Файл қосу

Менің сүйікті пайғамбарым хазіреті мұхаммед

Пән: Әртүрлі

С.Сейфуллин атындағы №4 жалпы орта мектебінің
10 «А» сынып оқушысы Қозыбаев Саят Айтжанұлы
Түркістан қаласы, ОҚО

[pic]
Досым екеуміз(мен оң жақта)

Мен киелі Түркістан қаласының тұрғыны болғанымды мақтан етемін.
Сіздерге «Менің сүйікті Пайғамбарым хазіреті Мұхаммед» атты шығармамды
жолдап отырмын.

Менің сүйікті Пайғамбарым хазіреті Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уа саллам)

Он сегіз мың ғаламға саруар болған Мұхаммед!
Отыз үш мың асхабқа сардар болған Мұхаммед!
Аш-жалаңаш жүргенге қанағат берген Мұхаммед!
Үмбетіне рақым ғып, шапағат берген Мұхаммед!

(Қожа Ахмет Ясауи)
 [pic]

Аса мейірімді ерекше Рахымды Алланың атымен бастаймын

Бүгін әдеттегіден ерте ояндым. Кеудемді қуаныш кернеп тұр. Тіпті,
түннің жарымына шейін көз ілмегенім жүзімнен сезіліп те тұрған жоқ. Өзімді
сергек сезінем. Түннің жарымына дейін ұйықтамауымның өз себебі бар:
Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу алейһи уа саллам) туралы көбірек
білу. Жұма күні мешітте имамның аузынан шыққан: «Пайғамбарымыз жайлы Мәуліт
айында көбірек оқыңдар, өзін мұсылманмын деген әрбір адам оның өмірін білуі
уәжіп» деген сөзіне жасаған амалым бұл.
Күндегі тіршілігімді істеп, мектепке қарай беттедім. Айналама қарауға
мұрша жоқ, менде. Өз ойыммен арпалысып келем... «Неге олар қарсы шықты
оған?» деген сауалды қайталай берем. «Неге адамдар соншалықты тәкәппар?»
деген сұрақтар маған маза бермей келеді. «Аллаһтың құдіретімен, сүйікті
Пайғамбарымыздың шыдамдылығымен, дініміз берік орнады ғой» деп өзімді
жұбатып, шүкіршілік етіп қоям.
Міне, мектепке де жетіп қалдым. Сыныпқа кіріп, әдетінше өз орныма
жайғасқаным сол еді, мұғалима есіктен кірді. Барлығымыз құрмет көрсетіп,
орнымыздан тұрдық. Амандасқан соң, ұстазымыз сүйікті Пайғамбарымыз жайлы
шығармалар байқауы өтетінін айтты. Алдыма келіп, біраз кітаптар ұсынды
маған, қуанып кеттім. Аллаға шүкір, осындай мүмкіндіктің туғанына. Сезімнің
жетегіне еріп, қиялдап қоям. Аллаһ қаламыма қуат берсе, е...
Сабақтар да тәмәм болып, үйге қарай ерекше ықыласпен ытқып келем. Түрлі
қиялдармен жеттім-ау, әйтеуір. Үйге кірсем, ағам бесін намазын оқып болып,
орнынан тұрып маған күлімсірей қарады да:
- Жүзің жарқын ғой, қуанышты хабарың сияқты,-деді.
- Ім-м-м, жай... – дей бергенім сол еді,
- Жарайды, намазыңды тездетіп оқып ал, - деді де сыртқы бөлмеге шығып
кетті...
Дастархан басына жайғасып, ағам екеуміз шай ішкелі отырмыз. Шәйнектегі
су да қайнады. Мен әдетінше шәй демдедім. Ол менің құйып берген шәйімді бір
ұрттап:
- Ал айта ғой, - деді.
Мен шығармалар байқауы жайлы бәрін түсіндіріп, айтып бердім.
- Аллаһ ол кісілерге разы болсын. Сендей қаншама жасөспірімдер,
Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу алейһи уа саллам) жайлы
білетін болды ғой! – деп, әңгімесін әрі қарай жалғады:
- Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу алейһи уа саллам) жайлы
