Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Меланхолик темпераменті басым оқушының ерекшеліктері

ТЕМПЕРАМЕНТ ТҮРЛЕРІНІҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ СИПАТТАМАСЫ ЖӘНЕ ӨЗІНДІК БАҒАЛАУЫНА ӘСЕРІ.
Г.А. Ергешева Бірінші мамыр жалпы орта білім беретін мектебінің педагог- психологы Оңтүстік Қазақстан облысы, Бірінші мамыр ауылы
Белгілі бір адамға тән және өмір әсерлеріне жауап реакциялардың динамикасы, тонусы мен бірқалыптылығында көрініс беретін мінез-құлықтың табиғи ерекшеліктерін -- темперамент деп ұғынуымыз керек.
Мінез-құлық тек әлеуметтік жағдайларда ғана емес жеке адамның табиғи құрылымына да тәуелді. Адамның биологиялық жағын көрсететін қасиеттің бірі болып табылатын темперамент жас балалардың ойыны үстінде, түрлі қарым-қатынас жағдайында анығырақ және ертерек байқалады.
Темперамент тұлғаның барлық психикалық көріністеріне реңк беріп отырады, ол эмоция мен ойлауға, еріктік қимыл-қозғалысқа, сөздің сарыны мен ырғағына әсер етеді. Бірақ темпераментке жеке адамның моральдық тәрбиесі, әлеуметтік бағдары, әуестенуі, қызығуы тәуелді еместігін естен шығармаған абзал.
И.П.Павлов темперамент пен жүйке қызметінің типтерін бір-біріне балама кұбылыс деп түсінді. Кейінгі зерттеулер жүйке қызметінің типтері темперамент типтерімен ылғи сәйкес келіп отырмайтындығын көрсетті. Шындығында да, темпераментке тек жүйке жүйесінің қасиеттері ғана емес, сондай-ақ жеке адамның соматикалық (дене) құрылымдары да әсер ететіндігі белгілі. Жүйке қызметінің типін темпераменттің нышаны ретінде ұғынган дұрыс. Мәселен бір зерттеуде, біркелкі ортада, жүйке жүйесінің әлсіз типіне жататын жануарлар мінез-құлқының енжар-қорғаныстық түрі, ал күшті, жүйке үрдістері тең емес организмдерде прогрессивті мінез-құлық байқалған.
Бұрын кейбір психологтар темперамент табиғатын адамның эмоциялық саласына байланысты түсіндіретін. Шындығында, темперамент тек эмоциялық жағдайлардан ғана байқалмайды, ол ақыл-ой және ерік үрдістерінен де көрініп жатады. Адам темпераментті туралы сөз болғанда жекеленген психикалық үрдістердің динамикасы жайлы айтылмайды, мұнда жеке адамның тұтас мінез-құлқы бар синдромы (жүйесі) жөнінде сөз болады.
Сөйтіп темперамент -- адамның жүйке қызметінің қасиеттерінен көрінетін, мінез-құлқының импульсивті-динамикалық көрінісінің жалпылама сипаттамасы болып табылады. Павловтың нерв жүйесінің типтері туралы ілімі бойынша 4 түрлі темперамент өкілдері бойынша сипатталады.
Сангвиник темпераменті басым оқушының ерекшеліктері: ашық, көпшіл, сөзшең, кісіге қайырымды, қысылып қымтырылмайды, оптимист, өмір сүргіш, көтеріңкі көңілді, басшылыққа, жетекшілікке құштар. Әр түрлі, көп қырлы жұмысты нәтижелі атқарады. Класта мұғалімнің айтқандарын қиналмай ұғады, сұрақ қоюға жаны құмар. Оның сөзі жылдам, анық, түсінікті, паузалар мен интонацияларды жақсы сақтайды, сөзді мәнерлей айтуға тырысады. Сөйлегенде ым-ишара (мимика, пантомимика) жағы басым келеді, көбінесе эмоциялы қозу жағдайында тұрады . Осындай балалардың мінез-құлқынан қажырлылық, белсенділік сияқты кейбір жақсы қасиеттерді көруге болады. Сондықтан да сангвиниктер өмірге икемді, тәрбиелеуге оңтайлы, ширақ темперамент болып саналады. Бұл темпераменттің өкілін И.П.Павлов қызу қанды, іскер адам деп санайды. Бірақ ол ылғи қызықты іспен айналысқанда ғана осындай күйде болады. Мұндай іс жоқ кезде ол жабыраңқы, сылбыр жүреді.
