Жұмбақтар: Техника мен шеберхана құралдары


Көзге түртсең сөйлейді,
Көзім ауырды демейді.
Сұрауға жауап береді,
Адамға осы керегі.



Шыр-шыр етеді,
Құлағыңнан өтеді.
Ұстай алсаң сөйлеп кетеді.



Бір жәшік төрт бұрышты сырғасы бар,
Көтерсең сырғасынан даусы шығар.
Қанша алыс болсаң-дағы екі сырға,
Есітіп бір-біріне жақын қылар.



Бір нәрсе доп-домалақ ақылы зерек,
Қолына ұстағаны ағал терек.
Беліне орағаны мәсен белбеу,
Ауыздан шыққан сөзді білер зерек.



Бір нәрсе қуыс-қуыс болған өзі,
Адамша естіледі айтқан сөзі.
Дауысы анық болып шыққанменен,
Көрінбес бас-аяғы екі көзі.



Бір бұлбұл отырады салып әнді,
Жүруге аяғы жоқ, емес жанды.
Өнері қандай асқан деп ойлаймын,
Әп-сәтте жер түбінен хабар алды.



Адам емес, тілі бар,
Әрбір үйден табылар.
Үй емес жалғыз тұрағы,
Көшеде де тұрады.



Ай болмас айдан айға ауыспаған,
Ақылын пенде біліп тауыспаған.
Дүниеде өзі жансыз, ғажап екен,
Адамзат тиіп кетсе дауыстаған.



Есіксіз үй кішкене,
Әңгіме айтар кей шақта.
Жан адам жоқ ішінде,
Ән де салады кей уақытта.



Жаны жоқ сөйлеп тұрған денесінде,
Ұмытпай мәңгі қалған сөз есінде.
Тарихтан бұрынғы өткен хабарлайды,
Мәделі тығулы тұр кеудесінде.



Пәндер