Қазақ халқының ұлттық ойындарының зерттелуі

Ұлттық ойын - тәрбиенің бастауы
Имашева Эльмира Асанқызы
№ 36 орта мектебі
Ойын дегеніміз - адамның ақыл-ойын дамытатын, қызықтыра отырып ойдан - ойға жетелейтін, тынысы кең, алысқа меңзейтін, қиял мен қанат бітіретін ғажайып нәрсе. Ұлы педагог В. И. Сухомлинский: «Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, шығармашылықсыз, қиялсыз толық мәніндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды», - дейді. Демек, шәкірттің ақыл-ойы, парасаты ұлттық салт-сананы сіңіру арқылы баии түседі. Оқу үрдісінде ұлттық ойын элементтерін пайдалану сабақтың тақырыбы мен мазмұнына сай алынады. Сонда ғана оның танымдық, тәрбиелік маңызы арта түседі. Оқушыларды әсіресе, «Сиқырлы қоржын», «Көкпар», «Асық» секілді ұлттық ойындарға қатыстыру өте тиімді екеніне көз жеткізу қиын емес. Бұл ойындарды жаңа материалды бекіту немесе қайталау кезінде қолдану керек деген пікір бар. Оқушы ойынның үстінде не соңында өзінің қатысу белсенділігіне қарай түрлі баға алуы мүмкін. Педагог әр баланың еңбегін бағалап, ынталандырып отыруы тиіс. Ойынның тәрбиелік маңызы мынада: ол баланы зеректікке, білгірлікке баулиды. Бабаларымыздың асыл қазыналарына деген көзқарасын құрметтеуге сөз әсемдігін сезінуге үйретеді. Батылдыққа, өжеттікке тәрбиелейді. Ендеше еңбекке баулу сабағын ұлттық ойындар арқылы сабақтастырып түсіндіру пән тақырыптарын тез, жылдам меңгеруге ықпал етеді. Баланың сөздік қорын байыта түседі. Халқымыздың ұлы перзенттерінің бірі, аса көрнекті жазушы М. Әуезов: «Біздің халқымыздың өмір кешкен ұзақ жылдарында өздері қызықтаған алуан өнері бар ғой. Ойын деген менің түсінуім ше көңіл көтеру, жұрттың көзін қуантып, көңілін шаттандыру ғана емес, ойынның өзінше бір ерекше мағыналары болған», - деп тегіннен тегін айтпаса керек.
«Аламан бәйге», «Алтыбақан», «Арқан тарту», «Ақ сүйек», «Теңге алу», «Аударыспақ», «Қыз қуу», «Жамбы ату» . . . Санамалай берсеңіз, қазақтың ұлттық ойындары осылай жалғаса береді. Біздің алға қойған мақсатымыз халқымызға тән осынау ұлттық ойындарымызды тізіп шығу емес. Керісінше, ата-бабаларымыз бұдан сан ғасыр бұрын ойлап тауып, уақыт өте ұрпағына қалдырған ұлттық ойын түрлерінің маңызы мен мәнін саралап, дәл осы ойындарды жаңа ғасырда жаңаша пайдалануды бұлжымас дәстүрге айналдырсақ деген ой-пікірді иісі қазақ басшылардың есіне салсақ деген ниеттен туындап отыр. Этнограф-ғалымдардың зерттеулеріне жүгінсек, қазақтың ұлттық ойындары аңға, малға байланысты, алуан түрлі заттармен ойналатын, зеректікке, ептілік пен икемділікке, батылдыққа баулитын ойындар деп бірнеше түрге бөлінеді. Қайсыбір ғалымдар қазақ халқының ұлттық ойындары түрінің жүзден асып жығылатынын айтады. Мұның өзі қазақ халқының ежелден-ақ айрықша дарынды һәм білімді болғанының