көп білуіміз қажет. Аллаһтың рахымына шапағатшы тек пайғамбарымыздың
сүннеті, осыны біле жүр. Әлһамдулиллаһ, біз дінге ерікті азаматтармыз,
діннің турасын ұстануымызға еш кедергі жоқ, тек нәпсіге тойтарыс бере
білсек болғаны... Сүйікті Нәбиіміздің сүннетімен жүрсек қана береміз,
тойтарысты. Мен де пайғамбарымыз жайлы біраз білер ем, соны саған айта
отырмасым әбестік болар, - деп маған тіктей қарағаны сол еді, мен «иә,
иә» дегендей басымды қалай тез-тез изегенімді аңдамай қалдым.
- Аллаһ тағала, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уа саллам) нұрын он
сегіз мың ғаламнан бұрын жаратты. Ол пайғамбарлардың сұлтаны еді. Дүниеге
келгенде аспан мен жер тербеле қозғалған. Аспанда бір жарық пайда болып,
айналаға шуағын мейірлене төккен екен. Анасы Әмина босанарда ешбір
қиналмаған. Сол бір түнде барлық тас құдайлар қирап қалған, міне Аллаһтың
құдіреті. Періштелер жын-шайтандарды тым-тырақай қуған деседі аңыздарда...
Пайғамбар (саллаллаһу алейһи уа саллам) сүт анасы Халиманың қолында
өседі. Тез тілі шығып, тез өскен екен. Өтірік дегенді білмейтін, аманатқа
берік, уәдеге ұстамды, ерекше қабілетті бала болып есейеді. Пайғамбарымыз
(саллаллаһу алейһи уа саллам) орта бойлы, кең иықты, тарамыс адам болыпты.
Қолы мен аяғы үлкен екен. Басы үлкен, бірақ тіп-тік, келісті мойнымен
тұтаса жарасып тұрған. Биік маңдайы самайына қарай кеңейе түсіп, ашу
шақырғанда және әлденеге беріліп, қатты ойланғанда тамырлары білеулене
көрінеді екен. Ол тегінде салмақты да салиқалы сөйлейтін, кейде әдемі
әзілдейтін, көбінесе байсалды да парасатты нұрға бөленіп, айналасына ерекше
әсер қалдыратын, әсіресе оның күлімсіреу әдеті жұртты баурап алатындай
тартымды болған деседі. Бет-жүзі арабтарға тән қызыл шырайлы, ал шабытқа
бөлене шаттанған шақтарында екі беті алаулай жанып, отқа оранғандай
болатыны соншалықты, әдетте шәкірттері пайғамбарлықтың сәулесі деп білген.
Көп реттерде пайғамбар (саллаллаһу алейһи уа саллам) ерекше шабыттанып,
сөзшеңдігі өзгешеленіп көрінетін, оның әуенді де әуезді үні шешендік
қасиетін арттыра түсетін-ді деседі аңыздарда, - деді де, ағам ойға шомып
кетті... Сырт жақтан тықыр естілді. Терезеден қарасам, келіп қалған қалың
сақалды ағамның досы, Абдулла екен. Амандық сұрасқан соң, ол да дастархан
басына жайғасты. Ағамның осы досы ерекше. Ерекшелігі әңгіме, қиссаларды
айтқанда қиыстырып айтады. Ол сөз бастаса, айта берсе екен дейсің...
- Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уа саллам) жайлы айтып отырғанбыз.
Сіздің ол кісі
жайлы әңгімелеріңіз болса айта отырыңыз, - деді, жай ғана ілтипатпен, ағам.
- Иә, ол кісі жайлы әрбір мұсылманның айтары бар шығар, - деп бастады
әңгімесін, Абдулла:
- Мен, сіздерге пайғамбарымыздың мұғжизаларын айтайын. Нәби өте ерекше
адам болған. Оның алдындағы пайғамбарлардың барлығы, біздің
пайғамбарымыздың дінін қалыптастыру үшін түскен. Ертеректе
пайғамбарлар, белгілі бір аймаққа ғана түсіп, сол жердегі халықтың
