Жұмбақтар: Оқу-білім және оның құралдары


Бір ыдыс әркімдерге болған аян, Бір жерде сабыр етіп, қылмас баян. Әркімнің қолында жүр оның суы, Ол судан ақыл табар барлық адам.



Дүниеде бір құдық бар қайнап жатқан, Ішінен су шығады мың сан батпан, Сол құдық сондай-ақ көп болса-дағы, Бетіне бетегесі шығып жатқан.



Ағартуға жоқ, Қарайтуға әйдік-ақ.



Бір құс бар бұлбұл деген ұзын мұрын, Сөйлесе келтіреді сөздің нұрын, Үстіне көкше мұздың жорғалаған, Құс жоқта сөйлейтұғын одан бұрын.



Ата тегі ағаштан болды, Ақылын тауып, әсем жанды. Теңіз беті шимайланды, Бірақ ойым симай қалды.



Бір жанды бір жансызға мінгеседі, Жүгіріп әр жерлерден із кеседі, Тоқтамай жолдан жолды іздеп жүріп, Ойлаған бір орынға кездеседі.



Ақ тақырда қара дән, Қолмен сеуіп, сөзбен көр.



Ақ тақырда қара тұқым себілген, О тұқымнан білім дәні егілген.



Ақ жерде қара тары, Кім шашса сол орады.



Бір нәрсе бетінде жоқ ой менен қыр, Өзінің кіндігінен айналып жүр. Өзіне назар салып қарасаңыз, Келбеті жер жүзінің көрініп тұр.



Пәндер