Сабақ жоспары :: Қазақ тілі
Файл қосу
Сын жұмысы жинақтары
Сын жұмысы жинақтары
Ақсақ киік
Басқалардан оқшау қала бастаған жаралы киік оқ тигеніне қарамастан,
шоқақтап келеді. Құс сияқты қанаты болмаса да, жерден биік көтеріле алмаса
да, жас киік әлі ширақ көрінеді. Бірақ киік пен шапқан аттар аралығындағы
қашықтық бірте-бірте қысқара түсті.
Кедей ауылдың сыртында ойнап жүрген топ бала бұл көрініске таңырқай
қалыпты. Киіктер көзден таса болып, қуғыншылар әбден көрінбей кеткенше, топ
бала аттылар соңында қалған бозғылт шаңның сүреңіне қарады да тұрды.
Әсіресе, топ ішіндегі баланың жасы онға жаңа келген қыз бала әлгі
көріністерге зер сала қарады. Жас болғанмен, оның жүрегінде әлдебір
аяныштың ізі қалып қойғандай еді. (90 сөз)
Тоқсан би мен Құнанбай
Құнанбай аға сұлтан кезінде Бөжей, Байдалымен араздасып, Омбы қаласына
айдалып бара жатқанда, Керей елінің атақты биі Тоқсанның үйіне қоныпты.
Қонақасы жеп, бимен түні бойы әңгімелесіп, ертеңіне атқа қонып Құнанбай
жолға түсіп кетіп бара жатқанда, Тоқсан би Құнанбайдың артынан айқайлап,
«Құнанжан, аттың басын қайта бұрма, өзің мойныңды бұр», - деп, былай депті:
Тұманның арты жұт болар,
Тұмаудың арты құрт болар.
Заңдасып босқа қайтесің,
Заңшылдың түбі сот болар.
дегенде, Құнанбай:
Тұманның арты жұт болып қайтер дейсің,
Қопадан қоныс алған соң.
Тұмаудың арты құрт болып не қылар дейсің,
Тәңірім шипа салған соң.
Заңшылдың түбі сот болып қайтер дейсің,
Алтынды пұттап алған соң, - деп жүріп кетіпті. (100 сөз)
Бала Шоқан
Қыс ортасынан былай Шоқан орыс тіліндегі әдебиет кітаптарын құныға оқитын
болып алды. Бірақ ондай кітаптар Шоқан қолына көп түсе бермейді. Әсіресе
корпус кітапханасында әдебиет кітаптары жоқтың қасы. Ал аздаған кітаптар
рота балаларының қолынан босамайды. Оның өзін де кезек күтіп, әрең дегенде
қолдарына түсіреді. Осы кітаптардың әсерінен болар. Шоқан мен Григорийдің
ізденгіш ойшыл мінездері өздерінің сыныптарындағы көп балаларға әсерін
тигізіп, кітап оқу, ілім іздену балалар арасында жақсы өрістеді. Соның
арқасында Шоқан бастаған сыныптың балалары озық, тәртіпті сыныпқа, үлгілі
оқушылар атына ие бола берді. (82 сөз)
(С.Бегалин)
Сәбит Мұқанов
Сәбит Мұқанов - атақты жазушы. Ол Орынбордағы рабфакты 1926 жылы бітіреді.
Сәбит 1935 жылы Мәскеудегі Қызыл профессура институтының әдебиет бөлімін
бітіргеннен кейін «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы болып істейді.
С.Мұқановтың өлеңдері 1922 жылдан бастап жариялана бастайды. Оның «Сұлушаш»
поэмасы, «Ботагөз» романы, «Өмір мектебі» трилогиясы, «Шоқан Уәлиханов»
пьесасы тағы басқа көптеген шығармалары бар. Сәбит шығармалары әлемнің 50
шақты тіліне аударылды.
Алматыда С.Мұқановтың әдеби-мемориалдық мұражай үйі, жазушының атымен
аталатын көше бар. (70 сөз)
Аға сұлтан – Құнанбай
Аға сұлтан болып тұрған жылдары Құнанбай Қарқаралы қаласына мешіт-медресе
тұрғызады. Өзінің қол астындағы ауылдардың үлкен-кішісін сол мешіт-
медресеге тартады. Жас балаларды оқытып, мұсылмандыққа, имандылыққа
баулиды. Жасы жетпістен аса бастағанда ел басқару, билікті балаларына
тапсырып, өзі Меккеге қажылыққа барады. Қазақ елінен өзге мұсылман жұртынан
түсіп, қонып тұрсын деп, өз қаражатына Меккеден «Тақия» деген тұрғын үй
салдырады. Сөйтіп, сол кезден бастап көптеген келім-кетім мұсылмандардың
сауабын алады. (67 сөз)
Мұң
Өткен он айдың ішінде мен бірнеше шабуылда болдым. Өлімді тіпті көп көрдім.
Жақын жолдасыңның қиналып барып жан тапсыруын көруден ауыр не болады
дейсің. Ол-жаныңа жаны қосылған досыңның өлімі, ол-тізе қосып бірге алысқан
жолдасыңның өлімі.
Жауды мен аямаймын, оның өліміне ішім қынжылмайды: өйткені, мен адамды
емес, адам бейнелі айуанды қырып жүргенімді жақсы білемін. Ал енді қасында
ғана қызыл әскерше киінген қыршын жас өліп жатқанда жүрегің қатгы ауырады,
құрбылар! Осы ғажап қырғын, сұрапыл алыс үстінде жаныңа сүйеу болатын
нәрсе: біздің жігіттер ерлерше өліп жатыр деген берік сенім. Олардың
өлімінде де өмір бар! (99 сөз)
(Ғ.Мүсірепов)
Арпалыс
Аңылжыған айдала. Терістіктен темірдей қарып ызғырық жел еседі. Жападан-
жалғыз. Шалқасынан жатыр. Бүкіл ту сырты тұтаса мұздап, тұрайын десе, тұра
алмайды. Өзіне не болғанын білмейді. Аттан жығылған деуге сынған, мертіккен
ештеңесі жоқ сияқты. Бірақ, тұла бойы ап-ауыр.
Жып-жылы бірдеңе маңдайын қайта-қайта сипалайды. Бұл не болды екен? Жүгенін
сылдырлатып, қасына кеп, жылқы қайыратын шара көз шабдар айғыры жұп-жұмсақ
еріндерімен мандайын ұйпалап, иіскеп тұрғаннан сау ма? Жоқ, әлде... Бірақ,
олай болуы мүмкін емес. Ол ешқашан бұның маңайына бүйтіп жақындап көрген
жоқ. Тек анадайдан анда-санда ғана бір жылжып қоятын. Ал, қазір... Қасына
келгендей... Маңдайынан сипағандай. Құлағына бірдеңе деп күбірлегендей.
(100 сөз)
(Ә.Кекілбаев)
Жолда
Күн шайдай, ашық, жылы еді. Аспанда бұлт жоқ. Жел де жоқ. Хамит жалғыз, бір
ескілеу жолмен келеді. Айнала қалың иірім-иірім орман. Бойлап, таласа,
жарыса шыққан қайың мен қарағай және әредік қалың қайың, қарағаймен жарыса
шыққан теректер де көрінеді. Қайың мен терек ағаштардың жапырақтары сарғылт
тартып, сарғая бастаған.
Хамит төңірекке қарап, қалың жылқысын түстеп түгендеген жылқышыша,
ағаштарды аралап келеді. Иірім-иірім орманның ара-арасы - далаң-далаңқай
ашық. Далаңқай жердің шөптері бурыл тартып бозарған. Кейбір шөбі, шалғыны
қалың жерлер шабылған. Әр жерде, анда-санда үюлі тұрған шошақтар көрінеді.
Кей жерлерде қыстаулар бар. Қыстау маңында жайылып жүрген мал. (95 сөз)
(С.Сейфуллин)
Алтын күз
Содан бері бір жылға тарта уақыт өтті. Тағы да міне, күз келіп қалды.
Жомарт күз! Береген күз. Алтын күз деп жылдың осы тамаша мерзіміне
қастерлеп тағылмаған ат бар ма? Дарқан күзді тіліне тиек етіп жырламаған
ақын-жазушы, күз бейнесі жүрегін толқытпаған суретші бар ма?
Күз тынысы, күз өңі, күз әуезі шабытына шабыт қосып, шалқытпаған нәзік
жанды музыкант бар ма?
Жоқ, шынайы талант иелерінің арасында ондай көрбала соқырлардың болуы
мүмкін емес.
Күз келгенін далада телегей-теңіз астық дариясының сары ала тартқан
дидарына қарап білесің. Ал қалада да күзге салым жаппай сарғая бастайтын
нәрселер бар. Күз келгенін қалада осыдан да байқауға болады. (100 сөз)
Жолда туған ойлар
Кешкі мезгіл. Түнерген аспан оқтын-оқтын жауып кетеді. Жаз шықса да күн
жөнді жылынбаған. Вокзал басында сапырылысқан жұрттың ішінде жақ жүні
үрпигендер көп. Қоңырау қағылды. Паровоз үні естілді. Вагонға кірдік.
Самолетпен ұшуға дағдыланып, поезбен жүрмегелі бірсыпыра уақыт өткен. Кәрі
тарланның таныс дүрсілін сағынсақ керек, құлаққа жағымды тиеді. Теңселе
отырып, терезеге үңілудеміз... Аңқиып жататын екі Алматының арасы лық толы.
Айсыз, бұлтсыз түндері аспанды безеген сансыз көп жұлдыздардай талай
заманнан бергі қараңғы қаланы қараңғы түнде жыпырлаған электр шамдары
жайнатып тұр. Көз қазіргіге түскенде, көңіл сонау алыстағыны елестетті...
(85 сөз)
(Ғ.Мұстафин)
Данияр
Ертеде Данияр деген бір бала болыпты. Қалалы жерде өмірге келген оның
денсаулығы нашар екен. Жиі-жиі сырқаттанып, ауруханаға түсе беріпті. Бір
қызығы - дімкәстігі оны онша қынжылта қоймапты. «Бала болғаннан кейін,
өстіп науқастану керек шығар», - деп ойлапты. Сөйтіп жүріп, әр түрлі ем
алуға, дәрі-дәрмекке еті үйреніп кетіпті.
Даниярдың көзін аша салып көргені - қабат-қабат биік үйлер, асфальт
төселген кең көшелер, жарқылдаған жарықтар, арлы-берлі ағылған қалың
машина. Солардың арасында жасыл желекті ағаштар мен қызыл ала гүлдер
кездесіп қалады. Данияр енді сол гүлдерді көру үшін көшеге шығатын болды.