Флегматик темпераменті басым оқушының ерекшеліктері. Ол өте сақ, ұяң, байсалды, жұртқа жақсылық тілейтін, сенімді, тұрақты, бір қалыпты. Флегматик темпераментіндегі бала сабырлы, орынсыз асып-саспайды. Сабақта тыныш отырады, жанындағы баланы мазаламайды. Ауыр мінезді, көрсе қызар емес, мәселені тез шешуге асықпайды, салқынқанды. Бір істі бастаса салпақтап соңынан қалмайтын бала. Флегматик балалардың көпшілігі мектепке келгенен кейін оқу дағдыларын меңгеруде өзінің икемділіктерін жақсы көрсетеді. Шыдамды, ұстамды, сезімге берілмейді. Әдетте жаңа адамдармен араласып кете бермейді, сырттай әсерге төзімді, бар білгені ішінде. Флегматик темпераментіндегі адам, И.П.Павловтың сипаттауынша, барлық уақытта да байсалды, ұстамды бір қалыпты, табанды, төзімді және еңбекқор . Жүйке үрдістерінің тепе-теңдігі мен баяулығы флегматикке қандай жағдай да болмасын бір қалыпты тыныштықта болуға мүмкіндік береді.
Холерик темпераменті басым оқушының ерекшеліктері. Бұл ұшып-қонып тұратын, күйгелек, тынымсыз, шамданғыш, көңіл күйі жиі өзгеретін, қарым-қатынаста аумалы-төкпелі, тұрақсыз, соқпа мінезді, белсенді пысық, бірақ бейкам, ашуланшақ бала. Сангвиникке қарағанда салғырттау, икемі кемірек. Осыдан- ниеттері мен қызығулары тұрақтылау, табанды, зейінін ауыстыруы қиындау, сезімі көбіне сырттай көрінеді.
Нерв процестері күшті, бірі екіншісіне тең келмейтін адамдар, көбіне ұйытқымалы, қимыл-қозғалысқа шапшаң келеді. Істі бұрқыратып істегенмен, олардың кейде қолын бір сілтеп, сылқ түсетін кездері де болады. Оның бұл сияқты ерекшеліктері өткір көзінен, тез және оқтайлы қозғалыстарынан жақсы байқалады. Бұл жөнінде И.П. Павлов былай дейді: <<Байсалдылығы жоқ қажырлы адам кез келген іске барлық күш жігерімен кіріседі де содан соң тез шаршап қалады, кейіннен зауқы аумай қояды...>>
Меланхолик темпераменті басым оқушының ерекшеліктері. Сәл нәрсеге ренжиді, өкпелегіш, пессимист, тұйық, сөзге сараң, аса баяу қозғалатын жай басар. Ол ұялшақ, тартыншақ, тұйық болғандықтан, көпшіліктен аулақ жүргенді жақсы көреді. Меланхоликтер мектеп өміріндегі оқиғалардың бәрін үлкен әсермен қабылдап, оларды көп ойлайды. Мәселен, мұғалім оны тақтаға шақыртып есеп шығартса, мұның өзі оған кейде әлдеқандай зор әсер етеді. Ол кейде қызараңдап ұялады, егер мұғалімнің тапсырғанын орындап шыға алмаса, осыған қатты қайғырады, көпке дейін бұл оның есінен кетпейді. Егер мұғалім кластағы балалардың көзінше оған ұрысатын болса (бұлай ету әрине дұрыс емес) мұндайда бала әрине төмен қарап жылап, кейде жауап айта алмайтын жағдайдға ұшырайды. Ол көпке дейін булығып белсенді сөз айтудан қалады. Бұл темпераменттегі оқушы, көбінесе өз жолдастарының арасында көзге түспей, жай ғана жүріп- тұрғанды ұнатады, <<мен>> деп ешқашан ұмтылмайды. Үйреншікті жақсы, тату ұжым арасында меланхоликтер өзін жақсы ұстайды, жұртпен қарым-қатынасқа түсіп, алған ісін нәтижелі орындай алады, кедергілерді жеңіп, табандылық көрсетеді. Көпшілік меланхоликтердің өздерінің тұйықтығы мен адамдардан оқшаулануынан ішіне түйгені көп.
Темпераменттің негізгі төрт типінің өкілдері бір қалыпты жағдайдың өзінде өздерін түрліше ұстайды екен. Осылайша темперамент адамның белсенділік сипатынан, мінез-құлықтың түрлі қалпынан үнемі өзгерістегі сыртқы ортаға бейімделе алу жағдайынан көрініп отырады.