дәлелі. Тағы бір ерекшелігі, ұлттық ойындардың, әсіресе, жасөспірім балаларға арналған түрлері әдетте өлеңмен «өрнектеліп» те отырған. Өлең-жыр арқылы ата-бабаларымыз ойынның эстетикалық әсерін арттырып қана қоймай, бүлдіршіндердің өлең-жырға деген ықылысын оятып, дүниетанымын арттыра білген. Тіпті қайсыбір ойын арқылы жас ұрпақты еңбекке баулып, шынықтыруды мұрат еткен. Демек, халқымыз ұлттық ойындар арқылы жастарды өмір сүруге дағдыландырып, қиындыққа төзе білуге, қиын сәттен жол таба білуге машықтандыруды басты мақсат еткен. Мысалы, «Аламан бәйге», «Аударыспақ», «Арқан тарту» ойындары адамды төзімділікке үйретуге, ерік-жігерді игере білуге, білек күшін дамытуға бағытталған. Ұлттық ойындардың тағы бір ерекшелігі, әр ойын жас ұрпақты салиқалы да салмақты, шебер әрі епті болуға баулиды. Өйткені әрбір адам өзінен өрбіген ұрпақтың ынжық, бойкүйез болып қалмай, жан-жақты, білікті де күшті болып өсуін өмірдің мәңгі мәні ретінде қабылдаған.
Жалпы, қазақтың ұлттық ойындарының қай-қайсысының да қоғамдық және әлеуметтік мәні зор. Бұған қоса, ұлттық ойындар қазақ халқының о бастан ерекше мәдениетті болғанын айқындайды. Ата-бабаларымыз ұлттық ойындар арқылы ұрпақтың береке-бірлігі мен ынтымағын жарастырып отырған. Шындығына келсек, адамның өмір сүруінде қазақтың ұлттық ойындарының атқаратын маңызы ерекше. Басқаны былай қойғанда, әр ұлттық ойын оған қатысушыны өмір сүруге бейімдеп ғана қоймай, қиындықтан қорықпай, қарсы тұра білуге үйретеді. Мысалы, бір ойын шеберлік пен ептілікке, енді бір ойын талғампаздыққа, ал енді бір ойын қиын-қыстау кезеңде тез шешім қабылдап, оңтайлы жол таба білуге баулиды. Оның үстіне ұлттық ойындардан спорт пен патриоттық тәрбие айқын аңғарылады. Мұның өзі қазақтың ұлттық ойындарының тәрбие берудің таптырмас құралы екендігін дәлелдейді. Өкінішке қарай, қазіргі күні біз маңызы зор ұлттық ойындарымыздың тек бірен-саранын («Аламан бәйге», «Көкпар», «Алтыбақан») ғана игере алдық. Осы тұрғыдан келгенде, қазақтың ұлттық ойындарының ішінде «Тоғызқұмалақ», «Жамбы ату», «Аударыспақ», «Көкпар», «Хан дойбысы» секілді түрлерін спартакиада, олимпиада ойындарына қысылмай-ақ қосуға болады. Мысалы, қазақтың ұлттық ойыны «Жамбы ату» бүгінгі күні олимпиада құрамындағы биатлоннан еш кем емес. Тек біздің Спорт және туризм министрлігі дәл осы «Жамбы ату» тәрізді ұлттық ойынымыздың мән-мағынасын терең түсініп, оны шетелдіктерге жеткізе білсе болғаны. Әйтпесе, біздің қаншама ұлттық ойындарымыз әлемдік додалы жарыстар өткізуге сұранып-ақ тұр. Ең бастысы, өзге ұлттың ойындарына өзеуремей, өзіміздің ұлттық төл ойындарымыздың беделін көтере білсек болғаны. Амал не? Бұл тұста әлі күнге қимылымыз шабан. Бізді бәрінен бұрын мәселенің осы жағы толғандырады, - дейді тарихшы - этнограф ғалым Бабақұмар Ғинаят.
