Жұмбақтар: Аспан әлемi


Зәулiмде тұрағы,
Тiреусiз тұрады.



Дәу шүйкесiн,
Күн алды,
Көк теңiзге түсiрiп,
Шығарды да жұлбасын,
Жел әкеттi ұшырып.



Етек-жеңi жиналмай,
Дауыл тұрса дым қалмай,
Тұйдектелiп көшедi,
Тоз-тоз болып өшедi.



Қара алып жарқыратып,
Жасын атып, күркiрейдi.
Суды сайға сарқыратып,
Демi шөптi сiлкiлейдi.



Көшiп жүрiп желменен,
Сеуiп шықты тамшысын,
Қыраттарға шөлдеген.



Бiрде – селдiр жабағы,
Бiрде – теңбiл жабағы.



Будақ түтiн түсi аппақ,
Көк жүзiне тұзақтап,
Қойғандай-ақ жылжымай,
Тауды өбедi құшақтап.



Аспаннан домалап,
Көп моншақ төгiлдi.
Бусанып жон-алап,
Терледi, керiлдi.



Келiстiрiп өрнегiн,
Құрып қойды өрмегiн.



Жарқылдан соң жаңағы,
Суға бөктi бар алап.
Көкте түрлi жолақты,
Өрнек тұрды ғаламат!



Пәндер