Адамның мінез-құлқы оның туыстан пайда болған тип өзгешелігіне ғана тәуелді болмай, жүйке қызметінің тікелей өмір барысында қалыптасатын түрімен де байланысты екенін еске ұстау қажет. Кейде тыныш бір қалыпты флегматик холерикше эмоциясы бұрқанып, күйіп-пісіп, әлек болады, ал холериктің кейбір жағдайларда өз күшіне сенбейтін, енжар меланхоликтің қалпына түсіп кететін кездері де болады.
Олай болса осы жағдайлар адамның типтік белгісі болып табылады. Егер адам сыртқы әсерге қалай болса солай қарайтын болса, осы әсердің өзі қандай екенін зерттеу қажет. Мұндайда кездейсоқ реакцияның типтік болып шығуы да ықтимал. Мәселен, флегматиктің ашуы мен эмоциялық күйіп-пісуі ұзақ уақыт ішінде сан рет қайталанған әсерден кейін туса, холерикте осындай жағдай бірден пайда болады.
Адамның жабырқауы мен солқылдақтығы да осы тектес болады. Холериктерде бұл ұзақ зорығып жұмыс істеген кездегі қажудан туындаса, меланхоликтерде бұл жайт қарым-қатынас пен өмір жағдайының түбегейлі өзгеріске түскен кезінде немесе қысқа мерзімді күйзеліс үстінде белең береді.
Ағылшын психологы Ю.Айзенк психологияның биологиялық бағытындағы лидердің бірі. Ол қозу және тежелу процесі негізінде экстраверсия - интроверсияны ұсынды. Экстраверсия - (лат.exter - сыртқы, versave - қарау) дегенді білдіреді. Экстраверт адамдармен тез араласуға бейім тұратын, публика алдында сөз сөйлегеннен қысылмайтын, кез келген әрекетін сыртқы ортамен бөлісетін адам. Экстраверттерге сангвиниктер мен холериктер жатады.
Интроверсия - (лат. intro - ішінде, versave - қарау) ұялшақ, көп нәрсені ішінде сақтайды. Аяқ астынан ашуланбайды, жинақылықты жақсы көреді, суық, тұрақты, субьективті, қарапайым, экстраверсияға қарама - қарсы. Интраверт : жалғыздықты сүйетін, өз-өзімен сөйлескенді ұнататын, ішкі әлемінде өмір сүретін жан. Интраверттерге флегматиктер мен меланхоликтер жатады.
Адам тұлға ретінде өз-өзін бағалайтын болмыс. Өзіндік бағалау - адамның өзіне сындарлы көзқараспен қарап, өз мүмкіндігін өмір талабына сәйкес бағдарлай білуі, өз мақсатын нақтылау, ойын түйіндеу қабілеттілігі. Өзін бағалау адамның өзіне деген сенімін арттырып, рухани үйлесімділігін дамытады, адамның айналасындағылармен қарым-қатынасын, өзіне сын көзбен қарауын және талап қоя білуін, жетістікке және сәтсіздікке қалай қарайтынын көрсетеді. Сонымен қатар, адамның іс-әрекетінің тиімділігіне және оның тұлға ретінде дамуына әсер етеді.
Өзіндік бағалау тұлғаның өзіне ғана тән жеке құндылығы. Яғни өзіндік бағалау дегеніміз адамның өзін-өзі құрметтеу сезімінің дамуы, жеке құндылығын сезу және <<Мен>> сферасына қатыстының бәріне деген позитивті көзқарасы. Өзіндік бағалау өз әрекетін бағалауда маңызды роль атқарады, онсыз өмірде өзін анықтау мүмкін емес. Нақты бағалау адамға рухани қанағат пен адамгершілік қасиеттеріне қолдау көрсетеді.
Мен мектепте 5-7 сыныптарға психологиялық зерттеу жұмыстарын жүргіздім. Осы зерттеулердін нәтижесінде оқушылардың өзіндік бағалауы темперамент түрлеріне байланысты екені анықталды. Зерттеуге 5-7 сынып аралығында 348 бала қатысты. Оқушылардан А. Беловтың <<Темперамент формуласы >> тесті және <<Өзін-өзі бағалау>> әдістемесі алынды. Темпераментті зерттеу барысында анықталғаны:
Сыныптар
Барлығы
Қатыс
флегматик
сангвиник
холерик
меланхолик
5 сыныптар
117+3ү.о
117
62-53,1%
42-35,9%
10-8,5%
3-2,5%
6 сыныптар
119
119
57-47,8%
54-45,4%
4-3,4%
4-3,4%
7 сыныптар
112
112
54-48,2%
40-35,7%
16-14,3%
2-1,8%

