Қойлы бай — қорлы бай,
Жылқылы бай — сылдыр бай.




Қойың саны мыңға жетсе,
Керегенің басынан бас кетпейді.




Қой семізі — қойшыдан.




Кәрі қойдың басы піскенше,
Тоқты қойдың басының
Арса-арсасы шығады.




Қой өлсе, қозы қалады,
Келер жылы өзі болады.




Аз қойда айран барда, өре жоқ.




Мал өсірсең қой өсір,
Өнімі оның көл-көсір.




Қой шелді болмай,
Төлді болмайды.




Арық қойда төстік жоқ.




Жетім қозы тас бауыр,
Түңілер де, отығар.




Қой көкпарға жарамас.




Қой алты күн аштыққа шыдайды.




Әркім өз қозысын қошқар қояды.




Ісі оңына басарда
Тоқты туып, шыбыш лақтар.




Қойлы бай — қорлы бай,
Сиырлы бай — сарымай.




Жетім қозы сүтке тоймас.




Қойдан қалған қозы
Қасқырға тап болады.




Аузы кіші, қарныәйдік,
Қой семірсе, көтерер.




Қарны кіші, аузы әйдік
Ит семірсе, құтырар.




Қой егіз туады:
Бірі қонаққа сойылады,
Бірі қошқар қойылады.




Қойды қорадан сатпа,
Аңды буазында атпа!




Егіздетіп төл өседі,
Еңбек етіп, ер өседі.




Семіз қозы пышаққа
Сұранып тұрады.




Қойдың басын құмға көм,
Сиырдың басын нуға көм,
Түйенің басын сорға көм.




Жетім қозы — маңырауық.




Пәндер