Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Серік Сейтмағанбетов Зейнолла Шүкіровке өлеңі

Тәрбие сағаты
Тақырыбы: Теңіздей тебіренген талант.
Мақсаты: Зейнолла Шүкіровтың өмірін, жазған өлеңдері
мен еңбектерін оқушыларға
ұғындыру.
Тәрбиелік мәні: Туған жерге деген сезімін, жақын жерлесімізге деген
сүйіспеншілігін оята тәрбиелеу.
Көрнекілігі: 1. Теңіздей тебіренген жырлар. (альбом, буклет).
2. Сыр бойының ақындары / кітап көрмесі /
(Зейнолла, Серік, Жарасқан, Бекұзақ, Мәлика,

т.б. кітаптары).
3. «Халық қадірлеген қаламгер – ұрпақ мақтанышы»

плакатқа жазылады.
Сабақ барысы: Кіріспе сөз. (жетекші).

1-оқушы. З. Шүкіровтың өмір жолынан үзінді. (баяндама).
Қыран қанатты тағдыр.
Зейнолла Әнәпияұлы Шүкіров 1927 жылдың ақпанында
Арал ауданының «Қаратөбе» колхозында
дүниеге келген.
Ол алты жасында түйеден құлап мертігеді. Бұл 1933 жылдың жазы
болатын. Әкесі Әнәпия «Халық жауы» деген жаламен Сібірге айдалып кетеді де,
көпжанды отбасының ауыртпалығы анасы Набаттың мойнына түседі.
Төсек тартып қалған баланы, сол кезде атақты хирург, дәрігерге
көрсетуге жағдай болмайды.
Көзі жәудіреген, тілі тастай, өзі тым пысық немересін жақсы көретін
әжесі екі жыл мектепке қатынап – арқалап жүріп оқытады. Ал одан әрі арқалап
оқытуға әжесінің әлі келмейді, ал анасы азаннан кешке дейін жұмыста.
Баланың білім алуы төрт кластық оқумен тоқтайды. Өз бетімен ізденіп
оқиды. Ол өлең жазумен әуестеніп, ең алғашқы өлеңдері «Социалистік Арал»
қазіргі «Толқын» газетінде жарияланады.
Ол өзін-өзі қайсарлыққа шыңдады, уақытын ұтымды пайдаланды. Жаралы
ауыр күндерінде Александр Фадеевтің «Жас гвардия»
Николай Остросвскийдің «Құрыш қалай шынықты» романдарын жаттап алғандай
болды. Олардан рухани азық алды.
Ел жұртына ақын атанып танылған Зейнолла Шүкіров бірнеше поэзиялық,
прозалық жинақтар шығарды. Оның өлеңдері ел аузында әнге айналып кетті.
Ерлікке балады «Қазақ Островскийі» атанды.
Белгілі ақын Мұзафар Әлімбаев ол туралы «Құрыш қазақ» поэмасын
жазды.1973 жылы «Қиын түйін» романы, 1985 жылы «Отты өткелдер» романы
шықты. Тағыда «Сарша тамыз» деген кітабы, «Арал толқындары» деген кітабы
бар. Ия, бұл адамны тағдыры ерлікке толы болды. Ол өзінің жарымжан ғұмырын
«Мен мүгедекпін» деп қорланбай, жасымай өткізген санаулы
ағаларымыздың бірі.
Осындай ағамыз небәрі елу төрт жыл жасады. Ол осы 54 жылдың әр түні мен
күнін күресмен өткізді. Үйде отырып қалған жоқ.
Ел аралады, жер аралады. Оны іркез достары, туыстары кәдімгі жас
баладай көтеріп жүрді.
Ол ақжарқын, ашық мінезді болатын. Домбыра шертіп, мұңлы дауыспен ән
салатын. Шыншыл, не нәрсені болсын көңіліңе қарамай ақиқатын айтатын. Міне,
биыл осы айда Зейнолла ағаның туғанына 78 жыл толлмақ,
ал дүниеден қайтқанына да 23 жыл болып қалыпты.
2-оқушы. Көркемсөз.
Әнес Нарымбетов «Жан аға»
Күллі әлемнің:
Нұрын құйып –
Әр таңы!
Ақын болдың:
Киелі де:
Арқалы!!!
Тілінде ойнап найзағайлар шарт сынған,
Шырқау көктен бұлтты үйіріп тартады.
Ұлы өмірден
Алып жырдың сарасын
Кемеріңнен ақсаң тасып ағасың!
Бармағыңның ұшында тек ойнаттың,
Тағдыр сенің:
Жиенің не –
Нағашың?!
Шиықтырып
Жырмен жұрттың жүрегін
Осыншама неткен сұмдық ірі едің?!
Дүниенің алдында айыл жимастан,
Жырлап өттің:
Сыр өңірін –
Сыр елін!!!
Қуатты жыр:
Алып шырқау –
Тұғырды!
Еттің шексіз:
Ғұмырыңды –
Ғұмырлы!!!
Басын иіп құдіретіңнің алдында
Тағдыр итің естен тана жығылды.
Еш құдірет
Алақанмен баса алмай
Еш құдірет Сені алдыңнан тоса алмай
Мәңгі бақи өлмеуге шын айналдың
Еш құдірет құдіретіңнен аса алмай.
Сенің сірә:
Жырың бар ма –
Жазбаған?!
Сенің жүдә:
Күнің бар ма –
Озбаған?!
Құдай сенің төзіміңді –
Ешкімнің –
Ешкімнің де маңдайына жазбаған.
Сенен өтпес:
Адамдағы
Мәрттігің?!
Сенен өтпес:
Адамдағы –
Пәктігің?!
Жанартаулар –
Бұрқ-сырқ қайнап кеудеңде
Күннен күнге биіктеді шаттығың!
Сенен өтпес:
Биіктікте –
Ендікпе?!
Сенен өтпес:
Асқақтық та –
Өрлік те,
Пенделіксіз пәк күйіңде,
Кіршіксіз –
Еніп кеттің көңілімдегі кеңдікке.
Еніп кеттің
Көңіліме
Жан аға!!!
Еніп кеттің –
Еніп кеттің –
Санама!
Ұлылық – деп жүргеніміз бүгінгі –
Жете алар ма, өзің жеткен жағаға?!