Ол әлгі гүлдерді өзіне ұқсатты. (90 сөз)
Әпкем
Күн райы да менің көңілім сияқты. Аспанды қалың бұлт торлаған. Анда-санда
тырс-тырс тамшылар тамып қояды. Күз айы ғой бұл. Әпкемді ойлап сағынып
келемін. Жаңа клубтың алдынан өтіп бара жатқанда, көз алдым бұлдырап
кеткен. Сөмкем ап-ауыр. Әпкем осыны алдын-ала ойласа керек, арқама асып
қоятын сөмкі әперіпті. Сонда да зілдей. Анау тұрған қызыл шатырлы кішкене
үй әпкемнің үйі. Мен сонда беттедім. Асығу керек. Мені атам мен әжем күтіп
отыр. Әнеки, үйдің алдына атам шықты. Маған қолын бұлғады. «Бұрын
бүйтпейтін еді, не боп қалды екен? Әлде әпкем келді ме? Келсе, неге менің
алдымнан шықпайды?» Осындай сауалдар мазалаған мен асығып келемін. (100
сөз)
Әлем жеңіскері - Дәулет Тұрлыханов
Классикалық күрестің шебері. Дәулет Тұрлыхановтың есімі дүние жүзіне жақсы
таныс. Ол - әлем және құрлық жеңіскері, Сеул олимпиадасының күміс жүлдегері
және қатарынан 5 рет бұрынғы ҚСРО біріншілігінің жеңіскері болды.
1991 жылғы мамырдың 13-14-інде астанадағы Спорт Сарайында Дәулеттей атақты
палуанның құрметіне Қазақ теледидарының спорт редакциясындағы журналистер
той өткізді. Бұл салтанатқа ел намысын қорғап жүрген әлем және Еуропа
жарыстарының бірнеше дүркін жеңімпаздары: А.Игнатенко, Г.Атмакин,
К.Маджетов келіп, командалас әріптестерінің қуанышын бірге бөлісті.
Мерекеге туған аулынан ата-анасы, аға-інілері, қарындастары келді. Бір
үйдегі он баланың сегізі - ұл.
Бәрі әкелері Болат Тұрлыхановтың (бұрынғы ҚСРО-ның еңбек сіңірген
жаттықтырушысы) арқасында классикалық күреспен айналысады. (101 сөз)
(«Алматы ақшамы» газетінен)
Мейірім
Мұз сұп-суық еді. Күн ұзақ шатырға ілініп ап, міз бақпай тұра беруден
жалықпайтын. Балалар қызығып ұстағысы келсе, өзінің сұп-суық денесімен
қарып алатын. Оған адамдардың мейірімі жетпейтін еді. Ол өткен-кеткендерден
мейірім күтіп, ұзақ тұрды. Мейірім үшін өзін құрбан етуге, еріп су боп ағып
кетуге бар еді.
Көктем келді. Күн шықты. Күн жер бетіндегі тіршіліктің бәрін бірдей
көретін. Кенет мұзға көзі түсті. Сол-ақ екен, күлімдеді.
- Неткен сұлу едің? - деді Күн.
- Сен де, - деді мұз. Мұздың тұла-бойы балқып, бірте-бірте еріп бара
жатты... (90 сөз)
Көксерек
Қыс қатты. Қар қалың. Қасқырды қар көтереді. Атты көтере алмайды. Сондықтан
талай рет ат жаратып, шоқпар қамдап, қуамын деген жігіттер болса да, еш
нәрсе қыла алмады.
Бір рет қана белгілі бәйге жирен атымен Арыстанбек шығып, соңдарынан түсіп
еді. Оны адырдан-адырға салып, адастырып кетті.
Маңайлатпайтын жерден, алыстан мылтық атып қорқытпақ болғандар да бар еді.
Одан да жасқанбады. У салғандардың уларын да жемеді. Ол улардан иттер жеп,
қырылып қалған уақыттар да болды.
Мұның бәрі әккі қасқыр жайындағы Қараадыр елінің аңыз-әңгімесі еді. Соңғы
бірер айдай бір ауылдың кісісі бір ауылға қатынасса, жиын болып көпшілік
бас қосса, көп әңгімелері әккі қасқыр жайында болатын. (101 сөз)
(М.Әуезов)
Жауынгер аға
Отанға, сол Отанның жүрегі - Москваға, қатерлі, қатал жау суық қолын созған
кезде, сіздің атыңыз қараңғы түнде тұнық аспанға атылған жай оғындай жарқ
ете қалды. Майдандағы әскерлерге нұрын шашты.
Ол - мың басы. Мың қолды бастаған отыз бір жастағы Момышұлы - Намысұлы боп
шыға келді. Отанның әрбір адым жері үшін табан тіреп, қайсарланып,
өжеттеніп тұрып алды. Қоршаудың өзін ерлікпен, өжеттікпен қаймықпай бұзып
өтті.
Сол шақта астананы қорғаған мыңдар мен миллиондар арасынан «Момышұлының
батальоны» өзгеше аталды, ерекше көзге түсті.
Оны генерал И.В.Панфилов мақтады. Газеттер жазып жатты. Ер еліне еткен
еңбегін ерекшелігім демей, еліріп мақтан етпей, сол бір табиғи қалыпта қала
білді. Мұнда ерлікке тән азаматтық көрінді. Сөйтіп, Бауыржан бастаған
батальон Москва түбіндегі шайқаста асқан ерлік көрсетті. (113 сөз)
Менің атым - Қожа
(үзінді)
Жұпар атқан кең жазықтың төсіне жұмсақ қара жолмен жүрдек машина барынша
зырлап келе жатқанда, ұшқыр қиял шіркін де тығырында тоқырап қала алмайды-
ау. Қанатын қағып-қағып жіберіп, дауылпаздай шарқ ұрып, ол да самғап ұшады.
О атамекенім, қазақ жері! Сенің шет-шегіңе қиялдан өзге не жетіп үлгереді.
Сол алып өлкеңнің бір пұшпағын ыстық көзбен, бар адал сезіміммен аймалап,
елеусіз бір перзентің келе жатырмын. Мынау асқар тау. Жасыл жазық, мөлдір
өзен, қалықтаған анау ақша бұлттар, тұнық аспан - осының бәр-бәрін егер
құшағым жетсе, ең қымбат, аяулы анамдай аймалап құшар едім. Япыр-ай, неге
сонша ыстық болдың, туған жер! (93 сөз)
(Б.Соқпақбаев)
Тіршілік
Дән! Ол өнеді, өседі, піседі, жерге түскен соң, тағы да өнеді, тағы да
өседі, тағы да піседі, тағы да жерге түседі. Оның өмір бойғы әдеті осылай.
Көгеріп есу, гүлденіп кемелге келу, жер бетіне тағы-тағы өсетін тұқым себу.
Сөйтіп, жерді, өмірді молшылыққа, сұлулыққа, сән-салтанат, қуанышқа бөлеу.
Осыдан игі, осыдан асыл арманды бұл дүниеден тапшы! Дәнге біткен дағды,
мінез-құлық, қасиет, міне, осындай.
Ал тастың аты - тас. Оның өзімен қоса жаралған қасиеті - мәңгі-бақи қатып
жату. Өсу, өну-оған жат нәрсе. Қозғалу, өзгеру дегенді ол жек көреді. Оның
мінезі өте тоң, майысу орнына сынады, иілу орнына құлайды. Тас сазаруды –
сәндік, тоңдықты - паңдық деп біледі. (104 сөз)
Қозыкүрең
Бұл кезде шығыстан құлан иектен таң атып келе жатқан. Саяқбай белбеуін
алып, айғырдың мойнына салды да, ауылға қарай жетеледі. Түн де ұзақ, суыт
жүрістен кейін ісініп тұрған кезінде аңғармаған екенбіз. Таңертең тұрып
қарасақ, Қозыкүреңнің, шынында да, ыңыршағы айналған құр сүлдері ғана
қалыпты. «Ер арыса-аруақ, ат арыса-тулақ» дегенді бұрынғылар осындай деп
айтқан болар, есіл жануар жал құйрығының өзін ауырсынғандай, қабырғасы
ырсиып, тірсегі майысып зорға тұр. Құндыздай жылтырап тұратын қан жирен
түсі де әбден күн қақты болып, оңып, ұйпа-тұйпа бірдеңеге айналып кеткен.
Төрт аяғындағы болат тағалар тозып бітіп, жұқанасы ғана қалған. (90 сөз)
(Қабдеш Жұмаділов)
Бозторғай
Бозторғай өзінің туысы қараторғаймен көрші тұрады. Ертелі-кеш ән салып,
көңілін көтеретін-ді. Торғайдың да шықылдап бірсыдырғы ыңылдайтын «әндері»
болатын. Бозторғайдың әнінен кейін, торғайдың шиқылы аяқ асты болып
ескерусіз қалды.
Өзін әншілердің санатына қосып жүрген қараторғайды күншілдік жеңді.
Бозторғай әндете бастаса, қабағын түйіп, ашуын шақырып:
- Сен-ақ шиқылдауға жалықпайды екенсің? Не дауыс, не әуен жоқ, сенің әнінді
кім тыңдасын,- деп жақтырмайтын.
Енді бозторғай жазық далаға кетіп, әндететінді шығарды. Оның әнін жалпақ
дала мен ондағы тіршілік тыңдады.
Кең аспанда салған ән бұрынғыдан да әуенді естілетін.
- Тым биік көтерілмесеңші. Мерт боларсың, - деп аяған болады торғай.
«Жақыннан тістескенше, алыстан кісінескен артық» деген емес пе, алыстан
әуендірек естіледі, - деді бозторғай. (105 сөз)
Үмені көргенім
Қалқай - қартайған адам. Ержеткен балалары жоқ. Пішен мезгілі еді. Жұртпен
қатар Қалқай да пішенін шаба бастады. Қайраты кеміген адам. Өзі шауып
өндіре алмады. «Үме салып өндіріп алмасам болмайды екен» - деді. Өзі
ауылға, өзге маңайындағы ауылдарға барып, бір күнге қолдарын сұрады.
Ертеңіне Қалқай арбаға қойын салып, екі мес сусын алып, пішен басына барды.
Мақашпен екеуміз де үмені көруге бардық. Шабатын жерін келген адамдарға
Қалқай көрсетіп берді.
Көп адам қатар түзеп шыққанда шыдатпайды екен. Әрқайсысы қатардан қалмасқа
тырысып, жарысқан сияқты болады екен. Бесінге дейін бар шөбін шауып берді.
Бір қойдың етін жеп, екі мес сусын ішіп, орақшылар ауылдарына тарады.
Қалқай бәріне алғыс айтып, ырза болып, үйіне қайтты. (98 сөз)
Қыс
Жаз өтті. Жауындатып, қара желдетіп, шөпті қуартып, жапырақты сарғайтып,
елді әбігер қылып, ала сапырандатып күз өтті. Үсті-басы қырауытып, қылышын
сүйретіп, шықыр-шықыр етіп қыс келді.
Биылғы қыс қатаң болды. Боқырау болды, боқ қатты. Қарашаның қарын қаңтарға
қосты. Боран ашылса, шартылдаған сар шұнақ аяз қысты. Жер сіреу қар.
