Жұмбақтар: Уақыт


Бірі - ақ, бірі - оның туған қара,
Отыздан он екі рет өскен дара.
Үш жүз алпыс әрбірінің серігі бар,
Жұп қылып бөліп алған екеу ара.



Үш бірдей бағып жүрмін арғымақты,
Біреуі біреуінен қарғымапты.
Үш бірдей үшеуінен қаққан қазық,
Біреуі біреуінен тар болмапты.



Жабысқан жар бетінде көрдім бір зат,
Ай, жұлдыз,күн мен түнді тұрар санап.
Жанында шешен де бар, көсем де бар,
Мүшесі үш жүз алпыс алты қабат.



Үйрегім бар еді үйде үш жүз алпыс,
Мұнша үйректі санап алу елдің салты.
Күніне бір үйрегім жоғалады,
Айтшы сен сол үйректі кім алады?



Бір нәрсе дөңгелейді шыр айналып,
Келеді бір жеріне қайта айналып,
Қызықты мұндай нәрсе бола ма екен,
Отырар оны көрсе ер жайланып.



Желсіз, сусыз айналған бір диірмен,
Шыққан күннен айналып бірдей жүрген.
Қылдан нәзік мойнында бір бауы бар,
Ақылың жетік данасың ойлап білген.



Мен көрдім күн шығыстан бір диірмен,
Түс болса тұрады екен оң бүйірден.
Ішінде қылдан нәзік бір жібі бар,
Ол жіпті қолы епті, кім иірген.



Өзінен өзі айналған бір диірмен,
Көрінеді әр парасы бір бүйірден.
Қылдан нәзік ішінде бір жібі бар,
Қолы епті екен, шіркін-ай, кім иірген?



Дегенде алпыс бұтақ, алпыс бұтақ,
Бір бұтақта бар екен алпыс жапырақ.
Өзі жансыз, жандыдай қызметі бар,
Үлкендігі түйенің көзіндей-ақ.



Бір нәрсе күндіз-түні шыр айналған,
Есебін оның айтқан кім ойлаған.
Қарайды анда-санда аузын ашып,
Жаңылмас есебінен қара басып.
Мойнында бір құлаштай шынжыры бар,
Жүреді адамзатпен араласып.



Пәндер