3-оқушы. Серік Сейтмағанбетов «Зейнолла Шүкіровке» өлеңі
Көтеріп келем баладай сені жан ағам
Қалады қарап арулар арман, бар адам.
Білмейтін пенде табылар ме екен өзіңді
Осынау үлкен қаладан.
- Шүкіров! – дейді жүгіріп өтіп балалар.
Иеді басын бейтаныс талай ағалар.
Осы сәт Сізден бақытты адам бар ма аға
Құшағын жайды бар қала
Жайраңдап әні жатыр ғой аға Сыр Сұлу
Сыр Сұлу жайлы келесің бе ойлап жыр Сұлу
Тоқтаттың неге, қарадың неге қайырылып,
Жүрегіңде кетті ме өртеп бір сұлу.
Шоласың оймен маңайды
Көресің қызық жарқырап туған жаңа ойды.
Сенемін өзім, осынау көрініс, мол әсер.
Көкірегіңнен жыр болып ертең тарайды.

4-оқушы. Серік Сейтмағанбетов «Зейнолланың соңғы монологы».

Таусылмақ дем, Бітпек өмір - өзенім,
Менің дағы жетті кетер кезегім.
Оны көптен тарқамаған шаншу мен
Жүрегімнің мұң көзінен сеземін.
Өлемін деп күйзелмен де күйремен
Тағдыр бастап-ақ найзасымен түйреген.
Өз әлімше арман – көлде жүзіппін,
Қанатынан жараланған үйрек ем…
Ғұмыр кештім кісісімей кішірмей,
Дос-қонақсыз тамағым бір ішілмей.
Жайсаң аға, жайсаң іні қаншама,
Жүрген мені қолдарынан түсірмей.
Өлер кезде айтып кету борышым,
Берді бәрі қиналғанда қол ұшын.
Мен қуансам олар дағы жайнайды,
Рахмет барлығына сол үшін.
Алшаң басып жүрде алмадым ортаңда,
Әр дәрі ішіп әрең жеттім әр таңға.
Енші ала алмай емханадан қайтейін,
Палатада жазып бердім қол таңба.
Жүрегіме нұр заманнан от алғам,
Жылап жазған, жан жырларым – көк орман.
Хош жамағат! Жарық дүние кеш мені,
Көз жұмармын кен кеудемде көп арман.
Халық мені балағанмен алтынға
Жарым да жоқ, балам да жоқ артымда
Дүниеге періште боп келген ем,
Мен өлемін сол періште қалпымда.
Таусылмақ дем. Бітпек өмір өзенім,
Менің дағы жетті кетер кезегім.
Оны көптен тарқамаған шаншу мен
Жүрегімнің мұң көзінен сеземін.

