Жұмбақтар: Жануарлар


Үсті толы ине,
Бірақта, іс тігіп,
Қадамайды түйме.


Ешбір бұйым тікпеген,
Үсті толған көк тебен.


Тұмсығынан торайдың,
Тұмсығы бар аумаған.
Үстін түгел орайтын,
Тоны ине қаулаған.


Жұдырықтай тұрқы,
Ошағанға ұқсас сырты.
Бұл не?


Денесі буылтық,
Сырты жасыл түк.
Өзі сұр, бөрі емес,
Ұзын құлақты, қоян емес,
Жұмыр тұяқты, жылқы емес.


Әртүрлі, орта бойлы, ұзын құлақ,
Өзіне міндеттесе қызмет қылмақ.
Бүріскен жарық емес біткен тұяқ.


Жанды “сағат”,
Айқай салады.


Ол надыр құм жануары,
Көзі өткір, көңілі тар,
Басқа ұрсаң, қылмайды намыс-ар.
Қара түгіл ханда бар,
Қытайда бар, Қырымда бар,
Түркістан, Үрімде бар,
Хоразым, Бұхарада бар.


От басында орайған,
Құйымшағы сорайған.


Үй артында шоңқайма,
Буы шығып тұрмай ма?
Салпаң құлақ келед деп,
Қорқа-қорқа тұрмай ма?!


Төрт аяқты мақұлық,
Үй күзетеді ақырып,
Тындырғандай кей жерде
Жата кетер аһ ұрып.


Бір балық көрер көзге жүні майда,
Тимейді майдалықтан ешбір пайда,
Қаруы денесінде бір-ақ жерде,
Саны бар, сапасы жоқ сида-сида,
Ибарат да тіршілік ойына алмайды,
Қонып, түнеп, жатады әлде қайда.


От басында құмған,
Екі көзін жұмған.


Мұрты бар, иегінде сақалы жоқ,
Тоны бар, киерінде шапаны жоқ.
Пайдасы үй ішінен табылған соң,
Далаға кіріп-шығар сапары жоқ.


Шықпайды үйден,
Тоны жібектен.
Күндіз ұйықтайды,
Түнде дамыл таппайды.
Аңға барады,
Сол аңды үйден табады.


От басында бүкір шал,
Құдайына шүкір шал.


Түссе күннің шуағы
Көзді еріксіз жұмады.
Жылы жерді сүйеді,
Беті-қолын жуады.


Аузы бейне шалғы орақ,
Шөп емес, бірақ мал орады.


Бір күні елден,
Он күні жерден.


Белестен шапқан бесті ат,
Бүкір келген желісті ат.
Бейғам елді іздейді,
Малдан күдер үзбейді.


Тоғайда айғыр кісінейді,
Ауылға сірә келмейді.


Жол бойында жортқан,
Сыбызғысын тартқан.


Тоң мойынды жуан көк,
Желіп, жортып бүкеңдеп,
Несібесі даладан,
Еңбек қылмай жүрер тек.


Бір нәрсе қайраты көп, болған күшті,
Басынан өткізеді әрбір істі.


Жануар мақұлықтың біреуі өзі,
Іркілмей жұмсайтұғын ірі тісті.


Бар екен бір айуан көпке таныс,
Мекені жүрер оның тау мен қамыс.
Бұл өзі ойласа көп, шапшаң, епті,
Жүректі бір айуанға қойса бетті.
Қайтпайды жара алмаса не өледі,
Өлмесе тынбайды ол алмай көкті.


Кілемнің түрлеріндей жүндері бар,
Айбатты жан шыдамас үндері бар.
Шаршы бой, сұлу құйрық, қысқа құлақ,
Кететін зиян қылып бір жер бар.


Тауда жүрген құмайды,
Көрген адам сынайды.
Жыл айналып толғанда,
Он екі бұтақ болғанда,
Балта тимей құлайды.


Түсі түйенікі,
Аяқ-басы сиырдікі.
Құйрығы ешкінікі,
Мүйізі ғана өзінікі.


Айтайын мен бір жұмбақ тым тамаша,
Тыңдама жұмбағымды ұнамаса.
Бойы бар бір құлаштан астамырақ,
Басында мүйізі бар оннан аса.


Мақұлық бар екен даусы зор,
Адамға ұқсап бойында аяқ пен қол,
Мекені тас бұлақтың төңірегінде,
Мынаны тапқан жанның ақылы мол.


Ыржаяды, күледі,
Басқан ізді біледі.
Таусылмайтын шабысы,
Жұртқа мәлім жүрісі.


Жақпар тастың астында
Қызыл тонды қыз жатыр.


Белестегі бес бие,
Бақылдайды, құрылдайды;
Құйрықтары қара ала,
Қанаттары сары ала.


Жылқыны қарнына қыстырып,
Түйені ерніне қыстырып,
Есекті құлағына қыстырып,
Қасқырды ат қып мініп,
Айт дегенде жүре берген.


Әңгелейді, дөңгелейді,
Ұшқан құстай,
Құс десем, төрт аяғы бар,
Елек-селек, екі құлағы бар.


Жол үстінде қу қазық,
Мергеншіге жол азық.


Бап, бап, бап екен,
Басқан ізім екен;
Құйрығында меңі бар,
Меңді қайда қоям екен.


Түйе тістеген,
Итті мінген.
Ешкіні жетектеген,
Есекті басына көтерген.


Жолсыз жүгіреді,
Адамнан күшті,
Тепсе ізсіз,
Құлатса елеусіз.


Жусаннан аласа, бетегеден биік.


Аппақ қардай тоны бар,
Күдірейген жануар.


Тауға шықса жүгірген,
Таудан түссе сүрінген.


Есек құйрықты, түйе ерінді,
Ит сирақты, бұғы құйрықты.


Түйе тұмсық, ит табан,
Көзін жұмбай ұйықтаған.


Ит мінген,
Есек өңгерген,
Ешкі бөктерген,
Келеді бір мақұлық түйе айдаған.


Бір мақұлық сар даланы ен жайлаған,
Ит мініп, есек тіркеп, түйе айдаған.
Мұнымды зерек болса ойлап табар,
Тапқанша зерек емес жыл айналар.


Қос құлағы тас төбеде ұзын-ақ,
Сыбдыр сезсе жөнеп береді зымырап.
Қысты күні қалың қарлы кеуекте
Шөпті азық қып жатады біраз тыным ап.


Байшағырдың түбінде балалап жатқан дуадақ.


Ішінде бар жылқысы,
Сыртында бар құлпысы.
Табанымен ит басқан,
Әр нәрседен көп сасқан.
Ши түбінде жемі бар,
Бишараның бас бармақтай меңі бар,
Осыны тапсаң, жеңдің ал.




Пәндер
Көмек / Помощь
Арайлым
Біз міндетті түрде жауап береміз!
Мы обязательно ответим!
Жіберу / Отправить

Рахмет!
Хабарлама жіберілді. / Сообщение отправлено.

Email: info@stud.kz

Phone: 777 614 50 20
Жабу / Закрыть

Көмек / Помощь