Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Табиғат пен адам

Мукатова Д.М., химия,биология пәні мұғалімі.
<<№21 жалпы орта білім беретін мектеп>> КММ,Семей қаласы, ШҚО

Экологиялық білім берудегі ұлттық әдет-ғұрып,салт-сананың маңызы
ҚР-ның өркениетті өркендей өсіп, экономикасы қарыштай дамып отырған кезеңде, болашаққа көз жүгірте отырып экологиялық мәселені жоспарламау мүмкін емес. Адамның қоршаған ортамен тығыз байланысы, ауаның, судың, топырақтың ластануы, табиғат ресурстарының азаюы, биосфера тепе-теңдігінің бұзылуы, өсімдік,жануар түрлерінің азаюы т.б. адам денсаулығына, өмір сүру жағдайына кері әсерін тигізуде. Сондықтан жас ұрпаққа экологиялық білім берудің қажеттігі өте зор. Экологиялық білім берудің негізгі мақсаты - адамның табиғатқа, оны сақтап қалуға жауапкершілігін арттыру, тиімді пайдалана білу. Адам өзінің жалпы экологиялық мәдениетін қалыптастырып,үздіксіз білім алуы керек.
Білім беру жүйесі қоғамның өзгеруімен бірге үнемі өзгеріп, дамып отырады. Қазіргі кезде білім беру жүйесінің ең басты міндеті - білім берудің ұлттық модуліне өту арқылы білім деңгейін халықаралық дәрежеге көтеру. Ғылым білім мен ақпарат көздерінің мөлшері және оның қажеттігі өте тез өсуде. Қазіргі ақпарат дәуіріндегі интернет жүйесі оқушылардың танымдық қабілетін кеңейтіп, ізденгіштігін күшейте түседі. Әсіресе жаратылыстану ғылымдарын оқытуда экологиялық білім берудің ролі зор.Экологиялық білім,сыртқы ортаны тану білім көздері ақпараттық жүйеге негізделген. Инновациялық әдіс-тәсілдерді пайдалану арқылы оқушылардың қоршаған ортаға деген танымдық қызметінің құрылымын дамытуға болады.
Адамдардың қоршаған ортаға деген көзқарасы дөрекіленіп кеткен сияқты. Себебі,балабақшадан бастап санамызда табиғатқа деген жанашылық емес, тұтынушылық көзқарас қалыптасты. Табиғаттың ішкі даму заңдылығын терең түсінбей жатып оған аяусыздықпен қол жұмсаудың ақыры, экологиялық апатқа апарып соғып отыр. Бұл бір. Екіншіден эклогиялық саясат деген болмады. Сондықтан табиғатқа деген дөрекі көзқарас өзгермеді. Сөйтіп табиғаттың тепе-теңдігі бұзылып, химия, мұнай,металлургия т.б сарқынды сулары қалдықтарының зардабын тартудамыз.
Экология - табиғат пен адамның түйісер жері. Экология мәселесі - адамзаттың болашағымен тығыз байланысты. Адамдар экологиялық сауатты болу керек. Сондықтан оларға жастайынан экологиялық білім мен тәрбие берілуі тиіс.
Әр халықтың өмір бойы жиналып қалыптасқан, өзіне тән салт-сана,дәстүрлері болады. Бұл салт-сана сол халықтың дүниеге, өмірге көзқарасы мен рухани күйінен туған. Сондықтан да ол халықтың жан дүниесінің айнасы,ұрпақтарының қадір тұтар мұрасы болып сақталады.