тура жолға түсуіне ықпал жасаған. Ал, Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу
алейһи уа саллам) барша адамзатқа дінді таратушы, тура жолды
көрсетуші, ең соңғы, хақ Пайғамбар, - деп, кідіріп, кеседегі шәйді
ұрттады. Осы кезде мен:
- Пайғамбардың мұғжизасы дедіңіз, мұғжиза деген не? – дедім.
- Мұғжизада – пайғамбарлықты дәлелдеу, кәпірлердің қыңырлығын жұмсарту не
мүміндердің иманын күшейту үшін Аллаһ тағала жаратқан таңғажайып
құбылыстар. Ол елге үйреншікті болған нәрселерді, ерекше бір күйге
өзгертуі...
Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уа саллам) заманында аты Хабиб ибн
Мәлік деген кісі болған екен. Ел оны Ақылгөй, Дана дейтін-ді.
Сол Ибн Мәлік жиырма мың қолын басқарып, жап-жас қызы Сәтиханы ертіп, Мекке
шаһарына келген екен. Сәтиха қызды алып келген себебі сол, ол ауру еді:
тілі жоқ, кереңдігі тағы қайғы, соқырлығы және бар, бірде-бір дене мүшесін
қозғалта алмайтын.
Мұхаммедтің жаулары Әбусәпиян мен Әбужәйіл өздерінше ой түйіп, осынау
қуаты асқан, ақылы дария, қарт кісіні әрі нағыз берілген діншілдің,
осыншама күшті әскер басының келуі арқасында Мұхаммедті жоқ қылудың сәтін
түсірмек. Пұтқа табынатын қарияны «діннен безген пайғамбарсымаққа» қарсы
салу қиын емес. Сөйтіп, олар Ақылгөй Хабибке дінбұзар, жалған пайғамбар
Мұхаммед туралы жырдай етіп жеткізіп, егер шынымен-ақ күшті болса, онысын
дәлелдеу үшін Ақылгөйдің алдына өнерін көрсетуі керектігін айтады. Ақылгөй
Хабиб өзінің қосына Мұхаммедті шақыртып, сынақтан өткізеді.
Хабиб оны жылы шыраймен қарсы алады да, тікелей сұраққа көшті: «Сені
осы өзін-өзі пайғамбар, Алланың өкілі деп атайды дейді. Рас па осы?»
«Рас, - деп жауап қатты Мұхаммед, - Алла тағала мені ақиқат дінін
уағызда деп жіберді».
«Жақсы! – деді аса сақ Ақылгөй. – Бірақ та әрбір пайғамбар өзін
жіберген кезде айтулы кереметтер арқылы дәлелдеп көрсетпеп пе еді? Нұхтың
кемпірқосағы, Сүлейменнің құпия сақинасы, Ибраһимнің пеш оты, Ысқақтың
қошқары, Мұсаның аса таяғы болды. Пеш оты пайғамбар әмірімен суып сала
беретін, қошқар пайғамбар орнына құрбандыққа шалынатын, асатаяқтың кереметі
тағы белгілі, Иса болса, өлілерге жан бітіріп, бір сөзбен дауылды тоқтатты.
Сонымен, егер сен шынымен-ақ пайғамбар болсаң, көрсетші кереметіңді!»
Мұхаммедке қойылған алғашқы сұрақ сол, егер кереметі бар болса,
пайғамбар Ақылгөй Хабибтің шатырында не бар және оның Меккеге әкелінген
себебі нендей дегенге жаңылыспай жауап беруі тиіс.
Аңызда айтылғандай, Мұхаммед жерге еңкейді де, құм бетіне әлдебір
нәрселерді сыза бастады. Сәлден соң басын жерден көтеріп, жауап берді: «Уа,
Хабиб! Сен Мұнда өзіңнің қызың Сәтиханы әкеліпсің. Ол саңырау, мылқау,
ақсақ және соқыр екен. Сырқаттарынан айыға ма деп көктен тілек тілепсің. Ал
енді сен шатырыңа бара ғой, қызыңмен тілдесерсің, оның жауабын естірсің,
бірақ Алланың аса құдіретті екеніне шек келтірмегейсің...»
Қарт кісі өзінің шатырына қарай асықты: міне, ғажап! Оған қарсы
