Жұмбақтар: Егіс және өсімдіктер





Жүруге жоқ, шығуға жарар жаны бар,
Тәртіппенен тұратын өз әлінше сәні бар.
Керек болар кейін деп түйіп алған,
Азық қылар бір азырақ дәні бар.


Жеп жатарда жасқанбай бірді берсең,
Ондап-жүздеп аларсың егер көрсең.
Еш уақытта еңбегің еш болмайды,
Әрекет қып, беріп ал, тіліме ерсең.


Біздің ел сұратады сегізіңді,
Бұғыдай мойны жуан семізіңді.
Алдынан алақанын төсеп алып,
Тартады тойғызам деп негізіңді.


Ұстарамен алынбас,
Ұйысып тұрған қалың шаш.


Қар астында қыстағаны,
Жасыл бөрік тыстағаны.


Жасынан тәрбиелеп бала бақтым,
Өсіріп ол баланы жұртқа жақтым.
Күніне екі-үш рет көрмей тұрсам,
Болмайды бұл дүниеде менің нақтым.


Алтын аяқты,
Алтын десем - азығы жоқ,
Ол жоқ болса - алуы жоқ.
Дүние толған адамның
Баршасы да теп-тегіс,
Біріне бірі қарауы жоқ.


Желі басында бес бие,
Бесеуі де жас бие.
Құлындары құла ала,
Құлақтары сары ала.


Аласа терек,
Алпыс бұтақ,
Бұтақ сайын ұя,
Ұя сайын жұмыртқа.


Мысық мұртты,
Өрмек басты.


Ұзын мұртты сарылар,
Қойнында наны бар.


Екі жағы бүртік,
Ортасы сызық.


Аласа ғана бойы бар,
Қойнына тыққан наны бар.


Өзі қызық,
Бауырында бар
Жалғыз сызық,
Бұған жұрттың бәрі де ынтық.


Бек тұрған,
Белін буып,
Тек тұрған.


Бір ағашта қырық бұтақ,
Қырық бұтақта қырық ұя,
Қырық ұяда қырық жұмыртқа,
Қырық жұмыртқада қырық балапан.


Қызыл күріш тас болып түседі,
Ақ ұлпа қар болып шығады.


Бала, бала, балалар,
Мүйізінен су ішіп,
Таяғынан балалар.


Бір бұтаның қырық ұясы бар,
Қырық ұяда қырық мұрасы бар.


Мынау неге мұңаяды,
Бір жағына қыңыраяды,
Аузы-басын түк басып,
Тұмсығы неге қызарады.


Пәре-пәре болды,
Басы айналып жара болды.
Бастарына жүн шығып,
Басымызға бәле болды.


Бойы бір қарыс,
Сақалы екі қарыс.


Жерден шығар көгеріп,
Беліне қылыш байланып.


Қол басындай ағашта
Сансыз адам байлаулы,
Санасаң саны бар,
Аяғында жаны бар.


Мұнда тау,
Онда тау,
Ортасында көп шөп.


Сары қызым көгенде тұрып семірген


Көк лағым көгенде тұрып семірген.


Соғым үшін сайлап қойдым,
Бордақылап байлап қойдым.


Бір шар бар кіріп шығар есігі жоқ,
Су ішер, нан жемейді, тамағы тоқ.
Ішінде көп балапан етер мекен,
Ас қылып сойып жесең балдай екен.


Өзі аласа, семіз, майы жоқ,
Терісі қалың, жүні жоқ.


Жерде жатып желіндейді,
Күзге дейін желінбейді.
Үндеместен төлдеп жатыр,
Су бермесең шөлдеп жатыр.


Ара-арасы ақпа тіл,
Арасынан тастап тіл.


Қолымда сақинам бар алшығарай,
Қойды қасқыр жейді екен қан шығармай.
Бұл жұмбақты қайсы жігіт табады,
Сол жігітке тиемін мал шығармай.


Алуан түрлі түсі бар, сырты қатты,
Адамзат жеуге құмар, өзі тәтті.
Тоқсан күнде толықсып, күні бітіп,
Есепсіз ақты-қара бала тапты.


Сусыз піскен ас көрдім,
Домаланған бас көрдім.
Бауыздасаң қан орнына су ағар.


Бір арқанда отыз қой байлаулы жатыр.


Атасынан бұрын баласы базарға барады.


Құдая, құдіретіңнің панасынан,
Таңым бар мен құдайдың бар күшіне,
Анасы туады екен баласынан.


Ұзын-ұзын әулие,
Онан да ұзын әулие.
Тораңғылдың түбінде,
Теңкиіп жатқан әулие.


Ояғы тау, бұяғы тау,
Ортасында бұжыр тау.


Сырты тас, іші қуыс бөлек-бөлек,
Базардан оны сатып алса керек.
Алған жанға тағамдық пайдасы бар,
Шешіп бер, жұмбағымды болсаң зерек.


Асты тас, үсті тас,
Шағып жесең, піскен ас.


Алыстан қарасам әңгір-күңгір,
Қасына келсем қаптаулы темір,
Ашып қарасам аппақ,
Жеп қарасам тәп-тәтті.


Кішкене қозымның асы дәмді.


Мәуе ішінде тас,
Тас ішінде ас.


Бар еді бір жұмбағым аты бүрлен,
Шіркінді нәпсі қойып шешіндірген.
Ішінде бір нәрсе бар дүмбірлеген,
Оны аламыз деп қылдық талап.
Алалмай бір қыдыру тұрдық қарап,
Отыз кісі жиылып алсақ қарап,
Нәрсесі ішіндегі доп-домалақ.


Домалақ қана албар,
Ішінде қатты дәні бар.


Кішкентай ғана құтша,
Іші толы мықша.


Алма дерсің, түсіне қарап,
Жүгері дерсің, ішіне қарап,
Татсаң тәтті, бал шәрбәтті.


Үлкендігі алмадай,
Сырты жанған қызыл от,
Ішін жарып қарасаң-
Майда , майда қызыл шоқ .




Пәндер
Көмек / Помощь
Арайлым
Біз міндетті түрде жауап береміз!
Мы обязательно ответим!
Жіберу / Отправить

Рахмет!
Хабарлама жіберілді. / Сообщение отправлено.

Email: info@stud.kz

Phone: 777 614 50 20
Жабу / Закрыть

Көмек / Помощь