Жұмбақтар: Шаруашылық құралдары


Бар екен бір айдаһар аузын ашқан,
Көргенде адам пенде заһар шашқан.
Кетеді ашуланса таудай болып,
Қайнатып қара тасты ашу басқан.



Өзінің жалғыз аузы бар,
Лебімен от шайнайды,
Гүрілдеп демін алғанда
Алтын ұшқын ойнайды.
Ағаштан күйген ас жейді,
Адамның қолы тигенде
Еңсеріле дем алып,
Кезек-кезек үрпейді.



Ұзын-ұзын қос таяқ,
Өрмелейміз ұстап ап,
Келте-келте көп таяқ.



Аждаһа дию көрдім аузын ашқан,
Келгенде жем жерінде қарсыласқан,
Мінеді ағаш атқа темір қамшы,
Көр қазір қатты жүрсе тозаң шашқан.



Қараңғы үйде қабан күркірейді.



Шаңы жоқтан шаң шығады.



Арқасында аузы бар,
Тұмсығында құйрығы бар.



Күйсеп жатқан тас көрдім.



Бір нәрсе керегесіз дөп-дөңгелек,
Қозғалса жүгіреді зыр дөңгелеп.
Аузына керек асын салып қойсақ,
Шығарат мына жақтан екі бөліп.



Бір нәрсе өзі жансыз жоқ қой жаны,
Бір тарау ортасында байлағаны.
Өзінің жұтатұғын көмейі жоқ,
Қалады жерге түсіп шайнағаны.



Пәндер