Жастардың ұлттық сана-сезімінің дамуында қазақтың ұлттық ойындарының алатын орны айрықша. Оның ішінде қазақтың ұлттық спорт түрлерiнiң қатарына жақында қосылған қазақтың «хан дойбысы» ойынын атап өтуге болады. «Хан дойбысы» - мемлекет тiзгiнiн ұстаған хандардың, билердiң арасында кең тараған ойын түрi. Хан, би секiлдi лауазымды билікте болған бабаларымыз өздері өмір сүрген кезеңде бұл ойынды тек ойын тұрғысынан емес, ел басқарудағы саяси құрал ретiнде де пайдалана білген. Табылғанына көп уақыт болмаса да, «Хан дойбысы» ойыны қазақы «мiнезiмен» бiраз жанның жүрегiн жаулап алды. Бір қуантарлығы, қазіргі уақытта ойынның осы түрiн насихаттауға Қазақ ұлттық аграрлық университетінің жастары атсалыса бастады. Үстіміздегі жылы "Азиада-2011» ойындары шеңберінде Қазақ ұлттық аграрлық университетінің 80 жылдық мерейтойына орай қазақтың ұлттық ойыны «Хан дойбысынан» тұңғыш рет турнир өткізілмекші. Бұл әрине, дүйім жұрт болып құптайтын бастама! Қазақ халқы ежелден жылқы малын айрықша қастерлей білген. Ал олардың сәйгүліктерге деген ынта-ықыласы ат ойындарына сүйіспеншілікті арттыра түскені даусыз. Қазақтың ұлттық ойындарының ішінде ат ойындарының ерекшелігі мен маңызын айтып жеткізу тіпті де мүмкін емес. Бір таңданарлығы, ертеректе әр жігіт, тым болмағанда, ат сайыстарының бір түріне қатысып, жүзден жүйрік шығуды аңсаған. Халқымыздың жер тарпыған сәйгүліктерді жақсы көргені соншалық, оларға «тіл-көз тиеді» деп қорыққан. Сондықтан бәле-жаладан сақтану үшін бәйгеге қосатын тұлпарларды ешкімге көрсетпей, үстіне жабу жауып, жануардың құйрық-жалын өріп, әр жеріне үкінің қауырсындары мен тіл-көзден сақтайтын тұмар таққан. Әдетте, шабандоздыққа 8-14 жас аралығындағы жасөспірім балаларды дайындаған. Тіпті қазақ қыздары да жорға жарыстарына қатысып, шабандоздықты өздеріне серік еткен. Өкініштісі, әзірге той-томалақтарда ат шаптырып, бәйге ұйымдастырып, жеңімпаздарға сый-сияпат жасағанға, Ұлттық банктің 2008 жылы 6 қыркүйекте номиналы 500 теңгелік «Қыз қуу» теңгесін айналысқа енгізгеніне мәзбіз. Сонда ежелден халқымыздың қанына сіңген, сонау ғасырлар қойнауынан жаңа заманға жеткен ұлттық ойындарымызды өзіміз түгендемесек, кім түгендейді? Тәрбиелік мәні зор ұлттық ойындарымызды бүгінгі ұрпақтың бойына неліктен сіңірмеске?! Ұрпағының ұлт болып қалыптасуын ұмытпаған елдің ғана көсегесі көгеретінін ұмытпайық, ағайын!
Қазақтың ұлттық ойындарының зерттелуі
1. Ұлттық ойындарды оқу және тәрбие үрдісінде пайдаланудың өзектілігі
Қоғамымыздың іргетасын нығайту үшін бүгінгі жастарға үлгілі, өнегелі тәрбие беру - қазіргі міндеттердің бірі.
