жыл маусымы боламын.
Бірінші әріп ауысса,
Айдынға ұшып қонамын.


Шуақты мол төгемін,
Гүлге бөлеп беремін.
Бас әріпті өшірсең,
Көкіректі керемін.


Піскен жеміс қосымын,
Құстың жақын досымын.
«К» орнына «Ж» жазсаң,
Жамбыл ата жасымын.


Ұнтағым бал, жерде өсем,
Бар халыққа әзірмін,
Соңғы «Н»-ді «М» десең,
Дастарқанда мәзірмін.


Моншағы көп тізілер,
Шуағын төксе күліп күн.
Соңғы әріп «К» болса,
Әжем сынды кісілер,
Қолға тағар мүлікпін.


Желбіретіп үкімді,
Сулы жерде жайқалам.
«Қ» орнына «Т» қойсаң,
Қоныстанып жай табам.


Қуанғанда мақтанып,
Қол соғасың шаттанып.
Ең алдына «Қ» қойсаң,
Қолыңды өтер от қарып.


Бір құлаштай матамын,
Жуынғанда аласың,
Алғы әріпті өшірсең,
Ең әдепті боласың.


«Ар» мен «ал»-ды қосқанда,
Судағы құрлықпын.
Алдына «М»-ны қосқанда,
Нудағы түлікпін.


Бойында өссем тоғанның,
Кіргізем дәмін тағамның.
Соңыма қоссаң бір әріп,
Үндемей жүрер адаммын.


Ешкіден көп табылса,
Түсі болам қойдың да.
Соңғы дыбыс жоғалса,
Ораламын мойнына.


Құт дарыған қотанның,
Қаруымын шопанның.
«Т»-ны сызып тастасаң,
Мүшесімін адамның.


Әуелгі үш әріп —
Дәмге нәр тілді үйірген,
Кейінгі қос әріп —
Мақтаның түсі үйілген.
Қосылса бес әріп —
Темір жіп созып иірген.


Тәтті дәм үш әріп алғашқы,
Соңына қос әріп жалғасты,
Сен одан өзіңе табасың
Дауылдан қорғанар панасын.
Екеуі біріксе егерде,
Суда өсіп, жүзеді тереңде.


Алғашқы буыны — құс,
Соңғы қос әрпі —түс.
Екеуін қосып жіберсең,
Көл жағалап тік өсем.


«Ү» тұрса қызып табаны,
Қыртысты жазып тегістер,
«Ү» түсіп қалса жаманы,
Құлама болар тегіс жер.


Майысқақпын, нәзікпін,
Садақ болып иілем.
Соңғы әріп «Н» болса,
Қалдығына азықтың,
Қоқыстарға үйілем.


Ұқсайтұғын жылқыға,
Қамыс құлақ көлікпін.
«К» орнына «П» қойсаң,
Ойлатуға берікпін.


Шалқимын арнамда - бесікте,
Ал бірақ тұрмаймын тесікте.
Алғашқы дыбысым өзгерсе,
Көкте ұшып жүремін, көшіп те.


Кезерді ерінің,
Шөбі болмас жерінің.
«Ш» орнына «К» тұрса.
Өсімдіктің нәрімін.


Бір адам шаттанса,
Мен оған бауырмын.
«Б»-ны «У»-ға ауыстырса
Өлшеммін, дәуірмін.


Қақ тіліп жотаны,
Қасқайып жатады.
«Ж» орнын «Қ» басса,
Адамнан табады.


Сән берем, әркімге, көңілге,
Ұқсаймын көктемгі өңірге.
Әріпті бастапқы сызса егер.
Жөн сілтер ұстазбын өмірге.


«Қ» әрпінен бастасаң,
Көмірге ұқсас түрім бар.
«Қ»-ны сызып тастасаң,
Жасаймын шөп гүлін бал.


«Ш»-дан бастап жазғанда,
Шай қайнатып аласың,
«Ш»-ны орнынан алғанда,
Терезеге саласың


«К»-ден бастап оқысаң,
Құс атауы, қарашы!
«Е»-ден бастап оқысаң,
Жалқау бала бағасы.


Егер «И»-ден бастасаң,
Хайуанаттың түрімен.
«И»-ді алып тастасаң,
Әріптердің бірімін




Пәндер
Көмек / Помощь
Арайлым
Біз міндетті түрде жауап береміз!
Мы обязательно ответим!
Жіберу / Отправить

Рахмет!
Хабарлама жіберілді. / Сообщение отправлено.

Email: info@stud.kz

Phone: 777 614 50 20
Жабу / Закрыть

Көмек / Помощь