Жұмбақтар: Оқу-білім және оның құралдары


Бір басты,екі тілді бір мақұлық,
Жүреді айдалада ырғатылып,
Менсініп ешбір жанмен тілдеспейді,
Өзінің сөйлеспесе досты барып.
Жиһанда қанша ділмар болсаң-дағы
Тұрасың сөйлесе алмай болып ғарып,
Онымен тілдесе алсаң сөз шығарып,
Кісіге пайдасы көп, залалы жоқ,
Дос болсаң бар мұқтажың бітер анық.



Қаралаяқ ат міндім қаздаңдатып,
Су ішпесе жүрмейді қырсау тартып,
Бір аяғын шалшыққа малып алып,
Тар көшеге салдым табандатып.



Жаны жоқ қаршыға қолға қонар,
Жем алып қиын жерден аузы толар,
Мен өзім қаршығамнан баһра алдым,
Шешуі осы сөздің қиын болар.



Ат міндім қарала аяқ қаздақтатып,
Жүргенде жол салады табандатып.



Астында төсегі бар салған тағы,
Адамша сөз сөйлейді тілі жоқ, жағы,
Теңізден салған жолы сайрап жатыр,
Мүдірмей ойлап тапшы мұны-дағы.



Бір ат бар бесеу ара,өзі жорға,
Саламын жорғалатып жолдан-жолға.
Найзамен қар үстіне суды құйып,
Ғажайып бір іс қылдым осы жолда.



Бір құс бар тап-тамаша тұмсығы ұзын,
Есептеп келеді өзі жердің жүзін.
Салғанда жалтыр мұзда жорғалайды,
Кейбіреу білмейді оның басқан ізін.



Жирен тұлпар желгенде
Тұяғынан тер тамар.
Аққан тері әшекей,
Қар үстіне жол салар.



Өзі арық,
Басы жарық,
Жүрген жері көп әріп.



Басын қырқамын,
Тілін жарамын,
Су беремін,
Сонан соң өзі сөйлейді.



Пәндер