Қазақ халқының ұлттық әдет-ғұрыптары өте көп. Соның бірі - туған жер табиғатына деген көзқарасын, оны түсініп, ұғынуын,аялауы мен орнын тауып пайдалануын,адамзат игілігіне жаратуын сөз етпекпіз. Соның ішінде ежелден келе жатқан, бүгінде ұмыт бола бастаған табиғатқа сену мен сиынуға байланысты әдет-ғұрыптарға тоқталамыз. Қазақ халқы ғасырлар бойы табиғат құшағында көшіп-қонып жүріп,оның сырын жақсы білуге дағдыланған. Осының арқасында халқымыз табиғатпен етене біртұтас болып кеткен. Халық ұғымында табиғат деген қасиетті сөз <<туған жер>>, <<өскен ел>>, <<атамекен>>, <<аяулы өлке>>, <<ауылым>> деген тұла бойға нәр беріп, жөректі шымырлататын аса қымбат сөздермен қатар тұрады. Белгілі жазушы,ғалым Ақселеу Сейдімбеков өз шығармаларында халқымыз бен табиғат арасындағы өндестікті,бірлікті ерекше атап өткен : <<Көшпелі өмір салты табиғи географиялық дара бітімдегі биосфераға бірден-бір үйлесетін халық. Ата-бабамыз туған жеріне кіндік қанын ғана тамызып қоймаған, қажет болса, жүрек қанын да төге білген>>. Халқымыздың қажырлы да қайсар, батыр да батыл ұлы Бауыржан Момышұлы атамыз: <<Сұлулық дегеннің тамыры табиғаттану деген нәрседе жатыр. Мысалы гүлді алайық. Сол гүлдерге біз сұлу емессің деп айта алмаймыз. Ол табиғаттың жасаған сұлулығы. Аңдардың ішінде же сұлуы аз емес. Құстарды да алып қарағын. Олардың ішінде де қаншама сұлулар бар. Сол себепті, қарағым, сұлулық деген нәрсенің өзі табиғаттың творчествосы. Осы күнде ғалымбыз деп жүрген, бірақ табиғатқа қарсылық ету күнә>> деп, табиғат сұлулығын сезіне білу және аялау қажеттігін ерекше ескерткен жөн.
Ертеректе Қазақстан жерінде болған ғалымдар, саяхатшылар өз еңбектерінде қазақ халқының табиғатты бақылай білу қабілетін, оған деген қамқорлық қасиеттерін ерекше атап өткен. Қазіргі кездегі экологиялық мәселелер бүкіл адам баласын ойландырып отырған кезде халқымыздың бұл салада қалдырған тағылымдылық та, тәрбиелік те мәні зор асыл мұраларына көңіл бөлу ерекше қажет болып отыр.
Халқымыздың табиғатқа деген сүйіспеншілігі және оны көздің қарашығындай сақтап келуі жайында қазіргі жастарға үлгі-өнеге боларлық асыл мұралар даналық ұғымдар түрінде, мақал-мәтел,нақыл сөз,аңыз әңгіме, ырымдар мен тыйымдар арқылы жетіп отырған.
Ерте кезде халқымыз табиғаттың кейбір туындыларын киелі, қасиетті деп санап, оларды өлтіруге, жоюға болмайтындығына ерекше мән берген. Сонымен бірге табиғат пен адамды біртұтас, бір-бірінен бөлуге болмайды деп қараған. Сондықтан адам табиғаттан өз керегін ғана алып қалғанына ешуақытта зиянын тигізбеген. Халқымыздың мақтанышы болып отырған ғалым Ш.Уәлиханов: << Табиғат пен адам! Өзіңіз айтыңызшы, тіршілікте одан ғажап, олардан құпия не бар? Қазақтар киеге үлкен мән береді. Табиғаттағы кейбір жануарлар мен құстарды, көшпелі тұрмысқа қажетті заттардың киелі деп қастерлейді. Осы аталғандарды құрмет тұту, ырым жоралғысын жасап тұру адам баласына байлық пен бақыт, құт әкеледі>> деп атап көрсеткен. Халық табиғаттағы өздері қастерлеген жерлерді <<әулие бұлақ>>, <<әулие ағаш>> деп атап, оларды көздің қарашығындай қорғап отырған, ал қарлығаш,аққу, ұлар т.б. жануарларды жақсылықтың жаршысы, бақыттың бастамасы,игіліктің иесі деп ұясын бұзуға, балапанын жоюға не өздерін өлтіруге рұқсат етпген. Әсіресе жабайы аңдардың буаз болған мерзімінде, төлдеген кезінде атуға болмайды, киесі ұрады деп есептеп, оларға да мылтық кеземеген.Мына жыр жолдары соның айғағы болмақ:
Қасиетті сөз бар еді <<кие>> деген,
Киеліге жоламас күйе деген.
Жерін,елін, Отанын сүйетіндер,
Ең алдымен бұл сөзді сүйеді ерен.

Тірі нәрсе - шөп деген, көгал деген,
Көкті жұлма болады обал деген.
Ата-анамыз жыланға үйге келген,
Ақ сүт құйып басына <<жоғал>> деген.

Халық даналығында халқымыздың табиғатқа жанашырлық қасиетін аңғартатын аңыз әңгімелер де көп. Табиғат деген сөз Жер - Ана, туған жер,атамекен сөздері түрінде көбірек айтылады. Осыған орай нақыл, даналық сөздер де көп. Мысалы, <<Жері байдың, елі бай>>, <<Күте білсең, жер жомарт>>, <<Жер - байлықтың көзі>> , <<Жер - тіршілік бесігі>>, <<Жер ана, ел - бала>> т.б. табиғаттың бар байлығы жермен тікелей байланысты , содан нән алады. Сондықтан да бұл ғылымдағы табиғат құбылыстары, заңдылықтары, байлықтары бір - бірімен өзара байланысты екенін білдіреді. Мұны Шәкәрім атамыздың жыр жолдарынан байқауға болады:
Шымды жерде көресіз қара топырақ,
Шіріген шөп, тозаңнан болған құрақ.
Егер оған дым тиіп, күн жылытса,
Жан кіріп, шөп шығады гүл, жапырақ.
Қорқыт атаның артында қалдырған өсиет сөздерінде <<Қаратауларың құламасын, саялы ағаш сынбасын, қанаттарың қырқылмасын>> деген ұғымдар айналадағыны аялай біл деген сөз. Ал Қашаған ақын орманның адам үшін маңызына ерекше тоқталған:
Жаның сая табатын,
Орман болған бұл ағаш.
Қорыққанда жалғызға,
Қорған болған бұл ағаш:
Кәсіп болған бұл ағаш.
Бесік болған бұл ағаш.
Найзасына батырдың,
Сап та болған бұл ағаш.
Кәрі менен жесірге,
Қуат болған бұл ағаш.
Мынау жарық дүниедегі әсем өсімдіктер мен қыруар қызықтар, рухани рахаттар, таңғажайып тамашалар Жер-Ананың жүзінде өтіп жатады. Қасиетті Жер-Ана - алып Күнді айналып жүретін 7 ғаламшардың ең құдіреттісі. Өйткені өрнекті жер жүзінде тыныстайтын ауа, сусындайтын су, сәулеттендіретін сәуле, қайнаған өмір бар. Жер - Ана - бүкіладамзатқа ортақ мерекелі мекен. Бүкіләлемдік тіршіліктің құдіретті төрт негізі бар: күн - ана,жер-ана,ауа мен су. Егер осы төрт негіздің біреуі болмаса,тіршілік тоқтайды. Сондықтан адамзат оларды ардақтап,қастерлейді.
Күн - барлық тіршіліктің құдіретті тірегі. Ертеде адамзат Күнді жаратқанның жаратуышысы деп, табынып, барлық тіршілікте Күнннің құдіретіне сүйенген. Шын мәнінде мынау жарық дүниенің өзі күннің сәулесі мен жылылығынан қуат алып тұр. Сондықтан дакүн тұрған аспан әлемін қастерлеп, <<аспанға қарап түкірме>>, <<аспанға тас лақтырма>> деп, ырым-тыйым жасайды. Күннің нұры - сә - лесі, құдіретті күші - Әлемдегі барлық тіршілік оттың күшімен қозғалысқа түсіп, адам өмірін өркендетіп тұр. Отты халық қастерлеп <<отты баспа>>, <<отпен ойнама>>, <<отқа түкірме>> деп, тыйым жасап, кесір-өырсықты отпен аластап, отқа табынған. Отбасы, отағасы, отау деген сөздер оттың құдіретін қастерлеуден шыққан. Найзағайдың жарқылы, мотордың от алуы, оқтың атылуы - бәрі де оттың әсері. Тек сол оттың әулиелілігін қадірлеп, отты дұрыс пайдалана білу адамның ақыл, біліміне байланысты.
Қазіргі заманда күннің құдіретін бөгеп, аспандағы озон қабатын ыдыратқан техникалық зардаптарға қарсы шаралар жүргізілуде. Қазақ <<отбасы аман болсын>>, <<шырағың сөнбесін>> деп, отбасынан бастап бүкіл адамзаттың, барлық тіршіліктің анасы - күн амандығын тілейді.
Жер-ана барлық тіршілікке нәр беріп,анамыздай асырап жатыр. Адам баласы ғасырлар бойы жерге таласып, қан төгіп,қырғынға ұшырады. Бірақ жер - ананы аялау,оны бүлдірмеу үшін, әрқилы әрекет жасауды соңғы 20 ғасырдан бастап қолға ала бастады. Қазақ халқы жер-ананы әулие тұтады. <<Баптағанға - жер жомарт>>, <<Жеміс - жерде, жеңіс - ерде>> деп, жер- ананы аялайды,баптайды. Халық <<жерді теппе>>, <<топырақ шашпа>>, <<жерді жамандама>> деп, ырымдап, жер-ананы қастерлеуді үйретеді.
Жер бетіндені өмір сүрудің негізгі бір тірегі - су. өсімдік,жануар, адамзат сусыз өмір сүре алмайды. Судың шығып жатқан жерін <<әулие бұлақ>>, <<әулие көл>> дейді. <<Судың да сұрауы бар>>деп, суды ысырап жасамау керек екенін ата-анамыз өз ұрпақтарына ескертіп отырады. <<Сулы жер- нулы жер>>, <<Өзен бар жерде өмір бар>>, <<Бұлақ көрсең, көзін аш>>, <<Судай таза, сүттей ақ бол>> деп,халық өмір мен тұрмыстың жақсы болуы суға байланысты екенін, сондықтан бұлақтың көзін ашып, тоған тазалап, судың ағысына арна жасай білуді уағыздайды. <<Суды улама>> деп, судың тазалығын сақтауды талап етеді. Суды дұрыс пайдалана білмегендіктен, Арал теңізінің тартылуы, өзен-көлдердің улануы халықты күйзелтуде. Өзен-көлдерден құстар мен аңдардың кете бастауы - қасірет. Ел еңбектеніп, ұрпақтарын табиғат апатына қарсы күреске тәрбиелейді.
Жер бетіндегі өмір ырғағын жасап тұрған құдіретті нәрсе - ауа. <<Ауа - өмір тынысы>> дейді халық. <<Асқар таудың ауасы- аурудың дауасы>>, <<Ауаны былғама,алланың демі>> деп, халық кең ауаны, таза самалды қасиет тұтқан. Ауаны былғау қылмыс деп есептеген. Ең қымбатты,қажетті нәрсені <<ауадай қажет>> деп,халық ауаны қымбаттың қымбаты деп бағалайды. <<Ауаны қылышпен еспе>> деп тыйым салады. Демек, тіршіліктің төрт тірегін қастерлеу - халық салты, өмір заңы.
Қазақта <<Ер туған жерінде, ит тойған жерінде>> деген мақал бар. Әрбір адамның туған жері - бәрінен де қымбат. Өйткені сол жердің топырағында өсіп, ауасымен тынытады, табиғатымен біте қайнасып, адам болып қалыптасты. Сондықтан да әр адам туған жерін қорғайды, аялайды,күтеді,қастерлейді.
Туған жерімізде <<әулие тал>>, <<әулие бұлақ>>, <<хан тәңірі>>, <<бесік тау>> деген қасиетті атаулар бар.Атынан көрініп тұрғандай, бұл әулие әрікиелі жаратылысқа дақ салмай,аялап күтіп, ардақтап сақтау - әрбір адамның перзенттік борышы. <<Бұлақ көрсең, көзін аш>>, <<Жол үстінде тас жатса,алып таста>>, <<Гүлді жұлма>>, <<Ағашты жастай қырықпа>>, <<Шыңнан тас домалатпа>>, <<Құмырсқаның илеуін бұзба>>, <<Судың да сұрауы бар>>, <<Суды ысырап қылма>>, <<Аққуды атпа>>, <<Құс ұясын бұзба>>, <<Артыңда мал қалғанша, тал қалсын>> т.б. тыйымдар мен мақалдар табиғатқа байланысты әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлердің ертеден қалыптасқанын көрсетеді. Ата-бабамыз ұрпақтарына табиғатты аялауды әрқашан да әдеппен аңғартып отырған.
Табиғатты аялап, оның қызықтарын көре білген халқымыз табиғат заңдылықтары мен оның сиқырлы сырларын да жақсы білген. <<Ай қораланса,аяғыңды сайла, күн қораланса, күрегіңді сайла>> деп,күн райының құбылуын ай бетіне, күн жүзіне, жұлдыздарға қарап болжаған. Ай шалқайып туса, <<өзіне жайлы, шаруаға жайсыз>> деп, ол айда жауын-шашын, жел,құбылмалы ауа-райы болатынын алдын ала біліп, күнделікті тұрмыста қолдана білген. Тіпті <<Түнде жұлдыз жиі көрінсе,күндіз ашық болады>>, <<Жатқанға дейін үркер жамбасқа келсе, жаз шықпағанда несі қалды>> деп, көктемнің келуіне байланысты ауа-райының құбылыстарын күні бұрын болжап, жыл мезгілдерінің кезеңдерін айқындап, жақсылыққа жадырап,әсем табиғатты әдепен қорғаған. Халық арасында туған жер туралы әндер мен күйлер өнер адамдарының, өнерпаз халқымыздың туған жерді ардақтай сүйетінін дәлелдейді. Құрманғазы атамыздың <<Сарыарқа>> , <<Алатау>>, Тәттімбет атамыздың <<Саржайлау>> күйлері кең даламыздың тамаша табиғатын көз алдымызға келтіреді.
Әрбір адамның табиғатқа деген қарым қатынасы оның жас кезінен бастап,жанұяда,балабақшада, мектепте, арнаулы орта және жоғары оқу орындарында алған тәрбиесіне тікелей байланысты екені белгілі. Бұл салада да халықтық педагогиканың озық үлгілерін пайдалану ұстаз бен тәрбиешінің төл ісі, азаматтық борышы және парасатты парызы болмақ.
Біздің мақсатымыз - осы ата-бабамыздың асыл қасиетін ұрпақтан-ұрпаққа өтіп дамуына көмектесу. Сонда ғана ұстаздар,педагогика ғылымы өз асыл міндеттерін адал атқарып,асыл табиғатты адамның мәңгілікке сақтап қалуына көмектеседі. Айналадағы орта жайындағы білім пәнаралық және пән тұрғысында қарастырылуы керек,яғни экологиялық арнайы жеке пән деп қарамай, барлық оқу жоспарында пәндерді айналадағы ортаны қорғау идеясына бағындыру деп ұққан жөн. Сонда оқушылардың айналадағы табиғи орта туралы біртұтас түсінік алуына болашақ мамандардың айналадағы табиғи ортаға тигізетін нәтижелі тәсілдер ықпалы мен әсерін бағалай білуіне мүмкіндік туады.

Ұқсас жұмыстар
Табиғат - адам өмірінің негізі
Табиғаттан нәр алып
Табиғат пен адам тұтастығын көрсететін теңеулерді жалғастырып жазыңдар
Балалардың табиғат туралы түсінігін анықтау
Табиғатты қорғайық
Мектеп жасына дейінгі балаға экологиялық тәрбие беру маңыздылығы
Өлі және тірі табиғат
Табиғат-тал бесігім
"Ағза және қоршаған орта"
Жануарлардың тіршілік ортасы және мекен ортасы
Пәндер