жүгірген қызы шықты, құшағын жайып жіберген, мүлде сап-сау, көзі жарқырай
қуанышқа толып тұр, жүзінде бақытты күлкі, сұлулыққа тұнған беті бұлтсыз
аспандағы айдай нұрлы.
Алайда Хабибтің екінші қояр талабы алғашқысынан да қиын болатын.
Мұхаммед шаңқай түсте ашық аспанды қара бұлтпен қаптатып, көк жүзіндегі
айды жерге түсіріп, Қағбаның төбесіне қондыру керек.
Пайғамбар бұл тілекті де біріншісі секілді қиналмастан, оп-оңай
орындайды. Оның айтуы бойынша күндізгі жарық өшіп, аспанды қара перде
қаптайды. Көк жүзінде тапжылмай тұрған ай аспан кезіп барып, пайғамбардың
әмірімен Қағбаның қақ төбесіне келіп қонды. Оның үстіне кәдуілгі құлшылық
етушілер сияқты Қағбаны жеті рет айналып жалындаған қылыштай ойнады,
пайғамбардың әулиелік қасиетін бүкіл әлемге тағы да жария етіп, даңқын
асырып, дәлелдей түсті.
– Бұл кереметті де қанағат тұтпай, - деп жазылған аңызда, - Мұхаммед
жарқыраған жалынды айды дегеніне көндіріп, желеңінің оң жеңінен кіріп,
сол жақ жеңінен шығарады, одан соң екіге бөлініп, бірі шығысқа, бірі
батысқа қалықтай ұшады да, пайғамбардың айтуымен аспан төсінде қайта
бірігіп, дөңгеле тұтасып, тыныш табады. Одан бетер жарқырайды.
Ақылгөй Хабиб пайғамбардың кереметіне де әбден сеніп, бүкіл жан-тәнімен
және Мекке шаһарының төрт жүз жетпіс тұрғынымен бірге бас иеді. Міне,
Аллаһтың құдіреті, пайғамбарлықтың дәлелі... пайғамбарымыздың жауы Әбужайыл
бұрынғыдан бетер долданып, шыңғыра айқайлап: «Мұның бәрі жай елестер,
Мұхаммед жалған сиқыршы ғана» деп өзеурейді– деді де, әлгі кісі сол иығын
оң жаққа бұрып қалтасынан орамалын алды. Қарасам көзінен бір-екі жас тамшы
үзіліп түскен екен. Осы кезде ағамның жүзіне қарасам оның ойында «сонда
Алла тағаланың осынша көрсеткен құдіретіне сенбей қалай ғана жалған сиқыршы
деуге дәттері барған екен???» деген сөздер бар сияқты ... Шамалы
үнсіздіктен соң Абдулла әңгімесін ерекше ықыласпен жалғады:
- Бірде, пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу алейһи уа саллам)
-ды жаулары қуып келе жатқанда, бір үңгірге кіреді екен. Үңгірдегі ғажап
оқиға туралы мынандай аңыз бар.
Осы үңгірге кіре бере арттарынан шыққан қуғыншылардың дүбірін естіді.
Әншейінде батыл да ер жүрек Әбубәкірдің өзі қалтырай қорқып: «Бізді қуып
келе жатқандар көп қой, ал біз екеу-ақпыз!» - деді. «Жоқ, - деді сонда
Мұхаммед,- үшіншіміз бар, бізбен бірге Алла тағаланың өзі келе жатыр!»
Бұл жағдай турасында мұсылман шежірешілері мынадай жәйтті жазады.
Құрайыш қуғыншылары үңгірге жақындағана, тап қарсы алдарынан акация ағашы
пайда болып кетеді. Оның бұтағына көгершін ұя салып, жұмыртқасын басып
жатыпты. Үңгірге кіре берісті акациямен тұтастыра түп-түгел өрмекшінің торы
жайлап алыпты. Құрайыштар бұл жерден ешкім өте қоймағанын, үңгірге бір
жанның да кіруі мүмкін еместігін өз көздерімен көріп, кері қайтіп кетеді,
басқа бір жолға түсіп, қашқындарды одан әрі іздейді... Пайғамбарымыз
(саллаллаһу алейһи уа саллам) жайлы қысқа болса да, оның ұлық пайғамбар
болғанын дәлелдейтін біраз оқиғаларды айттым. Рұқсат болса мен тұрайын,–
