Жұмбақтар: Шаруашылық құралдары


Елу аяқты,
Екі шолда,
Салады елу аяқпен жалғыз жолды.



Бір нәрсе асты-үстілі алты қақпақ,
Бар пенде ырызығын онан таппақ,
Бұлт алып айналасы күркіресе,
Қар жауып арасынан болады аппақ.



Қайнап жатқан тас көрдім,
Тұзсыз піскен ас көрдім.



Дария күркірейді көбік атып,
Әркім-ақ іздеп барар жүгін артып,
Дарияның әрі-бері өткелі жоқ,
Біреуі келген емес тірі қайтып.



Бір топ қой бір көпірден өтіп жатыр,
Астында бір қобдиға кетіп жатыр,
Өзгеріп заңдары да басқаланып,
Будалап әрбір жоққа жетіп жатыр.



Есік,
Ортасы тесік.



Дүниеден бір құжыра көресің бе,
Жалғыз көзі көрінер төбесінде?
Өзіне барған мақұлық құр қайтпайды,
Жаны жоқ қимылдауға денесінде.



Салбыратып салдым,
Тамшылатып алдым.



Ашықса құлайды,
Тойынса жылайды.



Ұзын құйрық сауысқан,
Бір көлдің суын тауысқан.



Пәндер