Жұмбақтар: Оқу-білім және оның құралдары


Секіріп жүріп сырғиды, Тетігі бірақ адамда, Ақылмен, бимен жылжиды.



Екі басты айдаһар, Қара суды ішеді, Қайта құсып ақ жерге, Өрнектері түседі, Онсыз жаңа іс болмас, Адамның қылар ісі еді.



Бір жорға бар шабысты, Ақ қағазға жабысты. Жорғаласа тайпалап, Келтірер көп табысты.



Бір нәрсе ала шұбар,қара тұмсық, Қарасаң басқан ізі қисық-қисық. Өзі жансыз, жандының күшіменен Борайды ат үстінде желдей есіп.



Өзгені бақытты етем деп, Өзі қажалып кетеді.



Тамға таяқ сүйедім, Отыз екі сыр-сырлап.



Бір құс бар екі тілді сайрап тұрған, Үстінде мәуесі бар жайнап тұрған. Ішетін суы да көп, ішу де көп, Құдығы тасбұлақтан қайнап тұрған.



Бір құс бар дарияда тұмсығы ұзын, Жаны жоқ жанды малдан жүрер бұрын. Бұл жұмбақ талай жерде айтылып жүр, Еш адам шеше алмайды бұдан бұрын.



Үшкір ғана бір нәрсе айыр басты, Құдықтан көзге сулап төкті жасты. Кеппейтін мәңгі бақи жастың ізі, Дүниенің бәріменен араласты.



Үш адам мініп алып жалғыз жорға, Үшеуі тәуекел деп түсті жолға. Ізінен жорғасының тәлім қалып, Кетіпті жаппай тарап қолдан-қолға.



Пәндер