348+3ү.о.
348
173-49,7%
136-39,1%
30-8,6%
9-2,6%

Өзіндік бағалауын анықтау барысында:
Сыныптар
Барлығы
Қатысқ.
Өзін адекватты бағалау
Өзін жоғары бағалау
Өзін төмен бағалау
5 сыныптар
117+3ү.о
117
86-73,5%
24-20,5%
7-6%
6 сыныптар
119
119
84-70,5%
31-26,1%
4-3,4%
7 сыныптар
112
112
93-83%
15-13,4%
4-3,6%

348
348
263-75,5%
70-20,1%
15-4,4%

Темперамент және өзіндік бағалаудың қорытынды нәтижесі
5 сыныптар өзіндік бағалауы
Барл
флегматик
сангвиник
холерик
меланхолик
адекватты
86
62
24
-
-
жоғары
24
-
18
6
-
төмен
7
-
-
4
3
6 сыныптар өзіндік бағалауы
Барл
флегматик
сангвиник
холерик
меланхолик
адекватты
84
57
27
-
-
жоғары
31
-
27
4
-
төмен
4
-
-
-
4
7 сыныптар өзіндік бағалауы
Барл
флегматик
сангвиник
холерик
меланхолик
адекватты
93
54
35
4
-
жоғары
15
-
5
10
-
төмен
4

