Экономикалық саясаттың жаңа қағидаттарына көшу



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 60 бет
Таңдаулыға:   
Қазақстан-2050 стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты
Мазмұны
І. Қалыптасқан Қазақстан - мемлекеттілігіміздің, ұлттық экономикамыздың, азаматтық қоғамымыздың, қоғамдық келісіміміздің, өңірлік көшбасшылығымыз бен халықаралық беделіміздің дағдарыста сыналуы
1. Қуатты да табысты мемлекет
2. Демократияландыру мен ырықтандырудың орнықты процесі
3. Түрлі әлеуметтік, этностық және діни топтардың келісімі мен татулығы
4. Ұлттық экономика. Халықаралық еңбек бөлінісіндегі біздің рөліміз
5. Қоғамдық тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз ететін күшті әлеуметтік саясат
6. Әлемдік қоғамдастық таныған ел
7. Ядролық қаруды таратпау режімін ілгерілетудегі біздің белсенді рөліміз
8.Қазақстан-2030 стратегиясы. Негізгі қорытындылар
ІІ. ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатері
1. Бірінші сын-қатер - тарихи уақыттың жеделдеуі
2. Екінші сын-қатер - жаһандық демографиялық теңгерімсіздік
3. Үшінші сын-қатер - жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер
4. Төртінші сын-қатер - судың тым тапшылығы
5. Бесінші сын-қатер - жаһандық энергетикалық қауіпсіздік
6.Алтыншы сын-қатер - табиғи ресурстардың сарқылуы
7. Жетінші сын-қатер - Үшінші индустриялық революция
8. Сегізінші сын-қатер - үдей түскен әлеуметтік тұрақсыздық
9. Тоғызыншы сын-қатер - өркениетіміз құндылықтарының дағдарысы
10. Оныншы сын-қатер - жаңа әлемдік тұрақсыздық қаупі
ІІІ. Қазақстан-2050 стратегиясы- жедел өзгермелі тарихи жағдайлардағы жаңа Қазақстанның жаңа саяси бағыты
1. Міндеттердің жаңа парадигмасы
2. Қайда бет алдық? Жаңа саяси бағыттың мақсаттары
1. Жаңа бағыттың экономикалық саясаты - пайда алу, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген түгел қамтитын экономикалық прагматизм
1. Түгел қамтитын экономикалық прагматизм
2. Жаңа кадр саясаты
3. Макроэкономикалық саясатты жаңғырту
3.1. Бюджет саясаты
3.2. Салық саясаты
3.3. Ақша-кредит саясаты
3.4. Мемлекеттік және сыртқы қарызды басқару саясаты
4. Инфрақұрылымды дамыту
5. Мемлекеттік активтерді басқару жүйесін жаңғырту
6. Табиғи ресурстарды басқарудың жаңа жүйесі
7. Индустрияландырудың келесі кезеңінің жоспары
8. Ауыл шаруашылығын жаңғырту
8.1. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде және саудада қожалықтар мен шағын және орта бизнесті дамыту
9. Су ресурстарына қатысты саясат

2. Ұлттық экономикамыздың жетекші күші - кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау
1. Шағын және орта бизнесті дамыту
2. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігінің жаңа үлгісі -
Қуатты бизнес - Қуатты мемлекет
3. Жекешелендірудің жаңа кезеңі - мемлекет рөлінің өзгеруі
3. Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері - әлеуметтік кепілдіктер мен жеке жауапкершілік
1. Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері
1.1. Ең төменгі әлеуметтік стандарт
1.2. Атаулы әлеуметтік қолдау
1.3. Өңірлердегі әлеуметтік теңгерімсіздіктер проблемасын шешу
1.4. Жұмыспен қамту және еңбек саясатын жаңғырту
2. Ананы қорғау. Әйелдерге қамқорлық
3. Баланы қорғау
4. Ұлт денсаулығы - табысты болашағымыздың негізі
4.1. Денсаулық сақтау саласындағы негізгі басымдықтар
4.2. Балалар денсаулығын қамтамасыз етудің жаңа тәсілдері
4.3. Медициналық білім беру жүйесін жақсарту
4.4. Ауылда медициналық қызмет көрсетудің сапасы
4.5. Дене шынықтыру мен спортты дамыту

4. Білім мен кәсіби машық - заманауи білім беру, кадрларды даярлау мен қайта даярлау жүйесінің негізгі бағдарлары
1. Білім беру саласындағы жұмыстың басымдықтары
1.1. Балапан бағдарламасын 2020 жылға дейін ұзарту
1.2. Инженерлік білім беру жүйесін дамыту
1.3. Білім беру саласындағы әлеуметтік жауапкершілік жүйесін дамыту
1.4. Білім беру әдістемелерін жаңғырту
2. Инновациялық зерттеулерді дамытудың жаңа саясаты
2.1. Технологиялар трансферті
2.2. Ғылым мен бизнестің кооперациясы
2.3. Перспективалы ұлттық кластерлерді қалыптастыратын жол картасы
3.Жастарға үндеу
5. Мемлекеттілікті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамыту
1. Мемлекетті басқарудың жаңа типі
1.1. Мемлекеттік жоспарлау мен болжау жүйесін жетілдіру
2. Басқаруды орталықсыздандыру
2.1. Орталық пен өңірлер арасындағы жауапкершілік пен өкілеттіктердің ара-жігін ажырату
2.2. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы
2.3. Ауыл әкімдерін сайлау
3. Кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру
З.1. Әкімшілік реформаның екінші кезеңі
4. Бизнес қауымдастық пен мемлекеттік аппараттың өзара іс-қимылының жаңа жүйесі
5.Тәртіпсіздікке мүлде төзбеушілік принципін енгізу
6. Жемқорлыққа қарсы күрес
7. Құқық қорғау органдары мен арнаулы қызметтерді реформалау
6. Дәйекті де болжамды сыртқы саясат - ұлттық мүдделерді ілгерілету мен өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту
1. Сыртқы саясатты жаңғырту басымдықтары
2. Экономикалық және сауда дипломатиясын дамыту
3.Өңірлік қауіпсіздікті нығайту
4.Жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосу
5. Ұлттық қорғаныс қабілеттілігі мен әскери доктринаны нығайту

7. Жаңа қазақстандық патриотизм - біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі
1. Жаңа қазақстандық патриотизм
2. Барлық этностар азаматтарының тең құқықтылығы
3. Қазақ тілі және тілдердің үштұғырлылығы
4. Мәдениет, дәстүрлер және даралық
5. Ұлттық интеллигенциясының рөлі
6. ХХІ ғасырдағы Қазақстандағы дін
7. Болашақтағы Қазақстанды қалай елестетемін?
8. Ұлтқа үндеу