Балада жалпы адамзаттық құндылықтар мен адамның айналадағы дүниемен жеке тұлғалық қатынасын (этикалық, эстетикалық, адамгершілік тұрғысынан) тәрбиелеу мақсатын халқымыздың мәдени рухани мұрасының, салт-дәстүрінің озық үлгілерін оның бойына дарыту арқылы жүзеге асыруға болады. Осымен байланысты бағдарлама халқымызға тән әдептілік, қонақжайлық, мейірімділік, т. б. сияқты қасиеттер, табиғатқа деген қарым-қатынасындағы біздің халыққа тән ерекшеліктер. Жас ұрпақ өз халқының мәдениетімен, асыл мұраларымен ұлттық әдебиеттер арқылы танысып келеді. Халық ойынды тәрбие құралы деп таныған. Ойынды сабақта қолдану оқушылардың ой-өрісін жетілдірумен бірге, өз халқының асыл мұраларын бойына сіңіріп, кейінгі ұрпаққа жеткізе білу құралы. Бірақ оны жүргізуге арналған нақты әдістемелік құралдар жоқтың қасы. Зерттеу жұмысында орыс тілінде жазылған әдебиеттер қолданылды. Соның нәтижесінде қазіргі таңда тақырыптың өзектілігі туындап отыр. Халық педагогикасының адам, отбасы, өскелең жас ұрпақты тәрбиелеу туралы арман-мақсаттарын, орныққан пікірлерін, ұсыныстарын қамтып көрсететін педагогикалық идеялар мен салт-дәстүрлері өткен мен қазіргінің арасындағы байланысты көрсетеді. Ол тарихи даму барысындағы әлеуметтік мәні бар ақпаратта (білім, білік) т. б. жиналып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады. Ең алдымен, халық педагогикасы өскелең ұрпақтың еңбек пен өмір сүру бейнесінің негізі болып, оларды келешектегі қызметіне дайындайды. Біздің халықтық педагогикада еңбек тәрбиесі өте ертеден бастау алады. Ертеден келе жатқан еңбек тәрбиесінің әдіс-тәсілдер құралы, сөз жоқ, еңбек болып табылады. Еңбек адамның қалыптасуы мен тәрбиеленуінде бір ұрпақтан екінші ұрпаққа өмірлік тәжірибе береді және халықтың даму барысында шешуші роль атқарады. Еңбек ету кезінде адамның дене, ақыл-ой, эстетикалық дамуы мен еңбек тәрбиесі қатар жүреді. Халықтық педагогиканың ең бір көне тиімді құралдарының біріне ойын жатады. Ойын арқылы бала қоршаған ортаны өз бетінше зерделейді. Сөйтіп, өзінің өмірден байқағандарын іске асырып, қоршаған адамдардың іс-әрекетіне еліктейді. Соның нәтижесінде өзі көрген жағдайларды отбасылық тұрмыс пен қызмет түрлерін жаңғыртады. Мәселен, қазақтың ұлттық ойындары: «Бәйге», «Көкпар», «Алтын сақа», «Хан талапай», «Қыз қуу», «Тоғызқұмалақ» т. б. балалардың еңбекке деген қарым-қатынасы мен қабілеттерін арттырады. Одан кейінгі кезеңде қазақ халқының бай этнографиялық материалдарын жинақтаған және оның ішінде ұлт ойынының тәрбиелік маңызы туралы пікір айтқандар К. А. Покровский, А. И. Ивановский, Н. И. Гродеков, Е. А. Алекторов, Ә. Диваев, А. Левшин, Н. Пантусов, Ф. Лазаревский, П. П. Пашин, Г. С. Запряжский, А. Шиле, А. Харунзин, А. Горячкин, П. Ходыров, Е. Букин, О. Әлжанов, т. б. болды делінген. Е. Сағындықов өз еңбегінде: «Қазақтың ұлт ойындары тақырыпқа өте бай және әр алуан болады», - дей келіп, ұлт ойындарын негізінен үш салаға бөліп топтастырған. Ә. Диваев «Игры киргизских детей» атты еңбегінде тарихта алғаш рет қазақтың ұлттық ойындарын үш топқа бөліп қарастырады. Қазақ балаларының ұлттық ойынына тоқталғандардың бірі - орыс ғалымы А. Алекторов. Мәселен, оның «О рождении и воспитании детей киргизов, правилах и власти родителей» (Орынбор, 1891) атты еңбегіңн атауға болады. М. Жұмабаев ойындарды халық мәдениетінен бастау алар қайнар көзі, ойлау қабілетінің өсу қажеттілігі, тілдің, дене шынықтыру тәрбиесінің негізгі элементі деп тұжырымдайды. Кезінде ұлттық ойындарды зерттеген авторлар қатарында М. Тәнекеев, Б. Төтенаев, М. Балғымбаев, Ә. Бүркітбаев, т. б. есімдерін атауға болады. Кеңес Одағы кезіндегі ұлттық ойындардың маңызы мен қажеттілігін көрегендікпен қарастырған ғалым Б. Төтенаев «Қазақтың ұлттық ойындары» (Алматы, 1994) атты еңбегінде қазақ ойындарын бірнеше топқа бөліп, ойын шарттарын жазып, жастар үшін тәрбиелік мәнін зерделеп, ойын білдірген.
