Сабақ жоспары :: Технология

Файл қосу

Құрақ тігу

Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы
Мұхит атындағы орта жалпы білім беретін мектебі
Технология пәні мұғалімі Жанисова Жазира Султанбековна

Пәні: Технология
Сыныбы: 8
Күні:
Сабақ саны:
Сабақтың тақырыбы: Құрақ тігу
Сабақтың мақсаты: Құрақ құрау әдісін үйрету,құрақтың түрлерімен танысу.
Білімділік: Құрақтың тұрмысымыздағы алатын орны жайлы білім беру, жалпы құрақ көрпенің қажеттілігіне тоқталу.
Дамытушылық: құрақ өнерін жетілдіру, дамытуды үйрету.
Тәрбиелік: құрақ құрау өнері арқылы қыз баланы әсемдікке, кез-келген затты қиюластыра білуге, үнемділікке тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: Сарамандық сабақ
Пәнаралық байланыс: Геометрия, сызу, математика, тарих, бейнелеу өнері.
Сабақтың көрнекілігі: интерактивті тақта, құрақтың түрлі үлгілері, түрлі маталар, түрлі-түсті қағаздар, қайшы, бор, өлшегіш, ине, жіп, дәптер, қалам т.б.
Сабақтың әдісі: зерттеу, жүйелеу, түсіндіру,сұрақ-жауап
Сабақтың барысы:
І.Ұйымдастыру кезеңі.
а) Сабаққа қатыспаған оқушыларды белгілеу.
ә) Сабаққа дайындығын тексеру құралдарын толықтыру.
б) Қауіпсіздік ережелерін сақтау.
в) Бағалау бетшесін таныстыру.
ІІ.Өткен сабақты қайталау. <<Алтын қақпа>> ойыны арқылы сұрақтарға жауап беру.Сандықтың ішінен құрақтың суреті шығады.
IIІ. Жаңа сабақты түсіндіру
а) шығу тарихы;
ә) құрақ түрлері;
б) қолданылуы;
в) құрақ құрау әдісі;
Құрақ дегеніміз не? Біздің қазақ тілінде құрақ сөзінің екі мағынасы бар. Біріншісі, көлдің жағасында өсетін өсімдікті құрақ десек, екіншіден, мата қиындысынан жасалатын бұйымды құрақ дейді. Яғни, құрақ дегеніміз шығынсыз өнім жасаудың бір түрі. Негізінен құрақтың 200-ден аса түрі бар. Соның ішіндегі төртбұрыш, сегіз сай, мүйіз құрақ, қиықша құрақ, үшбұрыш, аққу, шахмат, торкөз, гүл құрағы, майда құрағы, жұлдызша құрағы ел ішінде кеңінен тараған.
Құрақ құрау қолөнердің ерекше бір түрі. Бұрынғы кезден-ақ қазақтар тілім-тілім маталарды құрап киім, көрпе, тұрмысқа қажетті түрлі дүниелерді жасайтын. Құрақ жабдықтар тек әдемілік үшін ғана жасалған емес. Ертеден сиқырлы күштерге сенетін қазақтар құрақтан тігілген заттар да оның иесін тіл-көзден сақтап, үйіне бақыт алып келетіндігіне сенген. Ал ең бастысы, құрақ-құрақ бұйымдар отбасының татулығын сақтап, ру мен ру, тайпа мен тайпа арасындағы адамдардың бірлігін нығайтатындығына нанған.
Құрақ құрау екі мақсатты көздейді.
Біріншіден, мата қиындыларын іске ұқсату, кәдеге жарату, яғни адам үнемділікке үйренеді.
Екіншіден, үлкен сәнділікпен мата қиындыларынан әртүрлі пішінді жасай отырып, қиюластырып, жастық, көрпе, көрпешелер тігу. Жалпы құрақтың бірнеше түрі бар: ботакөз, шатыргүл, сегізжапырақ, тырнақатар, майда құрақ, аққу, қызғалдақ, қайшы т. б. Матаның үйлесімділігіне, қиюласу өрнегіне қарай құрақты мынадай топтарға бөледі.
Құрақ - мата қалдықтарынан жасалатын үй бұйымының бірі. Кез келген халықтың ғұмырнамалық сабақтастығының берік болуына сол халықтың мәдениеті, тарихы, өнері үлкен әсерін тигізеді.
Өресі биік, өрісі кең қазақ халқының қарапайым әрі бірегей құрақ құрау өнері ерте заманда пайда болған. Киіз үйдің ішін әспеттегенде де, көрпе-жастығын әрлегенде де құрақтарды келістіріп қолдана білген.