2
2

Өзіндік бағалауы теңбе-тең (адекваттық) оқушыларға тән қасиеттер: белсенділік,байсалдылық, тапқырлық, сергектік,олар қарым-қатынасқа тез түседі. Ойын, сабақ үстіндегі жеңілістеріне ренжімейді, жеңген уақытта басқаларды ызаландырмайды. Өзіндік бағалауы жоғары оқушыларға тән қасиеттер, олар, қандайда бір іс-әрекетке қатысуға қорқады. Қатысқан жағдайда ренжіп кетіп қалады, әрдайым барлық жерде бірінші болуға тырысады. Егер бұл орындалмай қалса жүректеріне жақын қабылдайды, өзіндік бағалауы өте жоғары оқушылар барлық жерде лидер болуға ұмтылады. Мұндай балалардан: <<Мен ең жақсы оқушымын (әдемімін, мықтымын). Сендердің барлықтарың мені тыңдауларың керек!>> -- деген сөздерді жиі естуге болады. Өзіндік бағалауы төмен оқушыларға ұялшақтық, ұяндық қасиеттері тән және өз-өзіне сенімділігі аз, жеке қолдауды көбінесе қажет етеді.
Зерттеу нәтижесінде өзіндік бағалауы адекватты 75,5% флегматик және сангвиник темпераментіндегі оқушылар, өзіндік бағалауы жоғары 20,1% холериктер мен сангвиниктер, өзіндік бағалауы төмен 4,4% -басым бөлігі меланхолик темпераментінде екенін байқалады. Сабақ барысында оқушылардың мінез- ерекшеліктерін ескеріп, әр темперамент иесіне қолайлы орта туғызып, холериктер мен меланхолик темпераментіндегі балаларға жеке қолдау көрсетуге, өзіне деген сенімділігін арттыруға, өзіндік бағалауын көтеруге ұсыныстар берілді. Дер кезінде түзету жұмыстары жүргізілді.
ҚОРЫТЫНДЫ
Темпераменттердің табиғи, қарапайым көріністері балалық шақта жақсы байқалады. Бала өскен сайын оның сыртқы ортамен қарым-қатынасы күрделене түседі де, оның одан алатын әсері де мол болады.
Өмір сүру барысында жеке адамның ішкі құрылымдары сапалық өзгерістерге түсіп отырады. Даму барысында темпераменттің бір белгісінің әлсіреп, екіншісінің күшеюі, осының салдарынан мінез-құлықтың кейбір жақтарының өзгеріске ұшырап отыруы да ықтимал.
Темпераменттердің адам психикасынан алатын орнын топырақтың өсімдікке тигізетін әсерімен салыстыруға болады. Өйткені темперамент -- адамның табиғи жағын көрсететін басты белгілерінің бірі. Әйтсе де темперамент адам психологиясының бүкіл мазмұнын көрсете алмайды. Өмір сүру барысында біртіндеп қалыптасып отыратын адамның дүниетанымы мен сенімі, қызығуы мен қажеті, мұраты мен талғамы, оның темпераментіне тәуелді емес.
Адамның темпераменті психикалық әрекетінің көрінуіне сырттай із қалдырғанмен, ақыл-ойының дамуына ешқандай әуелі әсер ете алмайды деген қағиданың бірден-бір дұрыстығын меланхолик темпераментіндегі оқушылардың өмірінен жақсы көруге болады. Осы айтылғандардан темпераменттердің қандай болмасын тәрбиенің ықпалы мен қалыптасып отыратындығы, тіпті меланхоликтердің өзін ерік-жігері күшті, мінезді ұжымның бағалы мүшесі етіп тәрбиелеуге болатындығы байқалады.

Әдебиеттер тізімі
1. Жарықбаев Қ. Жантану негіздері. Алматы -2002.
2. Зимняя И.А. Педагогикалық психология. Оқулық.Алматы-2005.
3. Намазбаева Ж.И., Психология, оқулық Алматы-2005.
4. Алдамұратов А. Жалпы психология,Алматы,1996.
5. Тәжібаев Т. Жалпы психология. Алматы 1993

Ұқсас жұмыстар
Темперамент туралы жалпы түсінік
Темпераменттің типтері
Оқушы мінездеме үлгісі
Психологиялық ағарту шаралары
Жоғары жүйке қызметінің топтары
Адамның жоғары жүйке қызметінің ерекшеліктері. жоғары жүйке қызметінің топтары
Педагог-психолог, 2013-2014 жылдық есеп
БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ДҮНИЕТАНЫМЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ ЗЕРТТЕУЛІК ІЗДЕНІСТЕР
Нерв жүйесінің күшін
Психология әдістері
Пәндер