Сабақта және тәрбиеде, яғни балабақшалар мен бастауыш мектептерде ұлттық ойынды ұтымды пайдаланса, алдымен еңбекке баулу және дене шынықтыру пәндерінде оқушылардың өз бетімен жұмыс жасау дағдыларын қалыптастыру шарттары теориялық тұрғыдан негізделсе, онда оқушылардың білімге деген құштарлығын арттыруға және халықтың асыл мұрасын бойына сіңіріп, ұлттық сананы қалыптастыруға болады.
2. Қазақ халқының ұлттық ойындарының зерттелуі
Қай халықтың болмасын, оның ұлттық ойындарының белгілі бір мақсаты мен әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан ерекше қасиеттері болады. Сондықтан халық арасында қалыптасқан ойындар туралы сипаттамалық жинақтар, деректер және құжаттар дұрыс зерттеу мен талдауды қажет етеді.
Ұлттық дәстүрлі халық ойындарының ел арасындағы беделі, тарихи қоғамдағы алатын орны және болашақ ұрпақты өсірудегі қажеттілігі, оның шығу тарихы туралы ғылыми тұрғыдан бізге дейінгі ғалымдар да көп ізденді. Осы мәселеге байланысты зерделеген ғылыми еңбектерді біз хронологиялық шектігіне қарай бірнеше топқа бөліп қарастырамыз.
1. Орыстың отарлау саясаты кезеңіндегі алғашқы орыс әскери шенеуніктері мен миссионерлерінің көшпенділер хақындағы зерттеу жұмыстары;
2. Кеңес заманы кезеңіндегі Орта Азия және Қазақстан халықтарының ұлттық ойындары туралы жазылған ғылыми еңбектер;
3. Мектеп жасына дейінгі балаларды дене шынықтыруға баулу әдістерін педагогикалық сипаттағы бағыт-бағдарлама тұрғысынан зерттелген жинақтар.
4. Тәуелсіз егеменді елдер кезеңіндегі (1992 жылдан бүгінге дейін) аталған тақырыпқа қатысты ізденістер.
Алғашқы топтама еңбектің тарихнамалық тізгінін Ә. Диваевтың еңбегін талдаудан бастайық. Ол өзінің «Игры киргизских детей» атты еңбегінде тарихта алғаш рет қазақтың ұлттық ойындарын үш топқа бөліп қарастырады.
Ә. Диваев алғашқы топтағы ойын түріне рулық-қауымдық құрылыс кезеңінде өмірге келген ойындарды, екінші топтамадағы дәстүрлі ойындарға қозғалыс ойындарын, үшінші топқа - спорттық ойын түрлерін жатқызады. Ізденуші этнографтың дәлелдеуінше, халық ойындары балалардың іс-әрекетін, қимыл-қозғалысын дамытумен қатар денсаулығын шыңдауда тездетуші үрдіс әрекетін атқарады. Ә. Диваев: «Как киргизы развлекают детей» деген мақаласында: «бала бас бармағын көтеріп оған пайғамбарымыз не дейді деп көк аспанға қарап, құдай тәңірінен рұқсат сұраған», - дей келіп, «Бес саусақ» ойыны мен саусақ атауларын алға тартады және аталған мақалада саусақ пен қимыл-қозғалыс жасау әрекеті негізінде баланы тәрбиелеп, шынықтырудың үлкен даналық философиялық мағынасы жатқандығы сөз етіледі.