Құрақ құрау тәсілі маталардың қалдығын кәдеге жарату негізінде пайда болған. Қолынан іс келетін шебер әйелдер көрпеден бастап, кеудешеге дейінгі бұйымдарды құрақпен безендірген. Құрақ құрау үшін, ең алдымен, қажетті материалдар таңдап алынып, олар түрі, түсі, матасына қарай сұрыпталады, яғни маталардан барқыт, жібек, сиса, сәтен кесінділері жеке-жеке бөлініп алынады. Содан соң түрлі-түсті маталар қиыстырылып тігіледі. Бұл қолөнер - дің негізі әртүрлі символдармен де байланысты. Мәселен, үшбұрыш құрағының мәні әлемдегі үш дүниені ұштастыру екен, яғни үшбұрыш - су, жер, ауа - үш ғаламның белгісі. Бұл құрақтың мағынасы - ғаламдық тепе-теңдік пен тұтастық. Бал арасының ұясы негізінде <<Алты табақ>> құрағы пайда болған. Мағынасы, тәттілік пен молшылықты білдіреді. Сонымен қатар құрақ өнері арқылы жануар, құс бейнелерін де мата бетіне салуға болады екен. Баяғы Сақ заманынан бастап, өмір құбылыстарын қолөнер арқылы көрсетуге машықтанған көшпелілердің қолөнер дәстүрінің нысандық мәні бар. Сол кездегі <<жұп>>, <<су>> секілді мағыналы ою-өрнектер күні бүгінге дейін өз мән-мағынасын жоғалтпады. Бүгінде құрақ қолөнерінде қолданылып жүрген <<су символы>> деп құрақ құрау қолөнерінде жүргізілетін бір түсті матадан кесіліп алынған жіңішке жолақты айтады. Тіпті ата-бабамыз қарғаны <<тәңірдің елшісі>> деп қасиет тұтып, тасқа қашап суретін салған.
Қашанда әдемілік пен сұлулыққа құштар ата-бабамыз ұзатылған қыздың артынан жасау апарғанда махаббат нышаны ретінде <<Аққу құрақ>> көрпесін апарған. Сонымен қатар, құрақпен тұрмысқа қажетті әртүрлі заттарды безендіруге де мүмкіндік мол. Оған зат салатын әртүрлі қоржындарды, қыз-келіншектерге арналған бұйымдарды, күнделікті қолданыстағы жастық, аяққап, қолқапшық, қиық сырмақты жатқызуға болады. Құрақ құрау үшін арнайы қамқа, шағи, шыт, тібен, бояқ, насар, мақпал, қыжым секілді маталар қолданылады.
Қонағын төрге шығаратын халқымыз құрақ көрпесін төрге төсеген. Ол - сыйластықтың белгісі. Дүниедегі әрбір зат майда бөлшектерден құралады. Сол секілді әр үйде құрақтан жасалған бұйымның болуы отбасының берекесі мен ынтымағын құрайды. Тіпті біздің әжелеріміз ерте кезде балалары өліп тоқтамаған отбасылардың үйін <<тіл-көзден аман болсын>> деп ырымдап, <<қырық құрақ>> құрап, баласын соған ораған екен.
Құрақ құрау қолөнерімен кез келген адам айналыса алмайды. Өйткені бұл қолөнердің де өз қиындығы бар. Алдымен, өнерді түсінетін, ұшқыр ой мен бояу сырын білетін танымы бар адам ғана істің көзін таба біледі. Сондай-ақ түс пен түсті сәйкестендіру аса жоғары шеберлікті қажет етеді. Құрақ өнерімен айналысудың пайдасы - адамды шыдамдылыққа, үнемділікке, төзімділік пен сабырлылыққа, тазалық пен әсемдікке баулып, жан дүниесін байытып, ой-өрісін кеңейтеді. Ерте заманда қыз балалар кішкентайынан құрақ құрауды біліп, үйренуге тиіс болған. Қазіргі кезде бұл қолөнерді ісмер қыз-келіншектер мен көнекөз әжелеріміз ғана ермек қылады.
Қазақтың дәстүрінде бар осынау қол - өнер түрін әлем елдерінің біразы қолданады екен. Мәселен, құрақ өнерін орыстар <<лос - кутное шитье>>, жапондықтар <<сашика>>, ал ағылшындар <<почворк>> дейтін көрінеді.
Ал таңғажайып көркемдігімен талайды тамсандырған қазақтың қолөнері бүгінгі жаһанданған заманда да өз мәнін жоғалтпай, жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болар еді...
Құрақ құрау техникасы екі бағытта дамып келеді:
1.Құрақ құрау (құрақ мозайкасы); 2. Жапсырмалау (аппликация).
Құрақтардан жасалған заттар өзінің ерекшелігімен, түстерінің әр түрлі болуымен бізді өзіне ерекше тартады. Құрақ құрау технологиясы тұрмыс бұйымдарын дайындауда қолданылады. Құрақтан жасалған бұйымдар: жастық тыс, көрпе (орыс, қазақ, ағылшын), дастарқан, майлық, ұстағыш қолғап, жапқыш, кілем, дорба, баскиім, киімдер, сувенир немесе аксессуар ретінде - сәнді сөмке, кошелек т.б
Жасалу жолдары:
а ) композициялық орналасуы, симметрия сақтауы; ә )түстерінің үйлесуі, жарасымды болуы;
б ) қағазға геометриялық элементтерін түсіру, дұрыс және бірдей орналасуын қадағалау.
IV. Сарамандық жұмыс. ҚТЕ еске салу. Қауіпсіздік ережесі
♦ Инені киімге қыстыруға болмайды.
♦ Иненің жібін тіспен үзуге болмайды.
♦ Инені жіпсіз тастауға болмайды.
♦ Қайшыны жолдасыңа үшкір ұшымен берме.
♦ Қайшыны ойыншық ретінде пайдалануға болмайды.
♦ Үтікті мұғалімнің рұқсатынсыз тоққа қосуға болмайды.