Жылымық болса, жаңбыр жауды. Жер көк сең, малдың аяғын қызыл жосын қылып,
қиып тастады. Күн құлақтанып, шаңытқан ақ пердеге жасырынып, жаңа түскен
келіндей ақ дидарын көрсетпеді. Қас қараяр-қараймастан, күн батыстан
шатынап шыққан, жалғыз көзді жаналғыштай жаман жарық жұлдыз шығады да,
күннен күнге шарықтап, көкке өрлейді, жел қасарып, Темірқазықтан таймай,
ызғырады да тұрады. (104 сөз)
(«Қартқожа». Ж.Аймауытов)
Алып күш
Әлгі келе жатқан кеме болып шықты. Темір сауыты күн нұрына шағылысып,
төбесіндегі дөңгелек темірден қара түтіні будақтап, өрге қарай жүзіп
барады. Оның бас жағында дүрбі салып, бері қарап тұр. Үстіңгі жақта әрі-
бері жүгіріп жүрген кісілер көзге шалынды. Мына қалпында кеме дарияның
қатты ағысын, шығуы қиын өрін мүлік дері жоқ. Осы өрлегенім өрлеген
дегендей тартып барады.
Кеме ілгері қарай өте берді. Сәлден кейін бұрылыстан, көрінбей кетті.
Жәнібек дариядан аттарын жалдап өтті. Жаңағы жағдай қайта-қайта ойға орала
берді. Мынадай кемесі, сайлы қару-жарағы бар Қоқан мен Хиуа хандарының
сарбаздары кез келген жауға қарсы тұра алады деген ойға келді. (96 сөз)
(Бекділдә Алдамжар)
Көк тал
Оянып кеттім. Жел есік-терезені сабалап тұр екен. Ішін тартып екілене
соққанда, бейне үйдің шатырын көтеріп, не есік-терезені жұлып әкететіндей.
Уілдеген үніне құлақ түріп, елегізіп, біраз жаттым. Көзім ілініп кеткен
екен, қайта ояндым. Тағы да сол желдің әлегі, басылар емес.
Таңертең орнымнан тұрып тысқа шықтым. Айнала төңірек тым-тырыс. Жынын алған
бақсыдай мең-зең, алқа-салқа. Түндегі жел емес, кәдімгідей дауыл екен.
Түнімен емін-еркін ойнақ салып, ойранын шығарып, қирататынын қиратып,
бүлдірерін бүлдіріп кетіпті. Бір жамбастан қисайған бағана, жерде
шұбатылған сым, жапырақтар мен бұтақтарды үйіріп-үйіріп тастаған шөп-
шаламдар. Қысқасы, дала көшкен жұрттың орнындай. Алғаш көзіме түскені көк
тал болды. Тамыры төңкеріліп, жел сабалап, сұлап жатыр. (98 сөз)
Жолда туған ойлар
Жері мол, пейілі мол меймандос елді біз бір сыпыра аралаған соң, Алматыға
бет бұрдық. Кең далаға көз салып, тар жолмен келеміз. Айналамызда құртша
қыбырлаған қойлар қалып барады. Алдымызды ерегісе кесіп, киіктер орғып
барады. Көп жауындардан кейін ашылған күн нұрын аямастан құйып тұр. Нұрға,
суға тойған жер гүл жайнай күлімдеп тұр. Зымыраған машинадан жан-жаққа
қызыға қараймыз. Көргенімізді өзімізше ойға салып екшейміз.
Осынау ұсақ колхоздарды ірі совхозға айналдырса, бір «Алғабастың» жеріне
екі үлкен совхоз еркін сияр еді. Егін жайы, шабыны, суы қандай тамаша!
Қарағандыға баратын темір жол Шұбартауға соға жүрсе, мынау бай өлкені
баурау оңайланар еді. Ақшатау кенін де өркендетер еді деген ойларға малти
бердік. (102 сөз)
(Ғ.Мұстафин)
Бала би
Бала бидің атасы азан шақырып қойған аты - Бименбет. Бала би - лақап аты.
Бименбет әкесі Есенәліден он үш жасында жетім қалады. Әкесінің інісі
Арғынбайдың атын ерттеп, қасына ереді. Арғынбай бидің алдына келген үш
даудың шешімін айтып, Бименбет көзге түседі де, Бала би атанып кетеді.
Төрт кісі бірлесіп, бір ақсақ ешкіні семіртіп соймақ болып қырманға
жібереді. Және де сойғанда кім қай аяғын алатынын алдын ала белгілеп қойса
керек. Ешкі бір күні шүберек ораған ақсақ аяғын отқа тигізіп алып бақырып,
қырманды айнала жүгіріп, содан қырман өртенеді. Өртке кінәлі кім деп
іздегенде үш сау аяқтың иесі «Отқа жұғысқан да, қырманға өрт қойған да
шүберек байлаған ақсақ аяқ», - деп ауру аяқтың иесін айыпты қып шығарады.
(110 сөз)
(«Сөз тапқанға қолқа жоқ» кітабынан)
Жайықта
Көктемде Жайық өңірінде аққулар қос-қостан ұшып келеді. Талқайраңдағы көк
шалғынға киіз үй тіккенбіз. Сыртта тұрып, сыбызғының үніндей сұлқылдаған
аққулар даусын тыңдадым. Тобымен орман ішінде қонды.
Таңертең ерте оянып, тысқа шықты. Шығыс жақ - қызыл шақпақ. Сүрлеумен
өзенге қарай жүгірдім. Кешкісін қармақ аяғына кіріп кетіпті.
Жалма-жан көйлегімді шешіп тастап, аққудың қасына жүзіп жеттім. Аққу су
сабалап сыңсыды. Ауызын ашып, айбат шекті. Аяғынан ұстадым да, қармақтан
босаттым. Рақмет айтқандай, бір сұңқ етті де, арғы беттегі жасыл құрақ
ішінде қиқу салып, мұны тосып жүрген тобына барып қосылды. Өзен жағасын
әнге бөлеп, аққулар аспанға көтерілді. (97 сөз)
Шоқан Шыңғысұлы
Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов қазақтың ұлы ғалымы, тарихшы, этнограф, географ,
ағартушы, демократ. Ол қазіргі Қостанай облысында 1835 жылы туған. Балалық
шағы Сырымбет тауының бауырында өткен. Өз әкесі-Шыңғыс, ұлы атасы -
Уәлихан. Арғы атасы - Абылай.
Шоқан Сырымбетте халықтың қайнаған ортасында болды. Ол жас күнінен тарихи
өлең, жыр, аңыз әңгімелерді қызыға тыңдап, құлақ түріп өскен.
Ол Құсмұрын бекетінде "Қозы Көрпеш-Баян сұлу" жырын жазып алған. Сырымбетте
аңыз, жырлар сюжетіне сурет салатын болған.
Шоқан табиғатынан алғыр, зерек болған. Ол қазақ мектебінде оқып арабша хат
таниды. Содан кейін орта Азияның түркі тілдерін меңгерген.
Ол Омбыда кадет корпусында оқыған. Шоқанның ісі өлмейді. (100 сөз)
Менің атам
Мен атамды көрген емеспін. Папам да оның бейнесін көз алдында елестете
алмайды.
- Атаң жайсаң жан еді. Соғыс басталғанда жиырма бір жаста болатын. Өзі
сұранып майданға аттанды, - дейді әжем.
Бір күні «Ауылымыздың ардагерлері» деген тәрбие сағаты етті. Сынып
жетекшіміз, Зәуреш апай, балаларға менің атам туралы да айтып берді.
- Нұғыман атай не бары жиырма бес жасында біздің жарқын өміріміз үшін жанын
пида еткен. Батыр атаның бейнесі ешқашан ұмытылмайды. Есімі ел есінде мәңгі
сақталады! - деді ол. Сол кезде мені мақтаныш сезімі кернеді. Екі қолымды
партаның астына тыға қойдым.
«Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді», «Ел намысы - ер намысы». (93 сөз)
Аю және бөрене
Қалың орманды аралап келе жатқан бір аю бал арасына кез болыпты. Ағаш
басындағы бал арасына тамсанып, аузынан сілекейі шұбырып, оны жегісі
келіпті. Аю ағаш басына өрмелеп, ұяға жақындағанда, ілініп тұрған ауыр
бөрене оған кедергі жасапты. Балға ұмтылған аю бөренені итеріп жіберді. Ары
серпілген ауыр бөрене өз салмағымен қайта оралғанда аюдың басына сарт ете
қалады. Қара күшке сенген ожар аю ашуланып, бөренені одан бетер қатты
итереді. Өз салмағымен қайта оралған бөрене аюдың басына тағы да сарт
етеді. Аюдың құлағы шыңылдап, басы айналады. Бұған ызаланған аю күшімен
бөренені үшінші рет итеріп жібергенде, қайта оралған бөрене аюдың басын қақ
айырып, ағаштан ұшырып түсіріпті. (100 сөз)
Көктем
Май жұлдызының бас кезі. Жердің беті кілемнің түріндей жап-жасыл, таң атып,
күн шығып келе жатыр. Таңертеңгі түскен шықтың тамшысы қызарып шығып келе
жатқан күннің сәулесіне шағылысып, өсімдіктердің басы күмістей жылт-жылт
етеді. Қалың тоғайдың арасынан ирек-ирек болып аққан жіңішке өзеннің
үстінен көтерілген аппақ тұман, шықпен буланып, маңдайы терлеп, төмен қарап
тұрған талдар, талдың арасымен сылдырап аққан өзеннің суы, анадайдан
қарайып көрінген жардың жағасында жағалай қонған елдің қыстауы. Көктің жүзі
көкпеңбек теңіз секілді. Шөптің басы қимылдарлық жел жоқ. Тып-тыныш.
Табиғаттың барлық нәрсеге ықылас көзбен күліп тұрған күні еді. (90 сөз).
(С.Дөнентаев)
Ел мұраты – Тәуелсіздік
Тәуелсіздік – мемлекеттік тұрғыдан алғанда еліміздің еркіндігі, елдің
тізгінін өз қолына алуы, өз билігінде болуы.
Қазақстан Республикасы – халықаралық деңгейде басқа елдермен терезесі тең
түсетін тәуелсіз мемлекет.
Қазақстан Республикасының Конституциясында: «Қазақстан Республикасында
мемлекеттік тіл – қазақ тілі», - деп жарияланды.
Мемлекетімізде іс қағаздары қазақша жүргізіліп, тіл мәртебесі жылдан-жылға
көтеріле бастады. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «әкесі баласымен, атасы
немересімен, ері әйелімен, әкімдер халықпен, әлеумет бір-бірімен ана
тілінде сөйлессін», - деген ұлағатты сөзін басшылыққа ала отырып, тіл
саясаты ойдағыдай орындалып келеді.
Ел тәуелсіздігінің болашағы жарқын болсын! (77 сөз).
Тірлік қамы
Әкеміз үш ағайынды кісі болатын. Өздері сондай ұйымшыл, аз ғана шаруаларын
ортақ ұстап, біріне-бірі үнемі жалғасып отыратын еді. Сондықтан өз малдарын
өздері бағып, біріне-бірі үлкен, кішілік етпейтін. Мал түлігі болғаннан
бастап, жазда аз ғана жылқыны бағу, қыста түйе, сиыр сияқты ірі қараны
өріске шығарып, кешке қораға жинау міндетіме айналды. Мың тоғыз жүз он
бірінші жылы ауыл қыстауға келісімен әкемнің нағашыларының ауылына бардым.
Өйткені ауыл арасы қыста қанаттас болғанымен, жазда бөлек жайлап, қысқа
қарсы сағыныса қатынасатынбыз. Мен келсем, ол ауылда ерекше бір жаңалық
басталыпты. Әкемнің нағашы ағасы малды, әрі атқамінер, кісілікті ауылдан
болатын. Солар Семейден бір ноғай жігітін жалдап әкеліп, балаларын орысша
оқыта бастапты. Олардың балалары да мен құралыптас болатын. (111 сөз)
Қырманда
Қырман қызып, қамбаға астық құйыла бастаған шақ еді. Бала-шағаға дейін
қырман қызығында жүретін-ді. Ерсілі-қарсылы егіз арбалар қырман мен егістік
арасын ақшаңдақ жолға айналдырды. Аумағы алты қанат үш үйдің орнындай
қырманда алты түйе шырқ көбелек айналады. Жас сабан сары түйедей әп-сәтте
үйіліп қалады. Үстінде бала-шаға асыр салады. Бір топ қатын-қалаш жел жақта
тары ұшырып жүр. Ағаш күректермен ақ маржан тарыны көсіп-көсіп алады да,
жоғарыдан төмен суылдатады.
Баданадай-баданадай алтын дәндер шаң-тозаңнан арылып, жал-жал боп үйіліп
жатады. Сол мол ырыздықты еркін кешіп, ұзын шұбақ жаюлы жатқан алашалардың
үстіне әкеп бірнеше адам тарыны шапшаң-шапшаң електен өткізеді. Қиқым-
сиқымнан әбден тазартысымен қапшықтап, таразыға салып, ауыздарын шуда
жіппен сықита тігіп, дереу арбаға тиеп, қоймаға жөнелтіп тұрған екінші
топтағылар да айрықша қам-қарекет үстінде еді. (125 сөз)
Жер үйде
Ахат ата баланың тамырын бір сәт ұстап, үнсіз қалған. Құныстана жүресінен
отырып, басын ірге жаққа бұрып, көзін шарт жұмып алған. Қартайғанда қас та
ағарады екен, жалбыраған бурыл қас жұмулы көзін көлегейлеп тұр. Шағын жер
үйдің іші тым-тырыс, ала көлеңке. Тек жалғыз терезенің құрақ көзін бір көк
шыбын түрткілеп, шығарға тесік таппай, ызыңдап мазаны алып барады.
Жайшылықта еленбес еді, мына сын сәтте көк шыбынның жанталаса ызыңдауы
үйдегілерге жайсыз тиді.
Жер кепенің төбесін көтеріп тұрған жалғыз тірегі – жуан белағаш. Оның да
ырсиған жарығы бар. Белағашқа екі бүйірінен бұталмаған шыбықтар салынған.
Үйдің ішкі төбесі сыланбаған. Жертөленің ортасына жаққан оттың жалыны мен
түтінінен үйдің төбесі әбден жылтырап ысталған. (105 сөз)
(Ш.Мұртаза)
Ән құдіреті
Әміре сахна ортасында әуелі халыққа ізет көрсетіп, бас иді. Басында оюлы
тақия, үстінде жеңіл шапан, қолында домбыра. Ол шеті түпсіз көрінген кең
залға қарады да, «Қанапия» әнін айтты.
Жастық шағы киіз үй мен кең далада өткен Әміреге бұл зал үлкен болып
көрінсе де, ол айтуға келгенде, тар сезілді. Сондықтан оның таудан тау
асып, жаңғыртатын сұлу да ашық дауысы Еуропа тыңдаушыларын қатты
таңдандырды. «Қанапия» әнінің аяғын созып барып, домбыраны желпіндіре
бітіргенде, тілдің керектігі болмады. Ән аса күшті дауыспен шарықтап барып
аяқталғанда, сүйсініп отырғандар қайран қалысты. Ән тым тез біткендей. Ұйып
тыңдаған халық әнші орнынан тұрып, бас игенде ғана ду қол шапалақтады.
Залдан «бис...бис...» деген дауыстар жамырай естіліп жатты. (108 сөз)
(Жарқын Шәкәрімов)
Дала перзенті
Көкем екеуміз көл жағалап кеттік. Үндемей ғана жағалап келеміз. Көкем:
«Сөйлеме, жөтелме» – деп ескерткен. Бір рет түшкіргенім болмаса, жөтелгенім
жоқ. Дөңмаңдай мен қоңыр құлын соңымызда. Олар да үндемей ғана еріп келеді.
Бір дөң көлге тұмсығын сұғып, көлденең тұр еді. Осы дөңге тірелгенімізде,
көкем маған сыбырлады:
- Көл мына тұмсықтың сыртын айналып жатыр. Қазір құстар уәлаятының қандай
екенін көресің. Осыны айтты да, шоқыта кеп жөнелді. Боз бие де лып ете
қалды. Көлденең жатқан дөңді бір лезде көлденеңінен кесіп түстік.
Әрігіректе қалың құрақ. Одан бері көк шалғын дауыл соққандай теңселді.
Алғашқыда білмедім. Сөйтсем, шалғын түбі шалшық су, судың беті толы қаз,
мамыр үйрек екен. Олар бізден шошып, қалың құраққа қарай лап қойыпты. (108
сөз)
(М. Тлесов)
Алып-анадан туады
Ауылдың көлік ағытқан жері, өткен жыл, мекенін переселенге өлшеп, үйлерін
көктемде көшірген ауылдың жұрты еді. Сол жұрттағы қалың бұйра талдың
арасында құдық барын Баймырза біледі.
Ол қарына шелек іліп, өгізін жетектеп жөнелді. Бұл кезде жаңбыр толастап,
бұлт бытырай бастады. Бірақ желдің екпіні әрі күшті, әрі суық. Күннің батып
бара жатқан белгісін батыстың жиегіндегі қызыл күрең бұлт білдіріп тұр.
Тал арасындағы құдықтың жиегі опырылған, айналасы дөңес сары балшық екен.
Баймырза шелекке таққан жібін қолынан сусыта бергенде, тереңдегі сасықтау
сары судың иісін сезіп, шөлдеген өгіз де мұрнын шүйіріп, төмен еңкейді. Су
толған шелекті Баймырза жоғары көтеріп еді, иығына біреу қаққан сияқтанды,
қараса, саз балшықтан сырғанап, өгізі құдыққа құлап барады. (107 сөз)
(С.Мұқанов)
Тамыр-тынымсыз «насос»
Тамыр ылғалды топырақтың өте терең қабатынан сорып алады. Күн аса ысыған
кезде, жапырақтар суды неғұрлым көп буландырса, тамырдың жұмысы да соғұрлым
күшейеді. Суға жету үшін тереңге еніп, таралып, жан-жағына жайылады. Кейде
топыраққа ылғал жетіспейді, ал су өте суық болса, тамыр оны сора алмайды.
Жапырақтың суды буландыруы мен тамырдың топырақтан суды сорып алу шамасы
ылғи да тең түсуі керек, егер бірінің жұмысы бәсеңдеп кетсе, екіншісінің да
жұмысы бәсеңдейді, осы кезде жапырақтар мерзімінен бұрын сарғайып түсе
бастайды. Мұндай жағдай көбінесе жапырақта кездеседі, себебі жапырақтар
суды пайдаланады, ал тамыр насостың қызметін атқарып, суды жеткізіп
отырады. Жапырақ пен тамыр жұмысының сәйкес келмей қалуы өнімді
төмендетеді. (110 сөз)
Атамекен
Түн. Мен далада сәкі үстінде жатырмын. Аспанда жұлдыздар жымыңдайды.
Жұлдыздар арасында Ай. Дала сүттей жарық. Тау жақтан салқын леп соғады. Жым-
жырт тыныштық. Мен ояу жатырмын. Ұйқым келер емес. Қандай сүйкімді көрініс.
Табиғат бір мезгіл тыныс алғандай. Тілмен айтып жеткізудің өзі қиын. Тіпті
суретшілер де дәл осындай көріністі көз алдында келтіре алмас. Тек
табиғаттың ғана қолынан келетіндей.
Аулыңнан алыс жаққа шықсаң, қайтып келуге асығасың. Келсең, таныс көшелер,
үйлер, адамдар – бәрі көзіңе оттай басылады. Тіпті басқа жердің балаларымен
қосыла қалсаң, арасына аздап өтірік қосып аулыңды мақтап жібересің. Осының
соншалықты қымбат, сүйкімді болуының сыры неде? Өйткені сенің туған жерің -
балалық бал дәуренің өткен жер. Сондықтан бұл саған соншалықты ыстық,
соншалықты қымбат, соншалықты сүйкімді. (109 сөз)
Атау сыры
Өзендер сияқты таулардың да аттары бар. Түрлері қандай болса, бұлардың
аттары да сондай. Құсмұрынның мұрны қораздың тұмсығына ұқсас. Біздің ауылға
жақын таудың аты - Қарабура. Оның өзі ашуланшақ жалбыр шуда қара бура
сияқты. Екі өркеші дәу Қарабура мойнын созып, Айнабұлақтан су ішіп тұр.
Тайменденің Сарытауы - егіз боталы сары інген. Ол егіз ботасын ертіп,
өріске беттеп барады. Қарақойын, Қашырлы шұбырып, Керей өзеніне келе жатыр.
Көкдомбақ төңкерілген көк қазанға ұқсас.
Қозылар жаздай қозы болып жүреді. Олар тек қар жауғанда тоқты болады.
Тоқтылар - қыстыгүні қойдың ішіндегі ең әлсізі, ең тоңғағы. Сондықтан
тоқтыларды ең жақсы тауға қыстатады. Сондықтан сол тау Тоқтытау аталыпты.
Барлық жабағы қыстан тай болып шығады екен. Сол үшін әлгі бір сары тау
Тайменде атаныпты.
Бір жылғада жалғыз құдық. Бір сайдың бойында жеті құдық. Бір ойпаңның аты –
Төртқұдық. Бір кең алқаптың аты - Қырыққұдық. (131 сөз)
Қайран Құлагер
Қайран Құлагер. Ақан серіні бес жыл асқақтатып, әбден толықсып, тоғыз
жасында қапыда мерт болды.