Қазақ балаларының ұлттық ойынына тоқталғандардың бірі - орыс ғалымы А. Алекторов. Мәселен, оның «О рождении и воспитании детей киргизов, правилах и власти родителей» (Орынбор, 1891) атты еңбегін атауға болады.
Автор бұл еңбегінде көшпенді қазақ халқының өмір сүру салтындағы баланың дүниеге келген сәтінен бастап өсу динамикасына дейін ұлттық ойын мен қимыл-қозғалыс әрекетінің алатын орны және балғындардың денсаулығы мен дене мүшесінің қалыптасып дамуындағы жеке халық ойындарының қажетті жақтарын ашып көрсетеді. Қазақтың белгілі ғалым ағартушылары А. Құнанбаев, Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин халық ойындарының балаларға білім берудегі тәрбиелік мәнін жоғары бағалап, өткен ұрпақтың дәстүрі мен алтын құрметтеп, адамдардың ойы мен іс-әрекетін танып түсінуде жастардың эстетикалық, адамгершілік ой талабының өсуіне оның атқаратын қызметін жоғары бағаласа, М. Жұмабаев ойындарды халық мәдениетінің бастау алар қайнар көзі, ойлау қабілетінің өсу қажеттілігі, тілдің, дене шынықтыру тәрбиесінің негізгі элементі деп тұжырымдайды. Ұлттық ойындар халық тәрбиесінің дәстүрлі табиғатының жалғасы. Ежелден дәстүрлі ойындарда халықтың өмір сүру әдісі, тұрмыс-тіршілік еңбегі, ұлттық дәстүрлері, батырлық-батылдық туралы түсінігі, адалдыққа, күштілікке ұмтылуы, шыдамдылық, т. б. құндылықтарға мән берілуі - халық данышпандығының белгісі.
ХХ ғасырдың басында өмір сүрген этнограф М. Гуннер қазақтың ұлттық ойындарын былайша жіктейді:
1. Жалпы ойындар;
2. Қарсыласу мен күресу сипатындағы ойындар;
3. Ашық алаңқайдағы ойындар;
4. Қыс мезгіліндегі ойындар;
5. Демалыс ойындары;
6. Ат үстіндегі ойындар;
7. Аттракциондық-көрініс ойындар.
Қазақтың ұлттық қозғалыс ойындарын спорттық ойындардан ажыратып, алғаш рет бөліп қараған ғалым М. Гуннер қазақ ойындарына топтамалық жіктеу жасай отырып, ұлттық ойындарды оқу үрдісінде пайдалануға ұсыныс жасайды. Бұл жерде айта кететін бір жайт, Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1943 жылғы шешіміне сәйкес 1949 жылы жарық көрген «Краткий сборник казахских народно-национальных видов спорта» атты еңбегі М. Гуннердің толықтырып, өңделген кітабы. ХХ ғасырдың басында көшпенді халықтар: қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен, қалмақ, т. б. отар елдері туралы этнографиялық деректер жинақтап, олардың ұлттық мәдениетінің тармағы - халық ойындары, оның ішіндегі құрамдас бөлшегі болар ойынын жинап зерттеуді Түркістан генерал-губернаторы арнайы шенеуніктер мен миссионер ғалымдарға жүктеген. Орыс ғалымы А. Васильев «Игры сартовских детей» атты мақаласында Ферғана және Сырдария аймақтарын мекендеген өзбек халқының ұлттық ойындарының бірнеше түрлерін ажыратып, топқа бөліп, нақты зерттеген.
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz