Жұмбақтар: Шаруашылық құралдары


Алдын ойпар,
Жанын жайпар.



Жалғанда бір нәрсе бар боз құнандай,
Өзінің ұзындығы оқ жыландай.
Жапырып шөпті бұзып кетеді екен,
Өзінен кейінгіге жол қылғандай.



Жаһанда бір айдаһар иір тілді,
Серуендеп сахараға серуен құрды.
Нақақтан өз басына пайдасы жоқ,
Алдына бет келгеннің бәрін қырды.



Ұзын-ұзын із кетті,
Ұзын бойлы қыз кетті,
Қабырғасы қалт етті,
Омыртқасы жалт етті.



Өзі бүкір,
Бүтін қырды таусады,
Қырдан қайтып,
Үйде бір жыл жатады.



Көк өгізім көл жапырып бара жатыр.



Тісі көп, аузы жоқ.



Басы жоқ, екі беті, тісі бар,
Қақ бөлер бөренені күші бар.



Елу аяқты,
Екі қолды.
Салады елу аяқпен
Жалғыз жолды.



Алпыс тісті айдаһар,
Ешқайда қадам баспайды,
Қозғамасаң жатады,
Ештеңеден саспайды.
Ағаштан тамақ жейді екен,
Жұтпай шайнап тастайды.



Пәндер