♦ Үтікті мата түріне қарай қыздыру қажет.
♦ Үтікті арнайы тұтқасынан ұста.
♦ Инені ине қадағышқа шаншы.
♦ Қайшыны ашық тастама.
Кіріспе нұсқау.
Құрау технологиясы:
1.Қандай өрнекті құрасақ та сол өрнектің сызбасын қағаз бетіне түсіріп аламыз.
2. Матаның түр түсінің үйлесімділігін анықтау үшін оны түс таңдай отырып, бояп аламыз.
3. Геометриялық пішінде үлгі қағаз даярлап аламыз да, сол қағазды үлгі етіп, пайдалану арқылы, матаны қағаз мөлшерімен қиып аламыз.
4. Қиылған матаны өрнек бойынша рет-ретімен: әуелі ортаңғы бөлік, содан кейін шеткі бөліктерді тігіп аламыз.
Біз алдымен бұйымды жасау үшін алғаш жобасын сызамыз.
Ал, енді жоба бойынша геометриялық пішіндерді түрлі-түсті қағаздан қиып алып, оларды көрпеше тәрізді қатырма қағаз бетіне дұрыс орналастырып, желімдейміз. Нәтижесінде түрлі-түсті әсем құрақтар пайда болады.
Астарды қияр алдында матаны жайып үстіне құраған бұйымды орналастырамыз. Құрақ жиегінен жиектеп сызып, сызық бойынша қиып алынады. Қиылған астармен құрақ бұйымды оң бетімен беттестіріп шетіне 1см тігіс есептеп сызып шығамыз, сызылған сызық бойынша көктеу керек. Ал құрақ көрпешенің арасына мақта және жүн салу үшін бір шетінен 10-15см тігілмеген жер қалдыру керек. Бұйымның ашық жерінен жүн немесе мақта салынады. Егер жүн салатын болсақ жақсылап жуып, тазалап кептіріп алу керек. Кепкен жүнді түтіп көрпеше ішіне тегістеп салу керек. Көрпешенің жүнін салғаннан кейін ашық жерін ішкі тігіспен тігеді. Үлкен көрпеше болса, көрпешенің үстінен ұзыннан тепшіп тігеді.
<<Тырнақ>> құрағын құрастыруға арналған технологиялық картаны қолданып құрақ құрау.
V. Сабақты бекіту:оқушы түсінігін сұрақ беру арқылы байқау, бағалау.
Сонымен қатар құрақ құрау адамды үнемділікке үйретеді. Кішкентай мата қиындысынан сәнді заттар жасау қабілеттілікке тәрбиелейді. Өз қолдарымен жасаған бұйым әрқашанда ыстық болады. Сондықтан уақыт тауып жиі - жиі құрақ құраумен, тігін тігумен айналысқан жөн.
Ал жақсы оқушылар мынадай сұрақтарға жауап берейік.
1. Құрақ дегеніміз не?
2. Құрақтан қандай бұйымдар жасауға болады?
3. Құрақтың қандай түрлерін білесіңдер?
4. Құраққа мата қалай таңдалады?
5. Құрақтар бір - біріне қалай біріктіріледі?
6. Құрақ неліктен ортасынан бастап құралады?
7. Құрақты тіккенде тігіске неше см алу керек?
8. Құрақ құрау өнерінің неше түрі бар?
9. Құрақ құрау өнері тек қазақ халқында ма әлде...?
10. Құрақты қию үшін қандай құралдар қажет болады?
Тест сұрақтары
1. Құрақ өнері неше түрге бөлінеді? А.4 Ә.5 Б.2 В.3
2. Құрақ өнері қазақ халқында қай ғасырда пайда болды? А. 19-20 Б.17-18 Ә. 15-16 В. 16-17
3. Жұлдыз құрағы қай топқа жатады? А.Зооморфты Б. Геометриялық Ә.Космогоникалық В. Тұрмыстық
4. Құрақ үлгілерін сызып бояуда қандай редактормен жұмыс істейміз? А.Word Ә.Power Paint Б.Paint B. Exsel
5. Сегіз жапырақ құрағы қай топқа жатады? А.Өсімдік тектес Б.Космогоникалық Ә. Геометриялық В.Тұрмыстық
6. Жапон халқында құрақ өнері қалай аталады? А.Печворк Б.Ласкутная техник Ә. Patchworkт В. Сошико
7. Құрақтың сәнді болуы несіне байланысты? А. Үлгісіне Б.Тігісіне Ә. Көлеміне В. Орындалуына
8. 26 шаршыдан 8 үшбұрыштан құралған құрақты ата? А. Қызғалдақ Ә.Жұлдызша Б. Аққу В.Иықты
9. Құрақ құрау қандай материалдан жасалады? А.Былғары Ә. Тері Б. Мата В. Полиэтилен
10. Құрақты тіккен кезде түзу, әдемі шығу үшін тігіске қанша мм қалдырамыз?
А. 15-20мм Б.2-3 мм Ә. 20-25мм В. 5-10мм
11. Мата қиындыларынан дайындалатын сәндік қолданбалы өнер түрі. А) текемет Ә) түскиіз Б) құрақ В) сырмақ
12. Құрақ барысында адам неге үйренеді? А) үнемділікке, шыдамдылыққа Ә) ептілікке, жылдамдыққа
Б) іскерлікке, әсемдікке В) тапқырлыққа ұшқырлыққа
VІ. Бағалау: Бағалау парақшасындағы баллды есептеу арқылы баға қойылады.
VІІ.Үйге тапсырма. Үйге құрақ көрпе тігудің технологиялық картасына қарап көрпеше тігу