5-оқушы. «Бір жұлдыз боп қалған жан».
Бейне бір тұтқын мен де үйде,
Төсекте буып тастаған.
Көнбеймін, дүние, бұл күйге,
Кеңірек есік аш маған! – деп өзінің жанкешті тірлігімен
«Қазақтың Корчагині» атанған құрыш қазақтың тағдыры талайдың жүрегін
ауыртқаны рас. Бала кезінде жазатайым түйеден құлап, майып боп қалып, өз
аяғымен жер басып, туған ел топырағы жылуын табанымен сезе алмағаны шындық.
Ол жар құшқан жоқ, перзент сүйе алмады.
Бірақ, көкірегін жарып шыққан сәби-жырларымен мәңгілік есте қалды.
Сол жарқын жырларымен, отты өлеңдерімен қиындықтардың өзін жеңіп шықты.
Зейнолла бір туар тұлға, тумысынан талант еді.
Белгілі бір білімі болмаса да, талантының, қайсарлығының арқасында
оқыған кісінің өзін он орап алатын көрегендігі, ойшылдығымен өз тапты.
Елу үш жыл ғұмыр кешкен қайсар күрескердің артында мол мұра қалды.
Көзі тірісінде жарық көріп, оқырман көңілінен шыққан дүниелері бір төбе. Ал
жарық дүниені аңсап жатқан өлеңдері, аудармалары, поэмалары, әңгімелері,
хаттарының өзі ақынның мұрағатында қаншама!
Сол сарғыш тартқан қолжазбалардың кітапқа айналып, оқырмандарына жол
тартып жатқаны көңіл қуантады.
Көзі тірісінде-ақ халқынан бағасын алып үлгерген дарынды ақын, жазушы
Зейнолла Шүкіров «Бір жұлдыз болып жанам мен, Бір жұлдыз болып қалам мен»
деп айтып кеткен екен. «Жақсының өзі өлгенмен, сөзі өлмейді» деген,
Зейнолланың рухы мәңгі жасай бермек.

6-оқушы. Еске алу. Зейнолла, Серік, Жарасқан, Бекұзақ сынды ақын
ағаларымызды 1 мин. еске алайық.

7-оқушы. Ақын кетті ұйқыға мәңгілікке
Құпиясын жан сырын жан біліп пе
Ала кетті ақтармай бар арманын
Ала кетті қойылмай қалды нүкте.

8-оқушы. Қалды нүкте, қойылмай қалды жұмбақ
Жүрсін, мүмкін дедіме мәңгі жырлап
Әруағы қыдыр боп жүрген болар
Ойды шыңдап, жырланар жырды тыңдап.
Болды ақын ұрпаққа, болды жұмбақ…
9-оқушы. - Ақын аға өтірік айтпайтын, өтірік айтқанды жек көретін. Ол
керемет әнші еді, қоңыр дауыспен ән салатын. Артына қаншама асыл
мұра қалдырған Зейнолла аға еңбек сүйгіш еді.
10-оқушы. Зейнолла ақын аудармалармен де айналысқан. Ол Беранже, Гейне,
Шекспир шығармаларын да қазақша сөйлеткен сурет.

Ақындар (Шекспирден)
Ақындар, есерсоқтар, зинақорлар –
Құйылған бір балшықтан басында олар!
Түсіне есерсоқтың албасты еніп,
Жын-жыпыр көзі ілінсе қасын қамар;

11-оқушы. Ән «Ағаларым».
12-оқушы. Он жасында екі бірдей аяқтан айырылғанда да, бертінірек қос
жұлдыздың бірі сөніп қалғанда да дауасыз дертке қасқия қарсы
тұрып, қалам батырлары қатарына қосылған. «Қазақтың Корчагині»
атанған Зейнолла шын мәнісіндегі қаһарман еді. Қаламгерін халық
ешуақытта ұмытпайды!

Қорытынды сөз сынып жетекшіге беріледі.

Ұқсас жұмыстар
Арал өлеңі
Оқушылар жасаған қар қиықтарын салыстыру
Менің Әуезовім романы
Арпалыс З Шүкіров
Зейнолла Қабдоловтың шығармашылығына байланысты кітап көрмесі
Тәуелсіздік мерекесі
Мұқағали мақатаевтың поэзиясы
Абай құнанбаев. табиғат лирикасы
Бабам тілі
Ұлылар есімі мәңгі өлмейді
Пәндер