Қадірлі қазақстандықтар!
Қымбатты отандастар!
Біз бүгін Тәуелсіздік күні қарсаңында жиналып отырмыз.
Міне, біз 20 жыл бойы осы ұлы мерекені мақтанышпен атап өтіп келеміз.
1991 жылғы 16 желтоқсанда біз - Қазақстан халқы - егемендікті, бостандықты, әлемге ашықтықты таңдадық. Бүгінгі күні осы құндылықтар біздің күнделікті өміріміздің бөлшегіне айналды.
Сол кездері, сапарымыздың басында бәрі басқаша болды. Енді біздің ортақ күш-жігер жұмсауымыздың арқасында ел танымастай болып өзгерді.
Біз бүгін - өзіндік бет-бейнесі бар, өзіндік ерекшеліктері мен өзіндік ұстанымы бар табысты мемлекетпіз.
Біздің алғы шепті алуымыз қымбатқа түсті.
Ел 20 жыл бойы егемендігіміз бен саяси салмағымызды нығайтуға жұмыс істеді. 20 жыл өткен соң бұл мақсатқа қол жетті. Қалыптасу кезеңі табысты аяқталды.
Қазақстан ХХІ ғасырдың басында тәуелсіз әрі өзіне сенімді болып отыр.
Жаһандық дағдарыстың жалғасуының әсерінен әлемде болып жатқан өзгерістер бізді үрейлендірмейді. Біз оларға дайынбыз. Біздің ендігі міндетіміз - егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру.
Біздің басты мақсатымыз - 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру.
Мықты мемлекет экономикалық жедел өсу жағдайын қамтамасыз ету үшін аса маңызды болмақ.

Мықты мемлекет күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақмерзімді дамумен және экономикалық өсумен айналысады.
Дәл осы себептен де Тәуелсіздік күні қарсаңында, қымбатты менің отандастарым, мен сіздерге жаңа Жолдау ұсынып отырмын.
Бұл - еліміздің даму перспективаларына жасаған өзіндік пайымдауым.
Бұл - жаңа саяси бағыт.
І. ҚАЛЫПТАСҚАН ҚАЗАҚСТАН - мемлекеттілігіміздің, ұлттық экономикамыздың, азаматтық қоғамымыздың, қоғамдық келісіміміздің, өңірлік көшбасшылығымыз Бен халықаралық беделіміздің дағдарыста сыналуы
Дәл 15 жыл бұрын біз Қазақстан дамуының 2030 жылға дейінгі стратегиясын қабылдадық.
Бұл 1997 жыл - кеңестік кезеңнен кейінгі бей-берекеттік түбегейлі еңсерілмеген, дағдарыс Оңтүстік-Шығыс Азияны және басқа да кейбір нарықтарды сансыратқан кезең болатын. Бізге де аса қиын соқты.
Осы жылдар ішінде біздің Стратегиямыз басты мақсатымыздан ауытқымай, шамшырақ сияқты біздің жолымызға сәуле шашып, алға басуға жігерлендірді.
1997 жыл естеріңізде ме?
Парламентте мен сөз сөйлегеннен кейін абдырау мен абыржу болды.
Көпшілік: Бұл не - насихат па? Әлде аспаннан түскен нәрсе ме? деп сауал қойып жатты.
Сол кезде алға қойған міндеттер соншалықты асқақ болып көрінетін.
Дегенмен көз қорқақ, қол батыр дейді ғой.
Біздің алдымызда оқиғалар барысына өзгеріс енгізу сияқты ауқымды міндет тұрды. Жаңа елдің іргесін қалау керек болды.
Ол міндетті шешу үшін біз үш бірдей жаңғырту жүргізуге тиіс едік: мемлекеттің іргесін қалау мен нарықтық экономикада серпіліс жасау, әлеуметтік мемлекеттің негіздерін қалау, қоғамдық сананы қайта өзгерту. Біз өзіндік жолымызды айқындауға тиіс едік. Бұл жол Қазақстан-2030 Стратегиясында белгіленген болатын. Бұл құжат стратегиялық мақсаттар мен міндеттерді пайымдаған, көзқарасымыздағы маңызды серпіліс болды.
Халық нақылында айтылғандай: Мақсат - жетістіктің желкені. Орынды мақсаттар ғана табысқа жеткізеді.
Бүгін дұрыс таңдау жасағанымыз туралы айту мен үшін үлкен абырой. 2008-2009 жылдардағы жаһандық дағдарыс осыны айғақтады.
Қазақстан оған төтеп берді. Дағдарыс жетістіктерімізді сетінете алған жоқ, бізді қуатты ете түсті.
Біз таңдаған ел дамуының саяси, әлеуметтік-экономикалық және сыртқы саяси үлгісі өз тиімділігін дәлелдеді.
Қуатты да табысты мемлекет
Біздің басты жетістігіміз - тәуелсіз Қазақстанды құрғанымыз.
Біз шекарамызды заңдық тұрғыдан ресімдедік. Елдің тұтастандырылған экономикалық кеңістігін құрдық. Елде өндірістік байланыстарды қайтадан орнықтырып, нығайттық. Бүгінде барлық өңірлер бір-бірімен ажырағысыз байланыста жұмыс істейді.

Билік тармақтарының бөлінуіне негізделген заманауи мемлекеттік басқару жүйесін жасаған тарихи маңызды конституциялық және саяси реформалар жүргіздік.
Елдің жаңа елордасы - Астананы салдық. Бұл заманауи қала біздің бойтұмарымыз бен мақтанышымызға айналды. Біз еліміздің мүмкіндігін әлемге көрсету үшін оның әлеуетін пайдалана алдық. Дәл сол себептен де халықаралық қауымдастық Қазақстанды ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесін өткізу орны ретінде таңдады. Егер Астана болмаса, бұл да болмас еді. Мұндай құрмет кез келгеннің еншісіне тие бермейді. Біздің еліміз кеңестен кейінгі кезеңдегі күллі кеңістікте ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен, осы Ұйымның Саммитін өткізген және ғаламдық ауқымдағы іс-шара - ЭКСПО-2017-ні өзінде өткізетін бірінші ел екенін айтсақ та жеткілікті.
Демократияландыру мен ырықтандырудың орнықты процесі
Біз Алдымен экономика - cодан соң саясат деген айқын формуламен ілгерілеп келеміз. Саяси реформалардың әрбір кезеңі экономика дамуының деңгейімен ұштасады. Сондықтан да біз саяси ырықтандыру жолын дәйекті ұстанудамыз. Осылайша ғана елді жаңғыртып, оны бәсекеге қабілетті етуге болады.
Қоғам әрбір қадам басқан сайын демократияландыру мен адам құқықтары саласындағы ең жоғары стандарттарға жақындап келеді.
Біз ел Конституциясында негізгі құқықтар мен бостандықтарды бекіттік. Бүгінгі күні Қазақстанның барлық азаматтары тең құқықтар мен мүмкіндіктерге ие.
Түрлі әлеуметтік, этникалық және діни топтардың келісімі мен татулығы
Біз қазақ халқына, біздің мәдениетіміз бен тілімізге қатысты тарихи әділдікті қалпына келтірдік.
Этникалық, мәдени және діни әралуандыққа қарамастан, елімізде бейбітшілік пен саяси тұрақтылықты сақтадық.
Қазақстан 140 этнос пен 17 конфессияның өкілдері үшін туған шаңырағына айналды.
Азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім - біздің басты құндылығымыз. Көпұлтты еліміздегі татулық пен келісім, мәдениеттер мен діндердің үндесуі әлемдік эталон ретінде танылған.
Қазақстан халқы Ассамблеясы мәдениеттер үндесуінің бірегей еуразиялық үлгісі болды.
Қазақстан жаһандық конфессияаралық үнқатысу орталығына айналды.
Ұлттық экономика. Халықаралық еңбек бөлінісіндегі біздің роліміз
Біз Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында бірінші болып жеке меншікке, еркін бәсекелестікке және ашықтық принциптеріне негізделген нарықтық экономиканың заманауи үлгісін жасадық. Біздің моделіміз шетелдік инвестицияларды тартудағы мемлекеттің белсенді рөліне негізделген.
Біз елімізге 160 млрд. доллардан астам шетел инвестициясын тарттық.
Кәсіпкерлік қызмет үшін негізгі талаптар мен заманауи салық жүйесі қалыптасты.
Біз ұлттық экономиканы жоспарлы түрде әртараптандырудамыз. Үдемелі индустрияландыру бағдарламасында екі бесжылдықта экономикамыздың бет-бейнеcін өзгертіп, оны шикізаттың әлемдік бағаларының ауытқуына тәуелсіз ету міндетін қойдым.
Стратегия-2030 қабылданғаннан бері 15 жыл ішінде мемлекетіміз әлемдегі ең серпінді дамушы елдер бестігіне енді.
Нәтижесінде, 2012 жылдың қорытындысы бойынша ІЖӨ-нің көлемі жағынан біз әлемнің 50 ірі экономикасының қатарына кіреміз.

