Жұмбақтар: Ақша, сауда, есеп


Бір қалаға қоныпты ұшып келіп, Топтана сексен сегіз қараша үйрек, Төртеуден бөлініпті бір сегізі, Қалғаны кілең оннан-оннан бөлек-бөлек, Болған соң бес адамның күзетшісі, Жайылды көк шалғында кейде өрістеп.



Айнала қарағайдан тұр терегі, Адамға ақыл қосса бар керегі. Ол өзі он өзекті жайлап өткен, Сексен сегіз келеді дөңгелегі.



Айналасы қорған, Он жігіт бар торыған. Есебі көңілден, Арқаны темірден.



Бар еді бір жұмбағым сексен сегіз, Табасың ақылменен ескерсеңіз. Болғанда бірі-онға, оны-мыңға, Жауабын кешіктірмей жеткерсеңіз.



Бір нәрсе бұл дүниеде жоқ дерегі, Әр жерде ақылдассаң бар керегі, Қыстауы, жаз жайлауы он өзенде, Өзінің сексен сегіз дөңгелегі.



Бағылған бір қорада жүздей саулық, Соғылған қорғаны бар биік тау қып. Бес қасқыр араласып бастан-аяқ, Бірін қуып, бірін тартып кетті қайтып.



Бітімді төрт бұранда,сегіз сала, Үстінде ойнақтайды сексен бала. Еш пенде бұл жұмбақты тапқан емес, Тауып бер жұмбағымды шапшаң ғана.



Ол не дүр бір нәрсе бар ойға зерек, Жүгірер әрлі-берлі дөп-дөңгелек. Жай нәрсе өз бетімен түк білмейді, Қосымша адамзаттың зейіні керек.



Бір нәрсе сондай епті жер баспайды, Аптығып ақылынан бір саспайды. Данышпан ақылы көп сондай зерек, Жаңылып басқа жөнге бір баспайды.



Қойыма қора соқтым жермен жексен, Бұл қойым кейде сегіз, кейде сексен, Сегізді сексен менен қосып салса, Болады сексен сегіз бөгелместен.



Пәндер