деп, ол кісі орнынан тұрып, сыртқа қарай беттеді... Мен әлі де ойланып
отырмын. Осы әңгімелерді естіп Пайғамбарымызды (саллаллаһу алейһи уа
саллам) қатты жақсы көріп кеттім. Бұрын да жақсы көретінмін, бірақ, мына
әсерлі әңгімелерді естіген соң... пайғамбарға деген махаббат арта түскені
шындық. Адам баласы керемет оқиғаларды естігенде ой түйіп, басқа күйге
түседі ғой. Мен де, басқа адам болғандаймын, Бойыма күш жиып, ойым
зерделеніп, біршама есейген секілдімін. Иә, иә, есейдім.
Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уа саллам) хадистері адам өмірінің
барлық жағдайын қамтиды. Хадис – үлкен философия, өнеге. Әрбір адам өзін
хадиспен тәрбиелесе, оның ұлық адам болғаны. Хадистерден алатын ғибрат
бүкіл тіршілікке жетерлік. Біз, Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уа
саллам) қарыздармыз. Осы орайда Ламартиннің мына сөздері ойыма келіп отыр:
«Оның күшті иманы мен Аллаһқа деген сенімі екі ұлы қағиданы жеткізуге
көмектесті. Біріншісі – жалғыз және мәңгі Аллаһтың бар екені болса,
екіншісі – пұттардың тәңір еместігі, оларға сыйыну бекершілік екенінен
хабар беруі. Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уа саллам) ол кезде арабтарға
белгілі болмаған жалғыз Жаратушы Аллаһ тағаланың бар екенін білдіре отырып,
тәңір деп ғибадат еткен пұттарды жермен жексен етті. Қысқасы, жалғыз
Аллаһқа сыйынуды әмір етті.
Оны данышпан, имам, пайғамбар, заңгер, қолбасшы, адамдардың сана –
сезімдерін оятушы, жаңа имам негізін қалаушы, әлемнің жиырма ұлық
императорының бірі саналған ұлы ислам мемлекеті мен мәдениетін құрған адам
ретінде тануымыз керек. Хазірет Мұхаммедтің өмірбаяны, міне, осындай
болған. Ол кісінің ұлықтығын мүмкін болған барша таразымен өлшеп байқар
болсақ... одан да ұлы адамның болуы мүмкін бе? Жоқ, еш мүмкін емес!»
Осынша өсиет пен өнегеге толы пайғамбарымыздың өмірі келешек ұрпақ үшін
жұмбақ болмауы керек. Оның қалай сөйлегені, сабырлылығы, төзімділігі,
істеген іс-әрекеті әрбір мұсылманның амалы болса екен...
Иә, дәл пайғамбардай (саллаллаһу алейһи уа саллам) бола алмаспыз, бірақ
дана Абайдың « Болмасаң да ұқсап бақ» деген сөзі еріксіз есіңе түседі,
осындайда. Аллаһтың рақымы мен мейіріміне пайғамбарымыздың сүннеті себепші
екен. «Адамзат хазіреті Мұхаммедке қарыздар» деп әлемге әйгілі неміс ақыны
Гёте де айтқан. Ендеше Жаратушының рақымынан бас тартпайық...
Иә, Аллам, өзіңе лайықты құл, пайғамбарымызға лайықты үммет қылғай! Әмин.

С.Сейфуллин атындағы №4 жалпы орта мектебінің
10 «А» сынып оқушысы Қозыбаев Саят
Түркістан қаласы
[pic]



Ұқсас жұмыстар
Имандылық-инабаттылық белгісі
"Кеңпейілділік пен жомарттық." 5 сынып
Орта ғасырлардағы арабтар
Адамды адам ететін де,сұлтан ететін де иман
Қазақтың ақын қызы - Фариза Оңғарсынова
Жақсылық тамшысы
Менің тұңғыш президентім
Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары. 5 сынып
Ғажайып отбасы
Әліппе деген алтын жол, апарар сені алысқа
Пәндер