Әлемнің барлық елдері өз дамуын салыстыратын мойындалған рейтингтер бар. Осыдан алты жыл бұрын мен алдымызға әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіру жөнінде жалпыұлттық міндетін қойдым. Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингінде 51-орынды иеленді. Біз бүгін осы мақсатымызға таяқ тастам ғана қалдық.
Қоғамдық тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз еткен күшті әлеуметтік саясат
Мен үшін әрқашан халықтың тұрмыс деңгейі басты өлшем болды әрі солай бола бермек.
15 жыл ішінде қазақстандықтардың табысы 16 есе өсті.
Табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтардың саны 7 есе азайды, жұмыссыздар саны екі есе қысқарды.
Біз әлеуметтік бағдарланған қоғамның негіздерін қаладық.
Біз ұлт денсаулығын жақсарту ісінде едәуір ілгерілеуге қол жеткіздік.
Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру үшін оны ұйымдастыру, басқару мен қаржыландыру жүйесі реформаланды.
Соңғы бес жылда ана өлімі шамамен 3 есе азайды, бала туу көрсеткіші бір жарым есе өсті.
Білім алуға тең мүмкіндіктер жасалуда.
Соңғы 15 жылда білім алуға жұмсалатын қаржы 9,5 есе өсті.
Білім берудің мектепке дейінгіден бастап жоғары білімге дейінгі барлық деңгейлерін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда.
Біздің адам капиталын дамытудағы ұзақмерзімді салымдар саясатымыздың арқасында қазіргі талантты жас ұрпақты өсірдік.
Әлемдік қауымдастық таныған ел
Әлемдік саясатта біздің еліміз - талассыз халықаралық беделге ие жауапты да сенімді серіктес.
Біз жаһандық қауіпсіздікті нығайту ісінде маңызды роль атқарамыз, халықаралық терроризмге, экстремизмге және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте әлемдік қауымдастықты қолдаймыз.
Біз өз қауіпсіздігіміз үшін халықаралық үнқатысу алаңы - Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін шақыруға бастамашылық жасадық. Бүгінгі күні АӨСШК халқы 3 млрд-тан асатын 24 елді біріктіреді.
Соңғы 2-3 жылда Қазақстан Республикасы Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымына, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына және Ұжымдық Қауіпсіздік Ұйымына төрағалық етті.
Астана экономикалық форумында біз диалогтың жаңа форматын - G-global-ды ұсындық. Бұл бастаманың мәні - әділетті де қауіпсіз әлемсипатын жасау ісінде күш-жігерді біріктіру.
Біз жаһандық энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге лайықты үлес қосамыз.
Ядролық қаруды таратпау режімін ілгерілетудегі біздің белсенді роліміз
Ядролық қаруды таратпау режімін нығайту жөніндегі бастамаларымыз - әлемдік тұрақтылыққа, тәртіп пен қауіпсіздікке қосқан сөзсіз үлесіміз.

Әлемде алғашқы болып Семей ядролық полигонын жауып және атом қаруынан бас тарта отырып, біз жетекші ядролық державалардан - АҚШ-тан, Ресейден, Ұлыбританиядан, Франциядан және Қытайдан қауіпсіздігімізге берік халықаралық кепілдік алдық.
Біз Орталық Азияда ядролық қарусыз аймақ құруда негізгі рөл атқардық және жер шарының басқа да аймақтарында, әсіресе, Таяу Шығыста осындай аймақтар құруға белсенді қолдау көрсетеміз.
Біз әлемдік қауымдастықтың ядролық терроризм қатеріне қарсы тұрудағы күш-жігеріне қолдау жасаймыз.
Қазір біз ядролық қатерді таратпау жөнінде одан әрі табанды шешімдер қабылдау қажеттілігі туралы батыл айтамыз. Ядролық қаруды таратпау туралы шарт таратпау режімінің арқауы болды және солай бола бермек.
Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың тезірек күшіне енуі таратпау режімін нығайтудың маңызды қозғаушысы болуға тиіс.
Бұдан үш жыл бұрын БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялау туралы ұсынысымды қолдады.
Осының барлығы - жаһандық саясаттағы біздің рөлімізді тану.
Осындай жауапты саясатының арқасында Қазақстан ядролық қаруды таратпау режімінің көшбасшысы, басқа мемлекеттер үшін үлгі болып танылды.
Қазақстан-2030 Стратегиясы. Негізгі қорытындылар
Қазақстан - 2030 Стратегиясында біз еліміздің табысын жоспарлады
Біз алға қойған мақсаттарға дәйекті де табанды түрде қадам басып келеміз. 2008-2009 жылдардағы жаһандық дағдарыстың өзінде ұлттық экономикамыз өсуін жалғастырды.
Бүгінгі күні мен үшін 2030 Стратегиясының мерзімінен бұрын орындауға қол жеткен параметрлерінің тұтас бір қатарын іске асырудың қорытындыларын шығару үлкен абырой.
(1) ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК. Біздің алдымызда Қазақстанның тұтастығын сақтай отырып дамыту міндеті тұрды. Біз жоспарлағаннан да асыра орындадық.
Тұңғыш рет тарихта біздің мемлекет халықаралық дәрежеде танылған нақты шекарасын белгіледі. 14 мың шақырым мемлекеттік шекара межеленді.
Қазақстан Каспий теңізінің айдынындағы ахуалды сенімді бақылауда ұстайды.
Болашақта кез келген аумақтық даулардың туындау қаупі қазір сейілген. Біз ұрпақтарымызға көршілермен даулы аумақтар қалдырған жоқпыз.
Біз адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күшті, заманауи, қорғанысқа қабілетті әскерді, пәрменді құқық қорғау жүйесін құрдық.
(2) Біз 140 этнос пен 17 конфессияның өкілдері тұратын елде ІШКІ САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН ҰЛТТЫҚ БІРЛІКТІ сақтап, нығайттық. Біздің саясатымыз табысты болды.
Біз демократиялық даму үлгісі негізінде азаматтық қоғам институттарын дәйекті түрде қалыптастырдық. Адам құқықтары жөніндегі Омбудсмен институты құрылды.
Бізде бұрын ешқашан көппартиялылық болмаса, қазір еліміздегі күллі саяси спектрді көрсететін партиялар жұмыс істейді. Бізде көппартиялы Парламент, парламенттік көпшілік қолдаған Үкімет бар.

Азаматтық қоғам дамуда, тәуелсіз БАҚ жұмыс істеуде. Түрлі бағыттағы 18 мыңнан астам үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істейді. 2,5 мыңдай БАҚ бар, оның 90%-ы - жеке иелікте.
Қазақстан бүгінде мәдениетаралық және конфессияаралық үнқатысудың халықаралық орталығына айналды.
Әлемдік және дәстүрлі діндердің алғашқы төрт съезі нақ біздің елімізде өтті.
ХХІ ғасырда Қазақстан Шығыс пен Батыстың үнқатысуы мен өзара іс-қимылының көпірі болуға тиіс.
(3) ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТИЦИЯЛАР МЕН ІШКІ САЛЫМДАРДЫҢ ДЕҢГЕЙІ ЖОҒАРЫ АШЫҚ НАРЫҚТЫҚ ЭКОНОМИКАҒА НЕГІЗДЕЛГЕН ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСУ. Біз дамудың нақты, орнықты және үдемелі қарқынына қол жеткізу міндетін қойдық. Біз осы міндетті тарихи тұрғыдан алғанда аса қысқа мерзімде шештік.
Дәл осы Қазақстан-2030 Стратегиясында басты назар экономикалық өсуге аударылды.
Нәтижесінде, 15 жыл ішінде ұлттық экономиканың көлемі 1997 жылғы 1,7 триллион теңгеден 2011 жылы 28 триллион теңгеге өсті.
Елдің ІЖӨ 16 еседен астам өсті. 1999 жылдан бастап Қазақстанның ІЖӨ-нің жыл сайынғы өсуі 7,6%-ды құрап, алдыңғы қатарлы елдерді басып озды.
Жан басына шаққанда ІЖӨ 1998 жылғы 1500 доллардан 2012 жылы 12 мың долларға жетіп, 7 еседен астам өсті.
Қазақстан әуел бастан жан басына шаққанда тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі жағынан ТМД-да көшбасшы болды. Бүгін бұл 9200 АҚШ долларына жетті.
Біз сыртқы сауданың - 12 есе өсуіне, ал өнеркәсіп өнімін өндіру көлемінің 20 есе өсуіне қол жеткіздік.
Осы жылдар ішінде мұнай өндіру - 3 есе, табиғи газ өндіру 5 есе ұлғайды. Біз шикізат ресурстарынан түскен кірісті Ұлттық қорға жібердік.
Бұл - ықтимал экономикалық және қаржылық сілкіністерден қорғайтын сенімді қалқанымыз. Бұл - бүгінгі және болашақ ұрпақ қауіпсіздігінің кепілі.
Үдемелі индустрияландыру бағдарламасы аясында 2010 жылдан бастап жалпы құны 1 797 млрд. теңге болатын 397 инвестициялық жоба іске асырылды, 44 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
Бизнестің жол картасы-2020 бағдарламасы іске асырылған екі жыл ішінде жалпы көлемі 101,2 млрд. теңге сомасындағы кредит болатын 225 жоба мақұлданды.
Біз - бүгін халқының табысы орташа деңгейдегі және серпінді дамитын экономикасы бар елміз.
(4) ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТАРЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ, БІЛІМІ МЕН ӘЛ-АУҚАТЫ. Адамдардың жағдайын түбегейлі өзгертудің, өмір сүру жағдайын жақсартудың өмірлік маңызы бар. Атқарылған жұмыстың нәтижесі көзге бірден түседі.
Орташа айлық жалақы 9,3 есе өсті. Зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері 10 есе ұлғайды.
Халықтың нақтылы ақшалай кірістері 16 есе өсті.
Егер 1999 жылы қаржыландыру 46 млрд. теңгені құраса, 2011 жылы 631 млрд. теңге болды.
Денсаулық сақтаудың бес инновациялық объектісі - Балаларды оңалту орталығы, Ана мен бала орталығы, Нейрохирургия, Шұғыл медициналық көмек және Кардиология орталықтары кіретін медициналық кластер құрылды.

Елдің барлық өңірлерінде сапалы медициналық қызметтер алу үшін қажетті жағдай жасалды.
Еліміздің ең шалғай аудандарын медициналық қызметтермен қамтитын көлік медицинасы жедел қарқынмен дамуда.
Ұлттық скрининг жүйесі ауруларды бастапқы сатысында анықтауға және олардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Дәрі-дәрмекпен тегін және жеңілдікті қамтамасыз ету енгізілді.
Соңғы 15 жылда халықтың саны 14 млн-нан 17 млн. адамға дейін өсті.
Өмір сүру ұзақтығы 70 жасқа дейін ұлғайды.
Біз қолжетімді және сапалы білім беруді дамыту бағытын дәйекті жүргізудеміз.
Балапан бағдарламасын іске асыру балаларды мектепке дейінгі білім берумен 65,4%-ға дейін қамтуға мүмкіндік берді.
Міндетті мектепалды даярлық енгізілді, ол мектеп жасына дейінгі балалардың 94,7%-ын қамтыды.
1997 жылдан бері республика бойынша 942 мектеп, сонымен қатар, 758 аурухана және өзге де денсаулық сақтау нысандары салынды.
Біз әлемдік деңгейдегі зияткерлік мектептер мен кәсіптік-техникалық колледждер желісін дамытудамыз.
Соңғы 12 жылда жоғары білім алуға берілетін гранттар саны 182%-ға ұлғайды.
1993 жылы біз Болашақ атты бірегей бағдарлама қабылдадық, соның арқасында 8 мың талантты жас әлемнің таңдаулы университеттерінде озық білім алды.
Астанада халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейтін заманауи ғылыми-зерттеу университеті құрылды.
(5) ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ РЕСУРСТАР. Қазақстанның мұнай-газ кешені күллі экономиканың локомотиві болып табылады және басқа салалардың дамуына ықпалын тигізеді.
Біз экономиканың заманауи, тиімді мұнай-газ және тау-кен өндіру саласын құруға тиіс едік. Біз бұл міндеттің үдесінен шықтық. Біз бүгін шикізат секторының табысын болашақ экономиканы құру үшін пайдаланудамыз.
Елдің ІЖӨ-де мұнай-газ саласы үлесінің тұрақты өсу қарқыны байқалады, ол 1997 жылғы 3,7%-дан 2006 жылы 14,7%-ға және 2011 жылы 25,8%-ға өсті.
Біз өткізу нарықтарын әртараптандырып, өз позицияларымызды берік орнықтырдық, сол арқылы өнімімізді өткізудің бір бағытқа тәуелділігін азайттық.
(6) ИНФРАҚҰРЫЛЫМ, ӘСІРЕСЕ, КӨЛІК ПЕН БАЙЛАНЫС. Біз инфрақұрылымды дамыту міндетін алға қойдық. Біз мұны да еңсердік. Өткен жылдар ішінде өнеркәсіп, көлік инфрақұрылымы мен тыныс-тіршілік инфрақұрылымының ірі стратегиялық объектілері іске қосылды. Бұл - автомобиль және темір жол магистральдары, құбыр жолдары, логистикалық орталықтар, терминалдар, әуежайлар, вокзалдар, порттар және т.б.
Осының барлығы көптеген қазақстандықтарға жұмыс тауып берді, біз өңірлік және жаһандық шаруашылық байланыстар жүйесіне кіріктік.

Жыл сайын телекоммуникация тұтынушыларының саны өсе түсуде. Бұл стационарлық телефондарға да, ұтқыр байланысқа да, Интернетке де қатысты.
Электронды үкімет азаматтардың мемлекетпен өзара іс-қимылын едәуір жеңілдетті.
Соңғы 11 жылда автомобиль жолдары саласын дамытуға 1 263,1 млрд. теңге жұмсалды. Осы жылдар ішінде ортақ пайдаланудағы 48 мың шақырымнан астам жол, сондай-ақ 1100 шақырым темір жол салынды және реконструкцияланды.
Қазіргі уақытта біз Батыс Еуропа - Батыс Қытай магистральдық көлік дәлізін салып, Жаңа Жібек жолын жаңғыртудамыз.
Біз Өзен - Түркіменстан шекарасы темір жол желісін салып, Парсы шығанағы мен Үлкен Шығыс елдеріне жол аштық. Қорғас-Жетіген жолын төсеп, Қытайдың және күллі Азия құрлығының нарықтарына еніп, Шығыс қақпасын айқара аштық. Біз Жезқазған-Бейнеу теміржолын салуды бастадық.
(7) КӘСІБИ МЕМЛЕКЕТ. Біз әкімшілік-әміршілдік жүйенің басқару дәстүрлерінен түбегейлі бас тартып, басқарушылардың заманауи әрі тиімді корпусын құруға тиіспіз. Барлық азаматтар тең құқықтар мен мүмкіндіктерге ие болатын, кадрларды іріктеу мен жоғарылатудың біз жасаған жүйесі мемлекеттік аппарат қызметінің кәсібилігі мен ашықтығының барынша жоғары деңгейін қамтамасыз етеді.
Біз мемлекеттік басқаруда өзіндік тұрғыда төңкеріс жасауға қол жеткіздік, оны халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыруға қайта бағдарладық.
Осылайша 2030 Стратегиясында белгіленген негізгі міндеттер орындалды, қалғандары орындалу үстінде.

***

Бүгінгі күні біздің әрқайсымыз 2030 Стратегиясы іске асты, заманауи Қазақстан орнықты деп айта аламыз. Бұл - біздің бірлігіміздің, табанды да қажырлы еңбегіміздің нәтижесі, ұмтылыстарымыз бен үміттеріміздің жанды көрінісі.

Біз өз жетістіктеріміз үшін мақтаныш сезіміне бөленеміз.

Әлемдік дағдарыс біздің мемлекет пен қоғам ретінде орныққанымызды растады. Біздің шекарамыз, саяси жүйеміз, экономикалық үлгіміз ел ішінде де, одан сыртқары жерде де ендігі жерде елеулі келіспеушіліктер мен талас-тартыстардың өзегіне айналмайды.

Енді біздің алдымызда жаңа міндет тұр. Біз мемлекетіміздің ұзақ мерзімді кезеңге бағдарланған одан әрі даму векторын күшейтуге тиіспіз.
ІІ. ХХІ ҒАСЫРДЫҢ ОН ЖАҺАНДЫҚ СЫН-ҚАТЕРІ
Қазіргі уақытта адамзат жаңа жаһандық сын-тегеуріндермен бетпе-бет келуде.
Еліміз бен өңіріміз үшін мен он негізгі сын-қатерді бөліп көрсетемін. Егер біз өз дамуымызда жаңа табыстарға одан әрі қол жеткізуді жоспарлайтын болсақ, олардың әрқайсысын міндетті түрде ескеруге тиіспіз.

Бірінші сын-қатер - тарихи уақыттың жеделдеуі.
Тарихи уақыт аса жеделдей түсуде. Әлем қарқынды түрде өзгеруде және болып жатқан өзгерістердің жылдамдығы адамды таң қалдырады.
Соңғы 60 жылда Жер тұрғындарының саны үш есе көбейді, ол 2050 жылға қарай 9 млрд. адамға жетеді. Осы кезең ішінде әлемдік ішкі жалпы өнім 11 есе өсті.
Бүкіл әлемдік тарихи процестің жеделдеуі қай кезде де мемлекеттер алдында жаңа шектеусіз мүмкіндіктер ашады, ал оларды толығымен пайдаланғанымызды мен мақтан тұтамын.
Соңғы 20 жылдан астам уақытта біз қоғам өмірінің барлық салаларына өте жоғары қарқынмен жаңғырту жүргіздік. Көптеген басқа елдерге 100, тіпті 150 жыл керек болған нәрселерді атқардық.
Дегенмен осы уақытқа дейін жалпы жаңғырту үдерісіне кірікпеген әлеуметтік топтар бар. Оның объективті себептері де бар. Қоғамда адамдардың моральдық жай-күйі мен қоғамдық аңсар-үмітіне әсер ететін бірқатар теңгерімсіздік әлі де орын алуда.
Біз осы теңгерімсіздікті жойып, қоғамның барлық жіктеріне қоғамдық жаңғырту процесіне кірігу мүмкіндігін беруіміз керек. Олар қоғамда өзінің лайықты орнын тауып, Жаңа саяси бағыт ұсынған мүмкіндіктерді толық пайдалануға тиіс.
Екінші сын-қатер - жаһандық демографиялық теңгерімсіздік.
Жаһандық демографиялық теңгерімсіздік күн өткен сайын күшейе түсуде. Жалпыәлемдік тренд - адамзаттың қартаюы. Енді 40 жылдан кейін алпыс жастан асқан адамдардың саны 15-ке толмағандардан асып түседі. Туудың азаюы және адамзаттың қартаюы көптеген елдерде еңбек нарығындағы проблемаларға, атап айтқанда, еңбек ресурстарының жетіспеушілігіне сөзсіз әкеледі.
Шиеленісе түскен демографиялық теңгерімсіздік жаңа көші-қон толқындарын туғызып, күллі әлемде әлеуметтік шиеленісті күшейте түседі.
Біз Қазақстанда заңсыз еңбек мигранттары жергілікті еңбек нарықтарын тұрақсыздыққа әкелген елдің жекелеген өңірлеріндегі көші-қон қысымымен бетпе-бет келіп отырмыз.
Біз таяу болашақта кері процеспен - елдің шегінен тыс жерлерден бізге келетін еңбек иммиграциясымен бетпе-бет келуіміз әбден мүмкін екенін түсінуге тиіспіз.
Біз жас ұлтпыз. Еліміздегі орташа жас - 35. Бұл біздің адамдық әлеуетімізді сақтауға, әлемде өзіміздің дұрыс орнығуымызға зор мүмкіндік береді. Бүгінгі күні алға жылжуға бізде жақсы негіз бар.
Елімізде әрбір іздеген адам табуына болатын жұмыс бар. Оның үстіне біздің әрқайсымыздың өзіміз жұмыс істеп, өзімізді асырауға мүмкіндігіміз бар. Бұл - біздің үлкен жетістігіміз.
Мен сіздерді жалпыға ортақ еңбек қоғамына бастап келемін, онда жұмыссыздар жай ғана жәрдемақы алушылар емес, олар жаңа кәсіптерді меңгеретін болады, мүгедектер жасампаздық қызметпен белсенді түрде айналыса алады, ал корпорациялар мен компаниялар олардың еңбегі үшін лайықты жағдай жасай алады.
Біздің жастарымыз оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндіктерді жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек.
Үшінші сын-қатер - жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер.

Әлемдік халық саны өсуінің жоғары қарқыны азық-түлік проблемасын күрт шиеленістіріп отыр.

Бүгіннің өзінде әлемде миллиондаған адам аштыққа ұшырап, миллиардқа жуық адам тағамның ұдайы жетіспеушілігін бастан кешіруде. Тамақ өнімдерін өндіруде революциялық өзгерістер жасамаса, осынау үрейлі цифрлар тек өсе түспек.

Біз үшін бұл сын-қатер астарында орасан зор мүмкіндіктер бар.

Біз қазірдің өзінде астық дақылдарын аса ірі экспорттаушылар қатарына ендік. Бізде аса ірі экологиялық таза аумақтар бар және экологиялық таза тағам өнімдерін шығара аламыз.

Ауыл шаруашылығы өнеркәсібінде сапалы секіріс жасау толықтай қолымыздағы нәрсе. Бұл үшін бізге жаңа тұрпаттағы мемлекеттік ой-сана қажет болады.

Төртінші сын-қатер - судың тым тапшылығы.

Әлемдік су ресурстары да қатты қысым көріп отыр.

Соңғы 60 жылда жер шарында ауыз суды пайдалану 8 есе өсті. Осы жүзжылдықтың ортасына қарай көптеген елдер суды сырттан алдыруға мәжбүр болады.

Су - барынша шектеулі ресурс және оның көздерін иелену үшін күрес жер бетіндегі шиеленіс пен жанжалдар себептерінің бірі ретінде, қазірдің өзінде геосаясаттың аса маңызды факторына айналып отыр.

Сумен қамтамасыз ету проблемасы біздің елімізде де өткір болып отыр. Бізге сапалы ауыз су жетіспейді. Бірқатар өңірлер оның зардабын қатты тартуда.

Бұл проблеманың геосаяси астары да жоқ емес. Қазірдің өзінде біз трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалануда бірқатар мәселелермен бетпе-бет келдік. Аталған мәселенің күрделілігіне қарамастан, біз оны саясаттандыруға жол бермеуге тиіспіз.

Бесінші сын-қатер- жаһандық энергетикалық қауіпсіздік.

Барлық дамыған елдер баламалы және жасыл энергетикалық технологияларға инвестицияны ұлғайтуда.

2050 жылға қарай алғанның өзінде оларды қолдану барлық тұтынылатын энергияның 50 %-на дейін өндіруге мүмкіндік береді.

Көмірсутегі экономикасының дәуірі бірте-бірте аяқталып келе жатқаны анық. Адамзаттың өмір тіршілігі тек бір ғана мұнай мен газға емес, энергияның жаңғыртылатын көздеріне негізделетін жаңа дәуір келе жатыр.

Қазақстан жаһандық энергетикалық қауіпсіздіктің басты элементтерінің бірі болып саналады.

Мұнай мен газдың әлемдік деңгейдегі аса ірі қорларын иеленетін біздің еліміз өзінің энергетикалық саладағы сенімді стратегиялық әріптестік пен өзара пайдалы халықаралық ынтымақтастық саясатынан бір қадам да кейін шегінбейтін болады.

Алтыншы сын-қатер - табиғи ресурстардың сарқылуы.

Жердің табиғи ресурстарының шектеулілігі, түгесілуі жағдайында адамзат тарихындағы теңдесі жоқ тұтынудың өсуі әр бағыттағы, келеңсіз де, оң да үдерістерді үдете түседі.

Біздің еліміз бірқатар артықшылықтарға ие. Жаратқан бізге көп табиғи байлық сыйлаған. Басқа елдер мен халықтарға біздің ресурстарымыз қажет болады.

Бізге өз табиғи байлықтарымызға деген көзқарасымызды ой елегінен өткізудің принципті маңызы бар. Біз оларды сатудан қазынамызға кіріс құя отырып, оларды дұрыс басқаруды, ең бастысы, еліміздің табиғи байлығын орнықты экономикалық өсуге барынша тиімді кіріктіруді үйренуіміз керек.

Жетінші сын-қатер - Үшінші индустриялық революция.

Адамзат Үшінші индустриялық революция табалдырығында тұр, ол өндіріс ұғымының өзін өзгертеді. Технологиялық жаңалықтар әлемдік нарықтың құрылымы мен қажеттіліктерін түбегейлі өзгертеді. Біз бұрынғыға қарағанда мүлде өзгеше технологиялық болмыста өмір сүріп жатырмыз.

Цифрлық және нанотехнология, регенеративтік медицина және басқа да көптеген ғылыми жетістіктер қоршаған ортаны ғана емес, адамның өзін трансформациялап, күнделікті ақиқатқа айналады.

Біз осынау үдерістердің белсенді қатысушылары болуға тиіспіз.

Сегізінші сын-қатер - үдей түскен әлеуметтік тұрақсыздық.

Қазіргі уақытта ең үлкен әлемдік проблемалардың бірі - күшейе түскен әлеуметтік тұрақсыздық. Оның негізгі себебі - әлеуметтік теңсіздік.

Бүгінде әлемде екі жүз миллионға жуық адам жұмыс таба алмай отыр. Еуропалық Одақтың өзінде жұмыссыздық соңғы онжылдықтардағы ең жоғары деңгейге жетіп, көптеген жаппай тәртіпсіздіктерге түрткі болып отыр.

Мұның жанында Қазақстандағы ахуал біршама қолайлы болып отырғанын мойындау керек. Бүгінде біз бүкіл жаңа тарихымыз ішіндегі жұмыссыздықтың ең төменгі деңгейіндеміз. Бұл, сөз жоқ, үлкен жетістік. Солай бола тұра, біз масаттануға тиіс емеспіз.

Әлеуметтік-саяси дағдарысқа ұласатын жаһандық экономикалық дағдарыс Қазақстанға сөзсіз қысым көрсетіп, біздің төзімімізді сынаққа алатын болады.

Сондықтан күн тәртібіне әлеуметтік қауіпсіздік және әлеуметтік тұрақтылық мәселесі қойылады. Біз үшін маңызды міндет -қоғамымыздағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайту.

Тоғызыншы сын-қатер - өркениетіміз құндылықтарының дағдарысы.

Әлем ауыр дүниетанымдық және құндылық дағдарысты бастан кешіріп отыр. Өркениеттер қақтығысы, тарихтың ақыры, мультимәдениеттің күйреуін жариялайтын үндер жиі естіледі. Жылдар бойы сыннан өткен құндылықтарымызды қорғай отырып, біз үшін осынау кертартпа көзқарастан тартынуымыздың принципті маңызы бар. Өз тәжірибемізден білетініміз, біздің осал тұсымыз деп атаған көпэтностылығымыз бен көпконфессиялығымызды өз артықшылығымызға айналдыра алдық.

Біз мәдениеттер мен діндердің қатар өмір сүруі жағдайында өмір сүріп үйренуіміз керек. Біз мәдениеттер мен өркениеттер диалогына бейілді болуға тиіспіз.

Тек басқа ұлттармен жарастықта ғана біздің еліміз болашақта табыс пен ықпалға қол жеткізе алады. ХХІ ғасырда Қазақстан өзінің өңірлік көшбасшылық ұстанымын нығайтып, Шығыс пен Батыстың үндестігі мен өзара іс-қимылы үшін көпір болуға тиіс.

Оныншы сын-қатер -әлемдік жаңа тұрақсыздық қаупі.

Әлемде не болып жатқанын біздің бәріміз көріп отырмыз. Бұл дағдарыстың жаңа толқыны емес, әлемдік экономика әлі еңсере алмай отырған 2007-2009 жылдардағы дағдарыстың жалғасы.

Жаһандық экономикалық жүйе 2013-2014 жылдардың өзінде елеулі іркіліске ұшыратып, атап айтқанда, шикізатқа әлемдік бағаның құлдырауын туғызуы мүмкін. Біз үшін мұндай көрініс аса тиімді бола қоймайды.

ЕО мен АҚШ-тағы ықтимал рецессия дамыған елдердің шикізат ресурстарына қажеттілігін төмендетуге әкелуі мүмкін.

Еуроодақтағы жоқ дегенде бір мемлекеттің ықтимал дефолты домино әсерін тудырып, біздің халықаралық резервтеріміздің сақталуы мен экспорттық өнім беруіміздің тұрақтылығына күмән туғызуы мүмкін.

Валюталық резервтердің қысқаруы валюталық бағамдар мен инфляцияның қысымын күшейтіп, бұл қайтадан әлеуметтік-экономикалық ахуалға кері әсер етуі мүмкін.

Осыған байланысты біз халықаралық ахуал дамуының кез келген көрінісіне жан-жақты дайын болу үшін биліктің барлық тармақтарының, мемлекет пен қоғамның ойластырылған, келісілген және үйлестірілген бағытын тұжырымдауға тиіспіз

ІІІ. Қазақстан-2050 Стратегиясы - тым құбылмалы тарихи жағдайдағы жаңа Қазақстан үшін жаңа саяси бағыт
Құрметті қазақстандықтар!
Қымбатты отандастар!
Біз шешуге тиісті міндеттер парадигмасы сапалық тұрғыдан өзгерді.
Жаңа сын-қатерлерді лайықты қабылдау үшін ендігі жерде 2030 Стратегиясының аясы жеткілікті емес. Біз жоспарлау көкжиегін кеңейтіп, 15 жыл бұрынғыдай кезекті дүниетанымдық серпіліс жасауымыз керек.
Біріншіден, Қазақстан - қазіргі заманғы мемлекет. Біздің мемлекетіміз кемелдікке жетті. Сондықтан да бүгінгі күн тәртібі мемлекеттің қалыптасуы кезеңіндегіден өзгеше.
Дүниеде болып жатқан өзгерістердің сипаты мен тереңдігі, жаһандық өзара іс-қимыл ұзақ мерзімді дамуды талап етеді. Көптеген елдер қазірдің өзінде 2030-2050 жылдардың арғы жағына көз жіберуге тырысады. Басқарылатын болжамдау қазіргі тұрақсыз кезде мемлекеттер дамуының маңызды тетігіне айналуда.
Екіншіден, Қазақстан-2030 Стратегиясы біздің мемлекеттілігіміздің қалыптасу кезеңі үшін жасалған болатын. Өзінің базалық өлшемі бойынша ол орындалды.
Үшіншіден, біз жаңа шындық тудырған сынақтар мен қауіп-қатерлерге кезігіп отырмыз. Олар жалпылық сипат алып, барлық елдер мен өңірлерге әсерін тигізуде.

Біз Қазақстан-2030 Стратегиясын тұжырымдаған кезде нәтижесінде жаңа, мүлдем күтпеген, экономикалық және геосаяси жағдаяттар туындайтын, өз көлемі жағынан теңдесі жоқ әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс төнеді деп ешкім күтпеген еді.
2030 стратегиясы 1997 жылы ашық құжат ретінде жасалды. Біз о бастан-ақ оған түзетулер енгізу мүмкіндігін ескердік.
Әлемдегі жағдай өзгеретінін және өмір өз түзетулерін енгізуі мүмкін екенін түсіне отырып, менің тапсырмам бойынша жаңа жағдайдағы біздің орнымыз бен біздің мүмкіндіктерімізді ой елегінен өткізе отырып жұмыс істейтін жұмыс тобы құрылды.
Олардың талдау жұмыстарын ескере отырып, мен ұлттың 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағытын жасауды ұсынамын, оның ішінде 2030 Стратегиясының міндеттерін орындау жалғасын табатын болады. Уақыт пен жағдай 2030 бағдарламасы сияқты біздің жоспарларымызға түзетулерін енгізетінін нақты түйсінуіміз керек.
2050 жыл - жай бейнелі дата емес.
Бұл бүгінде әлемдік қауымдастық бағдар ұстап отырған нақты мерзім.
БҰҰ-да 2050 жылға дейінгі өркениеттер дамуының жаһандық болжамы әзірленді.
2050 жылға дейінгі болжамдық баяндаманы Дүниежүзілік азық-түлік ұйымы жариялады.
Қазір елдердің дені осындай ұзақ мерзімді стратегиялар әзірлеп, қабылдауда. Қытай өзі үшін дәл осындай стратегиялық жоспарлау көкжиегін айқындап алды.
Ірі трансұлттық компаниялардың өзі алдағы жарты ғасырға даму стратегияларын әзірлеуде.
Он бес жыл бұрын, 2030 Стратегиясы қабылданғанда біздің жаңа мемлекетімізде дүниеге келген қазақстандықтардың жаңа буыны енді ғана мектепке баруға даярланып жатты.
Бүгінде олар еңбек етуде немесе жоғары оқу орындарын аяқтауда.
Енді екі-үш жылдан соң Тәуелсіздіктің екінші буыны дүниеге келе бастайды.
Сондықтан қазірдің өзінде оларға дұрыс бағдар нұсқау туралы ойланғанның маңызы зор.
Біздің басты мақсатымыз 2050 жылға қарай Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру.
Қазақстан ХХІ ғасырдың ортасына қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуға тиіс.
Біздің жетістіктеріміз бен қазақстандық даму үлгісі Жаңа саяси бағыттың негізі болуға тиіс.
Қазақстан-2050 стратегиясы - Қазақстан-2030 стратегиясының жаңа кезеңдегі үйлесімді дамуы. Біз кімбіз, қайда барамыз және 2050 жылға қарай қайда болғымыз келеді? деген сұрақтарға жауап осы. Жас ұрпақтың нақ осыған мүдделі екеніне сенімдімін.
Осыған орай, ұлттың 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағытының жобасын ұсынамын. Бұл менің Қазақстан халқына жолдауым болады.
**
Біз қайда бара жатырмыз? Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуға тиіс.
Дамушы елдер арасында осы клубтағы орынға бәсекелестік қатал болмақ. Күн астындағы орын тек ең мықтыларға арналғанын нақты сезіне отырып, ұлтымыз жаһандық экономикалық тайталасқа дайын болуға тиіс. Біз бірінші дәрежедегі мынадай мақсаттарымызды назардан шығармастан, нысаналы әрі шабытты жұмыс істеуіміз керек:
Мемлекеттілікті одан әрі дамыту және нығайту.
Экономикалық саясаттың жаңа қағидаттарына көшу.
Ұлттық экономиканың жетекші күші - кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсету.
Жаңа әлеуметтік үлгіні қалыптастыру.
Білім беру мен денсаулық сақтаудың қазіргі заманғы және тиімді жүйесін құру.
Мемлекеттік аппараттың жауапкершілігін, тиімділігі мен функционалдығын арттыру.
Халықаралық және қорғаныс саясатының жаңа сын-қатерлеріне парапар саясат құру.
Бүгін, сонымен қатар, мен 2050 жаңа саяси бағыттың табысты басталуын қамтамасыз ететін 2013 жылғы бірінші кезектегі міндеттерді атағалы отырмын.
Осы міндеттерге сәйкес Үкімет шұғыл түрде 2013 жылғы жалпыұлттық іс-қимыл жоспарын әзірлеуі тиіс.
Осынау аса маңызды құжат нақты тапсырмаларды қамтуы және биліктің атқарушы, заң шығарушы және сот тармақтары басшыларының дербес жауапкершілігін көздеуі тиіс. Президент Әкімшілігі оны дайындау және кейіннен іске асыру барысын ерекше бақылауға алуға тиіс.
Енді мен Қазақстан 2050 стратегиясының негізгі бағыттары туралы өз пайымдауымды алға тартқым келеді.
1. Жаңа бағыттың экономикалық саясаты - пайда алу, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген түгел қамтитын экономикалық прагматизм

ТҮГЕЛ ҚАМТИТЫН ЭКОНОМИКАЛЫҚ ПРАГМАТИЗМ
Жаңа бағыт экономикалық саясатының мәні - түгел қамтитын экономикалық прагматизм, шын мәнінде бұл біздің бүгінгі көзқарастарымыз бен ұстанымдарымызды түбегейлі өзгерту.
Бұл нені білдіреді?
Бірінші. Экономикалық және басқару шешімдерін түгелдей экономикалық мақсаттылық және ұзақ мерзімді мүдделер тұрғысында қабылдау.
Екінші. Қазақстан толыққанды бизнес-серіктестік ретінде қатыса алатын жаңа нарықтық тауашаларды айқындау. Экономикалық дамудың жаңа тіректерін құру.
Үшінші. Экономикалық әлеуетті арттыру мақсатында қолайлы инвестициялық ахуал құру. Инвестициядан алынатын кірістілік пен қайтарым.
Төртінші. Экономиканың тиімді жеке секторын құру және мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту. Экспортты мемлекеттік ынталандыру.
Жаңа кадр саясаты
Жаңа экономикалық саясат табыстылығының басты шарты кадрлар арқылы нығайтылуға тиіс. Бұл үшін біз:
Басқарушылық ресурсын жетілдіруге тиіспіз әрі бұл үшін бізде резервтер бар.
Менеждменттің жаңа құралдарын және мемлекеттік сектордағы корпоративтік басқарудың қағидаларын енгізу қажет.
Мұнымен бір мезгілде халықаралық еңбек бөлінісінен пайдалы жағын алуымыз, атап айтқанда, біздің жаңа бағытымыздың бірқатар міндеттерін іске асыру үшін аутсорсинг бағдарламалары арқылы сыртқы кадр ресурстарын тартуымыз керек. Біз сонымен қатар ашық нарықтағы ең үздік шетел мамандарын тартуға және оларды елімізге жұмысқа шақыруға тиіспіз.
Кең көлемді халықаралық тәжірибесі бар әрі білімді басқару кадрларды пайдалану екі бірдей нәтиже береді: біз өндірісіміздің менеджментін жаңғыртумен қатар, өзіміздің отандық кадрларымызды үйретеміз. Бұл - біз үшін жаңа тәжірибе.
2050 жылға дейін кезең-кезеңмен мынадай міндеттерді шешу принципті маңызды:
Біріншіден, мемлекеттің макроэкономикалық саясаты жаңғыртылуы тиіс.
Бюджет саясаты
Біз бюджет саясатының жаңа принциптерімен қарулануға - өз мүмкіндіктеріміз шегінде ғана шығындануға және тапшылықты барынша мүмкіндікте қысқартуға тиіспіз. Ұзақ мерзімде олардың сақталуын қамтамасыз ете отырып, қиын-қыстау күнге резервтер жинау қажет.
Бюджеттік-қаржылық процеске деген көзқарас жекелей салымдарға көзқарас секілді ұқыпты да ойластырылған болуға тиіс. Басқаша айтқанда, бірде-бір бюджеттік теңге ысырап болмауға тиіс.
Мемлекет бюджеті ұзақ мерзімді перспектива тұрғысынан қарағанда өнімді, мәселен, экономиканы әртараптандыру және инфрақұрылымды дамыту секілді жалпыұлттық жобаларға бағытталуы тиіс.
Инвестициялар үшін объектілерді олардың мақсаттылығы және қайтарымдылығы тұрғысынан қатаң іріктеу қажет. Ең заманауи объектілердің өзі оларды ұстап тұру үшін шығыстарды талап етіп, бірақ кірістер әкелмейтін болса және ел азаматтарының проблемаларын шешпейтін болса, бюджетке масыл боларын есте сақтаған жөн.
Салық саясаты
Өндіріс және жаңа технологиялар саласындағы салық салу объектілері үшін қолайлы салық режімін енгізу қажет. Қазір бұл жұмыс басталды. Оны жетілдіру мақсатын қоямын. Барлық қолданыстағы салық жеңілдіктеріне ревизия жүргізіп, оларды мейілінше тиімді ету керек.
Біз салық әкімшілігін ырықтандыру және кеден әкімшілігін ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қаржы механизмінің айрықша элементтері
Қазақстанның сыртқы саясаты тұжырымдамасы (талдау, сипаттамасы)
Экспанциондық ақша - несие саясаты
Микроэкономика
Фискалдық саясатты іске асырудың негізгі бағыттары
Мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі
Ақша-несие саясаты жайында
Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылысы
Үкіметтің макроэкономикалық саясатын талдау
Халықаралық қатынастарда гуманитарлық көмектің рөлі
Пәндер