Бағалау парағы:
Уақыты:
Сыныбы: 8
Пәні: Технология
Оқушының аты-жөні:


Сабақ барысындағы тапсырмалар
балл
А
Жаңа ақпаратты түсіну (сұрақ-жауап)
10
1
Құрақ дегеніміз не?

2
Құрақтан қандай бұйымдар жасауға болады?

3
Құрақтың қандай түрлерін білесіңдер?

4
Құраққа мата қалай таңдалады?

5
Құрақтар бір - біріне қалай біріктіріледі?

6
Құрақ неліктен ортасынан бастап құралады?

7
Құрақты тіккенде тігіске неше см алу керек?

8
Құрақ құрау өнерінің неше түрі бар?

9
Құрақ құрау өнері тек қазақ халқында ма әлде...?

10
Құрақты қию үшін қандай құралдар қажет болады?

В
Сарамандық жұмыс: Құрақ көрпе тігу
3
1
Өрнектің сызбасын қағаз бетіне түсіру

2
Түстерді таңдай білу, үлгіні пайдалану арқылы матаны қиып алу

3
Қиылған матаны рет-ретімен ортаңғы бөлігінен бастап қол тігісімен тігіп шығу

С
Жаңа ақпаратты қолдану (тест сұрақтары)
12
1
Құрақ өнері неше түрге бөлінеді?

2
Құрақ өнері қазақ халқында қай ғасырда пайда болды?

3
Жұлдыз құрағы қай топқа жатады?

4
Құрақ үлгілерін сызып бояуда қандай редактормен жұмыс істейміз?

5
Сегіз жапырақ құрағы қай топқа жатады?

6
Жапон халқында құрақ өнері қалай аталады?

7
Құрақтың сәнді болуы несіне байланысты?

8
26 шаршыдан 8 үшбұрыштан құралған құрақты ата?

9
Құрақ құрау қандай материалдан жасалады?

10
Құрақты тіккен кезде түзу, әдемі шығу үшін тігіске қанша мм қалдырамыз?

11
Мата қиындыларынан дайындалатын сәндік қолданбалы өнер түрі.

12
Құрақ барысында адам неге үйренеді?

Барлығы

Бағасы

23-25 балл - << 5>>
20-22 балл - <<4>>
17-19 балл - <<3>>
16-0 балл - <<2>>

Ұқсас жұмыстар
Құрақ жастықша тігу
Құрақ құрау. түрлері және қолданылуы
Бүгінгі сабақтың мақсаты құрақ құрау әдісін меңгеру
Құрақ көрпеше тігу
Диванға арналған (кестемен, жапсырмамен, ою-өрнекпен, құрақпен) шағын жастықшалар. шығындар.өзіндік құн. өзіндік құнды есептеу. 8 сынып
Құрақ құрау, қалдық қалдырмау
Құрақты қаламсап қабын тігу
Құрақ құрау технологиясы. Сабақтың мақсаты
"Құрақ құрау технологиясы"
Құрақ құрау мозайкасы
Пәндер