Бұл қайғылы астан бұрын Ақан серінің мәртебесін аспандатқан ғаламат ас -
Құлагерге қылқұйрық тұқымының ең асылы пар келмеген Аққошқар-Сайдалының асы
болмады ма, Алтай елінде. Сол аста Құлагермен бірге Арғын ішінде Мұрат
деген бір бұтақтан тарайтын елдің жуандары Батыраш, Қотыраш дегендер және
Барақбай деген көк бөрі де атын қосты. Бөрібай осы Барақбайдың даяшы жігіті
еді. Шаш ал десе, бас алатын осы қағынған қара жүрек қарақшы, тақалып
қалған аттардың алдынан шауып шығып, елден ерек Барақбайдың боз атын
көтермелеп тарта жөнеледі. Сағынай асындағы Құлагер қасіретін айналып
келгенде ел осылардан көреді. Қасым қарияның дәптеріне осы оқиғалардың
біразы енген.
- Әрине, Ақан серінің ет жақыны біз ғана іздеп, біз ғана қастерлейміз. Ол
халықтың бір ғасырда бір-ақ туатын асыл перзенті. Қазақ әнінің інжу-
маржанын берген өнердің бір еркебұланы. Құлагеріндей дүлдүл ақыны. Тұла
бойы даналықтан жаралған табиғат сыйы - ол! - деп Қасым қария бір ойлы
толғанысқа түсті.
Сыртта Көкшенің көк нөсері төкті де тұрды. (165 сөз)
Әнші Әмірқан
Жұрт төмен қарап, әркім жүрегімен сырласқандай, әншінің бітіргенін де
сезбей қалды. Кенет тым-тырыс бола қалады да, шапалақ қайта соғылды. Қалғып
кетіп оянған, қызықты тәтті түс көрген, қайтарам деп талпынған кісідей,
жанға жаққан тәтті үннің кеткеніне өкініп, өршелене соғады.
Әмірқан тымағын қыңырайта киіп тағы барды. Тағы соқты. Тағы да ескектете,
желпіндіре, желіктіре, ышқындыра, құлшындыра соғып, тындаушының айызын
әбден қандырды.
Әмірқандай әнді ешкім сала алмайды. Жай жүргенде Әмірқанды ешкім де
елемейді. Әмірқан ән салса, сонда кім екенін білесің. Ән салса, ол өзін-өзі
ұмытады, әннің әуеніне төңкеріледі, оның даусы көмейінен шықпайды,
жүрегінен шығады. Ол әннің әр нақышын ұғады, әнді ғана сүйеді. Ол - тәтті
үнге, топқа бола жаралған адам. Ән салса рахаттанып, гүл-гүл жайнайды. Көзі
де, аузы да, денесі де, қолы да бірге салады. Әмірқан кісі емес, әнге
айналады. Оның ән салғандағы түріне қарап отырсаң, тоясың.
Бірақ Әмірқан үнемі олай айта бермейді. Әмірқан қымызы, тойы, ойын-сауығы,
қыз-келіншегі бар жерде өзін-өзі ұмытып айтады. Әнін ұғушы, тыңдаушы болса,
шабыттанып айтады. Тыңдамай, жыбырлап сөйлесе бастаса, Әмірқан тұрып
кетеді, айтпайды. (168 сөз)
Қызыл отау
Жүріп кетудің сәті де түсе қалды. Қызыл отауға үшінші түнеудің кешіне,
Еркіннің түзетуге берген тарантасы кеп қалды. Қостанайға дейін қажымай
апаратын пар ат та даяр болды. Сол күні кешке Әсия мені өз қасына қалдырып,
ертеңіне таң салқынымен сапар шегетін болдық. Серігім болса-болмаса да
Болқаш пен оның әйелі Жаңыл.
Әсия үйіне барардың алдында Еркін: "Сен сыртта жүре тұр, үй маңына кісі
келтірме!" - деп әйелін шығарып жіберді де, өзі менімен біраз уақыт әңгіме
жасады.
•
Ал, шырағым, сонымен жүретін болдың ғой енді? - деп бастады ол сөзін.
•
Солай ұйғардық қой.
•
Жақсы тілектер бұрын да болған, қазір де бар. Сондықтан ең алдымен
айтар тілек-батам - сапарың оң болсын.
•
Рахмет, аға.
- Екінші айтарым: біздің еліміздің дәстүрінде аға мен қарындастың бірін-
бірі қатты сыйлайтыны бар. Біз екеуміздің арамызда туысқандық ешбір
байланыс болмағанымен, әлдене себептердің салдарынан, туыс адам сияқты
халге жеттік. Егер сен бұл ұсынысты қабылдасаң, бұдан былайғы уақытта, мені
ең жақын, ең адал туысыңның бірі көруіңді өтінемін. (152 сөз)
Қария
Кілем түсті кең даланы қақ жарып, көк табан темір жол жатыр. Жол бойында
егіні жайқалып, малы қаптап колхозды көп ел отыр. Елден шыға топ-топ киік
орғып барады. Елден жоғары самолеттер самғап барады. Біз поезбен зымырап
келеміз. Сарыарқаның жазығы жеткізер емес, поезд жетпей қояр емес. Кешеден
бері салғыласа аққан Сарысу жайына кетті. Күн жазықтан шығып, жазықтан
батты. Дөңгелек там, қаптаған мал, орғыған киік - бәрі кейін қалды. Көз
ұшында бурыл белес, күдіс-күдіс бұйраттар көрінеді. Сол көрінген сап-сары
мыс болып елестейді. Мыс даласын көруге ынтықпыз.
Міне, жеттік. Сояу шөпті, белес-белес бурыл дала қаны қашқан қатпар бет
секілді. Сырын ішіне, ызғарын сыртына тарта қарсы алды.
Кері даланың төсінде мыж-мыж болған бұйраттар жатыр. Сол бұйраттың бірінде
аққу сынды таранып, ақ таяғын қолға алып, ақ көйлекті, ақ бас қарт отыр.
Айналасынан жан-жақтың бәрі көрінетін қарауыл төбенің басында "Мыс
тарихпын" дегендей қарсы қарап нық отыр. Қарт сөз бе, ән бе, зар ма, не
айтып отырғаны белгісіз, әйтеуір бір сарынға түсіп алып ыңылдайды. (156
сөз)
(Ғ.Мұстафиннің "Көз көрген" романы жинағындағы
"Жезқазған" әңгімесі)
Қызық әңгіме
Таң алдында бір ғана сағат мызғығаны болмаса, Абай бұл түнді ұйқысыз
өткізді. Құрығын тірсегінен шорт кескен күдік торы ауыздығы алына салысымен
басты жерге салып, аққұлақ араласқан көк өлеңді борт-борт үзе бастады.
Ауызғы үйде бұл жақтың белгісіндей тықыр білдірмей сергектікпен тосып
отырған Ербол, Абай әні шыққанда, Баймағамбетке шам жақтырды. Сирек бір
қонағы келгендей, сыпайы пішінмен қарсы алды. Бұл отырыста Абайдың мұншалық
ықыласына ырза болғаны білінсе де, қыздың осыдан әрі сөз бетін ашқысы
келмегендей. Ысқақтар жасы кіші болғандықтан, Абайға сәлем беріп келіп
аттарынан түсті.
Үш күндей Мағаштан Әбіш жайына қанып алған соң, енді Абай сөз байлауын
білдіреді.
Жайлы, жылы қоныстың ішіне отты маздатып жаққызып қойып, Абай қонақтарын
ыстық шаймен сыйлатты. Бірақ бүгін де кешегідей күні бойы түлкі кездеспей,
кешке жақын ғана көрінді.
Бұл көршілер осы көктемнен бері Абай мен Баймағамбет дөң басына шықса,
қызық әңгімелер айтысып отыратынын біледі. Баймағамбеттің әңгімесі жаңа
басталғанда, бұл екеуінің қастарына отыра берген Кішкене молда, Байторылар
ырза болысты. Тың адам келді екен деп, айтып отырған әңгімесінің желісін
өзгертпейді. (161 сөз)
(М.Әуезов)
Шоқан Уәлиханов
Шоқанның шын аты - Мұхамедханафия. Анасының еркелетіп қойғаны - Шоқан.
Шоқыдай биік, таудай асқақ деген мағынаны білдіреді.
Шоқан бес жасында хат таныған. Әкесі Шыңғысқа ескі жыр-дастандарды жазып
алуға көмектескен. Әкелі-балалы екеуі ауыл төңірегін көгалдандырумен
шұғылданған.
Шоқанның туып-өскен мекені дегенде, Құсмұрыннан сол ойға оралатыны -
Сырымбет. Осы өңірдің даласы, орман-тоғайы, көлі мен тауы - Шоқанның бала
кезден аралаған, сұңқар алып, саят құрған жері. Құсмұрын мен Сырымбетке
соққан сайын, қазақ халқының тарихы, тұрмысы, өнері туралы мол мұра
жинақтаған.
Бірде Шоқан жолдастарымен кадет корпусы ауласында тұрады. Корпустың Ертіс
өзеніне шығар қақпасынан ұшы-қиырсыз қазақ даласы әдемі көрінеді екен.
Сонда қарап тұрып "Келешекте мына аяқтар қай жердің топырағын басарын бір
құдайдың өзі білсін!" - деп қиялға шомылыпты. Кейіннен Шоқанның бұл арманы
жүзеге асады. Қашқарияға сапар шегіп, күрделі еңбектер жазады. Петербургте
әйгілі ғалымдар алдында баяндама жасады.
Дүниежүзілік ғылымға елеулі үлес қосқан Шоқан 1865 жылы Матай тауының
етегінде қайтыс болған. Шоқанның есімімен аталып, тарихи-мұражай ашылған.
(152 сөз)
Ұлы тұлға
М.Әуезов - бір туар кесек тұлға, таным-тамырлары терең жайылған күрделі
талап иесі. Оның жан сарайын түсінуге тырысу- қазақпын деген әр адамның
асыл парызы. Оның өміртанымын, көзқарасын сөз еткенде, Ұлы Абай есімінсіз
талдау мүмкін емес. Онсыз Мұқтар тұлғасы толық ашылмайды.
Роман соңында қу өмірде шер-шеменін арқалап, қырық жамау жүрегі соңғы рет
соғып жатқанда ұлы адамның былай дейтіні бар:
"Мен өлейін, бірақ сол сан жылдарда сенің желдерің қуып әкеткен гүлдерім,
дәндерімнен ұрпақ, нәсіл қалар ма?"
Сол зарға жауап ретінде Дәрмен аузымен сөз айтылады: "Абай аға, қадірлім!
Ол дәндерің өлген жоқ, жойылған жоқ. Рас, бұл күнде бір апаға біткен дүм
тоғай болмасын. Үлкен бақ боп тұрмасын... Бірақ ен дала, мол сахараның
бойында ол дәндерің өсіп келеді... Көп өсіп, көктей өсіп келеді..."
Өсе бермек күн санап та, жыл санап... Сол үшін де өз өмірімде, өле-өлгенше
асыл сөзіңді сақтармын, ата тәрбиеңді ақтармын, ағажан!" - деп үн қатып
серт етеді. Сол дән - Мұхтар болатын. (148 сөз)
Терме
Жқып өлді. Одан бір жұма кейін, "жығылғанның үстіне жұдырық" деп, Мұқашым
өлді.
Баламның тірі кезінде ағайын ішінде жақын көріп, бауырына тартып, қолына
түскен азын-аулағының жартысын жырып беріп жүрген Ысмағұл не қылды?
Балақтағы биттің басқа шыққанын көрмеймісің? Бұлар үшін қарағым не көрмеді?
Сол тірі болса, маңына келе алар ма еді?
Бұны жалатқан соң, қуарған қу өмірдің не бағасы бар? Мен сонда баламды бір
пұшыққа бермек пе екем?
Менің үйім - осы ауылдың үлкен үйі. Бүгін сол қарашаңырағының құруға
айналып отырғаны - мынау. Құрымағанда, кім қалды? Бұл үйдің жайын ойласа,
тұмсығы тасқа тиетіндей болған жоқ па?
Менің баламның жылағаны оларға не керек? Жақыптың аруағы ырза болмай,
күңіренгені не керек?
Сол сөзді айтқызып отырған сұмдарды қарғадым, ұрыстым. Одан басқа біздің
қолымызда не тұр?
Бұрынғы бейнет, бейшаралық былай тұрсын, мынау көрген мазақ не? Осынша
қорлау, рәсуалау не? Әуелден бергі қазаны көруіне осы қаршадай жас баланың
не жазығы болып еді? (143 сөз)
(М.Әуезов)
Тұсау кесу
Әдетте, сәби аяғын тәй-тәй басып жүре бастағанда тұсауын кеседі. Ата-
әжелеріміз бұл ырымға қатты көңіл бөлген. Өйткені, баланың болашақтағы
жолы, аяқ алысы жақсы, нық болуы, дәл осы тұсау кесуге байланысты деп
сенген.
Сәбидің тұсауын кесу үшін әркім өз мүмкіндігіне қарай жол-жоралғы жасайды.
Тума-туыстарын, көрші-көлемдерін шақырып дастархан жаяды, тіпті мұндай
қуанышты оқиғаға той да жасайды.
Тұсауы кесілетін сәбидің аяғы қара-ала жіппен байланады. Жіптің ақ немесе
қара болуы, баланың келешек өмір жолында қара күштер мен ақ ниеттер
кездесуі мүмкін деген жорамал еді.
Содан соң ата-анасының өтініш жасаған адамы сәбиге өз тілегін айтып,
батасын беріп, әлгі жіпті қияды.
Тұсау кесуді баланың ата-анасы кез-келген адамға жүктемей, өздері
сыйлайтын, еті тірі, жүрісі түзу жандардан өтінеді. Мұнда да баламыз
сүрініп-қабынбайтын, жинақы, ұқыпты болсын деген тілек жатыр.
Тұсауы кесілген сәби өзінен үлкен балалардың тобына қосылып, жүруге
үйреніп, ойынға араасады.
Жиналған көпшілік баланың ата-анасына: «Балаңның қадамы құтты болсын!» -
десіп құттықтайды.
Ата-ананың сол күнгі сыйлы қонағы – тұсау кескен адам болады. (152 сөз).
Өшпес мұра
Жазушы М.Әуезов көп жылдар бойы Абайдың өмірі мен шығармаларын зерттеп,
"Абай жолы" атты дәуірнама жазды. Ол Абайдың әнші, сазгер екеніне үлкен
сипаттаулар берді.
1935 жылы ақынның туған жері Семейде Мұхтар Әуезов сазгер Л.Хамидиді
кездестіріп, оған Абайдың әндерін нотаға түсіріп, жазып алу туралы ақыл
береді.
Л.Хамиди Архам ЬІсқақовтан ақынның 18 әнін жазып алып, нотаға түсіреді.
А.Жұбанов пен Л.Хамиди өздерінің "Абай" операсында Абайдың әндерін орынды
пайдаланды.
Өз заманынан озық туған Абай қазақ жазба әдебиеті мен музыка өнерін биік
сатыға көтеріп, небір асыл жауһар өлеңдер мен тамаша әндер тудырған.
Абай аулының оқушылары және Абайдың өз балалары түрлі музыка аспаптарынан
музыка үйірмесін ұйымдастырған. Бұл үйірмені Абайдың оз баласы Әбіш және
Абайдың досы Көкбай басқарған. Абайдың жазған өлеңдерін жаттап, әнге салып,
жұртқа тараушы іні, достары және жас шәкірттері шыға бастаған. Абай сол
кездің өзінде домбыраны жақсы тартып, өзі шығарған әндерін домбыраға салып
айтып отырған.
Қазақстан сазгерлері Абайдың музыкалық мұрасын зерттеп, тамаша әндерін
пайдаланып, опера, симфониялық поэмалар, көп дауысты хорлар және аспаптық
шығармалар жазды. (156 сөз)
(Б.Ғизатов)
Тұрмыс-салт жырлары
Әр халықтың өмір тұрмысы, әдет-салтынан туындап жататын "Сүйінші",
"Шілдехана", "Тойбастар", "Жар-жар", "Беташар", "Бесік жыры" сияқты
халықтың шат-шадыман да қуанышты кездері мен "Қоштасу", "Естірту",
"Жұбату", "Көңіл айту" тәрізді қайғылы мұңды хал-ахуалдарын күйттейтін жыр
үлгілері болады.
Қаншама заман өзгеріп, аударылып-төңкеріліп жатса да, мұндай өлең-жырлар
сол халық, сол ұлтпен бірге жасасып, тұрмыс-салтта айтылып, жырланып,
қайта, бұрынғыдан да жаңарып, толығып, молығып, атадан-балаға рухани мұра
болып қала береді. Міне, халық поэзиясының ең басты қасиеті осы болса
керек.
Жанрлық жағынан алып қарағанда, қазақ халық жырлары былайша жүйеленеді. 1)
Арнау, мадақтау, толғау, терме, тарихи өлең, қара өлең, хат өлең, ән-
өлеңдер саяси лирика саласына жатса; 2) Сүйінші, шілдехана, бесік жыры,
тұсау кесер, тойбастар, беташар, жар-жар, жұбату, көңіл айту тәрізді
нұсқалары тұрмыс-салт жырлары болып жіктеледі.
Халық жырлары олардың басқа: 3) еңбек, кәсіпкерлік, жұмысшы жырлары,
аңшылық, саясаткерлік өлеңдері; 4) дидактикалық-өнегелік өлеңдер (нақыл
өсиет, алғыс, бата-тілек, мысал, тақпақ, жұмбақ); 5) таңғажайып (фантазия,
аңыз түрлері) және 6) күлкі-сықақ сияқты ішкі жанр түрлеріне бөлінеді. (160
сөз)
Ұлтты ұлт ететін тағылымдар
(Қ.Жұбанов тағылымы)
Ұлтты ұлт ететін, оның өрісін жайып, тығыз кіретін бірлігі, күш-қайраты
болуы керек. Әр тілде сөйлейтін, әртүрлі мәдениеттер ықпалындағы бірнеше
дінге бөліне бастаған қазақтың басын біріктіру - бүгінгі ұлт
тіршілігіміздің басты мәселесі.
Қ.Жұбанов айтқандай, қазақ ұлтының этникалық азғындауы Ресейге қараған
тұста ел билігі орыс үкіметінің қолына көшті, елдік, азаматтық сана кеміді.
Өз малы мен өз басының қамынан басқа оған ойлайтын нәрсе қалған жоқ.
Қазақ халқының ар-намысы аяққа басылды. Бір кездегі кеудесі биік қазақ өз
елінде өгей халге түсті. Қазақ ұлты бүгін тәуелсіздікке қол жеткізсе де,
асқынып кеткен дерттен арыла алмай отыр. Еркін ел болу - оңай емес.
Жұбановтың азаматтық сана туралы ой-тұжырымдары Абайдың "қазақтың арлылық,
намыстылық, табандылық сияқты жақсы азаматтық мінезден айрылдық", - деп
ызамен жазған ойларымен ұштасып жатыр.
Қ.Жұбанов тағылымы бүгінгі ұрпақты ұлтымыздың тарихына, мәдениетіне, жан-
дүниесіне терең үңіле қарауға тәрбиелейді. Ұлттың биік мерейі, тіл намысы,
азаматтық саналы іс-әрекеті, табандылықты рухани ізденістерді қалайды.
Қазақ елінің түбегейлі мақсаты - ұлтымызды аман сақтап қалу.
О.Сүлейменовтың сөзімен айтқанда "Кім ұтса - сол ұтсын, Қазақстан
ұтылмасын!" (170 сөз)
("Ақтөбе" газетінен)
Үміт
Осы оқу жылы мен үшін бір белес асар жылым. Өйткені мен училищені бітіріп,
бір басқыш аттаймын. Ілгері қарай оқуға мүмкіндік бола ма, жоқ па? Ол жағы
әзір жұмбақ. Ал, мына училищені жақсы бітірсем, ілгері ұмтылуға жол ашық
тәрізденеді. Бірақ, ілгері тарта берердей мүмкіндік алдымда аз елестейді.
Өйткені, ауылда әкенің бар тапқан, таянғанын беріп, тілеп отырған ақ тілеуі
бар. Осы жылға маған рұқсат бергенде, "Шырағым, жолыңды бөгемейін. Бірақ,
біздің тілегімізді де ұмытпа" деген. Ол әшейін айтыла салған сөз емес,
атаның, ананың ақ пейілінен, мейірбан жүрегінен айтылған сөз. Оны елемей
кетер ойдан да аулақпын.
Осындай екі жақты ой талқысына теңселе училищені бітірдім. Жақсы бітірдім.
Училище басқарушысы Яков Овсянников дейтін қазақша жақсы білетін ұстазымыз,
бізді училищеден аттандырарда куәлік қағазды бере отырып:
- Кім, қайда барғысы келеді, оған біз жолдама жазып беріп, тілек қоямыз, -
деді. Мен:
- Семинарға түссем, - деп тілек айттым.
- Онда, саған дайындығына түсуге тілек етіп қағаз жазамыз.
- Өз ұстазың Нұрғали Құлжанович та көмектеседі, - деп мені көңілдендіріп
қойды. Училищені бітіріп, куәлігімді алып, Нұрекең мен Нәзипа жеңгейдің
үйіне келдім. Еңбектерін ақтап, дұрыс оқу бітіргеніме ол кісілер де разы
болып қуанысып қалды. (177 сөз)
Шілде
Жаз өтіп, шілде жетті. Шілдеде күн ұзын, түн қысқа, күннің ыстығы сонша
күшті, тастар, құмдар қызып кетеді. Шілдеде піспеген шөп қалмайды.
Мінілмеген, жұмысқа салынбаған мал семіріп, желідегі құлындар ғана жүдеген.
Қымыз мол, қозы піскен. Ел жайлауда бірін-бірі қонақ қылып, қазақ салты өз
алдына бір қызық. Қыз ұзатса, ұл туса, той болып, жұрт жиналып, ат шауып,
күрес болады. Осы кезде қазақ бұрынғыдай алысқа көшпейді. Бұрын жердің
еркін шағында жүз елу, екі жүз шақырым жерлерді жайлап кетеді екен.
Үлкендер сол күндерін осы күні қатты сағынып, сөз қылысады. Шөп шабатын
мезгіл де жетті. Бозбалалар жайлаудың қызығын қия алмай, ерініп әрең
шығады. Қазақ шөпті бел орақпен шабады. Машина жаңа тарап келеді. Ондағы
балалар да жаздай қымыз ішіп тынығып, енді сабаққа баратын күндерін санап
жүр. (120 сөз)
(М.Дулатов)
Көз көрген
- Құтыбай, өлең айтшы, көңіл көтерші! - деді бір кезде, сөзден іш толды,
құлақ сарсыды. Қақыраған қыста торғай екеш торғай да күнелтеді. Құдайым сол
құрлы жаратқан шығар. Қазақтың босқаны бір бұл ма «Ақтабан шұбырындыдан»
кейін де ел болдық. Әлі де болармыз.
- Әй, Жәмила-ай, Махамбетше атаның аруағымен, еркектігімен асып жүр-ау!
Әйтпесе, нағыз би өзіңсің ғой, - деп Құтыбай қолына домбыра алғанша, Жәмила
жауап қайырып үлгерді:
- Көпшікке зәру едім, өркенің өссін. Бірақ есіңе сақта, бақ шіркін
қонарында әйел түгілі ақымақтың да басына қона салады. Қонбасында еркек
түгіл ақылдының да басынан қашады.
- Иә...-деді де, Кұтыбай домбыра шертті. Ән емес, күй емес, әлдеқандай бір
сарын, айтып түсіндіру қиын. Әйтеуір бойды сергігіп, сезімді қоздырып
барады. Жап-жаңа шұқанақ, батпақ көңіл жайнаған мынау көк майса даладай
далиып сала береді. (119 сөз)
(Ғ.Мұстафин)
Айқас
Гонг сыңғыр ете қалды. Айқас басталды. Екеуінде де аянатын пиғыл жоқ.
Алғашқы бір-екі минут үсті-үстіне қойғыласумен өтті. Әуелгіде Мұрат Садыққа
қарағанда сергек, пысық еді. Енді ол тағы да тез алқынып, біраздан соң
шаршағандығы білініп қалады. Ал Садық болса әлі тың. Тығыршықтай денесі
түйіліп алған күйінен айныр емес. Мұрат шабуылға шыққан сайын, зілдей
қолдарымен оны қарсы төпеп, ұрып-ұрып жібереді де, түк сезбегендей болып,
мойнын алқымына тыға түсіп, тағы да аңдыса қалады.
Біраздан соң Мұратты тер басып, бүкіл денесі еріп кеткендей, былғалаңдай
бастады, шаршады. Қолдары өзіне бағынудан қалды. Енді Садық шабуылдай
бастады. Мұрат досының жеңілейін дегені Шәкірге де батып барады. Бірақ
амалы жоқ, не істейді? Нендей жәрдем көрсете алады? Стоп! -деп, команда
берді ол. (115 сөз)
(Б.Сокпақбаев)
Балуан Шолақ
Балуан Шолақ цирктен шықса, түн тынық қараңғы екен. Дала араның ұясындай,
ызыңдаған бір тұтас дауыс. Ол дауыстың кімдікі екенін, қараңғыда көзі
үйренбеген Балуан Шолақ алғаш аңғара алмады.
- Бері жүр, Балуан - деген жолдасының таныс дауысы естілді оған.
- Қайда барамыз?
- Нең бар, қайда барғаныңда. Атқа мінуді біл, аржағын көре жатарсың.
Ызың қаққан қалың дауыстың арасын қақ жарып, жолдасының соңына ерген Балуан
Шолақ атына жетті де, тез мінді. Сол кезде қараңғыға аздап үйренген көзі
айналаны шолып еді, түнде толқыған теңіздің бетіндей, ұшы-қиыры жоқ
тұтасқан бір қимыл.
- Қайда, Балуан Шолақ? - деген дауыс естілді.
Айналадағы қою қимылдың ішінен:
- Кім, мені іздеген? Мен мұнда, - деді Балуан Шолақ.
- Енді неге қарап тұрсыңдар. Тартыңдар, Балуан Шолақ шықса, - деген дауыс
гу ете түсті.
- Ал, жөнелдік. (117 сөз)
(С.Мұқанов)
Ақырғы бәйге
Қанаты кең жазылған бәйгешілер, айыл-тұрмандарын ат үстінде отырып алып,
айдаушының шаршы орамалына қарасты. Тықыршып, кісінеп, жер тарпыған
сәйгүліктер көздері жайнап, ауыздықпен алысады.
Айдаушы орамалды көкке көтеріп тұрып, серпіп қалды. Өрт тигендей дүр етіп,
бес жүз ат жұла тартқанда, аспан асты шайқалып, теңселіп кеткендей болды.
Дүңк-дүңк еткен қара жер қозғалғандай дірілдеп, тербеліп, тып-тынық ауаны
екі мың тұяқтан ұшқан шаң көміп кетті. Күздің аласапыран қою бұлты жерге
аунап түскендей Ерейменге, Құсақ көліне қарай ұйытқып жөңкіле көшіп барады.
Екі мың тұяқ жерді тасырлата шертіп, жалпақ түзді лекіткен дала күйіне
бөлеп жіберді. Кемеріне сыймай лықылдап, буырқанып тұрған өзен арнасын ашып
жібергендей, лақ етіп төгілген бұйра толқын кең жазықта айдаһардай
бүктеліп, зымырап барады. (109 сөз)
(С.Жүнісов. «Ақан сері» романынан үзінді)
Тойда
Ел-жердің тұрмыс-тіршілігімен, жай-жағдайымен әбден таныспын. Қасым
жырларын сүйіп оқып, құрметтеушілердің бірімін. Ежелден еңбекқор елдің
еңсесі көтеріліп, Қасым сынды қасиетті ұлының мерейтойын осылайша тойлап,
мерекелегеніне куә болғаныма қуаныштымын. Туған халқымен бірге өзінің
талантты ұлы Қасым да мәңгілік жасай бермек, - деді Шер-ағаң.
Осы тойды көре жүріп, айналадағы табиғатқа мұнартып тұрған мынау тауларға
қарап, менің ойыма Қасымның: «Жата алмас ем, топырағында тебіренбей, ақын
болмай, тасың болсам мен егер», - деген сөзінің қасиетін енді түсінгендей
болдым. Мынау қатар-қатар қаланған тау тастары кәрі тарих шежіресіндей. Бұл
араның тасы да жыр жырлап, ән салып тұрғандай, - деп тебіренеді белгілі
публицист-журналист, жазушы ағамыз Сарбас Ақтаев.
-Осынау ізгі тілек, ұлағатты ойлар Қасым тойына қатысқан әр адамның
жүрегінде өзіндік үнімен, өзіндік лебізімен сайрап тұрғанына еріксіз көз
жеткізіп, елжірей сүйсінесің.
Екі күн бойы жыры да, сыры да таусылмайтын қасиетті Қасым бейнесі
бұрынғыдан бетер зорайып, тұлғалана түскендей. (137 сөз)
Күйші
Атақты күйші, композитор Дина Нұрпейісова 1861 жылы Орал облысы, Жаңақала
ауданына қарасты Бекетай құмында дүниеге келген.
Динаның музыкаға деген зеректігі өте ерте байқалады. Ол жеті-сегіз жасында
қолына домбыра ұстайды. Тоғыз жасында Құрманғазыны көреді.
Бұдан кейінгі жылдарда Дина өз заманының тамаша күйшілері Дәулеткерей,
Түркеш, Ұзақ, Мәмен, Байжұмалардың күйлерін үйренді. Олардан тәлім-тәрбие
алады. Өзі де күй шығара бастайды.
Құрманғазы, Дәулеткерей және басқа композиторлардың күйлерін біздің
заманымызға жеткізгендердің бірі Дина болды. Динаның «Той бастар», «Әсем
қоңыр», «Жеңіс», «Бұлбұл» күйлері қазақ халқымен бірге жасайтын асыл
қазына. (84 сөз)
Ауыл тұрмысы
Ел жайлаудан тараған. Шөкен, Мақаш ауылдары қыстақта «Жамбас құдықта» отыр.
Кешеден бері күн көзі көрінбейді. Аспан қалың бұлт, жел тынық. Анда-санда
толасы бар. Ыбылжыған ақ жауын мазаны кетіріп тұр. Талай үйде отын жоқ,
тезек су, панасыз нәрсенің бәрі су. Көп мінілген көлік, көп сауылған төл
бүрсеңдеп, үй паналап немесе ықтай оттап жүр. Үйлердің түндігі шақтап
ашылған, қайсыбірі қалпымен жабық. Түтін шыққан шаңырақтар некен-саяқ. Жаз
бойы жайлауда жадыраған жан-жануар күздің бір лайсаңында-ақ кірбеңдеп
қалды. Қараша үйлердің адамы кәдімгідей күйзелді. Киіз жыртық, отын жоқ.
Отын болса, ішті жылытатын ас жоқ.
От жағылмаса да, Шәкен үйі бұл күндерді елемеді. Шәкен басына тысы қара
барқыт, іші түлкі пұшпақ бөрік киіп, арқасына күрең сәтенмен тыстаған су
жаңа түйе жүнді күпі жамылып отыр. (119 сөз)
(Ғ.Мүсірепов)
Ақбілек
Әкем айттырған Жаманбаланың шотпақ қара қызын менсінбей, Мамырбайдың
Ақбілегін елден таңдап айттырып едім. Мал-жанды соққан екен, малымды түгел
алмай, есік көрсетпеймін деп, көнбей қойды. Бойжеткен калыңдығым тұрғанда,
қарап жатайын ба, «жасырын барам» - деп кісі жіберіп алып, «өзі біледі»
деген соң, бүгін жолыққалы келе жатыр едім. Дулыға тастың бөктерінен
жолымызды кесе қашқан ор қоянды өткізбеймін деп бірталай ат қинап, алданып
қалғанымыз.
Әйтпесе мана келетін кісі ғой. Ауылға таяна бергенде, шулаған иттің дауысын
естіп, тұра қалып едік, бір мезетте «апатайлаған» Ақбілектің, одан
мылтықтың даусын, аттың дүбірін есіткен соң, дәтім шыдамай, не де болса
қолында өлейін деп куып бердім.
Қараңдаған екі аттыға жаңа жете бергенде, оқ иығымнан кетті. Не болғанымды
білмедім. Әй, жолдас шіркін, сондай жерде керек қой! Аттарын тежеп, қорқып
шаппады ғой! Әйтпесе түсіріп алатын кісі едік. Есіл жарым, екі көзің
жаудырап, орысқа қор боп кетті-ау. Жұртым-ау, менде не жазық бар? Ақбілекті
жіберіп қойғандарың ба? Кеудеде шыбындарың болса, неге қимылдамайсыңдар!
(150 сөз)
Жаңару
Өмір деген не? Жаңа туған адам дүниенің есігін қағып, бірінші баспалдаққа
шығады. Оның алдында - бұраңы көп, мехнаты көп ұзақ жол - өмір жолы.
Адам бір жоғары көтеріліп, біресе төмен түседі, тағы да жоғары көтеріледі.
Осы бұраң жолмен ол тез жүріп, асыға ұмтылып, алға басады. Ол - ширақ, ол -
шат. Ол осы жолының бір жерге жетіп таусыларын да біледі. Бірақ одан ол
қорықпайды. Оған қымбат - сол бұраңы көп ұзақ жол.
Мәңгілік өмір бір көшке бір көш жалғасып, ұрпақ ауысып, ел жаңарып отыратын
сол ұзақ жолда.
Мен - жиырмадағы жас жігітпін. Мен өмір жолының біразын жүріп тастасам да,
алдымда әлі талай қыр бар. Менің алтын жолым жиырмасыншы ғасырдың биік
қырқасынан асып, алға қарай, жоғары қарай тартып барады. Ол жол менің
Отанымның кең далаларынан өтеді. (120 сөз)
(Ғ.Мүсірепов)
Қабылан
Көктем шығуы-ақ мұң екен, Қабыланның барлық мінезі, жүріс-тұрысы,
күнделікті әдеті, төңірекке көзқарасы, бәрі-бәрі де өзгеріп сала берді.
Оның біздің есіктің алдына келгеніне, міне, төрт ай болды. Осы төрт айдың
ішінде Қабылан көз алдымызда жүрсе де, бәрімізден ұрланып ержеткен секілді.
Осы көктем шығып, наурыз торғай келгенге дейін ол көзі шыныдай жылт-жылт
етіп, алдындағы адамға тек балалық қызығушылықпен басын қалт-құлт еткізіп
қарап отыратын кіп-кішкене күшік еді.
Алды адамнан бастап өмірдегі тірі мақұлықтың бәрін белгілі дәрежеде
есейтетін, ой қосатын тіпті барлық мінезінің күрт өзгеруіне тікелей әсер
ететін үлкенді-кішілі кездесетін сол өмірдің уақиғалары ғой. Қабыланның да
мінезіне күрт өзгеріс енгізген сондай бір уақиға болды. (110 сөз)
Ауылда
Көп ауылдың күзгі әдеті бойынша, Абай ауылы да жаз тігетін үйлерін жығып,
жиып қойып, оның орнына қоңырқай, кішілеу үйлер тіккен. Әйгерім отауы да
қазір басқаша.
Кішілеу, шағын үйдің ішіне текемет, тұскиіз, түкті кілем ұсталған. Биік
төсек орнына, қалың салынған көрпесі, құс төсегі, жастық, бөстегі көп
жерден төсек орнаған. Абай мен Әйгерім отырған төсек алды қалың жүнді арқар
терісімен жабылған. Төрде отырған қонақ болса, олардың астында ұзын қара
сеңсеңнен мол етіп құрап тіккен кең бөстек жайылған. Шағын үйдің ортасын
қазан-ошақ алғандықтан, бұл күнде Абай кітабын дөңгелек үстел үстіне салып
оқымайды. Көбіне жер төсек үстіне үйіле жиылған көрпе-жастыққа арқасын
сүйеп, қолға ұстап отырып оқиды. Әйгерім көбіне кесте тігеді, ал қалғандары
тоғыз құмалақ ойнайды. (111 сөз)
(М.Әуезов)
Табиғат аясында
Жаз ортасының қоңыр кеші. Ұлытаудың бөктерінде кештің қоңыр салқын желі
еседі. Күн батып, ымырт жабылып барады. Күнбатысты қалың қара бұлт басқан,
айналада күңгірт тартқан төбелер қоңырқай тартып, түн тыныштығына қарай бой
ұсынған сияқты. Сондай жүдеп сарылған төбелердің арасымен үш салт атты келе
жатыр еді. Бұлардың беті - қалың таудың іші. Күнбатыста, алыста жауын бар
еді. Сол алыста күн күркіреп жатты. Анда-санда көкжиектің тұсында күн
жарқылдап тұр. Бұлт қалың, жарқылдағы күшті еді. Қара барқан тартып,
қараңғылана бастаған аспанда түксиіп қатал қабақ, құлазып жүдеген иесіздік
білінгендей. Үлкен жарықтың өшер алдында сөніп, бір лап етіп жанғанындай,
күнбатыста жарқ еткен нажағай жарығы мен күңгірт даланы әлденеге
үміттендіріп тұрған сияқты. Тау бөктеріндегі қоңыр жел ақырындап бұрала
соғып, салбыраған шерлі күйін қозғағандай болады. (118 сөз)
Құмға салған сурет
Әке-шешеден ерте айырылған Әбілхан тіршіліктің ауыртпалығын тартты. Қой
соңында күндер өтті. Жұрттың баласы хат танығанда, мұның қолынан келетіні -
тас бетіне, құмға сурет салу, тас пен ағаштан мүсін жасау. Ол машықтанып
жүрген ісіне қарап ұстадан қолдау естіді. Білсем, үйренсем деген құштарлық
арта түсті.
Ақыры ол аты шыққан шежіре қарт Сағымбекке барды. Шежіренің ақылымен
Жаркентке келді. Бір сыныптық білімі жоқ суретшінің өмір жолы осылай
басталды. Ата-баба айналысып көрмеген өнерге жол табу оңай болған жоқ. 1929
жылы атақты суретші Николай Хлудов өнерге талпынған бірінші қазақ жігітін
қуана қарсы алды. Бос уақытында көркемсурет өнерінің әліппелік заңдарын
үйретті.
Сол бала Әбілханның қазақтың сурет өнерінің ең басында тұрып, атақты
суретші Әбілхан Қастеев атанарын ешкім білмеді. Құмға сурет салудан
басталған балалық талап үлкен өнерге осылайша жол салды. (121 сөз)
Туған ел
Туған ел! Бұл кішкентай үйіңнің табалдырығынан басталады. Содан шетсіз,
шексіз қияға өрлеп кете барады. Оның жұпар атқан жусаны, жүректей болып
желмен лүпілдей соққан қызыл гүлдері, кеудеңе құйылған мөлдір ауасы -осының
бәрі-бәрі сенің туған еліңді құрайды.
Туған жерсіз адамның күші жоқ. Алыс кетсең, өз үйіңнің мұржасына дейін
сағынасың. Туған жерің түсіңе енеді. Алыстан сені қол бұлғай шақырады.
Туған ел мағынасы тереңде жатыр. Балғын балалық шақ. Өзен үстінде үйіріліп
ұшқан шағала. Кемеріне жайлап соққан көгілдір көл. Күннің қызғылт шанағына
бөленген үйлер - осының бәрі тұтас тұрған туған ел. Ал, енді ананың бесікте
жатқанда айтқан әлдиі, әженің тамылжыта төккен тамаша ертегілері,
туғандарыңның мейірбанды күлкілері - осының бәрі туған еліңнің керемет
сипаттары! Туған елдің тілі барша жанға түсінікті. (113 сөз)
Қамығу
Бәрімізді қайғының қалың бұлты басып, зар еңірейміз келіп. Көз жасымыз көл
болды. Кімді кінәлаймыз. Сонда кімді? Бала-шағасынан, туыстарынан айрылған
аналардың зарын өз құлағыммен естідім. Ақыры этапқа алынып Ақмоладан бір-ақ
шықтық. Барған жерімізді "26-нүкте" дейді екен. Үш жылдан астам Ақмолада
болдым, содан соң мені Нижний Тагиль қаласының маңындағы лагеріне
ауыстырды. Мұнда да сол әйелдердің лагері. Ал, мен көрген күндерімді қайтып
айтып жеткізсем екен? Әсіресе есімнен кетпейтіні Тұрар Рысқұловтың әйелі
Әзиза Рысқұлова. Емшектегі баласымен көрмегенді көрді-ау, байғұс. Көз жасы
көл болған Әзизаға қабырғам қайысатын. Шіркін-ай, күні кеше халқының қамын
жеп шапқылап жүретін Темірбегімнен бір айрылып, інімнен бір айрылып,
өзімнің айдалып кетуімді қалай ғана ұмытайын. Сөйтіп, 8 жыл көрмейтінді
көріп, естімегенді естідік қой. Құдай басқа бермесін, ол күндерді. (117
сөз)
("Жан дауыс" кітабынан)
Әсем әлем
Таң сібірлеп ата бастағанда оянатын болып жүрмін. Арайлап атқан таңды қарсы
алғым келеді.
Бәрінен де күн шығып келе жатқандағы түленуін айтсаңызшы. Көл беті баяу
толқып, жыбырлап, өзінше тыныстап, кербез жатады. Осы көрініс әуелі қара
күреңденіп, бірте-бірте сібірлеп, ашық түске ойысып, енді күннің алтын
кірпік сансыз найзасы шаншылып, нұрланып, жылтылдап, інжу-маржан шашып
тастағандай жалт-жұлт етіп, құбылып ойнайды. Бір сәт алаулап, өртеніп,
жалын шашқандай. Осы кезде сонау көкжиектен астасқан тұстан қылаң етіп
әлдене көзге шалынады. Ол ақ кеме. Ыссықкөлдің ұзына бойымен ақ кеме жүзіп
бара жатады.
Осыдан кейін менің қалт жібермей бақылайтыным күннің батуы. Жайшылықта
ешнәрсе емес, күн батар кездегі көрінісі тамаша. Күн дегеніңіз қан
қызылданып, жақындап келіп, ай табақтанып жалқық атып, балқып барып қонады.
(114 сөз)
Қалтарыс
Ержан демін ішіне тартты, он шақты секунд қалада қарап тұрды да, жұлып
алғандай Раушанға бұрылды. Жолсейіт бүгін телефон арқылы үйімен хабарласты.
Түзетпеп едім заманды, өзімді тым-ақ зор тұтып. Осы кезге дейін ол Раушанды
сырты қызыл, іші шірік алмадай сезінуші еді. Ұзақты сөзден сүріндіре
алмаған Әкпар ызаға булығып, осындай оңашада алқымынан біраз езіп алу үшін
тұра ұмтылған. Сонан соң біраз кісілерді "сендер тосыңдар" деп, қайтарып
жіберді де, қалғандарын қарулы күзетпен далаға алып шықты. Даладағы дабыр-
дұбырды естіп, үйден Әділ мен Айгүл жүгіріп шықты. Нұрбек көптен иығына
ілмеген тәуір костюмін киіп, мейрамдағыдай таранып-сыланып, Жасыбайдың
үйіне қарай бет алды. Жанға жайлы жүрістің ырғағымен ыңылдап өлең айтқанмен
тау қойнауынан шыққанда, ойдағы отырған ауыл-аймақ көрінген сайын көңілімді
басқа бір жайлар жетелеп кетіп отыр. (125 сөз)
Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz