Жұмбақтар: Уақыт


Үш жүз алпыс алты анасы, Қырық сегіз болар баласы. Он сегіз бөлек ұясы, Ішінде екі ақ жұмыртқасы.



Үй артында бір дуан, Бір ұлы бар ханға дуан, Қырық сегіз қызы бар, Бәрі жуан.



Тауда дарақ, екі бұтақ, Біреуі гүлді, біреуі гүлсіз.



Келеді үлкен алып аузын ашып, Жүреді он екі аяқ қадам басып, Отыздан әр бірінде саусағы бар, Құтылмас ешбір адам одан қашып.



Үш жүз алпыс бес жасадым болып жуан, Қырық сегіз қызды болдым бір алуан. Қатар өскен бар менің он екі ұлым, Бір ұлым бар олар да ерек туған.



Ойдан шықты бұл жұмбақ, Ойшыл ерлер ойлан тап. Өзгермейді өзінен Бұл жаһанда бір дарақ. Ол дарақтын бойында Дәл он екі бар бұтақ. Бұтақтардың басында, Үш жүз алпыс жапырақ. Жапырақты қарасақ, Бір жағы қара, бір жағы ақ, Бұл жұмбақты кім шешсе, Болсын дейміз жасы ұзақ.



Базардан бір текемет алдым сатып, Алты айдай текеметте жүрдім жатып. Бұл іске мен ғажайып болып тұрдым, Қалды ғой алты айдан соң айран қатып.



Басына биік таудың бітеді раң, Жайлайды ол раңды екі түрлі аң. Қолына өткір семсер қылыш алып, Шығады аң аулауға салып ұран. Ат мінген бұл екеуі жүгендемей, Дүниені кетпекші емес түгендемей, Астында екеуінің аты бар, Құрығы шолақ болған бөгендемей.



Күзетші бір-екі адам ол жаһанда, Ораулы он екісі бір шапанда. Ұстайды он екісі отыз шоқпар, Қырық құрық даярлаулы қашағанға. Қарасам жеңі бесеу ол шапанда, Көрмедім бұндай шапан бұл жалғанда. Аузы жеңдерінің бүрмеленген Анықтап он екі пар түймеленген. Апырмай, есебі жоқ толып жатқан, Қиындық ойлап тұрсам тарау-тарау бұл не деген?



Алты арыстанды үш бөрі сорған, Жілігін шақпай майын сорған, Терісін теспей қанын сорған.



Пәндер