Жұмбақтар: Әли Ысқабаев


Туған жердің белбеуі,
Шұбатылып қалыпты,
Керемет-ау кернеуі –
Тасты кесіп, жарыпты!



Басы доғал,
Мұрты бар,
Аузы апандай,
Ұрты бар.
Түрі китке ұқсайды,
Терең судан шықпайды.



Шуға бөлеп жағаны,
Қанаттарын қағады.
Айдын судың түлегі,
Шабақ іліп жүреді.



Төбесіне тігіп көк шатыр,
Көлеңкесінде көп тамыр,
Көгілдір болып доп жатыр.



Аласа тал,
Тамаша тал –
Самсап тұр алмасы,
Ал қызыл боп,
Қан қызыл боп
Боялғанша, алмашы!



Сулы жерді мекендеп,
Құрлықта да секеңдеп.
Шыбын-шіркей аңдиды,
Жемге қашан жетем деп.



Іші егіс,
Сырты тегіс.



Ортасында діңгегі бар,
Толып жатқан ілгегі бар.



Айтқаныңды айнытпай
Қайталайды өзіңе.
Тіл қатқанмен қаймықпай,
Көрінбейді көзіңе.



Екі тас беттесіп,
Жұтады бидайды.
Бір дәнін бірақ та,
Жеуге өзі қимайды.
Майдалап қайтадан
Адамға сыйлайды.



Пәндер